Домой Блог Страница 21

Президент сұхбаты, Nur Otan съезі, «Самұрық-Қазынаның» нәтижесіз жұмысы: 24-30 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

24-30 қаңтар аралығындағы апталық сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі мен Президенттің «Хабар» арнасына берген сұхбаты болды. Сондай-ақ, «Жеті күн» бағдарламасы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры айналасында қалыптасқан жағдай туралы сюжет ұсынды. «Айна» бағдарламасы интернеті жоқ «Құланөтпес» ауылының проблемасын көтерді. Ал Apta Президенттің экономика мен саясат трансформациясы жөнінде айтқанын студияда әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен бірге талқылады. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасындағы «ауыс-түйіс» уақытша болғанға ұқсайды. Бұл жолы бағдарламаны тұрақты жүргізуші Дархан Әбдіуахиттің өзі жүргізді. Ол хабарды Nur Otan партиясының кезекті съезінен бастады. Шынар Асанқызы жиын туралы арнайы материал әзірлепті. Әдеттегідей ұзақ, Президенттің негізгі тезистерінен тұратын сюжет. Сарапшылар саяси партиялардың белсенділігі, депутаттардың беделі туралы пікір білдірген. Алайда Мемлекет басшысының Тұңғыш Президентке қатысты сөздеріне сарапшы пікірі болмады. 

Президенттің «Хабар» арнасына берген сұхбаты Гүлжан Мархабаева әзірлеген келесі сюжетке арқау болды. Автор әріптесінің жұмысын «Көкейдегі көп сұрақты Вера Захарчук дөп қоя білді» деп бағалады.  Бір сағаттық сұхбаттағы еркертусіз оқ атуға, Тұңғыш Президентке, жаңа реформаларға қатысты бірнеше сұраққа Қ.Тоқаевтың берген жауабынан үзінді келтірілді.  Мемлекет басшысының  мәлімдемелеріне қатысты ешбір сарапшыдан пікір алынбаған. «Хабар» эфирінде санаулы минут бұрын ғана аяқталған сұхбаттан баяндау сюжетін әзірлеу қаншалықты қисынды? Мемлекет басшысының сұхбаты «Хабар» және «Хабар 24» арналарында  сенбі, 29 қаңтар күні сағат 20.00-де эфирге шықты. Ал «Жеті күн» бағдарламасының эфирдегі уақыты – әр сенбі, сағат  21.00.

Өткен аптада Қазақстан Орта Азиядағы экономикасы мен халық саны жағынан алпауыт екі мемлекет – Қытай және Үндістанмен екі онлайн саммитке қатысты. «Жеті күн» осы оқиға туралы «Қос саммит» аталатын сюжетте баяндады. Бұл материал Орта Азияның бес мемлекеті қатысқан екі саммиттің барысына, екі алпауыт мемлекеттің өңірдегі геосаяси ықпалына қатысты сараптама болды деп айта алмаймыз. Халықаралық саммитке Президенттің  қатысқаны және қандай ұсыныстар жасағаны туралы ақпарат берілген және сол ұсыныстарға қатысты отандық сарапшылардың пікірі бар, жалаң талдауға құрылған материал. 

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы кадр сыртындағы мәтін мен синхрон форматында қысқаша баяндалды. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне арнайы сюжет дайындалған. Сюжеттен азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларынан гөрі, оны қымбаттатпау үшін кейбір аймақта жергілікті әкімдіктердің мониторинг тобы үнемі бақылау жасағанын білдік. Әлеуметтік дүкендер мен үй маңындағы шағын маркеттердегі азық-түлік бағасы бір-бірінен ерекшеленетіні сөз болды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы әйгілі «2050 теңгелік ет» туралы айтылды. Сюжетте аталмыш проблемаға терең үңілмеген деуге болады. Себебі, бұл материал әкімдіктер тарапынан жасалып жатқан жұмыстың есебі іспеттес. Ал бағаны тұрақтандыру шаралары тек мониторингпен шектелмесе керек. 

Қаңтар айының алғашқы онкүндігінен бері жиі қозғалатын тақырыптардың бірі – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры айналасында қалыптасқан жағдай. Президенттің қатаң сынынан кейін, Қор басшылығы оның қызметін реформалауға талпынуда. «Жеті күн» бұл санында осы реформаларға жеке сюжет арнапты. Сюжетке пікір берген сарапшы Қордың нәтижелі жұмыстарын тізбектеп, кейін «Самұрық-Қазынаның» ел экономикасына тигізген кері әсері туралы айтты. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та депутаттық сауалында Қор жұмысының тиімсіздігін айтқан еді. Сюжетке тартылған өзге сарапшылар да Қор жұмысының олқылығын айтты. Ал сюжет авторы Қор өкілдерінен пікір алмаған. Алмасадам Сәтқалиевтің Facebook-тегі парақшасына жариялаған пікірін ғана беріпті. 

Үкіметтің батыс өңірлерді дамыту бағдарламасы туралы сюжет «Кешенді жоспар» деп аталды. Материал өңірдегі мектептердің бірі үш ауысыммен оқитыны туралы ақпараттан басталды. Сол арқылы тілші өңірдегі проблемаларды көрсетіпті. Үкімет қабылдаған жоспар, бөлінетін қаражат туралы ақпарат бар. 

«Хабар» арнасы «Қасіретті қаңтар» аталатын деректі фильм ұсынды. «Жеті күн» осы аттас сюжет әзірлеп, фильм туралы ақпарат берді. «Жеті күннің» осы санында бірнеше сюжетке сарапшы ретінде пікір білдірген саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл фильмге де баға берген. 

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет Татарстан мен Қазақстанның өнеркәсіп кооперациясының дамуы туралы болды. Татарстандық бірнеше компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысы туралы материал коммерциялық мақсатта дайындалған деп топшыладық. 

Президент Nur Otan cъезінде «Қазақстан халқына» қорының жұмысына атсалысуға асықпай отырған компаниялардың жұмысын сынға алды. «Жеті күн» Президенттің осы сөзінен үзінді берді. Осылайша, қор басшысы Болат Жәмішев қатысатын «Национальный интерес» бағдарламасына жарнама жасай, бағдарламаны аяқтады.  

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

Алматыдағы каңтар дүрбелеңі кезінде зардап шеккен жандарға өтемақы төленеді. Алайда бейбіт тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі әзірге шешілмеді, өйткені антитеррорлық операциялар әлі де жалғасуда. «Айна» осы ақпаратпен басталды. Алматы әкімдігінің өкілі осы мәселеге қатысты түсініктеме беріпті. 

«Тура биде туған жоқ» аталатын сюжетте қамауға алған туыстарын іздеген тұрғындардың жағдайы айтылды, сондай-ақ, заңгер Абзал Құспан бастаған қорғаушылар тобының жұмысынан хабар берді. Бас Прокуратура мен ІІМ-нің мәлімдемесінен үзінді ұсынды. 

Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі туралы Берік Дүйсенбай материал әзірлепті. «Партия қайда болса…» аталатын сюжет Президенттің партияны қайта құрылымдау туралы бастамасын талдауға бағытталған. Мемлекет басшысының осы орайдағы сөздерінен үзінді берді. Сарапшы ретінде Ерлан Саиров пікір білдірген. Партия саяси кеңесінің құрамы 55 процентке өзгергеніне мән берілді. Алайда партия құрамындағы ықпалды тұлғалардан пікір алынбапты.  Есесіне, сарапшы Толғанай Үмбетәлиева партияның жаңа төрағасы ұйым жұмысының өзгеруіне зор ықпал ететінін айтты.  

«Қанатың талды ма, Самұрық». Қордың нәтижесіз жұмысы туралы баяндаған сюжет авторы Берік Байғара бейтарап болу үшін «Самұрық-Қазына» өкілдеріне микрофон ұсынбады. Материалын Қор ғимараты алдында қар тазалап жүрген стендаппен аяқтады. 

«Айна» бағдарламасының жыл басынан бері жарық көрген сандарында «eGov куәгері» аталатын айдар бар. Гүлнәзия Жалғасқызы жүргізетін бұл айдарда негізінен мемлекеттік әлеуметтік көмек алу жолдары әңгімеленеді. Бұл жолы әлеуметтің осал тобына жататын, қалада пәтер жалдап тұратын отбасыға берілетін көмек – пәтерақы мәселесі сөз болды.

«Жаңа үкімет, жарылқа» айдары өткен апталарда «Айна» студиясына хабарласып, құзырлы министрлік тарапынан көмек алған жандардың алғысынан басталды. Ал студияға келген қонақтар бұл бағдарламаның жүзеге асу жолдарын айтып берді. Ақпараты мол, пайдалы талқылау болды. 

«Арқада «Құланөтпес» деген ауыл бар…»  деп басталатын сюжет «Өркениет өлген жер» деп аталыпты. Құланөтпес ауылдық округіндегі жағдайды әкімнің уәдесі мен тұрғындардың уәжі арқылы тиянақты жеткізе білген сюжет, орталықтан шалғай жатқан мыңдаған ауылдың проблемасын көтерді. «Құланөтпестің қазіргі күйіне тұрғындар ғана емес, сиырлары да ұялады. Камераға қарауға бет жоқ» деп астармен әзілдей аяқтапты Артур Мағзұмов. 

«Молданың істегенін істеме». Еуропарламенттің қаңтар оқиғасына қатысты қарарын сынаған сюжет осылай аталыпты. Еуропаның бірқатар елінде болған шерулерде тәртіп сақшыларының наразы топқа күш қолданып жатқаны көрсетілді. Еліміздегі қаңтар басындағы шерулердің бейбіт басталғаны, полиция бірден күш қолданбағаны, жағдай бақылаудан шығып бара жатқан соң оқ атылғаны баяндалды. Күш құрылымының өкілі сол күндердегі шабуылдар туралы айтып берді. Ал сарапшы Еуропарламенттің қарары ЕуроОдақтың ұстанымы емес екенін, бұл ұсыныс сипатындағы қарар екенін айтты. Сюжет мазмұны осылай өрбитін болса, оның атауы мазмұнына кереғар емес пе? 

Кәдеге жарату алымы туралы мәселе көтерген «Айна» сюжеті «Сатуға асықпа тұлпарыңды» деп аталады. Утильалым айналасындағы жағдай, көлік бағасының қымбаттауына әсер ететін факторлар жайлы жан-жақты ақпарат берген тұщымды сюжет. 

«Төңкерістің таңбасы» сюжетінде Алматы қаласындағы дүрбелеңнің салдары туралы әңгімеленді. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар 24» журналисі Вера Захарчукке берген сұхбатынан басталды. Сұхбаттағы «ескертусіз оқ атудан» бастап «бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сауда» болмағанына дейін түрлі үзінділер көрсетті. Тақырыпты саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірімен толықтырды. Ол ел біртұтастығы маңызды екеніне тоқталып, Қ.Тоқаевтың батыл шешімдері соны сақтап қалуға сеп болғанын айтты. 

Қ.Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткенін қысқа қайырып, Кеңесті бұған дейін ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарғанын еске салды. Парламент Тұңғыш президенттің бірнеше өкілетін қысқартқанын да атап өтті. Мысалы, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айырды. 

Nur Otan қатарынан жүздеген адам шығып кетті. Жүргізуші Жайна Сламбек партиядан шығып кеткендердің комментарий скриншотын экранға шығарып, оқыды. Бұл партия съезі туралы сюжетке алғысөз екен. Осы съезде Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы боп сайланды. Apta бағдарламасының соңғы үш шығарылымында алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевты көрсеттіАл тілші Альбина Әшім сюжетті түйіндейтін стендапында философ Гегельдің: «Өзгелер алдындағы міндеттер ішіндегі ең негізгісі: сөз бен істің рас болуы» деген сөзін цитата етіпті. Президент Қ.Тоқаев кәсіпкерлермен кездесуінде философ Гегельдің есімін атағанын да айтты.

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалы екінші сюжетке түрткі болыпты. Сенатор сауалында статистикалық мәліметтердің бұрмаланатынын айтқан. Тілші Амангелді Сейітхан Ақмола облысындағы ауылдық округтердің біріне барып, тұрғындар қалай өмір сүріп жатқанына әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Ауылдың сан мың проблемасын: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санынан бастап инфрақұрылым жоғына дейін түгендепті. Сюжетте ауыл тұрғындарынан бастап әкіміне дейін комментарий берген. Ақпараты мол, бірақ еш жаңалығы жоқ сюжет – еліміздің қаншама ауылына тән жағдай. 

Президент Қ.Тоқаевтың «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында экономика мен саясат трансформациясы жөнінде айтқан сөзі «Apta қонағы» айдарының тақырыбына айналды. Студия қонағы – әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қаңтар трагедиясының себептері, жұмыссыздар саны, байлардың ресурсын басқаларға таратып берудің бекер іс екенін, саяси өзгеріс болмаса елдегі мәселелер шешілмейтінін айтты

Президенттің енді бір сөзі тағы бір сюжетке арқау болды: Қ.Тоқаев азаматтарды «Болашақ» бағдарламасымен Ресей университеттерінде де оқытуды айтқан болатын. Осы тақырыпты қаузаған сюжетте профессорлар, «Болашақ» стипендиаттары мен БҒМ вице-министрінің пікірі бар. 

Тағы да Тоқаев. Бұл жолы жүргізуші Жайна Сламбек адамдар заңсыз ұсталып, азапталғаны жөнінде ақпарат азаймай отырғанын эфирде айта келе, президенттің бұрынғы твитін эфирге шығарды. Тергеу әділдігін тексеретін қоғамдық комиссиялар жұмыс істеп жатқанын айтып, Бас прокуратура өкілі мен депутаттарды сөйлетті. Apta редакциясы заңсыз ұсталып, азапталғандар жөнінде ақпарат азаймай отырғанын айтқанымен, ел назарындағы тақырыпқа дәлел-дәйегі мен кейіпкерлері бар сюжет арнамай келеді.

2022 жыл – Балалар жылы. Бағдарламаның соңғы сюжеті балаларға, дәлірегі онлайн оқудан білім сапасының нашарлауы, жан күйзелісіне түсетін балалардың көбеюіне арналды. Оқушылар, ата-ана, зерттеушілер, психологтар, мектеп директоры мен Мәжіліс депутатын сөйлеткен үлкен сюжет. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Куәгер күйзелісі» Төтенше жағдайда жұмыс істейтін журналистерге психолог кеңесі

Журналистикада маманданған тақырыбына қарай бөліп жатады: біреу әлеуметтік тақырыпқа, тағы бірі экономикаға маманданған. Әскери тақырыпта материал дайындайтын әскери тілшілер де бар. Алайда төтенше жағдай бола қалса, жанжал ошақтарында жұмыс істеу дайындығынан өтпеген журналистерді де оқиға орнына жіберуге тура келеді. Биылғы қаңтар басында Алматы мен Қазақстанның басқа да аймақтарында көптеген журналистер осындай жағдайға тап келді. Олар кәсіби қызмет борышын орындап, Қазақстандағы мемлекеттік төңкеріске талпыныс әрекеті оқиғасынан хабар таратып, материалдар жазды. 

«Жаңа репортер» редакциясы бір уақ әскери тілшіге айналып, қақтығыс аймағынан хабар тарату барысында көрген, естіген, басынан өткен жағдай психологиялық проблемаға душар еткен журналистерге арналған кәсіби кеңес дайындады. Бұл үшін психолог Элина Беляеваға жүгініп, журналистерге айтар ұсынысын жазып алдық. 

Элина Беляева, Халықаралық транзакт талдау қауымдастығының психотерапия саласындағы транзакт талдаушысы, психология магистрі. Қазір Германияда тұрады. Қазақстаннан Еуропалық транзакт талдау қауымдастығының делегаты
  1. Егер сізге…, онда психолог көмегі қажет.

Төтенше жағдай күнделікті өмір салтын кенеттен бұзып, әкелген қиындықтары ауыр күйзеліске душар етеді. Адамдар мұндай оқиғаға тап келгенде дене табиғи физиологиялық реакциясын білдіріп: үрей, уайым, мұң немесе шарасыздық сезімді бастан кешеді. Сондай-ақ, қимылсыз қатып қалады қалады.

Мұндай түрлі реакцияның физиологиялық себебі де бар. Эволюция дамуымыз бойынша өмірімізге қауіп төнген жағдайда аман қалып, жан сақтауға жаралғанбыз. Сондықтан да қауіп төнсе не қауіп төнгенін ойласақ, денеміз дереу жауап қатады. Бұл — бейсана процесс. Мәселен, жүрек соғысымыз жиілеп, қобалжу, жабырқау не тағы басқа күйге түсеміз. Бұл реакциялар қашуға, алысуға, қарсы тұруға не бір орында қимылсыз қатып қалу сияқты әрекеттерге итермелеп, аман қалуымызға көмектеседі. Көбіне мұндай реакциялар уақыт өте келе өзінен-өзі жоғалады. Бірақ кейбір адамдар күйзелістен тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты ұзақ уақыт арыла алмай, өміріне түрлі ауыр өзгерістер әкелуі мүмкін.

Мұндай күйзеліс тәнді де, жанды де жарақаттайтын оқиғаны басынан өткерген адамда ғана емес, сол оқиғаның куәгерлерінде де болады. Мысалы, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, журналистер, психологтар кәсіби қызмет борышын орындау үшін жанжал ошақтарының бел ортасында жүріп, басқаларға көмектеседі. Психологияда мұны сипаттайтын «куәгер күйзелісі» деген термин бар. 

Миымыз өте дамыған болса да соншалық қарапайым. Ол шын оқиғаны фотосуреттер мен бейнелерге алмастырып, көргені өз басынан өтуі мүмкін, деп ойлайды. 

Егер қандай да бір ойлар, бейнелер үнемі ойыңызға оралып, басыңызды шырмап жатқанын байқасаңыз, не ұйқыңыз бұзылып, тамақтану әдетіңіз өзгерсе, онда маман көмегіне жүгінуді ұсынамын. Психика деген көзге көрінбейді, сондықтан адамдар психологиялық қиындықты мәселеге жатқызбайды, елеп-ескермейді. Алайда күйзеліс эмоциямызға әсер етеді. Эмоция гормоналды жүйемізбен байланысты. Ал гормоналды жүйенің бүкіл тәнімізге, денсаулығымызға ықпалы бар. Сондықтан да үрей туып, байбалам сала бастасаңыз, дереу психологқа барыңыз. Сауатты кәсіби маман болса, күйзелістің бастапқы кезеңінде бірнеше сессия өткізіп-ақ те көмектеседі. 

  1. Өзімізге қалай күтім жасаймыз?

Күйзеліс жағдайында да жұмысты жалғастыру үшін адам тәнін тез қалпына келтіре алуы қажет. Мәселен, Уинстон Черчилльдің жүйке жүйесі қандай стресс жағдайында жұмыс істесе де ұйқысы мен тәбеті бұзылмай, бір жұмыстан екіншісіне оңай ауыса алатын болған. Мұндай қабілет көбіне көп адам генетикасына байланысты. Кейбір адамдардың жүйке жүйесі берік болса, тағы бір адамдар сезімтал келеді. 

Егер күйзеліс сізге қатты әсер етсе, онда адамның өзін өзі қолға алу машығы: «тап қазір осында болу» қабілеті, тән қажеттіліктеріне дереу жауап бере алу, қолда бар ресурсты қолдана білу, көмек сұрау және қолдау сұрау көмектеседі.

Күйзелістен арылу үшін денсаулығыңызға зияны тиетін әдіс-амалдарға бас ұрмау маңызды. Мәселен, тыныштық пен қалыпты ұйқының орнына босаңсу үшін алкоголь ішімдік ішу, түрлі кештерге бару. Сондай-ақ, күйзеліс созылмалы ауруларымызды қоздырады, әрітпестерімізбен не туған-туысымызбен қарым-қатынасқа селкеу түсіп, психологиялық қиындықтарға ұласады. 

Адам денесінде мұндай қиындықтарды еңсеруге көмектесетін ғажайып саңылаулар бар. Бұл — біздің тыныс алуымыз. Рух, жан, тыныстау деген үштік бекер айтылмаған. Тыныс алу симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесімен бір мезгілде басқарылатын жалғыз нәрсе. Симпатикалық жүйке жүйесі ерік-жігерімізге байланысты болса, парасимпатикалық жүйке жүйесі біздің қалауымызбен келіспей орындалады. Жүрегіміз соғады, көз қарашығымыз кеңейіп, гормондар бөлінеді және тыныстаймыз. Жүрек соғысы мен гормондар бөлінуін басқара алмаймыз, ал тыныс алуды басқаруымызға болады. Бұл өзін-өзі реттеу мен тұрақтыққа жетудің төте жолы. 

Қазір ерніңіздегі ауа қозғалысын сезіну үшін тынысыңызға назар аударыңыз. Терең тыныс алып, баяу дем шығарыңыз. Бұл қарапайым жаттығу тәніңіздің күйзелісті игеріп, миыңыз сіз бен оқиғаның айырмасын тануына көмектеседі. Бұл — бірінші амал.

Негізгі ұсынысым: өміріңіз бен денсаулығыңыз ең қымбат, ең құнды екенін түсіну керек. Ішкі жан-дүниеңіз қабылдайтын және айналыңызды қоршаған кез келген ақпарат күйзелісті күшейтеді немесе керісінше тынышталдырып, тұрақтандырады. Мінеки, сондықтан да күйзеліске қарсы тепе-тең амал жасау керек:

  • Көбірек қозғалыс: спорт, жүру;
  • Дұрыс ұйқы: ұйықтап қалу үшін ауыр көрпе жауып, бөлмені желдетуге болады;
  • Сапалы тағам: күнделікті тұтынатын ақуыз, дәрумен мөлшерін қадағалау;
  • Жақындармен қарым-қатынас: жақын адамыңыздың дауысы тыныштандырады, құшақтағаны көмектеседі, эмоциноалды қолдау маңызды, өйткені күйзеліс оңай тимейді.

Күйзелісті жеңіп, қалыпты өмірге оралудың басты негізі — басқа адамдармен бірігу. Жүзбе жүз қарым-қатынас, қолдау, дауыс маңызды. Сондықтан да көмек сұрап, басқа адамдармен бірге болып, маман көмегіне жүгіну керек. Қазір психолог-волонтерлер, әріптес психотерапевттер және түрлі көмек ұсыну қызметтері бар. 

  1. Күйзеліс кезінде оқуға ұсынатын нұсқаулық

Төтенше жағдай кезінде жүріс-тұрыс бойынша толық нұсқаулық. ДДСҰ мамандары дайындаған. 

Майндфулнес тәжірибесін қолданып, үрейді басқару.

Тоқаев кездесуі, «омикрон» және «Жеке тұлға банкроттығы»: 17-23 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

17-23 қаңтар аралығында эфирге шыққан апталық сараптамалық бағдарламаларға ортақ тақырып – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлермен кездесуінде жасаған мәлімдемелері. «Жеті күн» бұл жиыннан бір сюжет жасаса, «Айна» бағдарламасы президенттің осы жиында сөйлеген сөздерін бірнеше сюжетке арқау етіпті. Сондай-ақ, «Жеті күн» және «Айна» бағдарламалары қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ерекше көзге түскен күштік құрылым қызметкерлеріне сюжет арнаған. «Жеті күн» Еуропалық Парламенттің Қазақстанға қатысты қарарына тоқталса, «Айна» бағдарламасында атаулы әлеуметтік көмек алудың жолдары айтылды. Ал Apta студияда ҚР ҰҚК құрметті қызметкері, генерал-майор Ержан Исақұловпен күштік құрылымдардың басшылық қызметтеріне кадр тағайындау жөнінде сұхбат өрбіткен. Айта кетейік, «Жеті күн» 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған үндеуінен үзінді келтіріп, ҚР Тұңғыш президенті туралы Конституциялық заңға мәжіліс түзетулер енгізгенін айтты. Ал «Айна» және Apta бағдарламалары бұл туралы ештеңе айтпай, елеусіз қалдырды.

«Жеті күн», «Хабар» 

Бағдарламаны Жігер Сәрсен әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы гуманистік ойымен бастап, бірден Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қаңтар күнгі туитіне көшті. Жүргізуші президенттің кәсіпкерлермен кездесуінде қойған басты міндеттерін тізіп, осы жиыннан сюжет жасаған Гүлжан Мархабаеваға кезек берді. 

Автор осы жиынға қатысқан кәсіпкерлерді «Қазақстан экономикасының алыптары» деп атады. Сюжетте президенттің салықтан жалтару, әлеуметтік теңсіздік, «Самұрық-Қазына», мемлекеттік сатып алулар, ЖОО-да маман даярлау туралы мәлімдемелері мен басқа да ұсыныстарынан үзінді берілді. Сондай-ақ, жүк тасымалы, қаңтар басындағы оқиғадан кейін ірі бизнеске мемлекет тарапынан көмек берілмеуі, колледждерді сенімгерлік басқаруға алудың проблемаларына қатысты кәсіпкерлердің айтқан ұсыныс-уәждері де бар. 10 минутқа созылған материалда тілші кездесудің мазмұнын толық қамтуға тырысқан. Жиында негізінен орыс тілінде сөйлеген Мемлекет басшысының сөздері қазақшаға аударылыпты. Сарапшылар пікірі жоқ.

Өткен аптада президент Қ.Тоқаев Қорғаныс министрін ауыстырып, сала басшыларымен арнайы жиын өткізді. Онда Мемлекет басшысы осы саладағы  олқылықтарды атап көрсетіп, бірқатар тапсырма берді. Жігер Сәрсен аталмыш жиын туралы кадрде тұрып әңгімелеп, президент сөзінен цитаталар келтірді, жеке сюжет жасалмады. Бұдан соң жүргізуші президенттің жекелеген орган басшыларымен өткізген кеңесіне тоқталды. Жиынға қатысқан ІІМ, Қорғаныс министрі, ҰҚК төрағасы, Бас прокурордың  президентке берген есебінен үзінді келтіріліп, президенттің жиында сөйлеген сөзі графикамен берілді. 

Өткен аптада Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеевпен телефон арқылы сөйлесті, бұл туралы қысқаша ақпарат беріп өткен Жігер Сәрсен Елбасы мәлімдемесін де ұмыт қалдырмады. 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған мәлімдемесі elbasy.kz сайтында жарияланды. «Жеті күн» бағдарламасын Н.Назарбаевтың сөзінен үзінді берді. Жүргізуші ҚР Тұңғыш президенті туралы Конституциялық заңға мәжіліс түзетулер енгізгенін айтты. Депутат Снежанна Имашева бұл түзетулердің мән-жайы туралы пікір білдірген.

«Омикрон төрткүл дүниені тығырыққа тіреді. Вирус жұқтырғандар саны секунд сайын көбейіп жатыр. Мәселен, бір ғана Жапонияда бір күнде 8000 адам ауырған». «Covid-19: Омикрон» аталатын сюжетке жүргізуші осындай алғысөз айтты. Ал сюжетте Үкімет отырысындағы Ажар Ғинияттың есебі, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен онлайн баспасөз маслихатында Ералы Тоғжановтың вакцинация және аурудың өршігені туралы сөйлеген сөзі берілді. Дәрігерлер пікір білдірген, ДДСҰ ұйымы басшысының омикрон штамы жайлы мәлімдемесі де бар.  

«Алматы трагедиясы». Қаңтар басындағы тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен қала туралы сюжетті Ұлан Нарымбек әзірлепті. Оқ тиіп, жарақат алған кейіпкерлердің жағдайы, куәгерлердің әңгімесі, зардап шеккен кәсіпкерлердің жай-күйі туралы мәселені топтастырған сюжет. Алматы әкімдігінің зардап шеккен кәсіпкерлерге көрсететін көмегі жайында да ақпарат бар. Тілші «трагедия» деп сипаттаған оқиғаның мәніне үңілуге емес, салдары туралы баяндауға басымдық берген.   

Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Парламенттің еліміздегі жағдайға байланысты қабылдаған Қарарына қатысты мәлімдеме жасады. «Жеті күн» осы мәлімдемеден үзінді беріп, СІМ бұл қарарды бір жақты деп бағалағанын айтты, Парламент депутаттары пікір білдірген. Осы ретте «Жеті күн»  авторлары бұл қарарға қатысты «әділ пікір білдірді» деп Еуропалық Парламентке мүше депутаттардың да пікірін берді. Өткен аптада ОБСЕ қабырғасында Сыртқы Істер министрі Мұхтар Тілеуберді елдегі жағдай бойынша баяндама жасады. «Жеті күн» Сыртқы істер министрінің осы жиын жайлы пікірін ұсынды. Осылайша бұл топтама КСМ+СНХ форматында баяндалды. Алайда, Қазақстандағы адам құқығының қорғалуы, геосаяси мәселелер, Еуропалық Парламент мәлімдемесі, мұның барлығы да сауатты саяси талдауды қажет ететін тақырып. «Жеті күн» жағдайды жалаң баяндаумен шектелгені өкінішті. 

«Жақсы адамдардың жақсылығы» туралы Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет антына адал ақтөбелік сарбаздың көпшілікті «тамсандырғанынан» басталды. Тілші қаңтардағы дүрбелеңде игілікті іс жасаған «Ізгі жандар» туралы баяндады. «Қарусыз шықққан құқық қорғаушылар мен әскерилерді соққыға жығып, аяусыз жаншып жатқанда, киімін шешіп беріп жатқан арудың ісі жанашырлық емей немене?» дейді автор. Ал видеода әскери формасын азаматтық киімге ауыстырып жатқан ер адам көрсетілген. Әлеуметтік желіде тараған бұл видеодағы сарбаздың әрекетіне құқық қорғау саласының мамандары баға бергені дұрыс.

Сондай-ақ, «Аймақтың әлеуеті» деген атаумен Ақмола облысының  қазіргі әлеуметтік-экономикалық жай-күйі баяндалған сюжет берілді. Бағдарлама соңында көрсетілген «Отандық автоөндіріс» сюжеті осы саладағы жетістіктерді баяндауды мақсат тұтқандай. 

«Жеті күн» Мемлекет басшысының Бейжің олимпиадасына баратын Ұлттық құрама спортшыларымен кездескенін айтып, президент сөзінен үзінді беріп, аяқталды. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Соңғы отыз жыл он саусағын бір өзі сорып отырған дәулеттілердің дәурені болды».  «Айна» бағдарламасының алғысөзін осылай бастаған Ғалым Кәлмен кәсіпкерлерді «меценат дейміз, бірақ олар «Шықбермес Шығайбай» екен деп сипаттай келе, бизнесмендер Тоқаевтың сөзінен «шок» алған болуы мүмкін деп қайырды. 

«Байлық: бақ па, сор ма?» аталатын сюжет президенттің кәсіпкерлермен кездесуіне арналды. Мемлекет басшының сөздерін орыс тілінен аудармасыз берген сюжетте сарапшы пікірі жоқ. Автор Берік Байғара президенттің бұл кездесудегі мәлімдемелеріне өзі түсініктеме беріп отырды.  

Жүргізуші «Трайбализмге қарсы орган құру керек» деді, мұнысын президенттің «халықтың жартысынан көбінің айлық табысы 50 мың теңге» деген сөзімен байланыстырды. Берік Дүйсенбай әзірлеген келесі сюжет «50 мыңмен ел көгере ме?» деп аталады. Онда президенттің жоғарыда аталған жиындағы «50 мың теңге жайлы» мәлімдемесі берілді. Халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында Үкіметтің қай бағытта жұмыс істейтіні туралы мәлімет берілді. Елдің әлеуметтік жағдайын қалай көтеруге болады деген кішігірім сауалнама алыныпты. 

«Халықтың қоры». «Айна» бағдарламасы «Қазақстан халқына» қоры туралы  алдыңғы аптадағы шығарылымында да сюжет ұсынды. Бағдарлама авторларының бұл тақырыпты қайта көтеруіне президенттің кәсіпкерлермен кездесуіндегі қор туралы айтқаны ықпал етсе керек. Сюжетте осы жиындағы президент сөзінен тағы үзінді берілді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» ӘҚ төрағасы Болат Жәмішев қордың жұмысын ұйымдастыру мен оған қаражат кімнен түсуі керек екеніне қатысты кейбір мәселелерге жауап берген.. 

«Асыра сілтеу болмасын». Алматыдағы тәртіпсіздіктерден зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу туралы мәселе көтерілген сюжет осылай аталады. Сюжетте зардап шеккен кәсіпкер жағдайын баяндайды. Алматы әкімдігі мен «Атамекен» ҰҚП өкілдері залалды өтеу тетіктері  туралы айтады. Сондай-ақ тілші пандемия кезінде Ұлттық қордан қанша қаржы алынғаны жайлы мәлімет келтірді. Президенттің бизнестен бюджетке түсетін түсімнің азайғаны және шектеу шараларының бизнеске келтірген зардабы  туралы сөздерінен үзінді берді. 

«Кәсібі бардың өзі тәжтажалдың тепкінімен тиын-тебенінен айырылып, тұншығып жатса, табысы жоқ бұратана халық қарманарға тал таппай қаңғып кетпей ме?» дейді Ғалым Кәлмен. Мұнда «келімсек, кірме» деген мағына беретін «бұратана» сөзі орынсыз қолданылған. Жүргізуші қаңтар оқиғасына қатысты «әлеуметтік теңсіздік бітеу жараның бетін жарып шықты» деп баға берген соң, «Бітеу жара» аталатын сюжетте Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде негізінен азық-түлік дүкендері тоналғаны айтылады. Әлеуметтанушы, психолог мамандар осы оқиғаға қатысты пікір білдірген.  Жүргізушінің алғысөзде «бұратана» сөзін қолдану себебін сонда барып түсіндік. Сюжет авторы Алматыға еліміздің түкпір-түкпірінен күнкөріс қамымен келген тұрғындарды меңзепті. Алайда, өз елінде тұратын ешбір адам «келімсек» бола алмайтынын ескермесе керек. 

«Айнаның» екінші жүргізушісі Гүлнәзия Жалғасқызы «атаулы әлеуметтік көмек» туралы сөз қозғады: студия қонағы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысымен осы атаулы көмекті алудың жолдарын талқылады.

«Омикрон келіп әлек салды» сюжетінде елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндалды. «Бейбіт күннің батырлары» «Айна» авторлары да «Жеті күн» секілді қаңтар дүрбелеңінде көзге түскен жандарға сюжет арнауды жөн көріпті. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлермен кездесуінен басталды. Ал сюжет президенттің айтқан сөздерінің мазмұнын қайталаған кадр сыртындағы мәтіндерден құралыпты. Материалдың елең еткізген тұсы – екі кәсіпкердің президентке бизнестің проблемаларын айтқан сәті болды. Жұрт пікірін сұрап, сауалнама да алған екен, бірақ тақырыпты ашу апталық қорытынды бағдарламаға лайық сараптама деңгейіне тартпады. 

Президент апта ішінде кімдерді қабылдап, қандай кездесулер өткізгеніне қысқаша шолудан кейін ҚР Қорғаныс министрі тағайындалғанын хабарлады. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасының қамауға алынғанын (шын мәнінде, бұл жаңалық емес) және бірнеше орынбасары қызметінен босатылып, кейбірі тұтқындалғанын хабарлады. Бәріне мәлім ақпаратты қайталау бекер емес екен. Бұл «Apta қонағы» айдарының алғысөзі боп шықты. Студияға ҚР ҰҚК құрметті қызметкері, генерал-майор Ержан Исақұлов келіп, күштік құрылымдардың басшылық қызметтеріне кадр тағайындау жөнінде сұхбат өрбіді.  

Экология министрлігінің хабарламасы арқылы утилизациялық алым тақырыбын көтеріп, депутат Үкіметке ауыл шаруашылығы техникасына алымды азайту бойынша депутаттық сауал жолдағанын айтты. Содан кейін сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңге екенін мәлімдеп, «Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?» деп таңданғанын хабарлады. Оның сөзін әлеуметтанушының пікірімен толықтырды.

Бағдарламаның екінші сюжеті «Жеке тұлға банкроттығы» туралы заңға арналды. Ұзақ, түсіндірмелі сюжетте депутат, экономист, қаржыгер, заңгер сөйледі. Олар бұл қандай заң, не үшін қажет, неліктен әлі күнге дейін қабылданбағанын айттыы. Айтпақшы, тілші стендапында «Жеке тұлға банкроттығы туралы заң әзірлеуді бұрынғы президент 2014, 2015 және 2018 жылдары тапсырған» деп, бұрынғы президенттің есімін атамады.

Қаңтар трагедиясында қаза тапқан, жараланған, жазықсыз, заңсыз қамалғандар туралы сюжетте кейіркерлер хикаясы бар. Сюжетте күштік құрылымдар тарапынан жасалған зорлық-зомбылық хабарлары туралы айтылды, бірақ азаптауға ұшыраған кейіпкерлерді сөйлетпеді.

Бағдарлама ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері мұндағы жәдігерлерді мародерлерден қалай сақтап қалғаны және әскери курсанттарды жертөлеге жасырғаны туралы сюжетпен түйінделді.  

Apta бұл шығарылымында Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі аптада шыққан үндеу видеосы жөнінде ештеңе айтпай, елеусіз қалдырды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Internews Павлодар облысында Медиасауат үйін құруға байқау жариялады 

Қоғамдық ұйымдар, медиа және білім беру ұйымдары мен қауымдастықтарды Павлодар облысында Медиасауат үйін құру байқауына қатысуға шақырамыз. 

Медиасауат үйінің міндеттері:

  • Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы тұрғындарының медиа-ақпарат және цифрлы сауатын дамыту бойынша іс-шараларды тұрақты өткізу;
  • Іс-шаралар жиілігі кез келген форматта, эпидемиологиялық ахуалға байланысты айына кемі екі рет болуы керек;
  • Медиасауат үйінің мақсатты аудиториясы — барлық жастағы тұрғындар.

Медиа-ақпарат және цифрлы сауат дамыту бойынша түрлі іс-шаралар өткізу тәжірибесі 2 жылдан асатын өтініш берушілер басымдыққа ие болады. 

Байқауға қатысу үшін онлайн-өтінішті 2022 жылғы 29 қаңтар, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 24:00-ге дейін толтырып, жіберіңіз. 

Internews өкілдері 2022 жылғы 30 қаңтарға дейін өтініштерді қарап, байқау нәтижесі туралы хабарды барлық өтініш берушінің электронды поштасына 2022 жылғы 31 қаңтардан кешіктірмей жібереді.

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «Медиасауат үйі бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

«DOC формат»: Internews өкілдігі деректі фильм өндірісіне байқау жариялады

Орталық Азиядағы Internews өкілдігі деректі фильм түсіруді қаржылай қолдауға арналған «DOC формат» байқауын жариялады.

Төрт жылдан бері контент өндірісіне қолдау көрсетеміз және байқасаңыз: деректі фильм форматына қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Байқауларға келіп түскен өтініштердің көбі, яғни әр елден жүзден астам өтініш видеоконтент жасау идеясын ұсынады. Авторлардың көбі деректі фильм түсіргісі келеді.

Биыл қазақ, тәжік, өзбек және/немесе орыс тілдерінде түрлі қоғамдық тақырыптарда деректі фильм түсіруді қолдау үшін «DOC формат» деген бөлек байқау өткіземіз.

«DOC формат» байқауына мемлекеттік емес медиа (онлайн басылымдар, сайты бар газет-журналдар, телерадиокомпаниялар), продакшен-студиялар, тәуелсіз авторлар тобы және Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан документалистері қатыса алады.

Негізгі критерий — түсірілетін фильмнің пысықталған идеясы болуы керек. Өтініш толтырғанда идеяңызды қысқа да нұсқа жазыңыз. Тизері, синопсисі немесе сценарий жоспары, құрал-жабдық, деректі фильм не көлемді видеорепортаж жасау тәжірибесінің болуы басымдық береді.

Назар аударыңыз! Деректі фильмнен басқа форматтағы, мейлі ол видеоформат болса, контент жасау идеялары қабылданбайды. Бұл байқау жұмыс істеп келе жатқан медиа және кәсіби авторларға арналған. Жұмысын енді бастаған командаларға (мұндай жоба жасау бойынша бір жылдық тәжірибесі жоқ) «Шағын грант» байқауына қатысып, шамасын байқап көруді ұсынамыз. «Шағын грант» байқауы 2022 жылғы ақпанда басталады.

Қазақстан мен Тәжікстаннан өтініш берушілердің заңды тұлға (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе басқа) нысаны болуы міндетті. Өзбекстаннан жеке тұлғалар да өтініш бере алады.

Internews қолдауын алсаңыз, идеядан бастап контент жариялауға дейін созылатын тұтас процессті жоба деп атаймыз. «DOC формат» аясындағы жобаны орындау мерзімі 6 айдан 12 айға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде дайын фильмді онлайн-платформада жариялап, эфирден беріп не басқа да платформада көрерменге көрсету міндетті.

«DOC формат» аясында бір жоба мына сомаға дейін қаржылай қолдау ала алады:

  • Қазақстанда 10 миллион теңгеге дейін,
  • Тәжікстанда 16 600 долларға дейін,
  • Өзбекстанда 5 000 долларға дейін.

Мәлімделген бюджет нақты және негізделген болуы керек.

«DOC формат» байқауы төрт кезеңнен тұрады:

1 тур — идеялар ұсыну

Байқауға қатысу үшін онлайн-өтінішті толтырыңыз (Gmail поштаңыз болуы керек):
Идеяңызды, кейіпкерлерді, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын, мақсатты аудиторияңызды сипаттап, бюджет жоспарын тіркеңіз (бюджет жоспарының үлгісін мына сілтемеге өтіп, жүктеп алуға болады, бұл сілтеме сауалнаманың ішінде де бар).

Жобаңызды конкурсқа жіберу үшін 2022 жылғы 10 ақпан, сағат 23:59-ға дейін онлайн өтінішті толтыру қажет.

2 тур — техникалық іріктеу

Келіп түскен өтініштерді Internews ұжымы техникалық іріктеуден өткізеді. Әр жоба байқаудың критерийлеріне сай қаралады. Ең қызық әрі жақсы пысықталған идеялар келесі кезеңге өтеді. Қысқа тізім ақпанның ортасына қарай дайын болады.

Ескерту: Қысқа тізімге өткен идея авторлары Internews ұйымдастыратын Деректі кино-2022 мектебінің ерікті тыңдаушылары бола алады.

3 тур — идеяларды таныстыру (питчинг) және қазылар алқасының таңдауы

Іріктелген жоба авторлары арнайы онлайн питчинг-сессияға шақырылады (шамамен 2022 жылғы ақпан соңы мен наурыз басында өтеді). Идеясын кез келген формада таныстыруына 10-15 минут уақыт беріледі.

Оларды тәуелсіз медиа-сарапшылар, документалистер, Деректі кино мектебінің тренерлері мен Internews қызметкерлерінен жасақталған арнайы байқау комиссиясы тыңдайды. Презентациядан кейін комиссия мүшелері нақтылау сұрақтарын қоюы мүмкін, жоба идеясын жақсартатын ұсыныстар айта алады. Байқау комиссиясы қандай да бір шығындарды негізсіз деп тапса, бюджетін қайта пысықтауды ұсынуы мүмкін.

Питчинг-сессияға Деректі кино мектебінде оқитындар да қатысады. Оларға бір орын квота қарастырылған. «DOC формат» байқауында әр елден кемі үш жобаға көрсетуді жоспарлап отырмыз.

4 тур — жобаларды пысықтау және қолдау

Байқау жеңімпаздарының есімі 2022 жылғы наурызда жарияланады. Содан кейін проект авторларына жобаны пысықтап, бюджетін жасап және қажет құжаттарын ресімдеуге 2 апта уақыт беріледі.

Маңызды қосымша ақпарат: «DOC формат» жобалары есептілік өткізеді. Қалай есеп тапсыруды идеясы қысқа тізімге ілінген өтініш берушілерге егжей-тегжейлі түсіндіреміз.

Internews контент өндірісін неліктен қаржыландырады? Медиа заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны қатыстыра отырып, ел өмірінің ең өзекті қырларын, мәселелері, жетістіктері мен кейіпкерлері туралы кәсіби тұрғыда әңгімелегенін, баяндағанын қалаймыз. Сондықтан да контент өндірісіне төрт жылдан бері қолдау көрсетіп келеміз. Осы уақыт ішінде медиа, редакциялар, блогерлер, тәуелсіз журналистер 173 жоба жасады. Бұл дегеніңіз — 4000-нан астам материал (мақалалар, лонгридтер, подкасттар, уеб-сериалдар, деректі фильмдер және т. б.). Ал материалдардың жалпы қаралым, көрілім, тыңдалым, оқылым саны 40 миллионнан асты.

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «»DOC формат» байқауы бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Медиасауат эдьютонының назарында: кино, жарнама, ойындар және контент жасау

Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жыл сайын өтетін Медиасауат эдьютонына аймақта медиа және ақпарат сауаты бойынша жаңа жобалар жасайтын мықты сарапшылар жиналады. Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген қатысушылар 7 ақпаннан 12 ақпанға дейін, яғни бес күн медиасауат танытудың креатив формаларын зерттеп, жобасын дайындайды. 

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Эстония мен Ресей сарапшылары киносауат, жарнама тілі, ойындар, сондай-ақ креатив әрі пайдалы контент жасау жөнінде әңгімелейді. Бұдан бөлек, сын сағатта медиасауат қандай мән-маңызға ие екенін талқылайтын панелді дискуссия болады. 

Эдьютонға медиасауат дамытуды қаржылай қолдау байқауынан іріктелген өтініш авторлары қатыса алады. Барлығы 30 орын бар: Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстанның әрқайсысынан 10 қатысушы шақырылады. Қатысушылар жаңаша білім алып, жобасын толықтырып, жетілдіреді. Үздік жобалар қаржылай қолдауға ие болады. 

Эдьютон орыс тілінде онлайн өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Сабақтар 7 ақпаннан 12 ақпанға дейін күн сайын күндізгі уақытта болады. 

Эдьютон 2022 тренерлері мен тәлімгерлерінің тізімі:

  • Киносауат сарапшысы, «Кино как универсальный язык», «125 лет кинодраматургии» кітаптарының авторы Камилл Ахметов (Ресей).
  • Тарту университетінің жарнама зерттеушісі Александра Милякина (Эстония).
  • Nuqtainazar.uz сайтының бас редакторы, «Эдьютон 2021» жеңімпазы Тимур Юлдашев (Өзбекстан).
  • медиаконсультант, «Медиаграмотность для журналистов» оқулығының авторы Дильфуза Мырзахмедова (Өзбекстан).
  • журналист, медиасауат тренері, «Медиаджунгли» электронды кітабының авторы Татьяна Голубцова (Қазақстан).
  • UNICEF-Тәжікстанның коммуникация жөніндегі менеджері Рустам Гулов (Тәжікстан).
  • IROKEZ it-компаниясының атқарушы директоры Арсен Абдрахманов (Қырғызстан).
  • Қазақстандағы Internews өкілдігінің медиа жөніндегі маманы Баубек Сағындық (Қазақстан).

Медиасауат мәселесіне бей-жай қарамайтындарға MediaCAMP ашық сессиялар өткізеді. Тақырыпқа қызығушылардың бәрі қатыса алады. Ашық сессиялар Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасынан трансляцияланады. Жақында ашық сессиялардың уақыт кестесі мен тақырыптарын жариялаймыз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

«Жаңа Қазақстан», президенттің Алматыға сапары, ҰҚШҰ әскері: 10 – 16 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн», «Айна» бағдарламалары негізінен Президенттің Мәжілістің кеңейтілген отырысында жасаған мәлімдесіне және Алматыға жасаған сапарына, Үкіметтің жаңа құрамына тоқталған. Елдегі саяси жүйенің ауысуы, бейбіт шерумен басталып, елді дүр сілкіндерген дүрбелеңді кімдер ұйымдастырды деген көпшілік талқылауындағы басты сұраққа жауап іздемепті. Ал Apta «Қазақстан халқына» қоры, салықтар, кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық туралы мәселе көтерген. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар утилизациялық алым мәселесіне тоқталып, сарапшылардан пікір сұрапты. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» биылғы алғашқы санында бағдарлама жүргізушісі ауысқан. Дархан Әбдіуахиттің орнына жаңалықтар топтамасының дикторы Жігер Сәрсен эфирге шықты. Бұл уақытша өзгеріс пе, ол жағы беймәлім. 

Өткен аптада елде Үкімет құрамы өзгергенін айтып, сөз бастаған жүргізуші Гүлжан Мархабаева  әзірлеген сюжетке кезек берді. Тілші 11 қаңтар күні Мәжілістің жалпы отырысында Президент жасаған мәлімдемеге сүйене отырып, 10 минутқа жуық репортаж әзірлеген. Негізінен Мемлекет басшысының сөзінен үзінді берілген сюжетте сарапшылар пікірі де бар. Сондай-ақ, қаңтардың алғашқы күндері елде болған дүрбелеңді «Қаһарлы қаңтардағы қаралы оқиға» деп атап, осы сюжетте аталмыш оқиғаға қатысты әлеуметтанушының пікірін қосып, қысқа қайырыпты. 

Екінші сюжетте Алматыдағы дүрбелең туралы сөз қозғалды. Оның өзі Президенттің Алматыдағы сапарымен орайластырылған. Сәкен Сейітханұлы жасаған репортажда Мемлекет басшысының Алматыда жедел штаб отырысын өткізгені, зардап шеккен әскерилердің халін сұрап, Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына барғаны баяндалды. Тілші «Алматы ең үлкен трагедияны бастан кешірді» дегенімен, бұл сюжет бірнеше күн дүрбелең, тағы бірнеше күн антитеррорлық операция болған қала жайында емес секілді. Президент тапсырмаларына, осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының атына келіп түскен жедел хаттарға мән берілген сюжетте сараптамадан гөрі баяндау басым. 

10 қаңтар елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. «Жеті күн» осыған орай жеке сюжет әзірлеген, мұнда да Президенттің Алматыға сапарын тілге тиек еткен. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүлік кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары мен әскерилердің жақындарымен жүздескенін айтып, сондай-ақ, қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлері туралы мәлімет беріпті. 

Өткен аптада онлайн форматта Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы мемлекет басшыларының жиыны өтті. Осы жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, елдегі қаңтар оқиғасының біршама толық картинасын ашып берген еді. «Жеті күн» Прзиденттің осы сөздерінен үзінді келтіре отырып, әлеуметтік желілерде кең тараған видеоларды көрсетті, елдегі дүрбелең туралы баяндады. 

«Жаңа бастамалар» аталатын келесі сюжет «Елімізді ауқымды реформалар күтіп тұр» деп басталды. Бұл материал да Президенттің Мәжілістің кеңейтілген отырысында жасаған мәлімдемесіне арналды. Сарапшылар Мемлекет басшысының сөздерін талдап, түсініктеме берген. «Ел болып жұмылып «Жаңа Қазақстанды» бірге құруымыз қажет» екенін ескерте сөзін аяқтаған Ерболат Жаңабергеннің сюжеті әдеттегі «жолдауды қолдау» стилінде болды. Журналист саясаттанушы, экономист, кәсіпкер, Мәслихат депутаты секілді сарапшылардың пікірі арқылы Президент мәлімдемесінің қаншалықты өзекті екенін айтады.

Мемлекет басшысы шетелден әкелінетін көліктер үшін төленетін кәдеге жарату алымы туралы мәселе көтерді. «Жеті күн» бұл мәселені талдауға жеке сюжет арнапты. Тілші сюжетін «Президенттің еститін мемлекет тұжырымдамасы өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді» деп бастады. Қ.Тоқаев Үкіметке осы алымды жинаумен айналысатын «Оператор РОП» ЖШС жұмысын тоқтатуды тапсырды. Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы, экологтар қауымдастығының өкілі, экономист сарапшылар және Экология министрі берген ақпарат топтастырыла отырып, талдау жасалыпты. Алымның маңызы, көлемі, қайда жұмсалуы тиіс екені туралы сарапшылар жан-жақты пікір білдірген толымды сюжет болды. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы да жаңа жүргізушімен эфирге шықты. Ғалым Кәлмен алғысөзін «Президент сайлауында халық болып таңдап алған тұлғамыз Тоқаев, кешегі қаңтар қасіретінде қаймана жұртын адастырмай алып шықты. Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімдері үрейленген жұрттың үмітін оятты» деп бастады, Президенттің ескі үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа үкімет құрамын жасақтағанын баяндады.

Ғалым Кәлменнің пікірінше, жаңа үкімет құрамында «елді мезі қылған кадрлар емес… өз саласында ысылған мамандар жасақталыпты». Жүргізушінің айтуынша, мұны әлеуметтік желідегі пікірлерден аңғаруға болады. Ескере кету керек, Үкіметке сырттан кадр тартылған жоқ, жаңа 5 министр бар. «Айна» ұжымы сарапшылар пікіріне сүйене отырып, дәл осылай қорытынды жасаса, ешбір талас тумас еді. Жаңа үкіметтің ендігі жұмыс тәсіліне қатысты Президенттің сөзінен үзінді берумен аяқталған бұл алғысөз «Үміттің үкіметі» аталатын сюжетпен жалғасты. 

Берік Дүйсембай сарапшыларды сөзге тартып, жаңа Үкіметтің алдағы міндетіне талдау жасады. Үкіметке өз жұмысын көрсетуге 6 ай уақыт берілгенін еске салды. Жаңа 5 министр туралы қысқаша ақпарат беріп өтті. Ықшамды да түсінікті сюжет әзірленіпті. 

Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді: әкімдер мен депутаттардың жалақысын көтеруге 5 жылға мораторий жариялау, шет елдерге аударылып жатқан қаражатқа тосқауыл қою, утилалымды қысқарту, онымен айналысатын «Оператор РОП» ЖШС жабу, бір сөзбен айтқанда, «жөнсіз шығындарды қысқарту». Олжас Сайлаубекұлы әзірлеген келесі сюжетте бірқатар сарапшы, Мәжіліс депутаты осы мәселелерге қатысты пікір білдірген. Шет елдерге аударылып жатқан қаражаттың көлемі, елде орта тап қалыптаспағаны, тіпті халықтың қаржылық сауатының төмендігі, көп несие алатыны туралы айтылды. 

Берік Байғара Президент бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры туралы «Қарашаға арналған қор» атты материал ұсынды. Сюжет туабітті сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан сәби туралы әңгімелеуден басталды, онда анасы баласының жағдайын баяндайды. Сәбидің жүзін ашық көрсеткен, әлеуметтік жауапкершілік сақталмаған. Сондай-ақ, сюжетте аталған қордың қаражаты қалай жинақталады, қайда жұмсалады, одан кімдер көмек алады, қор жұмысы қалай қағаланады, кім басқарады деген мәселе көтерілген.  

«Айна» бағдарламасының тағы бір жаңа жүргізушісі Гүлнәзия Жалғасқызы жаңа жылдағы айлық есептік көрсеткішпен бірге өзгерген әлеуметтік жәрдемақыларды тізіп шықты. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты құжатын уақтылы рәсімдей алмаған жағдайда не істеу керегін, автоматты түрде ұзартылатын жәрдемақы түрлерін және жәрдемақыға қатысты өзге де сұрақтарға жауап беріпті. Студияға көрермендер телефон арқылы хабарласып, сұрақтарын қойып жатты. 

«Гумилев атындағы Гарвард, әл-Фараби атындағы Оксфорд университеті». Президенттің елімізде жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу туралы идеясына қатысты сюжетін тілші осылай бастады. Журналист «Өнер білім бар жұрттар» аталатын материалында еліміздің қай өңірінде шетелдік жетекші университеттердің филиалы ашылуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеген. БҒМ, ЖОО өкілдерінің пікірі бар. 

«Қарулы күштердегі реформа» атты материалда Президенттің осы саладағы тапсырмалары талданды. ҰҚШҰ әскерлерінің тұңғыш рет ұйымға мүше елдерге көмек көрсеткені де осы сюжетте айтылды. 

Алматыда болған жаппай тәртіпсіздік салдарынан қалаға келген залал көлемі, Президенттің Алматыға сапары, бүлінген ғимараттардың қазіргі көрінісі, қаладан қанша қоқыс шығарылып, Алматы әкімдігін қалпына келтіруге қаншама жұмысшы тартылғаны туралы толыққанды баяндалған сюжет «Бүгінгі Алматы» аталыпты

Ал «Қаңтар қаһармандары» дейтін сюжетте тәртіпсіздіктер кезінде қайтыс болған полицейлер мен әскерилердің есімі аталды. Тілші марқұм болған күштік құрылым өкілдерінің туыстарынан, жақындарынан, достарынан сұхбат алған. 

«Айнаның» соңғы сюжетінде Covid-19 вирусының Омикрон штаммына байланысты елдегі эпидемиологиялық жағдай, вакцинация қарқыны, ДДСҰ басшысының ескертуі туралы айтылды.   

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн» деген туитінен басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек «Жаңа Қазақстанды ескі ережелермен құра алмаймыз» деп, тексеріс кезіндегі заңсыз әрекеттер, іс-түссіз жоғалғандар, азаматтарды ұрып-соғу, әділ тергеу жүргізу туралы айтты. Экранда полицейлердің заңсыз іс-әрекетіне байланысты шағым жасау үшін хабарласуға болатын телефон нөмірлерін көрсетті. 

Президент күштік құрылым басшыларымен кеңес өткізді. Бас прокуратура тәртіпсіздік кезінде қаза тапқандар санын жариялады – 225 адам.

Қайрат Шәріпбаев пен Диман Досанов сәйкесінше QazaqGaz және «Қазтрансойл» компанияларының басшылығы қызметінен кетті. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі хабарлады. Алайда бұл екі азаматтың ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа кім боп келетіні айтылмады. 

Бұрынғы Энергетика вице-министрі Жұмабек Қарағаев және Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының негізсіз өсуіне қатысы бар делінетін лауазымды тұлғалар тұтқындалды. 

Содан кейін Парламент мәжілісінің отырысына ойысып, премьер-министр тағайындалғанын хабарлап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отырыста сөйлеген сөзінен үзінді берді. Жұртшылықтан азық-түлік пен жанар-жағармайдың қымбаттауы, мардымсыз жалақы туралы сұрап, қиын жағдайда қалған адамдардың өмірін көрсетті. 

Президент сөзінде «Қорғас» кеден бекетіндегі ахуалды да айтты. Осыған орай дайындалған сюжетте тілші президент айтқан «Қорғас» кеден бекеті, Қазақстан даму банкі, «Самұрық-Қазына» жұмысы, аймақтық дамудың диспропорциясы, әлеуметтік теңсіздік, қазақстандықтарға арналған көмек қорын құру, бай қазақстандықтардың оффшордағы есепшоттары жөнінде баяндады, әр тақырыпты сарапшылар, экономистер пікірімен толықтырды. Көлемді түсіндірмелі сюжет. 

Кедейшілік құрдымына кетіп бара жатқан қазақстандықтар мен байып жатқан олигархтар туралы сюжетте жалдамалы баспанада тұрып жатқан көпбалалы ананы сөйлетіп, Forbes тізімінде байлардың көшін бастаған қазақстандықтардың суреті көрсетілді, есімдері аталды (тізімде Назарбаев әулетінің де адамдары бар). «Қазақстан халқына» қоры, салықтар, кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық туралы айтылды. 

Утилизациялық алымның жайы не болмақ? Осы сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Жайна Сламбек бұған дейін мемлекеттік медиа жұртшылықтың утилалымға наразылығын неліктен көрсетпей келгеніне тоқталды.

Алғысөзден үзінді: «Иә, утилдік алым мөлшері жұрттың ашу-ызасын туғызатындай көп болғаны мәлім. Бірақ азаматтық қоғам белсенділері қанша сұраса да, билік үндемеді. Наразылықты мемлекеттік ақпарат құралдарында көрсеткізбеді. Басты себебі ретінде «Оператор РОП» ЖШС-не Әлия Назарбаеваның қатысы бар деп аталатын». 

Бұрын көрсетпей келсе, қазір неліктен көрсете қалыпты? Мұны Жайна Сламбек түсіндірмеді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпарынша, республикасының 8 аймағында 204 нысан бүлінген. Оның 166-ы Алматыда орналасқан. Өткен аптада президент Алматыға барды. Сюжетте бүлінген ғимараттарды, Қ.Тоқаевтың қаза тапқан полицейлер отбасымен кездесуін көрсетті. 

ҰҚШҰ әскерлері Қазақстаннан елдеріне кетіп жатыр. Осы жөніндегі репортажда олардың қалай келгенін, немен айналысқанын және елден қалай шығарғанын көрсетті. 

Бағдарлама соңында жүргізуші Жайна Сламбек Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабектен сұхбат алды. Жалпы жағдай туралы әңгімелесті. Сарапшы айтқандай, «Жағдай тұрақтанғаннан кейін бізді әлдеқайда ауыр сындар күтіп тұр». 

Apta бағдарламасы да Нұрсұлтан Назарбаев туралы, оның қайда екені, неліктен қазақстандықтардың алдына шығып, сөйлемегені жөнінде ештеңе айтпады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Жаңалықтағы жарнама, тауарға айналған аудитория, этика

Күннің басты оқиғаларын білмек болып, қорытынды жаңалықтар бағдарламасын қостыңыз делік. Онда әлдебір дүкеннің ашылғаны жайлы жарнамалық сюжет беріліп жатады әрі жарнама екенін білдіретін еш белгі де жоқ. Өкінішке қарай, мұны ойдан шығарып отырған жоқпын. Отандық телеарналардың жаңалық сюжетінен байқағаным – осы. Бұл материалда еліміздегі телеарна жаңалықтарындағы ашық және жасырын жарнамаларға талдау жасадым.

Тауарға айналған аудитория 

Жарнама дегеніміз не? Коммуникология энциклопедиясындағы анықтамаға сүйенсек, жарнама – қандай да бір өнімнің, брендтің, компанияның, үкіметтің немесе кандидаттың пайдасына үгіт жүргізетін, ақылы негізде медиа арқылы таратылатын хабарлама.      

Қазақстанда ойлары бұрмалай түсіндіріліп, кейде өзі мүлде айтпаған сөздің авторы ретінде көрсетілетін бір ойшыл бар – Ноам Хомски. Бұл ойшылдың Эдвард Хэрманмен біріге жариялаған «Келісімнің өндірілуі: бұқаралық медианың полит-экономиясы» (Manufacturing Consent: The Political Economy of the Mass Media) еңбегі 40 жылдай бұрынғы американ медиасын нысанаға алғанымен, бүгінгі кез келген медианың ақпаратты қалай өндіретінін түсіндіруге қауқарлы. Авторлар осы еңбекте жаңалықтардың жасалу үрдісін қарастырған. Медианың мемлекет билігімен, коммерциялық ұйымдармен және медиа қожайындарымен тығыз байланысына тоқталған. Олардың айтуынша, кез келген ақпарат бес түрлі сүзгіден өткен соң ғана оқырманға жол тартады. Бұл сүзгінің бірі – медиа қаржыландырушылары яки жарнама берушілер. Редакция тапсырыс беруші ұсынатын қаржыға тәуелді болған сайын, олардың талабымен санасуға мәжбүр. Осының салдарынан жарнама берушінің ығына жығылып, бейтараптықтан ажырап жатады. 

Жарнама беруші медиаға ақша береді, ал медиа ол ақшаның қайтарымы ретінде не ұсынады? Яғни не сатады? Көпшілік медиа өзін сатады деп есептейді: телеарна – эфирдегі уақытын, газет – өзінің бетін сатады. Дегенмен экономист, медиа зерттеушісі Дэллас Смайт медиа шын мәнінде өз аудиторисын сататынын айтады. Оның пайымынша, капиталист қоғамда аудитория да тауарға айналады. «Күні бойы жұмыс істеп, тауар өндірумен айналысқан халық кешкісін теледидарды қосып, сол тауарды қалай тұтыну керек екенін үйренеді», – дейді ол. Осылайша аудитория сатылатын тауар болумен қоймай, жарнаманы қарау сәтінде тұтынуды үйренетін тегін еңбек күшіне айналады. 

Ақпарат баршаға қолжетімді, ортақ әрі тегін болуы тиіс, ал жаңалықтар бағдарламасы барынша бейтарап ұсынылуы керек деп есептесек те, нарық заманында мұны жүзеге асыру мүмкін еместей. Нарықтық экономикалық жүйеде барлық игілік тауарға айналып, сатылатын зат халіне түседі. Оның ішінде ақпарат та, аудитория да тауарға айналады. Ал медиа нарықпен тығыз байланысып, мәмілеге келіп, оған қызмет ете отырып тіршілігін жалғастыратын құрылымға айналғанына куә болып жүрміз. 

Аудиторияға құрметпен қарап, бірінші орынға оқырман сенімі мен бейтараптық қағидасын қоятын басылымдар жарнама берушілердің редакция саясатына араласатына алаңдайды. Сөйтіп көптеген медиа жаңалықтар контенті мен жарнамалық контент арасына берік дуал тұрғызуға тырысқан. Бұл арқылы қаржыландырушылардың ақпарат өндірісіне ықпалын азайтуды көздейді.

Мысалы, BBС-дің жаңалықтар бағдарламасында жарнамалық материал мүлдем дерлік берілмейді, жаңалықтар бағдарламасына ешкім демеушілік жасамайды. Себебі бұл жаңалық бағдарламасының демеушілер ықпалында қалу қаупін тудырады, сондай-ақ көрермен санасында «телеарна сатылып кетті» деген ой қалыптастырады. Ал медиа үшін ең маңызды нәрсе – көрермен сенімі. BBC пайымынша, жаңалықтар бағдарламасы 100 пайыз редакция өнімі болуы тиіс. 

The New York Times газеті жарнама берушілердің редакция саясатына ықпалын азайту мақсатында газеттің ақпарат өндірушілерін екі топқа бөлген: жаңалықтар және жарнама бөлімі. Бұл екі бөлімнің қызметкерлері бір-бірінен дербес, яғни бір-бірінің жұмысына араласа алмайды. Әйтсе де, бұл амалдар медианы жарнама берушілердің қысымынан түгелдей құтқара алмайды. Бірақ бұл амалдарға қарап, байсалды редакциялардың бейтараптыққа ұмтылатынын байқаймыз.    

Ал Қазақстанда жағдай қалай? Бірнеше телеарнаның жаңалықтар бағдарламасын қарап шыққан соң, мұндай ұмтылыстар байқалмайтынын мұңая айта аламын. 

Телеарна жаңалықтарындағы ашық жарнама 

Қазақстандағы жекеменшік арналардың негізгі табысы жарнамадан түседі, эфирдің біраз бөлігін жарнамалық роликтер алады. Тіпті эфирде жарнаманың көп берілетіні соншалық, ел ішінде «жарнамалар арасындағы сериал» жайлы әзіл де бар. Кейінгі кездері жарнамалық мазмұн ойын-сауық бағдарламасын қойып, жаңалықтар бағдарламасының да ішіне еніп барады.

Мысалы, «31 арнаның» «Информбюро» бағдарламасындағы Zhantaq tea, UnionPay брендтеріне жасалған жарнамаларын қарастырайық. Бұл жерде бір-бірімен үйлеспейтін екі нәрсе бар: 

  1. Жарнама әрдайым тапсырыс берушінің қызығушылығын қолдайды. Жарнамалық ақпарат ешқашан тәуелсіз ақпарат болған емес, болмайды да. 
  2. Жаңалықтар бағдарламасы көрерменге барынша бейтарап, тәуелсіз, ешбір саяси топ пен ұйымның мүддесін жақтамайтын ақпарат беруі тиіс. Жаңалықтар эфирінде жарнама берілген сәттен бастап бұл ұстаным жойылады.

Бұл жағдайда «31 арнаның» жаңалықтар қызметі өз міндетін адал атқаратынына күмәнмен қарауға негіз бар. Қоғам өмірі үшін маңызды оқиғаны байсалды дауыспен хабарлап тұрған жүргізушінің кенет шай өніміне жарнама жасап, артынша қайтадан күн тәртібіндегі жаңалыққа ойысуы ерсі көрінеді.

Телеарна жаңалықтарындағы жасырын жарнама

Жаңалықтардағы ашық жарнаманың жарасы әлдеқайда жеңіл, көрермен оның жарнама екенін бірден түсіне алады. Жарнаманың артында біреудің қызығушылығы тұрғанын біліп, артынша оған сену-сенбеу жайлы шешімін қабылдайды. Ал бір қарағанда әдеттегі жаңалық сюжетінен аумайтын жасырын жарнамалар бар. Жарнаманың бұл түрін көрермен сеніміне жасалған қиянат деуге болады. Себебі мұндай сюжеттердің жарнама екені бірден байқалмайды. Ақпарат өндірісі мен журналистика қағидаларынан хабардар көрермен ғана жасырын жарнаманы бейтарап жаңалық сюжетінен ажырата алады. Мұндай жасырын жарнама көрерменге ғана емес, медианың өзіне залалын тигізеді. Себебі сеніміне қиянат жасалған көрермен кейін ең бейтарап хабардың өзіне сенімсіздікпен қарауы мүмкін.  

Жасырын жарнаманың белгілері қандай? Оны анықтау үшін жаңалықтар бағдарламасына негіз болатын ақпараттың қалай сұрыпталатынын қарастырған жөн. Күн сайын елімізде жүздеген оқиға болса, оның ең елеулі он-жиырмасы ғана іріктеліп, жаңалықтар бағдарламасында ұсынылады. Бұл іріктеу жаңалыққа негіз болып отырған оқиғаның көлемі, оның географиясы, оқиғаның болған уақыты, оқиғада түрлі тараптың конфликтілерінің болуы, оқиғаның адамдарға әсері, оқиғаға танымал тұлғалардың қатысуы, т.б. критерийлер арқылы жасалады. Оқиға жоғарыдағы критерийлерге неғұрлым сай болса, кешкі жаңалықтарда көрсетілу ықтималдығы да соғұрлым жоғары.

Мысалы, үйдің жанындағы азық-түлік дүкенінің жабылып қалуы жаңалықтар бағдарламасына шыға қоймайды. Ал бүкіл елдегі дүкен жабылса, ол міндетті түрде кешкі жаңалықта көрсетіледі. Я болмаса, Чилидегі дүкендер жабылса, оның Қазақстан телеарналарында көрсетілуі екіталай.

Жаңалықтар сюжеті осындай қағидаға негізделсе (біз бұл қағидалар өте дұрыс демейміз, тек жаңалықтың өндіріс үдерісін түсіндіру үшін жазып отырмыз), жасырын жарнамалар бұл критерийлерге сай болмауымен ерекшеленеді. Осыған қарап-ақ оның жарнама екенін ажыратамыз.

Мысалы, «31 арнаның» Aster Auto дилерлік орталығының ашылуы жайлы сюжетін қарап көрейік. Бұл оқиға көрермен үшін қаншалықты өзекті? Оның ашылуы қанша адамның өміріне тікелей әсер етеді? Неліктен бұл дилерлік орталықпен бәсекелес компаниялар жайлы ештеңе айтылмайды? Неге тек дилерлік орталық өкілдерінің ақпараты мен пікірі ұсынылған?

Президент қорына тиесілі «КТК» арнасындағы «Меха России» тондарының жеңілдікпен сатылып жатқаны жайлы сюжетте де жасырын жарнама байқалады, ақпарат тым біржақты ұсынылған.

Nur Otan партиясына тиесілі Astana TV арнасының 1xBet  букмекер компаниясының ұтысы жайлы сюжетіне назар аударайық. Бұл жаңалықтың жариялануына кімдер мүдделі? Неліктен тек бір компания өкілдерінің пікірі беріледі? Неліктен букмекер ұйымынан зардап шеккен адамдардың бұл оқиғаға көзқарасы ұсынылмайды? 

Осы сұрақтарға жауап бере отырып, бұл сюжеттердің жарнама екенін түсінеміз. Мұндай жасырын жарнама арқылы медиа аудитория сеніміне қиянат жасап жатыр. Ал бұл жарнама емес, ақысы төленбеген ақпараттық хабар болып шықса, жағдай тіпті «қайғылы» – ол журналистің кәсіби біліксіздігін көрсетеді.

Мемлекет тапсырысы = саяси жарнама

Қазақстан медиа нарығында мемлекеттің рөлі жоғары. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар көптеген медианың негізгі қаржыландыру көзі. Мемлекет тапсырысы салауатты өмір салтын насихаттау, табиғи апаттардан сақтану, т.б. қоғамға қажет ақпаратты таратуға көмектеседі. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс көп жағдайда өз миссиясынан ауытқып, саяси биліктің үгіт-насихатын жасауға қызмет етеді, кей жағдайда әлдебір саяси тұлғалардың саяси жарнамасына айналып шыға келеді. 

Мысалы, «31 арнаның» тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен көрме жайлы сюжеті Алматы әкімдігінің тапсырысымен жасалған. Жүргізуші «Алматы әкімдігінің қолдауымен дайындалған материал» ретінде таныстырғанымен, одан басқа сюжеттің ақысы төленген контент екенін білдіретін арнайы белгі жоқ. Сюжетте Алматы қаласының жағымды бейнесі қалыптастырылған, Алматы әкімдігі жайлы позитив ақпарат берілген. Ал осы көрме жайлы «Атамекен Business» арнасының дәл сол мазмұндағы хабарында әкімдік демеушілігі жайлы ештеңе айтылмаған.

Мемлекет тапсырысымен жасалған материалды көптеген медиа ақысы төленген немесе жарнамалық контент ретінде көрсетпейді. Тапсырыс берушінің мүддесіне сәйкес хабарлама екені көрерменге ескертілмейді. Осылайша бұл жерде де аудиторияға құрметсіздік жасалады.

Жаңалықтағы жарнамаға қатысты заңгер пікірі

Ольга Диденко, Қазақстандағы Internews өкілдігінің заңгері:

– Өкінішке қарай, ҚР «Жарнама туралы» заңында ақысы төленген ақпараттық материалдарды міндетті түрде жарнама ретінде белгілеп көрсету мәселесі қарастырылмаған. Аталмыш заңға сәйкес, жарнама ұсынылған кезінде арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай-ақ танылуы тиіс: макеттер, роликтер және басқа да жарнамалық өнімдер. Медиабизнестің қағидасына сәйкес, журналистика жарнамадан бөлек болуы қажет, әйтпесе, бұл жаңалық, сараптама және тағы басқа өнімдердің шынайылығына, бейтараптығына, адалдығына нұқсан келтіреді.
Қарапайым жарнамадан бөлек, ақпараттық өнімдердің тағы бір санаты бар: олар бір қарағанда жарнамаға ұқсамағанымен, ақысы төленген. Бұлар не үшін қажет? Өйткені жарнамаға қарағанда журналист дайындаған материалға сенім көп. Мұндай жағдайда редакцияда екі таңдау болады: материалды ақысы төленген жарнама ретінде таңбалау, яки таңбасыз жариялау. Белгілеп көрсетсе, аудиториясына адал, әйтсе де жарнама берушіден қысым көруі мүмкін. Ал белгілемесе, тапсырыс берушінің көңілінен шығады, бірақ аудиторияда күдік пайда болуы мүмкін.
Ақылы материалдарды таңбалау, яки таңбаламау – әр редакциясының этикалық таңдауы. Медиа этика тұрғысынан қарастыратын болсақ, кез келген ақылы материалдың (Қазақстанда тіпті мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың) жарнама белгісі болуы керек. Сол арқылы аудиторияның сенімін сақтап, көңіліне күдік ұялатудан аулақ боласыз. 

Не істеу керек?

Медиа саласы коммерцияға бір күнде тәуелді болмады және оның коммерциядан азат болуы да бір күнде жүзеге аспайды. Мемлекет ақпараттық саясатын өзгертпейінше, мұны шешу мүмкін еместей. Дегенмен аудиторияға адал болу, бейтараптық қағидасын сақтау мақсатында отандық телеарналарды мына ұстанымдарға шақырғым келеді:

  • Жаңалықтар бағдарламасына жарнамалық контентті еш араластырмау;
  • Телеарнаның жарнамасыз өмір сүруі мүмкін болмаса, жарияланымның жарнама екенін ашық көрсету, редакциялық материалмен бірдей форматта ұсынбау;
  • Жарнамаланатын компания және оның өнімі қоғам өмірі мен қоршаған ортаға зиянды болмауы керек. Букмекер кеңсесін, жануар терісінен тігілген тонды жарнамалау этикалық тұрғыдан құптала бермейді;
  • Саяси жарнама жасамау. Ал мемлекеттің ақпараттық тапсырысын ашық көрсету. Себебі мемлекет ақшасы – халық ақшасы. Халық өз қаржысына қандай хабар жасалып жатқанын білуге құқылы.

Марқұм Михаил Дорофеевтің informburo.kz сайтының бас редакторы болып тұрғанда жасаған керемет ісі бар еді: мемлекет тапсырысымен жарияланған жаңалықты арнайы белгімен көрсету. Осының арқасында Түркістан әкімдігінің жағымды бейнесін қалыптастыратын шырша шамының жағылғаны, Қазыбек би ескерткіштің ашылғаны жайлы хабарларға халық ақшасы жұмсалатынын біле аламыз.

Мемлекеттік тапсырыс белгісімен жарияланған материалдар / informburo.kz сайтынан скриншот

Өкінішке қарай, бұл бастама Қазақстан медиасында кең қолдауға ие болмады.

Қазақ медиа қауымдастығынан ҚР президенті мен үкіметіне үндеу

Қазақ медиа қауымдастығының құрамына енетін БАҚ редакциялары ҚР президенті мен үкіметіне үндеу жолдады. Үндеуде елдегі бейбіт митингілерде ұстанымын білдіріп, тәртіпсіздіктер кезінде хабар таратқан журналистердің қамауға алынып жатқанына назар аударуға шақырады. Үндеу мәтінін жариялап отырмыз.

Қазақ медиа қауымдастығынан ҚР президенті мен үкіметіне үндеу

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайлов мырзаға

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мырзаға

Қазір қоғамда төтенше жағдайлардан, қантөгісті оқиғалардан кейін біздің құқық қорғау орындарының көп жағдайда асыра сілтеуге, тек айыптау мен жазалауға барып жатқаны жиі айтылып жатыр.

Ал мұның қоғамда, халықаралық деңгейде теріс пікір туғызатынын, халықтың наразылығын қайтадан өршітетінін, тіпті халық пен күштік құрлымдардың арасына жік салатынын ескере бермейтіні өкінішті.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда көрсетілгеніндей, журналист куәлігін, айырым белгісін көрсету арқылы дүлей зілзалалар ауданында, бейбіт жиналыстарда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделерді білдірудің өзге де нысандары кезінде болуға құқылы.

Еліміздің әртүрлі аймақтарында болған, мыңдаған адамдар қатысқан жиындардан, митингілерен ақпарат таратқан, кәсіби міндеттерін атқарған журналистер мен блогерлер заңмен қорғалуы тиіс.

Журналистердің заңды кәсіптік қызметіне кедергі жасау ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын біле тұра, полиция, прокуратура қызметкерлері журналистердің жұмысына кедергі келтіруге, өзінің азаматтық көзқарасын ашық айтқаны үшін қудалауға ұшыратуы бұрыннан жалғасып келе жатыр.

«Еститін мемлекет» қағидасына сай осы кереғарлықа тосқауыл қойылса. Ескіден қалған бұл әдетті тоқтатпайынша, шынайы сөз бостандығына, демократияға жол ашылмайды.

Осы ретте Алматыда және көп қалаларда болған бейбіт шерулерге жеке азаматтық ұстанымын көрсетіп қатысқан және де шерулер барысынан хабар таратып, өзінің кәсіби қызметін істеген журналистер арасында қамауға алынған әріптестеріміз туралы аймақтардан хабарлар келіп жатыр.

Бұл – журналистер қауымын алаңдатып отыр. Елімізде болған оқиғалар кезінде өзінің кәсіби қызметі барысында және жеке азаматтық көзқарасын бейбіт білдіру кезінде ұсталған журналистерге қатысты істердің әділ тергелуін сұраймыз!

Егер қамау алынған журналистерге қандай да бір айып тағылмаған болса, ұстау мерзімі 48 сағаттан асса, олардың дереу босатылуын талап етеміз!

Елде болған оқиғалар кезінде ұсталған журналистер тағдырына уәкілетті орган – ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің араша түсуін және оларға қатысты қозғалған істердің әділ әрі ашық болуын назарында ұстауын өтінеміз!

Барша әріптестер мен БАҚ-ты оқиғалар кезінде ұсталған әріптестерімізді қолдауға шақырамыз!

«Қазақ Медиа Ассосациясы» заңды тұлғалар бірлестігі Бірлестік құрамына енетін БАҚ құралдары:
dalanews.kz
7kun.kz
malim.kz
arasha.kz
qazaqtimes.kz
baribar.kz
abai.kz
adyrna.kz
ult.kz
Bugin.kz
Kznews.kz