ДомойМедиасынҚазіргі қоғам туралы қазақ сериалдары жасап отырған 7 миф

Қазіргі қоғам туралы қазақ сериалдары жасап отырған 7 миф

Қазіргі қоғам туралы қазақ сериалдары жасап отырған 7 миф

Психологиядағы әлеуметтік когнитивті теорияға сәйкес кез келген қоғам мүшесінің мінез-құлқын, ойлау жүйесін оның айналасындағы белгілі бір модельдер (ата- аналары, достары, өнер иелері, атақты адамдар) қалыптастырады. Сол модельдерден құралған медиадағы әртүрлі контенттер қандайда бір мақсаттарға негізделе отырып, тұтынушысына бұқаралық ойлау жүйесінің бірыңғай үлгісін ұсынады. Бұл бірыңғай ойлау жүйесі өз кезегінде әртүрлі әлеуметтік мифтерді тудырып отырады. Миф ұғымының ең жақсы түсіндірмесін антрополог Эдуард Бернетт Тайлор былай береді: «Миф – ондағы кейіпкерлердің емес, сол мифтерді жасаушылардың тарихы. Ол — табиғаты өзгеше батырлардың өмірі туралы емес, өзінің қиялымен осы қаһармандарды тудырған халықтардың өмірі туралы естеліктер».

Қазіргі тәуелсіз медиамен салыстырғанда қазақ телевидениясы өзінің аудиториясын «тәрбиелеуде» ерекше белсенді. Соның жақсы дәлелі — отандық сериалдар арқылы белгілі бір мифтерді қалыптастыру үрдісі. Бұл жерде әрине, миф өзінің бастапқы шындық ұғымынан толық алыстап, керісінше, өзін жасанды түрде жасаушы жақтың мүддесіне сәйкес құрылған жалған түсінік деңгейіне жетіп отыр. Соңғы жылдардағы шетелдік сериалдарға қатысты айтылған жаппай сын отандық туындылардың жолын ашқандай болды. Дегенмен де экранда қазіргі жүріп жатқан қазақ сериалдарын бір-бірімен салыстыра отырып, терең бақылап көрсеңіз, бәріне ортақ белгілі бір контекстерді, идеяларды оңай тауып алуға болады. Бүгінде қазақ сериалдары ең көп көрсетілетін телеарналар қатарына: «Хабар» (18 сериал), QAZAQSTAN(7 сериал), Еларна (5 сериал), ASTANA TV (3 сериал) арналары жатады. Сонымен, қазақ сериалдары біздің бүгінгі қоғам туралы  қандай миф жасап отыр?

1. Шет елге кетпеу

Телеарналарда жүріп жатқан сериалдардың ең көп қозғайтын тақырыптарының бірі – елде қалу идеясы. «Болашақ» бағдарламасымен жаңа ғана шет елден оқуын бітіріп келген жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін көбірек көрсетуге тырысады. Егер жұмыс бабымен шет елге кетуге шешім қабылдаған кейіпкер болса, ол міндетті түрде аяқ астынан бұл ойынан бас тартып шыға келеді. Солардың бірі — «Қайрат» футбол командасының здік ойыншысына Испанияда тәжірибеден өтуге шақырту келеді. Бірақ жақындарының бәрі оның бұл шешіміне қарсы шығады. Дегенмен де, ол өз бетінен қайтпайды. Сонымен, бұл «сатқынды» не істеу керек, соңында режиссердің шешімімен ол кейіпкер көлік апатына ұшырап, спортпен айналыса алмайтын күйге түседі. Автор осы арқылы халық атынан «отан, отбасы ұғымдарын бәрінен де маңызды, егер сен оны тастап кетсең қарғысқа ұшырайсың» деген кесім жасайды («Сүйе білсең» сериалы, QAZAQSTAN арнасы). Келесі бір сериалда халық атынан мұндай кесім жасау тіпті күлкілі жағдайға дейін әкеледі. Бұл туындыда бас кейіпкер отбасымен АҚШ-та бақытты өмір сүріп жатады. Кенеттен кенже ұлының туған ауылына көшіп келуін армандаған анасының тілегі орындалады. Қалай дейсіз бе? Өте қарапайым — ауылға уақытша демалысқа келген қонақтардың төлқұжатын сиыр жеп қояды да, олар ұшақтан қалады. Енді әрі қарай түсіне беріңіз, сөйтіп жүріп, қайта кетеміз дегенше олар ауылға бауыр басып, ақырында кеткілері келмей қалады («Шашу» сериалы, «Хабар» арнасы). Сериалдардағы осындай «еліңді тастама» үндеулерінің үдеп тұрғанына қарамастан Қазақстаннан кетушілердің саны жыл сайын артып келеді. Жартыжылдық есеп бойынша биыл елімізден 21,1 мың адам шеткен кеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 17,2 мың болған. Жыл соңына дейін тағы қаншаға өзгеретіні әлі бегісіз.

 

2. Қаладан қашқандар

Біраз сериалдардың басты кейіпкерлері – қаладан қашқандар. Мұндай кейіпкерлердің екі түрі бар: біріншісі — қаланың тумасы ойламаған жерден ауылға тап болады да сол жерде соңында қалып қояды. Екіншісі — басты кейіпкер өзі ауылдан шыққан және шет елдік дипломына қарамастан, қаладағы жоғары еңбекақы, жайлы өмірді тастап, туған ауылына оралады. Бұған «Балтакөлде бақытым», «Өз үйім», «Қарлығаш ұя салғанда», «Бізбен бірге» сериалдары мысал бола алады. Ал шын мәнісінде, қазіргі Қазақстандағы жағдай осындай ма? Жоқ, әрине. Қаңғырып қалаға ағылған жастардың әлеуметтік жағдайы бүгінде қала әкімдігінің басты бас ауыруына айналғаны  қашан. Экран арқылы жасалған бұл миф көрермендерін сендіре де, жігерлендіре де алмайтыны анық.

3. Ауыл өмірі — жәннат, қала өмірі – тозақ

«Қаладан қашқандар» мифын одан әрі халыққа түсіндіру үшін ауыл өмірін жәннат етіп, тұрғындарын періштелер кейпінде көрсету, ал қаланы тозақ ретінде бейнелеу басталады. Бұған «Өз отыңды өшірме» «Тағы да сүй», «Алмасай» сериалдары мысал. Экрандағы дала мен қаланың мұндай контрасттар репрезентациясы кино мен әдебиет тарихында бұрыннан келе жатқан стереотиптің бірі. Мысалы, Шотландия фильм-сериалдарында болсын: таулар қашан да тұманды, қиратылған сарайлар арасында романтикалық ландшафтта көрсетілсе, керісінше, қалаларды қатігез көріністерге толтырып қояды. Әсіресе, сезімсіз, өзінің барлық сәтсіздіктеріне басқаларды кінәлай жөнелетін, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге әбден үйреніп алған комедия  кейіпкерлері осы қала бейнесімен тығыз байланыстырылып беріледі («The Debt Collecor» сериалы).

4. Қала қызы ауылға барып жаңа өмір бастайды

Комедия жанры және оқиғаны қаладан бастап әрі қарай ауылда өрбіту — фильм жасаушы жақ үшін бюджет тұрғысынан да тиімді нұсқа екені. Дегенмен де қалалық қызды ауылға алып келіп, оған өмірі көрмеген жоралғыларды жасату және соның мүмкіндіктерін күлкіге айналдырып отыру — бұл бір уақыты әбден жеткен сюжет желісіне айналды. Соған қарамастан екі сериалдың бірі осы тақырыпты алуға құлықты. «Бізбен бірге» сериалы бұған жақсы мысал. Шын мәнінде, бұл да бір тозығы жеткен миф қана. Қазір  қала қызы ғана емес, ауылдан шығып өркениет көрген қыз баласының ауылға қайтып, ортағасырлық өмірге оралуының еш қисыны жоқ.

5. Ажырасудан аман, бәрі бақытты отбасы

Телеарналар ақжаулықты ана мен ибалы келіннен құралған берекелі отбасы өмірін насихаттайды. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы болып келген отбасы институтының бүгінде айтарлықтай әлсірегені байқалып отыр. Жыл басында отбасын құрған жастардың 74,3%-і, яғни 9,7 мың жас отбасы ажырасып үлгірген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,8 %-ке төмендегені екен. Бұл жағдай экранда сюжетке айналудың орнына, қайта бүркемеленіп, керісінше толық бақытты отбасылық өмірді көрсетуге тырысады. Қатал тағдыр тезімен ажырасып кеткендер болса, соңында міндетті түрде бақытты отбасының отын қайта жағады. Бұған «Отыңды өшірме», «Тағы да сүй» сериалдары айқын дәлел. Телеарналардың «Көпшілік үлгі алып, тәрбиелене ме деген игі ниетінен туындап отырған бұл миф көрермендеріне өз әсерін бере ме, жоқ па, әлде «біздің экран шынайы адамдар өмірін емес, жалған бақыт туралы ғана көрсетеді» деген пікірді одан әрі өршіте ме, бұ жағы да әлі белгісіз.

6. Қазақ – ұлы халық

Әрбір мемлекеттік телеарна ұлттық идеологияға жұмыс істейтіні анық. Өзін әрқашанда басқа ұлттан ерекше, артық деп есептейтін мұндай идеология ақыр соңында нәсілшілдікке келіп тіреледі. Бұл процесс дәл қазір қазақстандық телеарналарда белгілі бір деңгейде жүріп жатыр. Бағдарламалар мен шоуларда, сұхбаттарда, пікір- талас алаңдарында да бұл жайт көрініс беріп отыр. Дәл осы үрдіс телесериалдарда да жалғасын тапқан. Кез келген сериалды көре қалсаңыз: «қазақ бұлай емес, былай өмір сүрген, қазақ бұлай жасауы керек» деп қазақтай текті, ұлы халық жер бетінде жоқ деген мифке көрерменді сендіруге тырысады.

7. Қазақстандық орта тап бейнесі

Қазақстандық сериалдар негізінен елдің орта тап өмірін көрсетеді. Шындығында тек кедейлер мен байлар өмір сүретін қазіргі қоғамымызда орта тап дегеніміз бар ма, өзі? Соған қарамастан жақсы жабдықталған үйлерде тұратын, соңғы үлгідегі заттарды пайдаланатын кейіпкерлерге толы сериалдардағы өмір толыққанды орта таптың жайлы «шүкірлік» өмірін бейнелейді. Тек жоғарғы және төменгі тап өкілдерінің өмірі көрсетілген сериалдарды алған күннің өзінде де, қандай да бір бұрмалау байқалады. Мысал ретінде «Жалғыз жауқазын», «Отыңды өшірме» сериалдарын келтіруге болады. Екеуінде де жоғарғы тап пен төменгі таптың бастапқы қайшылықтары бірте-бірте соңына қарай үйлесімділікке қол жеткізіп, жоғарғы тап төменгі тап өкілін өз қамқорлығына алады немесе өз қатарына отырғызады. Мұндай үйлесімділікте өмір сүру шындығында қазір біздің қоғамда орын алуы тіпті мүмкін бе? Бұл аш- жалаңаш таптың үлесінен баянды ғұмыр кешіп отырған жаққа тиімді бола қоймас. Әйткенмен, экран басқаша сөйлейді. Әлі толыққанды орта тап өкілдері қалыптасып үлгірмеген Қазақстанның өмірін дәл осылай көрсете беру — бұл тек жалаң идеологиялық мифке толған экранға деген халықтың көзқарасы мен құрметін біртіндеп төмендетері анық.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР