үй Медиасын Коронавирус, праймериз және президенттер. 28 қыркүйек - 4 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Коронавирус, праймериз және президенттер. 28 қыркүйек – 4 қазан апталық бағдарламаларға шолу

“7 күн” және Apta бағдарламалары Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев іссапарларын, Тоқаев аптасы қалай өткенін және праймериз тақырыбын алға шығарса, “Басты бағдарлама” әлемде коронавирус екінші толқыны басталғанын, Қазақстанда сақтық шаралары қалай сақталып жатқанына назар аударды. Барлығына ортақ тақырып: АҚШ президенті Дональд Трамп пен әйелі Мелания Трамп коронавирус жұқтырғаны болды. Әйтсе де әр бағдарлама бұл тақырыптарға әрқалай тоқталды. Тарқата айтып, тұтас сюжет арнағаны да, қысқа қайырып, шорт кескені де бар.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 3 қазанда эфирге шыққан бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан және Шымкент қалаларына сапарынан басталды. Бірінші сюжетте Назарбаев Түркістанда жаңадан салынған, қазір салынып жатқан құрылыс нысандарына барғанын жинақтапты. Тұңғыш президенттің орыс тілінде айтқан сөздерін қазақ тіліне аудармай, сол қалпында берді. Қала тұрғындарынан блиц-сауалнама да алыпты. Екінші сюжет Назарбаевтың Шымкенттегі сапарына арналып, қайда барғанын көрсетті.

Екі сюжеттен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішіндегі қабылдауларына шолу жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдағанына бөлек сюжет дайындапты. Сюжетте Қазақстанда тұратын армян және әзірбайжан диаспоралары өкілдерінің Таулы Қарабақтағы соғысты бейбіт жолмен шешу туралы үндеуі, елімізде жүздеген ұлыс тату-тәтті тұрып жатқанын баяндайды.

“7 күн” бағдарламасының жалпы ұзақтығы – 1 сағат. 27-минутынан бастап тақырып ауаны Елбасыдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ойысты.

Дәлірегі, сюжетте президент Тоқаев қайырымдылық ұйымдары және бизнес өкілдерімен кездескенін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар елдің жаңа тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдағанына тағы бір сюжет арнады. Сюжетте мұндай жиыннан түсірілген видеоның аз болғаны байқалды. Бір кадрды бірнеше рет қайталады.
Тоқаевқа топтамасы оның апта ішінде жасаған қабылдауларына жалғасты. Президент Тоқаев ҚР ҰБ төрағасын, Қорғаныс министрін, Ұлттық экономика министрі, БҚО әкімі және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесін қабылдапты.

“7 күн” тілшісі Ақбөпе Бәкір ресми Ақордаға сілтеме жасап, ақпарат агенттіктері таратқан хабарламаларды ғана айтып өтті.

АҚШ президенті мен оның жұбайы да коронавирус жұқтырғанын, Мемлекет басшысы мен Елбасы екеуі де Трамп отбасына сауығып кетуін тілеген жеделхат жолдағанын айтты. Жүргізуші Ринат Думанұлы АҚШ басшысы Трамптың коронавирус жұқтырғаны әлемдік биржалар индексіне әсер еткенін айтып, неліктен және қалай әсер еткенін талдамады.

Бағдарламаның 38-минутында Назарбаев пен Тоқаев тақырыбы аяқталып, праймеризге кезек жетті. Ресми жаңалықтарға, соның ішінде екі президенттің апта ішінде атқарған шаруаларына баса мән беретін бағдарлама бұл тақырыптарға арнайы айдар ашса да болатындай.

Өскеменде бүлдіршіндерге арналған сауықтыру орталығын балалар бақшасына айналдырыпты. Қазір жабылудың сәл алдында тұрған нысан мәселесін көтерген сюжет жан-жақты әрі толымды жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы шектеліп жатқанына нақты дәлел келтіріп, өзекті проблеманы мейлінше талдаған сюжет болды.

Ал интернеттегі алаяқтар туралы сюжет нақты мысалдар мен пайдалы ақпаратқа толы. Алаяқтар цифрлы тұзақты қалай құратыны, құрығына түсірер адамды қалай зерттейтінін баяндаған сюжетте жұртшылық ескере бермейтін мәлімет көп екен.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Ақмола облысында “Еңбек” бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” авторлары қайта күшейіп, әлемді әбігерге сала бастаған коронавирус індетінен сақтану мәселесін көтеріпті. Батыста екінші толқыны жүріп жатқанын айта келе Қазақстан жұртшылығы қалай сақтанатына назар аударады. Санитария мамандарына қосылып, Нұр-Сұлтан қаласында рейд жүргізген тілші Әсем Изатқызы көптеген орында бетперде тағу тәртібі орындалмайтынын көрсетеді. “Халық босаңсып кеткен” деп байлам жасайды.

Сюжетте Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін күзетші әйел бетперде тағу режиміне қатысты шын жағдайды ашық айтады. Экранда әйелдің тек сұлбасын көрсетіпті. Тілші Әсем Изатқызы: “бұл жағдайдан кейін о кісі жұмыстан шығарылуы мүмкін” деп, кейіпкердің алдағы жағдайы редакцияның бақылауында болатынын да ескертті. Сюжет кейіпкерінің тағдырына жауапкершілік танытқан тілшінің бұл сөзі – құптарлық іс.

Илон Маск Марсқа зымыран ұшырмақ. “Ұр тоқпақ” айдары осы жаңалықты ресейлік сайтағы фотоға сілтеме жасап, хабарлады. Мұндай жаңалықты түпнұсқа дереккөзіне, яғни ағылшын тіліндегі ресурстарға сілтеме жасай отырып хабарлаған жөн-ақ.

Таулы Қарабақ аймағындағы соғыс – бағдарламаның үшінші сюжетіне айналды. Тілші Берік Дүйсенбай Әзербайжан және Армения Республикаларының ҚР-дағы елшілерінен сұхбат алыпты. Әр тарап жағдайды өзінше бағамдап, соғыс басталуына түрткі болған себептерді алға тартады. Тілші бар жағдайға объектив баға беруге тырысыпты. Саясаттанушыларды да сөйлетіп, соғыс тоқтамаса, жағдай қалай ушығатынын, мұнда Қазақстан рөлі қандай болуы тиіс, деген сұрақтарға жауап алады.

Таулы Қарабақ тақырыбын бір сөзбен қысқа қайырған “7 күн”-мен салыстыра қарасақ, “Басты бағдарлама” авторларының сюжетін “толыққанды саяси сараптама” деп айтуға негіз бар.

«Трамп коронавирус жұқтырыпты” деген сыбыс халықаралық нарықта қара алтын құнының құлауына түрткі болған деседі». Келесі сюжеттің алғысөзін осылай бастаған жүргізуші Берік Дүйсенбай: «Экономикасы әртараптанбаған, шикізатқа тәуелді елдің сыртқы кірісі әрдайым әлдекімдердің түшкіргеніне де тәуелді болып қала береді» деп тағы жалғайды.

Ал сюжетте тілші Нұрай Құрақпай “Доллар бағамы неге көтерілді” деген сауалға жауап іздейді. Доллар тағы қаншалық қымбаттап, теңге қалай құнсызданарын, мұның экономикаға салдары қандай боларын экономистерден сұрайды. Сарапшылардан бөлек, бұқараның да пікірін біледі.

Apta, QAZAQSTAN

Жүргізуші Жайна Сламбек бағдарламаның әлқиссасын COVID-19 статистикасынан бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің брифингін де, АҚШ президенті мен әйелі коронавирус жұқтырғанын да қосты.

Бірінші сюжет Nur Otan праймеризіне арналыпты. Партияішілік сайлауға қатысып жатқандардың хикаясын баяндап, оларды сөйлетіп, басқа партиялар да саяси аренада осылай белсенділік танытса, барлығы жақсы боларын айтып, түйіндеді.

Бағдарлама авторлары “праймериз” деген не екенін түсіндіруге тырысыпты. Әйтсе де тақырыптан еш хабары жоқ көрермен көкейінде көптеген сұрақ туындайтын сюжет болыпты.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан және Шымкент қалаларына барғанын баяндайтын сюжет қатаң қалыптан аспайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысқаны тағы бір сюжетке негіз болыпты. Сюжетте президенттің онлайн-баяндамасын түрлі сарапшылар пікірі толықтырады.

Коллекторлар мен сот орындаушылары қалай жұмыс істейді? Қандай қитұрқы амал-тәсілдер қолданады? Қазақстандағы коллекторлар жұмысын жіліктеген сюжет қызықты жасалған. Пайдалы ақпараты да жетерлік.

Қазақстанда еңбекақысын ала алмай жүрген адамдар көбейген. Сюжетте бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай, табанынан тозған кейіпкерлер де, шенеуніктер мен заңгер комментарийі де бар.

Apta авторлары “қазанның алғашқы жексенбісі – Ұстаздар күні” мерекесіне сюжет жасамады. Есесіне астаналық мектеп-лицей директорынан бірінен сұхбат алыпты. Педагог даярлау, мұғалімдер жұмысы, жалақысы мен оқу-әдістемесі туралы әңгімелесті. Тәп-тәуір сұхбат, бірақ шалғай елдімекендердегі мектеп басшысынан да сұхбат алғанда толымды шығар еді.

Таяуда Алтынемел ұлттық паркі аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалған екен. Бұл жаңалық осы ұлттық парк және сондағы жануарлар әлемі туралы әдемі сюжетке арқау болыпты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь

Cоңғы жазбалар

Covid-19 салдары, Тоқаев жиындары және Бозжыра. 16-22 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
2020 жылғы 17 қараша. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқас алғаш тіркелгеніне 1 жыл толды. Apta және “Басты бағдарлама” авторлары кешегі аптаның қорытынды эфирін “Covid-19...

ШЫҰ, Ассамблея отырысы және Таулы Қарабақ. 9-15 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы кешегі апталық қорытынды бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” редакциясы ҚХА-ның 25 жылдық тарихын баяндаса, Apta авторлары отырыс қалай...

АҚШ-тағы сайлау, коронавирус және есек сүті. 2-8 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары коронавирустан және АҚШ-тағы президент сайлауынан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы елде коронавирус індетін қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтса,...

“Тәлім TREND”: батыр-полицейлер, қазақы феминизм және дәстүрлі тәрбие

Еліміздің бас телеарнасы – QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында "Тәлім TREND" бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жаңа жоба экранға шықпас бұрын, жұртшылық арасында қарама-қайшылыққа толы пікірлер айтылды....

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан – 1 қараша апталық бағдарламаларға...

0
Апталық қорытынды бағдарламалар эфирі коронавирус тақырыбынан басталуы қайта дәстүрге айналды. “7 күн” тілшілері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатқанын, “Басты бағдарлама” мен Apta редакциялары...