ДомойМедиасынАрыс, несиелер және митингілер. 24-30 маусымға тв шолу

Арыс, несиелер және митингілер. 24-30 маусымға тв шолу

Арыс, несиелер және митингілер. 24-30 маусымға тв шолу

Арыстағы жарылыс, қираған үйлер және Шымкенттегі шеру, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митингтер, Теңіз кенішіндегі қақтығыс – Қазақстанда маусымның соңғы аптасы осындай оқиғалармен өтті. Бұл тақырыптардың барлығы дерлік да апталық қорытынды телебағдарламаларға енді. Қазақстандық телевизиясындағы аса сирек жағдай. «Жаңа репортер» осы оқиғаларды «Хабар», QAZAQSTAN, “Бірінші арна Еуразия” және ASTANA TV телеарналары қалай көрсеткеніне шолу жасады.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

«Аналитика» бағдарламасы «ең бастысы – ақылға қонымды ой және адам болып қалу керек» түсінігі туралы үлкен материалдан басталды. Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс және қала тұрғындарының эвакуациясы туралы сюжетті осылай ашты.

Сюжеттен Арыста не болғанын түсіну қиын. Жарылыс және бас сауғалап қашқан адамдардың әуесқой кадрын көрсете отырып, журналист: «Онсыз да үрей жайлаған аймақта қара бұлтты төндіргендер табылды» деп айтады. Сосын Арыста адамдар мен жауынгерлердің жаппай қырылмағаны туралы мәлімдеме жасап, кешірім сұраған адамның видеожазбасын көрсетеді. Қаза тапқан үш адам туралы ештеңе айтпайды. Ал тұтас бір қала тұрғындарын эвакуациялауға және қаланың қирауына себеп болған оқ-дәрі қоймалары жайында жергілікті билік сол қоймаларды жоятынына уәде етерде ғана айтып өтеді.

Адамдардың эмоцияға толы әрі өте әсерлі сұқбаттарынан, олардың аман қалғанына қуанған түрлерінен шын мәнінде оқ-дәрінің қауіпсіз сақталуына адамдар жауапты емес, Арыстағы оқиғаның артында бір құдіретті күш тұрғаны сияқты әсер қалдырады.

— Бізді бес сағат бойына бомбалады,-дейді жапа шеккен тұрғынның бірі. Ол оқиғаны Ұлы Отан соғысымен салыстырады. Журналист оның осы айтқанын іліп алып, жергілікті биліктен баспана талап еткендерге мысал етінде ұсынады.

«БҰЛ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ГИТЛЕР ӘСКЕРІ ЖЕРМЕН-ЖЕКСЕН ЕТКЕН ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨЗДЕРІН МӘСКЕУГЕ ҚОНЫС АУДАРМАЙ, КІШІ ОТАНЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІ СҰРАҒАНЫН ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ»

Сюжетте өсек-аяң таратқан және Шымкентте баспана беру талабымен қала көшелерімен шерулеткен адамдардың қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы айтқанымен, оқиғаның болуына шын мәнінде кім кінәлі екені туралы ләм-мим демейді. Мұның барлығы сюжет кіріспесінде «айтылған ақылға қонымды ой» ұғымынан алшақтата түседі.

Жарылыстан зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған кішкентай алматылық туралы сәтті ерекше атап өтуге болады. Ол кадрде өзінің әсем тиын жинағышын ұрып сындырады. Баланың шынайылығына еш күмән келтірмейміз. Бірақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүздеген волонтер гуманитарлық көмек жинап, сұрыптап, қаптап жөнелтіп жатқанда мұндай спектакль түсірімді жасаудың не қажеті бар еді?! Волонтерлер қозғалысы жаппай көмек көрсетуді бұдан да артық бейнелейді емес пе?!

«Аналитика» бағдарламасының тағы бір сюжеті назар аударуға тұрарлық. Бұл – Алматы мен Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митингтер. Бұл сюжет митингтегі сөз сөйлегендердің ішінен – митинг ұйымдастырушысы Альнур Ильяшевтің митинг өткізу тәртібі туралы айтқаны және Алматы қаласы мәслихатының депутатының айтқанын ғана көрсетуінен бөлек, оператор мен монтажердің «қулық бойламас шеберлігімен» ерекшеленді. Эфирден алматылықтар ұстап шыққан бір де бір плакат көрсетілмеді.

«Аналитика» хабары қалай көрсеткенін, ал шын мәнінде қалай болғанын қараңыз. Екінші фотоны Дмитрий Каратеев түсірген.

«Билікпен көшеде әңгімелесуді жақтайтандырдың діттеген шынайылығы күткендей бола қоймағанға ұқсайды» дейді «Аналитика» тілшісі. Сөйте тұра сол шынайылықты «аз-маз түзеткенін» айтпайды.

Митинг туралы материалға Теңіз кенішіндегі оқиға да еніпті. Журналистің сөзінше, «жұмысшылар арасындағы тұрмыстық кикілжің төбелеске және тәртіпсіздікке ұласып, жедел ауыздықталған». Бейнелеуге бейтарап видео таңдалыпты. Қақтығыс себебін де салдарын да айтпады.

Бағдарламаға:

  • Мемлекеттік әлеуметтік бастамалары туралы үлкен әрі егжей-тегжейлі материал;

  • Шетелге шығатын туристке жадынама;

  • Биліктің бақылауына қарамастан, қымбаттаған азық-түлік пен тарифтер; Қызығы сол, бұрын бір пакет сүттің салмағы 1 литр болса, қазір неліктен 900 мл болып қалғанын түсіндіретін шенеунік те не басқа бір жауапты адам пікірі де бағдарламаға енбепті.

«Избранное за неделю», ASTANA TV

«Аналитика» бағдарламасымен салыстырғанда, «Избранное за неделю» бағдарламасында Арыстағы жарылыстың әуесқой видеоларын көрсетуден бөлек, қаза тапқандар туралы (қысқа ғана, кім және қалай қайтыс болғанын) айтты. Эвакуация кезінде қандай мәселелер туындағанын: автокөліктердің адамдарды мінгізбегенін, тіпті әскерилер де тасымағанын, судың жоқтығын, мемлекеттен дұрыс көмектің болмағанын егжей-тегжейлі әңгімеледі. Журналистер жеке адамдардың хикаяларын көп көрсетті. Мұның барлығы тәп-тәуір шықты.

«Кім кінәлі» сауалына жауап іздеу аз да болса байқалды. Бірақ, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілімен сұқбатта ғана айтылды. Министрлік оқиғаның масштабын азайтып көрсетуге тырысқан-ды.

Бағдарламаның тағы бір бөлімін, жарақаттанған адамдарға арнады. Дәрігерлер олардың жағдайын баяндады. Негізінен, бас сүйек-ми жарақатын алған екен. Екі бала эвакуация кезінде көлік астына түсіп, ауруханаға жатқызылыпты. Жапа шеккендермен психологтар жұмыс істеп жатыр. Бірақ, олар да тапшы. Ал арыстағы аурухана ғимараты қираған.

Бөлім соңында арыстықтарға Nur Otan партиясының қалай жанталаса көмектескенін әңгімеледі.

Әрмен қарай бағдарлама авторлары биліктегі жаңа тағайындаулар (Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев болды, ал Бауыржан Байбек Nur Otan партиясына кетті).

Содан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митингілерді көрсетуін күттік. Митинг туралы расымен де сюжет көрсетті. Бірақ, рұқсат етілген митинг емес, Нұр-Сұлтанда нұротандықтардың «Біз біргеміз» ұранымен шыққан митингісі туралы болды. Нұротандықтар митингте Аблязовты, арандатушыларды жамандап, «өздерін шетелден басқаруға жол бермейтіндерін» айтты. Тек сюжет соңында ғана Алматыда митинг болғанын қысқа айтып өтті.

Сондай-ақ бағдарламаға:

  • аз қамтылған отбасылардың несиесін кешіруге қатысты шенеуніктердің және сарапшылардың пікірлері;

  • ҰБТ

  • әскери ұшқыштар туралы сюжет

еніпті.

«7 күн», «Хабар»

Бұл аптада «7 күн» авторларын мақтамауға әсте болмайды. Олар өз-өздерінен асып түсті. Бұрынғы шығарылымдарымен салыстырғанда президенттерді аз көрсетті, пафос сөз аз болды, Арыс туралы тәп-тәуір материал шығарды.

Әйтсе де бағдарламаны Нұрсұлтан Назарбаевтан бастады. Елбасы Қауіпсіздік кеңесін шақырып, Арыстағы жағдай өз бақылауында екеніне сендірді. Мемлекет қаланы қалпына келтіруге бар жағдайды жасайтынын, бүкіл халық арыстықтарға көмектесіп жатқанын айтты.

Билік құрылымдарындағы жаңа тағайындаулар туралы айтқаннан кейін, Арыстағы жарылыс оқиғасы туралы сюжетке өтті. Сюжетте жарылыс болған жердің ғарыштан түсірілген суреттерін көрсетті. Тілші кадрда көп көрініп, не болғанын «алақандағыдай» түсіндірді. Мүлкіне алаңдаған және мародерлерден қауіптенетін тұрғындардың пікірлері де көп болды.

Сосын тағы да Назарбаев шықты. Ол көмектескендердің барлығына алғыс білдіріп, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

Әрмен қарай оқиғаның қалай өрбігенін көрсетті. Автолар сағат нешеде қайда не болғанын, жарылыс қалай басталғанын, адамдар қалай қашқанын баяндады. Арысқа президент Тоқаевтың ұшып келгенін де көрсетті. Жапа шеккендердің билікке айтқан алғысын да көрсетуді ұмытпапты. Президент ауруханаға барды. Балалар жоғалып, табылды. Тоқаев Арыс қаласына да барды.

Жалпы «Хабар» телеарнасы мемлекеттің көмектескеніне молынан эфир уақытын арнады. Тіпті жарылыстан жапа шеккен адамдардың қалай қиналғанынан да көп көрсетті. Nur Otan партиясының гуманитарлық көмек жинау акциясын (шын мәнінде, сол көмекті партия көмегінсіз-ақ жинады), Арысқа премьер-министр Асқар Мамин келгенін де көрсетті. Тұрғындардың пікірлері де «көмектесіп жатқандарға рахмет, бізді өте жылы қабылдады» деген мазмұнда болды.

Басқа мемлекеттердің де көмек қолын созатыны туралы жеке айтып шықты.

«7 күн» бағдарламасы «несие амнистиясы» туралы егжей-тегжейлі әрі үлкен сюжет дайындапты. 250 мың қазақстандық қарызынан толықтай құтылатынын айтты. Көшедегі адамдар Тоқаевтың несие қарыздарын кешіру туралы тапсырмасына қалай қуанғандарын да көрсетті. Саясаттанушылар мен экономистер мұның жөн шешім екенін айтады.

Бұл блоктан президент қызметі туралы ақпаратты көрсете отырып, ары қарай мемлекет халыққа қалай көмектесіп жатқаны жөнінде «әлеуметтік басымдықтар» жайына сюжет арнады.

Бағдарлама соңы жаңа ресми мереке: 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күніне арналды Ақорда ең кәсіби әрі өзіне лоялды (бұлай айтпасқа әсте болмайды) журналистерді марапаттады.

«Басты бағдарлама», «Бірінші арна Еуразия»

Бұл бағдарлама да басқа бағдарлама сияқты Арыстағы жарылыс оқиғасынан басталды. Қазақшасында да тиын жинағышын сындыратын бала туралы көрсетті. Сегізінші минутта эфир студиясына снарядтар түсіп, жарылды.

Әрмен қарай бағдарлама авторлары оқ-дәрі қоймасы жарылған маңда және қаладағы деректерді санамалады. Кейбір адамдар биліктің қолдауына алғыс айтса, ендібіреулері өздерін Шымкентке көшіруді талап етіп, шеруге шықты. Стендап кезінде тілші қолына снаряд жарықшақтарын ұстады. Орысшасындағыдай мұнда да журналистер болған жайтқа кім кінәлі екені, кім жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ләм-мим демеді.

Арыстағы жарылыс оқиғасынан кейін интернетте жүздеген адам қайтыс болғаны туралы сөз тарады. Бұл фейк-ақпараттар туралы сюжетке негіз болыпты. «Бірінші арна Еуразия» журналистері көрермендерін медиасауаттылыққа үйретуге тырысқан сияқты. Олар фейк-жаңалықтардың шығуы туралы бірнеше жағдайды мысалға келтіріп, негізгі шығарушыны табу қиын болғанымен, таратушыны табу оңай екенін айтты. Сарапшылар кім және қалай жалған ақпарат таратынын әңгімеледі. Журналист стендапында бәрін де өтірік сөйлемеуге шақырды. Алайда сюжетте жалған ақпараттың қармағына қалай түсіп қалмау керегі, қалай тексеріп, қалай күмән келтіру туралы ештеңе көрсетпеді. Медисауат сабағы болмады.

Журналистердің келесі сюжеті қызық шығыпты: мұнда Қазақстан журналистерінің ресми кәсби мерекесі бекітілгені туралы хабарды негізге алып, өз әріптестері, яғни «Бірінші арна Еуразия» тілшісі Олжас Сайлаубекұлының өмірін көрсетті.

Бұл сюжеттен көпшілік журналистерді бай адам санайтынын, ал шын мәнісінде олар автобуста жүретінін, жалдамалы пәтерде тұратынын білдік. Бұдан бөлек, көрермендер сюжет қалай түсіріліп, мәтін қалай жазылып, қалай монтаждалатынын да көрді.

Бағдарлама «несие амнистиясы» туралы сюжетпен және Алматыдағы студияда экономист Меруерт Махмутовамен сұқбатпен аяқталды. Экономист қандай да бір тың нәрсе айтпады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Арыстағы жарылыс оқиғасынан басталды. Арна тілшілері атап өткен деталдардың қатарында:

  • Бұл соңғы 10 жылда Арыста болған төртінші жарылыс оқиғасы;
  • ресми деректерге сәйкес, қалада 31 нысан қираған;
  • 100 мың теңгелік бір реттік көмектен бөлек, Арыс тұрғындарына бес миллион теңгеге дейін несие беріледі;

Тиын жинағышын сындыратын бала туралы сюжетті мұнда да көреміз. Ол жинаған тиындарын Арысқа көмекке береді. Бағдарламада айтылғандай, барлығы 1 млрд 409 млн теңге және 628 тонна гуманитарлық жәрдем жиналыпты.

«Несие амнистиясы» туралы сюжетте саясаттанушы Айдос Сарым несие беру тәртібін қайта қарауды ұсынады. Ол осы тақырыпта барлық телеарнаға сұқбат бергенге ұқсайды.

Ал JAHAN SARAP айдарында Қырғызстан парламенті экс-президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік құқынан айырғанын айтты. Енді оған бес қылмыстық іс бойынша айып тағылуы мүмкін. Бір ескертер жайт, көршілес елдегі мұндай маңызды оқиға туралы басқа ешбір қорытынды бағдарламада айтпады.

Бағдарлама

  • Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына дайындық (президент Тоқаев ақынның туған жеріне барған);
  • Қазақстан журналистер күні;
  • Димаш Құдайбергеновтың Нұр-Сұлтан қаласында өткен концерті;

туралы сюжеттер де еніпті.

Apta бағдарламасы эфирге 30 маусым кешкісін шықты. Сол күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында рұқсат етілген митинггтер өтті. Бірақ бағдарлама авторлары сол митингілер туралы ештеңе де айтпады. Арыстағы жарылыс оқиғасының жауапкершілігі кімнің мойнында екені туралы да ләм-мим демеді. Есесіне, тиын жинағышын сындырып, арыстықтарға көмек қолын созған бала туралы көрсетті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР