ДомойОқып-үйренАркадий күшік сапары: Роман Аниннің зерттеуші журналистерге кеңесі

Аркадий күшік сапары: Роман Аниннің зерттеуші журналистерге кеңесі

Аркадий күшік сапары: Роман Аниннің зерттеуші журналистерге кеңесі

Еуропа және ТМД елдерімен салыстырғанда зерттеу журналистикасы Орталық Азияда енді-енді дамып жатыр. Қазір аймақта сәтті талпыныстан гөрі сәтсіз әрекеттер жиі ұшырасады. Әйтсе де осы бағытты дамытуға мүмкіндік те, тақырып та жетерлік.

Белгілі ресейлік зерттеуші-журналист, Новая газета басылымында ұзақ уақыт қызмет етіп, кейін командасымен бірге «Важные истории» медиаресурсын ашқан Роман Анин «Қоқыс ісі» жобасы мысалында әріптестеріне кеңес берді.

«Қоқыс ісі» материалы — «Важные истории» командасының таяуда жариялаған зерттеуі. Ресейдің түрлі аймақтарында терезеден сыртқа көз салсаңыз, тау-тау боп жатқан қоқыс үйінділерін көресіз. Ұшар басына өрмелеп шығуға да болатындай. Жергілікті тұрғындар билікке үнін жеткізе алмайды. Мәселе күн өткен сайын ушығып барады. Журналистер қоқыс үйінділері бір күнде пайда болмағанын, көптен бері еш қам-қарекет жасамау салдары екенін түсінген.

«Жаңа репортер» осы «Қоқыс ісі» материалы қалай дайындалғанын тыңдап, Орталық Азия зерттеуші-журналистеріне пайдалы кеңестерді жинақтады.

Адамдарға жақын тақырыптарды таңдаңыз

— Біз «Важные истории» командасында аймақтардағы өзекті тақырыптарды аламыз. Бұл тақырыптар адамдардың күнделікті проблемасына қатысты болады. Көптеген әлемдік масштабтағы зерттеу материалдарды журналистер журналистерге арнап жазады. 20 млрд доллардың ізін жасыруды тереңінен қазып, сол жайында зерттеу материал жарияладыңыз, делік. Бұл жақсы-ақ. Бірақ, шалғай елдімекен тұрғындарынан бұл туралы сұрасаңыз, оларға бәрібір екенін түсінесіз. Өйткені, мұндай сома — олар үшін құр сөз. Олар мұндай соманы елестете алмайды, өміріне қатысы қанша екенін түсінбейді. Ал қоқыс, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық сияқты тақырыптар адам өміріне тікелей қатысты. Дұрыс жағынан қарай білсеңіз, оның да астарында миллиардтар жасырулы.

Мәселеге түрлі қырынан қараңыз

— Мінсіз хикаяда екі түрлі көзқарас: қыран және құмырсқа көзқарасы болады. Қыран көзқарас дегеніміз — елдегі не аймақтағы мәселені масштабты зерттеу. Құмырсқа көзқарас дегеніміз — ең төменнен, мәселен, қоқыс полигоны маңындағы адамдар қалай өмір сүріп жатқанынан қарау.

Хикаяны мемге айналдырыңыз

— YouTube-тағы атышулы зерттеулерді талдап қарасақ, миллиондаған қаралым жинау себептерінің бірі — мем қолдану. Зерттеу және үлкен мәтінді мемдеу — материалды вариативті етер қызық тәсіл. Қоқыс ісін зерттегенде сондай мем қажет болды. Біз хикаяны сату үшін мемге арналған мем жасағымыз келмеді. Пайдалы, нәтижеге жеткізер мем болуын қаладық. Осылайша Аркадий күшігіміз өмірге келді. Жұмсақ пүліштен жасалған күшіктің ішіне телефон салынған. Қоқысты қайда шығарып жатқанын осылай қадағалаймыз.

Егжей-тегжейін пысықтаңыз

— Қоқысты қоқыс тасымалдайтын көлікке қалай дестелеп жинайтынын көрдік. Көлік ішіне мейлінше көп қоқыс сыйғызу үшін әбден нығыздап салады екен. Белгі беретін құрылғыны жаншып, талқандап тастар ма екен, деп қауіптендік. Құрылғыны темір қалбыр ішіне салсаңыз, сигнал өткізбейді. Біз шайдан босаған қалбырды қолданып көрдік, сигнал өтпеді. Пластик бөтелке ішіне салуды да ойладық, бірақ Мәскеуде қоқысты сұрыптап жинайтын болған соң, бұл ойымыздан бас тарттық. Ойлана келе, белгі беру құрылғысын жұмсақ затпен ораймыз, деп шештік. Күшік Аркадий осылайша пайда болды.

Көлемді құжаттарды оқыңыз

— Күшік Аркадий қажет жеріне жетуі үшін оны дұрыс орынға қалдыру маңызды. Қоқыс реформасына арналған көп құжатты ақтарып, оқыдық. Содан білгеніміз — әрбір аймақ қалдықтарды реттеудің федералді сызбанұсқасын қабылдауы міндетті. Жүздеген парақтан тұратын мұндай үлкен сызбанұсқаларды көбі ашып оқымайды. Мен оқыдым. Барлық сызбанұсқаны мұқият қарап, түсінуге біраз уақыт кетті.

Технологияларды ұмытпаңыз

«Қоқыс ісі» зерттеу-фильмнен скриншот — https://istories.media/

— Қоқыс хикаясынан фильм жасайтын болғандықтан дабыл құрылғысының қозғалысын қадағалап ғана қоймай, әдемі интерфейсі бар видео болуы да маңызды еді. Мұндай қозғалысты телефон қосымшаларынан жасауға болады. Біз ескі телефонды алып, сим-карта салып, ата-анасы балаларының қайда жүргенін бақылауына арналған әдепкі мобайл қосымшалардың бірін орнаттық. Бұл қосымшаның десктоп нұсқасы да бар. Күшік Аркадий қайда жүріп бара жатқанын компьютер экраныан скринвидеоға жазып алу үшін тапжылмай отырып, үнемі жаңарту қажет. Мен мұндай жұмыспен айналысқым келмей, сол жұмысты атқаратын бағдарлама кодын жаздым.

Қадағалауға арналған түрлі құралдарды пайдаланыңыз

— Зерттеу жүргізудің классикалық әдістерін қолдандық: үкіметтегі ақпарат берушімен әңгімелесу, қоқыс орындарына бару, жәбірленуші тараппен сөйлесу. Зерттеу бір жарым жылдан астам уақыт жүргізілді, өйткені әрбір аймақтағы қоқыс өңдеумен айналысатын өкілдерді зерттеп, сауда-саттықты талдап, ірі тапсырыс алушыларды анықтап, визуализация жасау керек болды. Мұның барлығын біз, яғни журналистер жасадық.

Зерттеуші-журналист:

    • Ақпарат берушіні сөйлете білетін жақсы психолог;
    • онлайн деректер қорындағы ақпаратты, бухгалтерлік және қаржы есептерін оқи алатын жақсы аналитик;
    • түрлі деректер қорынан ақпарат алуы үшін бірнеше тілде сөйлейтін;
    • бағдарлама кодын жазатын

болуы керек. Егер бағдарламалауды білмесе, қоқыс хикаясын жасай алмас едім.

Нәтижелері

— Күшік Аркадий ақырғы нүктесіне де жетті. Бұл біз күткендей Владимирская қоқыс полигоны болмай шықты. Адамдар Владимирская қоқыс полигонына барар қоқыс тасығыш көлік қозғалысын бөгеп, жүк көліктері о жаққа өте алмады. Тәжірибеміз бәрібір де сәтті шықты, өйткені күшік Аркадий сол адамдарға тиесілі басқа бір қоқыс полигонына келді. Біз күшік Аркадий сонда келгенін, сол жерде жатқанын көрдік. Біраз уақыт өткен соң телефон қуаты таусылып, күшік Аркадиймен байланыс үзілді. Десе де ол өз борышын орындады, деп есептейміз.

Ел аумағындағы қоқыс тасымалы мен өңдеу саласындағы тапсырысты қамтыған зерттеуіміз — Ресейдегі қоқыс реформасының басты ерекшелігін анықтады. Көптеген аймақта қоқыс шығару, қоқысты өртеу зауыттарын не қоқыс сұрыптау кешендерін салу құқына билікпен қандай да байланысы бар адамдар ие болып отыр. Басында айтылғандай, қоқыс ісінде қомақты қаржы, жемқорлық даулары бар. Алайда көрерменді бұл емес, басқа бір нәрсе қызықтырды: көрермен зерттеу материалда айтылған қомақты қаржыны елестете алмайтын шығар, бірақ күнделікті таң шапағын қоқыс полигонының иісімен қарсы алатын тұрғындардың жай-күйін әркім де сезінді.

«Важные истории» командасының «Қоқыс ісі» зерттеу материалын және күшік Аркадийді мына видеодан көресіз.

Роман Аниннің лекциясы Inrernews қолдауымен Transparency Kazakhstan ұйымдастырған зерттеу журналистикасы мектебі аясында өтті. 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР