ДомойМедиасынQazaq radiosy не ұсынады? Біркүндік эфиріне шолу

Qazaq radiosy не ұсынады? Біркүндік эфиріне шолу

Qazaq radiosy не ұсынады? Біркүндік эфиріне шолу

Qazaq радиосын тыңдайсыз ба? Қай хабарын, қандай бағдарламасын білесіз? Медиасыншы Бэлла Орынбетова «Ұлттың үнжариясы» деген анықтама-атауға ие радионың біркүндік эфирін үзбей тыңдады. Радиожиілігі Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтитын бас радионың контент мазмұнын талдап, артық-кем тұстарын тізіп шықты.

Qazaq радиосының 26 мамырдағы эфирін таңғы сағат 06:00-ден түнгі 00:00-ге дейін үздіксіз тыңдадым. Үздіксіз тыңдауыма екі жайт себеп: біріншісі — радио бағдарламаларға шолу жасау, екіншісі — qazradio.fm сайтында не радионың әлеуметтік желі парақшаларында эфир кестесінің болмауы. Соған қарағанда тыңдармандар 106,8 жиілігін нақты бағдарлама үшін емес, фон ретінде таңдайтын болуы керек. Эфирде берілетін «Тыңдаушы талғамы — Qazaq радиосы» деген джингл осы ойды қостайды.

Qazaq радиосын радиоқабылдағыштан, интернет сайтынан немесе смартфонға Qazaq Radiosy қосымшасын орнатып, үзіліссіз тыңдауға болады.

Форматы бір, тартымы басқа екі радио

Таңғы эфир сағат 06:00-де Әнұранмен ашылды. Сағат 07:00-ге дейін түрлі жанрдағы әндерден концерт ұсынылды. Сағат жетіде «Қайырлы таң, қазақ елі!» ақпараттық-сазды бағдарламасы басталды. Бұл эфир тыңдарман мен жүргізуші арасындағы коммуникациядан құралады. Бағдарлама жүргізушісі — Салтанат Нұрпейісқызы, дыбыспен әрлеуші — Ерхат Қуанышұлы. Эфирдің алғашқы сағатында «Мектеп бітіргеніңізге қанша жыл болды?» сауал төңірегінде әңгіме өрбіді. Студияға қоңырау шалып, WhatsApp арқылы хабарлама қалдырғандар да болды. Жалғыз жүргізушіге жүктеме ауыр ма әлде хабарласқан тыңдармандардың бұл тақырыпта айтары қызықсыз ба, эфир сылбыр жүрді. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын негізгі радиолардың бірі болғаны себепті де қосылуы тиісті тақырыптар мен адамдар бар. Биылғы соңғы қоңырау туралы айдарда ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов сөзіне 2 минут беріпті. Радио, әсіресе көңіл көтеретін таңғы бағдарлама үшін тым көп.

Тек қазақ тілінде хабар тарататын әрі таңғы бағдарламалары бар радио арналар аз. Негізгі бәсекелестің біріне жататын Жұлдыз FM арнасына ауыстым. Сағат сегізде «Таңғы шоу» басталады. Әдеттегідей екі жүргізуші: Ақбибі Қамидолла мен Нұрбек Қасым. Тақырып — «Әлеуметтік желіде қандай заң енгізер едіңіз?». Тыңдарманнан келетін хаттар легі әлдеқайда көп. Бұған тақырыптың тартымдылығы мен әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білуі себеп, деп топшыладым. Тыңдарманмен Instagram, WhatsApp, VK арқылы байланысып отыр. Instagram парақшасында тікелей эфир шығады, ал таңғы бағдарлама СТС телеарнасында трансляцияланады екен. Жұлдыз FM-ге тағы ораламыз. Qazaq радиосын қайта қосайық.

Qazaq радиосы 2-3 жыл бұрын студияларына бейнекамералар орнатып, радио студияны экраннан тамашалауға болатынын хабарлаған. Тіпті 2019 жылдан бастап «Қазақ радиолары» ЖШС-іне қарасты радиоларды телеарналармен қатар, отандық «Оtau-tv» спутниктік желісіне дербес арна ретінде қосу жоспары да айтылған.

Бұған қоса Instagram, Youtube, Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфирге шығу функциясы қарастырылған. Алайда бейнекамера қосулы соңғы тікелей эфир 6 мамыр күні шыққан. Әкім Алтай Көлгіновпен сұхбат болыпты.

Техникалық мүмкіндіктерді толыққанды қолданбауы да аудитория азаюына әсер етері анық. Әзірге Qazaq радиосының бәсекелестерінен озып тұрғаны — жүз жылдық тарихы (атағы) және радио жиілігінің кеңінен таралуы. Мұны тікелей эфирде хабарласатын тыңдармандар географиясынан байқайсыз. WhatsApp арқылы естелігін бөлісіп, телефон шалып хабарласқан адамдар Алматы облысы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облысына қарасты аудан-ауылдың тұрғыны екен.

«Түнгі тақырып» бағдарламасына Италияда тұратын тыңдарман хабарласты. Демек Qazaq радиосының аудиториясы тек ел ішімен шектелмейді. Радио аудиториясының жас ерекшелігі де әртүрлі. Біреулер мектеп бітіргеніне 51 жыл толғанын айтып, құрдастарына сәлем жолдаса, енді бірі сыныптастарын құттықтап, «тегін оқуға түсіп кетуді» тілейді.

Жұлдыз FM радиосының «Таңғы шоу» бағдарламасының СТВ телеарнасынан көрсетілуі

Ал Жұлдыз FM-де қызу пікірталас. Фейк парақшаларымен күресу үшін әлеуметтік желіге ЖСН арқылы тіркелуді, әлеуметтік желіге жалаңаштанған суреттерін жариялауға тыйым, лотерея ойнатушыларды жазалау, желіде балағат сөз жазғандарға ірі көлемде айыппұл салуды ұсынып жатыр. Ара-тұра жүргізушілер қызықты статистикалық мәліметтерді тамызық ретінде айтып қояды. Facebook әлеуметітк желісі мемлекет болса, халқының саны жағынан үшінші орынды алар еді, АҚШ-та әр 8-жұп әлеуметтік желіде танысқан, әлеуметтік желіде ата-аналардың 69%-ы балаларымен «френд» екен. Бұл статистикалық мәліметтердің дереккөзін айтпағаны өкінішті. Жүргізуші Ақбибі Қамидолла әлеуметтік желілердің тарихы мен ерекшелігін де айтты:

– ВКонтактеде 15-25 жас аралығындағы жастар отырады. Олар қызық мәліметтер жариялап, музыка тыңдай алады. Ал Фейсбукте отыратындар жасы үлкен адамдар, бастықтар…
– Бастықтар дейсің бе? Ақбибі, сен өзің фейсбукте тіркелгенсің бе?
– Жоқ…

Жас жүргізушілер эфирде өзіне сенімді, қалжыңдары жарасып отырады. Тіпті саунд операторларын да сөзге тартып, әзілдескені ұтымды. Бағдарлама ойын-сауық, көтеріңкі көңіл күйге толы, бәрі позитив.
«Құттықтаймыз» айдарында да туған күн иесіне қалжыңдап «алдайды», сосын барып құттықтайды. Енді Жұлдыз FM эфирін бақылауды тоқтатып, бар назарымды «ұлттың үнжариясына» бұрдым.

Әсіре көркемдік теріс әсер етеді

Qazaq радиосының эфирі «лайт» радиолармен салыстырғанда әлдеқайда сүйкімдірек екен. Ақпараттық саясат насихатын асырып жібергені ғана томпақ көрінді. Мәселен таңғы жаңалықтардың екі блогында қатарынан Президент қол қойған бейбіт жиындар туралы заңнаманың «артықшылықтарын” айтып, сарапшыларды (Е. Саиров, Л. Каратаева) сөйлетті. Ара-тұра президенттің былтырғы жолдауынан үзінді ролик беріледі.

Qazaq радиосында жүргізуші жалғыз болса да бағдарлама басқа журналистер дайындаған «Күнтізбе», «Құс қанаты», «Таңғы жыр», «Пайдалы кеңестер», «Бала тілі – бал» айдарларымен толықтырылды. Дәл сол күні 71 жасқа толған жазушы Өтепберген Әлімгереевке телефон шалып, әңгімелесті.
Дегенмен, бағдарлама мазмұнын әлі де жетілдіре түсуге болар еді. Мәселен, «Пайдалы кеңес» айдарында шай туралы айтылады.

«Түймедақ шайы жан мен тәнге пайдалы, оны үшкенде бәрі тамаша екенін түсінесіз. Бүлдірген қосылған шай жан-дүниеңізге тамаша…»

Құдды бір «Қазақстан әйелдері» журналының ескі сандарын парақтап отырғандай.
«Бала тілі – бал» айдарын өтімді ететін бір ғана нәрсе: ол бүлдіршіндер сүйкімі. Нақты тақырып жоқ, балақайлардың бірі тақпағын айтып отырса, тағы бірі бата беріп отыр. 4 жасар бала қариялар айтатын батаны сампылдап айтып жатыр.

Сағат 11:15-те «Ел ағалары» бағдарламасы басталды. Бағдарлама филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовқа арналыпты. Ғалым балалық шағы, студенттік кезінде көрген тәлімі туралы жылы естеліктерін айтып берді.
Хабар авторы – Жанат Жанұзақ, мәтінді оқыған диктор – Әбдірәлі Бөлебай. Хабар қонағының мысы басты ма әлде автор стилі солай ма, мәтінде көркемсөзді барынша қолдануға тырысқаны көрініп тұр.

Абайдың қара сөзінен үзінді («Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ»), мақалды («Ғалымның хаты өлмейді»), Абай өлеңінің шумақтарын («Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек») бір блокқа сыйдырған. Диктор кәсіби қойылған дауыста оқыған бағдарламаны тап осы қалпында «Алтын қорға» енгізіп жіберуге сұранып тұрған сияқты.

Жалпы бағдарламаны әсіре көркемдеп, бояуын тым қалыңдатса, қалай кері әсер етерін екі бағдарламаны салыстыра айтуға болады. Біріншісі — поэзия тақырыбындағы «Кәусар» (ақын Толқын Қабылшаева туралы), ал екіншісі — «Жырлайды жүрек» (ақын Айбек Бестенқұловқа арналған) хабары. Бірінші хабарда өлең оқу, баяндау тілі, музыкамен әрленуі тұрғысында тым көркемдікке ұмтылған. Ал «Жырлайды жүректе» өлеңді ақынның өзі оқиды, көркемдеу элементтері де ұстамды. Сәйкесінше, екінші хабарды қайыра тыңдағың-ақ келеді.

«Түскі шай» — подкастқа лайық хабар

Мен қызыға, радиоқабылдағыш дауысын көтеріп тыңдаған хабар — «Түскі шай» бағдарламасы болды. Басты артықшылығы — кейіпкерлері қарапайым. Сөзден өрнек өретін кісілер емес. Кейіпкерлері — клоундар, цирк әртістері Әзілбек Болатов және Дәулет Сүйіншиев, бағдарлама жүргізушісі – Ғалия Есқұлова. Студиядағы қонақ көбейгенде экспрессия да артады. Эфир қонақтарының кәсібі — жұртты күлдіру, әзілдеу болса да, жүргізуші әңгімеге салмақ бере алды. Қоғамдағы келеңсіз жайттарды сынау, шығармашылықтағы цензура туралы да ұтымды сұрақ қойып отырды.

Дәл осындай бағдарламаларды подкаст түрінде жариялауға да әбден болады. Подкаст демекші, радионың мықты подкастілер жасауына толық әлеуеті жетеді. BBC, Радио Маяк және Радио Свобода радиосының бағдарламалары подкаст түрінде миллиондаған аудитория жинап, көш бастап тұр емес пе?!

Qazaq радиосы сайтында подкаст бөлімі ашылған. Алайда аудиофайлдардың дені сағат сайын шығатын жаңалықтары. Не қызығып тыңдайтын эпизоды, не RSS сілтемелері жоқ. Бірнеше ай бұрын подкаст платформаларында Qazaq радиосының подкастілері шыға бастап еді. Карантин басталғалы сап тыйылды. Соған қарағанда подкастқа бет бұру саясаты өзгерді не подкаст эпизодтарына шығаруға лайық контент жоғын мойындағаны шығар. Подкаст бөлімі мұрағат бөлімімен ауысып кеткен сыңайлы.

Qazaq радиосының әлеуметтік желілердегі парақшаларда «Болашақ» бағдарламасының аңдатпасы жарияланған екен. Биыл “Болашақ” бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Өзекті тақырыптың бірі болуы тиіс. Анонста көрсетілген уақыты 14-20. Алайда бағдарлама эфирге сағат 15:09-да шықты. Радионың эфир кестесі жарияланбағанын ескерсек, мұны “тыңдарманға да, бағдарламаларына да немқұрайлы қарау” деп түсіндік.

«Ақпарат» сөзіне көптік жалғауы жалғанбайды

Жаңалықтарға қатысты бірнеше ескерту: Қазақ тіліндегі жаңалықтар жүргізушісі Жанболат Шәкімнің дауысы, дикциясы жағымды-ақ, әйтсе де мәтінге назар аударғаны жөн. 17 мамыр күні берілген жаңалықтан 174% сөзін естіп, келесі шығарылымын қайта тыңдадым. Қате естімеппін.

«Атырау қаласында 769 адам коронавирус жұқтырған, 174% жазылып шыққан»

деді.

Бұдан бөлек, мәтінде «өндіріс қуаттылығы» (дұрысы — қуаты), “ПЦР тесті” (аббревиатура орысша ПЦР — полимеразная цепная реакция, ағылшынша PCR — Polymerase chain reaction, ал қазақша ПТР полимераза тізбекті реакция) сияқты қате сөздер кездесіп жатты.

Мәтіндегі тағы бір олқылық: Qazaq радиосының коронавируске қатысты сақтық шараларына арналған ролигінде «жалған ақпараттарға сенбеуіңізді сұраймыз» деген сөздері бар. Редакторлар “ақпарат” сөзіне көптік жалғауы жалғанбайтынын естен шығарса керек.

Тікелей эфир — жалғыз жүргізушіге ауыртпалық

Қазақ радиосы балалық шағымыздағы таныс ертегі, таныс үнді беріп жатқаны қуантады. Зәмзәгүл Шәріпбаева оқыған ертегілер әлі эфирде тұр екен. Бірақ «Зәмзәгүл әженің ертегілерін» тыңдағаныма отыз жылдан асып кеткені ойлантты. Неге Алтын қордағы ертегілерді подкастілерге айналдырып, жаңа өнім жасамасқа?
Қазақ радиосы біраз уақыт бұрын «Балаларға базарлық» жобасын шығарып жүр еді. Жап-жақсы жоба болатын. Неліктен тоқтатылды екен?

Жаңа жобалардың ішінен Қазақ радиосы мен Ұлттық аударма бюросының бірлескен «Көкжиек» бағдарламасын және Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ радиоларының бірлескен жобасы «Халық қазынасы» бағдарламасын сәтті жоба деп айтуға болады.

«Көкжиек» — аудиокітап форматындағы хабар. 26 мамырда жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран» романының кезекті бөлімі ұсынылды.

26 мамыр күнгі эфирде тыңдармандармен бірігіп жасайтын, яғни олардың хат-хабарламаларынан құралатын «Ақ тілек» құттықтау бағдарламасы, «Армандастар» және «Түнгі тақырып» ақпараттық-сазды көңілашар бағдарламалары болды. Үш хабарда да жалғыз жүргізуші.

Тікелей эфир кезінде қанша кәсіби маман болғанымен жалғыз адамға ауыртпалық түсетіні білініп қалады. Әсіресе тыңдармандар жолдаған хабарламалар бірсарынды болса, қызығушылық жоғалады, қате жазылған хабарламаларды оқығанда жүргізушілер ежіктеп қалады. Кейде-кейде оқырмандарға сауатты жазу жөнінде ескерту жасап отырады. Ал тыңдарман қызығушылығын арттыру үшін жүргізуші тек хаттарға сүйенбей, қосымша тың деректер ұсынып, қызықты мәлімет бөліскені жөн.

Мәселен, «Армандастар» бағдарламасында «Жаз мезгілінде отандық туризмді дамытуға үлес қосасыз ба? Жазға жоспар құрдыңыз ба?» деген сауалдар қойылды. Алайда тыңдармандар да, жүргізуші де осы тақырып бойынша жарытып ештеңе айтпады.

Музыкаға — 462 минут

Qazaq радиосының эфирін тыңдай отырып, берілген контент түріне, көлеміне талдау жасадым. Тыңдармандармен бірлесіп жасайтын контентті “ақпараттық-сазды бағдарламалар” деп қарастырдым. Мұндай бағдарламалардың эфирдегі үлесі – 27,03 %, музыка — 44,76%, ал ақпараттық хабарлар — 28,19%-ды құрады. Демек журналистер жасайтын контент көлемі күніне 5 сағаттай екен. Басқа радиолармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Әйтсе де «Ұлттың үнжариясы» делінетін радионың көтеретін жүгі де салмақты болуы тиіс.

Сағат 06:00-ден 00:00-ге дейінгі аралықтағы эфир уақыты есепке алынды. 26 мамыр, 2020 жыл

Эфирді күні бойы тыңдай жүріп, Qazaq радиосын аймақтық музейге ұқсаттым. Ұлттық нақышта ою-өрнекпен көмкерілген интерьер, әп-әдемі бола тұра қолданылмайтын бағалы экспонаттар, кең әрі жарық, бірақ адам аз жүретін залдар.

Мүмкін адамдарды көбейту үшін «қастерлі» экспонаттарды қолданысқа беру керек шығар?!

Бэлла Орынбетова
Бэлла Орынбетова
Журналист, медиатренер, подкастингпен әуестенеді. Жаңа медианы оқыту, интернет редакция жұмысын ұйымдастыру жобаларына жетекшілік еткен.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР