AllTheFreeStock – тегін фото, белгішелер мен видео жинақталған сайттар агрегаторы. Олардың бәрін өз жобаларыңызға пайдалануға болалы, оның үстіне, сол сайттардың өзіне өтудің қажеті жоқ, бәрі бір терезеде көрінеді.
AllTheFreeStock тізіміндегі сайттардың көбі фото мен видеоға Creative Commons Zero лицензиясымен қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады, бұл суреттерді тіпті коммерциялық мақсатта пайдалануға құқық береді. Басқа жағдайларда сурет немесе видео қандай лицензия бойынша таратылып отырғанын тексеру қажет.
Контентті пайдаланудың мүмкін нұсқаларының көп бөлігі сурет немесе видеоның авторын және қай жерден алынғанын көрсетіп отыруды талап етеді.
AllTheFreeStock авторы — Envato компаниясынан Saijo George деген кісі, онымен twitter-аккаунты арқылы хабарласып, еркін таратылатын суреттер мен видео табуға болатын сайттар тізімін ұсынуға болады.
2015 жылғы 18 маусымда YouTube ресми блогында сервистің бүкіл дүние жүзі бойынша редакцияларды қолдауға бағытталған үш жаңа жобасы жарыққа шыққаны жөнінде ақпарат жарияланды .
«Соңғы онжылдықтарда әлемдегі ең ірі әрі ең маңызды оқиғалар YouTube арқылы өрбіп жатқанына куә болдық», — делінеді Google News стратегия және амалдар бөлімінің жетекшісі Оливия Ма (Olivia Ма) атынан жазылған хабарламада.
«… Жасыл революция, араб көктемі – пайдаланушылар айналасында болып жатқанның бәрінің бірегей видеосын желіде жариялайды. Жаңалықтарды қосқан сайын қандай да бір оқиға туралы әр сюжетте дерлік біреулердің YouTube-қа салған видеосын көреміз».
Бүгінде сервисте күн сайын бес миллион сағат видео көріледі. Біз кез келген адам кез келген оқиғаның куәгері бола алатын және сол туралы видео түсіріп, оны ғаламдық аудиториямен бөлісе алатын заманда өмір сүріп отырмыз.
YouTube бірінші жақтан видеокуәлік жариялайтын негізгі алаңға айналып отыр. Сондықтан да сервис «куәгерлер видеосын» іздеу және олардың шынайылығын тексеруге арналған жаңа үш жоба жасап шығарды.
The YouTube Newswire: жоба Storyful-мен серіктестікте жасалған. Бұл — бүкіл дүние жүзі бойынша аймақтық және халықаралық арналар контентінен құралған жаңалықтар таспасы.
Мұнда күнделікті The YouTube Newswire командасы тексерген ең маңызды деген оқиғалардың видеожазбалары жарияланып отырады. «Newswire арқылы журналистерді баға жетпес ресурспен қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз», — дейді Оливия Ма.
Сервистің жаңартуларына ілесіп отыру үшін, The YouTube Newswire твитер-аккаунтына немесе аптасына бір рет келетін таратылымға жазылып қойса болады, сонда соңғы актуал видеолар тікелей поштаңызға келіп отырады.
The First Draft Coalition. Журналист үшін пайдаланушы контентін тексеру маңызды. Алайда, неден бастау керек екенін әркім біле бермейді.
The First Draft Coalition жобасы әлеуметтік медиа журналистикасының “жетекшілері мен көшбасшыларын” контенттің растығын тексеру және пайдаланушылар ақпаратымен жұмыс істеу кезіндегі этика тұрғысына қатысты мәселелерге арналатын оқыту ресурстары, құралдар мен зерттеулер жасау мақсатында біріктіреді.
Сайт биыл күзде іске қосылады, алайда жобадағы жаңалықтарды Medium.com және твиттер арқылы қадағалап отыруға болады.
The WITNESS Media Lab – азаматтық видеоға сараптама жасау негізінде адам құқықтары саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған бастама.
The WITNESS Media Lab технология, құқық қорғау және журналистика саласындағы мамандармен бірлесе отырып «адам құқықтарын қорғауға бағытталған» жан-жақты, терең жобалар топтамасын жасайды. Жобадағы жаңалықтарды твиттер немесе сайт арқылы қадағалап отыруға болады.
Еуразиялық Банк журналистерге арналған үшінші жыл сайынғы байқаудың басталғанын хабарлады. Биылғы тақырып — жылдамдық: мотоцикл мінген шабанзоздардың спидометріндегі жылдамдық көрсеткішінен мобиль және цифр технологияларын енгізу есебінен банк операцияларының шапшаңдығы артуына дейін.
Бәріне ортақ шарт — материалда Moto GP, Movistar Yamaha MotoGP командасы, оның алдыңғы қатарлы шабандоздары Хорхе Лоренцо мен Валентино Росси және Еуразиялық банк аталуы тиіс.
Республикадағы және әлемдегі жылдамдыққа қатысты тақырыптарға қызығушылық танытатын журналистерді қатысуға шақырамыз. Мотоспортқа қатысы бар спорт, спорт айналасы, экономика және ойын-сауық тақырыбындағы елде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге қажетті инвестицияларға жасалған талдаудан бастап, спорт жұлдыздарымен сұхбатқа дейін кез келген материалдар қабылданады.
Үздік материалдың авторы 2015 жылғы қыркүйекте Сан-Маринода өтетін MotoGP Гран-При кезеңдерінің біріне барады. Еуразиялық банк жеңімпаздың жол шығындарын, жатар орнын және құжаттарын рәсімдеу шығындарын толық көтереді.
Бас жүлдеден бөлек, ұйымдастырушы ең қызықты деген үш материалдың авторларына 200 000 теңге, 100 000 теңге және 50 000 теңге ақшалай сыйлықтар тапсырады.
Байқауға 2015 жылғы 5 маусым мен 30 шілде аралығында жарияланған қазақ және орыс тіліндегі мақалалар, видеосюжеттер мен аудиобағдарламаларды жолдауға болады.
Қазылар алқасы коммерциялық негізде жарияланған жарнамалық материалдар мен сюжеттерді қарастырмайды. Байқауға жұмыстар 2015 жылғы 30 шілдеге дейін қабылданады. Жеңімпаздардың есімдері 3 тамыздан кейін белгілі болады.
Жұмыстарды bankeurasian@gmail.com поштасына «БАҚ байқауына» деген белгімен жолдау керек. Ілеспе хатта аты-жөніңізді, жұмыс орныңызды және байланыс телефоныңызды көрсетіңіз.
shorthand.com сервисі твиттерді белсенді пайдаланатын медиа құралдары үшін пайдалы болмақ — оның көмегімен жарқын, жанды твит-репортаждар жүргізуге, безендірілуін алдын-ала жоспарлап, визуал тартымды твит-шежірелер құрастыруға болады.
Сервис тегін, твиттер-аккаунт арқылы кіресіз. Тіркелгеннен кейін “Атауы”, “Мәтін” деген үлкен бөлімдерді көресіз.Шежіре жасауға арналған құрастырушы осы.
Сыртқы безендірілуін өзгерту үшін фото немесе YouTube-тан видео қосуға болады. Шрифт өлшемі мен түсі өзгермейді, екі шеттегі бағдаршалар көмегімен мәтінді оңға немесе солға түзеуге болады.
Тағы бір бөлім қосу үшін “+” басамыз да, ол қандай бөлім болатынын: мәтінді бөлім бе, әлде жазуы бар сурет пе екенін таңдаймыз.
Шежіре дайын болғаннан кейін, оны алдымен көріп алуға болады, ол үшін оң жақ жоғарғы бұрыштағы Preview батырмасын басу керек.
Publish тармағын таңдағаннан кейін сервис тұтас твиттер таспасын көрсетіп, оларды арасына қанша уақыт салып жариялау керек екенін таңдауды ұсынады. Жазбаларға соңғы өзгертулерді де осы арада енгізе аласыз.
Creative Commons — заңды түрде контент алмасып, авторлар арасындағы серіктестікті нығайтуға көмектесетін коммерциялық емес ұйым. Өз туындыларын жариялау үшін немесе өзгелердің туындыларын пайдалану мақсатында әр адам көпшілікке арналған CC лицензияларын қолдана алады .
Creative Commons әзірлеген жаңа қосымша «шежіресін баяндап, өзгелерді тәрбиелеу үшін фотосуреттерді қажет ететін үкіметтік емес ұйымдар, журналистер, мемлекеттік мекемелер, мәдениет мекемелеріне арналған».
«Алайда, әркім қажет кезде қажет орында бола алуға мүмкіндігі бола бермейді», — дейді қосымшаны әзірлеушілер. Сондай қажетті көрнекіліктердің қайнар көзі де осы The List қосымшасы болмақ.
Қосымшаны пайдалану оңай – ұйымдар фотосуретін алғысы келетін орындар, мекендер, адамдар мен оқиғалардың тізімін көрсетеді. Ал сондай фотосуреттерді ұсынуға мүмкіндігі бар қолданушылар оларды тиісті белгі сала отырып жүйеге жүктейді.
Фотосуреттерді кез келген адам тегін пайдалана алады. Мобиль технологияларды белсенді қолданатын журналистер үшін The List шын мәнінде жұмысқа пайдасы тиетін құралға айналуы мүмкін.
Ал жаңа бастап жүрген фотографтар үшін The List қосымшасын пайдалану өз мүмкіндіктерін көрсетіп, кең аудиторияға танылуға жақсы мүмкіндік болмақ.
The List Android негізді құрылғылар үшін қолжетімді. Орнату ақпараты.
Шолу авторы — Алевтина Дудник. Sharalike — музыка ілесе жүретін слайд-шоу жасап, оны код көмегімен сайтқа орналастыруға немес сілтеме арқылы әлеуметтік желілерде ортаға салуға мүмкіндік беретін, қолданылуы оңай бағдарлама.
Слайд-шоу жасау үшін бірнеше қарапайым әрекетті орындау керек.
1. Sharalink.com сайтына кіреміз, онда екі опция шығады: Facebook арқылы кіру немесе пошта жәшігі арқылы тіркелу.
2. Алдымен компьютердегі фотосуреттерді жүктеу үшін альбом құру керек.
3. Жүктегеннен кейін таңдалған суреттерді үстінен тінтуірдің сол жақ батырмасымен екі басып үлкейтіп көріп, өңдеуге мүмкіндік аламыз.
Одан бөлек, нысанды ұстап тұрып басқа жерге сүйреп апарып фотолардың орнын ауыстыруға болады. Енді слайд-шоуға арналған музыка мен оның қай стильде болатынын таңдаймыз. Ол үшін оң жақ жоғарғы бұрыштағы SmartShow батырмасын басамыз.
4. Алдымызда бірнеше функция ашылады:
— Сол жақ жоғарыда — слайдтардың стильдері. Классикалық ұлғайту немесе романтикалық баян болуы мүмкін, одан бөлек, жаңажылдық құттықтаулар үшін арнайы безендірілген тақырыптар мен қорқынышты фильмдер стиліндегі әзіл тақырыптар да бар.
— Одан төменірек — слайд-шоуға ілесе жүретін алуан түрлі музыка топтамасы. Сондай-ақ, фотосуреттерді музыкасыз өзін ғана қалдыруға немесе компьютерден өзіңіздің тректі, айталық өзіңіз жазған әр суретке қатысты пікірлер айтылған жазбаны жүктеуге де болады.
— Оң жақ мәзірде «жабу» батырмасын, сақтайтын SAVE батырмасын және сілтемені әлеуметтік желілердегі парақшаларда тарату үшін SHARE батырмасын көреміз. Хатқалта суреті бар батырма видеоның сілтемесін өзіңіздің поштаңызға жіберуге мүмкіндік береді.
5. SAVE немесе SHARE функциясын таңдағаннан кейін сервис сілтеме береді, сол сілтемені достарымыз мен оқырмандарымызға ұсынамыз.
Өзге пайдаланушылардың жасаған жұмыстарын да көріп шығуға болады, ол үшін сервистің басты бетіндегі сол жақ жоғарғы бұрыштағы EXPLORE батырмасын басу керек. Жасаған альбомыңыз не суреттеріңіз өзіңізге ұнамаса, сол жақ төменгі бұрыштағы себет суреті бар батырманы басып өшіріп тастауыңызға болады.
Конференция, семинар, қандай да бір оқиғалардан, іс-шаралардан түсірілген видеоларды динамикаға толтырып, интерактив етуге болады. Ол үшін дайын видеоға қосымша комментарий, көрнекіліктер, тіпті карталар мен сілтемелер қосу керек.
Studio.zentrick.com — дайын видеожазбаларға түрлі ақпаратты қосуға мүмкіндік беретін онлайн-сервис.
Сервисті пайдалану үшін тіркелу керек. Аспаптар тақтасында Experience тармағын таңдаймыз да, интерактив видео жасауға кірісеміз.
Бәрі өте оңай — сіз роликті сервистің өзіне жүктеуіңізге немесе YouTube сілтемесін көрсетуіңізге болады.
Төмендегі тармақтарда видеоның атауын, сипаттамасын жазып, кілтсөздерін (тегтер) көрсетіп, релевонт опцияларын таңдайсыз.
Тікелей видеоның өзімен жұмыс жоғарғы аспаптар тақтасындағы Design тармағынан басталады. Сол жақтағы мәзірде видеоны әрлеу жөніндегі түрлі бөлімдерді көресіз, оң жақтағы жұмыс кеңістігі — жобаңыздың өзі.
Қажетті тармақты таңдаймыз — мәтін, сурет, батырма, карта және басқа да көптеген опциялар бар. Жұмыс кеңістігінде сол функцияның жеке жолағы пайда болады.
Бұл жерде таңдалған опцияның баптамаларын түзетіп, таңдалған элементті видео бойымен жылжытып, басқа да әрекеттерді жасай аласыз.
Бастапқы нәтижесін көру үшін, Design Mode батырмасын басыңыз. Дайын жобаны жариялаймыз (жоғарғы аспаптар тақтасындағы Publish) да, сипаттамасын жазамыз. Сервис бір жоспарды таңдауды ұсынады — тегін нұсқасы интерактив видеоны 3000 рет көру мүмкіндігін береді. Көрілім саны шексіз ақылы нұсқалардың бағасы — 300$ басталады.
Жоспарды таңдағаннан кейін жарияланымды не үшін қолданатынымызды — код көмегімен сайтқа қоямыз ба, сілтемемен твиттерге, фейбукқа қоямыз ба — соны көрсетеміз.
Әдемі инфографиканы қайдан қараймыз? Деректерді визуалдау үшін қандай ресурстарды және қалай қолданамыз? Инфографика және визуалдауға арналған сервистер мен ресурстар топтамасын ұсынамыз.
DailyTakk инфографикаға арналған құралдар мен ресурстар топтамасын әзірлепті. Солардың ішінен ең пайдалыларын таңдап алып, жаңа бастап жүрген дизайнерлерге ғана емес, деректерді визуалдау саласының мамандары үшін де пайдалы болатын өзіміз білетін басқа да сервистерді қостық.
Алдыңғы бір материалда Verification Handbook атты кітап — төтенше жағдайлар кезінде пайдаланушылар жасайтын контентпен (User-generated content) жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық туралы жазған едік.
Жақында Европа журналистика орталығы екінші Verification Handbook for Investigative Reporting кітабын жариялады. Бұл — бірінші кітапты толықтыратын, журналистік зерттеулерде UGC және ашық дерек көздеріндегі ақпаратты қолдану жөніндегі нұсқаулық.
«Журналистер, адам құқықтарын қорғаушылар, белсенді азаматтар және басқалар өз зерттеулерінде пайдаланушылар контенті мен ашық ақпаратты қолданады.
Алайда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық деректер базасында ондай ақпарат тым көп болғандықтан, сол ақпаратты іздеу және тексеру жөнінде біраз білім керек».
Тегін электрон кітап он тараудан тұрады және ақпаратты онлайн іздеу, зерттеу техникалары, пайдаланушы контентінің растығын тексеру және зерттеудегі этика принциптерін қолдану жөніндегі нұсқаулықты қамтиды.
Кітаптан 3 кеңес
1. Іздеуді қолдана біліңіз
Google немесе Yandex арқылы қажет ақпарат таба алмай қалатын кездер болады. Бірақ, іздеуді неғұрлым тиімді пайдалануға көмектесетін біраз кеңестер бар.
Мысалы, іздеу сұранымдары операторларын қолданудың өзі қажет ақпаратты табуға көмектеседі.
Айталық, сізге белгілі бір кілтсөздер бойынша іздеу нәтижелері керек болса, OR операторы көмегімен қосымша іздеу опцияларын қосуыңызға болады.
Интернетте және түрлі әлеуметтік медиа құралдарында ақпарат іздеу техникалары жөнінде толығырақ 3-тарауда жазылған.
2. Әрқашан деректерді екі рет тексеріңіз
Деректерді тексеру – оларды сараптауға кірісер алдындағы қажетті кезең. Шын мәнінде, деректерді сараптап болғаннан кейін де тексеру керек.
Сараптамадан кейін деректерді тексеру – зерттеу жүргізудегі деректермен жұмыс істеудің ең маңызды сатысы, жасаған шежіреңіздің растығын тағы бір тексеріп, болжамдарыңыз расқа шыққан-шықпағанын көруге тағы бір мүмкіндік.
Деректерді тексеру жөнінде толығырақ 5- тарауда жазылған.
3. Жерсерігінен түсірілген суреттерді қолданыңыз
YouTube-тағы видео сияқты пайдаланушы контенті зерттеу жүргізу кезінде пайдалы болуы мүмкін, алайда, оның растығын үнемі тексеріп отыру керек.
Видео қандай да бір нақты мекенде түсірілген болса, журналист сол жердің жерсерігінен түсірілген суретін тауып, видео мен суреттегі белгілерді салыстыруына болады.
Бұл техниканың көмегімен, видеоның геолокациясын тексеріп қана қоймай, түсірілім кезінде камера қай нүктеде тұрғанын да есептеп шығаруға болады.
Пайдаланушы контентін тексеру туралы толығырақ 6-тарауда жазылған.
BBC, Der Spiegel және Eliot Higgins’ Bellingcat, Tow Center for Digital Journalism, Amnesty International, WITNESS және SAM верификация платформасының атсалысуымен жазылған кітапты Verification Handbook сайтынан көшіріп алуға болады.