Келеңсіз оқиғадан зардап шеккен балалардың бейнесін жасырмау, адамдарды сот шешімінсіз-ақ қылмысқа кінәлі деп атау, қоғам өкілдерін алалайтын тілді қолдану – Қазақстан телеарналарынан жиі байқауға болатын көрініс. Медиадағы сауаттан бейхабар болу немесе ақпарат құралдарының оны әдейі ескермеуі – өкінішті әрі дабыл қағатын жайт. Бұған шілденің кейінгі екі аптасында «КТК» және «Еуразия бірінші арнасы» ақпарат бағдарламаларына шолу жасап, көз жеткіздік.
Күні бұрын айып тағу мен өшпенділік тілі
Шілденің аяғында әлеуметтік желілерде бір адамды жығып, телефонға түсіріп жатқан топтың видеосы тарады. Желідегі мәліметке қарағанда Қызылорда тұрғындары «кішкентай қызға зорлық жасамақ болған адамды ұстаған».
Бұл ақпаратты эфирге берерде «КТК» телеарнасы кінәсіздік презумпциясын ескермей, заң мен этика талаптарынан хабарсыз екенін аңғартты.
Жүргізуші Ерланби Дәулетияр «Қызылордада бес жасар қызға тиіскен педофил ұсталды» деп хабарлады.
«Азғынның анайы әрекетін дер кезінде көршілері байқап, баланы аман алып қалды. Шынашақтай қызды арашалап қалған сәтті ұялы телефонға түсіріп алған. Кадрде көрініп тұрғандай, ашуға булыққан жұрт балаға қол жүгірткен еркекті жан-жақтан түтіп жеп жатыр. Белгілі болғандай, бес жасар баланы азғын әрірек әкетпек болған. Абырой болғанда, көршілер көріп, арам ойы іске аспай қалды. Қайта сазайын бермек болған халықтан қызқұмарды полицияның арашалауына тура келді. Бүлдіршінді бүлдірмек болған еркек қамауға алынды. Кінәсі дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін».
Хабарламада ақпарат көзі айтылмайды, демек, теория бойынша рас-өтірігі де белгісіз. Ақпаратта сөз болған адамның «кінәсі әлі дәлелденбегенін» журналистердің өзі де айтып тұр. Ақпарат құралы сот кінәлі деп таппаған адамды қылмыскер ретінде атауға құқығы жоқ. Кінәсіздік презумпциясы деген – сол. Ол туралы Қазақстан Конституциясының 77-бабында «адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» делінген. ҚР Журналист этикасы кодексінде де кінәсіздік презумпциясы қағидасын ұстану туралы айтылған. Мұндай жағдайда журналист ешкімді кінәлі деп атай алмайды, қылмысы дәлелденген адам туралы ақпарат таратқанның өзінде «азғын», «қызқұмар» деген өшпенділік тілін қолдану – кәсіби этиканы білмеу. Сонымен бірге заңгерлер күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалмай тұрғанда оған қандай жаза қолданылатынын айту да дұрыс емес деп есептейді.
Телеарна журналистерінің мұнысынан видеода әлгі адамның түрі көрінбей қалғаны абырой болған деген ой туады. Телеарнаның YouTube-арнасында осы материалға «Полиция педофилді жұлып жатқан (?) тұрғындардан әрең арашалады» деген тақырып қойылыпты. Сот күдіктіні кінәлі деп таппаса, ол осы ақпарат үшін телеарнадан моральдық шығын талап ете алады.
«Еуразия бірінші арнасы» бұл жағынан анағұрлым жауапты болып шықты.
Жүргізуші «Қызылордада жергілікті тұрғындар кішкентай қызға азғындық жасамақ болған ер адамды ұстап алды. Әлеуметтік желілерде педофилдің қолға түскен сәті таспаланған видео тарап жатыр» деп хабарлағанымен бұдан ары негізсіз айыптан сақтанып, сөйлемдерді мұқият қолданады. Материалдағы адам «азғын» емес, «күдікті». Бәрінен бұрын телеарна журналистері ақпарат көзіне сілтеме жасайды, яғни бұл ақпарат негізді, оны полиция растағанын түсінеміз:
«Ашуға булыққан жұрт полицейден күдіктінің түрін көрсетуді талап етуде. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Бектұрғанов көшесінде тұратын азаматтар полицияға хабарласып, бүлдіршінге зорлық жасамақ болған ер адамды ұстап алғанын айтыпты. Тұрғындар күдіктінің бес жасар балаға тиіскенін көрген екен. Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта осы дерекке қатысты соталды тергеу басталды. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін шаралар жүргізіліп жатыр».
Қылмысқа қатысты материал жасағанда қай мәлімет құқық қорғау органына, қай мәлімет хабар таратушыға тиесілі екені айқын ажыратылып тұруы керек. Бұл жерде де нақтылық пен бейтарап болу – заң мен этиканың талабы. «КТК» эфиріндегі Атырауда ақша бопсалағаны үшін ұсталған қыз туралы материалдан күдіктіні тап солай полиция суреттеді ме, әлде журналистер ме, айыру қиын. Өйткені кадр сыртынан айтылған сөйлемдердің ешқайсында ақпарат көзі аталған жоқ. Күдікті «жас жігіттерді құрығына түсіріп жүрген», «бозбаланың әбден сеніміне кірген», «шаруа біткесін «зорлау фактісі бойынша үстіңнен іс қозғаймын» деп әбден қорқытқан» деп, жігіт «амалы таусылған», «полицияға шағымдануға мәжбүр болған», «басы бәлеге қалған» деп суреттеледі. Полицейдің синхроны берілгенімен баяндау тәсіліне қарағанда телеарна қылмысты өзі анықтағандай болып тұр. «КТК» материалды YouTube-арнасына «Хиджаб киген қыз зорладың деп миллиондаған ақша бопсалаған» деген атаумен жариялаған.
Жан түршіктіру мен виктимблейминг
Медианы зерттеушілер кісі өлімі, адамның ауыр жаралануы сияқты келеңсіз оқиғаларды хабарлағанда «ешкімге зиян тигізбеу немесе зиянды барынша азайту» қағидасын ұстануды ескертеді. Бұл қағида бірнеше негізгі талаптан тұрады:
- аудитория хабарланатын ақпаратқа қаншалықты мұқтаж екенін саралау;
- ақпаратты хабарлағанда қандай зиян келуі мүмкін екенін ескеру;
- ақпаратта аты аталатындарды, әсіресе зардап шегушілерді құрметтеу, өміріне қауіп, абыройына нұқсан келтіріп алмау;
- мәселенің мән-жайын әдеп бойынша баяндау;
- адам құндылықтарын, нәсіл, ұлт, дін, жыныс, дене бітімі, басқа да ерекшеліктерін ескеру;
- адамдардың жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты жарияламау.
«КТК» 22 шілдеде Шымкентте бір қыз бала теміржолдағы көпірде токқа түсіп, күйіп қалғанын хабарлады. Жүргізуші «Жасөспірім теміржол үстіндегі көпірдегі темір қалқа торға шыққан. Телефонмен видео түсірмек болған кезде аспалы электр сымына жабысып өртене бастаған», — деді.
Бұдан соң куәгер адам токқа түскен кезде көпірдің үсті «салют сияқты атылғанын», «орыс қызын көргенін» айтады. Тілші оған «Шыңғырып жатты ма?» деп сұрақ қояды. Куәгер зардап шегуші «қимылдап жатқанын», «кәдімгідей жанып жатқанын», «ұзынынан жатқанын» айтуға мәжбүр болады.
Куәгердің сөзінен кейін жүргізуші кадр сыртында «Оқиға орнында қыздың жанып кеткен киімінің шүберектері әлі торға жабысып тұр. Тіпті электр сымында қыздың шашы ілініп қалған», — деп хабарлады. Сымға жабысқан шашты көрермен видеодан онсыз да көреді.
«Жасөспірім телефонмен видео түсірмек болған» деп хабарлаған жүргізуші кейін «TikTok-қа видео түсіргісі келді ме, әлде басқа жағдаймен қауіпті орынға көтерілді ме, оны ешкім әлі айта алмайды» дейді, яғни зардап шегушіні жанама айыптайтын әуелгі ақпараты расталмаған. Бірақ материал авторлары бұған аса бас қатырмай, оқушы қалай өртенгенін тәптіштеп, жан түршіктіре баяндауға көшеді.
«Еуразия бірінші арнасы» бұл оқиғаны кадр сыртынан қысқаша ақпарат етіп хабарлауға қимай, сюжет жасауды ұйғарған. Тілші әлгі көпірден стендап жасап, куәгерлердің ақпаратын жеткізді, кадр сыртында «қызды ток ұрған кезде отшашу секілді болғанын», «қатты қиналған дауысы шыққанын», «ешкім көмектесуге беттей алмағанын», «қыздың денесі сүйегіне дейін күйіп кеткенін» айтты. Қыз токқа түскенде оқиға орны «түтіндеп, сасып кеткенін» айтқан куәгердің сөзін берді. Дәрігерлер тілшіге «қыз аман қалған күннің өзінде мүгедек болып қалуы мүмкін екенін» айтыпты. Сөйлеміндегі тавтологиямен, субтитрдегі қатемен бірге тілші электр тогы мен электр энергиясы екі басқа нәрсе екенін де ескермеген, бұл контексте әңгіме электр желісін токтан ажырату туралы еді. Сол себепті «төтеншеліктер келіп, электр энергиясын өшіргеннен кейін ғана күйіп қалған қызды төменге түсірген» деген сөйлем дұрыс емес. Бірақ тілші үшін кәсіби талаптардан гөрі төтенше оқиғаның драмасын күшейткен маңызды болғанға ұқсайды.
«Оқушы қыз не себепті торға көтерілгенін құқық қорғау органдары анықтауға кірісті» деп хабарласа да, телеарна бұл материалды YouTube-ке «TikTok-қа видео түсірмек болған қыз токқа түсті» деген атаумен жариялаған. Осылайша екі телеарна да оқиғаның себебі анықталмай жатып, кінәні зардап шеккен адамның өзіне бұратын (виктимблейминг) қорытынды жасайды.
«Еуразия бірінші арнасы» жаңалықтарының орысша нұсқасында бұл ақпарат басқаша сипатта: «Полиция 15 жастағы оқушының токқа түскеніне қатысты іс қозғады. Қызды суицидке итермелегендер болуы мүмкін».
Дисфемизмдер мен әлеуметтік стигматизация
Ақпарат таратуда этиканы, кәсіби стандарттарды ескермеуді шартты түрде трэш-журналистика деуге болады. Өкінішке қарай, шолуымыз біздегі телеарналардың ішінде «КТК» мен «Еуразия бірінші арнасының» ақпарат бағдарламасында осындай сипаттағы материалдар жиі көрсетілетінін байқатты. Трэш-материалдарға тән белгілер: кез келген төтенше оқиғаны ең жойқын, ең алапат, ең сұмдық жағдай деңгейіне көтере суреттеу; жыныстық қатынас, зорлық-зомбылық, қатыгездік, тағы сондай тақырыптарды бар деталін тәптіштеп, әуестене баяндау; жиіркеніш, өшпенділік сияқты жағымсыз эмоцияны үдететін тілді қолдану; ақпаратты әлеуметтік, моральдық, гендерлік, басқа да стереотиптерге сүйеніп тарату және тағы басқа.
22 шілдеде «КТК» Түркістан облысында бірнеше ауылдың тұрғындары «жезөкшелер ордасына айналды деп жергілікті қонақүйге шүйліккенін» хабарлады. Қысқаша мәні: бір топ адам «қонақүйге жезөкшелер мен мас клиенттер келіп, ауылдың берекетін кетіреді» деп наразы, қонақүй иесі «бұл ондай жер емес» деп ақталып отыр, осы кезге дейін полицияға ешкім шағымданбаған.
Осы материалда секс-қызмет ұсынатын әйелдердің әрекетіне наразы адамдар мен журналист қолданған тіл ерекшелігінің айырмасы болған жоқ. Ақпарат тілі бейтараптықтан ауытқымауды талап ететініне қарамастан жүргізуші де, тілші де дисфемизмдерді (жағымсыз реңк беру үшін немесе экспрессияны күшейту үшін бейтарап сөзді алмастырған неғұрлым тұрпайы балама) оңды-солды қолданған:
Үнемі жеңіл жүрісті сылқымдар мен мастардың у-шуынан шаршаған ауылдықтар қонақүйге ондайларды жолатпасын деген талап қойды.
Расында шылымды бұрқыратқан сылқым саудаласып отыр, бірақ «бұл қонақүйге қатысым жоқ» дейді.
Жиналғандар қонақүй жеңіл жүрістілердің ордасы дегенімен ішке кіргенде жезөкшелерді таба алмадық.
Бұдан да дөрекі лексиканы төл сөзге қалдырған («Демалмай ұра береді, ыңқылдаған дауысы бар, басқасы бар», «Ақымақ емеспін жәлеп сататын, кіреберіске де жазып қойғанмын «Жәлеп жоқ» деп»).
Қолданылған экспрессив сөздер журналист жанжалдасушылардың мүдде-көзқарасына бейтарап емес екенін байқатып қалады. Сөзінде «жезөкшелерді» айыптайтын тараптың ықпалы басым, арагідік сол тарапты қолдайды да:
«Демалыс орны ашылғаннан бері ішіп, шегіп алып жүретіндер көбейген көрінеді. Сондықтан ауылдың берекесін алған қонақүйдің мәселесін шешуге осында жиналды» («берекетін кетірген» деген тіркесті қолданғысы келген болуы керек);
«Ал қонақүй әкімшілігі кім кіріп жатса да, бәрібір сияқты».
Қазіргі медиа үшін «жезөкше» сөзін қолдану да адамдардың белгілі бір тобын стигмалау, теперіш көрсету болар еді. «Ерсі жүріс-тұрыс» пен «ашық-шашық киінуді» айыптауға қарсы салыстырмалы түрде жаңа ұғым (слатшейминг) пайда болғаннан емес, жалпы этика бойынша. Адамдардың секс-қызмет көрсетуді кәсіп ретінде таңдауын жиіркенішті тақырып деп есептеу – стереотип.
Осы репортажда қонақүй қожайынының сөзі сауаттырақ болды: «Біреудің атына кір тақпа. «Жәлеп» дегенің үшін Алланың алдында жауап бересің. Қатты кетпе.» Тағы бір қызығы – видеодан қонақүй елді мекеннің ішінде емес, шетінде, тас жолдың бойында тұрғанын көруге болады. Оны YouTube қолданушылары да жазған.
Бұл қонақүйге қатысты мәселені «Еуразия бірінші арнасы» да көрсетті. Осы екі телеарнаның Шымкенттегі меншікті тілшілері үнемі бірдей тақырыпта репортаж жасайды. Тіпті бір жұмыс материалын пайдаланатындай: видеосы да, интервьюлері де бірдей. Мәтін ғана басқа, «Еуразия бірінші арнасының» тілшісі бұл материалында «түнгі көбелек», «ақшаға арын сататындар» деген тіркесті қолданды.
Балалар құқығын өрескел бұзу мен оларға зиян тигізу
Медиадағы сауатқа қатысты шектен шыққан жайт жол апатынан ауыр жарақат алған оқушы туралы материал дер едік. «КТК» көрсеткен сюжетте «қыз баланың жыныс мүшесі жұлынып кеткені» айтылады, телеарна зардап шегушінің жарақаты туралы жар сала отырып, оның бет-әлпетін бүркемелемеген.
Тілші Аруна Ортай «10 жасар қыздың жарақаты туралы айтуға ауыз бармайды» деп алып, ерекше мәнерімен егжей-тегжейлі баяндайды. Әуелі «КамАЗ» баланың оң аяғын жұлып әкеткенін, дәрігерлер дене мүшесін сол мезетте тігіп бергенін, оқушы бір айда аяғын басып жүрмейтін болса, одан да айырылғалы тұрғанын» айтады. «Бұл қасіреттің бер жағы ғана» екенін ескертеді. Бұдан соң қыз баланың қасында отырған анасын сөйлетеді, ол оқушының жыныс мүшесіне операция жасалғанын айтады. Тілші «жүк көлігі баланың жыныс мүшесін жұлып кеткенін» қайталап, ол «жалғанған түтікше арқылы кіші дәрет сындырып жүргенін» қосады. Онсыз да эмоция туғызатын ақпаратында «сұмдық жағдай» дегенді қолдана кетеді.
«КТК» тағы бір адамның буллинг көруіне үлес қосты деп есептеуге болады. Уақыт өте жарақат жазылуы мүмкін, ал интернеттегі ақпарат қалады. «Жаңа репортер» мұндай ақпарат этикаға қайшы екенін, ниет эмпатия туғызу болғанымен түрлі оқиғадан зардап шеккен балаларға оның салдары тіпті ауыр тиюі мүмкін екенін үнемі жазып келеді. Журналистер келеңсіз оқиғаға душар болған балалардың келешек тағдырын ойлап, олардың бет-әлпетін әрдайым жасыруы керек.
Аудиторияның қайғылы жағдайлар, төтенше оқиғалар мен табу тақырыптарға құмартуы этика мәселесінен аттап кетуге жол бере алмайды. Журналистен мамандығы кез келген ақпаратқа жан-жақты көзқарасты, ешқандай мүдденің жетегінде кетпеуді, адамдарға нұқсан келтірмеуді талап етеді. Сонымен бірге Қазақстан телеарналарындағы күнбе-күнгі жаңалық эфирлері редакциялар медиабілімді арттыруға тиіс екенін көрсетіп отыр. Мысалы, ауа райы туралы мәлімет беретін жүргізушіні («Еуразия бірінші арнасы») сексуал объектіге айналдыру, эфир сайын оған дене бітіміне, киіміне, декольтесіне қатысты китч әзіл айту қазіргі медиастандарттар бойынша хайп та, дәреже де емес, таяздық деп есептелуі мүмкін.