Өткен аптаны түйіндеген ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың барлығы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық пен Қырғыз Республикасындағы революцияға сюжет арнады.
“7 күн” және Apta бағдарламалары Nur Otan партиясының праймеризі қалай өткенін сол саяси ұйым басшылығынан сұраса, “Басты бағдарлама” авторлары жемқорлыққа қарсы күрес қалай болу керек екенін талдайды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
7 қазанда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізді. “7 күн” бағдарламасының бірінші сюжеті де осы кеңес қалай өткенін баяндайды. Сюжет мемлекет басшысының отырыста айтқан сөздерінен құралыпты.
Жүргізуші Ринат Думанұлы коронавирус сюжетінен кейін іле-шала тұңғыш президент Н.Назарбаев пен қазіргі президент Қ.Тоқаевтың апта ішіндегі телефон сөйлесулерін тізіп шықты. Ол Орталық Азияның төрт мемлекет басшылары Қырғыз Республикасындағы оқиға туралы бірлескен мәлімдеме жариялағанын айта келе тақырып ауанын қырғыз еліндегі жағдайға бұрды.
Сюжетті тілші Сәкен Сейітханұлы дайындапты. Қазақстандық бірнеше саяси сарапшыны сөйлетіп, Қырғыз Республикасындағы қазақстандық компанияларға шабуыл жасалғанын да айтады. Тілші Қырғыз еліндегі ахуалға экономикалық тұрғыдан баға беріп, сюжетін «саяси күштердің билікке таласы көрші елдегі бейбіт күнді әлі де көлеңкелеп тұрғандай» деп түйіндейді.
Дүниежүзілік банктің жыл сайын жарияланатын Worldwide Government Indicators зерттеуінде Қазақстанның бірқатар көрсеткіші жақсарыпты. Мұны негізге алған сюжетте де сарапшылар сөз алып, елдегі саяси тұрақтылыққа мән бере сөйлейді. Олар Қырғыз Республикасындағы жағдайды мысалға ала отырып, шетелдік инвесторлар елдегі тұрақтылыққа баса назар аударатынын атап өтті.
ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың “Абай аманаты” атты мақаласы жарық көрді. “7 күн” авторлары сол мақаланы талдауға екі сюжет арнайды. Біріншісінде мақаладан үзінділер келтірсе, екінші сюжетте ғалымдарды сөйлетеді.
“Абай аманаты” мен Назарбаевтан кейін не көрсетер екен” деп отырғанымызда кенеттен әскери тақырып пен Тоқаев сапары басталды. Президент Тоқаев Алматы облысына барып, кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынына қатысқанын айтты.
“ 7 күн” авторлары мемлекет басшының апта ішіндегі қызметіне толық шолу жасау дәстүрінен жаңылмады. Жүргізуші Ринат Думанұлы президент Тоқаев өткен аптада кімдерді қабылдағанын Ақорда таратқан ақпарат негізінде баяндап берді.
Әдетте президенттерден тыс тақырыпқа да бірнеше сюжет арнайтын “7 күн” редакциясы бұл жолы президенттер тақырыбын ұзаққа сүйреді. «Біз қалаған болашақ» деп аталатын сюжет те президенттерге негізделіпті. Сюжет тұңғыш президент Н.Назарбаевтың халықаралық аренада бейбітшілікке үндейтін ұсыныстарынан басталып, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында биологиялық қауіптің алдын-алу туралы айтқанына жалғасты.
Бағдарлама авторлары Nur Otan праймеризі қалай өткенін аталған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен сұрайды. 8 минуттық сұхбат партия кеңсесінде түсірілгені видеодағы партия логотипінен байқалады. Праймеризді ұйымдастырған партия басшылығының айтуынша, праймериз әділ өтіпті.
Бағдарламаның соңғы сюжеті президенттер тақырыбынан тыс, бірақ мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысына арналыпты. Сюжетте Жұмыспен қамту — жол картасы аясында Ақмола облысында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылғанын баяндайды.
“7 күн” авторлары бағдарламаны Ақмола облысындағы оңды істермен түйіндеуі дәстүрге айналғандай. Алдыңғы бағдарламаның соңғы сюжеті Ақмола облысында “Еңбек” бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар еткен еді.
“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”
Ел аумағында коронавирусқа байланысты қатаң карантин қандай жағдайда енгізілуі мүмкін? “Басты бағдарлама” авторлары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған сценарийді негізге алып, графикалық сызбанұсқа дайындапты.
Келесі сюжет Қазақстанда жемқорлықпен күрес идеяларын жинақтапты. Күдіктілерді қадағалайтын арнайы білезік, мемлекеттік қызметкерлерге ескерту мен сарапшылар пікірі де бар. Тілші Нұржан Сәдірбай “Жемқорлықпен күрес туралы” заң талаптарын айта келе, соңғы уақытта қанша шенеунік жемқорлық фактісімен ұсталғанын баяндады.
Қазақстанда шериф қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл тақырыпты «Ұр тоқпақ» айдары нысанаға алыпты. Мұнда автор шерифтің немен айналысатынын, оларды кім тағайындап, жалақыны кім төлейтінін талдайды.
Басты бағдарламаның” төртінші тақырыбы Қырғыз еліндегі аухалға арналады. «Билікке таласқандар бітімге келе ме?» деп аталатын сюжетте оқиғалар хроникасы, қырғыз сарапшылары мен қазақстандық саясаттанушылар бағасы бар. Бір ерекшелік — нумеролог пікірін қосуы болды. Тілші Берік Дүйсенбай сюжетті «Сабырлы болсаң, озарсың, Сабырсыз болсаң, тозарсың» деген қырғыз мақалымен аяқтады.
Әлемде 2,5 мыңнан астам “ақылды қала” бар. Қазақстаннан бұл тізімге Нұр-Сұлтан мен Алматы енеді. Қазақстандағы “ақылды қалалардың” бірі — астанадан 100 шақырым қашықтағы Ақкөл қаласы. Бұл елдімекенді “ақылды қала” ету үшін 2,5 млрд теңге жұмсалыпты. Сюжетте Ақкөл қалайша “ақылды қалаға” айналғанын айтады. Қала маңындағы шашылған қоқыс, нашар жол, арбамен су тасыған тұрғындарды да көрсетті. Әлемдік “ақылды қалалар” тізіміне енетін “Нұр-Сұлтан” қаласының автобустарында уәде етілген facepay құрылғысы бар-жоғын да тексерді.
Бағдарлама COVID-19 және коронавирусты пандемия статистикасынан басталды. Жұртшылық карантин тәртібін сақтамайтынын да айтып, рейд нәтижелерін көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда коронавирустың екінші толқынына дайындықты пысықтап, кеңес өткізген. Авторлар сол отырысты негізге алып, толымды да ақпаратты мол сюжет әзірлепті. Сюжетте үстемақы ала алмай жүрген дәрігерлер мәселесін де қозғайды. Қандай жағдайда локдаун енгізілетінін де көрнекі түсіндірді.
Қырғыз Республикасындағы наразылық — Apta бағдарламасының екінші тақырыбы. Сюжетте Қырғыз еліндегі азаматтық белсендінің сөзі, қырғызстандық және қазақстандық сарапшылар пікірі бар. «Милициямен қақтығыс кезінде ауыр жарақаттанып, артынша опат болған” 19 жасар жігіт символға айналғанын атап өтті.
Nur Otan праймеризі қалай өтті? “7 күн” авторлары бұл сұрақтың жауабын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен сұраса, “Apta” редакциясы партияның жауапты хатшысы Арман Қырықбаевтан біліпті. Сұхбатта жауапты хатшы партия ұйымдастырған праймериз жақсы өткенін, жеңіске жеткендерге қандай мүмкіндік берілетінін әңгімелейді.
Түркістан облысының мақташылары мақта бағасына наразы. Мақта қабылдаушы пункттер белгілеген бағам ақ алтын өсіру шығынын да жаппайды. Мейлінше толымды сюжетте барлық тараптың комментарийі бар.
Желіде Түркістан облысының Қазығұрт ауданында әкесі балаларын аяусыз ұрып-соғып жатқан видео таралды. Осы оқиға келесі бір сюжет — отбасындағы баланы ұрып-соғу тақырыбына түрткі болыпты. Сюжет алты баласымен дағдарыс орталығын паналаған ана хикаясынан басталады. Күйеуі арақ ішеді, әйелін де, балаларын да ұрып-соғып, күн көрсетпейді екен. Сюжет авторы ересектер баланы неліктен ұратынын, бұл бала болашағына қалай әсер ететінін психологтан сұрайды. Қоғамдағы өзекті мәселені көтерген сюжет болыпты.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты