Сторителлинг онлайн-курсының “Кәсіби кеңес” тұрақты айдары бар. Мұнда журналистер сторителлинг материал дайындау бойынша тәжірибесін айтып, кеңес береді. 2-модулдің “Кәсіби кеңес” айдарында журналист, газет редакторы Жәнібек Нұрыш газет редакцияда сторителлинг материал дайындау процесі қалай жүретіні, сторителлингте ең бастысы не екені, команда жасақтау туралы айтады.
Жәнібек Нұрыш, журналист:
Біздің басылым соңғы уақытта сторителинг жобаларымен айналыса бастады. Газетімізде “Тағдыр” деген айдармен оқырмандарымыздың қилы тағдырына негізделген материалдар да дайындаймыз. Өз редакциямыздағы тәжірибемізбен бөлісейін.
- Ең бірінші тақырыпты анықтау керек, сол тақырыпқа сай хикая іздеу керек. Немесе тақырып жоқ, бір кейіпкердің хикаясын біліп қалсаңыз, соны лонгридке айналдыруға болады. Демек, лонгридте кейіпкер оқиғасы керек. Жақсы хикаясыз, кейіпкерсіз ешқандай сторителлинг болмайды. Мұнда жақсы дегеніміз — жақсы не жаман мағынасы емес, мұндағы жақсы дегеніміз — әсерлі/әсерсіз, елең еткізер/еткізбес, таңғалдырып, шошытып, есте қалар хикая.
- Мұндай хикая табу үшін алған тақырыбыңызға сай әр жаққа хабарласып, таныстарды аралап, кейіпкерлер іздеу керек. Бір емес, бірнеше хикая тапсаңыз, тіпті керемет.
- Содан соң хикаялардың арасынан ең жақсысын таңдайсыз. Әрмен қарай мейлінше сол хикаяны қазасыз. Оқиғаға қатыстылардың барлығын табуға тырысасыз. Кейіпкерді әбден сөйлетесіз, жылатасыз, күлдіресіз, бір сөзбен айтқанда, мейлінше сығып аласыз. Сосын сол тақырыпқа қатысты басқаларды да сөйлетесіз.
- Жалпы оқиғаның тұтас картинасы пайда болған соң, жазуға отырамыз. Ең әсерлі тұстарын ерекшелеп аламыз. Сосын хикаяны өрбітіп жазамыз. Осы тұста құрылымын жасау, тақырыпшаларға бөлу, басынан соңына дейін оқырманды ұстап отыру өте маңызды. Яғни, хикаяның бар қызығын бір жерге жинамай, текстің басынан соңына дейін шашып тастаймыз.
- Мәтінге иллюстрация: міне, осы тұста бірнеше тәсіл бар. Фото қосу, сурет қылып салу. Лонгрид фотолары не суреттерінің барлығы бір түстес, стилдес болғаны жөн. Мәтінмен үндесіп, үйлесуі керек. Оқырман не суретке не мәтінге қадалып қалмай, мәтін мен фотоларды не суреттерді бір деп қабылдауы керек. Үлкен сторителлинг жобаларды жасау үшін тұтас команда керек. Ол командада бір не екі тілші, Иллюстратор я фотограф, бетті қаттаушы, редактор, шама келсе администратор-продюсер болғаны жөн.
Бізде әлі сторителлинг материалдар аз, өзім holod.media, takiedela.ru лонгридтерін көп оқимын, үйренемін. Лонгридтерді әрлеуге қатысты бір мәселе, сторителлингте иллюстрациясы не тек фотодан не тек сызылған суреттен болуын құптаймын, және инфографика, анимация, түрлі эффект қосуға болар, бірақ эффектілерді асыра сілтеп жіберуге болмайды, себебі назардың барлығын өздеріне бұрып әкетеді.
Сторителлинг жасау қиындығы — хикая тауып, кейіпкерді сөйлеткеннен кейін сол оқиғаға қатысты басқалардан мәлімет алу, оларды сөйлету, егер меморган, құқық органдарына қатысты тұстары болса, олардан жауап алу, міне бұл қиын іс. Сосын тағы бір қиындық — хикаяда айтылғанға фактчекинг, растау мәселесі. Әсіресе, аты-жөнін құпия қалдырғысы келетін кейіпкер оқиғасын жазғанда фактчекинг өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес іс екен. Аты-жөнін жасырғанда ойдан шығарылған хикая сияқты көрінуі мүмкін. Мұндайда журналист не медианың репутациясы ғана құтқарады. Саржағал медиа емес, салиқалы медиа, сенімге ие журналист болса, кейіпкерінің аты-жөні құпия хикаяға аудитория сенеді.
АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 2-модуль. 3-сабақ. Сторителлингке материалдар жинау