Домой Блог Страница 6

Су тасқыны, сайлау науқаны, шаруалар мәселесі: 30 қаңтар – 5 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқынына арналды: құтқару жұмысы, жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, биліктің белсенділігі сөз болды.  Сондай-ақ, апталық бағдарламалар шаруалардың проблемасы, қажылыққа апаратын ұйымдардың алаяқтығын, қаңғыбас иттердің мәселесін қозғады. Тоқаевтың Жамбыл облысына сапары, сайлау науқаныны партиялардың қызу дайындығы да назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқыны туралы болды. Тілші Шардара қоймасына құйылған су Солтүстік Арал теңізінің көлемін артырып жатқанына тоқталған. Сала мамандарының, құзырлы орган өкілдерінің пікірлері бар. «Жеті күн» алғашқы сюжетін жақсы көңіл-күймен аяқтауға тырысқан. Әйтсе де, қызыл су Аралды аман алып қалуы мүмкін деген тілші болжамы тым асыра айтылды.

Президенттің Жамбыл облысына сапарына кең тоқталып, ауқымды сюжет әзірленді. Әдеттегідей ұзақ, Тоқаевтың айтқандарына басты назарға алынған, хаттамалық сюжет.

Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжет мәслихат сайлауы туралы болды. Жергілікті сайланбалы органнның қызметіне баға беріле ме, оларды көпшілік тани ма, халықтың мәселесін шешуге қаншалықты араласады деген мәселе көтерді. Сарапшылардың, экс-депутаттардың, қарапайым тұрғындардың пікірі бар. Толымды сюжет.

Өткен аптада президент Астананың дамуына қатысты да отырыс өткізгені белгілі. Сюжет тағы да Тоқаевтың жиындағы сөздерін тәпсірлеуге арналды. Елорда әкімінің және урбанистика бөлімі қызметкерінің пікірі бар. Осы тұрғыдан тым қасаң.

Еліміздегі ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, әлеуметтік үйлердегі аналар, патронаттық тәрбие, асырап алынған балалардың интернатқа қайтуы секілді бірнеше проблеманы көтерген сюжет көрсетілді. Статистика айтылды, мамандар сөйледі. Аналар үйіндегі кейіпкердің оқиғасы бар. Парламент қарауында асырап алған балаларды қайтаруға қатысты заң қаралып жатыр. Балалар омбудсмені Аружан Саин сол туралы айтып берді. Дегенмен, сюжет авторлары балалардың алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінбеген. Кейіпкердің бетін жапқанымен, шамасы патронат отбасы не балалар үйінде түсірілген болуы керек, кадрдағы балалардың жүзі анық көрініп тұрды.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Әнес Сарайдың шығармашылығы мен өміріне арналды.

Sarap Тimes, Astana TV

Бұл бағдарламаның да басты тақырыбы Түркістандағы су тасқынына арналды. Тілші жергілікті халықтың жағдайын, су тасқынына дайындық пен алдын алу шараларының барысы туралы кеңінен ақпарат беріп, жағдайды нақты баяндаған.

Елорданы дамыту туралы сюжетте әдеттегідей Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне басымдық берілген, дегенмен, қала тұрғындарының да проблема туралы пікірі ескерілді. «Жеті күннің» сюжетінен ерекшелеп тұрған тұсы да осы.

Amanat партиясының сайлау алды дайындығы туралы айтып өтіп, өзге партиялар туралы қысқа ақпарат берілді.

Бұдан бөлек, елдегі салынған жол, берілген ауыз су, жалақының көтерілуі, Болат Назарбаевқа тиесілі жерлердің мемлекетке қайтарылуы туралы істер партия жұмысының жемісі ретінде айтылып өтті. Осыдан соң, тағы да партияның жетістіктері мен жұмысын баяндайтын көлемді сюжет берілді. Бұдан әрі, Саят Жөкен студияда сұхбат берушіні таныстырмастан, партияның жұмысына қатысты сұрағын қоя бастады. Әрине, қонақтың аты-жөні титрде берілетіні рас. Алайда, сұхбатты тұтқиылдан сұрақ қоюдан емес, көрерменмен амандасып, қонақты таныстырған соң бастау қарапайым эфир этикасы.

Автокөлікті тіркеуге қою туралы қысқа ақпараттан соң, қажылыққа барамын деп алаяққа алданғандар туралы сюжет берілді. Қажылыққа бару діни басқарма тарапынан реттелмейтінін айтып, бұл сапардың маңызын кетіріп алған жоқпыз ба деген сауалды алға тартады. Орынды мәселе көтерген сюжет.

Sarap Тimes әзірлеген соңғы сюжетті ерекше атап өту керек. Ең беделді ғалымдар қатарына кірген қазақ маманының өнертабысы туралы айтылды. Отандық ғалымдар ойлап тапқан құрылыс материалдары, оларды жасауға қолданылатын шикізат қайдан алынатыны туралы маңызды материал әзірленіпті.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Экология министрлігі ғылыми мақсатта екі мыңға тарта киік аулауға рұқсат берген. «Айна» басты тақырып ретінде осы мәселені көтеріпті. Сала мамандарын, шаруаларды, министрлік өкілдерін сөйлетіп, киік популяциясына қатысты ақпарат берді. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет әдеттегідей тиянақты, толымды. Тілшінің киіктердің табиғи мекеніне барып, тіршілігін таспалап, стэндап жазған еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Ақбөпе Тәңірберген қаңғыбас иттердің мәселесін көтерді. Былтырдан бері елімізде қабылданған заңға сәйкес, оларды қасақана өлтіруге болмайды. Сондықтан, қаңғыбас иттер арнайы орталықтарда ұсталады. Тіпті биылдан бастап ит пен мысықтың санағы жүргізілмек. Құзырлы орган өкілінің сөзін астарлай сынап өткен тілші қаңғыбас иттерді аулауға қатысты бөлінген қаражат туралы мәлімет келтірілген. Ақбөпе Тәңірберген, өз сюжеттерінде көрерменге ұнамды әсер қалдыруға тырысады, бұл жолы да белгілі бір деңгейде сәтті шыққан.

4 пайыздық несиеге көлік алудың шарттары туралы «eGov куәгері» айдарында айтылды.

Түркістандағы су тасқыны туралы кадрдан тыс мәтін және синхрон форматында ақпарат берілді. Құтқару жұмысы айтылды, тұрғындардың пікірі бар.

Мемлекет басшысының Жамбыл облысына сапары туралы жеке сюжет берілген жоқ. Президент сапарындағы ерекше сәттерді көрсетіп, кадр сыртынан баяндады. Жамбыл облысы әкімінің Тоқаевқа ең жақсы мектеп, ең жақсы медицина мекемесін, шаруасы өрге басқан кәсіпорындарын көрсеткенін айтып аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

Apta өткен аптада көрерменін таң қалдырды, президент туралы сюжет (Тоқаев Жамбыл облысына ресми сапармен барды) көрсетпей тұрып, аймақтың проблемасын көтерді – Түркістан облысында су тасқыны болып, бірқатар елдімекендер зардап шекті. Жергілікті халық мұндай жағдаяттың бірінші жыл қайталанып тұрмағанын, ал аймақтағы әкімдік шарасыз күйде отырғанын айтып, мұң шақты. Төтенше жағдай министрінің, әкімдердің пікірі бар. Олар қанша жерден дайын болсаң да, табиғи апаттың ауқымын болжай алмайсың деген пікірі айтты. Оның үстіне, Шардара қоймасына Өзбекстаннан келетін су көлемі артқан, сәйкесінше, аталмыш аймақта су басу қаупі әлі де бар.

Келесі сюжет елорданың проблемаларына арналды. Өткен аптада Ақордада қаланың бас жоспарын талқылады. Астана халқы көбейіп жатыр, сәйкесінше әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым дамуы қажет. Үлескерлер мәселесі, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, кептеліс және тағы басқа жалпы таныс проблемалар айтылды.

Apta тек үшінші сюжеттін Тоқаевтың Жамбыл облысына барған сапарына арнады. Президент аурухана, мектеп, университет проблемаларымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесіп қайтты. Мемлекет басшысының сөзінен үзінділер бар, хаттамалық сюжет.

Қазақстан мен Ресей газ саласындағы серіктестік жөнінде жол картасына қол қойды. Данияр Қайыртай аталмыш құжаттың неліктен жалпыға ұсынылмағанын зерттеп көрген. Энергетика министрі бұл картада қарапайым жұмыс алгоритмдері жазылғанын айтып, онымен көпшіліктің танысуы міндетті емес депті. Ал сарапшылар мұнымен келіспейді. Сюжетте мұнай және газ саласының бірқатар маманы пікір білдірген, олар аталмыш саланың проблемалары мен қауіп-қатері туралы сөз етті. Жақсы талдамалық материал.

«Қазақстан-Еуроодақ 30 жыл» аталатын сюжетте ЕО – еліміздің тауар және инвестиция саласындағы ірі серіктесі екені айтылды. 30 жылда ел экономикасына Еуропадан 160 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Бағдарламаның арнайы тілшісі екіжақты қарым-қатынас, бүгінгі серіктестік, жарқын болашақ туралы баяндады, шетелдік сарапшылардың пікірі бар.

Apta Украинадағы жағдай туралы апта сайын айтып жүр, бұл жолы да дәстүрінен таймады. Украинадағы қарулы қақтығысқа (Apta осылай атады) 347 күн болды. Зеленский Бахмуттағы жағдай қиын, Ресейде басымдық барын және батыс елдерінің көмегінен үмітті екенін мәлімдеді.

 

5 партия съезд өткізіп, Мәжіліске үміткерлерін бекітті. Амангелді Сейітхан барлық съезге қатысып, партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Кандидаттардың пікірі бар.

Альбина Әшім студияда Аmanat партиясының жаңалықтарымен бөлісті – Болат Назарбаевқа тиесілі болған 300 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сюжет болған жоқ.

Соңғы сюжет ауыл тұрғындарының проблемасына арналды, ал елімізде 7 млн ауыл азаматы бар. Шалғайдағы жұрт малын жая алмай отыр. Мәселен, Ақсу ауылында қарапайым шаруалар үшін жайылым жер жоқ, себебі жергілікті әкімдік сүт өнімін шығарамын деген инвесторға жерді сатып жіберген. Одан бері 7 жыл өткен, сүт фермасы жоқ, ал оған бөлінген жер қоршаулы тұр. Жер кодексіне сәйкес, ауылдан 15 га қашық орналасқан жер мал жаюға арналған. Ауыл тұрғындарының, шаруалардың түрлі оқиғасы баяндалды, сарапшылар пікірі бар – өзекті тақырып көтерген сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

 

Сайлау науқаны, су тапшылығы, жүргізушілер проблемасы: 23-29 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы наурызда өтетін Мәжіліс сайлауы туралы болды: науқанға дайындық, сайлаудың жаңа ережелері мен тәртібі, тіркелген партиялар және тағы басқа. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар жүргізушілердің проблемасын көтеруге тырысқан: шетелдік номерлі көлігін тіркей алмай жүргендер, 4% несиемен темір тұлпар мінгісі келетіндер, қоғамдық көлік шопырларының жанайқайы бар.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасының басты тақырыбы алдағы Мәжіліс сайлауы болды. Тілші Мәжіліс қандай болуы керек деген сауалға жауап іздейді. Сарапшылардың бірі Ассамблея тізімімен сайлануда ашықтық болмайтынын атап өтті. «Хабар» арнасына жиі сұхбат беретін Қазбек Майгелдинов депутаттардың біліктілігіне қойылуы тиіс талаптар туралы айтты. Көптің пікірі де бар. Әйтседе де, бұл сюжет көрерменге Парламент депутаттарына қойылатын талапқа қатысты ой сала алды ма, тілші тақырыпқа неге тереңдей түспеді деген сауалға жетелейді.

«Жеті күн» тілшілерінің дерегінше, Қазақстандағы ауылды елді мекендердің шамамен 20 пайызында ауыз су тапшы. Ауыл проблемасын көтере басталған сюжет құзырлы министрліктің мәселені шешуге қатысты жоспарын айтуға жалғасты. Тұрғындардың арызына жергілікті әкімдік өкілдерінің өз уәжі бар.

Елімізде трансполонтология тегін. Науқастың ағзасына жасалатын мұндай отаны мемлекет қаржыландырады және ол науқастың дәрі-дәрмегі де мемлекет есебінен беріледі. Келесі сюжеттің басты айтар ойы осы. Дегенмен, елімізде донор банкі жоқ. Оны жасау үшін Заңға өзгеріс керек. Адам өмірден өткен соң ағзасын басқа жанға беруге келісуі керек. Ол үшін түрлі наным-сенімдерден арылу маңызды. Бұл сюжетте дәл осы «керек» сөзі көп айтылды және оны негізінен тілші айтты. Тек нұсқауға құрылған мұндай материал көрерменге қаншалықты қызық? Дегенмен, елімізде дәл қандай ағзаға мұқтаж жандар көп? Нақты статистика берілмеді.

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыру жүріп жатыр. Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжет осы рәсім қалай іске асып жатқаны, көлік иелері нені ескеруі тиіс екенінен толыққанды ақпарат берді. Заңға бағынып, кезінде шетелдік нөмірлі көлік алмаған қазақстандықтардың реніші де берілді. Қазақстанда көлік қымбат екені сюжетте бірнеше рет айтылды. Не себепті қымбат? Бұл сұраққа мардымды жауап жоқ. Еуразиялық экономикалық аймақтағы елдер арасында неге Қазақстанда көлік ерекше қымбат екеніне қатысты ақпарат берілмеді.

Соңғы сюжет еліміздегі қысқы спорт түрлерінің қазіргі жағдайы туралы болды. Толымды ақпарат берілген тұщымды сюжет әзірленіпті.

Sarap Тimes, Astana TV

Бағдарламаның алғашқы 7 минуты Сенаттың қайта жасақталғаны, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары Палата депутаттарының алдында сөйлеген сөзі, Amanat партиясының парттиялық тізімі туралы баяндауға арналды. Арасында синхрондар берілді демесеңіз, Дастан Сейілханұлы бір сюжеттің уақытынан артық сөйледі.

Мәжіліс депутаты қандай болуы керек? Алғашқы сюжетке осы сұрақ арқау болды. Тақырыптық тұрғыдан «Жеті күн» бағдарламасымен ұқсас, әйтсе де, анағұрлым тиянақты. Дос Көшім, Сұлтанхан Аққұлұлы секілді тәуелсіз сарапшылардың пікірі бар. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының да ойын келтірген. Тек тілші кадр сыртындағы мәтінде долбарға ұқсас пікір келтіріп, «сайланған депутаттардың көпшілігін халық танымайды да, себебі, арада байланыс жоқ. Уәдені жаудырып, сенімге әбден кіріп алады да, сайлаушыларын ұмытып кетеді, қызметін бір дәреже көріп, атақ-мансап қуады, екі ортада бос сценарийді жаттап алған, уәде мен сылтауға тойып алған халық сорлап қалады» дейді. Бұл нақты қай депутатқа қатысты айтылды, көпшілік танымайтын депутаттардың аты аталса, атақ-мансап қуған депуттарды да халық нақты білсе… ал, «бос сценарий» деп автор нені меңзеді?

Ал «Жеті күн» сюжетінде сарапшы болған саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов Sarap Тimes студиясында сұхбат берді.

Еліміздегі қорғаныс саласына қашан реформа жасалатынына тоқталған сюжет соңғы кезде әскерде болып жатқан келеңсіздіктер туралы айтты. Материалда көтерілген проблема ауқымды болғандықтан нақтылық жоқ, тек әскери саладағы келеңсіздіктерді санамалаумен шектелген. Таразда өз-өзіне қол салған жауынгер Бекбол Мирашқа қатысты адвокат Пралиевтың мәлімдемесі, марқұм жігіттің әлеуметтік желідегі видеолары да берілді.

Нәрестені сатқан медицина мамандары мен сәбиге хиджама жасалғандар туралы ақпарат беріліп, соңғысына қатысты «Хиджама» орталығы мен Денсаулық министрінің пікірі бар.

Астанадағы тарвмотология ауруханасының тозығы жетіп тұр. Осы проблеманы көтерумен басталған сюжет, қалада емхана тапшы екенін атап өтіп, дәрігерлерге көңілі толмайтынын айтқан тұрғындардың пікірімен толықты. Алматы облыстық ауруханасында 200 дәрігердің жұмыстан шыққанына, СҚО-да дәрігерлер жетіспейтініне тоқталды. Денсаулық вице-министрінің пікірі бар. Оның айтуынша, дәрігерлерге жағдай жасалып, жалақы көтеріліп жатыр. Еліміздің медицина саласындағы ахуал болғанымен, әр мәселе жеке тақырыптық зерттеуге сұранып тұр.

Дастан Сейілханұлы алғысөзде «Қазақстан көктемгі су тасқынына дайын ба?» деген сауал қояды, ал сюжет тақырыбы көрсетілген титр «Су тасқынына дайын емес» деп жүргізушінің сауалына жауап беріп тұр. Бұдан әрі сюжетті көрудің қажеті де жоқ секілді. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин еліміз көктемгі су тасқынына дайын емес екені, қауіпті аймаққа қай облыстар жататыны туралы мәлімдеді. Соның негізінде материал әзірлеген тілші Қостанай қаласы мен СҚО-дағы ахуалға ерекше тоқталды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Көр қазу қымбат» атты Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет Астанадағы жерлеу қызметі, соның ішінде қабір қазуға қанша ақша жұмсалатыны туралы болды. Тілші жүргізген зерттеуден байқағанымыз, арнайы қызмет түрлері де қымбаттапты.

«Айна» қабір тақырыбын одан әрі дамытып, Ұлттық пантеон мәселесін көтерді. Онда кімдер жерленетіні арнайы Үкіметтің Қаулысында көрсетілген. Ал «Айна» авторларының пікірінше, бұл құжаттың шикі тұсы көп. Атап айтқанда, жақында Елбасы туралы Заңның күші жойылды. Бұл да Ұлттық Пантеонға қатысты қаулыға ықпал етуі тиіс емес пе? Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы да осы пікірді құптап отыр. Алайда автор Үкімет мүшелерінен бұл мәселеге қатысты пікір сұрамаған. Пантеон тиесілі Есіл ауданы әкімдігінің ғана оның аудан балансына өткені туралы ақпараты бар.

Мүгедектігі бар азаматтарға қарайласып жүрген жақындары енді ресми әлеуметтік қызметкер болып танылуы мүмкін. «EGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалқасқызы әдеттегідей әлеуметтік саладағы жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.  Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасы талқыланып жатқаны, онда қандай өзгерістер болатыны айтылды.

«Күлімдеші» айдары бір жыл бойы орнынан тұра алмай қалған келіншек туралы болды, «Айна» ұжымы оған остеопат маманның емін тегін алуға ықпал еткен.

Бағдарлама әдеттегідей хайпқа бұйырмаңыз айдарымен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta өткен аптаның және алдағы екі айдың басты жаңалығы деп Мәжіліс пен маслихат депутаттарының сайлауын атады да, түсіндірме ақпарат берумен шектелді: сайлау науқаны, жаңа ереже мен тәртіп, жарна мәселесі, тағысын тағылар.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізден $140 млрд актив шетел асқан. Үкіметте заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы қаралып жатыр. Ол қаншалық тиімді болмақ? Былтырдан бері айтылып келе жатқан тақырып, десек те Оңғар Алпысбайұлы жаңа заң жобасы туралы пайдалы түсіндірме материал әзірлеген. Сарапшылар пікірі, шетелдік тәжірибеден бірнеше мысал бар.

Бағдарлама жүргізушісі Албина Әшім елімізде көкеністердің қымбаттағаны туралы инфографика ұсынып, сарапшы – Ауыл шаруашылығы компаниясының жетекшісі Жанболат Тәуелдің сұхбатына кезек берді. Маман қазіргі қымбатшылықтың себебін түсіндіруге тырысқан: үкімет көкеністерді көптеп егуге аса мән беріп, субсидия бөледі, ал елімізде сақтау қоймалары жоқ, қолда бары тиісті жабдықталмаған.

Келесі сюжет құрылыс аяқталмаған нысандардың (былтыр елімізде осындай 154 нысан тіркелген) проблемасына арналды. Еш жаңалығы жоқ: сюжеттің өзі мұрағаттағы видеолардан құралған, ал сарапшылар онсыз айқын дүниелер туралы айтқан.

Өткен аптада Apta Украинадағы жағдай туралы қайтадан айта бастады. Батыс елдері Украинаға танкілер беруге келісті, ал Ресей АҚШ пен Еуропаны кінәлап, мәлімдеме жасады. Сюжетте Зеленскийдің Вашингтонмен келіссөз жүргізіп, олардан ракета сұрап жатқаны айтылды, шетелдік сарапшылардың пікірі бар.

Apta халықаралық жаңалықтарды жалғап, Таяу Шығыстағы жағдайға да тоқталды – Иерусалимде палестиналық азамат 7 адамды атып өлтірді.

Оңғар Алпысбайұлы ұсынған тағы бір аналитикалық материал еліміздегі шетелдік номерлі көліктерді тіркеу ісі турасында болды. Сюжетте жүргізушілердің оқиғасы мен олардың проблемасы айтылды (кейбірінің көлігі шет мемлекеттегі тіркеуден алынбаған). Кейіпкері де, сарапшы пікірі де, талдауы да үйлескен сараптамалық материал.

Жүргізушілер мәселесі келесі сюжетте де көрініс тапты. Елімізде қоғамдық көлік шопыры жетіспейді. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, 3000 жүргізуші керек. Данияр Қайыртай олардың әртүрлі оқиғасын тыңдап: бірі 13 жыл осы салада қызмет етіп, таксист болуға ауысқан, енді бірінің зейнетке дейін жұмыс істемек ойы бар, ал кейбірі шетелге көлік жүргізуге кеткен, олардың проблемасын көрсетуге тырысқан – жалақы төмен. Сарапшылардың, шенеуніктердің пікірі бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы: журналистер не үшін қуанып, неге күйінді?

6 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында ҚР «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы талқылауға ұсынылды. Журналистер жайын қозғайтын заң болса да, тілшілер бұл тақырыпты тереңірек талдауға келгенде аса белсенді болмады. Иә, жаңа заң жобасының әзірленгені, талқыға салынғаны көп жазылды. Бірақ материалдың басым көпшілігі бөркін аспанға атқандай позитив қалыпта берілген. Әсіресе, өңірлік БАҚ бір-бірінен көшіріп басып, бөліскен. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр кейінгі бір айда осы тақырыпта БАҚ-та не жазылғанына шолу жасап шықты.

Іздеу жүйесінде шыққан алғашқы бес материалда заң жобасының қоғам талқысына ұсынылғаны туралы айтылған. Қаңқасы мынадай: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасын және заңнын алдын ала жобасын жариялағаны лидте айтылады, одан кейін қандай жағымды әсер күтіліп отырғаны, министрлік өкілдерінің бұған қатысты пікірі беріліп, қорытындыда тұжырымдаманың сілтемесі қоса беріледі. Кейбірінде тұжырымдамаға сілтеме тіпті жоқ. Ал танысу үшін гиперсілтеме берілгені құптарлық іс. Материалдар сөзбе-сөз көшірілмесе де, жалпы берілу қалпы осындай. Әйтсе де, сол күйі бір-біріне сілтеп басқандар барын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, «ҚазАқпараттың» жаңалығын алып, тақырыбын ғана ауыстырып, сайтына бөліскендер аз емес.

azattyq.org cайтынан скриншот

«Масс медиа туралы заң жобасы» деп іздегенде шыққан алтыншы материал «Азаттық радиосына» тиесілі. Мұнда талқыға түскенін айта келе, сарапшыларды сөйлету арқылы заң жобасындағы шикіліктерге де тоқталған. Мысалы халықтың шынайы ақпарат алуы керек дегенімен, оның рас-өтірігін анықтау механизмі жоғын айтады. «Құқықтық медиаорталық» ұйымының директоры Диана Окремованың сөзінше, «БАҚ-тың бәрі үнемі заң бұза беріп, енді оларды бақыламаса болмайтын секілді. Заң жобасы ескерту, профилактика мен жазалауды көздейтін болып шыққан». Бұдан бөлек те бірнеше кемшілігі атап көрсетіледі.

Atameken Business News арнасынан скриншот

Талқы жасаған тағы бір ұжым – inbusiness.kz. Тілші материалын былай бастайды: «Қазіргі қолданыстағы заң журналисті осындай жағдайда қорғай ала ма? Жоқ па? Бұған нақты жауап беру де қиындау сияқты. Өйткені, Үкімет тілшілерге кедергі келтіру дерегін қылмыстық кодекстен әкімшілікке ауыстырып алмақшы. Яки журналистерге қарсы қиямпұрыс қылықтар енді азаматтық кодекс аясында ғана қаралуы мүмкін». Кейін екі жақты баланс болсын деп министрліктің де, тәуелсіз сарапшылардың да пікірін сұраған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі «құжат аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау қамтылған» деген. Ал Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов заң жобасына көңілі толмайтынын білдіріпті. Сюжет бар болғаны 2,5 минутқа созылса да, ондағы пікірлер біржақты емес, бәрін қамтуға тырысқан.

Өңірлік БАҚ заң жобасы туралы жазғанда жақсы жаңалықты көп бөліскен. Соның ішінде, журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын сүйіншілеген материал көп. Мысалы «Атырау» арнасы журналист сауалына жауап беру мерзімі қысқарғаны, жауап бермеген шенеуніктің жазаланатынын, журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар барын айтады. Жалпы мемлекеттік БАҚ-тың материалдарында тақырыптан-ақ әлдебір қуаныш лебін оңай сезуге болады. Өйткені басым көпшілігі «Журналистерге берілетін мүмкіндік» деген сыңайда жазған.

Qazaqstan арнасының да сюжеті «Журналистер мәртебесі артады. Жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр» деп аталады. «Өскен өңір» ақпараттық агенттігі аймақтық өзге әріптестеріне қарағанда заң жобасы жайлы ақпаратты көшіріп басумен шектелмей, шағын сұхбат алған. Тілші «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының жұмыс тобындағы журналист Халима Бұқарқызынан журналист мәртебесі, баспасөз картасы және жаңа заңда қамтылмай қалған мәселелер жөнінде сұрап білген. Сұхбатта Халима Бұқарқызы: «Масс-медиа туралы заң жобасын сөз еткен жердің бәрінде журналист мәртебесін көтеруге қатысты сұрақ жиі қойылады. Әріптестерімнің арасында журналист мәртебесі ұғымын әлеуметтік мәселенің шешілуіне теліп қою байқалады. Бұл – журналистің мәртебесін көтеру емес, журналистің әлеуметтік, тұрмыстық мәселесін шешу. Журналистің мәртебесін өзінен басқа ешкім көтере алмайды. Егер журналист заңда көзделген құқын дұрыс пайдаланып, міндетін адал атқарса, мәртебесі өседі» дейді. Сондай-ақ, заң жобасында қамтылмай қалған мәселелер де сөз болған. Аймақтық БАҚ-тың мұндай белсенділігі көз қуантады.

osken-onir.kz сайтынан скриншот

Осыдан бірнеше күн бұрын Nege.kz сайтында белгілі журналист Қайнар Олжаймен сұхбат шықты. Тілші сөз арасында жаңа заң жобасы туралы да сұраған. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, ел арасында беделді, сөзі өтімді деген журналистерге осы тақырыпқа қатысты сауал қойғаны құпталады. Журналистің «Қазір «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, талқыға түсіп жатыр. Егер сізге мүмкіндік берілсе, заңға қандай өзгеріс енгізер едіңіз?» деген сұрағына Қайнар Олжай заң жобасын толық қарап шықпағанын айтады. Артынша тілші заң жобасындағы кей тұстарды тізіп шығып, әңгімені жалғаған. Мысалы журналист этикасын қатаңдату туралы ойын сұрағанда, сұхбат беруші ашыла түсіп, былай деп жауап берген: «Бұл журналистердің өрісін кеңейту емес, керісінше, тарылтуға бағытталады. Бәлкім, «шенеунікті дәретханаға бара жатқанда ұстап алып, жағасынан алды» дейтін шығар. Бірақ ол мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беруге әрдайым дайын болуы керек. Кейде тұтқиылдан сауал қойылса, соның жауабы тұшымдырақ болады. Меніңше, бұл шенеуніктерге кезекті қалқан жасап беру жолы сияқты. Адам неғұрлым ашық болса, қоғам соғұрлым дамиды. Демек, бұл заң қоғамды дамыту емес, одан сайын оқшаулап, тұмшалайды деген сөз. Журналист қандай жағдайда да ақпарат табуы тиіс. Ал ақпарат табу мүмкіндігін шектеуге болмайды».

nege.kz сайтынан скриншот

«Ашық НҚА» порталына жарияланған «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының тұжырымдамасының қаралымы 3500-ге жуықтаған. Ал астында жазылған пікір саны – 110. Екі лайк пен төрт дизлайк басылған.

Қазақтілді медиадағы 2022 жылдың басты ғылым жаңалықтары

Қазақтілді медиа әлемдік ғылыми жаңалықтар мен үрдістерді қаншалықты уақтылы әрі дәл жеткізе алады? Контент тұтынушыға ең болмаса танымдық мағлұмат қамтамасыз ете ала ма?

Оны білу үшін, гранд басылымдардың жыл қорытындысы бойынша басты ғылыми жаңалықтар деп таныған тізімдеріне үңілейік. Айталық, The Guardian жасаған тізімді басшылыққа алайық. Сосын, онда аталған ғылыми жаңалықтарды қазақтілді медиадан іздеп көреміз.

NASA-ның Double Asteroid Redirection Test зонды Жерге соғу қаупі бар Dimorphos астероидының бағытын өзгерте алды. Осылайша, адамзаттың аспан денелерінен қорғану мүмкіндігі бары дәлелденді. Бір кездерде динозаврлардың жойылуы астероидтің кесірінен болғанын атап өткен жөн.

NASA былтырдың тағы бір маңызды жаңалығына себепкер. Artemis жобасы аясында Orion капсуласы (болашақта ішінде адам болады) Айға жетіп, сынақтан сәтті өтті. Осылайша, адамның Айға қонуына 50 жылдан бері алғаш қадам жасалды.

Вакцина жасаудағы инновациялар. Қазір бивалент вакциналар жасалып жатыр, олар енді бір ғана вирусқа емес, оның тұқымдастарына да иммунитет қалыптастырады. Covid-19 себепкері Sars-CoV-2 вирусына қарсы былтырдың күзінде салынған вакциналар, енді сол вирустың Omicron нұсқасына да иммунитет қалыптастырады. Қазіргі идея – бірнеше вирусқа қарсы бір ғана поливалент вакцина жасау.

2019 жылы әлемде 49,5 млн адам антибиотиктерге төзімді бактериялардың кесірінен көз жұмған. Жаңа антибиотик жасау бірнеше жыл мен қажырлы еңбекті талап ететінін ескерсек, бұл кәдімгідей қауіп. Былтыр жаңа антибиотик препарат жасауда жасанды интеллекттің қолғабысы фармация саласында үлкен серпіліс жасады. Қытай ғылым академиясының зерттеушілері жасанды интеллект көмегімен 2 349 болжалды антибиотик тапты.

Ауа райын болжау 2022 жылы айтарлықтай дәлдік көрсетті. Атап айтқанда, АҚШ жағалауына соғатын жойқын дауыл ол теңіз бетінде қалыптаспай жатып белгілі болған. Сонымен бірге, Аустралиядағы Брисбен өзенінің тасуы әлі тамшы жаңбыр жоқ кезде, Францияның оңтүсігіндегі өрт басталмай жатып дәл болжанған.

Былтыр математикадан Филдс сыйлығы 4 адамға табысталды. Олардың екеуі туралы айтсақ. Джеймс Мейнард «ондық жүйеде жазған кезде ішінде 7 саны болмайтын жай сандардың шексіз жиыны барын» дәлелдеді. Ал Марина Вязовская «E8 деп аталатын схеманың сегізөлшемді кеңістіктегі ең тығыз қорап» екенін дәлелдеді.

Обыр мен Альцгеймер ауруларынан жасушаның тек биохимиялық емес, физикалық қасиеттері де хабар береді екен. Атап айтқанда, жасушаның қаттылығы өзгеретін көрінеді. Бұл жайт бұрыннан белгілі болғанымен, жасушаны бүлдірмей оның қаттылығын өлшеу әдісі болмапты. Былтыр Германия мен АҚШ ғалымдары осы қаттылықты өлшеу әдістерін жариялаған. Енді, қауіпті аурулардың алдын алу дәлірек қана болмай, биологияда физикалық әсерге деген көзқарас та өзгереді.

Үш ғалым физиканың quantum information бағытындағы жұмысына Нобель сыйлығын алды. Олар әйгілі кванттық байланыс құбылысын «жақсырақ түсінуге ат салысқаны үшін» марапатталды. Бұл ғалымдарды жаратылыстың негізгі құбылыстарын «әдемі түсіндірді» деп жатыр.

Nature журналында Чао-Яң Ваң ғылыми серіктестерімен бірге аккумуляторларды тез қуаттау әдісін жариялады. Әдіс бұрын-соңды болмаған қуаттау жылдамдығын көрсеткен.

Осы ғылым жаңалықтарынан қазақ тілді баспасөзде тек NASA-ның миссиялары аталған. Филдс және Нобель сыйлықтары туралы бірді-екілі жаңалық бар, оның өзінде, ғылыми мазмұны ашылмай, тұлғалар туралы ғана айтуға бағытталған. Ал маңызы жөнінен артық болмаса, кем емес медициналық жаңалықтар тіпті жоқ.

Сонда, қазақ тілді оқырман ғылымдағы үрдістерді қалай біліп отырады? Әлде, мультитілді болмаса надан болып қала ма? Бұл жалпы, шешілуі тиіс мәселе ме, әлде, «керек адам керегін қай тілде болса да оқып ала ма»? Ғылыми журналистика санат болып бөлініп шығуы керек пе, әлде қажеті жоқ па? БАҚ-тарды тендер жүйесі арқылы бақылап отырған билік бұған көңіл бөлуге міндетті емес пе?

Шолу тек сұраққа сұрақ жамап беріп тұр.

Тақырыпқа тұздық: суретке сақ болсақ игі

Әлдебір жаңалық не материалды жариялағанда оқиға орнынан не тақырыпқа қатысты сурет салынады, себебі фото мәтінге қосымша ретінде жүреді. Әсіресе, дижитал дәуірде иллюстрация тақырыпқа тұздық. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақстандық БАҚ-тың әлеуметтік желідегі парақшаларын шолып шығып, фотосы мен мәтіні үйлеспеген жазбаларды талдап көрді.

Өткен аптада С.Демирел атындағы университет профессоры, масс-медиа және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков Facebook желісіндегі парақшасына осы тақырыпта пост салды. Holanews.kz сайтына тиесілі парақшада алып қашу туралы жаңалық жарияланған. Тақырыбы: «Анасына 600 мың төлеген: Шымкентте ер адам 15 жастағы қызды алып қашқан». М.Ергебеков 15 жастағы адамды еркінен тыс тұрмысқа берудің қылмыс екенін айта отырып, бұл оқиғаны жаңалыққа айналдырар кезде қолданатын көрнекі материалға да баса мән беру керегін жазады. «Журналист мына жерде қылмыстық оқиғаны неке сақинасының суреті арқылы романтизациялап тұр. Бұл – этикалық проблема. Мәтінде қылмысты айыптап, суретте романтизациялайтын болсаңыз, дайындаған жаңалығыңыз біртұтас болу ерекшелігінен айырылып қалады. Жаңалықтың маңызды ерекшеліктерінің бірі – біртұтас болу. Мұны ұмытпау керек» дейді маман.

Holanews.qaz парақшасынан скриншот

Әлбетте, журналистикада қайғылы оқиғалар туралы да жазуға тура келеді: апат, қылмыстық оқиға, өлім, суицид және өзге де тақырыптар. Осындай кезде визуалға аса абай болған жөн. Біріншіден, бет-жүзі анық көрінген адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз.  Сонымен бірге осы суретті жариялағаннан қоғамда әлдебір жағымды өзгеріс бола ма? Аудиторияның санасын оята ма? Егер жауабыңыз «жоқ» болса, трафик үшін ғана жариялау – этикаға жат.

Atameken Business арнасының қызметкері жазда демалыс орнына барып, суға батып кетіп, денесі бірнеше күннен кейін табылған еді. Бұл оқиғаны көптеген БАҚ жазды. Түрлі нұсқа айтылды. Осы оқиғада этиканың бұзылған мынадай тұсын байқадық. Марқұмның қайтыс болғаны туралы ақпарат шықпай тұрып та, кейін де оның әлеуметтік желідегі суреттері емін-еркін қолданылды. Қанша жерден профайлы ашық, жалпыға жарияланған десек те, кемінде туыстарының рұқсаты алынуы керек еді. Тіпті рұқсат мәселесін ысырып қойғанның өзінде, суға батып кеткен адам жайлы жаңалыққа оның бұрын теңіз жағасында жүрген фотосы мен видеосын пайдалану аудиторияда түрлі сезім тудырады. Сол сәттердегі пікірлерді қарасаңыз, «байғұс, өлімі ақыры судан болыпты» деген сыңайда болған. Сонымен бірге ендігі бір жаңалықтарда марқұмның жағажайға арналған киіммен, ашық фотоларын салып, одан хейт жасалып жатты. Бұл жаңалық көп парақшада жарияланды. Бірақ Atameken Business-тің этика сақтамағаны жөн болмады. Кейіннен пікірлерде «мұндай сурет қойып пост салмау керек» деген месседж тарай бастағанда әлгі жазба өшірілді.

Sputnik_kz парақшасынан скриншот

Фотоның мақсаты – тақырыпты толықтыру. Яғни екеуі біте қайнасып тұруы керек. Назар аударту үшін ғана қиыс кеткен фотоны қоюға болмайды. Мысалы Sputnik_kz парақшасындағы мына постты лентадан көргенде құлдыққа түскен балалар туралы деп ойлап қаласыз. Ал визуалдағы мәтінде «Бес жасар баланың салмағы небәрі 10 келі» деп тұр. Бұл жерден үйлесім таба алмадық. Сөйтіп посттың өзіне өттік. «Көкшетау полициясына 2017 жылғы баланың туысы арыз жазып, әкесі мен өгей шешесі балаға дұрыс тамақ бермей, ара-тұра байлап қоятынын хабарлаған» делінген. Байлап қою деген сөзге қарап, суретке аяғы шынжырланған баланы қойып, әлдебір байланыс орнатуға тырысқан секілді. Иә, бала үйде зорлық, қорлық көрмеуі керек. Біз бұл жерде салмағының 10 келіге жетпейтінін тақырып етіп алып, көрнекі суретінде құлдыққа түскен баланың суретін қолдану туралы айтып отырмыз. Аса сәтті үйлесім дей алмаймыз.

Adyrna.kz парақшасынан скриншот

Айтқандай, оқырман жаңалықтың суреті мен тақырыбына қарап ашу не ашпау туралы шешім қабылдайды. Сондықтан екеуі біртұтас болуы шарт. Суретке қарасақ, ғашығын өлтіріп, өзі суицид жасаған ер адамның полицияға қатысы бар деп қалуымыз мүмкін. Өйткені тақырып «Алматыда ер адам ғашығын өлтіріп, өзіне қол салды» деп тұр. Ал көрнекі суретте полиция қызметкерінің иығы ірі планмен берілген. Оқиғаның өзіне келсек, салонда ер адам ғашығын өлтіріп, одан кейін суицид жасаған. Полицияның бар қатысы сол: «Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Кісі өлтіру мен өзін-өзі өлтірудің мән-жайы анықталуда» деп ресми жауап қайтарған.

365info.kz парақшасынан скриншот

Желіде сіз жазғалы жатқан тақырыпқа қатысты шыққан бірінші суретті қолдана салуға болмайды. Өйткені этика тұрғысынан мәні сәйкес келмеуі мүмкін. Қала берді, сол суреттегі адам сіздің үстіңізден шағым түсіруге де ерікті. Мысалы тоқал тақырыбы туралы материалға той көйлегін киген, бет-әлпеті фатаның ар жағынан анық көрініп тұрған әйелдің суреті қолданылыпты. Жалпы мақалада әлеуметтік зерттеу туралы жазылған. Респонденттердің жауабына қарай үйлену мен ажырасу себептеріне тоқталған. Бірақ тақырып мынадай: «Тоқал мен этносаралық некелерге қоғамның көзқарасы қандай?». Әлеуметтік зерттеу туралы жазғаны керемет. Бірақ тоқал мен этносаралық неке деп екпін түсірілген тақырыпқа интернеттегі суретті қолданғаны жөн емес. Себебі сол фотодағы адамға оның еш қатысы болмауы мүмкін. Тіпті болса да, рұқсатын алмайынша жариялауға құқығы жоқ.

Kazexkkz парақшасынан скриншот

Зерттеу туралы тағы бір жаңалыққа көзіміз түсті. Генетиктер жүргізген зерттеу нәтижесінде қожалардың бойында арабтардың қаны бар-жоғы анықталған екен. Ру мәселесінде аса белсенді халқымыз үшін бұл тақырып өте үлкен трафик тартатыны белгілі. Соның ішінде жүзге жатпайтын, ақсүйек саналатын қожалар жайлы тіпті қызық болатыны анық. Осындай жаңалықтың көрнекі материалына қарасақ, мәтінін оқымайынша екіойлы болып қаласың. Араб ұлты өкілдерінің өте жақын, бірі екіншісінің мойнынан ұстап тұрған суреті қойылған. Бір қарағанда ЛГБТ өкілдері туралы жаңалыққа ұқсайды. Лентадан көрген адам да мұны қожаларға қатысты ақпарат деп ойламайды. SMM-маман бұл суретті таңдағанда не көздегені белгісіз. Десек те, пост суреті мен тақырыбы сәйкес келмейді.

Бұдан шығатын қорытынды: кез келген жаңалыққа иллюстрация берерде, желідегі парақшаға жүктерде оның мән-мазмұнына сәйкес келуін қатаң сақтау керек. Мағынасын басқа бағытқа бұратын, жаңалыққа керағар, этикаға қайшы суреттер қолданылмауға тиіс.

Президент сапары, сайлау, дін мен дәстүр: 16-22 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн», «Хабар»

Сәкен Сейітханұлы әзірлеген алғашқы сюжет Мәжілістің тарағаны, депутаттар көтерген бастаманы қарапайым халықтың білетін-білмейтіні, депутаттардың пікірі, саясаттанушылардың Мәжіліс жұмысына берген бағасы, алдағы сайлаудың ерекшеліктерін қамтыды. Тараптарды сөйлеткен, сайлауға қатысты да толыққанды ақпарат берген толымды, нағыз сараптамалық материал әзірленіпті.

Президенттің Қостанай облысына сапарын бағдарлама жүргізушісі Жігер Сәрсен студияда тұрып баяндап, Тоқаевтың сөзінен қысқа үзінділер берілді.

Жігер Сәрсен мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары туралы сюжеттің алғысөзін ұзақ айтты. Сапар барысы, жасалған келісімдер турасында сюжет әдеттегідей көлемді болды. Негізінен президенттің Абу-Даби саммитінде сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Сарапшыларпікірі жоқ. Хаттама сюжет болғанымен, екі ел ынтымақтастығына қатысты мол ақпарат қамтылған.

Елімізде «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң қабылданды. Ол 3 наурыздан бастап күшіне енеді. Алайда бұл Жігер Сәрсен айтпақшы, «Банкрот болдым, мінекей», деп қуана жар салатын жағдай туды» деген сөз емес. Сюжетте кімдер банкрот деп өзін-өзі жариялай алатыны, ол азаматтарға қандай шектеу қойылатыны туралы сала мамандары, экономистер мен сарапшылар талдап беріпті.

«Лудомания» – құмар ойынға салынушылық туралы сюжет бағдарламаны тәмамдады. Құмар ойынға салынып, кейін өзін қолға алған жанның оқиғасымен басталып, оны емдеу мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.

Sarap Тimes, Astana TV

Алғашқы сюжет президенттің Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары турасында болды. Мемлекет басшысының Абу-Даби саммитіне қатысқанын айтып, баяндамасынан үзінді берді. Сапар барысы, қол қойылған келісімдер туралы да толымды ақпарат бар. Сапардың экономикалық және саяси маңызы туралы саясаттанушы, экономистер пікір білдірген.

Мәжіліс сайлауының өтетін күні белгілі болды. Sarap Тimes сарапшылардың пікірімен қатар, сайлау күнтізбесіне баса мән беріпті. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған күнтізбеге қатысты мәліметті берді. «Жеті күн» секілді таратылған Мәжілістің жұмысына баға берілмеді. Бұл жол мажоритарлы сайлау жүйесі де қолданылатыны және ол сайлау президенттің қатаң назарында болатынына көңіл бөлген.

Саят Жөкен студияда Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмедимен алдағы сайлау додасын талқылады.

Amanat партиясының атқарып жатқан шараларына кадр сыртындағы мәтін+синхрон форматында қысқа тоқталды.

Қарағанды облысы Ақбастау ауылындағы жайылым жерге зәру болып отырған фермерлердің проблемасын орынды көтерген. Жергілікті тұрғындар проблеманы барынша толыққанды баяндап берді. Бұл мәселеге қатысты ауыл әкімінің де уәжі бар. Тілші аумақтық жер комитетіне сұрау салып, жайылым жерге қатысты өткізілген байқау туралы фермерлер шағымын жеткізіп, мекемеден сотқа шағымдансын деген жауап алғанын айтты. Сондай-ақ, автор жерді иемденіп, бірақ мақсатына сай пайдаланбай отырған кәсіпорындар туралы баяндады, алайда олардың өкілін сөйлетпеді. Біржақты сюжетте айыптау бар да, оған қатысты нақты жауап жоқ.

Қымбатшылыққа қатысты әзірленген сюжет сараптамалық емес, сауалнама негізінде әзірленген материал деуге болады, көпшіліктің пікірі негізінде жасалған. Экс депутаттың пікірі бар. Ақпараттық маңызы түсініксіз материал. Өйткенә елімізде үнемі жалғасып келе жатқан инфляция жаңалық емес.

Былтыр қыркүйекке дейін шетелден елге әкелінген көліктерді заңдастыру 23 қаңтардан басталды. Осы туралы сюжет қандай жағдайда көлік заңдастырылмайды, қай кезде көлік иесіне айыппұл салынады және қандай көліктер сақтандырылмайтыны туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, көліктерді заңдастыру қалай жүзеге асады, қандай құжаттар қажет екені туралы мәлімет бар.

«Қазақстан суицид жасалатын мемлекеттердің ішінде жиырмасынша орында тұр». Дастан Сейілханұлы осындай мәлімет келтірді. Ал сюжет өз-өзіне қол салған жандардың басқа марқұмдардан бөлек жерленетіні туралы. Тілші негізінен имамдарды  сөзге тартқан, тұрғындардың, қоғам белсендісінің, психологтың пікірі бар. Дін өкілдері басқаларға ой салу мақсатында суицид жасағандар бөлек жерленетінін айтыпты. Дінде немесе шариғатта мұндай үкім бар ма? Тілші мысалға келтірген ауылда суицид неге жиі болған? Ол ауылдың әлеуметтік жағдайы қандай? Бөлек жерлеу қашан басталды? Ол тыйым бола алды ма? Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Тілші тақырыпты қозғағанымен, оған бойлай алмапты.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» апталықтан гөрі, журналистік зерттеуден құрылатын бағдарламаға көбірек ұқсап келеді. Алғашқы тақырып – Жаңа туған сәбиді қырқынан шығару шариғатқа жат па? Жас босанған ананың 40 күн бойы көз алдына түрлі нәрсе елестегені туралы оқиғасын айтып, кейіпкерден сұхбат алған. Ақпараттық маңызынан гөрі, көрермен тартуға, хайпқа басымдық берген сюжет.

Қайтыс болған адамның артынан жетісін, қырқын, жылдық асын беру – шариғатқа жат па? «Айна» көтерген келесі мәселе осы турасында. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде уағыз айтып жүрген молдалар халықтың дәстүріне жат дүниелер айтқанын, тіпті сол дәстүрге жат амалдардың орындалуына себепші болып жүргенін астарлай көтерген сюжет екен. Ешкімді ашық айыптамаған, қазақы дәстүрлердің діни ұстанымға қайшы келе бермейтінін тұспалдай түсіндірген материал.

«EGov куәгері» айдарында астарға 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін берілетін несиенің шарттары туралы баяндалды.

19 наурыз өтетін Мәжіліс сайлауына қатысты қысқа ақпарат беріп, елімізде қанша партия бар екенін санамалап өтті.

Артық салмақтың бала денсаулығына зияны қандай? Әсіресе, қыз балалар үшін мұның салдары қандай болуы мүмкін? Ата-ана баласының бойындағы толықтыққа қашан назар аударғаны жөн? Осы туралы әзірленген сюжетте мамандардың, артық салмағы бар блогердің пікірлері, кеңестері бар.

«Айна» бағдарламасының тілшісі баспанасы өртке оранып, далада қалған ананың жаңа пәтерге кіруіне себепші болды. Көптеп көмектеп, қайырымдылық қордың демеуімен игі іс атқарылды. «Күлімдеші» айдары осы турасында. Алайда, тілшілер игі іс атқарғанымен, сол отбасының барлық жанын түгендеп, санамалап, әр балаға қатысты анасының сипаттамасын естіп, артық кетіпті. Әрине, кейіпкердің рұқсатымен оның жүзін ашы көрсетуге болатын шығар, алайда өздері камераға көрінуден бас тартқан жандар туралы ақпарат сұрау журналистік этикаға қайшы емес пе?

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

«Қаш» фильмі: ашаршылық туралы туындының саяси астары болмауы мүмкін бе?

Айсұлтан Сеитовтің дебюті – «Қаш» фильмі – жылдың үздік картинасы бола алды, бұған режиссердің клипмейкингтегі жетістігі, одан қалды қоғамның ашаршылық тақырыбына асқан қызығушылығы себеп. Фильм қазақ және орыс тілдерінде субтитрмен шықты. Бәзбіреулер отандық сапалы кино көргісі келсе, ендібірі көкейдегі сауалына жауап іздеді. Картина сөзсіз көркем туынды һәм сапалы шыққан, алайда, айтар ойы екіұдайы сезім қалдырады. Неліктен? «Жаңа репортер» медиасыншысы Айдос Тайбекұлы талдап көрді.

Фильм не туралы?

Туынды 1932-33 жылдары қазақ даласында қолдан жасалған ашаршылықты суреттеуден басталады: азып-тозған жұрт, балалардың бейіті мен кеңестік әкімшілік. Еріксіз қабір қазушы болған Исатай күнделікті міндетіне кіріспес бұрын, жетім қалған інісін сандыққа тығып әуре-сарсаңға түседі, сондағы бауырын ұрлаптып алудан қорқады. Ауылбасы Исатайды Сарқанд қаласына көмек көрсету үшін жөнелтеді және інісін өзімен алып кетуге, сонда аштықтан құтқара алатынына көндіреді. Фильмнің негізгі сюжеті жолсапар барысында өрбиді.

Шығармашылық топ аталмыш туындының тарихи, я болмаса қандай да бір саяси астары болатынын алдын ала мәлімдеген жоқ. О баста «Қаш» хоррор жанрында ұсынылады деп топшыланды, онда ашаршылық болып жатқан оқиғалардың фоны ғана, ал негізі айтар ойы тұлғалық моральды-этикалық мәселелер турасында еді, яғни аштықты бастан кешкен адам қандай қадамға баруы мүмкін?

Несі дұрыс емес?

Шын мәнінде, фильмнің саяси астары жоқ деуге келмейді. Тіпті аталмыш туындының көкейге көп сауал тастайтын екіұдайы саяси жолдауы бар.

Сценарий бойынша қазақ даласында жергілікті болған аштықтан қазақтар ғана емес, ұжымдастыруды жүргізген Кеңес өкіметінің өкілдері де зардап шекті. Кеңес әкімшілігінің қызметшілері жекелеген аштықтың зардабын шекті дегеннің өзінде осынау ұлы ашаршылықты ұйымдастыруға жауапты – кінәлі таратың қайғы-қасіретін көрсету қаншалықты қисынды?

Режиссер ашаршылықтың салдарын сипаттай отырып, оның себебін жоққа шығарады. Фильм қазақ даласындағы ұлы қасіретті, каннибализмге сілтейтін азаптан ажал құшқандарды көрсетеді. Сөйте тұра, кеңес кезіндегі балалар үйінде өзіміздің қарадомалақтардың жақсы жағдайда өмір сүріп жатқанының куәсі боламыз. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатыны бізге беймәлім, алайда ату жазасымен, репрессиямен қорқытып астық пен ірі қараны тартып алынғанының көрінісін байқай алмадық. Мұнда бейтарап баяндау бұзылды, сценаристің бастапқы мотивіне қарамастан, ақтауға мүдделі әңгіме құрылды.

Исатайдың қылшық ағаш пен екі тасты үйкелеп, от жаға алмай отыратын, ал кеңес сарбазының оған сіріңке жағуды үйрететін көріністің айтар ойы тіптен түсініксіз. Кейіндеу сарбаз көз жұмады және оның қалтасынан ата-анасының суреті табылады. Бұл жанжалдың бір жағын ізгілендіру немесе фильмнің үгіт-насихат құралына айналып кетпейтіндей етіп тепе-теңдікті сақтау үшін тарихи кинематографияда кең таралған әдіс. Алайда бізге мұндай әсер қалдыру үшін «жақсы сарбаздың» көрінісі оның әскерінің қатыгездігімен үйлесуі тиісті еді. «Қаш» мұны көрсете алған жоқ.

Ашаршылық туралы фильм түсіруге бел буған кез келген режиссер тәуекел мен жауапкершілік арасында қалатынын атап өту маңызды. Ұлы қасіреттің құрбандарын еске алу мен олардың ұрпақтарының алдында жауапкершілік бар дейтін болсақ, бұл тақырып бойынша саяси мәлімдеменің салдарынан туындайтын тәуекелді жоққа шығара алмаймыз. Бұл жағдайда «Қаш» цензураның шеңберінен шыға алмаған.

Десек те, ашаршылық туралы туындының саяси астары болмауы мүмкін бе? Ұлы қасіреттің ауыртпалығын, әлі де айтылмаған ақиқатын және жазылмаған жарасын ескеретін болсақ, мүмкін еместей. Мұндай картинаның айқын саяси астары болуы тиіс-ті, онда ашаршылықтың себебі мен салдары, сондай-ақ оған жауаптылар туралы ашық айтылуы қажет. Олай болмағанда, кино болған оқиғаларды түсіндіруден толық бас тартып, тек атмосферасын беруі керек еді.

Алайда «Қаш» көрерменді негізгі сюжет желісінде ұстап отырғанымен, оқиғаны тәпсірлеуге тырысып бақты. Нәтижесінде біз костюм, актерлік шеберлік, дыбыс және түстер тұрғысынан жоғары сапалы артхаус картинасына куә болдық әрі әрбір көрермен терең бойлай бермейтін ұлт қасіретінің нышандарын көре алдық. Ал саяси астары ашаршылық трагедиясын әлі терең сезініп үлгермегендердің көңілін күпте еткендей әсер қалдырды.

Қазақстандағы суицид: журналистерге суық сана жетіспейді

БАҚ беттерінен «25 жастағы келіншек 9-қабаттан секіріп, суицид жасады», «Маңғыстаулық ер адам үш баласын өлтіріп, артынша өзі де асылып қалды», «Абай облысында оқушы өз-өзіне қол салды» деген сынды жаңалықты жиі көреміз. Мұндай қаралы хабарды «ет үйреніп кететіндей жиілікпен» еститін болсақ та, жүректі дір еткізбей қоймайды. Әсіресе, айқайлаған тақырып, оқиға орнынан түсірілген суреттер, соңғы жазған хатының мәтіні мен марқұмдардың өміріне қатысты қосымша деректерді білгенде тіпті қиын. Қазақша медиа кеңістікте суицид жайлы жазғанда журналистер қандай қателік жібереді? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыпты талдап көрді.

Іздеу жүйесінің баптауын кейінгі бір жылда жарияланған жаңалықтарды ғана шығаратындай етіп алдық. Бұлай іздегенде түрлі нәтиже табуға болады: Қазақстандағы суицидке қатысты статистика, қысқа жаңалық, «тың деректермен» көмкерілген көлемді материал, өз-өзіне қол салудың алдын алу жолдары және т.б.

Turkystan.kz сайтынан скриншот

Байқағанымыз, суицид болған кезде кей журналистер өзін детектив сезініп кететін секілді. Себебі болған жағдай жайлы эмоциясыз, қысқа-нұсқа ақпарат берудің орнына оқиға орнын суретке түсіріп, туыс не көршілерінен марқұм жайлы жаңа ақпарат сұрап, бөлек жаңалық қылып жариялауға құмар. Желтоқсанның ортасында Абай облысында мектеп оқушысының өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат біраз сайтқа шықты. Дегенмен тақырып арқылы кликбейт жасағандар бар. Мысалы Turkystan.kz сайтында «Абай облысында суицид жасаған оқушылар туралы тың дерек» деген жаңалық жарияланған. Сайт редакциясының қашанда трафикті ойлайтынын түсінуге болады. Бірақ өзіне қол салу секілді нәзік мәселеде абай болған жөн.

31 арнадағы «Сөздің шыны керек» бағдарламасы да осы жаңалықты жариялады. Тілшілер жасөспірімнің үйіне барып, анасынан сұхбат алған. Мектептегі буллиң мәселесінің көтерілгенін құптаймыз. Дегенмен осы ретте кадрға ірі планмен жіпті, қораның ішін көрсеткені дұрыс емес. Олай дейтініміз, оқиғаға қатысты толық ақпарат беру, оның ішінде қалай асылғанын, қай жерде болғанын, оған әзірлік қалай болғанын, тіпті өлер алдында жазған жазбасын жариялауға болмайды. Оқиға орнынан стендап жазу да солай. Осының барлығы келесі бір адамның суицид жасауына дайын сценарий болуы мүмкін. Сол үшін де бұл тақырыпты қозғағанда абай болу керек. Жақындарынан сұхбат алғанда да мәселеге тым тереңдеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге тергеу амалы толық аяқталмайынша қандай да бір интерпретация жасауға болмайды. Өйткені бір тараптың ойына ғана сүйеніп, кейін ол басқа сипат алып кетуі мүмкін. «Сөздің шыны керек» бағдарламасының құптарлық ісі – сөз соңында суицид туралы ойланып жүргендерге арналған сенім телефоны мен көмек беретіндер туралы ақпарат берді. Өзіне қол салғандар жайлы жазылған кез келген материалға осындай сілтеме артық етпейді.

exk.kz сайтынан скриншот

Кейде суицид деп айтылған мәселенің артында қылмыс жатуы мүмкін. Әсіресе, марқұмның туыстары жақынының өліміне кінәліні іздеп, шарқ ұрады. Журналистерге хабарласып, итермелеген жағдай жайлы айтады. Мысалы үш баласымен көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен секіріп кеткен әйелдің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға туралы жазбаған БАҚ кемде-кем. Соның ішінде «Экспресс К» аса ерекшеленді. Туыстарынан видео-сұхбат алып, кейін жаназасынан фоторепортаж ұсынған. Редакция осыған ұқсас тағы бір жағдайды аноним оқырман айтқан нұсқа тұрғысынан талдап шыққан. Оқиға болған жерді суретке түсіріп, көлемді зерттеу жасапты. Суицид емес, қылмыс болуы мүмкін дегенді алға тартқандардың нұсқасына сүйеніп, тілші сан түрлі сауал жолдайды: «Сол күні әйел алдымен күйеуіне таңғы ас беріп, оны шығарып салып, небары 10 минуттан кейін балаларын пышақтап өлтірді ме?», «Анасы алдымен ұлын, артынан қызын, одан кейін өзін пышақтап өлтірді ме?», «Оның қызы бірден жан тапсырмай, қиналды ма?», «Кішкентай қыз бірден өле қоймай, қансырап жатса да, анасына қол созып, кеудесіне басын қойып өлген бе?», «Пәтердің іші қанжоса ма?», «Ұл бала төсекте қанға боялып жатты ма?», «Анасы бір дыбыс шығармай, бір рет те айқайламай, балаларын пышақтай салғаны ма?» Оқып отырғанның өзінде ішіңіз алай-дүлей болады, солай емес пе? Мұндай эмоция тудыру арқылы журналистің не көздегені белгісіз. Осы ретте суицид жайлы жазғанда ескеру керек тағы бір жайтты атап өтпесек болмайды. Әдетте бір жаңалықтың соңында тақырыбы үндес келесі бір материалға сілтеме жүреді. Ол сайт жұмысы үшін маңызды екенін түсінеміз. Дегенмен өзіне қол салу фактілері жайлы «естеріңізге сала кетсек» деп ұқсас жағдайға сілтеме беру этикаға қайшы.

tengrinews.kz сайтынан скриншот

Көпшілік талқысына түскен тағы бір жағдай Маңғыстау облысында болды. Үш баласын өзімен бірге о дүниеге ала кеткен ер адамның оқиғасы. Бұған қатысты да түрлі нұсқа айтылып, жазылды. Бір материалдарда әлеуметтік жағдайдың төмендігінен делінсе, енді бірі ер адамға қатысты басқа фактілер айтып, айыптап жатты. Трафик тарту үшін тақырыпты айқайлатып қою бұрыннан бар әдіс. Десек те, онсыз да оқырманы көп Tengrinews.kz сайтының кликбейт қолданғаны жөн болмады. Ал taulik.kz марқұмның бұрын сотталғанын алға тартқан.

Байқағанымыз, кей тілшілер мұндай ауыр тақырыпты жазған кезде сөзіне жауапкершілік алуды ұмытатын сыңайлы. Егер түбінде мұндай жағдайдың барынша азайғанын қалайтын болса, осындай қиын халде жүргендер қайда хабарласа алатынын айтып, болмаса ендігі біреудің өмірін сақтап қалу үшін жақындарына сигнал болатын жайттарды қаперге салса болмас па еді?

Елбасы туралы заң, «Моноқала мұңы», McDonald’s: 9-15 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды. Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы осы туралы болды. Сондай-ақ, қорытынды бағдарламалар Қазақстанда McDonald’s компаниясының жұмысы тоқтағанын жарыса айтып, еліміздегі ет өндірісіндегі мәселелерге сюжеттер арнады.

«Жеті күн», «Хабар»

Парламент «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшін жойды. Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-президентке тән құқықтары ғана бар. «Жеті күн» сараптамалық бағдарлама ретінде аталмыш заңның күшін жою себебіне тоқталып өтсе де болар еді. Алайда құқықтық талдау болмады. Айдос Сарым мен Әділет министрінің Парламент клуарындағы түсініктемесімен ғана қысқа қайырылды.

Оның орнына алғашқы сюжет McDonald’s Қазақстаннан кетіп бара жатқаны туралы мәселе көтерді. Елімізде бұл компанияға қажетті стандартпен ет даярланбайды. Сюжет авторы осы тақырып арқылы еліміздегі ет өндірісіне тоқталып өтіпті. Еліміздегі сапа стандарты бойынша ет даярлауға қатысты тараптардың пікірі бар. Алайда франчайзинг иесі Food Solution KZ компаниясы өкілдерінің пікірі болмады.

Арқалық қаласындағы жылу желілерінің тозығы жеткен, мердігер компания жақында қолданысқа берілген жылу орталығының бір қазандығын құрастырып үлгермей жатыр,  таяу жылдары қолданысқа берілген спорт кешені суық, жалпы Арқалықты дамытуға бюджеттен қанша ақша бөлінеді – «Моноқала мұңы» аталатын сюжеттің жалпы мазмұны осындай. Құрылымы жағынан сараптамалық сюжеттен гөрі облыс басшысының Арқалыққа сапары негізінде әзірленген материалға көбірек ұқсайды.

14 қаңтар күні Сенат депуттарының сайлауы өтті. Бағдарлама жүргізушісі осы туралы қысқа ақпарат берді. Ең көп дауыс жинаған үміткерлердің суреті студия мониторына шығарылды. Сенат жұмысының регламенті ауысты. Назарбаевқа берілген «Құрметті сенатор» атағы қайтарылды. Мәслихат депутаттары арқылы сайланатын Сенат депуттарының үгіт-насихат науқаны қалай өтті? Заң шығару құрылымында Сенаттың маңызы қандай? Жұмыс регламенті өзгерген соң Жоғары палата құзырына не кіреді?  Бұл сауалдар бір сюжетке арқау болар еді, алайда «Жеті күн» авторлары қысқа ақпарат берумен шектелді.

«7-20-25» бағдарламасы жалғасатын болады. Ал пәтер бағасы қымбаттамаса, енді арзандамайды. Индира Жылқайдарова құрылысшылар, риелтор, Ұлттық банк өкілі мен тұрғындардың пікірін қосып, материал әзірлеген. Дегенмен, сюжеттің нақты жағдайды баядау талпынысын атап өту қажет. Маңызды статистикалық деректер келтірілді. Дереккөзін атап өту артық болмас еді.

Оралмандарға берілетін квота саны былтырмен салыстырғанда артқан, алайда 1992 жылмен салыстырғанда 100 есе қысқарған. Елге қоныс аударған қандастар туралы сюжетте осындай мәлімет айтылды. Сырттан келген қандастарға орыс тіліне қатысты кейде мамандығымен жұмыс табу да қиын болып жататын жағдай кездеседі. Дегенмен, Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжетте негізінен қандастарға елімізде жағдай жасалып жатқаны айтылды. Сюжеттегі видеоқатардың маусымдық ерекшелігіне мән берілмеген. Қыс кезінде бағдарламаға күн жылыда түсірілген видеолар қолдану көрермен  тарапынан сенімсіздік тудыруы мүмкін екенін телевизия мамандары ұмытпағаны жөн.

Елімізде сейсмология саласында бірыңғай ұлттық орталық құрылады. Сейсмолог мамандар елімізде жер сілкінісі жиі болатын өңірлердің картасын әзірлеген. Сондай-ақ, Алматыда жер сілкінісін алдын-ала анықтауға мүмкіндік берілетін жаңа құрылғылар орнатылып жатыр. Соңғы сюжет осы жайында болды.

Sarap times, Astana TV

Sarap times та Елбасы туралы Конституциялық заңның күші жойылғаны туралы қысқа қайырды. Депутат Ерлан Сайыровтың Парламенттегі баяндамасынан үзінді берумен шектелді.

Өткен аптада Ішкі істер министрлігі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді заңдастырудың шарттарын жариялаған болатын. Дастан Сейілханұлы бұл туралы студиядан кадр сыртындағы мәтін түрінде баяндап өтті.

Өткен аптада қоғамдық орында бейәдеп сөйлегені үшін 69 000 теңге айыппұл салынатыны туралы туралы қабылданған заң әлеуеттік желіде қызу талқыланды. Осы заңға қатысты ұзақ алғысөзден кейін жүргізуші сюжетке кезек берді. Әлеуметтік желідегі пікірлер, журналист, философ мамандар, Мемлекеттік қызмет істер агенттігі мен ІІМ өкілі сөз алған сюжетте автор екі тарапты сөйлетуге тырысқан. Алайда заңды талдағанда кімнің бастамасы, бастамашы топтың қандай уәжі барын анықтап, заңгерлер, адам құқын қорғау жөніндегі уәкіл секілді сарапшыларды сөйлету керек еді. Жалаң талдауға құралған сюжет.

Еліміздегі ЖОО-ларда оқу ақысы жыл сайын қымбаттайды. Ғылым және Жоғары білім министрлігі жеке ЖОО-ға оқу ақысына қатысты талап қоя алмайды. Оқу ақысының қымбаттап жатқаны туралы сюжетте жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру туралы ой айтылды. Орынды мәселе көтерген сюжет.

Елімізде «Құмар ойындар туралы» заң бар. Оған сәйкес, азамат өз еркімен құмар ойындарды ұсынатын компанияға өзіне шектеу қоюын сұрап өтініш жаза алады. Сюжетте статистика, заңгердің орынды пікірі бар. Алайда тұрғындардың құмар ойынға салынғандар туралы пікірі артықтау көрінді.

Бангокқа жұмыс іздеп барған қазақстандық екі азамат жоғалып кетті. Бұл іске Сыртқы істер министрлігі араласып, Таилдандтағы елшілік қолға алды. Осы жағдай туралы әзірленген сюжетте шетелде жұмыс істеу үшін азаматтар нені ескеруі керектігі айтылды. СІМ ресми өкілі, жоғалған қазақстандықтардың жақындары және шетелде жұмыс істеуді ұйымдастыратын компания мамандарының түсініктемесі бар.

Sarap Тimes Сенат сайлауы туралы да қысқа қайырды. Сайлау қорытындысы бойынша басым дауыс жинаған журнлист Бибігүл Жексенбайды сөйлетті. Орталық сайлау комиссиясы Сайлау қорытындысын 20 қаңтар күні жариялайды.

Amanat париясының атқарып жатқан іс-шараларына аз-кем тоқталып, студияда Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Қосман Қажкеновпен сұхбат жасалды.

Жыл басталғалы ауа райының қолайсыздығы жолаушыларға қиындық тудыруда. Sarap Тimes республика бойынша жағдайға шолу жасап, Астанадағы ахуалға кеңірек тоқталды. Ауа райының қолайсыздығы туралы ескертуді біле тұрып, жолға шыққан автокөлік иелеріне айыппұл салынатыны туралы айтты.

Халық емшілеріне жүгінетіндер көбейді. Соңғы сюжетте мұның себебін халықтың медициналық сауатының төмен болуымен байланыстырған. Емшіге жүгінетіндердің көбюіне не себеп, емшілердің жұмысына ғылыми тұрғыда баға беруге бола ма? Сюжетте осы секілді мәселені тереңнен зерттеу кемшін болды. Жалпы Sarap Тimes қарапайым тұрғындардың пікіріне көбірек жүгінеді. Дегенмен, сараптамалық бағдарламада саладағы сарапшылардың көмегімен мәселеге сауатты талдау жасалуы керек.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» бағдарламасы да Сенаттың алдын ала нәтижесі туралы ақпарат берді. Қай депутат басым дауыс жинағанын айтып, болашақ ытимал сенаторларды таныстырып өтті. Басы дауыс алған астаналық кандидат Бибігүл Жексенбайдың пікірі берілді.

Сондай-ақ, «Айна» бағдарламасы бұл аптада несие мәселесіне бірнеше сюжет арнады. «Ипотека харам ба?» деген сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі жауап берді. Мұсылмандық ипотеканың шарттары туралы да айтылды. Парламент депутаттарының, ел арасына кеңінен танылған Нұрлан молданың пікірі бар.

«Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі деген не? Сюжетте Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтергені, оның қарапайым халыққа әсері туралы орынды талдау жасалды. Сарапшы пікірі бар.

3 наурыздан бастап елімізде Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енеді. «E-Gov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы заңның талаптарына тоқталып, сала мамандарының түсініктемесін, халықтың пікірін берді.

Пәтер жалдап жүріп қайтыс болған жанды пәтер иелері үйінен шығаруға рұқсат бермейтін көрінеді. Бұл туралы өткен аптада әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. «Айна» бағдарламасы осындай пәтер иесінен және басқа бір жағдайға куәгер болған жаннан пікір алыпты. Әруаққа қатысты тылсым оқиғалар туралы энергепрактиктер ойын айтыпты. Қазақстан Діни басқармасы өкілдерінің де пікірі бар.

Айна бағдарламасы жаңа айдар ашқан. Онда әлеуметтік қиындық көріп жүрген жандарға жылу жинап, қайырымдылық жасауды мақсат етеді. Осылайша түсірілім тобы бір отбасына жылу сыйлады. Әлеуметтік ток-шоудың тақырыбы емес пе?!

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарынан басталды. Оның Әмірлікке барғанын хабарлап, іс-шаралар жоспарын айтып өтті.

Мемлекет басшысы кешегі аптада Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен «Жаһандық Оңтүстік дауысы» виртуалды саммитіне де қатысқан. Бұл туралы сюжетсіз баяндап, президент сөзінен үзінді берді.

Сенбі күні Сенат депутаттарын сайлау өтті. Жүргізуші Альбина Әшім ұзын-сонар цифрларды айтып шықты. Сюжетсіз тақырыпты аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының және депутаттың комментарийімен толықтырды.

Мәжіліс осы қаңтарда мерзімінен бұрын таратылуы мүмкін. Жүргізуші Төменгі палатаның неліктен таратылатынын айта келе, Парламенттің қос палатасы осы апта Елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасын мақұлдағанына ойысты. Сюжетсіз материалға Әділет министрі Азамат Есқараев, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мен Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың комментарийін қосты.

«Екібастұз жылу электр орталығында апат болғалы 2 айға жуықтады. Ал оқыс оқиғаның салдары жойылды ма? Апаттан зардап шеккен үйлердің қаншасы қалпына келтірілді? Қазір барлық үйге жылу берілді ме? Халық әлі де тоңып отырған жоқ па?». Алғысөзде айтылған сан сұраққа жауап іздеген сюжеттен түсінгеніміз – Екібастұзда жағдай мәз емес. Пәтерлер азынап тұр, тіпті кейбір мектептер онлайн-форматта оқытуға көшкен. Жылу құбырлары әбден тозған. Сюжетте қаншама тұрғынның хикаясы мен комментарийі, әкімдіктің жауабы бар. Тілші Амангелді Сейітхан Екібастұз жұртшылығы Жаңа Қазақстанның жаңа жылында қалай қинала өмір сүріп жатқанын көрсете алды.

Apta редакциясы Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай келеді. Шолу сюжеттің алғысөзінде Ресей сенбіде Украинаны тағы зымырандармен жаппай атқылағанын, Днепрде көпқабатты үйге зымыран түсіп, ондаған адам өліп, тағы ондаған адам жараланғанын, Қазақстан кәсіпкерлері Буча қаласы мен Киев орталығында киіз үй тіккенін, тұрғындар осы пункттерге барып, жылынып, автономды құрылғы арқылы телефондарын қуаттай алатынын да айтты. Осы киіз үйлерге РФ СІМ өкілінің мәлімдемесі мен ҚР СІМ өкілінің жауабын да берді. Сюжетте соғыс даласынан соңғы хабарларды шолып, Украина президенті мен РФ қорғаныс министрлігі өкілінің комментарийін берді.

«Ұлттық банк Ресей мен Қазақстан арасындағы теңге мен рубльдің тұрақтылығын сақтау және конвертациялау туралы келісімді бұзу туралы қаулының жобасын жариялады». Теңге бағамы қалай қалыптасады? Бұған рубльдің әсері мен алдағы теңге бағамына болжам қандай? Мінеки, осы сауалдың жауабын жинақтаған түсіндірмелі сюжетте сарапшыны, экономист пен Ұлттық банк төрағасын сөйлетіпті.

McDonald’s компаниясының Қазақстан нарығынан кетуі елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізеді екен. Премьер-министрдің осы пікірі ауыл шаруашылық саласының мәселесін толғаған және Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін дәлелдеген сюжетке арқау болды.

Дубайға ақша табуға кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған екі отандасымыздың тағдыры елді алаңдатып отыр. Apta тілшілері де мәселеге бей-жай қарамай, шетелде жүрген қазақстандық еңбек мигранттары туралы үлкен сюжетке дайындаған. Әсіресе, Оңтүстік Кореяда жүрген еңбек мигранттарына көбірек назар аударды. Өйткені Оңтүстік Кореяда 37 мың қазақстандық жүрсе, оның 11 мыңы – заңсыз мигрант екен. Заңсыз еңбек мигранты болудың қиындығы, шетелде жұмыс істеу, виза мәселесі мен отандастарымыз неліктен шетелде жұмыс істеуге кетіп жатқанын зерттеген сюжетте көп мағлұмат бар. Жоғалып кеткен екі жігіттің жақындары, еңбек мигранттары, шенеуніктер, сарапшылар мен заңгерлер сөйледі. Толымды әрі тартымды материал.

Apta тілшісі Моңғолияға барып, Құтлық Қағанның бітіктасы туралы сюжет дайындапты. Былтыр жазда табылған бітіктас түркі тарихын тағы екі ғасырға тереңдетті. Жәдігердің жай-жапсарын жан-жақты танытқан сюжеттің кадрлары қызық, ал тарихшы ғалымдар мен түркологтардың пікірі құнды.

Осы аптада президентке Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық таныстырылды. Бұл жаңалықтың фонында айта кетер бір жайт бар: Apta бағдарламасы бүгінгі Қазақстанның азаматтық қоғамында не боп жатқанын айта бермейді. Apta тілшілері Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар мен жазықсыз оққа ұшқандар, журналистерге қысым көрсету мен шабуыл жасау (Динара Егеубаеваның көлігіне от қою оқиғасын алайық) туралы айтпайды. Неліктен? Мұны «қуғын-сүргін» деп атау артық болар, десе де жай тақырып емес. Бәрі де қазіргі Қазақстанда боп жатқан оқиғалар. Сөйте тұра авторлар өткенді айтып, бүгінді елеусіз қалдырып келеді.

Бағдарлама АҚШ-тың Лейк-Плесид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиада жаңалығымен аяқталды. Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес 15 км қашықтықтағы жекелей сында чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Қаңтар қырғынына 1 жыл: көрерменге не ұсынылды?

Мен сонша балаң оқырман не көрермен емеспін: артымда Жаңаөзен, Арқанкерген, Арыс драмалары бар. Ол оқиғалардың егжей-тегжейіне ақыры көз жеткен жоқ, бірақ Қаңтар қырғынына сәуле түседі деп үміттендім. Cебебі, былтырғы қарашада президент сайлауында жеңіске жеткен үміткердің «Жаңа Қазақстанында» әділдік туралы сөз көп болатын.

Қаңтар қырғынының бір жылдығына билік те, блогерлер де қатты дайындалды. Билік әдеттегідей белсенділерге аңду қойып, тіпті тұтқындауға көшсе, блогерлер мен еркін журналистердің трендке түспек ойы болғаны туралы тек тұспалдай аламын. Сөйтіп, осы күндері аталмыш тақырыптағы видеоконтент қаулады.

Мемлекеттік ақпарат тарататын флагмандардың бірі Qazaqstan ұлттық арнасы Қаңтар қырғынының жылдығына «Қаралы қаңтар» деректі фильмін ұсынған.

Фильм Қазақстан президентінің твиттердегі жазбалары мен түрлі мінберлердегі  мәлімдемелерінен түзілген. Басты сауал ретінде «қаңтарда не болды?» деген сұрақ алынған. Қоғамды дүрліктірген «халыққа оқ атқандар кімдер?» деген сұраққа жауап болмады. Небәрі бір жыл өткен әрі ел арасында тарап кеткен әуесқой видеолардан құралған фильмде ізденген көрермен үшін жаңа дерек жоқ. Тек полиция өкілінің: «121 адамға қатысты 179 іс жүріп жатыр» дегенінен, құзыреттілер қаза болғандар үшін кінәлілерді әлі де іздейді деп топшылауға болады. Фильмнің қыршындарға қатысты жері осы ғана. Ал жазушы Дулат Исабековтың әлі соты болмаған Мәсімовтің бейнесімен сүйемелденген әңгімесінен «кім кінәлі?» деген сұраққа жауап авторларға белгілі сияқты көрінді. Фильмде адвокат Абзал Құспанның қырғынға «құқықтық баға берілмегені» және жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «ашық әңгіме айтылмады» деген сөздері бар. Фильмнің бар тұздығы республикалық билік арнасы үшін біршама батыл осы тұжырымдар деуге болады. Сосын, республикалық арнаға «шал, кет!» деп ұрандатқандардың кадры шығуы да соны көрінді.

«Азаттық» ұсынған «Қаңтар ұйымдастырылған ба?» деген арнайы хабарының беташар сюжеті 1 жылдан бері бірінші орында тұрған «оқ атқан кімдер?» деген сауалдың үстінен дөп түседі.

Жазықсыз қыршындардың жиынтық образына айналған марқұм сәби Айкөркем Мелдеханның қазасын тергеу нәтижесі  «билік бейтарап тергеу жүргізуге мүдделі ме, жоқ па?» деген сұраққа нақты жауабын беріпті: жоқ. Арнайы хабарда елдің оқиғаға қатысы бар барлық аумағының қамтылуы ұтқыр шешім. Қаңтар драмасының жекелеген мекендерге емес, бүкіл елге қалай әсер еткенінің бейнесі қалыптасқан. Ал қаза болғандар мен мертіккендердің туысқандарынан тіл алуды журналистікпен қоса, гуманистік қарекет болды деуден басқа лаж жоқ.

Еркін журналист Динара Егеубаеваның «Қаңтар. Что это было?» деген сұхбаттар топтамасы Қаңтар қырғынының жылдығына «мылтықтың басуы» болды.

Топтаманың ең көп қаралған видеосы ресейлік gulagu.net жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкинмен сұхбат көрерменге көп нәрсе күттіреді. Алайда әңгіме тек конспирологиялық тұспалдар айналасында өрбіген. Фактографиялық мәліметтер жоқ. Ресей билігінің арнайы қызметтер арқылы exUSSR елдеріне қанат жайғаны, қасақана акциялар ұйымдастыратыны орыс тілді медиада үйреншікті әңгіме болып кеткен. Дегенмен, Динара Егеубаеваның «Қаңтар. Что это было?» топтамасының көрермен үшін өз орны бар. Бұл топтама Қаңтар қырғынына әсіресе, құқықтық баға беру жолында қажырлы еңбек.

«Хабар» агенттігінің «Қаңтар оқиғасы: дерек пен дәйек» деректі фильмінде әлдебір деректер бар, бірақ дәйектер көрмедім.

Қаңтар қырғыны тек бұзақылар мен меморгандардың текетіресі ретінде көрсетілген. Басқа ешкімге, ешнәрсеге орын жоқ. Оқиғаға триггер болды деп есептелетін Маңғыстаудан бастап, соңғы минуттарға дейінгі сюжеттер тек тонау мен шабуыл, ұрлық-қарлық айналасында өрбіген. Қаза болғандар жөнінде бір ауыз сөз ғана айтылды. Фильмде қаңтар оқиғасының қылмыстық қана емес, әлеуметтік-саяси алғышарттары болуы мүмкін екені туралы тұспал да жоқ. Әрине, белгілі тақырыптық шектеуі бар билік арнасынан анау айтқандай айқындық күту томпақтау. Бірақ журналистік минимум ретінде қанды оқиғаның әлеуметтік-саяси астарын қамту керек.

Қаңтар қырғынының жылдығына дайындалған фильмдер мен басқа да видеоконтент кезекті рет ресмиеттің қасаң ақпараттық саясатына дәлел болды. Журналистер сүйенетін, зерттеулеріне баспалдақ болатын мәліметтер мардымсыз. Ал сауал барған сайын көбейіп бара жатыр. Оқиға кезінде қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы Назарбаевтың рөлі қандай болды? Тоқаев төраға болған соң, оның өкілеті тоқтады ма? Газдың күрт қымбаттау механизмі неге ашылмады? Газдың түпкі бенефициарларынан жауап алына ма, жоқ па? «Ескертусіз оқ ату» туралы бұйрықты күштік құрылымдар қалай орындауы керек еді: айна-қатесіз бе, әлде ахуалға қарай ма? Жақсы, бұл сұрақтарды әуестік дей салайық.

Онда, 238 адамның қазасы ше? Олардың бірсыпырасы қылмыскер деп танылды. Ол соттың шешімі ме, әлде тергеушілердің баяндамасы негізінде ғана ма? Ақыр аяғы, жазықсыз қаза болғандардың туыстарынан мемлекет тарапынан кешірім сұрау сонша қорлық па?

Мақала қатталып жатқанда, Петропавлда бір жастағы балаға 35 млн теңгенің «Спинраза» препараты егілгені туралы жаңалық шықты. Республикалық бюджет есебінен осынша қаражат бөліп, мемлекет баланы аман алып қалуға барын салды. Бұл хабардың жылы тигені сонша, бір сәт Қаңтар қырғынындай оқиғада адамы дерексіз кететін елміз деп ойламайсың.