ДомойМедиасын«Аялы алақан» бағдарламасының аяусыз үкімі

«Аялы алақан» бағдарламасының аяусыз үкімі

«Аялы алақан» бағдарламасының аяусыз үкімі

Қазақстанда қайырымдылық жоба сипатында эфирге шығатын телебағдарламалардың қандай кемшін тұстары бар? Көрерменге әсер ету үшін бала денсаулығына, оның жағдайына байланысты тым аянышты кадрлерді жиі көрсету дұрыс па? Медиасыншы Риза Исаева Astana TV телеарнасынан шығатын «Аялы алақан» бағдарламасының үш шығарылымын талдады. 

Astana TV телеарнасы қосулы болатын. Бір хабар аңдатпасын құлағым шалып қалды. “Аялы алақан” бағдарламасы екен. Аңдатпасынан үш балалы ананың қиын жағдайы туралы екенін түсіндім. Күйеуі жоқ. Үш баласының да денсаулығында кінәрат бар. Аңдатпада кадр сыртынан айтылған «Бақытсыз балалық!» деген тіркес елең еткізді. Кадрде — бейкүнә бүлдіршіндер. Жаңағы тіркес сүп-сүйкімді бүлдіршіндерге оқылған үкімдей естілді.
Бала өміріне баға берген редакторлар тап солай “бақытсыз балалық” екеніне 100% сенімді ме әлде көпшіліктің көңілін аудару үшін қасақана айтылған сөз бе? Дәл осы сауал «Аялы алақан» бағдарламасының бірнеше эфирін көруіме түрткі болды.

«Аялы алақан» қандай хабар?

Astana TV телеарнасынан көрсетілетін «Аялы алақан» бағдарламасын журналист Бибігүл Дәулетбекқызы жүргізеді. Телеарна сайтында “қайырымдылық жоба” деп сипатталған.

«Елімізде түрлі әлеуметтік қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетеді» екен. «Аялы алақан» шығармашылық ұжымы қиын жағдайға тап болған кейіпкерлерді арнайы іздеп, тауып, олардың оқиғасын хабарда баяндап, сол арқылы оларға көмек беруге талпынады.

Журналист Бибігүл Дәулетбекқызының авторлық бағдарламасы саналатын «Аялы алақан» хабары 2000 жылдардың соңында QAZAQSTAN ұлттық арнасының эфирінде жүрді.

Бағдарлама постерінен байқағанымыз — Astana TV телеарнасынан көрсетілетін «Аялы алақан» да Бибігүл Дәулетбекқызының авторлық бағдарламасы.

Телевизиядағы авторлық бағдарлама теориясына жүгінсек, мұндай хабар барысында автор үнемі кадрда кейіпкерлерімен бірге жүреді. Оларға сұрақ қойып, тақырыпты ашу үшін кейіпкерін «жетелеп» отырады. Студияда сюжетке кіріспе оқитын диктордан басты айырмашылығы да осы.

Ал бұл бағдарламада Бибігүл Дәулетбекқызы хабардың басында, ортасында, соңында әдемі, қымбат интерьерде көрерменмен амандасып, хабарды ашып береді. Кейіпкерді қысқаша таныстырып, жәрдемге мұқтаж хикаясына түсініктеме беріп отырған диктор ретінде көреміз.

Алғашқы эфир — бұрынғы оқиға

Шолуды хабардың Astana TV телеарнасындағы алғашқы санынан бастайық. «10 жылдан кейінгі кездесу» деп аталатын шығарылымы Astana TV телеарнасынан 2020 жылдың қаңтарында көрсетілді.

Хабардың атауы да бекер емес. «Аялы алақан» хабары он жылдай эфирге шықпады. Осы уақыт аралығында Бибігүл Дәулетбекқызы әлеуметтік желілерде қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек беруін жалғастырыпты. Мұны Astana TV телеарнасындағы алғашқы хабарында автор өзі айтады.

Алғашқы эфирде автордың әлеуметтік желі арқылы баспанасыз жігіттің үйлі болуына ықпал еткені баяндалады. Баспанасыз отбасының қиын жағдайынан хабардар Бибігүл Дәулетбекқызы Алматы облысы әкімдігіне Facebook әлеуметтік желісі арқылы хат жазады. Нәтижесінде облыс әкімдігі бес балалы отбасына көмек көрсетеді. Облыстық мәслихат депутаты Талғар ауданы аумағынан сол отбасына үй алып беріпті.
Бағдарлама кадрлерінен Қуаныш осы жаңа үйінде тұрып жатқаны көрінді. Әйткенмен, бағдарламада сол отбасының моншаны паналаған қиын күндері туралы да видео бар. Демек, шығармашылық ұжым бұл кадрлерді арнайы түсірген.

Мұнда екі мәселеге назар аудардым. Біріншіден, хабар авторының лауазымды тұлғаларға сөзін өткізіп, Қуаныштың үйлі болуына ықпал еткеніне қуаныштымыз. Бағдарламаның негізгі мақсаты — Бибігүл Дәулетбекқызының жақсылығын айтып, оны ұлықтау ма?!

Телеарна сайтында: «Аялы алақан» бағдарламасының негізгі мақсаты — қоғамда әлеуметтік тұрғыда қорғалмай қалған денсаулығының немесе басқа да шешімін таппай отырған ерекше жағдайдағы азаматтарды халыққа көрсету. Сол арқылы оларға қол ұшын беретін жағдай туғызу» деп жазылған.

Екіншіден, эфирде сол отбасы балаларының моншаны паналаған тұрмысын көрсетті. Бүлдіршіндермен сұхбаттаспаса, хал-жағдайын ешкім сұрамаса да олардың бет-әлпеті ірі планда анық берілді. Хабар авторлары тарапынан балалардың жеке басына, сезіміне қызығушылық туындап, арнайы сұхбат алмаған соң, бет-әлпетін де ірі планда көрсетудің маңызы жоқ. Балалардың бетін жаппады.

Бағдарламаның осы эфиріне 10 жыл бұрын хабарға кейіпкер болған әйел туралы эпизод қосты. Оның 10 жыл бұрынғы және қазіргі өмірінен там-тұмдап сыр тартқаны болмаса, кейіпкердің тағдыры туралы ешқандай мәселе айтылмады. Кейіпкердің бұл хабарға қатысу себебі де, оны қатыстыру мақсаты да түсініксіз.

Аянышты кадрлерді жиі көрсету — аяныш тудырмайды

«Аялы алақан» бағдарламасының 2020 жылы 26 қаңтарда YouTube видеохостингіне жарияланған шығарылымы «Көпбалалы ананың жанайқайы» деп аталады.

Кейіпкер — алты балалы ана. Кадр сыртындағы мәтіннен түсінгеніміз — кішкентай қызының оң қолында туабітті кінәрат бар. Таршылық әбден титықтатқан ана соңғы тиынын жолға төлеп, Бибігүл Дәулетбекқызымен кездесуге барады. Бар арман-тілегі — 3 жасар қызын емдету.

Мұнда да Бибігүл Дәулетбекқызы көмектесіп, ҚР Денсаулық министрі атына хат жазып, министрлік қолдап, бүлдіршін қыздың қолына бірнеше рет ота жасалғанын айтты.
Эфирді көрген соң бірнеше сұрақ туындады. Кадрлерде бүлдіршіннің ота жасалған қолын көрсетеді. Жараны ашып көрсеткенде сәбиді аяйсың. Отаға қол терісі жетпей, бүлдіршіннің сан етінен тері алынғанын айтып, соны да көрсетеді.

Тап осындай кадрлер, ірі пландар көрермен аяушылығын ояту үшін көрсетілсе, авторлар мақсатына жеткен болар. Алайда үш жасар баланың жағдайын бүге-шігесіне дейін айтып, егжей-тегжейлі көрсету журналистік этикаға жат.

Осы хабарда кейіпкердің басқа балаларын бет-жүзі ашық әрі ірі планда көрсетеді. Бұл отбасының да баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүр. Хабар соңында жомарт азаматтардың көмектесуін сұрайды.

Бұл көмек үй алуға ма, жоқ әлде үш жасар қыздың еміне ме? Мұны анық айтпады. Бағдарлама барысында көпбалалы ана өзі тұратын Қарасай ауданындағы жергілікті әкімдікке барады. Әкімдік қызметкерлері бұл отбасына мемлекеттен қандай көмек беріліп, қанша ақша алып отырғанын ашық (!) айтты. Авторлар көпбалалы ананың алты баласымен баспанасыз жүргенін, бір баласының еміне көмек қажет екенін айтып, олардың өмірін хабарға арқау еткен екен. Демек нақты не көмек керек екенін де анық айтып, мәселені төтесінен қою керек.

Осы эфирде бағдарлама авторы Бибігүл Дәулетбекқызын бірнеше жерде көреміз. Үлкен залда автор кітабының таныстырылымы өтіп жатады, енді бірде ота жасатып келген үш жасар қызды әуежайдан күтіп алады. Алғашқы хабардағыдай мұнда да Бибігүл Дәулетбекқызының жақсылығын жария ету бар. Автор кейіпкермен бірге әкімдікке барып, әкімнен не әкімдік қызметкерлерінен көмек сұраса, мұны эфирде көрсетсе, аудиторияның авторға, бағдарламаның қамқорлығына сенім арта түседі.

“Бақытсыз” деп бағалау — этикаға жат

«Бұл отбасының бақытын сұм ауру әлдеқашан ұрлап кеткен…»

Бұл сөйлем бағдарламаның «Шарасыз әйелдің зары» деген тақырыппен шыққан эфирінің (17 мамыр, 2020 жыл) 12-минутында айтылды. Аңдатпасында «бақытсыз балалық» деген үкімге бергісіз ауыр тіркес айтылатын шығарылым.

Бағдарламадан “үш баласын қайтсем жеткізем” дейтін қайсар ана мен оның үлпершектей үш баласын көреміз. “Сырқат балаларын қайтсем емдетем” деп, балаларымен бірге күресіп келе жатқан қайсар ананы да, осындай табанды шешесі бар балаларды да «бақытсыз» деп бағалай аламыз ба?

Кейіпкер басындағы қиыншылықты, қандай көмек керек екенін ашық айтады. “Солай екен” деп бұл отбасының бақытты не бақытсыз екеніне баға беруге бола ма?

Бибігүл Дәулетбекқызы кадрда қайсар анамен әңгімелесіп, әр баламен сөйлесіп, әрқайсысының қиналысын халыққа естіртіп, кадр сыртында олардың «бақытсыз» екені туралы мәтін оқылса, кейіпкерлерге берілген мұндай бағалау қисынға қонар еді.
Бұл хабар 17 мамырда эфирге шықты. Бағдарлама Astana TV телеарнасынан көрсетіле бастағанына төрт айдан асты. 17 мамырдағы шығарылымында алдыңғы хабар кейіпкерлері, оларға көмек туралы қосымша сюжет көрсетпеді.

Astana TV телеарнасының сайтында сипатталған хабардың басты ерекшелігі – «әрбір кейіпкердің оқиғасы аяқсыз қалмауы» болса да, эфирде нақты көмек алған жандар туралы ештеңе айтылмады.


Қайырымдылыққа негізделген әлеуметтік хабарлардың қай-қайсысы да өте нәзік тақырып. Басым бөлігінде жылаған ана, шырқыраған бала, аянышты кадрлар көрсетіледі. Көрермен аяушылығын тудыруға тырысады.

Мақалада айтылатын «Аялы алақан» кейіпкерлері жігерлі де батыл жандар. Хабар барысында олардың осы басты қасиеті назардан тыс қалып жатады.

Қиын өмірді бастан өткеріп жатқан адамдар туралы тек аяныш тудыратын хабар жасалуы шарт па? Олардың қажыр-қайратын, батылдығын баса айтып, кейіпкерін де, көрермендерін де жігерлендіретін хабар жасауға да болады.

Басына қиындық түскен отбасындағы балалардың бет-әлпетін эфирде ашық көрсетеді. Бұл хабарлар интернетке жарияланады. Кішкентей балалар өскенде, бала күндерінің қиындығы ашық бейнелейтін хабарды көріп жатса, оңай тие ме? Бағдарламадағы ашық кадрлер мен ауыр тіркестер болашаққа оқылған аяусыз үкімдей көрінеді.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР