ДомойМедиасынУкраинадағы соғыс, SWIFT жүйесі, тұрғын үй субсидиясы: 21 – 27 ақпандағы апталық...

Украинадағы соғыс, SWIFT жүйесі, тұрғын үй субсидиясы: 21 – 27 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Украинадағы соғыс, SWIFT жүйесі, тұрғын үй субсидиясы: 21 – 27 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға соғыс бастауы болды. «Жеті күн» бұл жағдайда Қазақстанның ұстанымы БҰҰ шарттарына сәйкес болатынын, Украинаға бітімгерлер жіберілмейтінін айтты. «Айна» бағдарламасы екі ел шиеленісіне себеп болған алғышарттардан бастап, Украинадағы қазақстандықтарды елге әкелу бойынша елшілік атқарып жатқан шараларға дейін қамтыды. Ал Apta Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өткенін тілге тиек етті. Бір топ белсенді азамат Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек және қаржы жинай бастағанын, Үндеу қабылдағанын айтты.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы әдеттегіден ерекше – бірден Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына шолу мен РФ президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлесуі туралы баяндаудан басталды. Украина – Ресей қақтығысына қатысты Қазақстанның ұстанымы БҰҰ шарттарына сәйкес болатыны, Украинаға бітімгерлер жіберілмейтіні туралы Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесі берілді. Сондай-ақ, геосаяси жағдайдың ел экономикасына ықпалына қатысты сарапшылар пікір білдірді. Дархан Уәли осылайша студияда кадр сыртындағы мәтін және синхрон әдісімен өткен аптаның соңында елімізде қалыптасқан көңіл-күйді  ұтымды жеткізе білді. 

Өткен аптада шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Инвесторлар сенімі»  аталатын сюжетті Гүлжан Мархабаева әзірлепті. Әдеттегідей ұзақ сюжет – Президенттің жиында сөйлеген сөзі, қатысушылардың және СІМ Инвестиция комитеті өкілдерінің пікірінен тұрады. 

Өткен аптада бірқатар елдердің еліміздегі елшілері Президентке сенім грамотасын тапсырған. «Жеті күн» Президенттің осы жиындағы сөзінен де үзінді келтірді. 

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына Президент қатысты. Жиынға қатысқан елдердің үкімет басшыларымен жеке кездесті. Сондай-ақ, Ақордада бірнеше қабылдау өткізіп, кадрлық ауыс-түйістер болды. Мұның барлығы да Ақорда таратқан хаттамалық ақпарат негізінде әзірленген жеке сюжетке арқау болыпты. 

Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу-тексеру жұмысы жалғасуда. «Хабар» арнасы осы оқиға бойынша деректі фильм түсіріп, дүрбелең кезінде дүкен тонағандардан сұхбат алған. «Жеті күн» әзірлеген «Қаралы қаңтар» сюжетінде осы сұхбаттың бірінен үзінді берілді. «Дикий Арманға» қатысты сарапшы пікірі бар. «Жеті күн» де, «Айна» бағдарламасы да әлеуметтік желіде тараған «Дикий Арман» болуы мүмкін деген бейнежазбаны көрсетті. Сюжетте Ішкі істер органдары өкілдерінің тергеу барысы жайлы апта сайынғы есебінен үзінді берілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің уақытша қамау орындарында қайтыс болғандарға қатысты олардың азапталуы мүмкін екені туралы пікірі бар. Бұл факт бойынша Ішкі істер қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғаны айтылды. 

«Антқа адалдық». Бұл да қаңтар оқиғасына қатысты жасалған сюжет. Дүрбелең барысында қызметтік міндетін адал атқарған жандар туралы – ішкі істер органдары мен күштік құрылымдардың қаңтар дүрбелеңі кезінде зардап шеккен өкілдері. 

«Қауіпсіздік қалқаны». Еліміздегі Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру міндетіне арналды. Дастан Сейілханұлы сарапшылардан, күштік құрылым ардагерлерінен пікір алып, Президенттің қорғаныс саласына қатысты айтқан сөзінен үзінді қосып, көлемді сюжет жасапты. Қамауға алынған бұрынғы Қорғаныс министрінің қаңтар дүрбелеңі кезінде жіберген қателіктеріне қатысты пікірлер бар.  Сарапшылар күштік құрылымдардың – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ІІМ мен әскери саланың арасында үйлесімді жұмыс жоқтығын, әр құрылым өз бетімен әрекет етуге бейім екенін айтыпты.

«Мемлекет мүддесі» аталатын сюжет қоғамның әлеуметтік бөлінісіндегі алшақтықты жою үшін Президент көтерген бастамалардың өзектілігін сөз еткен. Астарында Қ.Тоқаевтың осы мақсаттағы бастамаларының барлығы дұрыс деген ойға жетелеу бар. Қоғам қайраткерлері сөз алған сюжетте бірде-бір қарсы пікір жоқ, мақсаты – мемлекеттік пропаганда деп топшыладық.

«Жаңа Қазақстан» сюжеті мазмұны жағынан «Мемлекет мүддесі» материалына өте ұқсас. Әлеуметтік теңсіздік, олигополия, сыртқа заңсыз шығарылған ақша жайы мұнда да айтылды. Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынғандардың ісіне қатысты құрылған комиссия туралы айтылып, оның мүшелерінің бірі пікір білдірді. Түптеп келгенде бұл сюжет те Президент бастамаларының өзектілігіне баса мән берді. 

«Желідегі жалған ақпарат». Мұнда соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде кең таралған бірнеше жалған ақпарат туралы айтылды. 

Сәкен Сейітханұлы әзірлеген «Қолдау мен нәтиже» атты сюжет еліміздегі импортқа тәуелділік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының нәтижесі туралы баяндайды. Мемлекеттен субсидия алып, кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер бағдарламаның артықшылығы туралы айтты. Елең еткізер жаңалығы жоқ. 

Елімізде утильалымның көлемі екі есе төмендетілді – 4% мөлшерлемемен отандық автокөліктерге несие беріледі. Осы тақырыпта жасалған сюжетте «Жеті күн» сөзге тартқан тұрғындар несиелеу бағдарламасын қолдап, пікір білдіріпті. Сарапшылар да утильалымның 50% төмендегені оң шешім болғанына сенімді екен. Біржақты пікірлер негізінде жасалған сюжеттің мақсаты үкіметтің шешімін мақтау болса керек. 

 «Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы – Ресей-Украина қақтығысы болды. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет екі ел шиеленісіне себеп болған алғышарттардан бастап, Украинадағы қазақстандықтарды елге әкелу бойынша елшілік атқарып жатқан шараларға дейін қамтыды. Онда екі ел арасындағы қақтығысқа итермелеген жағдайлар, соғыс қимылының барысы, саясатшылдардың көзқарасы қамтылған. Оқиғаны бейтарап сипаттаған толымды сюжет. 

Осы сюжеттен соң, СІМ өкілі Айбек Смадияровтың Украинадағы отандастарды елге қайтару бойынша Киевтегі Қазақстан елшілігі атқарып жатқан шаралар туралы мәлімдемесінен үзінді берілді. Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер жиынында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен де үзінді берілді. 

Еуропа елдері Ресейге қарсы салып жатқан экономикалық санкциялардың елімізге ықпалын Ғалым Кәлмен студияда тұрып, доллардың теңгеге шаққан құнының шарықтауымен түсіндірді. Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген экономист Мақсат Халық санкциялардың екі ел арасындағы тауар айналымы, ресейлік импорттың ұлғаюы тарапынан елімізге қалай әсер ететінін айтып беріпті. 

Қаңтардағы дүрбелең кезінде ұрланған аңшылық қарулардың барлығы дерлік табылған жоқ. Махамбет Бейбітшілік жасаған сюжет осы мәселені талдауға арналды. «Қаңтарда қолды болған қару» сюжетінде аңшылық дүкендерге жасалған шабуылдардан бастап, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылдағандардың қару қолданудағы кәсіби дайындығы, осы оқиғадан кейін қолға түскен қару мен оқ гильзаларға, қайтыс болғандарға жасалған сот-сараптама барысы туралы мәлімет келтірілді. Сюжеттің астарында бүлікте қарулы қақтығыс жасаған жандардың қару қолдану тәжірибесіне үңілу арқылы портретін жасауға талпыныс бар. 

17-26 ақпан күндері Мәжіліс депутаттары өңір-өңірлерді аралауға шықты. «Айна» депутаттар сапарынан  кадр сыртындағы мәтін және синхрон  форматында ақпарат беріп, Аманжан Жамалов пен Берік Дүйсенбиновті сөйлетіпті. 

«Астыма мінген атым…» еліміздегі автомобиль өндірісінің жай-күйін баяндайтын сюжет. Оны Берік Байғара әзірлепті. Утильалым көлемінің азаюы, отандық авторомның  жергілікті құрамы, қарапайым тұрғындардың шетелдік көлік пен елде құрастырылған көліктерге қатысты пікірі топтастырылған сюжетте елдегі сала өндірісі туралы көптеген маңызды дерек келтірген. Дегенмен, қарсы пікір білдіретін сарапшының пікірі жетпеді. Оның орнын тілші өз сөзімен толтырмақ болған. 

Елімізде әл-ауқаты төмен жандардың жалдайтын пәтер ақысын субсидиялау бағдарламасы әзірленіп жатыр. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқысы осы тақырыпты талқылады. Сюжетте көп балалы ана субсидия алу тәртібі қарапайым азаматтар үшін тиімді бола бермейтінін айтады. Риэлтор маман да растапты. Ал студияға келген ИИДМ өкілімен сол тәртіпті жеңілдету жолдары талқыланды. 

1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні. «Айна» бұл датаны да ұмытпапты. Оны да қаңтар дүрбелеңімен байланыстырып, сол күндері қызметтік міндетіне адал болған жандарға, дәрігерлерге алғыс айтты. Cюжет «Жөні бөлек алғыс…» деп аталады

«Айна» бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінде Qazaqstan арнасына берген сұхбатынан үзінді беріп,  тұрғындар пікірінен блиц  ұсынады. 

«Бірлік» сөзінің маңызына тоқталған Ғалым Кәлмен сөз арасында бұрынғы Қорғаныс министрінің күдікке ілініп қамауға алынғанын айтып өтті. Бұдан кейінгі сюжет те қаңтар оқиғаларына арналыпты. «Ауылға қауіп төнгенде» аталатын сюжет қаңтар дүрбелеңі кезінде ұйымдасып, ауылды қорғауға атсалысқан азаматтар туралы баяндайды.  

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украинадағы соғыстан басталды. Сюжет болмады, өйткені жүргізуші Жайна Сламбек айтқандай, «Соғысқа қатысты жаңалықтар сағат сайын емес, минут сайын түсіп жатыр. Пазл көп, алайда тұтас көрініс жиналмай тұр». Бәлкім, бағдарлама авторлары мейлінше жылдам әрі икемді болғысы келген шығар. Десе де, студияда Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларын тізіп шығып, Украина мен РФ арасындағы келіссөздер басталғанын айтты. 

Содан кейін президент Қ.Тоқаев Франция президенті Э.Макронмен телефон арқылы сөйлескенін, Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өткенін, президент  ЕАЭО-қа мүше елдер басшыларымен кездескенін де еске салды

SWIFT жүйесі дегеніміз не? Ресей банктерін осы жүйеден ажырату басталғалы бұл сұрақ ел назарына ілінді. Журналистер SWIFT жүйесінің не екенін түсіндіріп, экономист Қасымхан Қаппаровтың Telegram-арнасындағы комментарийін қосты. Экономист ресейлік банктердің бұл жүйеден ажыратылғаны Қазақстанға қалай әсер ететінін жазған екен.

Соғыс басталғалы теңге де рубльмен бірге құлдырады. Мұның себебін экономист пен сарапшы айтып берді. 

Украинадағы қазақстандықтарды елге әкеліп жатыр. Бұл тақырыпты Украинада көп жылдан бері тұратын қазақстандықтың, ҚР СІМ өкілі мен Украинадағы Қазақстан елшісінің комментарийімен берді. Украинадан шыға алмай қалған қазақстандық жүк көліктерінің қиын жағдайын көрсетті. 

Халық тығыз орналасқан оңтүстіктен, еліміздің батысынан халық саны аз солтүстік облыстарға қоныс аудару бағдарламасының жайы келіспей тұр екен. Бағдарламаның бірінші сюжеті осы мәселеге арналды. Амангелді Сейітханның репортажы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында түсіріліпті. Сюжетте солтүстікке қоныс аударған кейіпкерлер хикаясы бар. Олар сапасыз салынған үй, жұмыс орындарының тапшылығы мен айлық аз екенін айтады. Мұны қоғам белсендісінің, Мәжіліс депутаты мен жергілікті әкімдік өкілінің комментарийімен толықтырыпты. 

Түркістан облысындағы Шардара ауданының дихандары көктемгі егіс науқанына әлі кірісе алмай отыр. Су тапшы әрі қымбат. Дихандар, мәслихат депутаты мен Су шаруашылығы комитетінің өкілін сөйлеткен сюжет. 

«Apta қонағы» айдарында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сұхбат берді. Инфляция мен Украина-Ресей арасындағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні жөнінде әңгімелесті. 

Президент сыртқа заңсыз шығарылған қаражатты қайтару жоспарын әзірлеуге екі ай уақыт берді. Шетел асқан қаржыны қайтару мүмкін бе? Мінеки, осы сауал үшінші сюжетке себеп болыпты. Түсіндірмелі сюжетте заңсыз қаржы, заңсыз шығарылған қаржы, мұндай қаржыны қайтарудың қиындығын түсіндіріп, қайтару мүмкін бе, емес пе деген сауалды талдады. 

Биыл Мұхтар Шахановтың 80 жылдығы. Apta тілшілері ақын мерейтойы жөнінде үлкен портрет сюжет дайындапты

Жүргізуші Жайна Сламбек: «Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті. Бір топ белсенді азамат Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек және қаржы жинай бастады. Үндеу қабылдады. Үндеуде: «Біз, біртұтас көпұлтты Қазақстан халқы, жуырда ғана қорқынышты қанды қаңтар оқиғасын бастан өткердік, енді қазір Кремльдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жүрегіміз қан жылап куә болып отырмыз. Біздің ойымызша, Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігі – украин халқының қорғауға тиіс даусыз құқығы. Біз осындай қолсұғушылықтан Қазақстан тәуелсіздігін де қорғау қажеттігіне сенімдіміз» деп айтылған. Үндеуге қол қойғандар арасында Мұхтар Жәкішев, Марғұлан Сейсембаев, Ермұрат Бапи, Арман Шораев, Тоғжан Қожалиева, Бақытжан Төреғожина, Дина Елгезек бар» деп, эфир соңында Киевте бомбадан бас сауғалаған жұрт метро мен жертөлеге жасырынып, бейбіт адамдар, балалар опат болып жатқан видеокадрларды көрсетті.

Киевте метроға жасырынған халық ішінде бір келіншек босанып, дүниеге Мия есімді бөпе келгенін айтты. «Мия» сөзі скандинав тілінен аударғанда «мойынсұнбайтын, бірбеткей» деген мағына береді екен». 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР