Екі жылдай бұрын «Жас Алаш» деп ашылып, кейін атауы өзгерген New Alash YouTube-арнасының 35 мыңнан астам жазылушысы бар. 2021 жылғы мамырда жалпы көрілімі 3 миллионға жуықтапты. Арнадағы «Тілеуханұлымен сұхбат» жобасының авторы, журналист Қанат Тілеухан: «Хайыпсыз өз төл өнімімізбен жеткен жеріміз осы» (цитата қаз-қалпында беріліп отыр — ред.) деп жазды. Көбіне-көп мемлекеттік БАҚ сырт айналатын белгілі тұлғалармен сұхбаттасатын жоба авторының жазбасы арна контентін шолуға түрткі болды. Бұрынғы газет және телеарна журналистерінен құралған команда жасап жатқан мұндай қазақша YouTube-арналар да саусақпен санарлық. «Жаңа репортер» авторы Назира Дәрімбет «Жаңа Алаш» арнасының видеоларын қарап шықты.
New Alash, яғни «Жаңа Алаш» YouTube-арнасын «Жас Алаш» газетінің бұрынғы редакциясы, дәлірегі Руслан Ербота бас редактор (2017-2020 жж) боп тұрған кездегі команда ашты. Кейін газет құрылтайшыларының шешімімен бас редактор ауысты. Бұған наразы бірнеше журналист бұрынғы редактормен бірге жұмыстан кетіп, басқа жаңа медиажоба бастады. «Жас Алаш» YouTube-арнасының атауы New Alash деп өзгерді.
Арнаның кейбір видеолары мыңдаған қаралым жинапты. Әйтсе де жасаушылары контент мазмұнын жоспарлағанда белгілі бір идеяға не тұжырымдамаға жүгінбеген сияқты. Сипаттамасында: «Саяси, әлеуметтік, мәдени және тарихи тақырыптарды көтеретін тәуелсіз арна» деп жазылған. Дегенмен «барлығын бір себетке сала беру» де шашыраңқы көрініп, қиюласпаған құраққа айналыпты.
Бұл сөзімізді «Жер-бесік. Сыртқасқабұлақ» сияқты дыбысы нашар видеожазбалар, баспасөз конференциясынан тікелей эфир, сараптамаға ұқсатқан апта қорытындылары және тағы басқасы растай түседі.
Бәлкім, мұндағы мақсат — жалпы көрермен қызығушылығын ескеріп, мейлінше көп аудиторияны қамту болар. Десе де авторлар өзі түсірген және әр жақтан алынған видеоларды арнаға еш қисынсыз жариялауы да арнаның салмағын азайтады.
Қазір форматы, хронометражы, тіпті дыбыс пен кадр сапасы да әртүрлі 89 видео жарияланыпты. Ең көбі 250 мыңға жуық қаралса, ең азы 36 рет қаралыпты.
Арнаның алғашқы видеосы — мұрағаттағы ескі видеожазба. Видеода қоғам және мемлекет қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы сөйлейді. Видео саясаткердің қаза тапқан күніне орай жарияланған шығар, бірақ көрерменге бұл айтылмайды.
Жалпы арнаны кімдер және қандай мақсатта ашқаны жөнінде де еш ақпарат жоқ.
Ендігі бірнеше видео Алматы облысында түсірілген. Тақырыбына қарасақ, серияға ұқсайды, алайда бір бірімен басқа байланысы жоқ. Шоқан Уәлихановтың Қапал ауылында болуы, жазушы Сайын Мұратбековтың шығармасындағы жабайы бақ, жергілікті табиғат сұлулығы айтылады.
Былтыр қыркүйекте арнада Malim.kz сайтының бас редакторы Руслан Ербота жүргізетін «Айтылмаған жаңалық» айдары пайда болды. Парламент сайлауының алдында ашылған жобада автор көрермендерге депутаттардың, шенеуніктердің мәлімдемесін түсіндіруге тырысады. Әдетте көшеде түсірілетін 5-7 минуттық видеоларды сараптамаға жатқызу да қиын. Жүргізуші әзілдеген болып, саяси жаңалықтар мағынасын «шайнап ауызға салып беріп отырады».
Арнадағы алғашқы сұхбат қонағы — журналист-белсенді Жанболат Мамай екен. Мұнда да кіріспе жоқ. «Алда әлі де көптеген қызықты кездесулер болады» деп уәде береді.
Арнаның жалпы тұжырымдамасы жоғын айттық.
Сондай-ақ, осы және кейін шыққан сұхбаттарда негізгі тақырып, әңгіме қисыны байқалмайды. Журналист бір бірімен байланыссыз сұрақтарға көше береді.
Жанболат Мамайдан сұхбат алуға не себеп болғаны анық: ол серіктестерімен бірге саяси партия құру туралы мәлімдеме жасаған еді. Сол кезде бұл елдегі елеулі оқиға болды. Алайда, сұхбат бір-бірімен байланыссыз сұрақтар топтамасына айналып, әңгіменің логикалық тізбегі ну ормандағы жалғыз жол сияқты жоғалып кетті.
Мәселен, Қанат Тілеухан: «Партия құру идеясын қолдайтын жас ізбасарлар, құрдастарыңыз бар ма?» бар деген сұрағынан кейін кенеттен 10 жыл бұрын Мамайдың әйгілі ақын Мұхтар Шахановпен белсенді жұмыс атқарғаны, ал қазір қарым-қатынасы үзілгенін сұрайды.
Келесі сұрақ та өткен шаққа сілтейді: «Сіз „Трибуна“ газетін шығарған кезде (2012 жылы) танымал сарапшы Денис Кривошеевпен бірге жұмыс істеген едіңіз, оның қазіргі сізге деген көзқарасын қалай бағалайсыз?».
Бұл қандай «көзқарас» екені түсініксіз, өйткені сұрақ қоюшы мұны айтпайды.
Жанболат Мамайдан Денис Кривошеевтің «Трибуна» құрылтайшыларын «журналистер қаламақасын әлі күнге дейін төлемеді» деп айыптағаны туралы неліктен сұрамады екен? Сонда әңгіме қызығырақ болатын еді.
Қонақ: «Бізге елді өзгерткісі келетін, көмектесетін азаматтар бар» деп айтқанда, жүргізуші «Бұл адамдар кім?» деп сұрамады. Сұхбат ашыла түсер еді. Ақша тақырыбы әрдайым қызық. Ал жүргізуші осы сауалды абайлап айналып өтті.
Жүргізуші сұхбат соңында қонағына блиц-сұрақтар қояды. Жауаптары тұлғаның жеке сипаттамаларын ашуға тиіс. «Познер әдісіне» баланатын бұл әдісті портрет-сұхбат бойынша өте орынды және тиімді екенін ескерсек, мұнда блиц-сауалнама артық көрінді.
Жүргізуші «Познер блицін» оппозиция ардагері Жасарал Қуанышалинмен сұхбатта да қайталайды. Ал енді бір сұхбаттарында бұдан бас тартады.
Осы және басқа сұхбаттардың басты мәселесі — ақпараттық, жедел және портрет-сұхбаттардың араласып кетуі. Салдарынан тақырып толық ашылмайды. Көрермен видеоны соңына дейін көріп шықса да көкейінде көп сауал қалып қояды.
«Тілеуханұлымен сұхбат» жобасының ең маңызды әрі жиі талқыланып, жұртшылықты тәнті еткен шығарылымы— елге оралған белгілі режиссер Болат Атабаевпен сұхбат.
Сұхбатты Болат Атабаев тұратын көпқабатты үйдің ауласында түсіріпті. Бұл сұхбатқа ерекше әсер берді. Десе де ауладағы у-шудан әңгіменің кейбір тұстарын түсініксіз естіледі. Естілмей қалатын сәттері бар. Сұхбатты аулада жазуға режиссердің денсаулығы себеп болса керек.
Сегіз жыл бұрын саяси қуғын-сүргінге ұшырап, елден кетуге мәжбүр болып, содан бері Германияда өмір сүрген диссидент-режиссермен әңгіме «Бұл аула неге неміс ауласы деп аталады?» деген сұрақтан басталады. Ізінше қандай тақырыптарда сұрақ қоюға болмайтынын сұрап, балалық шағына ойысады.
Сұхбатта сөйлеушінің балалық шағы, өміріндегі ыстық естеліктерінен сыр суыртпақтау да ұтымды тәсіл. Сенім ұялатып, әңгімеге жылу сыйлайды. Расымен де эмоцияға толы, әсерлі сұхбат болды.
Әйткенмен ұзақ жыл эмиграцияда болған тұлғамен сұхбатта «Ол неге елге оралды және қалай оралды?» деген сұрақтан басталса да болар еді. Көрермен де мұны білгісі келетіні анық. Бір сағаттан астам сұхбаттың 40-минутында ғана жүргізуші режиссердің эмиграциядағы өмірін кездейсоқ сөз етеді. Режиссер еліне баяғыда, 10 жыл бұрын оралғандай.
«Жаңа Алаш» арнасының ұтымды жақтары да баршылық. Телеарнада жұмыс тәжірибесі бар Қанат Тілеухан орысша сөйлейтін спикерлермен сұхбаттасады. Бұған да белгілі бір батылдық қажет.
Мәселен, белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтиспен сұхбатында: «И че, за тенденция такая?» деп орысша қате сұрағына қарамастан, студия қонағының жеке қасиеттері ашылып, өте әдемі шыққан. Жовтистің өмірінен көпшілікке белгісіз көптеген дерек айтылды. Евгений Жовтистің әкесін Мағжан Жұмабаев еңбектерін насихаттағаныүшін «қазақ ұлтшылы» атағаны немесе бірнеше жыл бұрын кездейсоқ адам қағып, түрмеге отырып шыққаннан кейін көлікті өзі жүргізбейтіні туралы білдік. Кісіні сөйлете білген журналист шеберлігі мақтауға лайық.
Қонақпен жайбарақат, әдепті әңгіме жүргізу стилін ұстанатын журналистің 2006 жылдан бері түрмеде отырған диссидент-ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдарханмен орыс тіліндегі сұхбаты мазмұнды әрі серпіліске толы екен. Жастарға жақын спикердің саясат туралы ақылға қонымды пікірлері арнаға көп пайдасын тигізді. Бір ескерту — әңгімелесушілердің жақын отыруы көзге ұрады.
Әр сұхбатта жүргізушінің әдеттегі форматтан алыстап, тереңірек материал жасауға тырысуы ұтымды әрі орынды. Алайда кейбір маңызды ақпараттар артық сөз, артық сұрақтардың тасасында қалып жатады.
Жалпы арнаның контенті құрақ көрпеге ұқсайды. Біраз видеосы біртұтас композиция жасауды емес, бос орынды толтыру не жыртықты жамай салуға бағытталғандай.
Екі жылда жазылушысы 30 мыңнан асқанын «жетістік» деп айта аламыз ба? Арнаның атына заты сай кәсіби, ұзақ уақыттан қалыптасқан ұжымы және тәжірибелі журналистері бар. Оларға 30 мың жазылушы дегеніміз сөз бе? Арна контент мазмұнын жоспарлаудан бастап безендіруге дейін жүйелі жұмыс істесе, жазылушылар саны екі-үш есе артып, жолын тауып кетер еді.