Домой Блог Страница 27

Телеарна тілшілері стендапты қалай жасап жүр?

«Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров Қазақстан тележурналистері стендапта не айтатынын тыңдады. Медиасыншы QAZAQSTAN, «Хабар», «Хабар 24», «КТК», «31-арна», «Еуразия бірінші арнасы», Astana TV ақпарат бағдарламаларының 21-27 маусым аралығындағы материалдарына талдау жасады.

Стендап – жаңалық хабарлаушы тілшінің кадрға шығып сөйлеуі. Көбіне оқиға орнынан не бейтарап локациядан тікелей және псевдотікелей жасалады немесе сюжет құрамына күні бұрын жазып алынады. Ол оқиға орнындағы детальді көрсету, мәселеге қатысты тағы бір тақырыпқа ойысу, видеода жоқ нәрсе туралы айту және басқа да мақсат үшін ұтымды қолданылуы керек. Журналистің кадрдан көрінуі қашан да жақсы эффект береді. Тікелей эфир кезінде немесе лайф форматтағы стендапта ол ауызекі тілде емін-еркін сөйлей алады, бірақ видеосюжет үшін алдын ала түсірерде кадрға шығардан бұрын стендап мәтінін параққа не смартфонға жазған дұрыс. Шамамен ойластырылған ауызекі сөйлемдер жүйесі сәтсіз шығады, бір ғана сөзден жаңылу тұтас ойды, ақпаратты бүлдіруі мүмкін. Мәтінге айналдырғанда айтылатын сөздің кем тұстары анықталады. 

Біз бұл талдауда репортаж құрамында қолданылған стендаптарды ғана сөз етеміз. 

Бір проблема туралы екі басқа журналистік тәжірибе

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында газ тарту жобасы жалғаспай қалды. «Хабар 24» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі осы аудан орталығынан хабар таратып, стендап жасады:

«Бұл – халық арасында «ДЭУ» деп аталып кеткен шағын аудан. Бұл жерде негізінен жеке үйлер жаңадан салынған. Ал Зайсан қаласына осыдан 10 жыл бұрын газ келгенде бұл шағын ауданның тұрғындары ерекше қуанған. Бірақ дегенмен кейбір үйлерде әлі күнге дейін көгілдір отын жоқ. Есесіне дәл осы жерден 150 метр жерде Қазақстанның газы көрші шығыстағы Қытай мемлекетіне экспортталып жатыр».

Стендап «көпір» ретінде жасалған, яғни сюжеттің ортасында, таңдалған орын – Зайсанның бір ауданының көрінісі. Кадр аса бір функция атқарып тұрған жоқ, әдетте мұндай стендап сюжеттің басында болады. 

Стендап мәтіні әуелі қағазға түсірілсе немесе редакторға тексертілсе, стилистикасы олқы болмас еді. Тілші кадр сыртындағы сөйлемдеріне де мұқият емес. Сюжетінің басында «тоғыз ауылға газ жеткізілген соң жоба тоқтап қалған» десе, кейін бұл ақпаратты «бұған дейін тоғыз ауылға тартылса» деп, тағы айтады. 

Есесіне бұл мәселені QAZAQSTAN арнасының меншікті тілшісі тәп-тәуір сюжет етіп жасаған. Берік Көшербай сюжетті: 

«Зайсанның газы көп жылдан бері көрші Қытай еліне де экспортталады. Бірақ, парадокс: аудан орталығы – Зайсан қаласында әлі күнге дейін осы көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғандар бар. Мысалы, мына көшенің бір жағына газ құбыры келіп тұр, ал қарама-қарсы тұрған үйлер әлі күнге дейін пеш жағып отыр», – деген стендаппен бастаған. 

Бұл – сәтті шешім, өйткені тілші аудан орталығының бұл көшесімен бекер жүріп келе жатқан жоқ, ол газ көшенің бір жағында бар, бір жағында жоқ екенін айтып көрсетеді. Стендап мәтіні де материалды бастауға жарайды, мұнда мәселенің мәні, қарама-қайшылығы айтылады. Тілші жобаның іске асырылу уақытын нақты айтып, елді мекендерді атайды. 

Берік Көшербайдың сюжеті «Хабар 24» арнасындағы әріптесінің қатесін анықтап берді. Берік сөйлеткен тұрғындар «Қазақстан газы 150 шақырым жерде Қытайға экспортталып жатқанын» айтты. Ал «Хабар 24» тілшісі Олжас Керейхан стендапта «150 метр жерде» деген еді. 

Стендап – жан-жақты үйлесім

«Хабар 24» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісінің стендапты сюжет басында қолдануы, керісінше, аса сәтті болған жоқ. Материал Мойынқұм ауданында жайылым мен шабындықтың шөлге айналуы туралы. Студиядағы жүргізушіден соң тілші бірден бірінші орта пландағы (белден жоғары, екінші орта план – тізеден жоғары) кадрдан көрінеді. 

«Біз қазір Шу өзенінің арнасында тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, төменгі жағында мүлдем су жоқ. Себебі шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету үшін өзен алты жерден байланады. Ал суды бұру үшін әр бөгетке кемінде 20 мың текше метрге дейін өзеннің табанына құм төгіледі. Бұл экологияға орасан зор зиян. Ал бұл жұмыстарға жылда кемінде 24 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ал суару маусымы аяқталған соң бұл бөгет суға ағып кетеді», – дейді ол.

Жүріп келе жатқан журналист Руслан Бақытбекұлы «көріп тұрғандарыңыздай» дегенімен камера объективі онымен бірге оңға қарай жылжып, жалпы планға ауыспайынша тартылған өзен көріне қоймайды. Алғашқы сөйлемдер айтылған кезде микрофон қосылмағаны (я басқа техникалық ақау) байқалды. 

Ең негізгі кемшілік – тілшінің сөзі. «Ал суды бұру үшін әр бөгетке кемінде 20 мың текше метрге дейін өзеннің табанына құм төгіледі» деген сөйлем тіпті дұрыс құралмаған (я бөгетке, я өзен табанына деу керек). «Ал», «кемінде» деген сөздердің қайталануы да стендапты бүлдіріп тұр. 

Ақпаратта цифрлар құрғақ айтылып қоймауы керек, зат өлшемдері көрермен елестете алатындай, басқа нәрсемен салыстыра алатындай болғаны жақсы. 20 мың текше метр құм қарапайым көрерменнің ұғымында қандай көлем, көп не аз екенін бірден ұға ма, қоршаған ортаға көлеміне байланысты зиян болып тұр ма, ол жағы нақтыланбайды. Экологияға қатысты мәлімет стендапта да, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының сөзінде де айтылады.

Тілші кадр сыртында «диқан» сөзінің орнына «диқаншы» дегенді қате қолданады. Сюжет композициясына келсек, оны мал азығын дайындаудан қиналып отырған шаруалардан бастау ұтымды болар еді. 

Кадрдағы ақпарат пен сөйлеу шеберлігі

«КТК» тілшісі Нұрқанат Омарұлы да стендаптағы сөйлемдеріне ұқыпсыз. Ол Астана іргесіндегі Тайтөбе ауылы тұрғындары мен шаруа қожалығының жайылымға таласы туралы материал жасаған. Кадрдағы сөзі:

«Ауыл маңайындағы жайылымдар жағалай осындай қоршаумен қоршалған. Егер тұрғындар мұнда малдарын жаятын болса, онда айыппұл салынады. Оның үстіне, азаматтардың айтуы бойынша, ауыл маңайындағы 300 гектар жайылым тағы қоршалып жатыр».

Бұдан соң ойын кадр сыртында «Міне, осы тұс толығымен қоршалмақ» деп жалғайды. Стендапта ақпаратты бұдан да сауатты, әлдеқайда сапалы формада құрастыруға болады. Телеарна сайтынан сюжеттің мәтіні мейлінше дұрыс редакцияланғанын көрдік.

Репортер жұмысында ақпарат бірнеше эволюциядан өтеді: ой – ауызша сөз – жазбаша сөйлем – логикамен байланысқан сөйлемдер жүйесі – мәтін деген сияқты. Кішігірім шығармашылық өнім қисынды ойластырылмаса, жаза салудан, айта салудан сәтті бола қоймайды, сөз қайталау, ой қайталау, сөйлем мүшелерінің қате орналасуы сияқты кемшілік байқалып қалады. Плеоназм мағына әрі түбір жағынан ұқсас, біртекті сөзді, ойды қайталау болса, тавтология – соның бір түрі, түбірлестердің тура қайталануы. Айтқан кезде екеуі де құлаққа түрпідей тиіп қоймай, стендап стилистикасының сәнін кетіреді. 

«КТК-ның» дизель тапшылығы туралы материалындағы стендапта сөйлемдер дұп-дұрыс, бірақ тілші айтпаса да түсінікті ойға сөз жұмсайды, мағына қайталанады:

«Ал тәуелсіз сарапшылар дизельдің тапшылығы алдағы уақытта қымбатшылыққа ұласатынына сенімді. Олар Энергетика министрлігі тапшылықты жойып, аспандап тұрған бағаны тұрақтандыру үшін қазірден бастап тиісті шараларды қолға алғаны жөн дейді. Әйтпесе, баға ырыққа көнбей, оның зардабын қарапайым халық тартуы да ғажап емес. Өйткені дизель қымбаттаса, дәнді дақыл мен азық-түлік бағасы тағы да көтерілуі мүмкін».

Журналист «көбі» дегеннің орнына «көбісі» деген сөзді қолданғанын да айта кетейік. 

Телеарнаның Қызылорда облысындағы қуаңшылық туралы видеосюжетінде жақсы стендапты «ішетін ауызсу» деген қисынсыз тіркес бұзды. 

«КТК-ның» Алматы облысындағы тілшісі Салтанат Шырынхан көптік қосымшасын үсті-үстіне орынсыз қолданады:

«Тұрғындардың мазасын қашырған құрылыс – осы. Алғашқы жұмыстары басталып кеткен. Жапсарлас орналасқан жер үйлердің иелері алдағы уақытта қайнай түсетін құрылысты ойласа, төбе шаштары тік тұрады. Өйткені қазірдің өзінде шаң-тозаң баспаналарына кіріп, дыбыстары тыныштарын бұзып жатыр екен». 

Телеарнаның сайтында жарияланған сюжет мәтінінде стендаптағы қате біршама түзелген. 

«Еуразия бірінші арнасының» тілшісі Бауыржан Жақсымбет жалпы жазу машығын жетілдіруі керек. Үйі өртеніп, моншада тұрып жатқан отбасы туралы репортажының ең тәуірлеу тұсы – стендап:

«Қызыл жалын шарпыған баспана тау бөктерінде болғандықтан өрт сөндірушілер келгенше біраз уақыт өтіпті. Оған дейін үйдің сау тамтығы қалмай өртеніп кеткен. Білікті құрылыс мамандары аядай мекенді қалпына келтіру мүмкін емес екендігін жеткізіпті. Сондықтан дәл осы маңайдан шағын ғана үй көтеруден басқа амалы жоқ».

Тілші соңғы сөйлемінде әрекет иесін неге атамағаны түсініксіз – кімнің амалы жоқ? Сюжет мәтінінде орынсыз қолданыстар мен тавтология кездеседі. 

«Дейді мамандар» – көрерменді жаңылтатын әмбебап тіркес

Баспасөзде, интернет-журналистикада ақпарат жазбаша берілетіндіктен төл сөз бен автор сөзін ажыратып көрсетуге болады. Телевизия мен радиожурналистикада аудитория ақпаратты негізінен естіп қабылдайды. Журналистика теоретиктері әсіресе осы екі салада ақпаратты төл сөзден, цитатадан бастамауды немесе төл сөз иесін ақпарат соңынан атамауды ескертетіні содан. Біздің талдауымыз тележурналистер бұл талапты білмейтінін көрсетті. 

«Хабар 24» тілшісі Дамир Берікұлы Ақмола облысында табылған ежелгі өндіріс орны туралы:

«Ал мынау – қола дәуіріне тиесілі пештің орны, себебі оның құрылымы мен көлемі осыған дейін табылған пештерге өте ұқсас дейді мамандар. Ал мына артымда тұрған жазықта – айналасы 20 шаршы шақырым аумақта әлі зерттелмеген 250-ден астам археологиялық ескерткіштер бар екенін айтады мамандар. Алдағы уақытта олардың барлығы зерттеледі, сөйтіп белгілі бір қорытынды шығарылады». 

Бұған дейін ақпаратты археолог бергені айтылды, сондықтан стендаптағы «дейді мамандар» артық немесе оны сөйлемнің басында айтқан абзал. Тілшінің грамматикасы да мәз емес. 

Телеарна, радио қызметкерлері ойды, сөйлемді орынды-орынсыз «дейді мамандар» деген автор сөзімен аяқтауды нормаға айналдырғаны сонша, көрермен/тыңдарман ақпаратты қай кезде мамандар (немесе әйтеуір басқа біреу), қай кезде журналистің өзі айтып отырғанын айыра алмай қалады. Тіпті бұл тіркес әбден әмбебаптанып, кез келген ақпаратқа қатысты және шынымен маман айтса да, маман емес, қоғамның басқа мүшелері айтса да, қолданыла беретін болған.

«Еуразия бірінші арнасының» Шымкенттегі тілшісі Ғалымжан Кенжебек кадрда былай дейді:

«Шымкент мұнай өңдеу зауытынан дизельдік отын алатын бекеттерде тапшылық байқалады. Ал Атыраумен келісімшартқа отырғандар арасында мұндай мәселе кезікпейді дейді мамандар. Сәйкесінше сұйық отыны бар бекеттерде ұзын-сонар кезектер пайда болып, бағасы шарықтап шыға келген. Ал жүргізушілер болса, тек шектеулі мөлшерде ғана сатылатын дизельдік отынды тапқанына шүкір деп отыр».

Тыңдап отырған көрермен қай сөз журналистікі, қай сөз «мамандікі» екенін ұқпайды. Сюжетте тілші көлік жүргізушілермен сөйлесіп, вице-министрдің түсініктемесін берген. Сонда «деген мамандар» кім? Репортаж мәтінінде тавтология көп, сөйлемдер шұбалаңқы. 

Көрерменді шатастыратын автор сөзі «31-арна», Astana TV жаңалықтарының кадр сыртындағы мәтіндерінде де кездесті. 

Талдауымыз тележурналистер көбіне кадрдағы сөзге жете мән бермейтінін және кейде стендапты репортаж талабы бойынша жасамайтынын аңғартты. Оқиға орнынан, ерекше жағдайда немесе керемет көркемдік-техникалық әдістермен жасалса да, жеткізетін ақпараты түсініксіз, сөйлемдері, ой жүйесі келіспеген стендап тілші материалын бұзып тұрады.

Редакторларға «Калькасыз қазақ тілі. Назгүл Қожабек» Telegram-арнасын нұсқаулық ретінде ұсынамыз.

8-11 шілдеде медиасауат онлайн-тренингі өтеді

Қазақстандағы Internews өкілдігінің қолдауымен 8-11 шілде күндері қазақша медиасауат онлайн-тренингі өтеді. Тренинг мемлекеттік қызметкерлерге, ұстаздарға, қоғамдық ұйым қызметкерлеріне, баспасөз қызметі мамандарына, PR мамандарға арналған. Қатысу тегін.

Қатысушылар фактчекинг негіздерін, фейкті анықтап, онымен күрес тәсілдерін меңгереді. Бұл тәсілдерді белгілі журналист, медиатренер, фактчекинг маманы, «Тіл кеспек жоқ» YouTube-каналының авторы Әсем Жапишева үйретеді.

Медиаэтика, медиадағы өшпенділік тілі, түрлері мен салдары, адам жынысына қатысты стереотиптер туралы осы тақырыптарда мықты маман, журналистика магистрі, медиатренер, аbout media in kazakh телеграм-каналының авторы, Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы Оразай Қыдырбаев дәріс береді.

Кәсіби PR маман, қазақ тілінде ең танымал «PR туралы» телеграм-каналының авторы, медиатренер Гүлім Оразбаевадан БАҚ пен жарнамадағы, пропагандадағы манипуляция түрлерін және соны ажыратуды үйренеміз.

Интернетті қауіпсіз пайдалану, жеке мәліметтеріңіз бен аккаунттарыңызды қорғау, ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету машығы кез келген қолданушы қажет. Бұл машықтарды кәсіби IT маман, «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Cardiff University, Advanced Computer Science оқу бағдарламасы), Телеграмдағы IT тақырыбына арналған Kazakh in Cardiff каналының авторы Данияр Мухановтан үйренеміз.

Байқағаныңыздай, командамызда нағыз кәсіпқойлар жиналған.

Тренинг соңында үздік қатысушыларға сыйлығымыз бар. Үздіктерге үйренген тақырыбында тренинг өткізу машығын дамытуға  көмектесеміз.

Тренингке қатысу тегін. Толық қатысқандарға сертификат беріледі.

Қатысыңыз! Достарыңызда да шақырыңыз!

Қатысу үшін 6 шілдеге дейін онлайн өтінішті толтырып, тіркелу керек.

Бұл жоба Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады. «G Project» ЖК ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің пікіріне сай келмеуі мүмкін. USAID – әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және дамуға бастайтын негізгі қозғаушы күш.

Balapan телеарнасы карантинде көрерменінен айырылса да үздік 10-дықта қалды

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне сайтымыздың «Медиасын» бөлімінде «Балалар көретін қазақша телебағдарламалар. Тізімде Balapan арнасы жоқ» деген мақаламыз жарық көрді. Kantar телевизиялық өлшемдері негізінде International Media Service дайындаған іріктеме деректері бойынша жасалған материалда 2020 жылғы қыркүйектен 2021 жылғы мамырға дейінгі кезеңде 16 жасқа дейінгі балалар көрген қазақша топ-20* бағдарламаға шолу жасадық.

Рейтингке қарап, қазақ тілінде контент тұтынатын балалар аудиториясын ТВ-дағы балалар хабарларынан басқаның барлығы қызықтырады деген қорытындыға келдік.

16 жасқа дейінгі аудиторияның 70% -ы QAZAQSTAN ұлттық арнасындағы ойын-сауық контентіне қызығатыны байқалды. Топ-20 бағдарламаның 90%-ы — ересек аудиторияға арналған контент (түрік-үнді телехикаялары, шетелдік және қазақстандық көркем фильмдер, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттері) және 10%-ы ғана — балалар контенті.

Елімізде балаларға арналған телеарна біреу ғана екенін, сөйте тұра Balapan балалар арнасының контенті негізгі аудииториясын қызықтыра алмағанын да атап өттік.

Осы мақаладан кейін «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі редакциямызға хат жолдап, пікір білдіріпті (Balapan арнасы осы корпорация құрамында). Хаттың толық мәтінін жариялап отырмыз.

«Жуырда newreporter. org сайтында жарияланған «Балалар көретін қазақша телебағдарламалар. Тізімде Balapan арнасы жоқ» деген материалға түсініктеме бергенді жөн санадық. Себебі телеарна қызметін одан әрі жетілдіру үшін балалар мен ата-аналардың, жалпы азаматтардың пікірі мен ұсыныс-тілектерін ескеріп, қорытынды шығару өте маңызды.
«Balapan» еліміздегі балаларға арналған тұңғыш әрі жалғыз арна екені баршаға мәлім. Тек мемлекеттік тілде хабар таратады. Мақсатты аудиториясы 8 жасқа дейінгі көрермендер.
Ал мақалаға негіз болған аудитория 6-16 жас аралығын қамтыған. Яғни, мақалада айтылған аудиторияның 75% пайызы»Balapan» арнасының көрермені емес. Басқаша айтқанда, «16 жасқа дейінгі балаларды қызықтырған қазақша топ-20* бағдарламалар тізімінде» «Balapan»-ның болмауы заңдылық.

Kantar («TNS Central Asia» ЖШС) зерттеу компаниясының сараптауы бойынша «Balapan» 2020 жылдан бері республикалық топ 7 телеарна тізімінде.
Kantar тарапынан тұрақты жүргізілетін зерттеулерге сүйенсек, «Balapan»-ның рейтингі жыл сайын артып келеді. 2019 жылғы орташа үлес көрсеткіші 3,9% болса, 2020 жылы 4,4% болған. Яғни, бір жыл ішінде телеарнаүлесі 13%-ға артқан.

Ерекше мән беретін мәселе, 2020 жылы енгізілген төтенше жағдай телеарнаның эфир кестесіне, рейтинг көрсеткішіне әсер етпей қоймады.
Эфир уақытының 9 сағатында үздіксіз берілген телемектеп — онлайн сабақтар әсерінен каналдың негізгі аудиториясы алшақтап, рейтинг те айтарлықтай төмендеді.
Десе де, сабақтар көрсетілмейтін демалыс және мереке күндері арнаның орташа рейтингі қалыпты, орташа көрсеткішіне жетіп отырды. Нәтижесінде канал республикалық ТОП-10 телеарна қатарында 9 орнын сақтап қалды.
Жалпы, карантин балаларға арналған контенттің аз қаралуына бірден-бір әсер еткен факторлардың бірі деуге болады. Өйткені мақалада көрсетілген мерзімнен тура бір жыл бұрынғы (2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың мамыры аралығы) республикалық ТОП-20 телебағдарлама тізімінің үштен бір бөлігі «Balapan» арнасының жобаларына тиесілі болған.
Айта кететін тағы бір мәселе, «Balapan» 2020 жылдан бастап үздік шетелдік туындылардың телеқұқығынан бөлек, интернет құқықтарын сатып ала бастады. Бұл — отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан оң бастама. Нәтижесінде, арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі 700 сериясымен толықты.
2021 жылы телеарна Youtube каналындағы 1 миллион оқырманы үшін «Алтын батырма» алды. Қазіргі оқырмандарының саны — 1 265 411. Сонымен қатар «Balapan» телеарнасы биыл 25 анимациялық сериал, 12 телевизиялық бағдарлама, 2 телехикая өндіруде.
Бастысы, телеарнаның 0 +8 жас аралығындағы көрермендері «Balapan»-ның төл мультфильмдері мен телевизиялық жобаларын үзбей көретінін және анимациялық кейіпкерлерін, телехикаяларында басты рөлдерді сомдаған кішкентай жұлдыздарын жазбай танитынын сеніммен айта аламыз«, — делінген хатта.

Еске сала кетейік, бұған дейін Balapan телеарнасының «Баламен сұхбат» жобасы туралы «Баламен сұхбат»: балаларға арналмаған сұхбат» деген мақала жарияладық.

«Бұл бағдарламада балалар 15 минут бойы кино, әдебиет, ғылым, медицина, спорт және музыка саласындағы танымал тұлғалармен әңгімелеседі, олардың өмірі мен еңбек жолы оларға үлгі болуға арналған», — делінген жоба сипаттамасында.

Мақаламызда студиядағы балаларға қызықсыз қонақтар — Nur Otan партиясының мүшелері және басқалар жиі шақырылатыны айтылды. Сол кезде де телеарна басшылығы жедел жауап беріп, материалда айтылған мәселелер бойынша пікір білдірген.

Жоба сәтсіз шыққанын мойындап жаңа маусымда эфирден алынып тасталғанын хабарлады. Телеарна жұмысы жөнінде жазылған мақалаларға корпорация басшылығының мұндай реакциясы және немқұрайлы қарамайтыны қуантты.

«Жаңа репортер» медиасыншылары кез келген тақырыпты байыпты әрі ашық талқылауға әрдайым дайын. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуанамыз, өйткені мақсатымыз ортақ: ол — еліміздегі медиаконтентті жақсарту.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — теледидары бар ел тұрғындарының жалпы санынан пайызбен көрсетілген бағдарламаның әлеуетті аудиториясына сүйеніп жасалған. Жарнама берушілер үшін принципті маңызға ие.

Дәрігерлер күні, көкөніс бағасы және қурап қалған көшеттер. 14 — 20 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

14-20 маусымды қорытындылаған апталық бағдарламалар түрлі тақырыптан басталды. «Басты бағдарлама» авторлары елімізде «Ана капиталын» енгізу ұсынысын талдаса, «7 күн» тілшілері президент Тоқаев қатысқан саммитке сюжет арнады. Apta редакциясы жол апаттарына қысқаша шолудан кейін Мемлекет басшысы қатысқан жиындар қалай өткенін баяндады.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама редакциясының бағалауынша, өөкен аптадағы маңызды оқиға — Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым мен технология жөніндегі саммиті болды. Саммитке президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «7 күн» жүргізушісі Дархан Әбдіуахит алғысөзін осы жиынның маңыздылығын баяндаудан бастады. Алғысөз сюжетке ұласты. Сюжет кейіпкері — Үндістаннан Қазақстанға келіп, университет оқыған жігіт. Тілші кадр сыртындағы мәтінде «…. Сондықтан Президент өмірден өткен Әл-Фараби, Ибн Сина секілді ұлы тұлғаларға құрмет көрсету — ұйымның қазіргі тарихи міндеті болуы керек деді…» деген сөйлем айтты. Орта ғасырларда өмір сүрген тұлғалар туралы «өмірден өткен» деп айту құлаққа түрпідей тиіп, қисынсыз естілді. «7 күн» тілшілері президент қатысқан жиындардан сюжет дайындағанда тек Мемлекет басшысын сөйлететін. Бұл жолы сарапшыларды шақырып, олардан ислам елдеріндегі ғылым, экономикалық байланыс маңызы туралы пікір сұрапты. 

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларына шолуда Нұрсұлтан Назарбаев пен «Лукойл» президенті Вагит Алекперовтың кездесуінен орыс тілінде ұзақ-ұзақ синхрондар берді.

Президент Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Ал сюжет «Салаға серпіліс керек» деп аталып, президент бастамаларын баяндайды. Президентті ғана сөйлеткен ұзақ сюжет. 

Кешегі аптада медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылуына қатысып, дәрігерлерді құттықтады. Сюжет әдеттегідей президентт сөзінен және коронавирусқа қарсы күрескен дәрігерлер әңгімесінен құралған. 

«7 күн» редакциясы «Екібастұздың әлеуеті» деп аталатын сюжет әзірлепті. Сюжеттің айтары — Екібастұзды дамытудың стратегиялық құжаты дайындалып жатыр екен. Қаладағы көмір кен орны мен өндіріс орындарын таныстырып, қаланың экологиялық, әлеуметтік проблемалары жөнінде ләм-мим демеді. Әдепкі сюжеттен гөрі PR-материалға көбірек ұқсайды. 

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Сенатта баяндама жасап, бюджет қаржысын жұмсаудағы олқылықтарды, елдің сыртқы қарызы өсіп бара жатқанын айтты. Төрағаның мәлімдемесіне Қаржы министрлігінің түсініктемесін кадр сыртындағы мәтін және синхрон түрінде берді. Есеп комитеті төрағасының бұл баяндамасы маңызды. Сондықтан сарапшы, экономист мамандар сөйлетіп, жеке сюжет әзірлеуге сұранып тұрған тақырып. Іргелі телеарнаның апталық қорытынды бағдарламасы маңызды тақырыпты талдаудан гөрі қысқа қайыруды құп көріпті.

Жарты жылда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысына 2,5 мыңға жуық шағым түсіпті. «Сан мен сапа» деп аталатын сюжет сол шағымдарды талдаудың орнына жүйенің жұмысын таныстыруға арналады. Осылайша сюжет авторы проблеманың бар екенін айтып, тереңіне бойламай, сипап қана өтті. 

Мәжілісте Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы талқыланып, Сенатқа жолданды. Сюжет осы өзгерістерді түсіндіріп, ерекше жандардың басын қосқан қоғамдық бірлестік жетекшісін сөйлетіпті. Ол мүгедектігі бар адамдардың еркін жүріп-тұруына қатысты проблемалар шешілмей келе жатқанын айтады. Тілші сюжетін «…Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын мемлекет пен заң ғана қорғап, басқамыз жайбарақат жүргеніміз — ең әуелі азаматтығымызға сын» деп аяқтап, жауапкершіліктің бір бөлігін қоғамға артты. 

Бір сағаттық эфирінің көп бөлігі президентке арналған бағдарламаны елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдай мен Дүниежүзілік донор күніне арналған сюжеттер түйіндеді. 

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бестің шайын ішіп болған көрермендерді «Basty bagdarlama» көруге шақырған Берік Дүйсенбай мен «Тыңдар құлақ, көрер көз болса біз бастаймыз» деген Әсем Изатқызы жүргізетін хабар «Ана капиталы», «Көкөніс тапшылығы» және әкімдердің бюджет қаржысы есебінен жұмысын жарнамалауына шектеу қойылғанын талдапты. 

Мәжіліс депутаты Айгүл Ысқақова 18 жасқа дейінгі әр балаға 42 500 теңгеден төлеп, басқа жәрдемақыларды қысқартуды ұсынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бұл бюджетке ауыр салмақ болатынын айтты. «Basty bagdarlama» тілшілері елімізде «Ана капиталын» енгізудің жолдары бар ма, деген сауалға жауап іздейді. Сюжетте ішер ас, киер киімге жете алмай отырған көпбалалы аналарды сөйлетті. Балаларының бет-жүзі ашық көрсетілді. Сарапшылар 1 миллионға жуық қазақстандық баланың кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын, туу коэфициенті төмен екенін, бюджет қаржысы тиімсіз игеріліп, пайдасыз жобаларға қыруар қаржы жұмсалатынын айтыпты. Олар бюджет шығындарын оңтайландырып, «Ана капиталын» енгізу жолдарын қарастыруды ұсынады. 

Соңғы аптаның көп талқыланған тақырыбы — көкөніс қымбаттауы. «Басты бағдарлама» авторлары қымбатшылық себебіне үңіліп, «Жылыжай шаруашылығын дамыту жолдары» деп аталатын сюжет әзірлепті. Экономистер, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мен жылыжай иелері жылыжай шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама жоғын айтып, мәселе көтерді. 

Мемлекеттік қызметкерлер туралы заң жобасына өзгеріс енгізілмек. Енді саяси мемлекеттік қызметкерлерге ғана сыйақы берілуі мүмкін. Әкімдердің бюджет қаржысын шығындап, жұмысын жарнамалауына тыйым салынбақ. «Мемлекет басқарудың жаңа моделі» аталатын сюжетте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми өкілі Максим Рожин мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа конкурс жариялау тетіктері өзгергенн айтты. Тілші сюжетін «…Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс үшін әкімдерге жалтақтамай, енді шынай бәсекелестікке жұмыс істеуге тура келеді» деп аяқтады. 

Бағдарламаның дәстүрлі айдары — «Ұр тоқпақ» эфирге шықпады. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама апта ішіндегі ірі жол апттарына шолудан басталды. Алматы облысында екі жеңіл көлік соқтығысып, жеті адам көз жұмды (төртеуі — балалар). Түркістан облысында көлік апатында жеті адам қаза тауып, бір адам жан сақтау бөліміне жатқызылды. Ақтөбеде жеңіл көлік аударылып, екі мектеп директоры қайтыс болды (екеуі ауруханада жатыр). 

Жол-көлік оқиғасына шолудан кейін Мемлекет басшысының аптасы қалай өткенін баяндауға ойысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитінің ашылу рәсіміне видео байланыс арқылы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жүргізуші Жайна Сламбек екі жиын қалай өткенін студиядан хабарлап, президент сөзінен синхрондар берді. 

Медицина қызметкерлері күніне арналған сюжет Қазақстан медицинасының жай-жапсарын бағамдамақ болып, бірақ хаттамалық мәннен аспады. Сюжет кейіпкері — дәрігер емес, президент Тоқаев. Ол коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып, Нұр-Сұлтандағы қалалық емханаға барды. Сюжетте елімізде алғаш коронавирус жұқтырған науқасты қабылдап алған инфекционист-дәрігерлердің бірін сөйлетіпті. Дәрігер індет кезінде мемлекет медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмекті уақытылып жеткізіп, қамтамасыз еткенін айтты. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі мен «СҚ-Фармация» жетекшісі сотты болып жатқан кезде мемлекеттік телеарнаның мұндай сюжет көрсетуі ақылға қонбайды. Ел астанасындағы медицинаның кереметін айтып, аймақтағы жағдайды елеусіз қалдырды.

Қазақстанда азаматтарды коронавирус вакцинасын алуға ынталандыру қалай болып жатыр? Сюжет егу пункттері орналасқан түрлі ойын-сауық-сауда орталықтарының басшылығы жұртшылықты вакцина алуға ынталандыру үшін өткізген ұтыс ойындарына шолу жасады. 

Шетел жаңалықтары топтамасы Женевада АҚШ және Ресей президенттері кездескенін (Навальныйға басымдық берді), Иранда президент сайлауы өткенін айтты. Иранда алғаш рет мемлекет басшылығына президент қызметіне кіріскеніне дейін америкалық санкция тізіміне енген саясаткер келіпті. 

«Apta қонағы» айдарына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов келді. Жайық өзені тартылып, аймақта ауыз су тапшылығы болып жатқаны, қуаңшылықтан малға жем-шөп жетпей, бағасы қымбаттағанын, дәрігерлер жетіспей, үш ауысымды мектептер мәселесі жөнінде әңгімелесті. Сұхбат облыс әкімінің аймақтағы мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтуына мүмкіндік беру үшін бағдарлама эфирін ұсынғандай әсер қалдырды.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тележылнама» айдары 2002 жылға арналды. Жалақы өсіруін талап еткен қарағандылық шахтерлер ереуілін, 2000 жылдардан бастап ел экономикасы өсіп, жұмыссыздық 9,3%-ға төмендегенін, Түркия қазақстандықтарға визасыз режим енгізіп, Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланғанын, «Ақ жол» партиясы құрылғанын, Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының II құрылтайы өтіп, астанада «Бәйтерек» монументі ашылғанын еске түсірді. 

Бағдарламаның орта тұсынан асқанда проблемалы тақырыптарға кезек жетті. Қазақстанда жыл сайын сүйек кемігін ауыстыруға мұқтаж 300 адам тіркеледі. Көбі — балалар мен жасөспірімдер. Алайда сүйек кемігі донорын табу қиын. Жұртшылық донор болуға үрке қарап, келісім бермейді. Журналистер сүйек кемігін ауыстыру отасы сәтті жасалған бала мен сүйек кемігін ауыстыруға мұқтаж баланың хикаясын баяндады. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың меңгерушісі сүйек кемігі доноры болудың не екенін түсіндіріп, ел ішіндегі түрлі қауесетті теріске шығарды. Аудиторияға маңызды тақырыпты жан-жақты түсіндірген сапалы сюжет.

Қазақстанда 2 млрд ағаш егу жоспарланған, алайда іс жүзінде жоспар кері кетіп, тірлік жүйесін таппай жатыр. Елдегі ағаш егу, орман алқаптарын ұлғайтужың жайын баяндаған сюжет Түркістан қаласында түсіріліпті. Қаланың жасыл белдеуіне 3 жылда 16 млн ағаш көшеті отырғызылған. Уақытылы суғарылмай, дұрыс күтім көрмей, солып, қурап жатыр екен. Жергілікті ауыл тұрғындарының айтуынша, бір жылдан бері көшеттерді ешкім суғармаған. Жасыл белдеудегі ағаш көшетіне жауапты мекеме басшылығының сөзінше, жұмысшылардың айлығы аз, 48 мың теңгеге ешкім жұмыс істегісі келмейді. Ал жергілікті университет агрономы Түркістан қаласының құрғақ әрі ыстық климатында қандай ағаштарды қалай егу керек екенін түсіндіреді. Өзекті тақырыпты негіз еткен толымды сюжет. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Көкөніс қымбаттады, қуаңшылық және Тоқаев президенттігіне 2 жыл. 7 — 13 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптада ең көп талқыланған тақырып — азық-түлік қымбаттауы. Шолуымызда қамтыған үш бағдарлама да картоп пен сәбіз бағасы еселеніп өскенін талдады. Алайда аптаның ең жиі талқыланған тақырыбы үш бағдарламаның да басты тақырыбына айналмады. «7 күн» тілшілері эфирді Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігіне 2 жыл толғанынан бастаса, Apta редакциясы тауда жоғалып кеткен туристерді іздестіру жұмыстарын баяндады. Ал «Басты бағдарлама» авторлары қуаңшылық пен жаһандық жылыну жайын қозғады. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми кіріскеніне 12 маусымда екі жыл толды. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президенттің екі жылдағы бастамаларын санамалап, әңгімені инвесторлар отырысына бұрды. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-отырысы туралы сюжет Мемлекет басшысының сөйлегенін сөзінен құралыпты.

Сюжеттен кейін Ақордадағы ресми қабылдауларды шолып, Тоқаев президент болғаны екі жыл толуына орай дайындалған сюжетке кезек жетті. Алғысөзінен бастап президентті мақтаған сюжет зейнетақы жарнасының бір бөлігін пайдаланып, пәтер алған, ЭКО-ұрықтандыруға жүгініп, сәби сүйген отбасылардың хикаясын айтып, пандемияда үкіметтің халыққа көмегін, Қасым-Жомар Тоқаевтың екі жылда атқарған шаруаларын тізіп, қабылданған заңдарды санамалап, соңында президенттің жеке қасиеттерін түгендеп шықты. 

«Алмақтың да салмағы бар» деп аталатын сюжет кепілді және ипотекалық несиелер сыйақысының шекті мөлшерін төмендетуге арналыпты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несие саласын реттеу жөніндегі соңғы шешімдерін талдап, сарапшыларды сөйлетті.

Елдегі автоөндіріс қарқынын бағамдаған сюжетте кейіпкерлер оқиғасы арқылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шикі тұстарына назар аударды.

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Мәжілісте баяндама жасап, бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау көбейгеніне назар аударған болатын. Тілшілер «Бюджет есебі» деген сюжет дайындап, ШҚО-дағы Радиологиялық кешен құрылысының дауы мен Павлодар облысының Айнакөл ауылындағы су мәселесін бюджет шығындарымен байланыстырыпты. Сыртқы қарыз көбеюі, Ұлттық қордан трансферт тарту артқаны сияқты маңызды проблемаларды айтты. Алайда ашық саралау мен өткір пікір жетіспеді. Проблеманы сипай қамшылаған сюжет. 

Картоп, ет, тағы басқа да азық-түлік бағасынының өсуін тілші Рауан Мыңбаев талдған екен. Базардағы сатушылар мен тұтынушыларды сөйлетіп, министрлік комментарийін берді. 

Қазақстандықтардың 20 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Тілші Ақбөпе Тәңірберген «Жастардың мамандығы бойынша жұмыс істемеуіне нақты қандай себептер бар?» деген сұрағының жауабын сарапшылардан сұрайды. Сюжетте пікір айтқан спикер көп. Тілші сюжет соңында: «Химияны таңдасам грантқа түсем, атам дәрігер боласың» деп айтты. «Ауылдағы мектепке орыс тілі мұғалімі керек» деген тұжырымдарға сүйеніп, оқуға түсетін уақыт өтті. Жас түлек саналы түрде педагогтердің бағыт-бағдар беруімен, өзі сүйетін кәсіпті меңгерсе жейтін наны да тәтті болмақ» деп байлам жасайды. Мамандық таңдау тақырыбы өте өзекті. Алайда сюжетте талапкерге қажет әрі пайдалы ақпарат тым аз. 

Бағдарламаны түйіндеген сюжет коронавирус таралуы, вакцинация, демалыс орындарындағы карантин шектеулерін жинақтапты.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Қуаңшылық, тақыр жерден түк таппаған көтерем мал, жаһандық жылыну. «Басты бағдарлама» авторлары ауыл тұрғындары, аймақ әкімдері, министрліктер мен метеорологтарды сөйлетіп, мәселені жан-жақты талдайды. Тілші Артур Мағзомов су тапшылығы күшейгенін айтып, келер жылы жағдай қандай боларына алаңдайды. 

«Ұр тоқпақ» айдары Павлодарда масаны жоюға жұмсалған қаражатты есептеп, қала тұрғындарын сөзге тартыпты. Өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылары араб шейхтарына Қазақстанда дуадақ құсын (Қызыл кітапқа енгізілген) аулауға берілген рұқсат жайын да  талқылады. Тілшілер осы ақпаратты тексеріп, мұндай келісім қашан және қандай шартта жасалғанын анықтапты. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат жиі таралатынын ескерсек, «Ұр тоқпақ» авторларының фактчекингі де құптарлық іс. 

Азық-түлік қымбаттағаны туралы «Қымбатшылыққа не себеп?» деген сюжетті Берік Дүйсенбай дайындаған. Базарға барып, саудагерлермен әңгімелесіпті. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзін сынап, мәселеге тереңнен бойлап, сарапшыларды ауыл шаруашылығы саласындағы жалған статистика, субсидия жөнінде сөйлетіп, проблеманы басқа қырынан талдайды. Сарапшылар мәселенің себебін айтып қана қоймай, шешу жолдарын да ұсынады. 

Азық-түлік қымбаттауының тағы бір себебі — бензин бағасы. Экономист Рашид Жақсылықов Қазақстан ЕАЭО құрамынан шықса ғана бензин арзандауы мүмкін екенін айтады. Мұны алдыңғы сюжеттен бөлек комментарий етіп берді. 

Әсем Изатқызы бала тәрбиесі жөнінде сюжетінде «Таяқпен тәрбиелеген дұрыс па?» деген сауалға жауап іздейді. Тілші өз-өзінен сұхбат алады. Спикерлер баланы ұрып-соғу жөнінде ойын ашық айтады, зардап шеккен балалар басындағы жағдайды ашық әңгімелейді. Сондықтан бұл әдіс көрермен тартуға болмаса тақырыпты ашуда үлкен рөл ойнамапты. Сюжетте әкесі ұлын ұрып жатқан көрініс, соққыдан үсті-басы көгерген бала бейнесі бар. Тілші мұндай көріністі статдеректі нақтылау, спикерлер сөзін әсірелеу үшін қосты ма? Ауыр тақырыпты жан түршіктірер кадрлармен толықтыра түсуге не себеп болғаны түсініксіз. Бұл әдіс бірнеше рет қолданылды. Тілші сюжетін: «Зерттеулерге сенсек, қазақстандықтардың 75 пайызы балаға қол көтеруге болады» деп санайды. Демек, біздің елде балалардың жартысынан көбі тәртіпті, бірақ тәрбиелі емес, тіл алғыш, бірақ тұлға емес. Ойландыратын нәрсе…» деп аяқтайды.  «Қазақстандықтардың 75 пайызы» дегеніміз сауалнама қорытындысы болса, онда сауалнаманы кім және қалай жүргізгені айтылмады. Дереккөзі жоқ дерекке сүйеніп, байлам жасау тіпті қисынсыз көрінді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік қорығында жоғалып кеткен жеті турист жөніндегі соңғы жаңалықтан басталды. Тағы бір туристің денесі табылды. Әлі табылмаған біреуі іздестіріліп жатыр. Жүргізуші соны айтып, оқиғаның бұған дейінгі жай-жапсарын баяндады. Әрі қарай ресми жаңалықтар шеруіне кезек келді.

Кешегі аптада Ұлыбритания парламентінің депутаттары мен қазақстандық әріптестері арасында видеоконференция өтті. Apta тілшілері бұл отырыс туралы хабарлап, Ұлыбритания депутаттарын сөйлетті. 

Жүргізуші Жайна Сламбек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысына қатысқанын ұзағынан айтып, президент пен шетелдік бизнесмендерді сөйлетті. 

Жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығынан кейін ақылы жолдар саны қысқарды. Ал батыс және оңтүстік облыстарда қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға жем-шөп жеткізілмек. Бұған қаржы бөлініпті. Apta редакциясы осы екі тақырыпта бұған дейін үлкен сюжеттер берген. Жүргізуші Жайна Сламбек бұрын айтылған проблемалардың қазіргі шешімін хабарлады. 

Аптаның басты тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы. Әсіресе картоп пен сәбіз бағасы өсті. Себебін «Apta қонағы» айдарында анықтауға тырысыпты. Сұхбат қонағы — Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Мұндай тақырыптағы талқылауға депутат шақырылуы қисынсыз көрінді. Экономика, ауыл шаруашылығы тақырыбында мамандығы тарихшы депутаттан гөрі кәсіби экономист не салалық министрлік өкілі сөйлесе құба-құп. Айтары аз әрі қысқа сұхбат болды. Депутат базарға барып, көкөніс бағасын біліп қайтқанын, картоп, сәбіз дегеніміз аса қажет тауар екенін айтып, баға өсуіне кінәліні іздейтін риторикалық сауал тастайды. Сұхбаттан кейін көрермен көкейінде жауаптан гөрі сұрақ көбейсе керек. 

Ал азық-түлік қымбаттауының себебін іздеген сюжет сұхбаттан гөрі мәнді де жанды жасалыпты. Тілші базардағы жұртшылықты сөзге тартып, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қарама-қайшы мәлімдемелерінен үзінді келтіріп, министр Сапархан Омаров айтқан 200 теңгелік картопты базардан іздеп, таппайды. Осылайша түсірілім тобы азық-түлік нарығындағы қиын ахуалды жан-жақты көрсете білді. 

Азық-түлік қымбаттағаны аздай, құрылыс материалдарының да бағасы шарықтады. Қазақстандықтардың пәтер сатып алуы қиындап, үйінің құрылысын аяқтауы мұңға айналды. Тілшілер құрылыс материалдары бағасының өсуі тұрғын үй бағасына, бұқараның қалтасына қалай әсер етерін талдайды. Сатушылар, құрылысшылар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, министрлік пен агенттік өкілдері комментарий берді. Сюжет астана маңындағы ауылда тұратын отбасының өмірі арқылы өрбиді. Отағасы үй тұрғызып, шатырын жауып, әрлеу жұмыстарына келгенде ақшасы таусылып қалыпты, өйткені баға екі-үш есе өсіп, жоспарлаған шығынынан асып кеткен. Терезенің орнына «пленка» жауыпты. 

Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19, коронавирусты пневмония және вакцинация бойынша ресми статистиканы хабарлап, туризм тақырыбына ойысты. Коронавирус пандемиясы кезінде ішкі туризмге сұраныс артты, алайда жолдарымыз бұған дайын болмай шықты. Мұндай алғысөз туристік орындарға жеткізер жолдардың нашар жағдайын көрсетуді меңзесе керек. Алайда, күткеніміз орындалмай, Алакөл кереметін, фаунасы мен флорасын таныстыратын сюжетке ұласты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Жаңалықты қалай жазбау керек? «Ақтөбе» газетіндегі мысалдар

«Жаңа репортер» сыншысы Болатбек Мұхтаров ақпарат құралдарында жаңалық мәтіндерін қалай жазбау керек екенін түсіндіреді. Автор «Ақтөбе» газеті материалдарының құрылымы мен тілін мысалға алған. Ол бұған дейін Ақтөбе облысындағы қазақ тілінде шығатын жалғыз ресми әрі ең көне қоғамдық-саяси газеттің мамырдағы 12 санына жалпы талдау жасаған еді.

Жаңалық – оқиға, құбылыс, мәселе, қандай да бір әрекет туралы түсінікті жазылған хабарлама. Оның айтылу-жазылу себебі мен мәтін ретінде арнайы құрылымы бар. Журналист ақпарат алған оқиға немесе шара оған материал жазуға ықпал ете алады, бірақ ондай фактінің өзі жаңалық болмауы мүмкін, журналист материалының жаңалығы тосын, тың, жұртқа маңызды басқа да нәрседе. Сол себепті қандай да бір отырыс өткені, шара өткені жаңалық емес, онда айтылған нәрсе – жаңалық. Ақпараттың мақсатын дұрыс айқындау, мәтінде оны басымдығына қарай сұрыптау кәсіби талап қана емес, жауапкершілік те. «Ақтөбе» газетіндегі жаңалық мәтіндері әңгіменің төтесі тақырыпта (заголовок) көрсетілгеніне қарамастан көбіне «Бәлен күні бәлен жерде бәленнің төрағалығымен бәлен шара өтті, шараға бәлендер қатысты, онда бәлен мәселе талқыланды» деп басталады. Әкімдіктегі, Nur Otan филиалындағы жиын, кеңес, отырыс не басқа жерлердегі семинар, көрме, жәрмеңке атаулы ғасырында бір болатын оқиғадай үнемі бірінші айтылады да, маңызды, қызық, оқырманға пайдалы ақпарат материалдың ортасында, кейінгі абзацтарда тұрады. Журналистердің ең әуелі ақпарат алған оқиғаға ғана акцент қоюының кесірінен материалдар бір-бірінен аумай, жаңалық ретінде мәнінен айырыла жаздайды:

«Бейсенбі күні Nur Otan партиясының қалалық филиалы төрағасы, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен кезекті ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Іс-шарада партия филиалының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары қорытындыланып, партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов есеп берді» (1 мамыр, №48).

«Сәрсенбі күні Nur Otan партиясы облыстық филиалының кезекті ХХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партияның облыстық филиалының және бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері айтылды» (7 мамыр, №50). 

Негізі бұл екі материалдан да жиында проблемалар мен бастамалар айтылғанын көруге болады, бірақ авторлар мәтінде маңызды ақпаратты алға шығарудың орнына конференция өткеніне басымдық береді. 

Ақпарат мақсатын дұрыс айқындамағаннан бірнеше проблема туады: жалған лид, жаңалық құрылымының «төңкерілген пирамида» қағидасына қайшы келуі және мәтін мен қойылған тақырыптың үйлеспеуі. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.

Мәтін басындағы лид бола алмайтын сөйлемдер

«Ақтөбе» газетіндегі жаңалық мәтіндерінде лид жоқ. Лид – жаңалықтың тақырыбынан кейін тұратын фрагмент, ол – мәтінінің қысқаша мәні, «бұл не туралы жаңалық?» дегенге жауап береді. Лид әдетте бояуы қалың қаріптермен жазылады. «Ақтөбедегі» материалдардың алғашқы сөйлемдері солай боялып, лид болып «алдайтынымен» олар жаңалықтың қысқаша мәні емес. Мысалы, «Егін егу басталады» деген атауы бар материал «Облыс әкімдігінде Келдібай Еспағамбетовтің төрағалығымен облыстық қоғамдық кеңес жанындағы экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті» (1 мамыр, №48) деп басталады. Бұл сөйлем қалың қаріппен жазылып, жалған лид болып тұр. Жаңалық жазудың кәсіби талабы бойынша бұл – жай ғана алғашқы сөйлем. Тіпті алғашқы сөйлем болуға да жарамайды. Оның себебін «төңкерілген пирамида» туралы айтқанда түсіндіреміз.

Жаңалық мәтініне қойылған тақырып егіс науқаны басталғаны туралы, бірақ автор оны бірден хабарламай, отырыс өткенін, онда кім сөйлегенін, не дегенін кеңсе хаттамасын толтырғандай баяндайды. Осы материалдың бел ортасында егіс науқаны басталатынынан да нақты екі ақпарат айтылады. Біріншісі – биыл 791 мың гектарға егін егіледі, оның жартысынан көбі – дәнді дақыл. Екіншісі – диқандарға 7,4 мың тонна арзан дизель отыны бөлініп отыр. Бұл материалдың лиді, мысалы, «Осы аптада Ақтөбе облысында 791 мың гектарға егін егу басталады. Фермерлер жаңа техникалар мен арзан жанар-жағармайды қалай алуға болатынын сұрап отыр» деп жазылса, дұрыс болар еді. 

Автор жазып отырған мәтінінің мақсатын анықтауға тырыспаған, лидке, жаңалық құрылымына бас қатырмаған, ең маңызды ақпаратты бірінші хабарлауға да асықпаған. Қолында бар мәліметті тізбелеп жазып шыққан, отырыста қандай мәселелер талқыланғанын да жалпылама сыдыртып өтеді. Алғашқы сөйлемде аталған Келдібай Еспағамбетов бұдан соң «қарасын көрсетпейді». Материалда оны атап кету қандай роль атқарғаны түсініксіз, сол орашолақ сөйлемнен ол қоғамдық кеңес төрағасы болар дегенді топшылау да қиын. 

Алғашқы сөйлемнен табылмайтын маңызды ақпарат 

Журналистикада жаңалық жасаудың негізгі қағидасы «кім, не, қайда, қашан, не істеді, не себепті және қалай?» дегенге жауап беру ғана емес, сонымен бірге ақпаратты жаңасынан, неғұрлым кейінгісінен әрі маңыздысынан бастау екенін айттық, бұл – «төңкерілген пирамида» ережесі. Ақпарат – ең кейінгі жаңалық, жаңалық – ең кейінгі, су жаңа әрі маңызды ақпарат және жаңалық мәтінінің қысқаша мәні лидте тұруы керек. 

«Түлектер кеңес алды» деген материал «Шалқар ауданында мектеп бітіруші түлектерге мамандық және оқу орындарын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар, кеңес беру мақсатында «Менің болашақ мамандығым» атты жәрмеңке ұйымдастырылды» деп басталады. Бұдан кейін «аталған шара кейінгі үш жылдан бері аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық білім бөлімі арасындағы екіжақты меморандум аясында ұйымдастырылып келетіні» айтылады. Негізі бұл қызық жаңалық болуы керек еді, бірақ автор материалда мектеп бітірушілер мамандық таңдау жөнінде не білгісі келгенін және оларға нендей жауап берілгенін тарқатпай, абстракциялап қана шығады (1 мамыр, №48). 

«Жас маман және жаңа технология» деп аталған жаңалық (!) мәтінінің алғашқы сөйлемі – «Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінде «Білім беру процесінде заманауи технологияларды пайдалану» тақырыбында өңіраралық семинар өтті». Автор қызық ақпарат жасауды мақсат етпеген, семинарда мамандар не істегені материалдың соңғы сөйлемінде ғана айтылады (1 мамыр, №48). 

«Дара тұлғаның есімі ұлықталды» деген тақырыбы бар материал да сондай: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, академик, ҚР халық артисі, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай Ақтөбе қалалық мәдениет үйі жанындағы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті» (1 мамыр, №48). Сөйлемнің етістігіне назар аударыңыз: «Ақтөбеде мәдениет қызметкерлері композитор Ахмет Жұбановты еске алып, ескерткішіне гүл қойды» емес, «рәсім өтті». Бұдан кейін «дәстүр» бойынша шараға қатысқандар тізімі беріледі, олар ғалым-композитор туралы естелік айтқаны баяндалады.

Өңірде коронавирус жұқтырғандар мен вакцина алғандар саны апта сайын өзгергеніне қарамастан журналистер тағы да цифрға, статистикаға, проблемаға емес, осы туралы брифинг өткеніне көбірек назар аударады. Тұрақты екі спикер брифинг өткізген сайын тілші Ақбота Қалдыбектің коронавирусқа қатысты ахуал туралы материалдарының да алғашқы сөйлемі өзгермейді:

«Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды мәлімдеді» (7 мамыр, №50).

«Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды баяндады» (15 мамыр, №53).

«Таза қала өзімізден басталады!» және «47 мекеме өкілдері жұмылдырылды» деп аталатын екі материал бір бетте орналасқан. Екеуінің де алғашқы сөйлемі бірдей: «Ақтөбе қаласында 8 сәуірден бастап екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстары басталған болатын» (1 мамыр, №48) және бұл екі мәтіндегі алғашқы сөйлемдер материалдың басына шығатындай жаңалық емес. 

Былтырғы, бірнеше жыл бұрынғы ақпарат, ендігі жаңалық емес әңгіме, әлдеқашаннан белгілі тұжырым, пафос, тағы басқасы ақпарат материалының басына шықпауға тиіс. «Ақтөбе» газетіндегі жаңалық мәтіндері бұл жағынан да сүрінеді.

«Шалқар қаласындағы №6 орта мектеп өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді» (27 мамыр, №58). «Екі отбасының қуанышы» деп аталған жаңалық осы мектепте жуырда болған соңғы қоңырау салтанаты туралы. 

Келесі автор Темір ауданында мектеп бітіргелі отырған жастар жеміс аллеясын ашқанын айту үшін «Былтыр Шұбарқұдықтан үш шақырым жердегі Досжан ишан бағын қайта қалпына келтіру жұмысы қолға алынып, 282 түп тал мен жеміс ағаштары егілген болатын» деп хабарлайды (5 мамыр, №49).

Жем бойына бақ салып, жеміс-жидек еккен азамат туралы ақпарат «Қай уақытта да көкөніс, бақша дақылдары және жеміс-жидек өсіру – ауыл шаруашылығы саласының маңызды бағыттарының бірі» деп, айдан анық тұжырыммен басталады (5 мамыр, №49). 

Дегенмен «төңкерілген пирамида» бойынша жасалған екі жаңалық материалы кезікті. Біріншісі:

«Өңірдегі мүгедек балалардың құқықтары бұзылған. Прокуратураның тексеру қорытындысында 13 баланың әлеуметтік құралмен қамтылмағаны анықталды. Сондай-ақ колледжде оқитын мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге тиесілі мемлекеттік стипендия төленбепті. Бұл туралы облыстық прокуратура ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында айтылды» (13 мамыр, №52). Бұған алып-қосарымыз – жаңа этика бойынша «мүмкіндігі шектеулі» дегеннің орнына «мүгедектігі бар» деген тіркесті қолданған дұрыс.

Екіншісі:

«Енді мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері» атты пән білім беру бағдарламасына енуі мүмкін. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарында балалардың жазатайым оқиғаларының алдын алу мақсатында қалалық білім бөліміне осындай ұсыныс білдірген» (18 мамыр, №54). Бірақ жаңалық мәтініндегі «мүмкін» деген етістік қашан да күмәнді. Болуы мүмкін нәрсе болмауы да мүмкін. Қалалық бөлімнің білім беру бағдарламасын өзгертуге құзыреті де күмәнді. 

Жаңалыққа жарамайтын тақырыптар

Бұған дейінгі мысалдардан газет жаңалықтарында тақырып та дұрыс қойылмайтынын байқадық. Қазіргі заман медиасындағы жаңалыққа «Қауіпсіздік – басты назарда», «Еңбектің дәмі…», «Жас маман және жаңа технология», «Сәні кірген саябақтар», «Жылжымалы кешендердің көмегі», «Тәртіп пен жаза» деген сияқты тақырып қажет емес. Себебі онда субъект, іс-әрекет және объект, ақпаратты білдіретін басқа да компонент толық емес. Іс-әрекет пен оның иесі болмаса, жаңалық та (ақпарат та) жоқ деген сөз. Газеттің сайты бар, демек, интернет-журналистика үшін бұл талап әбден маңызды. «Еңбектің дәмі…» деп аталған материалдың мазмұнына қарасақ, оған «Алға ауданында оқу орны жылыжайға көкөніс екті» деген тақырып қоюға болады. 

Ақпаратта өзінен өзі болатын табиғи оқиға-құбылыстан басқа қимылдың иесі болуы керек. Іс-әрекетті жасаушы аталса, таратылған хабар рас, толық деген сөз. Сол себепті ақпаратта аса мұқтаждық болмаса, үнемі ырықсыз формадан басқа етістікті қолданған дұрыс, қай нәрсені кім істегенін нақты атау керек. Облыстық газет материалдары тақырыбында жақсыз сөйлеммен бірге ырықсыз етіс шамадан тыс көп, әрекетті беймәлім адамдар істегендей немесе олар өзінен өзі болып жатқан сияқты:

«Түзеу мекемелеріне 140 кітап берілді»;

«47 мекеме өкілдері жұмылдырылды»;

«Тұрғындар өтініші орындалды»;

«100-ден аса іс зерттелді»;

«Ардагердің үйінің қасында әскери әндер орындалды»;

«Майдангерлерге құрмет көрсетілді»;

«21 ардагерге сый-сияпат жасалды»;

«Мүгедек балалардың құқықтары бұзылған»;

«Университеттегі «үздік куратор анықталды»;

«Отбасылық ағаш егілді»;

«Талдысайға су тартыла бастады»;

«Ауылдағы кәсіпкерлерге грант беріледі»;

«Қандыағаштың кіреберісінде үш мың көшет егіледі».

Тақырыпта дұрыс құрылмаған сөйлемдер кездеседі: «Қорғаныс министрі орынбасарымен кездесті» деген хабарламадан (22 мамыр, №56) министр өзінің орынбасарымен кездескен екен деп қаласың. Жоқ, облыс әкімі қорғаныс министрінің орынбасарымен кездескен. «Тегін дәрі-дәрмектер заңсыз есептен шығарылған» (15 мамыр, №53). Дұрысы: «Тегін дәрі-дәрмек есептен заңсыз шығарылған. 

Жаңалық мәтіндерінің де, басқа материалдардың да атауына көп нүкте орынсыз қойыла берген: 

«Музей ісі қор қоймасынан басталады…»;

 «Бәкірдің ғасырлық мерейтойына әзірлікті бүгіннен бастасақ…»;

«Қалың қазақтың сүйіктісі еді…»;

«Орталықта түнеп жүр үйсіз-күйсіз талай жан…»;

«Қадір түніндегі тілектер…»;

«Қазақ халқы болмағанда біз аман қалмас едік…»;

«Ашаршылықтың ауыр зардабы: құжаттар сөйлесе…»;

«Тағылымды із қалдырған…»

«Онлайн сауда жасағанда…».

Мәтін сапасын бұзатын тіл элементтері

Журналистика – ауызша-жазбаша, видео не басқа да формадағы ақпаратты сауатты мәтінге айналдыра білу. Кез келген мәтін грамматика-стилистика жағынан олқылықты көтермейді. «Ақтөбе» материалдарында «90-нан астам этнос өкілдері», «100-ге жуық түрлі форматтағы іс-шаралар», «130-дан астам ұлт өкілдері», «көптеген сұрақтар», «көптеген шаралар» деген тіркестер жиі кездеседі. Саны көрсетілген зат есімге, саналмайтын және көптік мәні бар ұғымға көптік қосымша жалғанбайды. «Биылғы жылы», «бүгінгі күні» деген плеоназмдар мен «өткен жылы» деген калька да жиі ұшырасады. «Өтілу» деген етістік қимыл ретінде дұрыс емес, сондықтан «атап өтіледі» дегеннен «аталып өтеді» деген дұрысырақ. «Газ тарту жұмыстары басталды», «вакцинациялау жұмыстары жүріп жатыр», «құрылыс жұмыстары қолға алынды», «тазалық жұмыстары», «жаңғырту жұмыстары» деген тіркестерден көз сүрінеді. «Газ тартып жатыр», «вакцина егіп жатыр», «ғимарат салып жатыр», «жол салып жатыр», «тазалады», «жаңғыртады» деп, «жұмыстары» деген калькасыз («работы по …») жазуға болады. 

Жаңалық материалы емес, дегенмен айта кеткен жөн, «Көше атаулары түзеліп келеді» деген мақалада «Қазір ата-бабасына ауылдың атын беруді сұрайтын ұрпақ көп. Ал ауыл мен көше атаулары кімдерге, қалай беріледі?» деген сөйлем кездесті (15 мамыр, №53). Қолданылған тіркес дұрыс емес: сөйлемді «Қазір ауылға ата-бабасының атын беруді сұрайтын ұрпақ көп. Ал ауыл мен көшеге кімдердің есімі, қалай беріледі?» деп жазу керек, яғни ата-бабаға ауылдың аты емес, ауылға ата-бабаның есімі берілуі мүмкін. «Көп» дегенді жазу үшін статистика керек, «көп» екені қалай өлшенді, қандай дәлел бар? Автор ауыл атауларының дені «қазақшаланғанын» айтады, бірақ әңгіме топонимиканы қазақ тіліне аудару туралы емес, кей жер-су атауының тарих пен идеология бойынша ескіруі турасында. 

«Тәртіп пен жаза» деген тақырыбы бар жаңалық «Көлік жүргізу құқығынан айырылған 14 адамның масаң күйде көлік жүргізгені анықталды» (25 мамыр, №57) деген тавтологиямен басталады.  

Газетте, әсіресе жаңалық мәтіндерінде типографиялық алақұлалық болмағаны дұрыс. Материал авторларының аты-жөні бірізді көрсетілуі керек. Облыстық газетте біресе автор есімі қысқартылады, біресе толық жазылады. Өлшем бірліктері мен «миллион», «миллиард» сөздері де біресе толық жазылып, біресе қысқартылған. 

Айтылған мысалдар газет мақалаларының тілі кезінде ресми баспасөз қалыптастырған таптаурын үлгіден шыға алмай тұрғанын көрсетеді. Қай кезде де жаңалық жазудың кәсіби талабы, үлгісі бар. Қазіргі медианарықта жақсы, сапалы, сауатты мәтін – табыс көзі.

Мәжбүрлі қоныс аудару және көші-қон мәселелері жөнінде тренинг өтеді

Орталық Азия журналистеріне арналған «Мәжбүрлі қоныс аудару және көші-қон мәселелері жөнінде ақпарат тарату: ұсыныстар мен ресурстар» тренингі болады.

Мерзімі: 15 маусым

Сағаты: 14.00 — 15.30 (Алматы уақытымен)

Қайда өтеді: Zoom

Спикер: Виталина Кириловска, БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша БЖКБ құқықтық мәселелер жөніндегі аймақтық кеңесшісі.

БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша Босқындар ісі жөніндегі агенттігі (БЖКБ) Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы халықаралық қатынастар, көші-қон және тағы басқа да аралас тақырыптарға маманданған журналистерді онлайн-тренингке қатысуға шақырады.

Тренинг мақсаты — журналистердің көші-қон және мәжбүрлі қоныс аудару тақырыбына материал дайындағанда даулы тұжырымдар жасауынан сақтандыру.

Оқу бағдарламасы бірнеше бөліктен тұрады:

  • БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі (БЖКБ) және Италиядағы медиа ұйымдары бірлесіп дайындап жатқан Рим хартиясы кейсін таныстыру. Бұл хартия — медианың пана іздеушілер, босқындар, мигранттар және адам саудасы құрбандарымен қарым-қатынасы, олар туралы материал дайындау, жариялау тәртібін айқындайтын кодекс.
  • Мәжбүрлі қоныс аудару терминологиясына шолу
  • Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның (1951 жылғы) негізгі қырларын, журналистерге қандай пайдалы тұстары бар екенін түсіндіру.

Қатысушылар тренингте БҰҰ БЖКБ дайындаған Орталық Азиядағы босқындар және азаматтығы жоқ адамдар туралы соңғы статистикалық деректерді алады.

Тренинг орыс тілінде онлайн өтеді.

Тренингке қатысу үшін 2021 жылғы 13 маусымға дейін мына сілтемені ашып, тіркеліңіз.

Қосымша ақпарат алу үшін мына эл.поштаға хат жазуға болады: kazal@unhcr.org

Жәнібек Нұрыш

«Ақтөбе» қандай газет, не жариялайды, қалай жазады? 

«Ақтөбе» – Ақтөбе облысында қазақ тілінде шығатын жалғыз ресми әрі ең көне қоғамдық-саяси газет. 7 маусымда басылымның шығып келе жатқанына 97 жыл толды. «Жаңа репортер» медиасыншысы Болатбек Мұхтаров облыстық газеттің мамырдағы сандарына талдау жасады.

Газет аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері (мереке күндері өзгеруі мүмкін) А3 форматындағы бір қалың, А2 форматындағы екі жұқа нөмір болып шығып тұрады. Таралымы – 17 700 данадан астам. 24 беттік апталық қалың нөмірдің сырты түрлі бояумен, төрт беттік қалған екі жұқа нөмір ақ-қара түсті болып басылады. Мамырда бес қалың, жеті жұқа нөмір шыққан. Төрт беттік нөмірлерде көбіне жаңалықтар, шағын хабарлар жарияланса, қалыңында аналитика, сұхбат, зерттеу, публицистика, түсіндірме, басқа да көлемді мақалалар бар. Басылымның сайты бар, бірақ мұнда нөмірлердің PDF-нұсқасы салынбайды. 

Еркін колонтитул – материал болса, айдар тегін

Газетте тұрақты айдар жоқ, қалың нөмірдің колонтитулына әр бетке топтастырылған материалдардың тақырып-мазмұнына қарай түрлі сөз айдар ретінде жазылған: «Хабар-ошар», «Ресми», «Дін», «Білім», «Ауыл – ел бесігі», «Тағзым», «Денсаулық», «Мәселе», «Мәдениет», «Спорт», «Футбол», «Қала тазалығы», «Мереке», «Оразадағы әңгіме», «Балдырған», «Қала», «Аудан», «Демалыс». Бір бетке әртүрлі тақырыптағы мақала орналасқан кезде ештеңе жазылмаған. Кей материалдың шекесінде ақпарат таратылған орыннан хабардар ететін «Семинар», «Брифинг», «Прокуратура», «Рейд», «Сенбілік» сөздері айдар болып тұр.

Басылым журналистері апталық нөмір сайын Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына бір талдау-сараптама мақала арнайды. 1 мамыр күнгі (№48) нөмірде 1996 жылы ел өмірінде не болғанын салалар бойынша баяндайтын «Жарық пен жылуға шүкірлік…» деген материал жарияланған. 7 мамыр күнгі (№50) нөмірде «Қазақтың демографиясы: өкініш пен үміт» аталатын мақала тәуелсіздік жылдарындағы халық санағы нәтижесін талдайды, 20 мамырда шыққан (№55) нөмірдегі «Тарихқа – тағзым, болашаққа – бағдар» деген мақалада Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланған 1997 жылғы елеулі оқиғалар тізбектеледі. 

Материалдар көбіне қарсаңда болған оқиғаларға, «күн тәртібіне», белгілі бір атаулы күндерге байланысты жасалады. Мамырдағы алғашқы екі қалың нөмірдің бірнеше беті сол күндердегі мерекелерге арналған. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған материалдар клишеленген сарында – өңірдегі ұлты ұйғыр, шешен, молдаван, белорус, украин, орыс азаматтардың «жүрегі қазақ екені», «Қазақстанды сүйетіні», «қазақша сөйлейтіні», «қазақ салтын ұстанатыны» жауыр болған дәріптеумен әңгімеленеді. Бір елдің азаматтарын ұлтына қарай ажыратып, олардың неше атадан бері тұрып келе жатқан қоғамына әбден сіңгеніне таңғалу не сүйсіну бүгінгі медиа үшін әбестік болуға тиіс еді. 

Бұл айда вакцинация, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, Халықаралық музейлер күні, «100 жаңа есім», «Оқуға құштар мектеп» жобалары, ақын Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығы, қайырымдылық акциялары, оқу жылының аяқталуы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы, Ақтөбе күні, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні тақырыптары газет бетінің көп бөлігін алған. Журналистер теолог Шынтас Қазиханмен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбаймен, ақын, композитор Орал-Қосай Байсеңгірмен, Ақтөбе әкімі Асхат Шахаровпен сұхбаттасқан. 

Қалың нөмірлерден не оқуға болады?

Қалың нөмірлердің бас бетіне Ақтөбе әуежайына Әлия Молдағұлова есімі берілгені, өңірдегі жер-су атауларын реттеу мәселесі, зағип ерлі-зайыпты туралы мақалалар және қуғын-сүргін мен ашаршылыққа қатысты дәйектер топтамасы шығарылған. Демек, әлеуметтік мәні зор тақырыптарға басымдық беріледі. Бас мақалаларға сапалы иллюстрация немесе оларға тікелей қатысты фотосурет қолданылады. Редакция облыс өмірінде болған оқиғаларды газет материалына айналдырған кезде мүмкіндігінше әрқайсынан фото әзірлеп, қолдануға тырысатыны көрініп тұр.

Газетте жөнделмеген жолдар, жұмыссыздық, ауыл проблемалары туралы мақалалар да бар. Дегенмен бұл мәселелер көбіне ресми органдар позициясынан сөз болады, яғни төменнен емес, жоғарыдан. Анонсы «витринаға» шықпай қалған «Орталықта түнеп жүр үйсіз-күйсіз талай жан…» деген мақаланы (15 мамыр, №53) күнтізбе мен ақпарат ағынынан тыс жасалғаны үшін мақтауға болады. Тек әлеуметтік мекемедегі үй-күйі жоқ адамдар тағдыры туралы мақала «орталық директоры Сабырғали Дәулетовпен әңгімелескен едік» деп басталыпты да, кейіпкерге, проблемаға дұрыс мән берілмеген репортаждай болып қалыпты. Кезінде үйі өртеніп, әйелінен ажырасып, далада қалған 75-тегі азаматтың хикаясы дұрыс баяндалса, портреті жасалса, сәтті сторителлинг болар ма еді. Мақала «орталықтағы талай жанды» айтқысы келсе, басқа да адамдардың тағдыры әңгімеленіп, мекеме басшысының мәліметі мәселенің мәнін айқындауға, материалды тұжырымдауға ғана қолданылуы керек еді.

Газеттегі көп мақала сұхбатқа шатыс формада жасалған. Қандай да бір мәселе, оқиға, құбылыс не жаңа жоба туралы тақырып болса, авторлар оның егжей-тегжейіне бірден кірісіп кетпейді. Әуелі сол тақырып туралы кімнен ақпарат алғанын, кіммен сұхбаттасқанын әңгіме етеді. Материалдағы дәйек арасында спикерлердің сөзі беріліп, аты аталып, ақпарат көзі онсыз да түсінікті болатыны ескерілмейді.  

Облыстық газетте өз журналистерінің ғана емес, редакциядан тыс авторлардың, зерттеушілердің, жергілікті мекеме-кәсіпорын қызметкерлерінің, қарапайым оқырманның мақалалары да жарияланады. Баспасөздің осы байырғы дәстүрі контентті жан-жақты түрлендіріп тұрады. Тарихшылардың, музей мен архив мамандарының ғылыми-деректі мақалалары, әдебиет, өнер мен ғылым өкілдері туралы эссе-очерк – газет аудиториясына қызық, пайдалы дүние. «Қателіктерді қайталамау үшін өткеннің шежіресін зерделеу қажет» деген мақалада облыс аумағында Сталин репрессиясының құрбаны болғандар саны нақтыланбағаны, қолда тек ақталған 5 мыңнан астам адамның дерегі бары айтылады. Олардың арасында қазақтар, орыстар, украиндер, немістер, еврейлер, корейлер, татарлар, поляктар және басқалар бар (27 мамыр, №58). Осы нөмірдегі «Ашаршылықтың ауыр зардабы: құжаттар сөйлесе…» деген материалда өңірдегі аштыққа қатысты 1933 жылғы құжат жарияланған. Одан кеңес билігі елде жейтін дым таппай ісінген, жағдайына ешкім назар аудармағанына ашынған, адам жей бастаған тұрғындардың біртіндеп қырылуын сырттай бақылағанын түсінуге болады. 

Өңір тұрғындары елге сыйлы азаматтардың мерейтойына немесе қайтыс болғанына байланысты газетке олардың игі ісі мен адамгершілігін сөз еткен мақалалар жолдап тұрады, бұл – бұрыннан бар үрдіс. Жеңіс күні қарсаңында да бірнеше оқырманның соғысқа қатысқандар туралы естелігі жарияланыпты. Жоғарыда аталған жайттар жергілікті жұрт үшін облыстық газет шығармашылық алаңы бола алатынын және хабар-ошармен бірге көркемдік-танымдық мақалаларға сұраныс барын білдіруі мүмкін. 

Қалың нөмірдің қақ ортасындағы қос бетте телеарналар бағдарламасы жарияланады. Газеттің соңғы беттері спорт жаңалықтарына, жарнамаға, мемлекеттік мекеме хабарландыруларына, еске алу, құттықтау хабарламаларына, некрологтарға, балалар шығармаларына арналады. 

Ресми мәлімдемелердің иесі априори белгілі

Басылымның негізгі контенті – ел, өңір өміріндегі жаңалықтар. Алғашқы беттерде облыс пен қала әкімдіктерінің, Nur Otan партиясының жергілікті филиалдарының, мемлекеттік мекемелердің жұмысына қатысты хабарламалар, билік өкілдері қатысқан шаралар туралы материалдар, одан кейін аудандардың қоғамдық өмірінің білім беру, медицина, кәсіпкерлік, мәдениет сияқты түрлі саласы бойынша жаңалықтар жарияланады. Журналистердің өзі жазған ақпаратпен бірге облыс пен қала әкімдерінің баспасөз қызметі ұсынған ресми хабарламалар да басылады. 

Облыс әкімі – априори ақпарат көзі, негізгі ньюсмейкер, аптаның ақпарат картинасын жасаушы. Атқарушы биліктің ақпарат құралында жағдай басқаша болуы, әрине, мүмкін емес. Өңір басшысынан тараған хабар-ошардың, оның жұмысы туралы материалдардың тақырыбында сол себепті қимыл иесі тіпті аталмайды: «ҰБТ-ның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды» (13 мамыр, №52), «Қорғаныс министрі орынбасарымен кездесті» (22 мамыр, №56), «Өзбекстанның Қазақстандағы елшісімен кездесті» (25 мамыр,  №57). «Ақтөбе» редакциясы аудитория өңірдегі негізгі ресми ақпарат жасаушы тұлға басқа емес, облыс әкімі ғана екеніне «көз үйреткендей». «Тұрғындардан түскен шағымдар мен ұсыныстар жауапсыз қалмауға тиіс» (5 мамыр, №49), «Партиялық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр» (7 мамыр, №50), «Жол сапалы салынуы керек» (20 мамыр, №55) деген мәлімдемелердің иесі де «атамай-ақ түсінікті».

Газет журналистері жаңалықты қалай жазатынын, басылым материалдарының тілі мен редактурасын келесі талдауымызда баяндаймыз. 

«Ақтөбе» — қазақ тіліндегі «Керек.info», орыс тіліндегі «Актюбинский вестник», «Диапазон», «Эврика», «Актобе Таймс» газеттерімен бірге облыстың қоғамдық-саяси өмірінен хабардар ететін басылым. «Актюбинский вестник» екеуінің нарықтағы өзге бәсекелестерінен айырмашылығы – жергілікті атқарушы билікке тікелей тәуелді екені. Соған қарамастан облыс өміріндегі маңызды мәселелерді мүмкіндігінше назардан тыс қалдырмауға тырысады.

Қуаңшылық, қоқыс және жастар форумы. 31 мамыр — 6 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Мамыр соңы — маусым басын қорытындылаған апталық бағдарламаларға ортақ тақырып — ақылы жол жүйесіне қарсылық және қуаңшылық. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің санкцияларға жауап турасындағы мәлімдемесін тек Apta бағдарламасы айтты. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

5 мауcым — Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күніне орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твит жариялады. «7 күн» жүргізушісі Дархан Әбдіуахит бағдарламаны президент твитін сөзбе-сөз оқудан бастады. «7 күн» авторлары Президент пен Елбасы жөніндегі оқиғаларды қалт жібермеуге тырысады. Сондықтан бағдарламаның алғашқы жартысы міндетті түрде Мемлекет басшысы мен Тұңғыш президенттің кездесулері, қабылдаулары, қатысқан жиындарына арналады. 

Бағдарламаның алғашқы бес минутын Президенттің халықаралық ұйым өкілдерімен кездесуін баяндауға арнаған Дархан Әбдіуахит «…Осылайша, бір аптаның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш халықаралық ұйыммен ынтымақтың көкжиегін кеңейту мәселелерін қарастырып, талқылаулар өткізді…» деп топтаманы қорытындылады. 

Президенттер жұмыс сапармен келген Армения президенті Армен Саркисянды қабылдаған болатын. Сондай-ақ, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов та елімізге келіп, ресми кездесулер өтті. Осы және басқа да қабылдаулар жеке бір сюжетке арқау болыпты. Тараптардың кездесуде сөйлеген сөзі мен айтқан мәліметінен тұратын ұзақ сюжет. 

«Ақтаңдақтар ақиқаты» деп аталатын сюжет 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналыпты. Сюжет тарихшы Кемел Ақышевтің ашаршылықтан аман қалып, сақ қорғандарын, «Алтын адамды» тапқанын баяндаудан басталады. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың «АЛЖИР» мемориалды мұражайына барғаны, мұражайдағы жәдігерлер, Тұрар Рысқұловтың немересі әжесінің сандығын мұражайға тарту еткені баяндалады. Қызылордада ғылыми-практикалық конференция өткені де сөз болды. Сонымен қатар, елордада «Ашаршылық» аталатын үш томдық деректер жинағы жарияланғаны да айтылды. Сюжет Кемел Ақышевтың өмірінің соңында ашқан жаңалығын айтумен тәмамдалды. Тым көп мәлімет берілген сюжеттен «Ақтаңдақтар ақиқаты» аңғарыла қоймады. 

Тілші Нұрболат Жаңаберген Нұр-Сұлтанда «… карантиндік талаптар қалай сақталуда, соны білу үшін және қаланың тыныс-тіршілігімен танысу үшін» жолға шығыпты. «Карантин: бас қаланың бір күні» атты сюжетте тілшімен бірге көрермендер де вокзалда, Нұр-Астана мешітінде, № 79 мектеп-лицей, Есіл өзені жағалауындағы Кенесары хан ескерткішінің маңындағы алаңқай және қаладағы мейрамханалардағы жағдайды бақылап көріпті. Алаңқай мен мейрамханадағы жағдайды тілші сынға алады. Мұнда тілші емес, жауапты маман пікірі қажет еді. Сюжетте тілші өзі сынап, өзі байлам жасап жүргендей көрінді. 

«Мал шығыны көп». Жер-жердегі қуаңшылықтан шаруа малы қырылып, мал азығы қымбаттағаны жайлы сюжет осылай аталды. Сюжетте Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы жағдайды баяндап, тұрғындардан, жергілікті билік өкілдерінен сұхбат алып, проблеманы шешу жолын талдайды. 

«Маман тапшылығы» деп аталған сюжет құрылыс саласында білікті мамандар жоқ екенін мәселе етіп көтеріпті. Сюжеттің алғысөзінде хабар жүргізушісі Дархан Әбдіуахит те бұл мәселені айтып, нақты сандардан дерек келтірген еді. Ал сюжетте жас мамандардың бұл салаға келуге құлық танытпайтыны, көбіне шетелдік жұмысшы күші қара жұмысқа көбірек тартылатыны айтылды. Ал 18 жасар Дариға Сабанбаева кәсібі туралы әңгімелегенде кадрда оның орнына сюжеттің басқа бір спикері Қанат Түгелбаевтың сөйлеп тұрғаны көрсетіледі. Осылайша Дариға есімді қыз жұмбақ кейіпкер боп қалды. Тіпті сюжет арасында Дархан Әбдіуахиттің студияда сөйлегені, ал кадр сыртында сюжетке қатысты ақпарат баяндалып жатты. 

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазба жариялаған. Өткен аптада Шарын шатқалында балалар  өлімімен аяқталған төтенше оқиға болған еді. «7 күн» осы оқиғаларға орай «Балалар қауіпсіздігін» жеке сюжетке арқау етіпті. 

2021 жыл — Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланған. Қазір балалар қандай кітап оқығысы келеді, Гүлжан Мархабаева осы жайында сюжет әзірлепті. Балалар қандай кітап оқығысы келеді, олардың пікірі қандай екені беймәлім, өйткені, балалар туралы сюжетте олардан пікір алмапты.. 

Президенттің қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауы «7 күн» назарынан тыс қалмады. Ал сюжет «Біз — ел патриотымыз» форумына арналыпты. 

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Қоқыс шығарудан алдымызға жан салмайды екенбіз». «Басты бағдарлама» жүргізушісі Берік Дүйсенбай бағдарламаны осылай бастады. Тілшілер Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күніне «Қоқыс басқан Қазақстан» деген сюжет әзірлепті.

Елордадағы қоқыс сұрыптайтын жалғыз зауыттан түсірілген сюжет Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Құстар әні» әуенімен қалдық үстінде қалқыған құстарды көрсетіп басталды. Ұтымды. Сонымен қатар, елордадан отыз шақырым жердегі «Тойтөбе» ауылы маңында ашық полигонда жиналған қоқысты аралап көрген Әсем Изатқызы, экологтарды, сала мамандарын, министрлік өкілі мен Целиноград ауданы әкімінің орынбасарын сөзге тартыпты. Маңызды тақырыпқа арнлаған толымды сюжет. 

«Атың шықпаса, ақша төле». «Ұр тоқпақ» айдары Алматы әкімдігінің қаланы туристік әлеуетін жарнамалау үшін алыс-жақын шетелден 40 блогер алдырып, соған 26 млн теңге жұмсамақ ниеті желі қолданушыларының сынына ұшырағанын айтыпты. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері оқу практикасында шөп жұлып жүр деген ақпаратты тексеріпті. 

Елімізде жалпы ұзындығы 6000 шақырымдай болатын 18 бағыттағы жол ақылы болуы мүмкін. Жер-жерде көлік жүргізушілері бұған наразы екендерін білдіріп жатыр. «Басты бағдарлама» редакциясы осы оқиғаны жан-жақты талдапты. 

4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні. Әсем Изатқызы бұл мерекенің нақты қай күн екенін шатастырып алса керек әлде бағдарлама 5 маусымда эфирге шығатынын ескермеді ме екен, алғысөзін «…бүгін маңызды дата, Ұлттық рәміздер күні» деп бастады. «Рух пен рәміз» деп аталатын сюжетте елімізде рәміздерге көрсетілетін құрмет, оны бүлдіруге қатысты қолданылатын заң шаралары, жауапты министрлік жайлы мағлұматтар беріліп, елордадағы Мемлекеттік ту ілінген бас бағанға жауапты жеке компания мен күзететін құзырлы орган өкілінің пікірі беріліпті. Алайда аңдатпада пікір айтқан гүл өсірушінің сөзі сюжетке енбей қалған. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауабынан, яғни Қазақстан Республикасы ЕАЭО елдерінің «шоғырландырылған шаралары» туралы басқа мемлекеттердің санкцияларына жауап ретінде ешқандай келіссөздер жүргізбейтінін атап өткенінен басталды. Ресей мен Беларусь елдеріне қарсы санкциялар тарихын да айтып берді. 

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен, ҚХР жетекшісімен сөйлесіп, Өзбекстан премьер-министрімен кездесіп, Өзбекстан президентімен телефонда сөйлесіп, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ташкентке барып, Қазақстанға Армения президенті келді. Мұның барлығын студиядан сюжетсіз хабарлады. Соңғы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасында қызу барыс-келіс жүріп жатыр. Неліктен екенін бағамдайтын сарапшы пікірі жетіспеді. 

Қазақстанның бірнеше облысында мал қуаңшылықтан қырылып жатыр. Сюжет Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облысынан түсірілген. Жер тақыр, жем-шөп жоқ, бар болса да өте қымбат, су тапшы, мал көтерем. Үш айда Маңғыстау облысында 1400 бас мал өліпті. Шаруалар жұт келгенін айтып, төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Сұмдық кадрлары бар шынайы сюжет.

Ақылы жол жүйесін енгізуге қарсы жүк көлігі жүргізушілерінің ереуілі туралы сюжет толымды әрі жан-жақты жасалыпты. Жүргізушілер комментарийі, депутаттар, жауапты министрлік пен «Қазавтожол» пікірі де бар. 

COVID-19, коронавирусты пневмония және вакцинация жағдайынан хабардар ететін ресми статистикадан кейін жайма базар мен сауда орталығының ішінде отыратын саудагерлер мәселесіне ауысты. Олар бір-бірін айыптап жатыр: баға қымбат екенін, антисанитария сақталмайтынын, тауарды қайдан әкелетінін айтады. Әкімдік өкілдеріне, экономист, әлеуметтанушы, ІІМ өкіліне сөз беріпті. 

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30» жыл айдары 2001 жылды еске түсірді: 11 қыркүйекте АҚШ-та болған теракт, Рим Папасының Қазақстанға келуі, Ауғанстанда әскери операция басталуы, Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл, Тәуелсіздік пойызы, КТК консорциумы, ҚХР-мен трансшекаралық өзен суын бөлісу туралы келісім, Семейдегі аспалы көпір, «ҚДТ» қозғалысы құрылуы, «Ұлытау» тобының жеңісі. 

Жазғы демалыста балаларды қайда жібереміз? Баласын лагерлерге, үйірмелерге жіберуге ата-ананың шамасы жете ме? Міне, осы сауалға жауап іздеген сұхбат эмоцияға толы. Бассейн, үйірме, секцияларға бару қымбат, ал көптеген ата-ананың кірісі керісінше мардымсыз екенін баяндаған сюжет. 

Apta соңы да «7 күн» бағдарламасына ұқсас аяқталып, «Біз — ел патриотымыз» жастар форумы қалай өткенін баяндаған ақпарат түйіндеді. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Балалар көретін қазақша телебағдарламалар. Тізімде Balapan арнасы жоқ

Балалар теледидардан жасына лайық бағдарламадан басқаның барлығын, яғни түрік және үнді телехикаяларын, ересектерге концерттер мен ересектерге арналған көркем фильмдер көреді. 16 жасқа дейінгі балаларды қызықтырған қазақша топ-20* бағдарламалар тізімінде бір мультфильм ғана бар екен. Есесіне тізімге бес сериал, қазақстандық эстрада жұлдыздарының түрлі концерті, триллер, отбасылық драма және комедия еніпті.

Бізде қазақ тілінде балаларға арналған контент көрсететін Balapan телеарнасы бар екенін ұмытпайық. Білдей мемлекеттік арна. Алайда 2020 жылғы қыркүйек — 2021 жылғы мамыр аралығында балалар көрген топ-20 бағдарлама қатарына Balapan арнасының ешбір өнімі кірмеген.

Телеарнаның бар күш-жігері зая кетіп жатқандай көрінеді, өйткені арна эфирінен көрсетілетін бағдарламаға балалар қызыға қоймайды. Мәселен, бүлдіршіндерге арналған «Алпамыс» мультхикаясын, ағылшын тілін үйрететін «Саяхатшы Дара» мультфильмін де керек етер бала жоқтың қасы. Қазақстан тарихы мен табиғаты туралы «Ғажайып өлке» телехабары да, былтырғы оқу жылында қашықтан оқыған балаларға көрсетілген телесабақтар да танымал бола алмапты.

Есесіне 16 жасқа дейінгі аудиторияның 70 пайызы QAZAQSTAN арнасындағы ойын-сауық бағдарламаларды көріпті. Топ-20 тізіміне енген бағдарламаның 90 пайызы — ересек аудиторияға арналған контент (түрік-үнді телесериалдары, шетелдік және қазақстандық көркем фильмдер, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті) болса, қалған 10 пайызы ғана — балалар контенті.

10 пайыздың еншісіндегі екі фильм де қазақ тіліне тәржімаланған шетелдік өнім: «Джунгли кітабы» фильмі және «Ральф интернетке қарсы» мультфильмі.
Екі фильм де QAZAQSTAN ұлттық телеарнасынан жаңажылдық демалыста көрсетілді. Топ-20 тізімінде көш бастап тұр.

Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» шығармасы желісімен түсіріліп, 2016 жылы жарыққа шыққан фильм Маугли деген баланың өмірін баяндайды. Қазақ тіліне тәржімаланған фильмді ересек аудитория да сүйіп көрген.
Ал дисней өнімі — «Ральф интернетке қарсы» мультфильмін ата-аналар баласымен бірге отырып көрген сыңайлы.

Балалар үшін ең танымал 20 қазақша бағдарламадағы «нағыз» балалар контентінің тізімі осымен шектеледі.

Балалар Balapan арнасынан шығатын «Немене» жасөспірімдер сериалының орнына үнді және түрік мелодрамаларын тамашалапты. «Немене» сериалы қала баласы Ерасылдың ауылға, ата-әжесінің үйіне қыдырып келіп, ауылда жүрген күндерін көрсетеді.

Балалар көретін шетелдік сериалдар тізімін «Кекеш келін» үнді сериалы бастап тұр. «Кекеш келін» сериалында қазақстандықтар жақсы көретін «сұлу да ақылды қыз» Тапки бас рөлді сомдайды. Телехикая Аstana TV арнасынан көрсетілді, сәуірде аяқталды. Оның орнына Болливудтың тағы бір мелодрамасы — «Тұмарым» келді. «Тұмар» қыздың оқиғасы да балалар мен ата-аналары үзбей көретін сериалға айналып жатыр.

Рейтинг** көрсеткендей, «Біздің әпке» түрік телехикаясы топ-20-ның алғашқы бестігін түйіндейді. Айта кетейік, қазақ тілінде контент тұтынатын балалар аудиториясын қызықтырған түрік телехикаяларының қатарында «Сұлтан Сүлеймен», «Келін әні» және «Фатмагүл» сериалдары да бар.

Топ-20 тізіміне балалардың ересектер контентіне қызығушылығын дәлелдейтін екі көркем фильм еніпті. Мәселен, америкалық «Адреналин» триллері өзін жәбірлеген адамдардан кек алатын киллер оқиғасын баяндайды. Бұл фильм 18 жасқа толған көрермендерге арналған.

Белгілі КВН ойыншысы әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев түсірген «Америкадағы қазақша бизнес» комедиясының да шекті аудиториясы — 16 жасқа толған адамдар. Бұл комедия алдыңғы бөлімдегі бас кейіпкер Жомарттың отбасылық қонақүйіне халықаралық мәртебе алу хикаясын баяндайды. Фильмнің қазақшасын интернеттен де, Qazaqstan телеарнасының сайтынан да таппайсыз.

Тізімдегі көркем фильмдер қатарында шымкенттік режиссер Серік Таласовтың 2018 жылы түсірген «Гарантия» отбасылық драмасы бар. Осы фильм ғана балалар аудиториясына қисынды жалғыз туынды боп отыр. Фильмнің бас кейіпкері — отбасындағы жанжалдан зардап шеккен жасөспірім Олжас.

Әжесі анасын жақтырмайды, әкесіне анасына қол көтереді. Ол бақытты отбасында дүниеге келген сыныптасына қызғана қарайды.

Qazaqstan телеарнасынан көрсетілген «Жақсылықпен кел, Жаңа жыл», «AYA #Maqpalsher» концептуалды концерті«, «Жап-жақсы Жаңа жыл 2020»,» Түркістан — достық мекені»,» Ән мен әнші kz»,» МузАРТ ансамблінің концерттері топ-20 тізімінде бірдей жеті орынға шығыпты. Балалар тоғыз айда осы концерттерді де сүйіп тамашалағанға ұқсайды.

Бір қызығы, Тұрсынбек Қабатовтың ересектерге арналған әзілдерден тұратын «Azil alemi» әзіл-сықақ бағдарламасы да үздік жиырмалыққа еніпті. Дина Төлепбергеннің «Астарлы ақиқат» ток-шоуы (КТК телеарнасы) да балалар көп көретін топ-20 тізімінің соңына жайғасыпты.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.
** Рейтинг — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудитория. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.