Домой Блог Страница 19

Жарнаманың визуал грамматикасы дегеніміз не? Эдьютон — 2022 ашық сессиясы

Медиа және цифрлы сауатқа арналған MediaCAMP Эдьютон — 2022 үшінші инновациялық семинары аясында 9 ақпан күні Тарту университетінің жарнама зерттеушісі Александра Милякинаның (Эстония) «Жарнаманың визуал грамматикасы» деген ашық сессиясы өтті. Ол мәдениеттегі вербальды және визуал ұғымдар қалай қатарласатынын, «визуал грамматика» дегеніміз не екенін, визуал мәтін мен жарнамадағы метафораны қалай түсінуге болатынын айтып берді. Дәрістің видеожазбасы сақтаулы. Сессияда айтылған негізгі тезистерді шолып шықтық.

Семиотика тұрғысынан қарағанда, сөйлейтін тілдерден (қазақ, орыс, ағылшын және т.б.) бөлек, мәдениет тілдері (кино тілі, жарнама тілі, жол белгілерінің тілі) де бар.

Мәтін — мәдениеттің негізгі элементі. Ол сызықтық немесе кеңістікте болсын, түрлі мәдениет тілдерінің көмегімен пайда болады. Мәтін жазбаша ғана болмайды, фильм, сурет, музыкалық шығарманың да мәтіні бар. Семиотика тұрғысынан қарасақ, мәтін дегеніміз — кез келген пішімдегі хабарлама. Фильм де мәтін, жарнама да мәтін, компьютер ойыны да мәтін, ауыздан ауызға жететін аңыздар да мәтін. Әріптің қарпі (шрифт), түсі бар. Түрлі платформаға бөлінеді. Осылайша, тіпті жай мәтін де вербальды емес элементтерден тұрады.

Huawei сұлуландыратын сүзгісінің (фильтрінің) жарнамасы. Ер адам Huawei телефонымен сурет түсіріп, сымбатты болып шықты. Біркелкі емес, қиқы-сиқы әріптер каллиграфиялық әріптерге айнады. 

Мәтін мен кескін қарым-қатынасының екі жолы: бекіту мен байланыстыру. Бекіту дегеніміз — мәтін кескіннің мән-мағынасын күшейтіп, не бейнеленгенін түсіндіреді. Кескінді қалай түсінуіміз қажет екенін айтады. Шынтуайтында, бұл — деннотация (анықтамасын бірінші сессияда айтқанбыз). Мысалы: қолтаңба, атау, лейбл. Байланыстыру дегеніміз — кескінде жоқ ойды мәтін толықтырып, қосымша мағына береді. Мәтін мен кескіннен жаңа мағына туады. Бұл — коннотация. Мысалы, фильмдегі диалог, каламбур.

Түшпараның саяси астары бар жарнамасы. Қоғамдық тамақтану саласындағы дағдарысқа реакция кампаниясы. Бұл бекіту мысалы.

 

Сусабынның балалар қайырымдылық қорын қолдауға арналған жарнамасы. Schauma өнімдерін сатып алсаңыз, балаларға көмектесесіз. Бұл байланыстыру мысалы. 

Семиотик Гюнтер Кресс айтқандай, соңғы 300 жыл батыс мәдениетінде жазбаша сөз — ақпарат берудің басым форматы саналса, медиада кітап басымдыққа ие болды. 

Сабақта мұғалімнің ым-ишарасы қандай рөл атқарады? Өте үлкен рөлге ие. Ақпараттың 10%-ын ғана сөз арқылы аламыз, қалғаны — ым-ишара, мимика, интонация. Визуал грамматика дегеніміз — кескін, композиция, тәсіл. Жарнаманың мақсаты — бізді бірдеңе жасауға шақырады, яғни әрекет етуге, сатып алуға ынталандырады.

Жарнама схемасы: ескі (проблема), байланыс, жаңа (шешім).

 

Түс те әсер етеді. Әйтсе де түсіндіруге орын қалдырады. 

 

Қаріп те маңызды

Метафоралар вербальды, визуал, аралас болып бөлінеді. Метафора жай ғана безендіру емес, ол қандай да бір жаңа мағына береді. 

Бұған дейін Александра Милякина: «Жарнама жасаушылар қарапайым ғана құралдарды, атап айтқанда сөз, фото, түстер, форма және т. б. нәрсені қолдана отырып, мінез-құлық, жүріс-тұрысымызға қалай ғана әсер ететінін білгім келетін. Жарнаманы гипнозға теңейтіні де бекер емес, өйткені жарнаманың қалай жұмыс істейтінін білмесеңіз, тез сеніп қаласыз. Жарнама авторлары әсер ету тетіктерін қалай қолданатынын білсеңіз, дүкенге тұра жүгіріп, барлығын шетінен сатып алудан аулақ боласыз. Тек қажетін ғана аласыз!» деп айтқан болатын.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Украинаға гуманитарлық көмек, көктемгі егістік науқаны, трансплантология мәселесі: 7-13 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы шаруалардың мәселесін көтерді: қуаңшылық, тыңайтқыш мәселесі, экспорт әлеуеті. Сондай-ақ, ағза ауыстыру үшін донор күтіп жүрген бірнеше кейіпкердің оқиғасын баяндады. Марқұм болған жандардың ағзасын алуға қатысты туыстары рұқсат бермейтінін айтып, көпшіліктің пікірін сұраған. Ал «Айна» Ресей-Украина қақтығысын басты тақырып етіп алыпты: Антальядағы екіжақты келіссөздер, екі тараптың арасында жүріп жатқан ақпараттық соғыс туралы айтып, сарапшылардың пікірін ұсынды. Бұдан өзге, бастауыш сынып оқулықтарының сапасы, балабақшадағы тәрбиешілердің біліктілігі туралы мәселе көтерді. Студияда Білім және ғылым министрінен сұхбат алды. Apta бағдарламасы да Украинадағы соғыс тақырыбынан басталды – Мариупольдың ауыр жағдайы, жүздеген компанияның Ресей нарығынан кеткені, тәуелсіз медиа мен әлеуметтік желілердің бұғатталып жатқаны туралы айтты. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» басты тақырыбы Украинадан елге жеткізілген қазақстандықтар болды.  Елге оралғандардан әуежайдан сұхбат алынып, Қазақстанның Украинадағы елшілігі қызметкерлеріне мемлекеттік награда тағайындау туралы мемлекет басшысының шешімі туралы хабарлады. 

«Әлем әрі-сәрі күй кешіп отырған тұста Қазақстан үкіметінің дағдарысқа қарсы шараларының тиімділігі туралы» Сәкен Сейітханұлы сюжет әзірлепті.  Осылайша, Дархан Әбдіуахит Үкімет қабылдаған шараларға «тиімді» деп баға беріп тастағандай. «Санкция салқыны» аталатын сюжетте геосаяси жағдайдың шиеленісуінен зардап шеккен кәсіпкерлердің жағдайы, жүк тасымалдауға қатысты елімізде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғаны, Үкіметтің дағдарыс жағдайында атқарып жатқан шаралары туралы ақпарат жинақталған, сарапшылар пікірі бар. Украин-Ресей қақтығысына байланысты экономикалық қиындық туындағаны, алайда оның ел экономикасы үшін тиімді тұсы да бар екені айтылған сюжет. Жалпы, соңғы кезде «Жеті күн» Үкіметтің жұмысына көбірек назар аударып келеді. 

Осыдан кейін ғана Дархан Әбдіуахит Президенттің «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг»  кәсіпорнын аралап қайтқаны туралы кадрда тұрып  баяндады. Жеке сюжет жасалмапты. Айта кетейік, әдетте «Жеті күн» Президент қатысқан шаралар жайлы сюжетті бағдарламаның басты сюжеті етіп алатын.  Жүргізушісі Президенттің Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан бастап, апта ішінде жасаған бірқатар қабылдауы жайлы да кадрда тұрып айтып берді. Президенттің әкімдерді халықпен жүйелі кездесіп тұруға міндеттейтін жарлығына қатысты бірнеше сарапшы оң пікір білдіріпті. 

«Халық табысы» атты Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет халықтың табысын арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бағдарлама жайында. Министр Әлібек Қуантыровтың баяндамасынан үзінділер берілген. Сарапшылар бұл бағдарламаның орынды екенін айтады. Тілші бағдарламаға кеңінен тоқталып, маңызды тұсын баяндайды. Елдің табысын арттыруға арналған Үкімет бағдарламасының әзір екенін айтатын ұзақ сюжет. Автор әл-ауқаты төмен отбасыларға да көмек берілетінін айтқан тұста көрсетілген бүлдіршіндердің  жүзін көлегейлеуді ұмытыпты. 

Үкіметтің жұмысы туралы баяндайтын үшінші сюжет еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бетпе-бет келіп тұрған қиындықтар туралы. Қорған Қонысбайұлы әзірлеген сюжет ұзақ, дегенмен ақпараты мол, толымды сюжет: үкіметтің көктемгі егіс науқанына дайындығы, шаруаларды алаңдатып отырған проблемалар, қуаңшылық, тыңайтқыштар мәселесі. Экспорт әлеуеті жоғары көкеніс өнімдері мен дақылдарды егу жайлы үкімет есебі туралы ақпарат мол. 

Бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің тәркіленген дүние-мүлкі мен оған тағылған айыптар туралы кадрда тұрып әңгімелеген Дархан Әбдіуахит қаңтар оқиғалары кезінде антына адал болып, қайтыс болған әскерилер  туралы сюжетке кезек берді.  

Рият Шони әзірлеген  ағза ауыстыруға қатысты сюжет өте орынды мәселе көтеріпті. Сюжетте донор күтіп жүрген бірнеше кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Марқұм болған жандардың ағзасын алуға қатысты туыстары рұқсат бермейтіні жайлы баяндалып, көпшілік пікірі сұралған. Барлығы дерлік қарсы, уәжі – дін рұқсат бермейді. Тілші бұл жайында Мұсылмандар діни басқармасының пәтуа жариялап, дінде мұндай шектеу қойылмағанын айтады. Ағза ауыстыру ісі цифрландырылғаны, қара нарықта адам мүшелері саудаланбайтыны туралы да арнайы орталық өкілдерінің пікірі бар.  Мәселеге қатысты тиянақты жауап берілген сюжет. 

Бағдарлама соңында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы оқылды. Азамат Әбілқайыр қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген әйелдер жайлы сюжет әзірлепті. Сюжет кейіпкерлері – күштік құрылымдар мен әскери салада қызмет етіп жжүрген әйелдер. 

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» әдеттегідей Ресей-Украина қақтығысын басты тақырып етіп алып, ұзақ сюжет ұсынды. Берік Дүйсенбай Антальядағы екіжақты келіссөздерді негізге ала отырып сюжет әзірлеген. Екі тараптың арасында жүріп жатқан ақпараттық соғысты назарға алып, келісімге келу оңай болмайтынын айтады. Екі ел сарапшыларының пікірі бар. Тиянақты сюжет. 

Сюжеттен кейін Қазақстан үкіметі Украинаға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғаны, алайда азаматтық қоғам украин халқына жылу жинауды ертерек бастағанын айтқан Ғалым Кәлмен, Қазақстандағы Украина елшісін, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырушы еріктіге сөз берді.  Осылайша кадр сыртындағы мәтін синхрон форматында елден жөнелтілген көмек жайлы біршама ақпарат берілді. 

«Қаңтар қасіреті Қазақстанға қымбатқа түсті…» дейді Ғалым Кәлмен. Тілші Ұлан Тәліпбай «Қаңтардан кейінгі қалып» аталатын сюжетте бүлік кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы қалай жүріп жатқаны, әрқайсына қанша қаражат бөлінгеніне шолу жасапты. Алматыдағы Президент резиденциясының жағдайына қатысты мамандар пікір білдіріпті. Түсінгеніміз, күрделі жөндеуге қыруар қаржы кететіндіктен, бұл ғимаратты сүріп тастау туралы шешім қабылданған. Алып ғимаратты бұзудың өзіне жарты жыл уақыт кетеді екен.  

«Айна» бағдарламасы бұл санында бастауыш сынып оқулықтарының сапасына тоқталды. Алғысөзінде математика оқулығындағы қисынсыз есептен мысал келтірген жүргізуші: «үй тапсырмасынан қиналған әке-шеше – есеп білмеген есек…» деп қалды. «Баласының үй тапсырмасына көмектесуде қиналған әке-шеше…» болар деп топшыладық. «Балаға батқан оқулық» аталған сюжеттің авторы – Махамбет Бейбітшілік. Мектепке барып, оқушылармен бірге есеп шығарған тілші Ұлттық сараптама орталығының маманынан пікір алыпты. Сарапшының айтуынша бір оқулықты тексеруге екі жүзге жуық маман жұмылдырылады екен. Орта сыныпта оқылуға тиіс материал бастауыш сыныпта беріліп жүргенін айтқан тілшінің уәжін сала маманы емес, ата-ана растапты.  

Жалпы, «Айна» бұл санында білім саласына бірнеше сюжет арнады. Келесі сюжет балабақшадағы тәрбиешілердің біліктілігіне арналады. Баласы зардап шеккен кейіпкердің жағдайын баяндаған тілші балабақша басшысының да пікірін біліпті. Мұндай жағдай жиілеп кеткенін айтып, әдетте балаға әлімжеттік жасаған тәрбиешілер заң жүзінде қатаң жазаланбайтынын айтады. Сонымен қатар, елімізде балабақша тәрбиешілерін даярлау мәселесіне де көңіл аударыпты. Толымды сюжет. 

Білім саласындағы осы екі маңызды проблеманы көтерген сюжеттен кейін Гүлнәзия Жалғасқызы студияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен сұхбат алды. Онда балабақшадағы келеңсіздіктердің себебіне үңілуден бастап, тәрбиеші мен мұғалімнің жалақысы, оқулық сапасына қатысты бірқатар маңызды сұрақ талқыланды. 

«Айна» көрермен тартуға шындап кіріскендей. «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары соған дәлел, онда апта ішіндегі желіде қызу талқыланған тақырыптар топтастырған. Шөкеевтің шапанынан басталған дау, Қостанай қаласындағы қабырға тірелген баспалдақ, қара жұмыс жасағанын видеоға түсірген депутат туралы баяндаған сюжетте әр жағдайға қатысты түсіндірме пікірлер бар. 

«Жаныңда жүр жақсы адам» аталатын сюжет Түркістан және Қызылорда облыстарында ауылдың дамуына үлес қосып жүрген меценаттар жайында. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украинадағы соғыс тақырыбынан басталды. Сюжет болмағанымен басты жаңалықтарды, мәселен: Украина мен Ресей Сыртқы істер министрлерінің Антальяда кездескенін, екі ел делегациясының келіссөздерін, блокадада қалған Мариуполь қаласының ауыр жағдайын (мұны Ленинград блокадасымен салыстырып жатыр), жүздеген компанияның Ресей нарығынан кеткенін, тәуелсіз медиа мен әлеуметтік желілердің бұғатталып жатқанын, Юрий Дудьтің YouTube-арнасындағы бірнеше видеоны Беларусь үкіметі «экстремистік» деп танығанын және Дудьтің Борис Акунинмен сұхбатын айтып шықты. 

Келесі тақырып Ресей экономикасының жай-күйіне арналып, мұнда Ресейдің дефолтқа ұшырау қаупі, валюталық бақылау, Ресейден кеткен компаниялардың мүлкін национализациялау, ресейлік әуе компанияларының халықаралық рейстері толықтай дерлік тоқтағанын, Қазақстан қоғамы ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуына байланысты қаупін, Зеленский мен Путин кездесуі мүмкін екенін, Түркия Ресейге ешқандай санкция салмайтынын жинақтапты. 

Жүргізуші Жайна Сламбек Ақорда жаңалықтарын хабарлай келе, Қазақстан Украинаға 2,7 млн АҚШ доллары болатын гуманитарлық көмек жөнелтіп жатқанын айтып, Қазақстандағы Украина елшісінің синхронын көрсетті. Ол Қазақстан халқына алғыс білдірді. Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу, Украина жерінде қалып қойған қазақстандық жүк көліктерінің жайы, АҚШ-тың Ресей мұнай-газынан бас тартқаны, елдегі банктер мен ақша айырбастау пункттерінде доллар тапшы екені, голливудтық фильмдер прокаты жөнінде айтты. 

Қазақстанда азық-түлік тапшылығы бола ма, қант жеткілікті ме, басқа елден жеткізілетін тауарларға тәуелді кәсіпкерлер қандай қиындықтарға ұшырады, теңгенің әлсіреуі және үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары қандай? Мінеки, осы сауалдар бағдарламаның бірінші сюжетіне арқау болды. Салалық министрлігі өкілдерінің комментарийі бар. 

Көктемгі егіс жұмысы басталып жатыр. Алайда дихандардың көңілі алаң. Өйткені тұқым тапшы, жанар-жағармай қымбат, ағын судың жетіспеу қаупі бар, тыңайтқыш та тапшы болады деген хабар жеткен. Ал әлемдік нарықта бидай тапшылығы болмақ. Мінеки, осы сауалдар екінші сюжетке себеп болды. Депутаттар, министрлік өкілдері, сарапшылар, диірмен иелері мен дихандарды сөйлетіпті.

Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» тобының депутаттары төменгі палата отырысына күштік құрылым өкілдерін шақырып, Қаңтар оқиғасы бойынша сұрақтарға жауап беруді талап етті. Бұл 14 наурыздағы осы отырысқа аңдатпа екен. Содан кейін Самат Нұрмахановтың әйеліне жазған хаты жөнінде баяндады. Ол абақтыда азап көргенін жазған. Ал Бас прокуратура тексеретінін хабарлаған. Жалпы Apta бағдарламасы азаптау оқиғалары жөнінде құрғақ әрі қысқа ғана айтудан аса алмай келеді. 

Алматыдағы Президент резиденциясын бұзып, орнына саябақ салынбақ. Бұл резиденцияны қаңтар оқиғалары кезінде өртеп жіберген. Үшінші сюжет осы тақырыпқа арналды. Сюжетте резиденция неліктен қайта қалпына келтіруге жарамайтынын түсіндірді. 

ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды тұтқындалғанын қысқа ғана айтып өтті. Бірақ оның кімге қандай туыс екені жөнінде ләм-мим демеді. 

10 наурыз – Халықаралық бүйрек күні. Осы атаулы күн үлкен сюжетке арқау болыпты. Сюжетте бүйрегін алмастыруға мұқтаж, диализбен өмір сүріп жүрген науқас кейіпкерлер бар. Донорлық мәселесін де қозғады: Қазақстанда донор аз, заңдар туыс емес адамның бүйрегін салуға рұқсат етпейді. Сондай-ақ, елде трансплант-үйлестірушілер жоқ. 

Бағдарлама Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік театрындағы «Дон Кихот» қойылымының премьерасымен аяқталды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Модуль 10.2. Конспирология: қастандық теориясы

Модуль міндеттері:

Студенттер сабақ барысында мына сұрақтарға жауап табады:

  • Қастандық теориясы дегеніміз не?
  • Қастандық теориясын қалай анықтаймыз?
  • Қастандық теориясының қоғам өміріне әсері қандай?
  • Адамдар неліктен қастандық теориясына сенеді?

Кіріспе (10-15 минут) Қастандық теориясының анықтамасы және сипаттары

Ескерту: семинар уақыты шектеулі, ал тақырып тым ауқымды болғандықтан, қастандық теориясына мысалдар көрсетіп, талқылаған сәтте абай болған жөн. Себебі қастандық теориясының жаңсақтығын түсіндіріп үлгермей, аудиторияның тақырыпты керісінше қабылдау ықтималдығы бар. Барынша бір ғана мысалға тоқталып, ол мысалдағы конспирология неліктен жаңсақ екенін жан-жақты түсіндірген дұрыс. 

Қоғамды дүрліктіріп, жаңалықтар медиасына жарияланған кезекті оқиғаны (мысалы, базардың өртенуі немесе танымал жұлдыздың қайтыс болуы) достарыңызбен талқылау барысында мына пікірлердің бірін естіген боларсыз:

  • Мұның артында біреулер тұр
  • Осылай болғаны біреуге тиімді
  • Бұл тегіннен тегін емес
  • Біреулер осылай жоспарлаған

Әдетте мұндай пікір айту үшін том-том кітап оқып, зерттеу жүргізіп, терең білім алудың қажеті жоқ. Мұндай пікір иесі бір ауыз сөз көмегімен жоғары білімді, сарапшы адамның деңгейіне көтеріледі. Сонымен қатар, бұл пікірлер көмегімен кез келген күрделі және жұмбақ оқиға-құбылысқа өте қарапайым түсіндірме жасалады. Жоғарыдағы пайымдаулар көп жағдайда конспирология, басқаша айтқанда қастандық теориясымен байланысып жатады. 

Конспирология дегеніміз не?

«Конспирология» терминімен белгілі қастандық теориясы — қоғамдағы әлдебір топ өкілдері астыртын сөз байласа отырып, өз мүддесіне сай қитұрқы жоспарды жүзеге асыратынын сипаттайтын мәлімдемелер мен ой-көзқарастарға берілген жалпылама атау. Нақты айғақ-дәлелі болмаса да, конспирология адамдар тарапынан сенім мен қолдауға ие болады. Көп жағдайда конспирология теориялары  қоғам өміріне залалын тигізіп жатады.

Қастандық теориясы — 20 ғасырдың екінші жартысында басталып, күнімізге дейін жалғасып жатқан постшындық кезеңіне тән құбылыс. Дегенмен осы терминді алғаш айналымға енгізген ойшылдардың бірі Карл Поппер конспирологияның антика кезеңінен бері өмір сүріп келе жатқанын айтады. Ойшылдың пайымынша, ежелгі гректерде табиғат құбылыстарын, соғыстарды, түрлі апаттарды құдайлар жасайтын. Ал жер бетіндегі адамзат баласы құдайлар қабылдаған шешімге қарсы ештеңе істей алмайтын, шарасыз тіршілік иелері еді. Уақыт өте келе, ежелгі грек құдайларының орнын адамдар алмастырды. Жаңа модерн заманда да қоғам өкілдерінің басым бөлігі ежелгі Грекия тұрғындары сияқты шарасыз, бірақ бұл жолы құдайлардың алдында емес, бір топ адамның (немесе өзге де тіршілік иелерінің, мысалы, бөгде ғаламшарлықтар) құпия жоспарының алдында дәрменсіз еді [1]. 

Конспирология дегеніміз не, теория дегеніміз не?

Әлемде конспирологияның көптеген түрі кездеседі, дегенмен бұлардың бәріне ортақ бірнеше ерекшелік бар. Тасмания университетінің профессоры Дэвид Коуди кез келген конспирологияның бойынан екі сипат табылатынын айтады. Біріншісі, конспирологияның дүниеге келуі үшін бір топ адам бірлесе әрекет етіп, сөз байласуы керек. Жалғыз адам ешқашан өз-өзімен сөз байласа алмайды. Екіншісі, жоспарланып отырған іс-әрекет құпия болуы керек [2]. Көпшілікке жария жасалған келісімдер конспирология бола алмайды. “Конспирология” терминінің өзі осы сипаттамаларды қамтитын латын тіліндегі екі сөздің қосындысынан шыққан: con — “бірге”, ал spirare —  “дем алу”. Бұл жердегі “бірге дем алу” — латын тілінде сыбырласу мағынасында қолданылады. Әдетте құпия және жасырын нәрсені талқылау үшін сыбырласатынымыз рас емес пе?

Конспирологияны қалай анықтаймыз? 

Шеффилд университетінің оқытушысы, медиа зерттеуші Илья Яблоковтың пайымынша, конспирологияда мынадай сипаттар бар: 

  1. Әлемдік тәртіпті бұзуды, мемлекетті, ұлтты, тілді, дінді, т.б. жойып жіберуді немесе қаржы дағдарысын жасауды көздейтін құпия жоспардың болуы. Бұл құпия жоспардан ешкімнің хабары жоқ еді, біз ол жайлы тек конспирологиялық мәлімдемеден хабардар боламыз.
  2. Құпия жоспарды жүзеге асыратын құпия ұйымның болуы. Құпия ұйымға адамзат өкілдері ғана емес, кез келген тіршілік иесі мүше болуы мүмкін. Мысалы, бөгде ғаламшарлықтар немесе Дэвид Айктың танымал рептилоидтары.
  3. Құпия жоспардың жүзеге асуы салдарынан қоғамдағы өмір сүру шарттарының нашарлауы. Заманауи бұқаралық мәдениетте адамзатты қауіптен қорғауға тырысып, өмір сүру шарттарын жақсартуды көздейтін құпия ұйымдарды да кездестіруге болады, дегенмен Голливуд супер қаһармандарының құпия қауымдастықтарын есепке алмағанда, мұндай жағдай сирек кездеседі. 
  4. Құпия жоспарды жүзеге асырып, құпия ұйымның бұрынғыдан да қуатты билікке қол жеткізуі [3]. 

Кейбір сыншылар “теория” сөзінің конспирологиямен тіркесе қолданылуын құптамайды. Себебі теория — оқиға-құбылыстарды логикалық тұрғыдан өзара байланыстырып, тіршіліктің бұлжымайтын заңдарын түсіндіреді, ғылыми ізденіске сүйенеді, шындыққа негізделеді. Ал қастандық теориясы — оқиға-құбылысқа үнемі жаңсақ түсіндірме ұсынады. Қысқаша айтқанда, біз “қастандық теориясы” дегенімізде қандай да бір ғылыми теорияға емес, керісінше, теорияға сүйенбеген қате пайымдауға сілтеме жасаймыз. Осыны естен шығармағанымыз жөн.

Төмендегі кестеден АҚШ-та кең таралған қастандық теорияларына халықтың неше пайызы сенетінін көре аласыз. Нәтиже 1220 респонденттің берген жауабына негізделе шығарылған. 

кестенің қазақшасы мына жерде.

Талқылау (5 минут)

Жоғарыдағы “конспирология” анықтамасына сай келетін қандай қастандық теориясын күнделікті өмірде кездестірген едіңіз? Мысалы, танымал миллиардер Билл Гейтс вакцинация арқылы адамдарды чиптеп, сол чиптің көмегімен адамдарды бақылайтыны жайлы алыпқашпа сөздерді естіген боларсыз? Неліктен бұл қастандық теориясы?

Жарнаманы қалай түсінеміз? Эдьютон — 2022 ашық сессиясы

Медиа және цифрлы сауатқа арналған MediaCAMP Эдьютон — 2022 үшінші инновациялық семинары аясында 8 ақпан күні Тарту университетінің жарнама зерттеушісі Александра Милякинаның (Эстония) ашық сессиясы өтті. Тақырыбы — «Жарнама тілі: семиотикалық талдау негіздері». Бұл дәріс таңбалар (белгілер), мәтін, таңбалар жүйесі мен медиадан тұратын орта қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді. Дәрістің видеожазбасы сақтаулы. Сілтемені ашып, көруге болады. Сессияда айтылған негізгі тезистерді шолып өтелік. 

Александра Милякина дәрісін: «Шын мәнінде, сіздер мұның барлығын бұған дейін де білдіңіздер, бірақ қалай аталатынын білмедіңіздер», — деп бастады. Ол негізгі терминдерді атап өтті: семиотика — таңбалар жүйесі туралы ғылым, таңбалар — бізді қоршаған нәрсенің барлығы, кез келген сурет; таңба — таңбаланатын нәрсе (сөз, дыбыс, образ) мен таңбаланатын нәрсенің (ұғым, құбылыс) қатынасы; таңбалық белгілер жүйесі — таңбалар жиынтығы мен оны қолдану ережесі (басқаша айтқанда, мәдениет тілі).

Семиотиканың негізін лингвистер, атап айтқанда, швейцариялық Фердинанд де Соссюр қалаған. Семиотика дегеніміз — тұманды хаосты қисынды және түсінікті нәрсеге айналдыратын ғылым. 

Бұл жақсы жарнама болуы мүмкін.

 

Әлемнің қай түкпірінде болмасын, ит бірдей үреді, мысық бірдей мияулайды. Алайда түрлі мәдениет ит үрген дауысты әртүрлі жазып алған. Ал мысықтың миялаған дауысы өте ұқсас жазылады.

Кез келген таңба қандай да бір таңбалар жүйесіне жатады. Таңба қай жүйеге жататынын білмесе, таңбаны дұрыс пайдалану және түсіндіру мүмкін емес. Жол белгілері — өте қатаң жүйе. Ортағасырлық қолжазбалар сол кездегі таңбалар жүйесін білмейтін адамға өте оғаш көрінді. Ғалым-медиевисттер ортағасырлық авторлардың мұндай таңбаларды неліктен салғанын түсінеді. 

Мысалы, бағдаршам: оның семантикасы — «Әрбір түс нені білдіреді» деген сұраққа жауап береді. Синтаксисі — «жарықшамдар қандай реттілікпен орналасқан?». Прагматикасы — әр түс жанғанда не істеу керек (қызыл жанса, күтесің). 

Семантика, синтактика, прагматика деген ұғымдар бар. Семантика: бұл белгі нені білдіреді? Синтактика: белгілер бір-бірімен қалай байланысады (грамматикасы, композициясы және т. б.). Прагматика — белгілерді қалай қолданамыз және белгілерді пайдаланып, қандай мақсатқа қол жеткіземіз?

Мына жарнамадағы кескін нота тақтасындағы ноталарды еске түсіреді. «Музыкаға спорт әкел» деген ұранмен астасып жатыр. 

Денотация — тікелей сөзге телінген тура мағына, ал коннотация — ауыспалы мағына (жасырын мағына).

Хабарлама: «Кір жуғыш ұнтақ сіздің орныңызға жұмыс істейді». Бұл шындыққа жанаспайды. Образ санамызға сіңіп, сол өнімге сендіреді. Сиқырлы молекулаларға жауапкершілік артып жатқаны қолданушы тыныштандырады. «Мені сатып ал — барлық мәселеңді шешемін». 

Француз философы, әдебиеттанушы, семиотик Ролан Барт «Мифологиялар» деген кітап жазған. Автор «миф» деп жарнаманың шындыққа сай келмейтін қосымша мағына беруін айтады. Кітапта кір жуғыш ұнтақты мысалға алады. Жарнамада макродетальдар бейнесі қолданылады, яғни кір жуғыш ұнтақ молекулары матадағы кірге қарсы күреседі. Мұның барлығы ғылыми деректі түсірілім сияқты әсер тудырады. Әп-әдемі тап-таза шарлар матаның құрылымына кіріп, тазартады. 

Бұған дейін Александра Милякина жарнама семиотикасының неліктен маңызды екенін былай түсіндірді: «Жарнама жасаушылар қарапайым ғана құралдарды, атап айтқанда сөз, фото, түстер, форма және т. б. нәрсені қолдана отырып, мінез-құлық, жүріс-тұрысымызға қалай ғана әсер ететінін білгім келетін. Жарнаманы гипнозға теңейтіні де бекер емес, өйткені жарнаманың қалай жұмыс істейтінін білмесеңіз, тез сеніп қаласыз. Жарнама авторлары әсер ету тетіктерін қалай қолданатынын білсеңіз, дүкенге тұра жүгіріп, барлығын шетінен сатып алудан аулақ боласыз. Тек қажет затты ғана аласыз». 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

AMANAT партиясы, Украинадағы соғыс, Ресейге санкциялар, эвакуация: 28 ақпан – 3 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі болды. Партияның атауы ғана емес, құрылымын өзгертуге талпыныс жасалып жатқаны айтылды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Украина-Ресей арасындағы жағдайға да арнайы сюжет арнапты. «Айна» бағдарламасы Запорожец АЭС-нің айналасындағы қарулы қақтығыс, Харьков қаласының бомбалануы, Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз барысы туралы екі тараптың ресми өкілдерінің пікірін келтіре отырып, бейтарап баяндады. «Жеті күн» Ресей мен Украина қақтығысының ел экономикасына тигізетін әсері мен оны жеңілдету үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ал Apta Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу туралы егжей-тегжейлі көрсетті. 

 «Хабар», «Жеті күн» 

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс сьезі «Жеті күн» ұсынған алғашқы сюжетке арқау болды. «Саяси ребрендинг» аталатын материалды Гүлжан Мархабаева әзірледі. Әдеттегідей ұзақ болды. Президенттің сөйлеген сөзінен үзінділер берілді. Партияның атауы ғана емес, құрылымын өзгертуге талпыныс жасалып жатқаны айтылды. Депутаттардың сұхбат беруден қашатыны, партия құрамына мансап іздегендер емес, елге қызмет ететіндер тартылу керектігі сөз болды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. 

Алайда, «AMANAT» партиясы туралы баяндау мұнымен бітпеді. Бұдан әрі «Жеті күн» партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың  Алматыға сапары туралы ұзақ баяндады. Мұнымен қоса, Сәкен Сейітханұлының Асхат Ораловпен эксклюзив сұхбаты берілді. Сұхбат барысында атқарушы хатшы алғашқы сюжетте айтылған мәселелерге қатысты кеңірек ақпарат берді.  Сонымен қатар, Асхат Ораловқа «Жас Отан» жастар қанатының атауы қалай өзгеретіні туралы сұрақ қойды. Осылайша, бағдарламаның 20-минутына дейін мемлекеттік «Хабар» арнасы, билік партиясының меншігіне өткендей күй кештік. 

«Оттың ортасында қалған отандастарымызҚазақстанға орала бастады» деген Дархан Әбдіуахит Украинадан қазақстандықтарды қайтару жұмысы туралы сюжетке кезек берді. Отандастарды қақтығыс аймағынан қайтару ісіндегі елшіліктің еңбегіне кеңінен тоқталған сюжетте сарапшылар пікір білдіріп, жұмыс барысы жайлы елші Дархан Калетаев сұхбат беріпті. 

2 наурызда Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне өткеніне 30 жыл толады. Осыған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған твитін айтып өткен жүргізуші апта ішінде Президент қатысқан жиындарға шолу жасаған сюжетке кезек берді. 

Ресей-Украина қақтығысының ел экномикасына тигізетін әсері мен оны жеңілдету үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар «Қолдау мен қорғау» аталатын сюжетте талданды. Көптеген сарапшының пікірімен қоса, вице-премьер Ералы Тоғжановтың сұхбатынан үзінді берілді. Сарапшылар тығырықтан шығудың жолы, үкімет пен Ұлттық банк қабылдап жатқан шаралардың жағдайды жеңілдетуге ықпалы жайында айтты. Ақпараты мол сюжет. 

Қорған Қонысбайұлы әзірлеген келесі материалда қаңтар оқиғасынан кейінгі тергеу барысы туралы Ішкі істер органдарының есебіне қоса, Президентің «ескертусіз оқ ату» бұйрығына қатысты Мәжіліс спикерінің түсіндірмесін, Мемлекеттік хатшы сұхбатынан үзінді берілді. Сондай-ақ, «Хабар» арнасы осы оқиғаға байланысты екі деректі фильм ұсынғанын, тағы бір репортаж дайындалып жатқанын айтып өтті. 

«Жеті күн»  және «Айна» бағдарламасы да қаңтар дүрбелеңі кезінде антына адал болған, қызметтік міндетін адал атқарған әскерилер туралы сюжет әзірлепті. «Жеті күн» әзірлеген сюжет «Антқа адалдық» деп аталады. 

«Stop fake» айдарының екінші шығарылымы Украинадағы жағдайға байланысты елімізде тараған жалған жаңалықтарға арналды.  Талғатбек Әбдіқожа желіде кең тараған бірнеше ақпаратты мысалға алып, оның жалған екенін мәлімдеді. Алайда, factcheck стандартына сәйкес, ақпаратты терістеуге дәлел болатын бір де бір құжат келтірмеді. Талпыныс жақсы, дегенмен,  фактілерді тексерудің қалыптасқан әдістемесі бар екенін ескерсек, тілші соған көбірек назар аударып, дәлел болатын құжаттың скринін, мамандардың пікірін қосуды ескеруі тиіс. 

1 наурыз – «Алғыс айту күніне» орайластырылған сюжетті Ақбөпе Тәңірберген әзірлепті. Сюжет кейіпкерлері – өткен ғасырдың отызыншы жылдарында елімізге күшпен әкелінген ұлт өкілдері мен ұрпақтары.   

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы Ресей мен Украина қақтығысы болды. Запорожец АЭС-нің айналасындағы қарулы қақтығыс, Харьков қаласының бомбалануы, Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз барысы, екі тараптың ресми өкілдерінің пікірін келтіре отырып, бейтарап баяндалыпты. Сюжетті әзірлеген Бейбіт Дүйсенбай. 

«Ең соңғы азаматымыз қақтығыс аймағынан тайып тұрғанша…». Бағдарлама жүргізушісі Ғалым Кәлменнің бұлайша сөз саптауы дөрекілеу естілді. Әңгіме Украина жеріндегі Қазақстан азаматтарын елге қайтару турасында. «Елге апарар жол» аталатын сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлеген, қақтығыс аймағынан шығарылған азаматтарды сөзге тартып, олардың  басындағы жағдайды баяндай отырып даярланған тиянақты сюжет. 

«Шалғайдағы қақтығыстың әсері». Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжетте Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері туралы айтылады. Құрылыс компаниялары жаңа салынып жатқан пәтерлердің бағасын көтеруі мүмкін, себебі құрылыс заттарының көбі – импорт тауарлар. Ресейге салынған санкцияларға байланысты экономика драйвері – мұнайды сату да қиындауы мүмкін.  Теңге әлсіреді, Ұлттық банк миллиондаған долларды интервенциямен ұстап отыр. Сюжетте көтерілген мәселелер – осы. Сарапшылар пікір білдіріпті. 

«Nur Otan» партиясы «AMANAT» болып өзгерді. «Айна» билік партиясының кезектен тыс съезіне сюжет арнап, партияның атауымен қатар құрылымы өзгеретінін, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жанданатынын айтты. Мемлекет басшысының сөзінен  үзінділер берілді. Депутаттар  пікір білдірді. Баяндаудан тұратын сюжетке партияның 23 жылдық жұмысына баға беретін сарапшы пікірі жетіспеді. Оның орнына партияның жұмысына қатысты қарапайым тұрғындардан блиц алыныпты. 

Гүлнәзия Жалғасқызы «eGov куәгері» айдарында атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа ережелерін таныстырып, бала күтіміне берілетін жәрдемақының мерзіміне қатысты шарттар қаралап жатқанын айтыпты. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының орфанды ауырулары бар балалардың еміне қаражат бөлгені жайлы мәлімет бар. 

«Алғыс айтайық»! 1 наурыз – «Алғыс айту» мерекесінің мәнін дұрыс түсінбеді ме, әлде «Қаңтар оқиғасы» туралы айтудың реті осылай деп тапты ма, сюжетте дүрбелең күндері және одан кейінгі қалпына келтіру барысына көмектескен еріктілер туралы айтылды.

«Отанға деген махаббат жынысқа бөлінбейтінін» айтқан Ғалым Кәлмен «Нәзік те ержүрек жандар» аталатын сюжетке кезек берді. Мұнда қаңтар дүрбелеңі кезінде әскерилерге көмек көрсеткен дәрігерлер мен әскери салада қызмет ететін әйелдер жайлы айтылып, бірнеше кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Олар қаңтар оқиғасы кезінде бетпе-бет келген қауіп-қатер мен қиын сәтте атқарған істері туралы әңгімеледі.  

«Айна» бұл жолы студияға шақырған қонағы – баласы әскери борышын өтеп жүрген  ана.  Қаңтар дүрбелеңі кезінде баласы стратегиялық нысанды күзетуге атсалысыпты. Сұхбат барысында әскерде жүрген баласы анасына тосын сый жасап, студияға құттықтап келіпті. Тартымды көрініс, тек жауынгер жігіттің студияда бас киіммен отырғаны тосын көрінді. Сұхбаттың өзі ұзақ болмады. 

«Жұртқа қызық болған соң хабарымыздың соңында эстрада жұлдыздары туралы айта салғанды жөн көрдік» деп жалғайды Ғалым Кәлмен. Сараптамалық бағдарламаның мақсаты – көрерменнің көңілін көтеру емес, елдегі оқиғаларға талдау жасау емес пе?! «Хайпқа бұйырмаңыз» аталатын сюжетте Мальдив аралдарында туған күнін атап өткен Қайрат Нұртас, қонақ болған Ерке Есмахан, сахнадан құлап кеткен Серік Ибрагимовтың оқиғаларын айтып,  беташарға екі пресс шөп салған жігіттің әрекетін баяндалып, оған қатысты аты-жөні белгісіз домбыра асынған жігіт пікір білдірді. Сюжет жұлдыздар туралы ма еді? Көрерменге «қызық» болған шығар деп топшыладық.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украина жаңалығынан емес, Ақорданың баспасөз қызметі таратқан қысқа хабарламадан басталды. Президент Қ.Тоқаев әкімдердің қызметіне қатысты маңызды құжатқа қол қойыпты. 

Содан кейін «Украина мен Ресей арасындағы қазіргі жағдайға» ойысты. Бұл тақырыпқа тағы да сюжет болмады. Жүргізуші Жайна Сламбек «фундаментальді жаңалықтарға» тоқталды. Ол сөз басында «Көрші ел «арнайы әскери операция» дегенімен, несіне күлбелтелейміз соғыс туралы жаңалықтар өткенде де айттық, тағы қайталаймыз – сағат сайын емес, минут сайын түседі» деп атап өтті. Украина мен РФ делегацияларының келіссөздерін, бейбіт адамдарды эвакуациялау, Ресейде Facebook пен Twitter бұғатталып, РФ президенті В.Путин «Ресей әскері туралы жалған ақпарат» таратқаны үшін 15 жылға дейін бостандығынан айыратын заңға қол қойғанын, осыдан кейін Ресейдің және шетелдің көптеген медиасы жұмысын тоқтатқанын және тағы басқа жаңалықтарды айтты. Мұның барлығына 5 минут арнады. 

Әлеуметтік желілерде танкілер тиелген пойыздардың фотосы тарап, оны Украинаға апара жатыр деген әңгіме шыққан. Қорғаныс министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды. Танкілер Батыс Қазақстаннан оңтүстік аймаққа жөндеуге жөнелтіліп жатыр екен. 

Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу туралы егжей-тегжейлі көрсетті. Сюжетте Украинадан оралған отандастарымыз соғыс аймағында көргенін айтып берді.

Президент Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына ықпалын талқылады. Ал сюжет Ресей рублінің құлдырауының ұлттық валютамыз – теңге бағамына әсері, ресейлік арзан тауарлардың Қазақстандағы дүкендерге топырлап келуі, шикізат экспортына арналды. 

Елімізде азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар да қайта қымбаттай бастады. Үлкен сюжетте қай тауар қанша теңгеге қымбаттағанын көрсетіп, қымбатшылық себебін сатушылар, экономистер түсіндіріп, құрылыс саласының өкілдері мен әлеуметтанушылар салдарын айтты. 

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап, жұртшылықпен кездесіп, астанаға оралыпты. Олар журналистерге аймақтағы адамдар қандай проблемамен жүгінгенін, не байқағанын айтып берді. Төрт депутатты сөйлеткен есеп беру мәніндегі сюжет болды. 

Nur Otan партиясының съезі өтіп, партия атауы өзгеріп, «AMANAT» атанды. Партия туралы хаттама мәндес қызықсыз сюжетте президент синхрондары көп. Мәжіліс спикері, депутаты, партияның атқарушы хатшысы, қоғам қайраткері мен ҚСЗИ қызметкерін де қысқа сөйлетті. 

Бағдарлама биыл 100 жылдығы тойланатын бұлбұл әнші Роза Бағланова туралы сюжетпен аяқталды. Материалда Роза Бағланованың көзін көрген мәдениет қайраткерлері, туысы мен әншілердің көптеген естелігі бар. Жан тебірентер сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Гендер теңдігі дегеніміз — адам құқығы. Журналистер Қазақстандағы гендер мәселесі туралы айтып берді

«Жаңа репортер» редакциясы Халықаралық әйелдер күнінде Қазақстан мен Тәжікстандағы гендер мәселесі тақырыбына жазатын журналистермен сұхбаттасты. Бүгінгі мақаламызда 4 қазақстандық журналист гендер теңдігі неліктен маңызды екенін, жұмыс барысында қандай кедергілерге ұшырайтынын, медиа әйел құқығы мәселелерін шешуге қалай ықпал ете алатынын айтып берді. 

Гүлмира Әбіқай

Гүлмира Әбіқай, журналист, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының жүргізушісі (КТК), перзентханадан жауап берді:

«Бір ауылда Мырқымбайдың Бәтиманы өлімші етіп сабап ұратынын бүкіл ауыл біледі. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі білмеген түр танытады…»

«Дау-дамайсыз» бағдарламасы заңдық, қоғамдық-әлеуметтік салаға бағытталған. Бірақ бізде көбіне көп әйелдер тағдырына арналып жатқаны рас.

Менің басты миссиям — әйелдердің қатігездікке ұшырауына, әйелдерге жасалатын қатігез іс-әрекеттерге қарсылық. 

Бір оқиға есіме түсіп отыр. Алматыдағы Шаңырақта тұратын әйел жылап хабарласты. Өзі екіқабат, ішінде жеті айлық баласы бар. Маскүнем күйеуі бір апта бойы үйде ішіп жатыр екен. Үйден бала-шағасының бәрін қуып шыққан. 14 жасар қызына «тамақ істе, ет әкел» деп пышақ жұмсаған. Қыз ауруханада жатыр. 

Полиция туған әкесі қызын пышақтағанын бізден естіді. Мектептегілер білмейді. 

Осы мәселені қазбалай келе «Қанша жерден туғаны болса да балаларға туған әкесі керек пе» деп сұрадым. «Жоқ, керек емес, қорқамыз, өлтіреді» деп жылады. Сол әкені әуелі 30 күн, сосын 6 айға қамады. Ал әйел Жаркентке көшіп барды. Босанып, көпбалалы ана, яғни 7 балалы ана ретінде мемлекеттен үй алып, бақытты өмір сүріп жатыр. 

Өкінішке қарай, пандемия кезінде бүкіл қылмыс көшеде емес, үйде болып шықты. 

Ішкіш күйеулері бұрындары күндіз кетіп, кешке үйіне келіп, жататын. Ал пандемия кезінде ешкімді тыпыр етпей, бәрі 1 ай үйден шықпай отырды. Сонда қаншама әулетте төбелес, ұрыс-керіс, бауыздау, пышақ салу сияқты неше түрлі сұмдық оқиғалар болды. Әсіресе, Алматы маңындағы «времянка» үйлерден әйелдер бас сауғалап қашып, қайда барарын білмеді. Сол кезде көмектестім. Ұрып-соғу үшін әйелін іздеп келген күйеулер де болды. Соңғы кезде қазақ отбасындағы кикілжіңдер үлкен қоғамдық дауға айналып отыр. Мен бұған тек отбасылық мәселе не ер адам мен әйел адам арасындағы жағдай деп қарамауды талап етіп, әлі де сол ұстанымдамын. 

Күйеуінен зорлық-зомбылық көріп жатқан әйелдер менен көмек сұрап, жиі хабарласады.

Ал жұмыс барысындағы қоқан-лоққыға келсек, түсірілімге барғанда үйінде жатқан күйеуі: «ой, мынау кім, ұрайын» деп айтып жатады. Бір ауылдарға барғанда ауыл адамдары: «Әп-әдемі тұрып жатқан ауыл едік, жай бір отбасы үшін Алматыда келіп, тыныштығымызды бұзды» деп айтады. 

Мен оларға: «Бұл жай көршіңіз отбасы болып көрінуі мүмкін, ал шындығында ол әйел азап, қиын, қорлықта өмір сүріп жатыр. Тіпті өлгісі келеді» деп айтамын. 

Балаларын қинайтын, баласына азғындық жасайтын оқиғалар бар. Сондай оқиға болған ауылға барсам әкімдіктегілер, мектептегілер: «Енді ауыл ғо, ауыл ішінде бола береді, сіз де сол үшін келіп» деп кейиді. Әркімнің айтқанын тыңдап, ауыл екен деп жүрмеймін. 

Бірақ тікелей келіп, ешкім қоқан-лоққы жасамады.

Журналистер әйелдерге жасалатын қатігез әрекетпен күресуге өте қатты ықпал етеді. 

Біріншіден, бізде «әйелді қорғау, әйелдің жолын ашу» деген ұлттық идеология болуы керек. Бұл жоқ. Мәселен, менімен құрдас әйелдердің көбі сауатсыз. Екі сынып, ары кетсе 4 сынып бітірген. Құжаты жоқ. Жұмысы жоқ. Адам өзі сауатсыз болса, құқығын қорғай алмайды, құқығын қорғаудың не екенін де білмейді. «Мен қандай өмірге лайықпын» деп ойлай алмайды. Сауатсыз болған соң күйеуінің сөзіне бұйрық ретінде қарайды, зорлық-зомбылығына амалсыз төзіп жүреді. 

Екіншіден, әйелдерді қорғау, әйелдерге қолдау туралы ақпарат жоқ. Әйелдің көбі күйеуі ұрғанда қайда хабарласуды білмейді. Күйеуінен қашып, балаларымен қайда баруды білмейді. Ал әйелдерді паналататын орталықтарының талаптары бар. Көптеген әйел сол орталықтардың талаптарына сай келмей жатады. 

Қазақстандағы әрбір ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдері бар. Есеп үшін ашылған. Оларға жүгініп жатқан ауыл жоқ. Бір ауылда Мырқымбайдың Бәтиманы өлімші етіп сабап ұратынын бүкіл ауыл біледі. Бірақ сол бөлім мұны білмеген болады. Бөлім ашылды ма, ашылды, болды. Көзбояушылық. Ауыл да көрмеген түр танытады. Бүкіл қоғам білмеген боп өмір сүріп жатыр. 

Міне, көктем келіп, бөпелі болып жатырмыз. Мына перзентханада қаншама ана баласын ауыр босанып, жаны қиналып, тәні ауырып жатса да өмі сүруге тырмысып, ұмтылғанын көремін. Ертең олар үйіне барғанда алдынан гүлін ұсынып, құшағына алатын ер азамат немесе қамшысын ұстап отырған ер адам шығуы мүмкін. 

Сондай аналар мына ауруханада қабырғаны жағалап, әрең жүрсе де баласын қолына алып, ана сүтін беріп, өмір үшін күш салып жатыр. Міне, осылай өмір мен өлім ортасында жатып, өмірге адам әкеліп, қазақтың санын көбейтіп жатқан кез келген ана бақытты болуға лайық. Сауаты, білім деңгейі, тағы басқасы маңызды емес. Әр әйел бақытты болуға лайық!

Мен Жамбыл облысындағы Өтеген батыр ауылындағы батырдың ұрпағымын. Біз жақта әйел-еркек деп бөлінбейді. Ойымызды ашық айтамыз, еркін ойлаймыз. 

«Партия құрайын, әйел-әйел деп жалаулатайын» деген ойым жоқ.Маған гендерлік саясат қызық емес, басты мақсатым — әйел қысым көрмеу керек, жапа шекпеуі керек, әйел қатігездікке ұшырамауы керек. Қазақ әйелі азат болуы керек. 

Айсұлтан Жақыпов

Айсұлтан Жақыпов, «Сүйрік» жобасының авторы, деректі фильмдер түсіреді, Қазақстанда гендер теңдігі туралы жазатын, айтатын аз ер адамның бірі. Оның жұмысы әйелдер құқы — тек әйелдердің шаруасы емес екенін дәлелдейді:

«Журналистер “ақ-қарасын сот шешеді ғой” деп қарап отырмауы керек»

Қоғамда қыз бала, әйел адамдар сирек кездесетін, мәселен, ұлттық спорт: саятшылық, көкпар және тағы басқа да ат ойындарымен айналысатын қыз-келіншектер туралы «Сүйрік» деген жоба жасадым. Жобаны жұртшылық жылы қабылдады. Әрине, ішінара теріс пікірлер болды.

Біреулер жеке өзіме келіп, ештеңе істемеген. Бірақ Созақтағы көкпаршы келіншек жайлы фильмге жақсы пікірлер де, теріс пікірлер де көп жазылды. 

Көбі «ойбай, қазақ қыз-келіншектері еркектермен бірге көкпар тартпаған, қазақтың жігіттері қайда қарап отыр, енді әйелдерге көкпар тартқызып отырыңдар» біраз теріс пікір айтты.

Кейіпкерім Адалат Әлтешова да «видеоны алып тастайық» деп бірнеше рет хабарласты. Бірақ басым бөлігі жақсы пікірлер жазған сол ол видеоны өшірмедік. Адалат әпкеміздің жүйкесі сыр берген тұста ата-бабаларымызда көкпар тартқан әйелдер болған деп тағы сондай бір-екі адамның видеосын жариялап, көңілін орнына түсірдік. 

Ал әйелдер құқығына келсек, әйел құқығын үнемі қолдап-қорғап жүрмін деп айта алмаймын. Мен бұған гендер теңдігі деп қарамаймын. Адам құқығы ретінде қараймын. Адамның бәрі тең. Бізде «бұл шаруа қыздарға лайық емес-ау» деген көзқарас қалыптасқан. Жоқ, қыздардың да қолынан бәрі келеді. Олар да көп дүниені жасай алады. Біздің бойымыздан табыла бермейтін ерік-жігер, қажыр-қайрат қыздарда бар. 

Әйел құқы бұзылуына қарсы күресемін. Бірақ қатты әсер еткен оқиғаларға араласуға тырысамын. Мәселен, Қарағандыдағы SaryarqaAqparat медиахолдингінде боп жатқан оқиға. Осы холдинг басшысының орынбасары қол астындағы бір қызға харассмент жасапты. Осы мәселені көтеріп, екі жақтан да сұхбат алып, жұртқа жарияладым. Былтыр қыста резонанс тудырған оқиға — Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы бір ауыл мешітінің имамы 7 сынып оқитын қызды зорлап, жүкті етіп, оның аборт жасатқаны болды. Осы оқиға жайлы мәлімет қолыма түсіп, соны дейін зерттеп, қыз зорлаған имам 20 жылға сотталды.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер жайлы әлеуметтік видеоролик түсірдік. Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті тапсырыс берген еді. Содан 7-8 әйелмен сұхбат жасап, жарияладық. 

Қаралымы да көп бола қоймады. Сол кезде біреу жазып, «сізге хабарласуға бола ма» деп, сұрап, телефон нөмірімді берген соң, хабарласып, Қарқаралыдағы имам жайлы ақпар жетті. Осылайша бір жұмыс екіншісіне себеп болды. 

Журналистер, медиа мамандары, блоггерлер әйелдердің құқы қорғалуына ықпал ете алады. Өйткені олар да қоғамның қозғаушы күші болып тұр ғой. Әлеуметтік желіде де, басқада да.

Кейбір блоггерлердің аудиториясына айтқаны ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс сияқты көрінеді. Әр айтқан сөзін дұрыс санайды. Басқаға сенбейді. 

«Сондай аудиториясы бар адамдар әйел құқығы, адам құқығы туралы жазып отырса, отбасындағы кикілжің азаяды» деп ойлаймын.

Журналистер «мұның маған қатысы қанша» немесе «әй, мұның ақ-қарасын сот шешеді ғой» деп қарап отырмауы керек.

Оқиғаны жариялау маңызды, қоғамдық резонанс тудыру маңызды. Проблема ашық айтылса ғана қоғам назарын аударып, шешімін табады. 

Гүлмира Құсайынова

Гүлмира Құсайынова, Manshuq Media бас редакторы

«Кәсіби жұмысын адал атқарса, болғаны»

Manshuq Media — әйелдер туралы медиа, әйелдерге арналған жоба. Жазатын тақырыптарымыздың түп өзегі де әйел құқы, гендер теңдігі. Авторларымыздың гендер теңдігі/гендер теңсіздігі дегеніміз не, мұны қолдаймыз ба, қарсымыз ба сұрақтар қоюына жағдай жасаймыз. Әйел құқықтары туралы айтары бар кейіпкерлерді аудиторияға таныстырамыз. Қазақстандық әйелдердің құқық бойынша түрлі мәселелерін ашық айтамыз.

Сондай маңызды жобамыздың бірі — «Мен мұның зорлық-зомбылық екенін білмедім» деп аталады. Бұл жоба әлі де жалғасады, өйткені әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, редакциямызға хат жазады. Сол хаттарды жариялаймыз.

Гендер теңдігі маңызды, өйткені әрбір әйелдің өмірінде гендер теңсіздігімен байланысты мәселе туындап жатады. Бұл проблемалар өмір сапасына айтарлықтай теріс әсер етеді. Елімізде зорлық-зомбылық белгілері анық байқалатын түсініктер әлі де өзекті. Мәселен, қыз алып қашу, келісімінсіз некелесу. Зорлық жасау соңғы 2 жылдан бері азаюдың орнына өсіп барады. Manshuq медиасындағы мұндай тақырыптар қатарын жалғастыра беруге болады. 

Жұмысымызға байланысты қандай да бір ашық кемсіту, қысым жасау болмады. Алайда «Мұның не қажеті бар?», «Сендерге осы да жетпей ме», «Қазіргі рұқсат еткеніміз аз ба?» деген сияқты сөздер айтып, сөйлейтіндер бар. Түсінбеушілікті еңсерудің бір жолы — жұмысыңызды жалғастыру. Тендерлік теңдік туралы үнемі жазамыз, өйткені бұл маңызды және дәл осы мәселеге келгенде ұстанымымызды әрдайым айтамыз. 

Журналистер кәсіби қызметін адал атқарса, гендер теңдігі орнауына көмектесе алады. Мәселені шешу үшін сол мәселені үнемі айтып отыру керек. Ал гендер теңсіздігі бойынша шешілмеген мәселе толып жатыр. 

Айсулу Тойшибекова

Айсұлу Тойшыбекова, журналист, подкастшы:

«Тіл түсінікті қалыптастырады»

БАҚ-та, Telegram-блогымда және подкастымда гендер, феминизм, әйел құқығы туралы ақпарат таратамын, насихаттаймын. Телеграм-арнада, подкастымда гендер теңсіздігінен бөлек, эйджизмге ұшырайтын әйелдер, мен жас қыздардың сөйлеуі, ой-пікірін айтуы, соған сараптама жасап, талдауы маңызды. Қазір подкастыма үзіліс жасадым. Бұрын тәжірибемді бөлісіп, жаңалықтар айтатынмын. Қазір медиа көбейді, гендер мәселесі әлеуметтік желілерде көп айтылатын болды. 

Бұл тақырып мен үшін де маңызды, өйткені әйел болған соң жасырын не ашық гендерлік кемсітуді бастап өткіземін. Әйелдер психологиялық, физикалық, сексуалды және сексуалданған зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қыз баласы туғанынан бастап сексуалданған зорлық көреді. Әйелдер күнделікті жұмысында, оқуда гендерлік кемсітушілікке тап келеді. Меніңше, гендер теңсіздігі мәселесімен күрес — мемлекеттің басым бағыттарының бірі болуы керек. Халықтың тең жартысы өмірде түрлі кедергілерге ұшырауы — қате бағыт. 

Істеген жұмысыма жақсы әрі жылы пікірлер естимін. Бақытыма орай, хейт, қысым көрсету, түсінбеушілікке сирек тап келемін. Айналамдағы адамдар мұның неліктен маңызды екенін түсінеді. Әйтсе де интернеттегі көптеген әйелдер мен ер адамдар феминизм идеясын қолдамай, қарсы шығып, құнын түсірмек боп жатады. Өмірде конструктивті диалогқа дайын адам болса, дәлел-дәйек келтіріп, түсіндіруге тырысамын. Ал әлеуметтік желілерде бұған уақыт жоғалтқым келмейді, әсіресе ер адамдарға түсіндіруге тырыспаймын. Бәрібір түсіндіру қиын. Ең дұрысы — уақытымды, күш-қуатымды осы мәселенің тереңіне үңілуді қалайтын әйелдерге арнаймын. 

Журналистер гендер теңдігіне қол жеткізу үшін кәсіби қызметінде екі нәрсе жасай алады: біріншісі — әйелдерге қатысты кемсіту тілін қолданбау. Жариялаған материалдарымыздағы тілдің рөлі, сөздің ықпалы өте күшті. Тіл біздің шынайылығымызды қалыптастырады. Екіншісі — репрезентация. Бұл тақырыпта жазу, айту қажет және бұл маңызды. Медиада осы тақырыптың көрініс табуы гендер теңдігі орнауына жеткізеді. 

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

KazMediaNetwork бірлестігі Шымкенттегі журналистерді медиаэтика тренингіне шақырады

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі Шымкентте медиаэтика тақырыбына арналған офлайн-тренинг өткізеді. 

Құрметті журналистер, журналистика факультеті студенттері, Шымкент қаласындағы баспасөз қызметі саласында жұмыс істейтін мамандар!

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі Сізді 6 наурыз, жексенбі күні, сағат 11.00-де өтетін офлайн-тренингке шақырады. 

Тренинг тақырыбы: Медиаэтика: негіздері, журналист қауіпсіздігі және жанжалға сезімтал тақырыптар.

Тренинг жүргізушісі – Бақтыгүл Бурбаева. Ол жанжалға сезімтал коммуникация және медиа сауат бойынша медиатренер, KazMediaNetwork қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры.

Тренинг кезінде:

—  кез келген БАҚ қызметкері (жаңадан бастаушы да, тәжірибелі маман да) тап болатын этикалық мәселелерді нақты мысалдар аясында талдаймыз;

— тығырықтан шығу жолдарын анықтаймыз — және жалпы сондай жол бар ма; 

— «Хайп үшін күрес» — кәсіби қауымдастықтағы медиаэтиканы сақтау мәселелерін талқылаймыз;

— Медианың негізгі принциптері дегеніміз не және ол неліктен маңызды екенін, сондай-ақ Қазақстандағы Медианың өзін-өзі реттеу қоғамық комитеті қалай жұмыс істейтінін түсіндіреміз.

Өтетін орын: City Hotel Shymkent қонақүйінің конференц-залы, Шымкент қаласы, Республика даңғылы 4.

Тіркелу үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: 

8-707-7000-439 Ольга Настюкова, жоба жетекшісі 
8-777-213-13-67 Бақтыгүл Бурбаева, медиатренер 

***

Бұл тренинг Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін. 

Украинадағы соғыс, SWIFT жүйесі, тұрғын үй субсидиясы: 21 – 27 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға соғыс бастауы болды. «Жеті күн» бұл жағдайда Қазақстанның ұстанымы БҰҰ шарттарына сәйкес болатынын, Украинаға бітімгерлер жіберілмейтінін айтты. «Айна» бағдарламасы екі ел шиеленісіне себеп болған алғышарттардан бастап, Украинадағы қазақстандықтарды елге әкелу бойынша елшілік атқарып жатқан шараларға дейін қамтыды. Ал Apta Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өткенін тілге тиек етті. Бір топ белсенді азамат Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек және қаржы жинай бастағанын, Үндеу қабылдағанын айтты.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы әдеттегіден ерекше – бірден Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына шолу мен РФ президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлесуі туралы баяндаудан басталды. Украина – Ресей қақтығысына қатысты Қазақстанның ұстанымы БҰҰ шарттарына сәйкес болатыны, Украинаға бітімгерлер жіберілмейтіні туралы Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесі берілді. Сондай-ақ, геосаяси жағдайдың ел экономикасына ықпалына қатысты сарапшылар пікір білдірді. Дархан Уәли осылайша студияда кадр сыртындағы мәтін және синхрон әдісімен өткен аптаның соңында елімізде қалыптасқан көңіл-күйді  ұтымды жеткізе білді. 

Өткен аптада шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Инвесторлар сенімі»  аталатын сюжетті Гүлжан Мархабаева әзірлепті. Әдеттегідей ұзақ сюжет – Президенттің жиында сөйлеген сөзі, қатысушылардың және СІМ Инвестиция комитеті өкілдерінің пікірінен тұрады. 

Өткен аптада бірқатар елдердің еліміздегі елшілері Президентке сенім грамотасын тапсырған. «Жеті күн» Президенттің осы жиындағы сөзінен де үзінді келтірді. 

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына Президент қатысты. Жиынға қатысқан елдердің үкімет басшыларымен жеке кездесті. Сондай-ақ, Ақордада бірнеше қабылдау өткізіп, кадрлық ауыс-түйістер болды. Мұның барлығы да Ақорда таратқан хаттамалық ақпарат негізінде әзірленген жеке сюжетке арқау болыпты. 

Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу-тексеру жұмысы жалғасуда. «Хабар» арнасы осы оқиға бойынша деректі фильм түсіріп, дүрбелең кезінде дүкен тонағандардан сұхбат алған. «Жеті күн» әзірлеген «Қаралы қаңтар» сюжетінде осы сұхбаттың бірінен үзінді берілді. «Дикий Арманға» қатысты сарапшы пікірі бар. «Жеті күн» де, «Айна» бағдарламасы да әлеуметтік желіде тараған «Дикий Арман» болуы мүмкін деген бейнежазбаны көрсетті. Сюжетте Ішкі істер органдары өкілдерінің тергеу барысы жайлы апта сайынғы есебінен үзінді берілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің уақытша қамау орындарында қайтыс болғандарға қатысты олардың азапталуы мүмкін екені туралы пікірі бар. Бұл факт бойынша Ішкі істер қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғаны айтылды. 

«Антқа адалдық». Бұл да қаңтар оқиғасына қатысты жасалған сюжет. Дүрбелең барысында қызметтік міндетін адал атқарған жандар туралы – ішкі істер органдары мен күштік құрылымдардың қаңтар дүрбелеңі кезінде зардап шеккен өкілдері. 

«Қауіпсіздік қалқаны». Еліміздегі Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру міндетіне арналды. Дастан Сейілханұлы сарапшылардан, күштік құрылым ардагерлерінен пікір алып, Президенттің қорғаныс саласына қатысты айтқан сөзінен үзінді қосып, көлемді сюжет жасапты. Қамауға алынған бұрынғы Қорғаныс министрінің қаңтар дүрбелеңі кезінде жіберген қателіктеріне қатысты пікірлер бар.  Сарапшылар күштік құрылымдардың – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ІІМ мен әскери саланың арасында үйлесімді жұмыс жоқтығын, әр құрылым өз бетімен әрекет етуге бейім екенін айтыпты.

«Мемлекет мүддесі» аталатын сюжет қоғамның әлеуметтік бөлінісіндегі алшақтықты жою үшін Президент көтерген бастамалардың өзектілігін сөз еткен. Астарында Қ.Тоқаевтың осы мақсаттағы бастамаларының барлығы дұрыс деген ойға жетелеу бар. Қоғам қайраткерлері сөз алған сюжетте бірде-бір қарсы пікір жоқ, мақсаты – мемлекеттік пропаганда деп топшыладық.

«Жаңа Қазақстан» сюжеті мазмұны жағынан «Мемлекет мүддесі» материалына өте ұқсас. Әлеуметтік теңсіздік, олигополия, сыртқа заңсыз шығарылған ақша жайы мұнда да айтылды. Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынғандардың ісіне қатысты құрылған комиссия туралы айтылып, оның мүшелерінің бірі пікір білдірді. Түптеп келгенде бұл сюжет те Президент бастамаларының өзектілігіне баса мән берді. 

«Желідегі жалған ақпарат». Мұнда соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде кең таралған бірнеше жалған ақпарат туралы айтылды. 

Сәкен Сейітханұлы әзірлеген «Қолдау мен нәтиже» атты сюжет еліміздегі импортқа тәуелділік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының нәтижесі туралы баяндайды. Мемлекеттен субсидия алып, кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер бағдарламаның артықшылығы туралы айтты. Елең еткізер жаңалығы жоқ. 

Елімізде утильалымның көлемі екі есе төмендетілді – 4% мөлшерлемемен отандық автокөліктерге несие беріледі. Осы тақырыпта жасалған сюжетте «Жеті күн» сөзге тартқан тұрғындар несиелеу бағдарламасын қолдап, пікір білдіріпті. Сарапшылар да утильалымның 50% төмендегені оң шешім болғанына сенімді екен. Біржақты пікірлер негізінде жасалған сюжеттің мақсаты үкіметтің шешімін мақтау болса керек. 

 «Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы – Ресей-Украина қақтығысы болды. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет екі ел шиеленісіне себеп болған алғышарттардан бастап, Украинадағы қазақстандықтарды елге әкелу бойынша елшілік атқарып жатқан шараларға дейін қамтыды. Онда екі ел арасындағы қақтығысқа итермелеген жағдайлар, соғыс қимылының барысы, саясатшылдардың көзқарасы қамтылған. Оқиғаны бейтарап сипаттаған толымды сюжет. 

Осы сюжеттен соң, СІМ өкілі Айбек Смадияровтың Украинадағы отандастарды елге қайтару бойынша Киевтегі Қазақстан елшілігі атқарып жатқан шаралар туралы мәлімдемесінен үзінді берілді. Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер жиынында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен де үзінді берілді. 

Еуропа елдері Ресейге қарсы салып жатқан экономикалық санкциялардың елімізге ықпалын Ғалым Кәлмен студияда тұрып, доллардың теңгеге шаққан құнының шарықтауымен түсіндірді. Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген экономист Мақсат Халық санкциялардың екі ел арасындағы тауар айналымы, ресейлік импорттың ұлғаюы тарапынан елімізге қалай әсер ететінін айтып беріпті. 

Қаңтардағы дүрбелең кезінде ұрланған аңшылық қарулардың барлығы дерлік табылған жоқ. Махамбет Бейбітшілік жасаған сюжет осы мәселені талдауға арналды. «Қаңтарда қолды болған қару» сюжетінде аңшылық дүкендерге жасалған шабуылдардан бастап, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылдағандардың қару қолданудағы кәсіби дайындығы, осы оқиғадан кейін қолға түскен қару мен оқ гильзаларға, қайтыс болғандарға жасалған сот-сараптама барысы туралы мәлімет келтірілді. Сюжеттің астарында бүлікте қарулы қақтығыс жасаған жандардың қару қолдану тәжірибесіне үңілу арқылы портретін жасауға талпыныс бар. 

17-26 ақпан күндері Мәжіліс депутаттары өңір-өңірлерді аралауға шықты. «Айна» депутаттар сапарынан  кадр сыртындағы мәтін және синхрон  форматында ақпарат беріп, Аманжан Жамалов пен Берік Дүйсенбиновті сөйлетіпті. 

«Астыма мінген атым…» еліміздегі автомобиль өндірісінің жай-күйін баяндайтын сюжет. Оны Берік Байғара әзірлепті. Утильалым көлемінің азаюы, отандық авторомның  жергілікті құрамы, қарапайым тұрғындардың шетелдік көлік пен елде құрастырылған көліктерге қатысты пікірі топтастырылған сюжетте елдегі сала өндірісі туралы көптеген маңызды дерек келтірген. Дегенмен, қарсы пікір білдіретін сарапшының пікірі жетпеді. Оның орнын тілші өз сөзімен толтырмақ болған. 

Елімізде әл-ауқаты төмен жандардың жалдайтын пәтер ақысын субсидиялау бағдарламасы әзірленіп жатыр. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқысы осы тақырыпты талқылады. Сюжетте көп балалы ана субсидия алу тәртібі қарапайым азаматтар үшін тиімді бола бермейтінін айтады. Риэлтор маман да растапты. Ал студияға келген ИИДМ өкілімен сол тәртіпті жеңілдету жолдары талқыланды. 

1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні. «Айна» бұл датаны да ұмытпапты. Оны да қаңтар дүрбелеңімен байланыстырып, сол күндері қызметтік міндетіне адал болған жандарға, дәрігерлерге алғыс айтты. Cюжет «Жөні бөлек алғыс…» деп аталады

«Айна» бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінде Qazaqstan арнасына берген сұхбатынан үзінді беріп,  тұрғындар пікірінен блиц  ұсынады. 

«Бірлік» сөзінің маңызына тоқталған Ғалым Кәлмен сөз арасында бұрынғы Қорғаныс министрінің күдікке ілініп қамауға алынғанын айтып өтті. Бұдан кейінгі сюжет те қаңтар оқиғаларына арналыпты. «Ауылға қауіп төнгенде» аталатын сюжет қаңтар дүрбелеңі кезінде ұйымдасып, ауылды қорғауға атсалысқан азаматтар туралы баяндайды.  

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украинадағы соғыстан басталды. Сюжет болмады, өйткені жүргізуші Жайна Сламбек айтқандай, «Соғысқа қатысты жаңалықтар сағат сайын емес, минут сайын түсіп жатыр. Пазл көп, алайда тұтас көрініс жиналмай тұр». Бәлкім, бағдарлама авторлары мейлінше жылдам әрі икемді болғысы келген шығар. Десе де, студияда Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларын тізіп шығып, Украина мен РФ арасындағы келіссөздер басталғанын айтты. 

Содан кейін президент Қ.Тоқаев Франция президенті Э.Макронмен телефон арқылы сөйлескенін, Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өткенін, президент  ЕАЭО-қа мүше елдер басшыларымен кездескенін де еске салды

SWIFT жүйесі дегеніміз не? Ресей банктерін осы жүйеден ажырату басталғалы бұл сұрақ ел назарына ілінді. Журналистер SWIFT жүйесінің не екенін түсіндіріп, экономист Қасымхан Қаппаровтың Telegram-арнасындағы комментарийін қосты. Экономист ресейлік банктердің бұл жүйеден ажыратылғаны Қазақстанға қалай әсер ететінін жазған екен.

Соғыс басталғалы теңге де рубльмен бірге құлдырады. Мұның себебін экономист пен сарапшы айтып берді. 

Украинадағы қазақстандықтарды елге әкеліп жатыр. Бұл тақырыпты Украинада көп жылдан бері тұратын қазақстандықтың, ҚР СІМ өкілі мен Украинадағы Қазақстан елшісінің комментарийімен берді. Украинадан шыға алмай қалған қазақстандық жүк көліктерінің қиын жағдайын көрсетті. 

Халық тығыз орналасқан оңтүстіктен, еліміздің батысынан халық саны аз солтүстік облыстарға қоныс аудару бағдарламасының жайы келіспей тұр екен. Бағдарламаның бірінші сюжеті осы мәселеге арналды. Амангелді Сейітханның репортажы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында түсіріліпті. Сюжетте солтүстікке қоныс аударған кейіпкерлер хикаясы бар. Олар сапасыз салынған үй, жұмыс орындарының тапшылығы мен айлық аз екенін айтады. Мұны қоғам белсендісінің, Мәжіліс депутаты мен жергілікті әкімдік өкілінің комментарийімен толықтырыпты. 

Түркістан облысындағы Шардара ауданының дихандары көктемгі егіс науқанына әлі кірісе алмай отыр. Су тапшы әрі қымбат. Дихандар, мәслихат депутаты мен Су шаруашылығы комитетінің өкілін сөйлеткен сюжет. 

«Apta қонағы» айдарында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сұхбат берді. Инфляция мен Украина-Ресей арасындағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні жөнінде әңгімелесті. 

Президент сыртқа заңсыз шығарылған қаражатты қайтару жоспарын әзірлеуге екі ай уақыт берді. Шетел асқан қаржыны қайтару мүмкін бе? Мінеки, осы сауал үшінші сюжетке себеп болыпты. Түсіндірмелі сюжетте заңсыз қаржы, заңсыз шығарылған қаржы, мұндай қаржыны қайтарудың қиындығын түсіндіріп, қайтару мүмкін бе, емес пе деген сауалды талдады. 

Биыл Мұхтар Шахановтың 80 жылдығы. Apta тілшілері ақын мерейтойы жөнінде үлкен портрет сюжет дайындапты

Жүргізуші Жайна Сламбек: «Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті. Бір топ белсенді азамат Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек және қаржы жинай бастады. Үндеу қабылдады. Үндеуде: «Біз, біртұтас көпұлтты Қазақстан халқы, жуырда ғана қорқынышты қанды қаңтар оқиғасын бастан өткердік, енді қазір Кремльдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жүрегіміз қан жылап куә болып отырмыз. Біздің ойымызша, Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігі – украин халқының қорғауға тиіс даусыз құқығы. Біз осындай қолсұғушылықтан Қазақстан тәуелсіздігін де қорғау қажеттігіне сенімдіміз» деп айтылған. Үндеуге қол қойғандар арасында Мұхтар Жәкішев, Марғұлан Сейсембаев, Ермұрат Бапи, Арман Шораев, Тоғжан Қожалиева, Бақытжан Төреғожина, Дина Елгезек бар» деп, эфир соңында Киевте бомбадан бас сауғалаған жұрт метро мен жертөлеге жасырынып, бейбіт адамдар, балалар опат болып жатқан видеокадрларды көрсетті.

Киевте метроға жасырынған халық ішінде бір келіншек босанып, дүниеге Мия есімді бөпе келгенін айтты. «Мия» сөзі скандинав тілінен аударғанда «мойынсұнбайтын, бірбеткей» деген мағына береді екен». 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

KazMediaNetwork журналистерге үндеу жолдады

Құрметті журналистер, әріптестер! 

«Қазақстандық Медиа желі/KazMediaNetwork» және Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті бүгінгідей бәріміз үшін аса ауыр кезеңде сіздерге үн қатып отыр. Қазір біз Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі өзге елдермен тығыз байланысты екенін анық сезініп отырмыз, соның ішінде Украина да бар, онда көбіміздің туыстарымыз, достарымыз, әріптестеріміз тұрады. Сонымен бірге біз қазір жалған және бұрмаланған ақпарат тасқынының астында қалып отырмыз. 

Естеріңізде болсын, БАҚ – аудиторияға ықпал ететін ең мықты құралдың бірі. Журналистер шындықты жария етпей тұра алмайды, бірақ сіздердің хабарламаларыңыз нақты деректерге негізделуі керек. Ақпараттың растығы мәселесінде журналистің жауапкершілігі жоғары болуы керек. Осыны ескере отырып, медиа қауымдастық өкілдерінен мынадай стандарттарды сақтауды сұраймыз: 

  1. Нақтылық пен дәлдік. Конфликті туралы өткір мәселелерді жазғанда фактчек жасаңыздар, хейт спич (өшпенділік тілі) қолданбаңыздар; 

2. Тараптардың пікірін теңдей беруге тырысыңыздар; 

3. Барлық ақпаратқа күдік-күмәнмен қараңыздар: сыни ойлау дағдысын іске қосыңыздар, деректерді тексеріңіздер, фейк ақпарат пен кликбейт тақырыптардың құрбаны болмаңыздар; 

4. Өткір мәселелерді жазғанда «Зияның тимесін» деген принципті ұстаныңыздар; 

5. Цитата, фото, видео пайдалансаңыздар, дереккөзін көрсетіңіздер; 

  1. Онлайн кеңістікте медиа қызметкерлерінің міндеті — ақпаратты аудиторияға бейтарап жеткізумен шектелмейді, сонымен бірге, аудитория қалдырған комментарийлерде өшпенділік тілі мен жалған ақпарат таралмауын қадағалауға тырысуы керек.

Журналистика – стреске бейім мамандықтың бірі, сондықтан дендеріңіздің саулығын ойлаңыздар. Эмоцияның жетегінде кетпеңіздер, қақтығыс аймағында жұмыс істейтін әріптестер жеке басының қауіпсіздігін ойласын.  

Құрметпен, 
Медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитеті
Комитет төрағасы Жұлдыз Әбділда 

Конфликт кезіндегі журналистика бойынша вебинар өтеді

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі журналистердің қауіпсіздігіне арналған онлайн вебинарлар сериясын жалғастырады. Cарапшылардың пайдалы ақпаратын жинап, сіздерді еуропалық әріптестермен және олардың тәжірибесімен таныстырамыз.

2022 жылғы 1 наурыз, сағат 18.00-де ОАР-дан Питер де Туа (Peter du Toit) қонақ болады.

Ол медиатренер, конфликтілерді басқару және трансформация саласында философия докторы, Оңтүстік Африкадағы Родс университеті ((Rhodes University) журналистика және медиа білім мектебінің ғылыми қызметкері. Питер де Туа Африка, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азиядағы конфликтілерді жариялау бойынша курстар өткізген.

Тақырып: Конфликт кезіндегі журналистика

Журналистер тарапынан болатын қателік түрлі топ өкілдері арасындағы текетіресті одан әрі ушықтыратын жағдайлар болып тұрады, сондықтан сапалы және салмақты ақпарат берудің маңызы зор.

Сізді 1 наурыз, сағат 18.00-де күтеміз.

Zoom конференцияға қосылу үшін сілтемеге өтіңіз

Конференция идентификаторы: 885 0278 4432
Кіру коды: 881480

Сұрағыңыз болса, 8-707-7000-439 нөміріне Ольга Настюковаға (жоба жетекшісі) хабарласуға болады.

***

Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.