Алматыда 19 жастағы қызды асқан жауыздықпен өлтіру оқиғасы қазақстандықтарды шошытып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ал қазақстандық БАҚ осы қылмыстың егжей-тегжейін тәптіштеп жазып, бүге-шігесіне дейін көрсетуі жантүршіктірер әсер қалдырды. Қайғыны құралға айналдырды. «Жаңа репортер» медиасыншысы Назира Дәрімбет ел назарындағы қылмыс оқиғасын баяндаған жарияланымдарға шолу жасады.
Айта кетейік, «Сымбат» сән және дизайн академиясының 4-курс студенті Аяжан Еділова 20-наурызға қараған түні жоғалып кетті. Ал 21 наурызда оның өлімі, асқан қатігездікпен өлтірілгені жөнінде ақпарат шықты. Қыздың денесі Алматының шағынаудандарының біріндегі пәтерден табылды.
Аяжан Еділованың өлімі жария болған сәттен бұқаралық ақпарат құралдары қылмыстың мән-жайын жарыса жариялады. Марқұмның туған-туыстары мен таныстарының қайғысын елемей, сезімін сыйламай, кінәсіздік презумпциясынан аттап, этиканы сақтамай, кәсіби стандарттарды шетке ысырып, ақпарат таратты.
Мәселен, Tengrinews.kz порталы #НемолчиKZ қорына сілтеме жасай отырып,
«Аяжан жай өлтіріліп қана қоймай, ерекше қатігездікпен өлтірілген. Оның мәйіті бөлшектенген жағдайда табылды. Қылмыскер шапшаң әрі шебер әрекет еткені көрініп тұр. Қыздың туыстары “бұл оның жалғыз құрбаны емес” деп қорқады. Ол бір күнде жас қыздың денесін ең кішкентай бөлшектерге кәсіби түрде бөліп, кескілеп тастаған. Мәліметтер соншалықты таңғаларлық, бұл туралы жазу мүмкін емес», — деп жазды.
Ал «Литер» басылымы қыздың туыстары айтқан қорқынышты мәліметтерді келтіріп, күдіктіні «маньяк» деп атайды. «Аяжан Едилованың өлімі: маньяк әр тырнақ пен тісті пакеттерге салған» деп тақырыпқа да шығарады.
«Тіпті ұстау кезінде ол полицияны мазақ етіп, ортаңғы саусағын көрсеткені туралы ақпарат бар. Полиция күдіктінің айғақтарына сілтеме жасай отырып, алдымен оны өлтіріп, содан кейін денесін жасыру үшін бөлшектегенін айтады. Бірақ біз фотосуретті көргенде, дененің бөліктері мұқият әрі өте кәсіби өңделгенін байқадық. Маньяк әр тырнақты кесіп тастаған, әр тісі қағылып, бөлек пластик пакетке салынған. Егер ол денеден құтылғысы келсе, онда неге мұны жасады? Біз бұған сенбейміз. Мәйітханаға қоңырау шалғанда “бізге екі мәйіт болған болуы мүмкін” деп айтылды, бірақ қазір бұл түсініксіз, өйткені денесі бөлшектелген», — деді өлтірілген қыздың немере ағасы Алмат Муликов.
БАҚ бетінде Аяжанның басқа да туыстарының пікірі ұшыраспайды. Бәлкім, қыз қазасынан мұндай қорқынышты тұстарын жариялағысы келмеген болар. Алайда мұны ескеріп жатқан БАҚ некен-саяқ.
Жұртшылық бұл қылмыстың жантүршіктірер мән-жайын телеарналардан да көрді. Мәселен, «КТК» телеарнасы Аяжанның басы қайнатылғанын хабарлады. Бұл туралы басқа да телеарналар хабарлады. Аяжанның өлімі AstanaTV, «Алматы», «31 арна» және «КТК» телеарналарының басты жаңалығына айналды.
Рас, «31 арна»-дағы «Информбюро» бағдарламасының жүргізуші сюжет басталардан бұрын балаларды теледидар алдынан әкетуді сұрайды. Алайда YouTube арнасына жариялаған видеоға 18+ жас шектеуін қоймапты.
Күдікті ұсталар сәтте өз-өзіне пышақ жарақатын салған екен. Содан ауруханаға түсіп, жарақаты жазылған соң, тергеу изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүріп жатыр.
Осы кезде БАҚ-та күдіктінің толық-аты жөнін, фотосуреттері, тіпті басқа да жеке деректері лезде пайда болды. Мұндай ақпарат қайдан келгені белгісіз, бірақ көпке таралып кетті. Жариялауға болмайтын деректердің жариялануы, мұндай дерек құпия сақталатыны ұмыт қалды.
Мәселен, Politic.kz сайты күдіктінің фотосын шығарып, отбасы туралы әңгімелейді.
«Айқын» газеті сайтында фотосуреті жарияланып, әлеуметтік желідегі парақшасынан толық аты-жөні мен жазбаларын да мысалға алыпты.
Сaravan.kz интернет-басылымы да күдіктінің суретін көрсетуге асығыпты. Күдіктінің фотосуреті мен басқа деректерін Adyrna. kz порталы да жариялады. Оны «қылмыскер» деп атай отырып, мектепті үздік бітіргенін де айтып өткен.
Тақырыпты sn.kz сайты жалғастырады. Күдіктінің суретін жариялап, өлтірілген қыз интернетте үш күн мессенджерде хат алмасқанын айтады.
Мұндай ақпараттар ағымында полицейлер қыздың жоғалып кеткені туралы арыз-шағымды бірден қабылдамағаны жөніндегі хабарламалар көлеңкеде қалып қойды. Қыз туыстарының сөзінше, полицейлер қыз жоғалған күні «митингтерде күшейту жұмысымен айналысқан» екен. Әйткенмен Алматы қаласы ІІД өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, шағым түскен соң дереу іздеуге кіріскенін арнайы брифингте айтады. Кейбір БАҚ-та мәйіт жасырылған пәтерді полицейлер тапқаны хабарланса, басқалары мұны еріктілер жасағанын жазады.
«20 наурыз күні таңертең іздеу басталды, туыстары полицияға сағат 12.00-де хабарлады, бірақ олар алдымен митингтерде күш салып жұмыс істегенін айтып, өтінішімізді алған жоқ. Іздеу жұмысына достар мен еріктілер қосылды. Олар такси қызметіне сұраныс жасады. Бұдан әрі әңгімеден көрініп тұрғандай, 21 наурызда еріктілер inDriver такси жүргізушісін тапты, ол Аяжанның қайда кеткенін хабарлады. Мекенжайды полиция хабарлады. Содан кейін олар оны абоненттік нөмірдің базалық станциясы арқылы іздеді. Шамамен 23.00-де біз мекен-жайға бардық. Онда полиция болған», — деп жазды Tengrinews.kz.
Сонымен, қыз денесі табылған пәтерді бірінші кім тапты? Жәбірленушінің туыстары полицияға қашан шағымданды, олар шағымды қабылдаудан бас тартқаны рас па? Қабылдаса, күні, сағаты қанша? Ешбір медиа бұл сұрақтарға жауап іздемеді.
Есесіне күдіктінің фотосуреттері мен жеке деректерін жариялаған соң, қазақстандықтар қаза тапқан адам жайында рас-өтірігі белгісіз қаншама ақпарат білді.
Бірнеше басылым Аяжан күдіктіге пәктігін сату мақсатында келгенін хабарлады. Бұл туралы Адырна.кз, Altyn-orda.kz сайттары: «Аяжан пәктігін 500 мың теңгеге сатты»: күдікті Аяжан Еділованы не үшін өлтіргенін айтты» деп жазды.
Kun.kz интернет-басылымның YouTube арнасы дәл осындай ақпаратты полициядағы күдіктінің мойындағанына сілтеме жасап берді. Алайда, бірде-бір жарияланымда дереккөз жоқ: есімдері де, лауазымдары да жоқ, ол туралы кім және қайда айтты, белгісіз. Мұндай ақпараттар тергеу құпиясына жататыны себепті жалпыға жарияланбауы керек. Бұл рас ақпарат па, фейк пе? Осы сауал жауапсыз қалып, ешкім де анықтап жатпады.
Бұл жарияланымдар сенсация қуып, рейтингке ұмтылып, кликбейт ақпараттарды жариялағанда журналистік этиканың қарапайым стандарттары бұзылатынын көрсетті. Жарияланым салдарын елеп-ескеру байқалмайды.
Шынтуайтында, бұл жарияланымдар оқырмандардың марқұм мен оның туған-туыстарына деген теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін-ақ. Кісі қолынан қаза тапқан қыздың жақындары қайғыдан қан жұтып, кімге не айтып қойғанын білмей да қалуы мүмкін. Ал журналистер қайғы-мұңды трафикке айналдырмай, жарияланымның салдары қандай боларын естен шығармай, этиканы сақтағаны, кәсібиліктен қиыс кетпегені абзал.