ДомойМедиасынКарантиндегі соңғы қоңырау және ЕАЭО онлайн. 18-24 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Карантиндегі соңғы қоңырау және ЕАЭО онлайн. 18-24 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Карантиндегі соңғы қоңырау және ЕАЭО онлайн. 18-24 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус тақырыбы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламасының әлі де басты тақырыбына айналып отыр. Журналистер пандемияның тағы да айтуға болар тұстарын іздеп жатыр. Мәселен, «енді не болады» деген сауалға сюжеттер дайындапты. КТК телеарнасы жаппай жұмыссыздық боларын айтса, QAZAQSTAN телеарнасы әлеуметтік жағдайы нашар адамдардың карантин кезінде қалай өмір сүріп жатқанын көрсетті.

«Хабар» телеарнасы оптимизм нұр шашар тақырыптарды: жаңа ипотекалық бағдарлама («7 күн» авторларының ойынша, жақсы бағдарлама) және фермерлердің жағдайын (авторлардың сөзінше, олардың да жағдайы тамаша) эфирге шығарды. «Хабар» телеарнасы көрсететін Қазақстанда өмір сүргіміз келетінін бәріміз де еске түсірдік.

Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

COVID-19 туралы жаңалықтар мен статистикадан басталған бағдарламаның бірінші үлкен материалы – Аягөздегі интернатта болған қайғылы оқиға. Сәуір айында осы интернатта төрт бала көз жұмды. Сюжет емес, бірақ КСМ мен синхрондардан құралған үлкен блок.

Мүгедектігі бар балаларды (журналистер дұрыс тіркесті қолданды) емдемейтіні, дұрыс тамақтандырмайтыны, тіпті зорлауы да мүмкін екені айтылады. Құжат бойынша интернат қызыл уылдырық пен ақсерке балығын сатып алады. Мұны балаларға бере ме, балалар жеп жатыр ма, бұл жағы белгісіз, тексеру жүргізіліп жатыр екен. Балалар омбудсмені Аружан Саин төтенше жағдай кезінде интернат қызметкерлерінің көбі ақысы төленбейтін демалысқа жіберіліп, төсекте жатқан балаларға қарайтын ешкім қалмағанына сенімді. Ресми мәлімет бойынша, төрт бала да полиорганды жетіспеушіліктен қайтыс болған. Бағдарламада балалармен сұхбат үзіндісін (балалардың бетін бұлыңғырлаған) көрсетті. Үзіндіден балалардың расымен де зорлыққа ұшырайтыны жөнінде қорытынды жасауға болады. Алайда журналист этикалық норманы бұзбады. Журналистің «Директор бұдан хабардар ма?» деген сұраққа балалар «Иә» деп жауап берді.

Бірінші сюжет болжамдарға арналды: Карантин тоқтатылғаннан кейін Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі қаншалықты өседі (карантинге дейін қанша еді). Болжамдар адам шошытарлық: сарапшылар республика тұрғындарының жартысына жуығы жұмыссыз қалуы мүмкін (егер күзде індет тағы өршісе) екені айтады.

Автор сюжетінде: «Туған-туыстарынан көмек сұрамайтын кімдер десек, олар — «Қазмұнайгаз» компаниясының бұрынғы қызметкерлері» дейді. Ары қарай осы компанияның жетекшілерін мақтаған тұтас блок шықты. Олардың әлеуметтік жауапкершілігі қаншалық жоғары, жұмыс берушілері неткен қайырымды екенін, тіпті жұмыстан шығарылғандар ақшасыз қалдырмайтынын айтады. Бірақ «жарнама» белгісін байқамадық. Сарапшылар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары керек екенін айтады, алайда шенеуніктердің ойы қандай, жоспары бар ма? Бұл сұрақтарға жауап естімедік.

Армениядан кіргізілген автокөліктерді тіркеудің жаңа ережесіне бөлек сюжет арнады. Бұрын автокөлікті тіркету өте қымбат еді, қазір автокөлік иелеріне жеңілдік жасап, тіркеу құнын төмендетіпті. Қазақстан Республикасында мұндай 36 000 автокөлік бар. Соның тең жартысын тіркету мүмкін емес, өйткені рулі оң жақта орналасқан немесе сенімхат арқылы сатылған. Шамамен 36 000 адам өмірін қамтитын сюжетке 6 минуттан көп уақыт арнады.

Бағдарламаның түйін материалы — карантин кезіндегі соңғы қоңырау, мектеп бітіру кештері және келер оқу жылының қандай боларына арналды. Түлектердің жаңа тренді – сынып цифрі мен әрпі жазылған бетперделер. Тележүргізуші Алексей Рыблов бағдарлама аңдатпасында «Қыркүйекте мектептер ашыла ма» деп сұрады. Көрермен демін ішіне тартып, жауап күтті. «Большие новости» бағдарламасының соңында «Белгісіз» деп жауап берді.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» командасы үйден жұмысын жалғастырып жатыр, әзірге студияға орала қоймайтын сыңайлы.

Бағдарламаның бірінші сюжеті Еуразиялық бестіктің онлайн-отырысына арналды. Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Арменияның кездесуіне Молдова басшысы мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілі қатысты. Бірақ, сюжетте олардың неліктен қатысқанын түсіндірмеді. Президенттер бетпе-бет кездесін талқылануы керек бесжылдық стратегиялық даму жоспарын онлайн қабылдауда талқылады. Әзірге кейбір тұстарын қайта бағамдауға мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың синхрондары мен кадр сыртындағы мәтінге алынған сөздерінен құралған стандартты, бірсыдырғы сюжет. Деталь жоқ, нақтылық жоқ, жалпылама сөздер көп: үйлесімді әрекет етуіміз керек, қолдауымыз керек, біз мұны да еңсереміз. Басқа елдің президенттеріне сөз бермеді. Тек Тоқаевты сөйлетті. Оның бенефисі сияқты болды.

«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы шықты. Әр отбасы мүшесіне шаққанда ай сайынғы табысы 3 күнкөріс шегін құрайтын отбасылар бағдарламаға қатыса алады. Қысқа әрі қызықсыз сюжет. Барлық ресми ақпаратты берді, алайда бұл бағдарлама қаншалықты пайдалы не пайдасыз екенін айтатын адамдарды сөйлетпеді. Бұл бағдарламаға қатыса алмайтын тұрмысы төмен отбасыларды көрсетпеді.

Фермерлер туралы сюжетте адамдар комментарийі бар. Шаруа қожалық басшылары, агрономдар, цех операторлары өз өнімі туралы баяндайды. Сырттай қарағанда, фермерлердің жағдайы тамаша сияқты көрінеді. Проблемалары туралы ештеңе айтпады.

Жүргізуші бұл шығарылымда тілші Анна Абрамовамен байланысқа шықты. Ол шекара жабыларда Ресейде болған екен. Диссертация қорғаған. Осы таяуда ғана ол және тағы басқа студенттер шекарадан бері өтіпті. Қазір емханада жатыр. COVID-19 ауруына сынақ тапсырған. Аннаның оқиғасы шым-шытырыққа толы: ол автобуспен жолға шығыпты, шекараны жаяу өтіпті, Қостанайды сынама тапсырып, тек содан кейін туған қаласына оралады.

Бағдарлама соңына қарай Әмір Сәменбетовтың сюжеті шықты. Сюжет да оқу жылының аяқталуына арналды. Мұғалімдер, балалар, ата-аналардың хикаясы бар. Қашықтан оқытуға көңілі толған, разы болған ата-аналар да бар. Оларды әралуандық үшін қосса керек, өйткені қашықтан оқыту жүйесі көбін шошытады. Психологтың айтуынша, гаджеттерді көп қолданып, адамдармен аз араласса, онда цифрлы аутизм мен күйзеліс пайда болады екен. Астаналық мектеп директоры соңғы қоңырау қалай өтерін (вальссіз, қонақтарсыз, концертсіз, тағы басқасынсыз) айтты.

Бағдарлама жүргізуші Александр Трухачевтың отбасылық видеосымен аяқталды. Әсерлі де жып-жылы видеодан Трухачевтың мектеп оқитын үш баласы бар екенін, олар үй тапсырмасын қалай орындайтынын көреміз.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар және аурудан айыққандар статистикасынан басталды. COVID-19 жұқтырып, жазылғандардың кейбірі бет-жүзін көрсеткісі клемейді. Көрші-қолаң, тамыр-таныстарының реакциясынан қорқады. Басқалары қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, дәрігерлерге алғыс айтады. Қазақстанда COVID-19 ауруына қарсы вакцина дайындалып жатқанын да айтып, пойыздар қатынай бастағанда вагондарды қалай залалсыздандыратын көрсетті.

Медицина тақырыбы денсаулық сақтау министрімен сұхбатта жалғасты. Елжан Біртанов Денсаулық кодексі туралы айтты. Бұл кодекс қазір парламентте қаралып жатыр. Қазақстандықтардың вакцинадан бас тарту құқы болады, вакцинаны тек ДДСҰ ұсынған өндірушілерден сатып алады. Министр COVID-19 анықталған науқастардың 60%-ында ауру белгілері байқалмағанын, симтомпсыз өткенін хабарлады. Айлығына үстемақы ала алмаған медицина қызметкерлерінің арыз-шағымына қатысты пікір білдірді.

«Аналитика» бағдарламасы ЕАЭО-қа мүше-мемлекеттер басшыларының отырысы, Қазақстан оңтүстігіндегі су тасқыны салдарын жою және Аягөз интернатында көз жұмған төрт баланың өлімін тергеу жұмыстары туралы қысқа ғана айтты.

Содан кейін коронавирус тақырыбына қайта оралып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ақпаратты жинақтап берді. Материалда журналистің бірнеше әсерлі стендапы бар. Шеттегі жағдайды мейлінше жақын көрсетеді.

Сондай-ақ, Батырхан Шүкеновтің туған күніне материал дайындапты. Ол көзі тірі болғанда 58 жасқа толар еді. Бес жыл бұрын өмірден озған музыкантты ұстаздары, достары және әріптестері еске алды.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза Айт мейрамына арналған құттықтауынан басталды. Жүргізуші президенттің құттықтау мәтінін оқып, имамды сөйлетті. Имам мейрамды үйде тойлатуды ұсынды.

Әрі қарай тағы ресми блок жалғасты: ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер басшыларының онлайн-отырысын айтты. Саясаттанушылар Досым Сәтпаев пен Айдос Сарым пікірлерінен дәйексөздер де берді.

Бағдарламаның үшінші тақырыбы коронавирусқа арналды. Елдің бас санитары карантинді неліктен қатаңдату мүмкін екенін (егер өсім 7%-ды құраса) нақтылады.

Нұр-Сұлтан қаласы карантин кезінде қалай тіршілік етіп жатыр? Қаланы аралайтын рейд форматындағы материалда тілші қоғамдық көліктен бастап моншаларға дейін барып шықты. Коронавирус жұқтырып, жазылған адам әрі медицина ғылымдарының докторы да карантин режимін қатаң сақтауды ұсынды.

Карантинде кім қалай жұмыс істеді, қалай жұмыс істеп жатыр? Нұр-Сұлтанда ауа құрамы қалай өзгерді? Бұл сұраққа түрлі компания қызметкерлері мен экологтар жауап берді. Тілші велосипед мініп, стендап жасады, экокөліктің денсаулыққа және экологиялық ахуалға пайдасын айтты.

Парламент сенаты саяси партия құру және тіркеуге арналған заң жобасын мақұлдады. Бұл тақырыпты басқа ешбір бағдарлама көтермеді. Жүргізуші осы туралы қысқа ғана айтып өтіп, Қырғызстан парламентінің жаңалықтарына ауысты. Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаты Исках Масалиев депутаттық мандатын тапсырып, қазіргі парламенттің ел өмірі үшін ешқандай жауапкершілік алғысы келмейтінін мәлімдеді. Біздің Сенат қабылдаған заң жобасы туралы тыңғылықты сюжет дайындағанда болар еді.

Соңғы екі сюжетті кадрлері мен мазмұны үшін ерекше атап өтуге болады. Біріншісі Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде мекендейтін майқан балығының уылдырық шашуы. Сирек кездесетін балық тек осы көлде кездеседі. Ал браконьерлер соны жойып жатыр. Журналист кадрде балықты сипалап, суға қайта жібереді (майқанның жүйкесі мықты болса керек).

Келесі сюжет – менталды ауытқушылығы бар балалар, жалғызбасты адамдар, баспанасыздар, әртүрлі жұмысты жалданып істейтін адамдардың карантиндегі өмірі. Өте әсерлі, шынайы, ауыр, эмоцияға толы кейіпкерлері бар сюжет екен.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР