Домой Блог Страница 32

«Әкемізге қалыңдық»: балаларға алдамшы үміт сыйлайтын реалити-шоу

Қазақстандық телеарналар жиі айналып соғатын бір тақырып болса, ол — үйленетін еркек пен тұрмыс құратын әйел туралы реалити-шоулар. “Екі жарты — бір бүтін” сөзін ұран еткен бағдарламалардың көрсетері жалғыз оқиға: ол — өмірлік серік іздеу. “Еуразия бірінші арнасы” эфирінен шығатын “Әкемізге қалыңдық” реалити-шоуының да айтары осы тақырып. Бұл бағдарлама әйелінен ажырасқан әкелерге жар іздейді. “Жаңа репортер” медиасыншысы Меруерт Хусаинова жаңа маусымы басталған реалити-шоудың өткен маусымын шолып шықты.

“Қазақстанда тұңғыш рет … Өмірді өзгертетін жоба”

“Әкемізге қалыңдық” реалити-шоуының алғашқы маусымы 2019-2020 жылдары әр аптаның жексенбісінде эфирге шықты. Бірінші маусымы 10 эпизодқа жалғасты.
Телеарна сайтында бұл жоба туралы:

“Жалғызбасты әке өзіне өмірлік серік, балаларына аялы алақанды қамқор ана іздейді. Ер азаматтар жобамыздың көмегімен өзіне жар болар, өзі таңдаған азаматтың балаларына мейірбан ана болар жанды жолықтырудан үмітті. Бұл – толыққанды бақытты отбасын құру үшін таптырмас мүмкіндік!”

деп жазылған.

Реалити-шоу: “Елімізде олар 60 мыңнан асады. Жалғызбасты әкелер. Олар баланы қалай тәрбиелеуді, ана орнына ана, әке орнына әке болуды да үйренген” деп басталады.

Ажырасқан жұптың балалары көбіне-көп анасымен бірге қалатынын жиі естиміз. Ал мұнда керісінше, ажырасқан жұптың балалары әкесімен бірге қалған. Енді әкесі мен балалары бірігіп, ана болар әйел іздейді.

Көпке қызық-ақ тақырып. Қаншама бала анасынан жырақта, әке тәрбиесінде өмір сүріп жатқаны да елең еткізер жайт. Өзекті-ақ.

Жобаның “Әкемізге қалыңдық” деген атауына мән берсек, «әкесіне қалыңдық» іздеуші балалары болуы тиіс. Ал әкесіне жар іздейтін балалар әдетте ересек болатыны белгілі. Атауына қарап, егде жастағы ер кісіге ересек перзенттері жар таңдап берер, деген ой болғаны рас. Шын мәнінде, бірінші маусым түсіріліміне қатысушы әкелердің ең үлкені 40-45 жаста болса, қалғаны 30 жас шамасындағы ер азаматтар.

Бағдарлама басталғанда реалити-шоу шартын түсіндірмейді. “Тұрмыс құрамын” деген қыз-келіншектер еркектің үйіне барып, есігін қағады. Сөйтсек, жақынырақ танып-білуі үшін бір аптадай ер адамның үйінде тұруы керек екен. Бір қызығы — екеуі алдын араласпаған, бірін бірі көрмеген. Балалары да бірін бірі танымайды. Бұған дейін өз отбасында өмір сүріп келген балалар бір апталық сынақ мерзімінде жаңа жағдайға бейімделуі керек.

10 кейіпкер — бес жұп

Реалити-шоу авторлары сценарий жазғанда жұптар жарасымдылығын ескере бермепті. Мұны бірінші маусымдағы бес жұптан байқаймыз.

Мәселен, бірінші эпизодта қазақшасы нашар, көбіне орысша сөйлейтін, қала тұрмысына бейімделген Самалды баласымен бірге Алматыдан шалғайдағы Қақпақ ауылында тұратын ер адам, ұлты қазақ — Әметтің үйіне “әйелі болуға” жібереді. Әметтің екі баласы, Самалдың бір баласы бар.

Әметтің ағайындары баласын жетектеп келген Самалды думандатып қарсы алып, басына орамал салады. Ұлттық салт-дәстүр тұрғысынан қарасақ, орамалды осы шаңыраққа келін болатын адамға ғана салады. Ал мұнда реалити шоу кейіпкеріне орамал салынып, жөн-жоралғының барлығын жасайды. Самал Әметпен жараса ма, жоқ па, әлі белгісіз. Ол бір апта сынақ мерзіміне келген адам. Алдағы жағдай қалай болары беймәлім.

Ал егіз жігіттер Алинаны қарсы алып, «Қайсымызды таңдайсың?» дейтіні бар.
Реалити-шоуға қатысушылардың бірі Зәуре ауылда тұратын Үмітбектің үйіне қандай үмітпен барғаны түсініксіз. Зәуре — қала өміріне әбден үйреніп, қалаға бейімделіп, тұрмысы бақуат әйел. Сөйте тұра бір апталық сынақ өмірін ауылда өткізбекші. Қалада тұруды құп көретін Зәурені ауылға жіберіп, жұп етпек болған сценарийстер жоспары да қисынға келмейді.

Ал ауылда тұрғысы келмейтін Гүлбазарға қалада тұрғысы келмейтін Жалынды жұп етпек болғандары тіпті қисынсыз. Жалын — ауылға көшуді жоспарлап жүрген адам.
Екі сөзінің бірінде “Ауылда тұра алмаймын”, “Ауылдың адамы сияқты” дегенді жиі айтатын Гүлбазар Жалынның үйіне барып, үш ұлдың анасы рөлін бір апта сомдайды.

Ал бесінші жұп Перизат пен Ержанды бір-біріне қосуға не түрткі болғаны еш түсініксіз. Ержанның айтуынша, бұрынғы әйелі жеңілтек мінезді, балаға қарамайтын адам болыпты. Соған қарамастан оны отбасы жауапкершілігіне атүсті қарайтын Перизатпен жұптастыруы әрі мазақ әрі қиянат болып көрінді. Әйелінен қалған 6 айлық баласына өзі қарайтын Ержанға “Оскар” сыйлығын армандайтын, әртіс болғысы келетін Перизат жар болмайтыны анық еді. Жоба продюсерлері мұны білсе керек, әйтсе де оларды жұп етеді.

Реалити-шоудың әлқисса эпизодынан-ақ таңдалған жұптардың еш үйлеспейтіні, бір-біріне кереғар екені көзге ұрып тұрды.

Еркектер бұрынғы әйелі туралы көбіне көп жағымсыз әңгіме айтады. Айтқандары рас болса, Әметтің де, Үмітбектің де, Жалынның да, Ержанның да әйелі жеңіл жүріске жақын, үйден кетіп, хабарсыз жоғалатын адамдар екен. Бәрінің де тағдыры соншалық ұқсас па әлде сәтсіз құрастырылған өтірік пе? Бағдарламада “әйел үйде отыруы керек”, “әйел тамақ істеп, кір жууға міндетті”, “әйел еркекке қарап дауыс көтеруіне болмайды”, “үй тазалап, балаларыма қарап отыратын әйел керек” деген сөздер өте жиі айтылады. “Саған әйел болам” деп есік қағып, келіп тұрған соң еркектер сценарийға сай, сондай сөз айта ма әлде түсініктері ме? Жобада әйелді кемсіту алға шығып, адамға құрмет екінші орынға ысырылады.

“Сенің анаң болады”

“Өмірді өзгертетін жоба” деп ұрандатқан реалити-шоу талайдың тағдырына өшпес таңба қалдырады. Жобада ересектерден бөлек, балалар да бар. Реалити-шоуда балалардың сезімімен ойнайды. Оларға “жаңа мамаң келді» деп айтып, алдау — балаға тым ауыр тиеді.

Мәселен, жалғызбасты әкенің үйіне бір аптаға келіп, өмір сүрген Гүлбазар Жалынның үш ұлына қатты ұнайды. Үшеуі бұған дейін өздері үй жинап, ыдыс жуғанын айтып, “енді анамыз бар, бізге бәрін сол жасап береді” деп қуанады.

Бір апта бірге ойнап-күлген олар Гүлбазардың бұл үйде қалмайтынын да ұмытқандай. Өкінішке қарай, бір аптадан кейін қызын жетектеген Гүлбазар да, осы жобадағы басқа әйелдер де өз үйіне қайтады.

Қандай шоу болса да балаға: “Сенің анаң болады” деп бөтен әйелді таныстыру, сол әйелді анасы ретінде бір апта бойы қабылдату, кейін “болмайды екен” деп үмітін үзудің балаға зиян салдарын елеп-ескермейді.

8-эпизодта Әметтің түнде далаға шығып ойнамақ болған қызына «Түнде далаға шығуға болмайды» деп ескерту жасаған Самалдың басы дауға қалады. Самал мен Әмет балалардың көзінше дауыс көтеріп, айғайласады.

Осы эпизодта Жалынның ұлдары «жаңа мамасы Гүлбазарды» қимай, мұңаятын сюжет бар. Әкесі үш ұлын жанына жинап, «жаңа мамалары» туралы сұрайды. Үш ұлы да жарысып: «Жаңа мамамыз қатты ұнады. Бізге ана болуға лайық» деп айтады. Көздерінен қуаныш нұры анық байқалады. Өкінішке қарай, үш ұлды үміті алдады. Жалын жар етіп таңдамайды.

“Бақытын табуға арналған таптырмас мүмкіндік беретін жоба” деген реалити-шоудың мақсаты мен мазмұны екі түрлі.

Не мінезі, не өмір салты, не көзқарасы үйлеспейтін жұптар маусым соңында, 10-эпизодта таңдау жасап, шешім қабылдайды. Қандай шешім қабылдайтыны шоу ортасына жетпей мәлім болады. Реалити-шоуға тән “ақыры не болар екен” дейтін интрига басталмай жатып жоғалады.

Әр эпизодтың ұзақтығы бір сағатқа жуық, бірақ оның 70%-да алдыңғы эпизодтағы сюжеттерді қайталайды.

Түйіндей келгенде, “Әкемізге қалыңдық” реалити-шоуы екі жартыны бір бүтін қылуды емес, керісінше жұптардың ажырасуына себеп болатын жайттарды көрермен назарына ұсынғандай. Балаларды қатыстырып, шоу жасап, оларды жылатып, мұңайту да сәби үмітін алдағандай әсер қалдырады.

Internews коммуникациялық аудит жүргізетін серіктес іздейді

Internews өкілдігі Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы ақпараттық арналарына аудит жүргізетін серіктес іздейді. Аудит мақсаты — аталған елдердегі “MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасының” сыртқы коммуникация тиімділігін бағалау. 

Аудит жүргізетін серіктес байқау арқылы анықталады (жеке немесе заңды тұлға: маман немесе зерттеу агенттігі).

Серіктестің міндеттері:

  • Internews-пен бірігіп, аудит жүргізу әдістемесі мен форматын дайындау, бекіту;
  • Аудармашылар жалдау (қажет болғанда) және олардың жұмысын үйлестіру;
  • Далалық кезең өткізу, талдау және аралық кезеңде тапсырыс берушіге таныстыру;
  • Сыртқы байланыс стратегиясын жетілдіру бойынша қорытынды ұсыныстар жасау; 

Талаптар: 

  1. Халықаралық және жергілікті ұйымдарға, компанияларға маркетингтік, әлеуметтік зерттеулер жүргізу бойынша кемі 5 жылдық тәжірибесі;
  2. Аймақ деңгейінде жұмыс істеу, Орталық Азия бойынша аймақаралық зерттеулер жүргізу тәжірибесі
  3. Орталық Азия медианарығын білуі;
  4. Аймақта соңғы 3 жылда жүргізілген медиа зерттеулерден хабардар болуы;
  5. Ұйымдастырушылық қабілет, материалды таныстыра білуі, қарым-қатынас жасай алуы;
  6. Аналитикалық ойлау мен статикалық деректерді өңдеу машығы.

Техникалық тапсырманы kz-info@internews.org эл.поштасына хат жазып, сұратуға болады.

Байқауға қатысу үшінkz-info@internews.org эл.поштасына  мына құжаттарды жіберу керек:

  • Ілеспе хат;
  • Өтініш берушінің резюмесі, команда мүшелерінің резюмесі (егер команда жасақталса)
  • Бұған дейін жасаған ұқсас бағалау жұмыстарыңызды көрсетіңіз;
  • Бюджет ұсынысы

Өтініштер kz-info@internews.org эл.поштасына 2021 жылғы 28 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Хат тақырыбын “Коммуникациялық аудит жүргізуге өтініш” деп жазыңыз. 

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Жәнібек Нұрыш

«Бай-қуатты болайық!». Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естеліктер

2021 жылғы 17 ақпанда белгілі тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ телевизиясының корифейі атанған Нұртілеу Иманғалиұлы 70 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Нұртілеу Иманғалиұлының телевизияда «Жадыңда ма, жолдас?!» хабарынан басталған еңбек жолы 45 жылға жалғасты. «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас»,  «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары қалың көрермен есінде қалды. «Бай-қуатты болайық!» деген бір ауыз сөзі көпшілік арасына кең таралған Нұртілеу Иманғалиұлы ортасына ерекше сыйлы тұлға болды. 

“Жаңа репортер” редакциясыны ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Әріптестері, журналистикадағы іні-қарындастары ол кісі туралы естеліктер жариялады. 

Сенат депутаты, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт әріптес ағасы жайында:

«Тұмар» телевизиялық сыйлығының қазылар алқасына мүше болған Нұртілеу ағам “сыйлықты Инстаграмда оқырманы менен әлдеқайда көп жүргізушіге береміз” деп айтылғанда, “Журналистика әлеуметтік желідегі лайктармен өлшенсе, мен мүшеліктен шығамын! Күнде әлеуметтік желіде, экранда жеңіл-желпі тақырыпта жазып-сөйлеу бір де, аптасына бір рет ТВ-ға шығып руханият, тұлғатану туралы хабар жасау басқа. Екеуін тіпті салыстыруға келмейді. МЕН қарсымын!» деп, ұстанымын жасырмай, төтесінен айтып, кабинеттен шығып кетіпті. Дәл осы позицияны ұстанған Нұртілеу ағамыздың қасында тағы екі-үш аға буын журналистер болған екен. Кәсіби ортада беделі ерекше «Тұмар» сыйлығы маған осылайша бұйырыпты. Төрт жыл өткеннен кейін, Нұртілеу ағамның дүниеден озған қаралы күні дәл осы естелік есіме түсіп, тамағыма өксік тығылып отыр. Байқау өткеннен кейін құлағыма жеткен оқиға енді аңыз-әңгіме болып ауыздан ауызға тарап жүр. Бағалағаныңызға рақмет, аға!», деп толғанды.

«Жетісу» телеарнасының басшысы Серік Әбікенұлының естелігі Нұртілеу Иманғалиұлы туралы көп жайды аңғартады.

 «Өзі өмірін арнаған телевизиядан алшақтау қалған жылдары «Эфир, студия деген мен үшін ауа секілді ғой, жасымнан үйренгем, эфирге шықпасам — тұншығам», – деп еді. Жасынан «Көкпарлатып», журналистиканың сан додасына түскен, ыстығы мен суығына «Бетпе-бет» келген ағамызды түсіндік, төмен қарадық. Содан «Жетісу» экранынан «Бай-қуатты болайықты» жарқ еткізді. Одан кейін ҰТА-дан «Нұр-Тілеу» шықты. Сырқаты қанша жерден меңдесе де «Ал, менде запись, кеттім», – деп асығып жүретін. Бейсекең туралы «Сәуле-ғұмыр» түсірілгенде, ауруханадан шыққанына көп болмап еді, хабардың белортасына дейін қатысып: «Ал, енді маған рұқсат беріңдер, бауырларым, студияға қонақ шықырып қойып едім», – деп ізет көрсетіп кетті. Жиі хабарласып: «Қалайсыңдар, азаматтар?» –деп тұрушы еді. Біраз әңгімелескеннен кейін, «Сағынышым басылды, басқа шаруам жоқ, бай-қуатты болайық!» – деп трубканы қоятын. Ініге ағасы іздегеннен артық қандай мәртебе керек? Он күндей бұрын өзі қоңырау шалды. «Ауруханадан шықтым, әуре болмасын деп сендерге айтпадым. Мына ұйқы безі деген мазамды алып болды, тағы салмақ тастадым», – деп еді. Және: Ауырып жүргенімді ешкімге айтпаңдар, мүсіркегеннен басқа не көмегі болады дейсің, – деді. Сол сыр бермеген күйі соңғы сапарға аттаныпты». 

Нұртілеу Иманғалиұлы жас буын әріптестерін жатсынбай, жақын араласып, тілеулес бола білген жан. Бұл туралы белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай: “31 арна”-ның «Информбюро” бағдарламасында жүрген кезім. Менің қарасымды байқап, «бері кел, отыр» деп қасына шақырып алды. «Мына баланың әшки таққаны, эфир жүргізгені менің жастау кезіме ұқсай ма, қалай? Осы сөзді талай адамнан естіп жүрмін» деп, алдында тұрған бастың оң жақ құлағын кесіп алып, қолымен аузыма салғаны бар» деп жазады. 

КТК телеарнасының жүргізушісі Ерлаби Дәулетияр: «Нұртілеу ағамен қызметтес болмасақ та бильярд клубында жиі жолығысатын едік. Тастаяқ өзі тыныш, кейде тіпті үнсіз ойын ғой, бірақ үлкен клубта Нұртілеу ағамның ойнап жүргені бірден байқалатын. Әр ұрған тасының артына сөз ілестіріп, дарыса эмоциясын жасырмай қуанып, бармай қалса тағы өкініп, ойынның көркін қыздырып жататын еді» деді.

Журналист Дастан Қастай Нұртілеу Иманғалиұлының студент кезінде түскен суретін жариялап, «Нұртілеу ағаның үйіне барғанымда осы суретін көрсетіп, ерекше тебіреніп еді. 1977 жыл. 5-жатақхана. ҚазҰУ жайлы, Журналистика Факультеті жайлы, махаббаты жайлы айтты. Сол күні ұзақ сөйлеген, Бірнеше сағат сұхбаттастық. Телевизия жанры, Ермек Серкебаев, синкретті өнер, Ақселеу Сейдімбек пен Сағат Әшімбаев хақында көп естеліктің шетін шығарды. Кеңестеріңіз құлағымнан кетпейді, аға»  деп жазды.

Журналист Қарагөз Смәділ  «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбат үзіндісін жариялады. 2017 жылғы сұхбатта Нұртілеу Иманғалиұлы шыққан тегін айтып берген екен.
«Атам Қалиасқар марқұмды әулетіміз ғана емес, күллі аудан құрмет тұтты. Жиын-тойдың құрметті қонағы болатын. Әңгіме-дүкен құрылар жерге атаммен ілесе барып, тізесіне басымды қойып, талай нәрлі әңгімені тыңдап өстім. Талай тойға ояу барып, үйге ұйықтап келген кезім көп болды. Күліш әжем де қаражаяу кісі емес еді. Емшілігі бар, шөп жинайтын, шөппен емдейтін. Ауылда ол кісі дүниеге әкелуге көмектескен балалардың көпшілігі әлі тірі. Той-томалақта екі ауыз өлең құрап, айтыса беретін. Өзің айтқан ұят, ынсап, обал, сауаптың не екенін бала күнімнен, осындай аяулы жандардың арқасында көріп өстім», деді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Tengrinews.kz сайты Нұртілеу Иманғалиұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасапты.
Minber.kz ақпарат агенттігі «Қазақ газеттері» ЖШС екі жыл бұрын өткізген «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубының «Теле-ақпараттық саясат: бүгіні мен ертеңі» тақырыбындағы отырысына қатысқан Нұртілеу Иманғалиұлының пікірін жариялады.
QAZAQSTAN ұлттық арнасы марқұмның бір жыл бұрын «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбатын көрсетті.
Сұхбатта Нұртілеу Иманғалиұлы Nur Tileý бағдарламасы туралы: «Бұл бағдарламаның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұл мен туралы сұхбат емес. Бұл қазақтың құндылықтары айтылатын, қазақтың мен деген елдің алдында жүрген азаматтарының пікірі жарысқа түсетін, интеллектуалды сұхбат. Бұл қазақтың ықыласы, ақ тілеуі, нұр тілеуі» деп айтады.

Ақпарат құралдарына белгілі тележурналистің қазасын естірткен  «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы 17 ақпан күні Ұлттық арна эфирінен Нұртілеу Иманғаұлиұлы туралы естелік хабарлар мен арнайы жобалар көрсетті.

«Қара айна» сериалында өмір сүріп жатырмыз»: Всеволод Пуля digital-философия туралы әңгімеледі

Медианың әлеуметтік желілер алгоритмімен күресі қалай жүріп жатыр, бұқараның және жеке адамның медиасауат деңгейін қалай көтеруге болады? 2021 жылғы 2-6 ақпан аралығында өткен Эдьютон инновациялық семинарының алғашқы ашық сессиясы осы тақырыпқа арналды. Сессия спикері — ресейлік медиасарапшы, MediaToolbox негізін қалаушы, «Журналист» журналындағы «Жаңа медиа» айдарының редакторы, «Спикер пьян» подкастінің жүргізушісі Всеволод Пуля.

Медиасауат басты қажеттілікке айналды

«Технологияның дамуы жалған ақпарат пен манипуляцияны анықтауға көмектеседі» деп сендік, алайда технологиялар жалған ақпарат таралуына жол ашып берді. Бәріміз «Қара айна» сериалының бір эпизодында өмір сүріп жатырмыз. Медиа өмірімізге дендеп енді. Өміріміз медиаға айналды.

Әлеуметтік желілер арасындағы бәсеке бос уақытымызды, ұйқымызды ұрлауға көшті. АҚШ-та қазіргі медиатұтынушысы 2019 жылдың сәуірінен бастап 12 сағатын медиада өткізген. Демек, медиасауат рөлі тіпті күшейді. Соңғы бірнеше жылдағы жағдай бұқаралық және жекелей медиасауаттылықты арттыру керек екенін дәлелдеп берді. Капитолийге басып кірген наразыларды олардың тұтынатын ақпараты сондай әрекетке итермеледі. Содан кейін АҚШ президентінің әлеуметтік желі парақшасын бұғаттап тастады. Бұл — тарихи оқиға, өйткені трансұлттық желілер биліктен де күшті болып шықты.

New York Times басылымы бұлжағдайды: «Цукерберг пен Дорсидің аты-жөні президент сайлауындағы бюллетень парақшасына ешқашан жазылған емес, бірақ олар Жер бетіндегі кез келген сайланған саясаттанушыдан да күштірек билікке ие» деп түсіндірді.

Бұл оқиғадан Трампты алып тастаса, не болмақ?

Әлеуметтік желілерден Трампты емес, басқа бір оппозиционерді немесе журналисті өшіріп тастаса, бұл этикалық мәселеге ұласар еді. Әлеуметтік желілерге қолданушылардың ақпарат алу не ақпарат тарату құқығын шектеуге кім рұқсат берді?

Әлеуметтік желілердің мұндай құқығы бұрын да болған. Желілер цензурасын бұған дейін де көріп келдік. Әлеуметтік желілер өз мүддесі, саясат, бизнес пен қолданушылар мүддесі арасында тепе-теңдік сақтауға тырысты.

Желілер саясатқа қызықпаған. Әлеуметтік желілердегі саясат тақырыбы адамдар қарым-қатынасынан туындайды. Адамдар көп уақытын желіде өткізеді, контент жасаушылар саны есепсіз өсті, бәрінің көңілін табу да мүмкін емес. Міне, осыдан келіп кімге қандай контент көрсетуді анықтайтын алгоритмдер пайда болды.

Платформалар әуел баста цензураға ұшыраған ақпарат таратуды қалады. «Кел, тіркел, контент жаса, сен де медиасың, сені ешкім жауып тастамайды» деп шақырды. Алайда олардың саясатқа араласуына тура келді. Саясаткерлер платформаға келіп, мүддесіне пайдалануға көшті.

Трамп кейсінің қызық тұсы — 2016 жылы Twitter-дің ахуалы нашарлап, қолданушылар базасы үздіксіз азайып бара жатты. Трамп президент болған соң, Twitter аудиториясы өсіп, ауқымын кеңейтті. Алайда 2021 жылғы саяси жағдай Twitter-дің коммерциялық мүддесінен басым түсті. Олар қауіпті түсініп, президент аккаунтын өшірді.

«Демократия да автокөлік сияқты: мініп жүргізуге де, адамдарды езіп өтуге де болады»

Әлеуметтік желі авторлары қолға үйренбейтін әлдебір Левифан жасады. Бәріміз әлеуметтік желілерге арбалып қалдық, бүкіл уақытымызда сонда өткіземіз. Адамды әлеуметтік желіде қалай байлап ұстап отыруға болады? Бұл үшін оған ұнайтын контентті ұсынуың керек. Мәселен, Байден жақтастары Трампты мақтайтын контент оқығысы келмейді. Алгоритмдер мұны өте жақсы біледі. Қолданушыларды өзі қалайтын көпіршік әлеміне қамайды. Ақпарат тарату нарығында үлкен өзгеріс басталды. Билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас қиындығы бұрын да болған. Медиа олардың өзара тіл табысуына көмектесетін. Қоғамға қандай ақпарат таратуды редактор шешетін еді. Мұны «гейткипер» тұжырымы деп атайды. Қазір бұл қызмет әлеуметтік желілер алгоритміне көшті

Аудиториямен әлеуметтік желісіз әңгімелесудің тәсілі де аз: эл.поштасына хат жолдау, push-хабарламалар және сайтқа кіру. Бұрын платформалар сапалы контент үшін күресетін, қазір авторлар платформаға таласады. Алайда «алгоритмге ұнау» дегеніміз —  сапалы контент жасауды білдірмейді.

«Контент болса, аудитория өзі-ақ келеді» деген келісім күшін жойды

Ақпарат тарату барысында алгометриялық таспа мен хронологиялық тапса қақтығысы туындайды. Медианың дәстүрлі болмысында контент хронологияық ретпен жаңарады, бірақ әлеуметтік желіде ақпаратты хронологиялық ретпен алмайсың. Сізге қажет әрі  маңызды делінетін ақпаратты ғана көрсететін алгоритмдер пайда болды. Ақпаратты хронологиялық Telegram ғана көрсетеді. Көптеген автор Telegram-ға өтіп кетті, өйткені о жақта не оқып, не көретінін өзі басқарады, автордың барлық посты көрінетініне кепілдік бар. Өкінішке қарай, аудитория өзі ақпарат таңдап беретін дәстүрлі әлеуметтік желілерді қолдану ыңғайлы санайды.

Алгоритм қаупі қандай?

  • Адамдарды көпіршік ақпарат ішіне қамап қояды;
  • Көңіл-күйіне әсер етеді,
  • Медианың күн тәртібін қалыптастыру қасиетінен айырып, кликбейт ақпарат таратуына мәжбүрлейді

Алгоритмдердің маңызды қасиеті — олар ұстамдылықты емес, ымырасыз болуды құптайды. Көпке көрсетілетін ақпарат ретінде ақиқат пікір емес, радикалды мазмұн шығады. Егер адам медиатұтынуға дайын болмаса, сондай ақпаратты көбірек қараса, оған сондай ақпарат жиі көріне бастайды. Бірте-бірте оның шын екеніне сенеді.

Қай ақпаратты көрсетуді кім шешеді?

Алгоритмді жасағандар қаншалық бейтарап болса, алгоритмдері де соншалық бейтарап. Десе де адамдар жауапкершілік жүгін арқалауға әлі дайын емес. Әлеуметтік желілер барлығын бақылауда ұстағысы келеді. Ал алгоритмді бақылайтын шешімдердің бірі — қоғамдық кеңестер құру.

Facebook жаңа гейткиперлер іздеп жатыр. Oversight Board жобасы — Facebook құрған қоғамдық кеңес. Бұл кеңес 2021 жылғы қаңтардан бері «Трампты бұғаттау дұрыс шешім бе?» деген сауалды талқылап жатыр. Көктемде жауабын айтуы керек.

Бұл жоба әзірге таныла қоймады. Facebook әкімшілігі жарнамаламады. Бұл жобаның қалай жұмыс істейтінін өздері де білмесе керек-ті.

Әйткенмен, әлеуметтік желілер алгоритмі пропаганданың классикалық нұсқасына ұқсайды.

  • жалған балама, яғни шындықты бүркемелеп, қолданушыларға екі түрлі жалған ақпарат ұсынады;
  • жалған тепе-теңдік, яғни қолданушыларға көпе-көрінеу өтірік, насихат өтірік және шындықтың бірін ақырғы шек ретінде ұсыну;
  • шындық пен қастандық теорияларын сапырылыстыру, яғни қолданушыларға сандырақ араласқан екі түрлі өтірік пен шындық ұсынады;
  • фактоид оқиғаның симуляциясы айналады, яғни фактоид та оқиға болады.

Енді осы классикалық әдіс-тәсілдің барлығын әлеуметтік желі алгоритімдеріне, көпіршік ақпаратқа көбейтеміз. Қазіргі әлеуметтік желі бейнесін көреміз. Біз өмір сүріп жатқан орта.

Не істеу керек?

Медианың тығырықтан шығар бір жолы бар: ол  — ақпарат тарату арналарын әртараптандыру. Оқырмандарыңызға алгоритмдерді қалай айналып өтуге болатынын түсіндіру: эл.поштаға жазылу, әлеуметтік желілердің уытты ортасынан аулақ болу үшін мобайл қосымша орнату. Медиасауаттылықтың негізгі шартының бірі — осы ережелерді түсіндіру.

Жәнібек Нұрыш

Ұсталған судья, су тапшылығы және балықтар. 8-14 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

8-14 ақпанды қорытындылаған апталық бағдарламалардың негізгі тақырыбы — Жоғарғы сот судьясының ұсталуы. Үш бағдарлама да бірдей тақырыптан бастады. Бұдан бөлек, “7 күн” бағдарламасы Мемлекет басшысының жұмыс аптасы қалай өткенін егжей-тегжейлі баяндаса, “Басты бағдарлама” авторлары ауыз суға зәру ауылдар мәселесін қозғайды. Ал Apta авторлары еліміздегі балық шаруашылығының мың сан проблемасын тізіп шықты.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны Дархан Әбдіуахит жүргізді. Ол 11 ақпанда Жоғарғы сот судьясы парамен ұсталғанын айтты. “Хабар” телеарнасының апталық бағдарламаны атышулы жаңалықтан бастауы да бекер емес екен. Жұртшылықты елең еткізген осы оқиғаның ертеңіне Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген. Тілші Шынар Асанқызының сюжеті де осы кеңеске арналыпты. 

Өткен аптада Samruk Business Forum-ы өтіп, Мемлекет басшысы қатысқан еді. Бұл форум тағы бір сюжетке тақырып болды.

“Екі сюжеттен кейін енді не көрсетер екен” деп отырғанымызда жүргізуші студиядан Ыбырай Алтынсарин жазған “Таға” әңгімесінің мазмұнын айта бастады. Әңгіменің мазмұнын отбасындағы тәрбиемен ұштастырды. Сөйтіп, президент осы аптада тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң жобасын назардан тыс қалдырмағанын айтып өтті.

Ары қарай Қасым-Жомарт Тоқаев апта ішінде өткізген қабылдауларын шолып шықты. Шолуды Ақорда таратқан ақпаратқа сүйеніп, ресми хаттама түрінде айтты.

Қазақстанның мемлекеттер арасында арағайындық жасауға ұмтылысы туралы алғысөзден кейін бітімгершілік мәселесіне сюжет көрсетті. Сюжетте 2015 жылы Түркия-Сирия қақтығысынан кейін Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас нашарлағаны, екі тарапты бітімге келтіруге Тұңғыш президент Н.Назарбаев күш салып, Астанада бірнеше келіссөз өткенін баяндайды.

Тілші, Қазақстанның, соның ішінде Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың Азиядағы шиеленістерді реттеуге қатысты басқа да бастамаларын, халықаралық аренадағы рөлі мен маңызға ие орнын, мемлекеттер арасындағы шиеленісті қарусыз шешу ұстанымын айтып барып, тоқтады. 10 минуттық сюжет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналғандай. Тұңғыш президент еңбегін паш ететін сюжеттер  әдетте Президент күні қарсаңында, не  6 шілде — Астана күніне орай көрсетілетін. 

Кешегі аптада Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті. Отырыс төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың баяндамасынан үзінді берілді.

Қазіргі президент пен Тұңғыш президент туралы сюжеттерден кейін ел назарындағы тақырып — коронавирусқа қарсы вакцинацияға да кезек жетті. «Екпе: екінші апта» деп аталатын сюжетте  дәрігерлер екпе жасатуға үгіттейді. Денсаулық министрі Алексей Цой вакцина салу ерікті түрде екенін айтады. Қарағандыда өндірілетін ресейлік “Спутник V” вакцинасы мен отандық вакцинаның жасалуын баяндайды. Тілші: «вакцина өндіру былай тұрсын, дайын өнімге қол жеткізе алмай отырған мемлекеттер қаншама» деп қайырып, шетелдердегі вакцинация жөнінде де хабарлады. 

“7 күн” редакциясы денеге ине салуды ашық көрсетуді әдетке айналдырыпты. Сюжетте денеге ине салуды ірі планда ашық көрсетті.

Коронавирус тақырыбы келесі сюжетте де жалғасты. Коронавирустан көз жұмған Айнұрдың  үш баласы мен күйеуін, ата-анасы коронавирустан қайтқан Мажина Әбдуованың тағдырын көрсетеді. 

Бұған дейін “7 күн” авторлары зейнетақы жинағының бір бөлігін алудың баспана бағасына қалай әсер еткеніне сюжет арнаған. Кешегі бағдарламада зейнетақы жинағының бір бөлігіне қандай ем алуға боларын түсіндірді. 

Бағдарлама Төтенше жағдайлар қызметінің көктемгі қызыл суға дайындығын көрсетер сюжетпен түйінделді. 

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Жоғарғы сот судьясының парамен ұсталуы — “Басты бағдарламаның” да басты тақырыбына айналыпты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы оқиға жөнінде мәлімдемесінен үзінді келтіріп, LRT құрылысына ойысты. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, LRT құрылысы жалғасуы әбден мүмкін. 

“Ұр тоқпақ” айдарында тілші Айдана Үсенбай “Шенділер неліктен жемқорлық әрекетке барады” деген сауалға жауап іздеп, парақорлықты жоюға мемлекеттік қызметкер айлығын өсірудің қалай әсер етерін талдайды. 

Коронавирус пандемиясында табысынан айырылып, далада қаңғып қалған жандардың тағдырын көрсеткен сюжетте көше кезген екі кейіпкер бар. Әлеуметтік қызметкер мұндай жандар қалай күнелтетінін баяндаса, еріктілердің бірі көшеде қаңғып қалған жандар қайдан тамақ тауып жейтінін көрсетеді. Әлеуметтік жұмыстар жөніндегі PhD докторы Динара Есимова қоғамда осындай жандарға теріс көзқарас қалыптасқанын айтады. Қай кейіпкер екені белгісіз, бір кейіпкердің “анасы” делінетін әйел кісі: “оның” ішімдікке салынып кеткенін, көңілі қалғанын айтады.

«Бір жұтым су үшін бір-бірімізді жұлып жейтін күн алыс емес». Айғаным Достанбай “Судың да сұрауы бар” сюжетін осылай бастады. Ауыз суға зәру ауылдарды, ауыз су мәселесін шешуге Тәуелсіздік алғалы 800 млрд теңге қаржы жұмсалғанын айтты. “Басты бағдарлама” ауылдардағы су тапшылығы мәселесін бұған дейін де қозғаған. Өзеннен лас су алып отырған ауылдың видеосын да көрсеткен. Редакцияға WhatsApp мессенджерінен келген сол видеоны қайта көрсетіп, құзырлы органдардан телефон арқылы жауап алуға тырысады. Алайда талпыныс сәтсіз болды. Тілші үш министрлікке сауал жолдапты, бірақ қай министрліктер екенін атамады. Ал сарапшы елімізде су үнемделмейтінін алға тартты.

Психотропты дәрілердің емін-еркін сатылатынын зерттеген сюжетте тілшілер дәріханаға арнайы адам жіберіп, сырттай бақылайды. Келушілерді сөзге тартып, кейіпкерлердің бет-жүзін жауып көрсетеді. Бірнеше дәріхананы торуылдап, жастар жиі келетінін, кейбір дәріханаларға айыппұл салынғанын да айтып өтті. Психотропты дәрілердің зияны мен тәуелділік туралы пікір берді. Әсіресе жастар неге тәуелді болатыны туралы пікір беріпті. Бір кемшін тұсы — сюжетте де, алғысөзінде де психотропты дәрінің атауын бірнеше рет ашық атады. 

Apta, QAZAQSTAN

Жоғарғы сот судьясының ұсталуы Apta бағдарламасының эфирін бастап берді. Жүргізуші Жайна Сламбек осы оқиғаны ұзағынан баяндап, сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңеске ауысты. Сюжетте президент Тоқаев отырыста айтқан сөздерінен үзінділер келтіріп, экономист пен заңгерлерді сөйлетті. 

Тоқаев отандық кәсіпкерлердің қолдауға бағытталған Samruk Business Forum форумына қатысқанын да айтты. 

Коронавирус статистикасы, вакцинация, қазақстандық вакцина сынағының үшінші кезеңі, ресейлік вакцинаны тіркеу. Осының барлығын қамтыған соң, коронавируспен ауырғаннан гөрі вакцина салдырудың жөн екенін медицина ғылымдарының докторы түсіндірді. 

Өткен желтоқсанда Ресей Федерациясы “қауіпті вирус табылды” деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресей аумағына кіргізуге тыйым салды. Осы оқиға отандық фитосанитария проблемасын талдаған сюжетке негіз болыпты. Көлемді әрі толымды сюжет бұл саланың өзекті мәселелерін жан-жақты көрсетті. 

2021 жылдың басында АШМ жанынан Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды. Бұған Қазақстанда балық өсіру шаруашылығының кенжелеп қалғаны себеп. Apta тілшісі Алакөлге барып, балықшылар тұрмысын көріп, балық шаруашылығы саласындағы жүйесіздікті, балық аулауға лимит пен балық өсіру инкубаторларының аз екенін баяндады. 

“Apta қонағы” тұрақты айдарына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді. Сұхбаттың алғашқы бөлімінде ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жайын әңгімеледі. Сұхбаттың екінші бөлімін келер бағдарламада көрсетеді. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдығына арналған сюжет Apta бағдарламасын қорытындылады. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Зерттеу журналистикасы мектебіне өтініш қабылдау басталды

Internews өкілдігі “MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы” аясында Орталық Азиядағы Зерттеу журналистикасы мектебін ұйымдастырмақ. Мектепте Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстанның БАҚ журналистері, блогерлер мен азаматтық журналистері оқиды.

Зерттеу журналистикасы мектебі қашан өтеді?

Зерттеу журналистикасы мектебін 2021 жылғы 14-20 мамыр күндері Алматы қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Оқыту оффлайн-форматта болады. Алайда COVID-19 жағдайына байланысты карантин шектеулері күшейтілсе, басқа уақытқа ауыстырылуы мүмкін. Тәжікстан мен Өзбекстан келетін қатысушылардың шекарадан өту мүмкіндігі де ескеріледі.

6 күндік курста тәжірибелі зерттеуші-журналистер тренинг өтеді.

Зерттеу журналистикасы мектебінің сессия тақырыптары:

  • Қазақстан, Тәжікстане және Өзбекстанның медиазаңнамасы;
  • Журналистік зерттеу дегеніміз не?;
  • Зерттеуді жоспарлау. “Кабинетте” және “сыртта” зерттеу жүргізу кезеңдері;
  • Зерттеуші-журналистердің жұмысындағы заңнан тыс тәуекелдер мен оны азайту;
  • Зерттеуші-журналистің этикалық және кәсіби стандарттары;
  • Ақпаратты жүйелеу және талдау. Ақпараттық құжаттар және оның зерттеуші-журналист үшін маңызы;
  • Адамдар — ақпарат көзі. Ақпарат көздерімен жұмыс және оларды қорғау;
    Бақылау — ақпарат жинау тәсілі;
  • “Сыртта” жұмыс істеуді жоспарлау — бақылау және жасырын жұмыс істеуге машықтану;
  • Зерттеудегі құжаттай ақпарат көздері;
  • Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы ашық деректер ресурсы;
  • Зерттеу кезіндегі сұхбат. Сұхбатқа дайындық, сұхбат алу;
  • Фактчекинг және деректерді тексеру;
  • Сторителлинг. Телевизияда, баспасөзде, онлайнда және әлеуметтік желілерде зерттеу материалдарын жариялау ерекшеліктері.

Оқыту тілі: орысша

Зерттеу журналистикасы мектебіне қалай қатысуға болады?

Зерттеу журналистикасы мектебіне қатысу үшін зерттеумен айналысатын БАҚ журналисі, блогер не азаматтық журналист болуыңыз керек. Қатысу үшін өтініш сауалнамасын толтырыңыз. Байқау комиссиясы әр өтінішті қарайды.
Іріктелген қатысушылардың ұшып келу-кету, жатын орын шығынын ұйымдастырушылар өтейді.

Іріктеу қорытындысы қашан шығады?

2021 жылғы 19 наурыз, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00-ге дейін өтініштер қабылданады. Іріктеу комиссиясы өтініштерді қарап, 2021 жылғы 9 сәуірден кешіктірмей шешім қабылдап, хабардар етеді.

Қатысушыларды қалай іріктейді?

Барлық өтініш мұхият қаралады. Қатысушыларды журналистік зерттеу жанрындағы жұмыс тәжірибесі, БАҚ бетінде және әлеуметтік желілерде жаияланған материалдарына, алдағы зерттеу тақырыптарына, оқуға ынта-ықыласына қарап, таңдайды.

Іріктеуден кейін не болады?

Іріктелген қатысушылар Алматы қаласында өтетін Зерттеу журналистикасы мектебіне шақырылады. Қызық тақырып ұсынған авторлардың зерттеу жүргізуіне менторлық қолдау көрсетіледі.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

Жәнібек Нұрыш

«Аудитория қатысатын жобаны кіріс көзіне айналдырыңыз». Мария Рзаеваның вебинары

Internews аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша вебинарлар өткізіп жатыр. Алғашқы вебинар 8 ақпанда басталды. Барлығы 4 вебинар болады. 25 ақпанға дейін жалғасады. 11 ақпандағы вебинар “Медианы дамыту үшін аудиториямен қарым-қатынас орнату стратегиялары” деп аталды. Вебинарда Санкт-Петербург қаласындағы «Бумага» интернет-басылымының арнайы жобалар жөніндегі директоры Мария Рзаева тәжірибесін баяндады.

Мария Рзаеваның айтуынша, «Бумага» медиакомпаниясы үш түрлі қиындыққа кезігіп отыр. Ол сол қиындықтарды қалай еңсеріп жатқанын әңгімеледі.

№ 1. Медиа жарнама: баннер көрсету де, мәтін қаралымы да арзандай береді

Медиадағы жарнаманың арзандауы тоқтар емес, агенттіктер баннер орнатуға, мәтін жариялауға жеңілдік сұрайды, нарықтың басқа да ойыншылары үнемі бағаны түсіреді. Демек, басқа бір нәрсе сату керек. Мәселен, жарнама қаралымының орнына жарнамамен әрекеттестікті сатуға болады. Құны қымбатырақ. Бұл үшін аудитория қатысатын, аудитория тартылатын жоба жасаймыз.

Іс-шараға келген адам сайттағы баннер қаралымынан қымбат тұрады.

Жарнамамен әрекеттесу құнын қалай өсіруге болады? Контакт бағасын әрдайым есте ұстаңыз. Баннерді көру ақысы — 1 теңге (мұндағы цифрлар шартты түрде алынған — ред. ескертпесі) болса, мәтіннің 30%-ын оқу — 30 теңге, ал соңына дейін оқыса, қымбаттай түседі. Тест тапсырып, оны бөліссе, тағы қымбаттайды. Егер редакция зерттеу жүргізіп, сұрақ қойып, адамдардың жауабын жарияласа, онда қолданушылар жасаған контент құны 1000 теңгеге дейін жетеді. Неліктен? Өйткені, адамдар уақытын сарп етіп, контент жасауға жұмсады, сауалнама соңында телефон нөмірі мен e-mail поштасын жазып қалдырды. Егер адам офлайн не онлайн іс-шараға келіп қатысып, бірнеше сағатын арнаса, бағасы тағы өседі. Міне, сондықтан да аудиториямен қарым-қатынас жасау, олармен әрекеттесудің бірнеше түрін қатар алып жүріңіз. Редакциядағылар «Сататын контентіміздің қайсысы қымбат болуы керек?» деген сауалға жауап беруі керек.

Түрлі аудиторияға контентті әрқалай ұсыныңыз. Егер 1,5 сағаттық вебинарға келсе, демек оған онлайн көру ыңғайлы. Вебинарда айтылған әңгіменің қысқаша мазмұнын оқуға 2 минут уақытын бөлетін қолданушылар да бар. Вебинар жазбасын көретін қолданушыларды да ескеріңіз. Бәрі де аудиториямыз. Бұл да маркетинг. Сол себепті медиаға да бизнес ретінде қараңыз. Адам дүкенге келіп сүт сатып алмақшы. Бірі 2 литрлік ыдыстағы сүтті таңдаса, ендібірі жарты литрлік ыдыстағы сүтті таңдайды. Бірдей ыдысқа бәрі бірдей келіспейді.

Мария Мәскеу мен Санкт-Петербургте ғалымдар кафеге барып, дәріс оқитын Science Bar Hopping кейсін де әңгімеледі. Бұл жоба «Роснано» мемлекеттік корпорациясымен бірігіп, жасалыпты. Іс-шаралар офлайн өткізілген күндері, ғалымдардың 20 кафедегі дәрісіне күніне 2000 адам келіпті.

Пандемия кезеңінде жобаны онлайн-форматқа ауыстырыпты. Егер адам кафеге бара алмаса, бірақ ақпарат тыңдауға дайын болса, оларға подкаст нұсқасын да дайындапты. Контентті ұсыну тәсілінің басқа да түрлері жетерлік: дәрістің видеожазбасы, онлайн-марафондар, апта сайын e-mail хабар жіберу, Telegram-да ғалымдармен бірге отыратын чат, тек ғалымдарға арналған чат. Міне, осылайша мейлінше көп аудиторияны қамтыпты.

№ 2. Медианы дамытуға шама жетпейді (ақша жоқ, кадр тапшы)

Редакцияның қалауы ешқашан таусылмайды: сайтын дамытып, подкаст жасағысы келеді. Алайда жаңа жоба бастауға не ақшасы, не мамандары жоқ. Мұндай жағдайда бір шешім бар: серіктестердің проблемасын шеше отырып, олардың мүмкіндігін пайдалану.

Егер жарнама берушілердің сұранысына зер салып қарасаңыз, редакция да, жарнама беруші де бір нәрсені қалайтынын көресіз: лоялді аудитория, көңіл бөлу, сайтқа өту, сайтқа оралу, әлеуметтік желі парақшаларына жазылу. Ең бастысы — өзіңізді ұмытпаңыз. Мұны қалай пайдаланамын? Қажеттілігімді жарнама брифімен қалай үйлестіремін? Міне, осы сауалдарға жауап бере алыңыз. Мәселен, YouTube, TikTok желілерінде жоба бастап, әлеуметтік желілерде танытқыңыз келеді. Сіз  жарнама берушінің қызығушылығын да қанағаттандырасыз, өзіңіз де бұрын шамаңыз жетпеген ресурсты қолдана бастайсыз.

Мария «Роснано» жобасын мысалға алып, «Бумага» интернет-басылымы Science Bar Hopping жобасына арнап  «Заходит учёный в бар…» YouTube-шоуы мен подкаст жасауды басатғанын айтты. Шоудың 9 эпизоды 500 мыңға жуық қаралып, редакцияның арман-тілегі орындалыпты. Подкаст шығып бастағаннан кейін студия жасақталыпты. Қазір 5 подкаст шығып жатыр.

Мария «Бумага» интернет-басылымының брендін пайдаланып, қала кәсіпкерлерінің қауымдастығын құрып, соны банкке сату кейсін де әңгімеледі. Нәтижесінде, кәсіпкерлер туралы e-mail хабар таратып, 500 адам қатысқан конференциялар, тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырыпты. «Бумага» басылымының бизнес тақырыбындағы контенті толығыпты. Редакция да, банк те лоялді бизнесмендер қауымдастығын құра білді.

Тағы бір кейс — ғалымдармен ғылым туралы әңгімелесетін онлайн-форматтағы «Завтрак» кездесуі. Тіркелген қонақтарға таңғы асқа қажет азық-түлік сатып алуына болатын 400 рубльге тең промокод беріледі. Ккофе ішіп отырып, сарапшылардың әңгімесін тыңдайды. Бір таңғы асқа орта есеппен 94 адам қатысады. Ал әлеуметтік желілердегі трансляция қаралымы 100 мыңға дейін жетеді. 94 қатысушы 400 рубльге түссе, қалғаны арзанырақ болады.

№ 3. Жарнама берушіге қызықсыз көрінеміз

Жарнама берушіге медиамыз қызықсыз көрінетін жағдайлар да болады. Міне, сондай кезде редакция қайталауға болатын шоу-кейстер жасайды. Тегін болса да… Алайда мұны нарыққа көрсетіп, креатив шешімдер жасай алатыныңызды дәлелдеу керек.

Жарнама берушілердің барлығы «уау» дегізетін жоба жасауды сұрайды. Бірақ, «уау»-жобадан бөлек, тиімділігіне кепілдік беру маңызды. Мұндайда еш қорықпай кепілдік бере аласыз, өйткені формат әбден шыңдалған, қаралымы да, қамтуы ауқымы да дәлелденген.

«Бумага» интернет-басылымының шарап туралы, Санкт-Петербург театрлары мен үйлерінің тарихы туралы ақылы e-mail хабарлары бар. Бұл e-mail хабарларға жазылу  ақысы — айына 150 рубль. Редакцияның клубы да бар. Оған қатысу ақысы — айына 300 рубль. Клуб қатысушылары сарапшылардан қызық хаттар, қала туралы дәрістер, жеңілдіктер және тағы басқа сыйлықтар алады. Қолданушылардың біразы бұл артықшылықтарды пайдаланбайды, редакцияның қаладағы митингілер туралы шынайы әрі сенімді ақпарат таратқанына алғыс ретінде қолдау көрсетеді.

***

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша вебинарларымыз жалғасады. 18-ақпанда медиасарапшы, медиатренер, продюсер Ержан Сүлейменовтің (Қазақстан) “Жоба аудиториясын қалай анықтаймыз және белгілі бір аудиторияға бағытталған жоба қалай жасалады?” вебинары болады. Осы вебинарда монетизация мүмкіндіктері, аудитория ауқымын ұлғайту стратегиясы арқылы медианың имиджін нығайту және аудиторияны ұлғайту құралдары туралы айтамыз.

25-ақпандағы вебинар аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалардың нақты форматтарына арналады. Қай платформаларда қандай форматтар тиімді? Онлайн және офлайн акциялар, сауалнамалар, чаттар, ток-шоулар және тағы басқа көптеген форматтар. Практикалық сабақтар интерактив форматында өтеді: идеяңызды талқылап, нақты кейстер талдайды, сұрақтарға жауап береді

Журналистер білімін тәжірибеде қолданып, аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған медиажобаларға арналған грант байқауына қатыса алады. Internews 2021 жылы барлығы бес жобаға қолдау көрсетеді. Әр жобаны медиа мен қоғамдық ұйым бірігіп, орындауы керек. Бір жобаға сомасы 3000$-ға дейін (1 126 000 тг, 34 176 сомони) грант беріледі. Байқауға қатысу үшін 2021 жылғы 1 наурыз, Алматы уақытымен сағат 24:00-ге дейін онлайн-өтінішті толтырыңыз.

Жәнібек Нұрыш

Медиасауат туралы мультимедиа сабақтарын қалай жасайды?

Сабақ немесе тренинг өткізетін әрбір адам ақпаратты аудиторияға қызық әрі түсінікті жеткізудің жолын іздейді. Ал үйреншікті PowerPoint презентацияларынан бас тартып, тың тәсілдерді қолданып көрсек қалай болады?

Ақпарат ұсынудың қандай жаңа форматтары бар? Интерактивті ойын дөңгелегін немесе видеопрезентацияны өз бетіңше қалай жасауға болады? Бұған қанша уақыт кетеді? Осы сұрақтарға медиасауат бойынша «Эдьютон-2021» семинарында медиатренер, «Выбирай. Астана. Караганда» журналының бас редакторы әрі шығарушысы Татьяна Голубцова жауап берді. «Жаңа репортер» оның ақпаратты басқаша формада тәсілдермен ұсынуға арналған шеберлік сабағындағы негізгі кеңестерді жазып алды.

Татьяна Голубцова, медиатренер

Татьяна Голубцова сабағын Wordwall платформасында жасалған сәттілік дөңгелегінен бастады. Бұл платформада карточкалармен жұмыс істеуге, анаграммалар құрастыруға және аудиторияны белсенді қатыстыруға арналған түрлі интерактив тапсырмалар дайындауға болады.

Тренер «Медиасауатқа байланысты көңіл күйімізді көрсетейік» деп аталатын ойын дөңгелегін айналдырып, әртүрлі эмоция тудыратын жағдайларды көрсетті. Ал Zoom арқылы қосылған қатысушылар сол жағдайға сай көңіл күйді бет-әлпетімен көрсетуі керек болды.

Мынадай жағдай мен көңіл-күй сізге таныс па?

  • «Бірдеңе дұрыс болмай тұр». WhatsApp арқылы коронавирусқа қарсы емнің рецепті келді.
  • «Күмәнім бар…» Біреу түнде қалаларымыздың көшелеріне ұшақпен антисептик шашатынын айтты.
  • «Әбден шаршадым». Электронды поштама лотереядан ұтыс шыққаны туралы тағы бір хат келді. Бұл – бүгінгі 250-хат.
  • «Менің жыныма тимеңдер!» Электрондық поштамды біреу бұзып кірген.
  • «Абыройымды таптатпаймын!» Біздің аккаунтымыздан достарымызға ақша сұраған хабарлама жіберілген. Бірақ онда басқа адамның банк шоты көрсетілген.
  • «Мен ақылдымын!» Сізді «Эдьютонға» шақырған кездегі көңіл күй.
  • «Мен қандай кереметпін! Сен де кереметсің!» Сіз «Эдьютонда» грант ұтып алдыңыз.

Осы жаттығуда семинарға қатысушылар ақпаратты қызық әрі көңілді форматта ұсынуға болатынын өз тәжірибесінде көрді. Татьяна оларға осындай ойынды өз сабақтары мен тренингтеріне арнап жасау жолдарын да түсіндірді.

Renderforest бағдарламасының скриншоты

Шеберлік сабағының келесі бөлімінде тренер видеодәрістер мен іс-шара мазмұнын суретпен түсіндіретін скрайбинг бейнелерін қалай дайындайтынын көрсетті. Ол таныстырған бағдарламалардың барлығы тегін немесе тегін пайдалануға болатын нұсқалары бар құралдар еді.

Жұмысты үш кезеңге бөліп ұйымдастыруға болады:

  1. Қолда бар мүмкіндіктерді бағалау. Командада қанша адам бар? Іс-шараға дейін қанша уақыт қалды? Осыны анықтап алу қажет.
  2. Іс-шараны жоспарлау. Аудиторияға қандай ақпарат жеткізгіңіз келетінін және оның негізгі мазмұнын алдын ала ойластыру керек.
  3. Видеодәріс дайындау. Ақпаратты қызықты етіп ұсыну үшін орынды әзілді пайдаланған жөн. Жағымды эмоция ақпараттың есте жақсы сақталуына көмектеседі.

Мысалы, анимациялық бейне жасау үшін Renderforest платформасын қолдануға болады. Татьянаның айтуынша, үш минуттық видеороликті дайындауға шамамен 45 минут жұмсаған.

Шеберлік сабағында ол қатысушылармен бірге сол күні болған Всеволод Пуляның дәрісі негізінде видеопрезентация да әзірледі. Бір сағаттық дәрістің негізгі жеті тұжырымы қысқа бейнероликке сыйғызылды.

Lumen5 бағдарламасында видеопрезентация жасау барысынан көрініс.

Мұндай материалдар дайындауға Lumen5 және Videorobotapp бағдарламаларын да пайдалануға болады. Семинар өткен кезде олардың тегін нұсқалары қолжетімді болған.

Татьянаның айтуынша, бұл бағдарламаларды меңгеру қиын емес. Олардың интерфейсі түсінікті, қолдануға ыңғайлы. Мұны шеберлік сабағына қатысушылар да байқап көрді. Бағдарламалармен жұмыс істеу PowerPoint-та презентация жасаудан қиын емес, ал дайын видеоматериал көрермен назарын бірден аудара алады.

Сабақ соңында медиатренер тағы бір маңызды кеңес берді: видеопрезентацияның ұзақтығы 4–5 минуттан аспағаны жөн. Өйткені одан ұзақ бейнероликтерге аудиторияның қызығушылығы төмендеуі мүмкін.

Продакшн гранттарды бөлу бойынша жоба Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық Азиялық медиабағдарламасы шеңберінде өткізіледі.

Жәнібек Нұрыш

Вакцинация, тұрғын үй бағасы және әлеуметтік қызметкерлер. 1-7 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Ақпанның алғашқы аптасын қорытындылаған бағдарламаларға ортақ екі тақырып — вакцинация мен зейнетақы жинағының бір бөлігін алу болды. “7 күн” мен Apta авторлары қазіргі президент Қ.Тоқаев пен Тұңғыш президент Н.Назарбаев қатысқан отырыстарға бірнеше сюжет арнады. “Басты бағдарлама” редакциясы Қордай оқиғасына бір жыл толғанын  ұмытпай, сюжет жасапты. Ал “7 күн” мен Apta бағдарламалары бұл оқиғаны елеусіз қалдырды. 

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Өткен сәрсенбіде Тұңғыш президент Н.Назарбаев төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жүргізуші Ринат Думанұлы жиында айтылған “ассиметриялы қауіп пен гибридтік қатер» ұғымдарын түсіндірді. Гибридтік қатерді кибершабуыл және әлеуметтік желінің қоғамдық пікірге әсерімен ұштастырып, «әлеуметтік желі де әлемге қауіпті» деп тоқтады. Бұл тақырып 3 минуттық алғысөзбен жабылатындай көрінді. Қателесіппіз. Жүргізушінің алғысөзі тілші сюжетіне жалғасты. Сюжетте Назарбаевтың айтқан сөзінен үзінділер беріп, кадр сыртындағы мәтінде Тұңғыш президент баяндамасының мазмұнын айтып шықты.  Үстел басындағы отырыстан қызық кадр табу да қиын. Сондықтан да болар, видео жұтаңдығы байқалды. Осылайша, бағдарламаның алғашқы 11 минуты өтті.

Кешегі жұмада президент Қ.Тоқаев төрағалығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Ринат Думанұлы бұл жиынның да алғысөзін бірнеше минутқа жалғады. Сюжетте президент сөзінен үзінділер келтіріп, әдепкі дәстүрінен айнымай, бір отырысты бастан-аяқ баяндап шықты.

Апта ішіндегі оқиғаларды талдайтын “7 күн” апталық-сараптамалық бағдарламасы президенттер тақырыбына келгенде құрғақ баяндаудан әрі аспайды. Тоқаев пен Назарбаевтың аптасы қалай өткені қызықтырса, “7 күн” бағдарламасын көре жүріңіз.

Екі сюжетпен бағдарламаның бел ортасына жетіп, ары қарай Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларына ұласты.

Алматыда «Digital Almaty» форумы өтті. Президент Тоқаев форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдапты. 

1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Тілші Шынар Асанқызы вакцина салдыртқан адамдар өзін қалай сезінетінін білгісі келген сыңайлы. Бас мемлекеттік санитария дәрігері Ерлан Қиясовтың екпе салдыртуынан басталған сюжет тараздық жедел жәрдем жүргізушілерінің вакцинаға қарсылық видеосына жалғасты. Олардың қарсылығына не себеп? Вакцинация төңірегінде таралып жатқан түрлі қауесеттер ме? Бұл сұрақтарға жауап жоқ.

Тілші Мақпал Мадиярова зейнетақы жинағынан бір реттік төлем алу мен тұрғын үй бағасының өсуін ұштастырып, сюжет әзірлепті. Сюжет бұл мәселенің Мәжілісте көтерілгенін айтып, тұрғын үй нарығы сарапшыларының комментарийін берді. “Отбасы банктің” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспана сатып алуға асықпауды ұсынды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға “Отбасы банкінен” басқа да банктер қатысады. Сюжет соңында аталған банктің жұмыс кестесі туралы ақпарат та айтылды. PR-сюжет емес пе екен?!

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун басқарған форум өтті. Форумда Тұңғыш президент Н.Назарбаев онлайн баяндама жасапты.

“7 күннің” соңғы сюжеті Қазақстанның  тәуелсіздік жылдарындағы жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесіне арналды.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Адамдардың дербес иммунды QR-коды туралы хабарламадан басталған сюжет шенділердің “Спутник V” вакцинасын салдырту науқанына ұласты. Вакцинацияға қарсы тұрғын да, вакцинадан қорқатын тұрғын да, саясаттанушы да пікір айтатын сюжет елдегі жағдайды жан-жақты баяндайды. 

«Баспана бағасы өсуде» деп аталған сюжет үй бағасының өсу себептеріне үңіледі. Құрылыс компаниясының басшылары құрылыс материалдары қымбаттағанын айтса, экономист Бауыржан Ысқақ пайдасыз әрі тиімсіз инвестжобалардың орнына құрылыс комбинаттарын көбейтуді ұсынады. 

Теміртау қаласында 10 млрд теңгеге 10 жыл салынған колледж ғимараты әлі пайдалануға берілмепті. Ал СҚО-дағы ауыл мектебін Photoshop графикалық бағдарламасында жөндеп, жаңалапты-міс. Мінеки, осы екі жаңалық “Ұр тоқпақ” айдарына арқау болды. Сюжет авторы аталған мектептің қазіргі видеосын көрсетіп, мектеп директорынан пікір сұрайды. Директор орнына ауыл әкімі түсініктеме беріпті. Айтпақшы, соңында “Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы да Photoshop-пен аяқталса ғой” деп ащы әжуалайды. 

Қордай оқиғасына бір жыл. Тілші Ұлан Тәліпбай Қордай ауданының Масаншы ауылынан сюжет дайындапты. Сюжеттен білгеніміз — елдімекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартып, өртенген ғимараттарды қалпына келтіріп, инфрақұрылым жүргізуге қыруар қаржы жұмсалған екен. Қордай оқиғасы бойынша әзірге жеті адамға сот үкімі шығып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылыпты. Сот әлі жалғасып, тағы 51 адамнан жауап алынып жатыр.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысынан басталды. Бұл отырысқа Мемлекет басшысы төрағалық етті. Хаттамалық сюжет кадр сыртындағы мәтінде президент сөзін қайталап, арасында Тоқаевты сөйлетті. 

Тоқаев вакцинацияның маңыздылығы туралы твит жариялады. Президент твиті вакцинация туралы сюжетке негіз болды. Иммунологтан шағын сұхбат та алыпты. Коронавирусқа қарсы вакцинацияның маңызы мен қоғамға пайдасын түсіндіріп, жұртшылықтың ресейлік және отандық вакцинаға сенімсіздігін де айтып өтті. Қазақстандық вакцинаны жасау процессі жөнінде қызықты әңгімеледі. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге жұмсауға болады. Алайда бұған ЭКО, яғни жасанды ұрықтандыру кірмейді екен. ЭКО мәселесін (қағазбастылық, мемлекеттік квотаны алудың қиындығы, квота бөлудегі шала тірлік) қозғаған сюжеттен экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы бала сүйген ана мен мемлекеттік квотаны күткен әйел хикаясын көрдік. ЭКО-ның не екенін түсіндіріп, бедеулік себебін, аборт зиянын баяндаған қызық сюжетте сарапшылар мен шенеуніктер комментарийі де бар.

Биыл халық санағы өтеді. Осыған орай Apta қонағына әлеуматтанушы Жазира Тұрсынбекованы шақырыпты. Кедейшілікті өлшейтін көпдеңгейлі индекс, әлеуметтік қызметкерлер мен кедейшілікпен күрес туралы мазмұнды сұхбат болды.

Айтпақшы, Apta бағдарламасы әлеуметтік қызметкерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасын елеусіз қалдырмай, ұдайы айтып келеді. Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі жанға қарайтын жеке көмекшілер әкімдік алдына жиналып, жәрдемақыны көтеруді талап етті. Сюжет бұл саладағы қордаланған мәселелерді жан-жақты көрсетіп, мемлекеттік органдар жұмысындағы қателіктерді де тізіп шықты. Әлеуметтік қызметкерлерден бастап депутаттарға дейін сөйлетті. 

Биыл ерекше актер, біртуар тұлға Нұржұман Ықтымбаев сексеннің сеңгіріне шығып отыр. “Кадрде бір минут көрінсе де мәңгілік есте сақталып қалатын” актер туралы портрет-сюжет бағдарламаны түйіндеді 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Ұлт намысы ма, хайп па? БАҚ-тағы «қыздық» тақырыбы

Батыс қоғамында қыз пәктігі оның жеке шаруасына айналғалы көп уақыт өтті. «Менің тәнім – менің шаруам» қағидасы өткен ғасырда-ақ қалыптасты. Міне, сондықтан батыс БАҚ-тарында мұндай тақырыптағы жарияланымдар жоқтың қасы. Алайда посткеңестік кеңістікте, әсіресе Орталық Азия елдерінде адамның жеке басына қатысты интим мәселелер әлі де маңызды тақырыпқа айналып отыр. «Жаңа репортер» медиасыншысы Назира Дәрімбет Орталық Азиядағы БАҚ үшін бұл тақырып неліктен өзекті болып отырғанына шолу жасады.

«Жеті еркекпен болса… Бұл — бедеулік»

Әрине, қоғамдағы маргиналдар «дәстүрлі тәрбие, «ұлт тазалығы» сияқты түсініктерді жамылып, діни қағидаларға сүйеніп, «қыз пәктігін» сөз етеді. Көбінің түсінігінде, некеге дейінгі жыныстық қатынас болашақ баланың денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін.

Алайда дәл осы тақырыпты сарапшы не белгілі маман тілге тиек етсе, таңданбасқа амал қалмайды. Мәселен ресейлік балалар омбудсмені Анна Кузнецова телегонияны қолдайды. Ол: «әйелде жыныстық қатынасқа түсетін еркектерінің көп болуы — ауытқуы бар баланың туылуына әкелуі мүмкін» депті. Ал Чувашияның Денсаулық сақтау министрі Владимир Викторов: «әйел жеті еркекпен болса, онда «бұл — бедеулікке берілетін кепілдік» дейді. Неліктен жеті еркек? Министр себебін түсіндірмейді.

Республикалық арналар да тақырыпқа үн қосады

Кейбір әріптесіміздің дәл осы түсініктен алыс емес екені еріксіз жаға ұстатады. Мысалы, атыраулық журналист Жеңіс Құспан күйеуі ұрып-соғатын әйелдердің 50%-ы тұрмысқа пәк қыз болмай шыққаны үшін «жазасын алатынына» сенімді.
Ол бұл туралы: «Мұның негізгі себебі, қыздардың пәк болып тұрмысқа шықпауында. Мәселен, жігіт қызды сүйіп алады. Оның пәк емес екенін білсе де, көнеді. Кейін сонысы есіне түскенде, қызғаныш кернейді, ызасы келеді. Сол себепті жұдырық ала жүгіреді. Ал қыз өз кінәсін сезінген соң таяққа көніп жүре береді. Осындай келеңсіздіктің орнын толтыру үшін қыз тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Қызды барған жеріне пәк болып баруы тиіс екенін санасына құю керек. Отбасындағы маңыздылығын айту керек. Қазіргі қыздардың бәрі болмаса да, 50 пайызы пәк емес күйде тұрмысқа шығып жатыр» деп, салмақты түрде пікір білдірді.

Жеңіс Құспан — бірнеше республикалық телеарналарда, QAZAQSTAN ұлттық арнасында, ірі интернет-басылымдарда қызмет еткен тәжірибелі журналист. Оның әлеуметтік желіде жазған пікірін бірнеше басылым іліп әкетіп, көшіріп басты. «Еуразия бірінші арнасы» басты жаңалықтарынан сюжет те көрсетті.
Сюжетте Жеңіс Құспан: «Төсек көріп, тұрмысқа шығатын қыздардың қазір үлес салмағының артқандығынан және соның салдарынан таяқ жейтіндердің көбейгені. Ойымды нақты жеткізу үшін мынадай бір мысал келтірейін. Мысалы, 100 пәк қыз бен 100 пәк қыз емес қыз тұрмысқа шықты делік. Бірінші топтағылардың көбі отбасылық құндылықтарды сақтайды, ал екінші топтағылардың көбі ажырасады немесе күйеуінің ұрғанына шыдайды» деп, өз ұстанымын да түсіндірді.

Бұл тақырып рейтинг қуған қаншама басылымды «қоздырса» керек, қыздық туралы жарыса жазып жатты.

Мәселен, танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының «Өз ойым» («7 арна») ток-шоуы да бұл тақырыпты сөз етеді. Бүгінде жабылып қалған жобаның басты миссиясы — «дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды өзектендіру және насихаттау» болатын. Ток-шоудың бір шығарылымы пәктік тақырыбына арналды. Жоба авторларының ойынша, қыздық — «дәстүрлі құндылыққа жатады» екен.

Ток-шоу студиясына алматылық 19 жасар студент қыз келіп, қыздығын сататынын айтып, басы дауға қалады. «Өзіме тиесілі дүниені не істесем де, өз еркім» деп айтқан қыз студия қонақтары мен жүргізушілер сынына ілінді.

Қыздықты «ұлттық қазынаға» балаған жүргізуші: «сен кімге керексің» деп те қорлады. Студия қонақтарының бірі қызға пәктігін емес, бүйрегін сатуды кеңес етіп, «ұят болады» деп тоқтау салғысы келді. Ток-шоу авторлары қыздың мұндай «тауарын» сатып алғысы келетіндер қаншалықты көп екенін де анықтапты.

Adyrna.kz порталы да қыз пәктігінен сырт қалмай, қалам тербеді. Портал авторы қыздар пәктігіні саудалай алатын арнайы шетелдік ресурс бар екенін айтып, қыздығын сатқысы келетіндер арасында Орта Азия тұрғындары да кездесетінін жазды. «Онлайн-аукционда Орталық Азиядан шыққан бойжеткендердің лоты өте көп. Тәжікстан мен Түркіменстаннан әзірге біреуден. Аукционда пәктік құны 3 мыңнан 1 млн долларға дейін бағаланған» депті.

Мақалаға «Масқара, ұят жағдай ғой!», «Ақ некеге адал келмеген қыздың кейін қандай қадірі болады?», «Тек пәк қыздарды жар қылып алу керек» деген пікірлер де жазылған.

Қыз пәктігін еркектер ғана айтпайды…

«Пәктігін» жоғалтып, тұрмыс құрып жатқан қыздарды ерлер ғана емес, әйелдер де сөгеді. Мұны Гүлжан Ізтайдың Abai.kz порталында шыққан «Пәктік қайда кетті?!» мақаласынан байқаймыз. Мақала пәктікті физиологиялық тұрғыдан түсіндірмек болып,  «қыз болмау» отбасын бұзады» деп өкініш білдіреді. Қыздық пен жезөкше проблемасын бір қатарға қойып қарастыруға тырысады.

«Десе де, осы тақырыптың аясында жанжал жиі шығады. «Қыз емес» екен деген ар-намысқа тиетін әңгіме талай отбасын шайқалтып, талай әйелдің көз жасын көлдетті. Бүгінде төсек қатынасына қатысты сауаты аз адамдар «әйелдердің бәрі бұзылып кеткен» деп шала бүлінуі де осы түсінбеушіліктің салдары шығар. Әйелдің бұзылуы деп талғамсыз, кездескен ер адаммен төсектес бола беретінін меңзейді. Алайда бұл жолды таңдағандарды «жезөкшелер» деп танимыз және көптеген әлеуметтік зерттеулер жезөкшелік жолға қыздардың көпшілігі өз еріктерімен бармағанын көрсетуде. Жезөкшелерді белгілі бір қылмыстық топтар басқарады»,- деп тұжырымдаған автор соңында: «Бүтін отбасы — мемлекеттің бір байлығы. «Қыздық» мәселесіне әркімнің сауатты қарауы отбасының бейбіт келісімде өмір сүруіне ықпал етеді. Лайым жас шаңырақтар құламасын деп тілеймін,-деп түйіндейді.

Қазақ тіліндегі аудиторияға «жабық тақырыптарда» сөйлейтін журналист ретінде танылған Әсел Ергешқызы «Уақыт көрсетеді» YouTube-жобасына сұхбатында «кейбір қыздардың пәктігі жалған» деп жұртты шулатты.

«Бізде пәктікті сақтайтын, бірақ балама жолмен жыныстық қатынасқа түсетін қыздар бар. Оларды пәк деп санауға болмайды. Бұл мәселені кеңінен көтеру керек. Бұл — қоғам мәселесі. Кей қыздар пәктігін қайта салдырады, басқа жолдармен жыныстық қатынасқа түседі, содан кейін күйеулерінің алдында таза көрінеді. Бұл — алдау»,-дейді ол.

Орталық Азия медиасындағы «қыздық»

Қазақстандық БАҚ-та пәктігін дәлелдеу үшін мамандарға жүгіну оқиғалары аз, ал Тәжікстанда бұл жағдай кең қолданыста екен. Қыздар пәктігін қорғап, қалыңдықты «пәктік»-тестін тапсыруға мәжбүрлейді.

«2014 жылы жүздеген тәжік қызы пәктікке тест тапсырды. Мұны көбіне олардың күйеуі талап етті. Тәжікстандағы республикалық сот-медициналық сараптама орталығының мамандары қыздардың пәктігін дәлелдеу туралы өтініштерге таң қалмайды. Шамамен алғанда, оларға күніне екі қыз келеді. Бірі өз еркімен келсе, енді бірі пәктігін дәлелдеуге мәжбүрлі түрде келеді. Жастарға сүйікті қызының не қалыңдығының пәктігі  әлі де маңызды», — деп жазады Озоди радиосы.

Ал «Азия-Плюс» басылымы: «2014 жылы 480 қыз пәктігін тексерту үшін жүгінді. Тек 37-сі «бұзылған» (пәк қыз емес)» болып шықты», деп, нақты дерек келтіреді.

Осындай «пәктік»-тестілерінің бірі Тәжікстандағы Восей ауданында тұратын 18 жасар қыздың өз-өзіне қол салуына итермелеген. Әйтсе де, мұндай қайғылы оқиғалар «әйел абыройының сақшыларын» тоқтатар емес. «Тәжік қоғамында қыздардың пәктігі  — сол отбасы ар-намысының басты мәселесі. Ал күйеу жігіт үшін таңдаған әйелінің «адалдығы» – отбасын құратын басты негіз» деген түсінік кең таралған.

Әйткенмен, Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мұндай «пәктік»-тестілерін жоққа шығарады. Отбасы кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтар некеге тұрар алдында міндетті түрде тегін медициналық тексеруден өтеді. Мысалы, 2018 жылы үйлену тойына дейін 134 451 адам міндетті медициналық тексеруден өтіп, В гепатитін жұқтырған 1,5 мың адам, С гепатитін жұқтырған 198 адам, АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 58 адам, туберкулез жұқтырған 17 адам және психикалық ауытқулары бар 58 адам анықталыпты.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Тәжікстан билігін некеден бұрын жасалатын «пәктік»-тестіне тыйым салуға шақырды. Озоди радиосының жазуынша, «Дәстүрлі тәжік қоғамында «тұрмысқа дейін қыз таза болуы керек» деп саналады. Егер күйеуі неке түнінде қалыңдығының пәк емес екенін білсе, қызды масқаралап, қуып жібереді. Ата-анасы «сондай қызын» қабылдаудан бас тартады. «Өмір бойына мұндай әйелдердің абырой-беделіне кір жұққан» деп саналады» екен.

Тәжікстан тұрғындары қыз пәктігін тексеру үшін дәрігерлерге жүгінсе, көршілес Өзбекстанда қыздықты өз бетінше тексереді. Өткен жылдың соңында Хорезм облысында сұмдық оқиға болды. «Күйеу жігіт үйлену тойынан кейін туыстарына қыздың пәк қыз емес екенін айтады. Туыстары қызды шешіндіріп, жалаңаш күйінде видеоға түсіреді. Кейін бұл бейнежазба желіде тараған»,-деп хабарлайды upl.uz.

Қыздық мәселесі Орталық Азия қоғамын ғана мазалайтын мәселе емес. Мәселен, The Village Беларусь басылымының хабарлағанындай, бір қыз болашақ күйеуі үшін гименопластика жасатыпты. Мақалада мұның себептерін: «Айналамызда феминизм, бостандық, теңдік және әйел бауырластығы сияқты дүниелер бар 2018 жылы пәктікті қалпына келтірудің еш мағынасы жоқтай көрінеді. Іс жүзінде әйелдер жігітін немесе күйеуін қуанту, діни нормаларға сай болу, зорлық-зомбылық туралы естеліктерін өшіру үшін осы жағымсыз процедураға жүгінуін жалғастырып жатыр»,-деп түсіндіреді.

Дамыған ел Израильде де қыз пәктігіне қатысты діни қағидалар кейбір тұрғындарға  тыныштық бермейді. Жергілікті газеттердің бірі әйелінің «қыз емесін» білген күйеу жігіт үйлену тойы мен сыйлықтардың құнын өтеуді талап еткенін жазады.

Бәріміз XXI ғасырдың алғашқы ширегіне таяп қалдық. Адамзат жыныстық қатынас арқылы таралатын көптеген ауруды емдеп, ғалымдар контрацепцияның ондаған түрін ойлап тапты. Демек, қыз баласы некелескенге дейін пәктігін сақтауын міндеттейтін аз-маз салмақты себептер де келмеске кетті. Жыныстық ауруларды негізінен еркектер тарататынын да ашып айтпаймыз.

Әйтсе де патриархал қоғамда, соның ішінде Қазақстанда да қыз пәктігі жөнінде сөз қозғала қалса, «моральді қорғаушылар» мен «ұлттық» тәрбиені жақтаушылар қыздың  «туған-туысын, тіпті бүкіл ұлтты масқараламау үшін некеге дейін ар-абыройын сақтау керек» екенін еске салуды әсте ұмытпайды. «Қыз ар-намысы — ұлттың ар-намысы» деген сөз де шыққан.

Бұл тақырыпты әлеуметтік желі қолданушылары ғана емес, журналистер де, белсенділер мен кейбір «қайраткерлер» де әр тұрғыдан көтереді. Мұндай интим тақырып біздің қоғамды (әсіресе, еркектерді) не себепті алаңдатады? Олар барлық қыздың ішкиіміне қол сұғуға неге дайын тұрады?

Қоғам қыз абыройы, әйел ұяты туралы қараңғылық құрсауындағы түсінігінен әлі күнге шыға алмай, сексизм әлемінде өмір сүруін жалғастырып жатыр. Өкінішке қарай, патриархал қоғам тек әйелдерге ғана бағытталған сексизм және ар-намыс туралы жалған түсініктерге негізделген көзқарасты қолдауға бейім.

Батыс елдерінде бұл тақырып әлдеқашан күн тәртібінен түсіп қалды. О жақта кез келген тележүргізуші эфир қонағына «ой, сен кімге керексің» деп айтса, ертең өзін сотқа беретінін, және сотта жеңілетінін де түсінеді. Өмірінің соңына дейін осы қатесінің зардабын тартатынын да біледі.