ДомойМедиасауатВидеоның оқиғаға қатысын анықтау. Арыстағы жарылыс мысалында

Видеоның оқиғаға қатысын анықтау. Арыстағы жарылыс мысалында

Видеоның оқиғаға қатысын анықтау. Арыстағы жарылыс мысалында

24 маусымда Қазақстанның Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы 44859 әскери бөлім аумағында орналасқан оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Қаланың 44 мыңға жуық тұрғыны эвакуацияланды. Жарылыс таңғы сағат 09:15-тер шамасында басталды. Сол сәттен әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде «Арыстағы жарылыс» оқиғасына қатысты делінетін видеолар, фотолар үздіксіз тарады. Сол фотовидеолардың арасында ұзақтығы 3 минут 49 секунд видео да болды. Видеодағы көріністер мен аудиода айтылған сөздер видеоның Арыста түсірілгеніне күмән тудырды. Күмәнді растау не терістеу барысында видеоның Арыста түсірілген-түсірілмегенін Google іздеу жүйесі арқылы анықтадық. 

Видеода биік ғимараттан сонау алыстағы жарылыс, қою қарасұр түтін мен түтін арасынан ұшып шығып, құлап жатқан снарядтар, жеке сектор тұрғын үйлері мен көпқабатты тұрғын үйлер де көрінеді. Орта тұсында мұнара бар. Видеодағы айтылған сөздер анық естіледі.

Аталған видео Арыстағы жарылыс оқиғасы күні таралғаны себепті де мұны Арыста болып жатқан жағдайға қатысты екеніне сенгендер болып, таратқандары байқалады.

Әйткенмен, видеоның Арыста түсірілгеніне күмән тудыратын екі себеп бар.

Біріншісі, видеодағы жасыл-желек, яғни ағаштардың жапырақсыз болуы. Арыстағы жарылыс оқиғасы 2019 жылдың 24 маусымында болды. Арыс қаласы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Мұнда көктем ерте шығады, жасыл-желек ерте көктемнен бүршік жарып, жапырақ жаяды. Жаздың бірінші айының соңына қарай қаладағы барлық ағаш жапырақ ашып, жап-жасыл күйге енеді.

Мына видеодағы ағаштардың жапырағы көрінбейді. Бұл видеоның жаз мезгілінде – ағаштар жапырақ жайған уақытта түсірілгеніне сендірмейді.

Екінші себеп, видеодағы дауыстар. Мұнда орыс тілінде бірқатар сөз айтылады. Сөздердің қолданылуы және дыбысталуы оқиғаның Қазақстанда, дәлірегі Қазақстанның оңтүстігінде болып жатқанына күмән тудырады.

Сырт адамға видеоның Арыста түсірілгеніне күмән тудыратын екі себеп осы.

Арыс қаласы тұрғындары өз қаласын жақсы танып-білетіндіктен, олар видеодағы үйлер, мұнара, көпқабатты үйлер және тағы басқа ғимараттың Арыста бар-жоғын бірден анықтап, «Бұл Арыс емес қой» деп, қорытынды шығаруы әбден мүмкін.

Бірақ, видео тек арыстықтар арасында ғана емес, басқа өңірдегі азаматтар арасында таралғандықтан, видеоның Арыста түсірілмегенін сондағы көрініске қарап анықтау қиындайды.

Сондықтан да видеоның Арыста түсірілгенін растау не терістеу мақсатында Google іздеу қызметіне жүгіндік.

Мұнда ең алдымен, видеодағы айтылатын сөздерді, ең алдымен видеодағы «Дом шатается. Ещё один взрыв» сөйлемін іздеуге салдық.

«Барлығы» нәтижесімен көбіне-көп Арыстағы жарылыс оқиғасына қатысты жаңалықтарды шығарып берді. Бұл дәл қазіргі таңда Қазақстанда Арыстағы жарылыс оқиғасына қатысты жаңалықтар өзекті екені себепті болса керек.

Содан «Іздеу баптаулары» жолағынан «Бейне» таңдауын жасағанда, біздің тексеруіміздегі видеоға ұқсас видео көрінді.

Ресейлік «Звезда» телеарнасының сайтында жарияланған ақпарат екен. Сілтемені ашып, видеоны ойнатқанда, ұзақтығы (3 минут 49 секунд), видеодағы көріністер және аудиодағы сөздер «Арыстағы жарылыс» оқиғасына қатысты таралып жатқан видеомен өте ұқсас екені анықталды. Сайттағы ақпарат 2017 жылдың 24 наурызында жарияланған. Бұл біздің іздеудегі видеоның Арысқа қатысы жоғын, 2019 жылдың 24 маусымы күнгі Арыстағы жарылыстан кемі 2 жыл 3 ай бұрын бұрын жарияланғанын дәлелдеді.

Видеодағы келесі «Надо отсюда уезжать. Это будет правильное решение» сөздерін Google іздеу жүйесіне салғанымызда, тіпті көп нәтиже шықты.

Алғашқы нәтиже «i-m-ho.livejournal.com» блогына сілтеді. Мұндағы блог бетінен Youtube видеохостингіндегі Ivan SHABRAT каналына өткізді. Іздеудегі видеомызға өте ұқсас видео (ұзақтығы 3 минут 49 секунд, видеодағы көріністер де аудиодағы сөздер өте ұқсас) аталған каналда 2017 жылдың 23 наурызында жарияланыпты.

Видео сипаттамасында оқиғаның Украинаның Харьков облысына қарасты Балаклея қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс екені жазылған.

Әрмен қарай Google іздеу жүйесінде 2017 жылдың мамыр айында Балаклея қаласында жарылыс туралы мәліметтер іздеу барысында 2017 жылдың 23 наурызында Украинаның Харьков облысына қарасты Бакалея қаласындағы оқ-дәрі қоймасында ірі жарылыс болғаны туралы көптеген мәлімет шықты.

Біздің мақсатымыз — «Арыстағы жарылыс» оқиғасына қатысты таралып жатқан осы видеоның Арыстағы жарылыс кезінде түсірілгенін растау не терістеу болды.

Видеоның 2019 жылдың 24 маусымы – Арыстағы жарылыс оқиғасынан әлдеқайда ерте жарияланғаны, демек Арыстағы жарылысқа қатыссыз екені анықталып, дәлелденді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР