ДомойМедиасынАрыс, Нұр-сұлтан, Теңіз. 1-7 шілдеге тв шолу

Арыс, Нұр-сұлтан, Теңіз. 1-7 шілдеге тв шолу

Арыс, Нұр-сұлтан, Теңіз. 1-7 шілдеге тв шолу

Жаз ортасы жетті, шілде күшіне мінді. КТК телеарнасы бастаған демалыс маусымын басқа да телеарналар жалғастырып, апталық қорытынды бағдарламаларына үзіліс жариялады. Осы аптада «Бірінші арна Еуразия» телеарнасының «Басты бағдарлама» және «Аналитика» бағдарламалары жаңа телемаусымға дейін көрерменімен қоштасты.

Әдетте жаз ортасы қазақстандық БАҚ-та «тақырыпсыз мезгіл» саналатын. Алайда Қазақстанның биылғы жазы даулы да шулы, бәрін дерлік елеңдетер оқиғаларға толы болды. Әйткенмен, көпті қамтыған жаңалықтардың барлығы бірдей қазақстандық телеарналардың эфиріне ілінбеді (кейбір телеарналар Теңіз кенішіндегі қақтығысты, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы митингтерді айналып өтті). Болған оқиғалардың орнына әдепкі жазғы тақырыптарын: аллергия, туризм, мейрамхана бизнесі туралы сюжеттерді көрсетті.

Осы аптаның шолуына «Бірінші арна Еуразия», «Хабар», QAZAQSTAN және ASTANA TV телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын алдық.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

«Аналитика» бағдарламасы эвакуацияланған тұрғындары қайта оралған Арыс өмірінен басталды. Үйлер, мектептер мен колледждер қалай қалпына келтіріліп жатқанын көрсетті. Журналист сөзінде ешқандай тендер, мемлекеттік сатып алулар болмағанын айтты. Павлодардан келген құрылыс бригадасының қалай жұмыс істеп жатқанын көрсеткенімен де құрылысшылардың еңбекақысын кім төлейтінін, оларды қалай іріктегенін және тағы басқасын ашпады. Қалаға көп қаржы келіп жатқанын, соны бақылау керегін айта келе, Арыс қаласының 3D картасы жасалатынын баяндауға өтті. Цифрландырудың қаржы ағымын бақылауға қалай көмектесетінін айтқанымен де соны жасауға неше теңге жұмсалатынын айтпады.

Сюжетте күмән тудыратын түйіндер де бар. Мәселен, «Натальяның үйі жоқ, жиһазы жоқ, мына көйлегінен басқа дымы жоқ, ең бастысы – аман қалдық» дейді. «Аналитика» бағдарламасының алдыңғы шығарылымындағыдай, бұ жолы да Арыстағы жарылыс оқиғасына қатысты кімдер жауапқа тартылатынын сол қалпы айтпайды.

Өткен аптада «Аналитика» бағдарламасы митингтерді өзінше көрсетсе, бұл жолы митинг туралы ләм-мим демеді. Митингтер туралы ештеңе айтпады, көрсетпеді. Қазақстан аумағында тыйым салынған ҚДТ ұйымына қатысы бар топты Алматыда тұтқындағанын хабарлады. Жедел түсірім видеосында белгісіз біреу ақша санап жатыр. Журналистің сөзінше, бұл сома бағынбаушылық акциясын ұйымдастыруға арналған. Десе де кінәсіздік презумциясына сәйкес, мұндай мәлімдеме соттан кейін жасалатын еді.

Арыстағы оқиғаға байланысты, 6 шілде – Астана күнін тойлату қарапайым өтті. Мереке күніне Тұңғыш президент қоры тосын сый дайындапты. Елордада квест өткізді. Тапсырмаға сәйкес, қаланың көрнекті орындарында әріптер жасырылған. Сол әріптерді тауып, сөз құрау қажет. Бұл сөзді қалаға келмей-ақ, жұмбақты қарамай-ақ әркім де таба алады. Әйткенмен, интриганы ояту үшін бе, әйтеуір сюжет кіріспесінде де, сюжетте де бұл сөзді айтпады. Кіріспе мен сюжет те квест түрінде жасалғандай әсер қалдырды. Тек кадрда көрсетілген әріптерден қандай сөз жасырылғанын емеурінмен білдірді. Ақыры, 7 минуттан кейін, сюжеттің соңында «Нұрсұлтан» сөзі жасырылғанын білдік.

Сондай-ақ, бағдарламада:

  • аллергия (жаз басталысымен бұл ауру асқынады)
  • Алматының жаңа әкімі жезөкшелермен күресуді бастағаны туралы көрсетті.

Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич жылды қорытындылады. Ол редакция жыл бойына қаузаған үш маңызды тақырыпты: балалар зорлық-зомбылығы, синтетикалық наркотикпен күрес, деректер қорын жетілдіруді атап өтті. Мемлекет осы бағыттар бойынша шара қабылдап жатыр екен. Бұған журналистердің де еңбегі сіңсе керек.

«Аналитика» бағдарламасы тамыздың соңына дейін демалысқа кетті.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» апталық қорытынды бағдарламасын Арыс туралы оптимизм тұнған сюжеттен бастады. Материалдың өзегі – бүкіл ел болып қалпына келтіріп жатқан қаланың тіршілігі жанданғаны жөнінде болды. Кафелер, базарлар және дүкендер жұмысын бастады. Жергілікті тұрғын, әдеттегідей барлық арыстықтың атынан, көмек қолын созғандардың бәріне алғыс айтып, барлығы жақсы екенін, қажет заттармен түгел қамтамасыз етілгендерін, үйлерін жөндеп жатқанын айтады. Енді бір тұрғын зақымдалған үйін жөндемей-ақ, көршісінің үйін сатып алып беруді өтініпті. Оған сол үйді сатып әпереді. Арыстағы жағдайды Елбасы да, президент те, бәрі-бәрі жіті назарында ұстап отыр екен.

Әрмен қарай Қасым-Жомарт Тоқаев ірі шетелдік инвесторлармен кездескені туралы сюжетпен жалғасты. Тілшінің мәтінінен түсінгеніміз: «Қазақстанда адами капиталды дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын әртүрлі рейтингтер дәлелдей түседі: Қазақстанның рейтингтегі орны жылдан жылға жақсарып келеді». Сюжеттің баян еткеніндей, инвесторлар бізді жақсы көреді, елімізде білім беру нысандары салынып жатыр, жаңа кадрлар дайындалуда, жаңа бағдарламалар енгізілуде. Десе де бір мәселе бар: қазақстандық жұмыс берушілердің 70%-ы түлектердің білім сапасына көңілі толмайды екен.

Бағдарламада:

  • Тоқаевтың астанада жаңа ғимараттардың лентасын қиғаны;
  • «Астана» халықаралық қаржы орталығы – әрі әдемі әрі пайдалы;
  • Президенттің осы аптадағы кездесулері мен келіссөздері. Құттықтау хаттары әлі де ағылып жатыр.
  • Астана күні: жүргізуші мерекелік видеокадрлар фонында Қазақстан астанасының және тұңғыш президентінің атағын тізеді;
  • Астана күні: қалай тойланды, шетелдіктер қаланы несімен ұнатады?
  • Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні: оны қалай құттықтады;
  • Тоқаев жекпе-жек залын ашты;
  • Домбыра күнін атап өтті: осынау ғажайып халықтық аспапты қалай жасайтыны, және Елбасының домбырада қалай ойнайтыны туралы сюжетпен бағдарламаны қорытындылады.

«Избранное за неделю», ASTANA TV

Бағдарлама авторлары Теңіз кенішіндегі қақтығысқа тоғыз минуттық сюжет арнады. Шетелдік жұмыс күші қазақстандық жұмысшылардан 5 есе көп айлық алады. Елімізде шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істейтін 17 000 компания бар. Барлығында дерлік шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың жалақы айырмашылығы айтарлықтай үлкен.

Сюжетте Теңіз толқуының әлеуметтік желілерде қандай фейк ақпараттардың шығуына түрткі болғанын да айтып өтті. Кәсіподақтардың төрағасы Салтанат Рахимова, 6 разрядты оператордың күніне 44 доллар алатынын, ал дәл сондай жұмыстағы шетелдіктің күніне 200 доллар алатынын мәлімдеді. Шетелдік басшылар мұны «шетелдегі білім беру сапасының жоғары екенімен» түсіндірсе, қазақстандық адвокат Руслан Қожахмет сол білімі туралы құжаттардың шынайылығын ешкім тексермейтінін алға тартады. Сюжетте мәселені шенеуніктер мен сарапшылар пікірі негізінде барлық қырынан ашып көрсетті.

Арысты қалпына келтіру туралы сюжетті «Бауыржан Байбек Арысқа барды» жаңалығымен берді. Сюжетте бұдан бөлек айтарлықтай ештеңе жоқ. Сол цифрлар, жоспарлар. Кім және неліктен жауапқа тартылатыны туралы ләм-мим демеді.

Бауыржан Байбек — Алматының бұрынғы әкімі. Міне, сондықтан да келесі тақырыпты қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қызметіне арнау қисынға келеді. Ол әкім қызметін қаладағы «түнгі көбелектермен» күресуден бастады. Әйткенмен, алматылықтар бәрінен де бұрын жолдар мен қоғамдық көлік жұмысына қатысты көп шағым айтатын.

Сейфуллин көшесінде жезөкшелердің жүруіне ең алдымен сондағы дүңгіршектерде отыратын әжелер наразы. Сәйкесінше, журналист олардан сұхбат алады. Жергілікті тұрғынның пікірі тіпті таң-тамаша етті: ол жезөкшелермен күресудің еш нәтиже бермейтінін, бұ жерден қуғанмен басқа жақтан орын табатынын айтады.

Жезөкшелермен күрес тәсілдерінде еш жаңалық жоқ: сол баяғы рейдтер, айыппұлдар. Алматы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, «оларды қазір айыппұлмен қорқыта алмаймыз, бірақ бұл да бір әрекет».

Сюжетте жезөкшелермен күресудің шетелдік тәжірибелерін де мысалға келтірді, шетелде жезөкшелермен күреспейді, керісінше заңдастырып, салық төлетеді. Алайда Қазақстанда бұл идея қолдау табуы да екіталай.

«Избранное за неделю» бағдарламасының шағын сюжеті Алматыда «Nur Otan» партиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен өткізілген митингке арналды. Сюжетте көрермендерге билік партиясы өкілдерінің ұстанымын: бақытты өмірімізге залалын тигізуді қалайтын шетелде отырған арандатушыларға қарсымыз, деген ұстанымын жеткізді. Айтпақшы, сюжет күтпеген жерден күрт аяқталды.

Бағдарламада:

  • мейрамхана бизнесіне салық – мейлінше «жазғы тақырып» (кафе, мейрамханалар салықтан жалтармауы үшін не істеу қажет);
  • Қазақстанда төртінші қазақстандық ғарышкерді сапарға дайындап жатыр;
  • «Мобильный репортер» айдарына 11 минут арнады. Мұнда «Америка – қазақстандық көзімен» тақырыбында сюжет көрсетті. Ешқандай ақпараттық себеп жоқ. Журналист АҚШ-қа іссапарға барып, сол жақтан осындай видеолар әкелгенге ұқсайды. Америкалық қаңғыбастардың өмірі (олар аш емес, дәрігерге тегін қаралады, 20 долларға да сұхбат бермейді). Бюджеті тұтас Қазақстан бюджетімен тең АҚШ қалаларындағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, Флоридаданың әсем өмірін де көрсетеді. АҚШ-тағы бұрынғы отандастырымыздың қалай өмір сүріп жатқанын да тыс қалдырмайды.
  • Нұр-Сұлтанда қала күнін тойлады, мерекенің бюджетін 3 есе қысқартты, сондықтан да салтанатын паш еткен мереке болмады.

    «Басты бағдарлама», «Бірінші арна Еуразия»

Қазақша бағдарламаның авторлары эфирді Теңіз кенішіндегі қақтығыстан бастады. Орысшасы Арыс тақырыбынан бастап еді. «Басты бағдарлама» журналистері бір фотоның толқуға сылтау болғанын терістемеді. Себебі – ресми тұрғыдан тұрмыстық болғанымен (биліктің ресми ұстанымы), шын мәнісінде әлеуметтік мәселеден шығып отыр. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, «қақтығыс себептерінің бірі — жергілікті және шетелдік мамандардың айлық жалақысындағы теңсіздік. Біреуі 300 доллар алса, ендібіреулері дәл сондай жұмысы үшін 3000 доллар алады. Мұның барлығы жиналып келіп, берісі өкпе-ренішке, арысы қақтығыс жағдайына әкеп соғады».

КТК телеарнасының бұрынғы басшысы, бүгінде қоғам белсендісі Арман Шораев шетелдік инвесторлардың тек жоғары білікті мамандарды ғана емес, сонымен қатар қара жұмысшыларды да шақыратынын айтады. Мұндай қара жұмысшылар Қазақстанда да бар. Шораев Малайзияны мысалға келтіреді. Мұнда шетелдік жұмыс күшін кіргізуге тыйым бар. Ал кәсіпкер Олжас Сүлейменов барлық мәселенің негізгі себебі – жемқорлықта екенін айтады.

Теңіз кенішіндегі қақтығыс оқиғасы және осы оқиғадан кейін күн тәртібіне шыққан мәселелер турасында адвокат Тілеужан Кішкенбаевпен студияда сұхбат өрбіді. Ол қазіргі таңда әрбір жекеменшік компания кімге қанша төлеуге құқылы екенін түсіндірді. Ақыр соңында сұқбат қазақ қыздарының басқа ұлт өкілдерімен некелесуі тақырыбына ойысты. Адвокат Кішкенбаев аралас некеге заң жүзінде тыйым салуды ұсынады. Мұндай заңның Қазақстан конституциясына қарама-қайшы екенін елемейтінге ұқсайды. Адвокат мұндай тыйым демократиялық құндылықтарды, адамның жеке бас бостандығын шектейтінін де көрмейді.

Келесі бір үлкен сюжет парламенттің жазғы демалысқа кетуіне арналды. «Бірінші арна Еуразия» телеарнасының таңдағанындай, демалысқа кеткен парламент жұмысы:

  • Назарбаевтың отставкаға кетуі, депутаттардың жылауымен;
  • 83 заң қабылдап, 1 заң жобасын қабылдамауымен;
  • Астананың атауын Нұр-Сұлтан атауына өзгертумен;
  • Жаңа президент сайлау өтуімен есте қалды.

Депутаттар қаншама шаруа атқарғандарын, демалысқа ар-ожданы таза қалыпта кетіп бара жатқандарын мәлімдеді. Тек бір депутат – Божко ғана демалысқа шықпады. Ол 1 тамызға дейін халықтан келіп жатқан хаттармен жұмыс істейді екен.

Жаздың ең кәдуілгі тақырыптарының бірі – пойызға билет алудың қиындығы да «Басты бағдарламаның» сюжетіне айналды.

Бағдарлама соңына қарай Арыс туралы материал шықты. Қаланы қалпына келтіруге 34,5 млрд теңге қажет. 7700 үй зақымдалған, 49 үй толықтай қираған. Студияда үйлер мен экскаваторлар бейнеленген компьютерлік анимация пайда болды.

Билік өкілдерінің жауапкершілігі туралы тағы да айтарлықтай ештеңе айтылмады. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев салақтық, электр желілерінің тұйықталуы және тағы басқа оқиғалар жарылысқа себеп болуы мүмкін екенін айтады. Қлааны қалпына келтіру тақырыбы алдыңғы қатарға шығып, кінәлілерді іздеу, себебін анықтау мәселесі екінші орынға ысырылыпты.

Бағдарлама диплом жұмысын жаздыратындар мен жазып беретіндер туралы сюжетпен аяқталды. Елорданың бір тұрғын әйелі докторлық диссертация жаздыруға 1,5 млн теңге беріп, алданып қалыпты. Ақшасы да жоқ, диссертациясы да жоқ.

«Басты бағдарлама» да жаңа телемаусым алдында демалысқа кетті.

Apta, QAZAQSTAN

Ұлттық арнаның апталық қорытынды бағдарламасы Елорда күнін тойлаумен басталды. «Бүгін – 7 шілде, кеше 6 шілде болды. Бұрындары бұл күннің басқа күндердің еш айырмасы жоқ еді. Қазір жұрт «6 шілдені – Астана күні» деп біледі. Жүргізуші сөзін осылай бастады. Елорданы мақтады, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихын, Назарбаевтың сіңірген еңбегі қаншалықты орасан екенін де баяндады. Әрине, Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан атауына өзгергенін де айтты. Жүргізушінің сөзінше, Елбасы мен Елорда – егіз-ұғымдар. Сюжетте астана құрылысының архивтегі кадрларын көрсетті. Түрлі спикерлер «астананың бас сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаев», деп те пікір білдірді.

Бағдарламаның 3 минутын Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО-қалашық аумағынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына арнады. Мұнда Тоқаев келді.

Міндетті сюжеттер шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қаржы құюымен жалғасты. Әлемдегі инвестиция көлемі 27 пайызға қысқарса, Қазақстанда тұрақты өсім сақталып отыр. Бұл туралы Тоқаевтың инвесторлармен кездесуінде айтылды.

Сондай-ақ, үкімет халықтың несиесін кешіру, гранттар беру, әлеуметтік бағдарламалар турасында бас қатырып келеді. Мұның барлығына қанша қаржы жұмсалатынын да есептеп жатыр.

QAZAQSTAN ұлттық арнасы Арыс туралы сюжетінде жаңа ештеңе көрсетпеді: қалада құрылыс, жөндеу жүріп жатыр, снарядтардан тазалау жалғасуда, тұрғындарға өтемақы төлеу жайы күн тәртібінде. Кім кінәлі, себебі неде – бұл туралы ләм-мим демеді.

JAHAN SARAP айдарында халықаралық жаңалықтарға шолу:

  • Ердоған Қытай Халық Республикасына барды;
  • Еуроодақта жаңа тағайындаулар;
  • Иран уран байыту жұмысын жалғастырады;

Apta бағдарламасының жазғы тақырыбы – Қазақстандағы туризм дамуы. Бұл тақырыпты Шығыс Қазақстан облысындағы туризм дамуының мысалында көрсетті. Сюжет кіріспесінде айтылғандай, инвестициямен салыстырғанда, елдегі туризм дамуы кенже қадып отыр. Жағдай мәз емес екен.

Бағдарлама авторлары осы аптада болған митингтер туралы да, Теңіз кенішіндегі қақтығыстар туралы да ештеңе айтпады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР