ДомойМедиасынАссамблея сессиясы, бензин бағасы және қырғыз-тәжік шекарасы. 26 сәуір-2 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға...

Ассамблея сессиясы, бензин бағасы және қырғыз-тәжік шекарасы. 26 сәуір-2 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Ассамблея сессиясы, бензин бағасы және қырғыз-тәжік шекарасы. 26 сәуір-2 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламаларға ортақ тақырып — Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы. «7 күн» және Apta бағдарламалары президент Қ.Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездескеніне де сюжет арнады. «Басты бағдарлама» редакциясы бала күнінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды сөйлетіп, ауыр тақырып қозғапты. Apta авторлары бензин неліктен қымбаттап жатқанын талдап, мұның жаппай қымбатшылыққа ұласуы мүмкін екеніне алаңдапты.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарламаның бастапқы 5 минуты Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихына, институт ретіндегі рөлі мен Тұңғыш президент Н.Назарбаев ұйымға төрағалық ету құзіретін президент Қ.Тоқаевқа бергенін баяндауға арналды. Содан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына 10 минуттық сюжет арнады.

Кешегі апта соңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуге қатысты. Осы кездесуден 10 минуттық сюжетте жоба қатысушыларынан пікір алып, президент сөзінен ұзынсонар үзінділер берді.

Мемлекет басшысының апта ішіндегі телефон сөйлесулері мен қабылдауларына шолудан кейін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне де сюжет берді. Сюжетте қазақ тілін жетік білетін, Қазақстанда табысты еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерін көрсетті. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтар достығын қалыптастырудағы орнын да айтып өтті.

Ал QazVac вакцинасы туралы сюжет отандық вакцина жасаушылармен сұхбаттан басталып, отандық вакцинаның ерекшелігі, қалай дайындалғанын баяндайды.

«Жолда абай бол» сюжеті мопед, электросамокат, велосипед айдағандардың жол апатына ұшырау оқиғаларын жинақтапты. Жол қозғалысына қатысатын көлік ретінде тіркелмесе де бұл көлік құралдарының өз жол ережесі бар екенін еске салып, құзырлы орган мен велосипедшілер қауымдастығының өкілдері пікір, комментарий берген толымды сюжет.

Бағдарлама экология тақырыбына арналған «Экология — ел тынысы» деген сюжетпен аяқталды. Сюжетте тілші Сәкен Сейітханұлы экологияға тигізген зардабы үшін салынатын айыппұл мәселесін қозғайды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама негізсіз айыппұлдар мәселесін қозғаған сюжеттен басталды. Сюжетте жер-жердегі ақылға қонымсыз айыппұлдар оқиғасын жинақтапты. Мәселен, Қостанай облысының Владикинка ауылындағы дүкен сөресінде екі бөлке нанның беті ашық тұрғаны үшін «санитарлық талаптарды сақтамады» деп дүкеншіге 83 мың теңге айыппұл салынған екен. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен айыппұлдың заңсыз екені дәлелденіпті.

Ал «Ұр тоқпақ» айдары Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы қызғалдақ оқиғасына арналады. Қызыл кітапқа енген «Грейг» қызғалдағының 6 талын жұлған азаматқа «9 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін» деген ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен. «Ұр тоқпақ» авторы Айдана Үсенбай осы мәселеге тоқталып, далада өсіп тұрған гүлдерді жұлуға болмайтыны жайында еш ескертпе тақтайша қойылмағанын мәселе етіп, заңгер пікірін берді. Дәл осы ескертпе тақтайша жөнінде құзырлы орган өкілдері пікір білдірсе, жөн-ақ еді.

«Жыл сайын Қазақстанда жүздеген балаға жыныстық сипаттағы зорлық жасалады». Алғысөздегі осы қорқынышты деректің дереккөзін айтпады. Сюжет жас балаларға жасалатын зорлыққа дер кезінде мән берілмейтіні, жасыруға қазақы менталитет те бейім екені туралы болды. Зорлық көрген екі кейіпкер хикаясын баяндап, психологтар пікір білдіріпті. Кейіпкерлер уақытында айтылмай, кейін ашылмаған қылмыстың зардабын тартып жатқанын әңгімелейді. Ішкі істер органдары тарапынан комментарий болмады.

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлгі күні мерекесіне арналған сюжеттің алғысөзіне жүргізушілер Қордай оқиғасының қатысушыларына сот үкімі шыққанын, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткенін айтып, Қазақстандағы неміс отбасының тұрмысын көрсетті. Тілші сюжетін «Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісін алып жатқан мемлекеттер бар» деп аяқтады. Алайда қай-қай мемлекеттер екенін атамады.

«Осы апта қайғылы қазамен айшықталды… 81 жасында Ескендір Хасанғалиевтен айырылып қалдық». Жүргізуші Әсем Изатқызы композитор Ескендір Хасанғалиевтің бақилық болғанын осылай естіртті. Қазақ тілінде «айшықталды» сөзі жақсы хабарға, ал «айырылып қалдық» тіркесі әдетте жас адамның өліміне айтылатынын редакторлар ескермесе керек.

Бағдарлама соңында тілші Айдана Үсенбай Түркістан облысындағы Укаша ата құдығына сапарын баяндады. «Басты бағдарлама» авторларының Түркістан облысындағы туризм нысандарын насихаттауы дәстүрге айналғандай. Мәселен, өткен шығарылымда тілші Айдана Үсенбай Қазығұрт тауына барып, «Ғайып ерен, қырық шілтен» деген жердің кереметін танытқан еді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қазақстандағы COVID-19 және коронавирусты пневмония, вакцина алғандар статистикасынан басталды. Коронавирустың ағзаға зиян салдары, өз бетінше емделу, түрлі түсініксіз қытайлық дәрілік қоспаларды ішу, асқыну, емдеу хаттамасы, вакцинация тақырыптарын қамтыған сюжетте бірнеше кейіпкер бар. Елдегі вакцинацияның баяу жүргізілуі, QazVac вакцинасы, коронавирус нұсқалары, Үндістандағы коронавирус індетінің күшейгенін де айтты.

Президент Тоқаев апта соңында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Хикаясы қызық жеңімпаз кейіпкерлер бар.

Қазақстанда бензин қымбаттап жатыр. Сюжетте бензин бағасы мен халықтың айлық табысы бір бірінен алшақ жатқанын, адамдардың кірісі аз, ал бензин бағасы шарықтап тұрғанын айтады. Тілші бензин қымбаттауы басқа тауарлардың құнына қалай әсер ететінін түсіндіріп, сарапшыларды сөйлетеді.

Сырдарияның суы азайып барады. Өзен алабындағы Қамбаш көлінің суы тартылып, жағалаудан 500 метрге алыстаған. Қызылорда облысындағы жоғалып бара жатқан көлдер тақырыбына арналған сюжетте жергілікті тұрғындардың қиын тұрмысы мен жағдай қаншалықты ауыр екенін айқын көрсетті.

Қырғызстан-Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс тақырыбына сюжет арнамай, президент Тоқаев екі ел басшыларымен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, оқиға орнынан таралған видеоларды көрсетті. Ал сюжет Қырғыз Республикасында кәсібін жүргізіп жатқан қазақстандық кәсіпкерлер мен компаниялар туралы болды.

Композитор Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды. Бағдарлама белгілі композитордың «Атамекен» әнімен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР