ДомойМедиасынТЖ аяқталды, 5-10-20 және президенттің туған күні. 11-17 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

ТЖ аяқталды, 5-10-20 және президенттің туған күні. 11-17 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

ТЖ аяқталды, 5-10-20 және президенттің туған күні. 11-17 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

2020 жылдың 17 мамырында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 67 жасқа толды. Туған күн құрметіне қандай да бір қаланың атауын ауыстырмады, көшелерді жаппады. Мемлекет басшысы туған күнінде құттықтамауын, тарту жасамауын өтініпті. Қорытынды бағдарламалар президент туған күнін әрқалай хабарлады: бірі тек айтып қана өтсе, енді бірі бағдарламаны туған күннен бастады. Тағы бір телеарна туған күнді мүлдем «ұмыт қалдырды».

Аптаның басты жаңалығы болды — Қазақстанда Төтенше жағдай режимінің аяқталуы. Бұл жаңалықты да әр бағдарлама әрқалай жеткізді.

Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама коронавирус жаңалығынан басталды: осы аптада төтенше жағдай режимі аяқталды. Кәсіпорындар ашыла бастады, бірақ адамдарды қала шекарасынан әрі-бері өткізбейді. Бірінші сюжетте қай жерде қатаң шектеулерді алып тастағанын, не керісінше режимді қатаңдатқанын және себептерін көрсетті. Аймақтардағы жағдайды жинақтап берді.

Содан кейін азық-түлік бағасының өсуіне ойысты. Ет базарының директоры сюжет басталғанда: «карантинге байланысты соғым малды жеткізу азайды» деп айтады. Сондықтан сиыр еті қымбаттапты. Соғым малды қайдан әкелетіні түсініксіз? Егер Қазақстан ішінен әкелсе, онда неге азайды? Сиырлар да коронавирус жұқтырған ба? Егер шетелден әкелсе, мұны қалай түсінеміз? Материалдың жалпы айтпағы мынау: тенге құнсызданды – барлық нәрсе қымбаттады, өйткені бізде барлығы не тікелей не жанама түрде доллар бағамына тәуелді.

Лимон неліктен 4 есе қымбаттағаны да түсініксіз: Лимон өсіретін дихан қаңтар айында 1 келі лимонды 400 теңгеден сатқанын, биыл 40 тонна лимон жинағанын, бірақ «карантинге байланысты баға өскенін» айтады (Бағаны өсірген кім? Дихан ба? Жалпы қымбаттады ма? Жинап алды ма әлде ендігі сатып жіберді ме? «Карантинге байланысты» деген сөзді қай мағынада айтты? Диханнан нақтылап ештеңе сұрамады). Ал базардағы сатушының айтуынша, лимон – өзіміздікі, отандық өнім, бірақ жеткізу азайған соң келісін 1000 теңгеден сатып жатыр екен (Дихан неше теңгеден сатқан? Егер сатқан болса, онда қайда сатқан, лимонды қандай бағамен сатып алып, әкеткен?). Жауап жоқ.

Сюжетте айтылғандай, жақында баға түседі екен. Барлығы карантинді кінәлайды, кім кінәлі екені түсініксіз. Есесіне, қазір жағдай қиын екенін, алдағы уақытта тіпті нашарлайтынын қайта-қайта түсіндіреді. Сюжет соңындағы стендапта тілші үнемдеу керегін айтып, тез дайындалатын кеспені суға салады.

Екпе жасату туралы сюжет толымды әрі мазмұнды жасалыпты. Дәрігерді де, шенеунікті де, түрлі көзқарастағы ата-аналарды да сөйлетті.

«5-10-20» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасына барлығы бірдей қатыса ала ма? Осы сауалға жауап іздеген сюжетте бағдарламаның барын, бірақ әлеуметтік тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларға арналмағанын, өйткені аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың бастапқы жарнаны төлеуге қаржысы мен дәл қазір ақша жинауға мүмкіндігі жоғын, енді бірінің тұрғылықта мекенжайға тіркелмегенін, ал тіркеуі болмаса, ипотека берілмейтінін айтты. Тұрғын үй кезегіне тұру да міндетті шарттардың бірі. Қайтпек керек? Шенеуніктер сюжетте ештеңе айтпайды (кадр сыртындағы мәтінде ғана «бағдарламаны тағы жетілдіретінін» хабарлайды).Шенеуніктерден пікір сұрамайды. Аталған ипотекалық бағдарламаға қатысып, сөйтіп баспаналы бола алатын отбасына да көрсетпеді. Материалда баланс сақталмады.

«Большие новости» бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні туралы «Президент туған күнін үйінде атап өтеді, ештеңе тарту етпеуді және құттықтамауды өтінді» деп, жаңалықтар топтамасының арасында қысқа ғана айтып өтті.

«7 күн», «Хабар»

Өткен бағдарламада жүргізуші келесі шығарылым студияда түсірілуі мүмкін екенін айтқан. Алайда бұл жолы да «7 күн» командасы үйден эфирге шықты. Осылайша, карантин соңына дейін үйде қалатын болыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні – бағдарламаның алғашқы тақырыбы. Эфир де содан басталды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиді көрсетіп, президент туған күнін атап өтпейтінін, үйінде жұмыс істейтінін хабарлады.

Төтенше жағдай аяқталса да карантин жалғасады: блокбекеттер бұрынғыдай жұмыс істейді, адамдардың қозғалысы шектелген. Сосын тұспалдағаны ма әлде турасын айтқаны ма, әйтеуір Қазақстанда төтенше жағдай режимін енгізу неліктен қажет болғаны жөнінде — «Тек төтенше жағдай режимі ғана аяқталды, бұл көбіне-көп президент пен үкіметке артық бюрократиясыз жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін саяси қадам болды» деп айтты. Мұны айтудың себебі неде?

Бағдарламаның бірінші сюжеті – 56 күнге жалғасқан ТЖ режимінің аяқталуына арналды. Тоқаев синхроны, қайта ашылатын кәсіпорындар тізімі, әуе қатынасының ашылғаны және тағы басқа жаңалықтар бар.

Тоқаевтың Алматыға сапарына жеке сюжет арнады. «Хабар» телеарнасы — әдепкі «Хабар» қалпынаан аспады. Хаттама сюжетте пайдалы ақпараттар да баршылық.

«7 күн» авторлары мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау дәстүрін қайта бастады. Ақмола облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы қалай орындалып жатқанын көрсетті. Мұнда 6 жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Аудан әкімі және Көкше ауылдық мәдениет үйінің директоры сөйледі. Бағдарлама аясында мәдениет үйін жаңартады екен. Тілшінің айтуынша, жергілікті тұрғындар да өзгерістерді байқап жатыр. Алайда тұрғындарды көрсетпеді. Есесіне ауылдағы аурухананың бас дәрігерін сөйлетті. Ол бұрын жағдай нашар болғанын, қазір жақсы екенін айтады. Аурухананы жөндеуге де қаржы бөлініпті. Жалпылама алғанда, ауылдар өзгеріп, жаңарып жатыр екен. Керемет-ақ. Бұл қандай бағдарлама, қашан қабылданғанын айтып, түсіндіргенде тіпті жақсы болар еді.

Келесі сюжет онлайн-саудаға арналды. Қазақстандық банктердің бірінде 900 мың тапсырыс жасалған. Бұл ашық жарнама болғанымен, «Жарнама туралы» заңға сәйкес, жарнама екенінен хабардар етпеді.

Карантиннен шыққан тілші Әмір Сәменбетов төтенше жағдай аяқталып, тіршілік қалай жанданғанын баяндады. Ауа райы да қарасып тұр, астанада ауа температурасы +30. Тілші сыртқы серуенді әбден зарыға күткен, серуенге шыққанына разы тұрғындармен сөйлесті. «Олардың бәрі де бетпердесіз жүр» деген тілші де стендаптарының бірінде бетпердені дұрыс тақпады. Түсірім тобы қала орталығынан шығып, шалғайдағы елдімекендерге барды. Сондағы адамдар суда шомылып жүр. Сәменбетов стендапында фонтан астынан өтті. «Қазгидромет» өкілі алдағы күн райы қалай болатынын да болжады.

Ал жүргізуші Александр Трухачев үйдегі бассейнде жатыр. Жаз жақындады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы Төтенше жағдай режимінің аяқталғанынан басталып, адамдар жұмысына, кафеге оралып жатқаны, тағы біреулері күнкөріс үшін жол жөндеуге баратын не бармайтыны туралы сюжетке жалғасты. Сюжетте «бұл ақша аз екенін, отбасын асырауға жетпейтінін» айтқан кейіпкер де, «жоқтан бар, бару керегін» дейтін кейіпкер де бар. Материалда «Аналитика» авторларының «төл» тәсілі – көркем фильмдерден үзінділер қолданды. Адамдар мен қызық үзінділерден басталған сюжеттің екінші бөлігі ресми сөйлемдер мен президент синхронына толы: үкіметіміз жағдайымыз жақсы болуы үшін не істеп жатқанын баяндады.

Төтенше жағдай кезіндегі қылмыс оқиғалары туралы сюжетте тәртіп бұзушылардың смартфонға түсірілген видеосы көп қолданылыпты. Қарапайым азаматтар да, билік өкілдері де бар. Алайда роликтегі кейіпкерлердің бет-жүзін бірде бұлыңғыр етіп жапқан, енді бірде жаппаған. Неліктен алалағаны түсініксіз. Бәлкім, «қарапайым азаматтардың» бет-жүзін ашық қалдырған шығар?!

Материал мәтіні қайталанатын сөздер мен ресми тіркестерге тұнып тұр. Журналист зорлық-зомбылық құрбандары, олардың өмірі мен трагедиясы туралы емес, полицияға есеп дайындаған сияқты.

Карантиндегі қазақстандық жұлдыздар туралы сюжет бағдарламаның іліп аларлық ерекше материалына айналды. Жап-жақсы сюжет мәтіні олпы-солпы жазылған. Ресми сөз орамдарына тұнып тұр.

Бағдарламада Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне 3 минуттан сәл астам уақыт арнап, екінші президенттің бір жылдан астам уақытта атқарған жұмыстарын тізіп шықты.

Apta, QAZAQSTAN

Түркістан облысының бірнеше ауданында нөсер жауыннан өзен суы тасып, үйлерді су басқаны — Apta бағдарламасының басты жаңалығына айналды. Мұны басқа телеарналар айтпады. Мазмұнды-мағыналы әрі толымды сюжеттің кадрлары да жақсы, синхрондары шынайы, шенеуніктердің де комментарийі бар. Баланс сақталған. Сюжеттегі түсініксіз сәт – кадр сыртындағы мәтінде ауыл әкімінің тұрғындар сөзіне сенбегенін (тұрғындардың айтуынша, 7-8 сиыр суға кетіп, өлген) айтып, әкімді көрсетеді. Сол адамның комментарийінде титрге «Қасқасу ауылының тұрғыны» деп жазды. Сөйлеген кісі кім? Ауыл әкімі ме, әлде ауыл тұрғыны ма? Әрбір әкім – тұрғын, бірақ әрбір тұрғын – әкім емес.

Осы сюжеттен кейін Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің жарылып, топан судың астында қалған мақтааралдықтардың жағдайын көрсеткенде қисынды болар еді. Қисынға сай, Мақтааралдағы су басқан ауыл балалары қалай оқып жатқанын, мектептер мен медициналық пункттер жағдайы не боларын, шығынды қашан есептейтінін, дихандардың несие төлемін келер жылға шегеру өтінішін және тағы басқасын жинақтаған сюжет көрсетті. Толымды да егжей-тегжейлі сюжет.

Бағдарлама коронавирус тақырыбына жалғасты. Бірінші материал – коронадағдарысқа арналды. Сюжет авторы «Қазақстанда жұмыс табу жайы қалай болмақ» деген сауалға жауап іздейді. Жұмыссыздық деңгейі қандай? Сюжетте жұмыстан шығып қалып, табысынын айырылған бірнеше кейіпкер хикаясы, ҚР-дағы ресми жұмыссыздық деңгейі (4,8%) туралы дерек бар. Сарапшылар бұл ресми статистиканы «көзбояушылық» деп атады. Бұған қатысты салалық министрліктен не комитеттен комментарий болмады.

Бағдарлама карантинде үйге қамалған спортшылар туралы сюжетпен аяқталды. Пандемия салдарына Токио олимпиадасы келер жылға шегерілді. Сюжетте олимпиаданың кейінге шегерілуі спортшыларға қалай әсер еткенін, олардың карантин кезінде үйінде қалай жаттыққанын, физикалық және психологиялық тұрғыдан қалай қалпына келіп жатқанын да айтады. Спортшыларды, бапкерін, Ұлттық олимпиада комитеті өкілін де сөйлетті. Материал соңында тағы бір тақырыптың шеті шықты: президент Тоқаевтың Олимпиадалық ойындарға көп қаржы бөлінетінін, бұқаралық балалар спортына көбірек назар аударған дұрыс екенін жазған твитінен үзінді келтірді. Тілші футболды мысалға алып, көп қаржы бөлінсе де нәтиже шықпағанын, елімізде 2000-ға жуық мектептің спорт залы жоғын айтты. Сосын сюжет бітіп қалды. Тақырыпты дамытпады.

Кейбір фирді президент твитінен бастайтын Apta авторлары Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні туралы ләм-мим демеді. Президенттің туған күнінде құттықтамау өтінішін орындаса керек-ті.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР