ДомойМедиасауатМедиадағы ғадауат тілі дегеніміз не және гендерлік стереотиптерге не жатады? Оразай Қыдырбаев...

Медиадағы ғадауат тілі дегеніміз не және гендерлік стереотиптерге не жатады? Оразай Қыдырбаев түсіндіреді

Медиадағы ғадауат тілі дегеніміз не және гендерлік стереотиптерге не жатады? Оразай Қыдырбаев түсіндіреді

Контент мазмұнындағы ғадауат тілін қалай анықтаймыз, өшпенділік тіліне тыйым салмаса, зиян салдары қандай болмақ? Таяуда өткен Медиамашық дамыту тренингінде осы сауалдардың жауабын талдап-түсіндіретін сессия қызу талқыланды. Тақырып спикері, медиасауат медиатренері Оразай Қыдырбаев ғадауат тілі медиада қалай көрініс табатынын, деңгейі мен түрлерін, ғадауат тілін жою үшін не істеуіміз керек екенін және гендерлік стереотиптер туралы айтып берді.

Ғадауат тілі дегеніміз не?

Ғадауат тіліне әркім әрқалай анықтама береді. Сондықтан да әуелі «ғадауат» (өшпенділік) және «тіл» сөздерінің мағынасын ашып алуымыз керек екен.

Оразай Қыдырбаев айтқандай, медиа және коммуникацияны зерттейтін ғалым Бабак Баһадор ғадауат, тіл ұғымдарын былай түсіндіреді:

  • Ғадауат — әлдебір ақпаратты қабылдау нәтижесінде адам бойында пайда болатын әлдекімге жеккөрініш, әлдекімге жаны ашымаушылық, тіпті әлдекімге залал келтіруді қалау сезімі.
  • Тіл (немесе сөз) — мағына тасымалдайтын барлық нәрсе: фото, видео, жазбаша мәтін, ым-ишара, аудио, иллюстрация, т. б.

Ал Инга Сикорскаяның (Инга Сикорская, Орталық Азия бойынша бітімгершілік және медиатехнологиялар мектебінің директоры, медиасарапшы — ред.)жазуынша,

  • Ғадауат тілі дегеніміз — медиада қандай да бір нәсіл, этникалық, гендерлік, діни, әлеуметтік яки саяси топ өкілі үшін жағымсыз немесе оны қорлайтын визуалды контент немесе жағымсыз баға берілген кез келген сөз формасы, өшпенділік риторикасы.
  • Ғадауат тілі жайлы айтқанда, дискриминацияны (кемсіту) ұмытып кете алмаймыз. Ғадауат тілі — дискриминацияның бір формасы. Ал дискриминация дегеніміз — көңілге қонымды еш себебі болмастан, қоғамдағы бір топ өкілін өзге адамдардан кем көру, кемсіту, шеттету.
медиатренер Оразай Қыдырбаев

«Ғадауат тіліне тыйым салу — сөз бостандығына тыйым салу емес»

Мінеки, ғадауат тілі ұғымын айқындап алдық. Әйтсе де ел ішінде ғадауат тілі айтыла қалса сөз бостандығы да қатар аталып жатады. Сондықтан бұл екеуін шатастырмау керек.

— Кейбір адамдар «ғадауат тіліне тыйым салуды сөз бостандығына тыйым салу» деп түсінеді. Кез келген адамның еркін пікір білдіру құқығы бар. Алайда соған қарамастан ғадауат тіліне тыйым салынуды көп адам түсіне алмайды. Сөз бостандығы — адам құқықтарын қорғауға, құқықтарымызды сақтап қалуға арналса, ғадауат тілі — керісінше жаппай қырып-жоюға, жеккөрушіліктің таралуына, адам құқықтарының шектелуіне жол ашады. Сөз бостандығы мен ғадауат тілінің арасындағы шекара, міне осындай. Сөз бостандығына ашық болуымыз керек, ал ғадауат тіліне барынша жабық болып, тыйым салып, таралуына мүмкіндік бермеуіміз қажет, — дейді Оразай Қыдырбаев.

Ол 2017 жылы Мьянмада болған геноцид оқиғасын мысалға алды.

— Бұл оқиғада әлеуметтік медиадағы ғадауат тілі маңызды роль атқарады. Сол кезде әлеуметтік желілерде түрлі фейк фотовидео ақпараттар тарады. «Мұсылмандар жергілікті буддистерді қырып жатыр, әйелдері жергілікті мьянмалық балаларды өлтіріп жатыр» деген түрлі фотовидео таратты. Нәтижесінде халықтың жергілікті азшылық қауымға жеккөрініші туындап, XXI ғасырдағы ең үлкен қайғылы оқиғаға ұласып, кемінде 25 мың адамның өліміне, 700 мың адамның туған жерінен қоныс аударуына себепкер болды. Ең өкініштісі — адамзат баласы тарихында қаншама қайғылы оқиғаны, қантөгістерді бастан өткерсе де әлі күнге дейін сабақ алмай, осындай жаман оқиғалар әлі де қайталанып жатыр. Біз медианы сауатты тұтынатын адам ретінде мұндай нәрсеге қарсы болуымыз, мұны барынша тоқтатып, тойтарыс беруіміз керек, — деді Оразай Қыдырбаев.

Ғадауат тілінің алты деңгейі және түрлері

Медиаys зерттеуші Бабак Баһадор ғадауат тілін алты түрлі деңгейге бөледі. Оразай осы алты түрлі деңгейді таныстыра келе ғадауат тілінің ең жоғары деңгейіне қалай қарсы тұрсақ, ең төменгі деңгейіне солай қарсы болуымыз керек екенін айтады.

Оразай Қыдырбаевтың «Медиадағы ғадауат тілі, гендерлік стереотиптер» презентациясынан скриншот

— Ғадауат тілі бірінші деңгейінен басталып, екінші, үшінші, төртінші, бесінші деңгейге көтеріліп, соңғы деңгей — алтыншы деңгейіне, жаппай өлтіруге, қырып-жоюға, геноцид жасауға апарады. Біз барлық деңгейіне бірдей қарсы болуымыз керек. Ең жаман нәрселер — қарапайым, көп адамға байқала бермейтін нәрселерден басталады.  Мысалы, жергілікті діни сенім өкілдерін ұнатпайтын бір адам «Қоғамдық орында діни киіммен жүру дұрыс емес» деген сияқты жай ой айтуы мүмкін. Мұның түбінде «Қоғамдық орында діни киіммен жүруге тыйым салынуы керек» деген ой ортаға шығады. Бұл адам құқықтарының бұзылуына алып баратын шешімдерді қалыптастыруы мүмкін. Не болмаса жағымсыз істерге белгілі бір топ өкілдерін байланысты етіп көрсетеді. Мысалы, қазақстандық телеарналардың бірінде «Сығандар зейнеткерді алдап, үйін тонап кетті» деген тақырыбы бар сюжет шыққан. Қылмыс жасайтын адам — қылмыскер. Оның қылмыс жасауына ұлты, этникалық түп-тамыры роль атқармайды. Қылмыскерлердің арасында барлық ұлт өкілі бар. Біз жағымсыз істерге белгілі бір этникалық не басқа да топ өкілдерін көрсетіп, солар туралы жағымсыз образдар қалыптастырамыз. Ғадауат тілінің ең соңғы деңгейі — өлімге, жаппай қырып-жоюға шақыратын риторикалар, пәленше-түгеншені қырып-жою керек, оларға өмір бермеу керек деген сипаттамалар. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде кейбір топ өкілдеріне қатысты сондай пікірлер жазылып жатады, — дейді Қыдырбаев.

Ғадауат тілінің түрлері

Оразай Қыдырбаевтың «Медиадағы ғадауат тілі, гендерлік стереотиптер» презентациясынан скриншот

Ғадауат тілі деңгейден бөлек, түр-түрге де бөлінеді. Этникалық, әлеуметтік, діни, гендерлік және тағы басқа түрлері бар. Ғадауат тілінің гендерлік түріне бір мысалды 2014 жылдан іздеп көрелік.

— Tengrinews.kz сайты «Зверское убийство в лесбийской семье произошло в Астане» деген ақпарат жариялады. Бір әйел жұбайын пышақтап өлтірген. Осы оқиғада медиамыз олардың жыныстық бағытына қатты назар аударды. «Лесбиан әйел жұбайын өлтірді» деп ақпарат таратты. Әлемде де, Қазақстанда лесбиан не гомосексуал жұптар бар. Олардың көпшілігі тату-тәтті өмір сүретінін білеміз. Соған қарамастан, бір қылмыстық іс болып қалып еді, бірден оның жыныстық бағытын ортаға шығарып, көрсете отырып, ғадауат тіліне айналдырды, — дейді спикер.

Медиада ғадауат тілі қалай жасалады?

Медиадағы ғадауат тілінің екі түрлі көрінісі бар. Бірі ашық формада жасалса, екіншісі жабық формада болады. Ашық формадағы ғадауат тіліне, яғни біреуді ұрып-соғуға, өлтіруге шақыру, ашық кемсітуге және тағы басқасына заңмен тыйым салынған.

Ал жабық формадағы ғадауат тілі сөздердің астыртын мағыналары, бір-біріне қатысы жоқ оқиғаларды байланыстыра отырып жасалады.

Оразай Қыдырбаевтың «Медиадағы ғадауат тілі, гендерлік стереотиптер» презентациясынан скриншот

— Мұның біздегі бір көрінісі — оқиғаны жалпыландыру. Жағымсыз бір оқиға үшін бүкіл топты кінәлау, бүкіл топты жауапты көру. Әдетте бізде көбіне этникалық азшылық топтың өкілі қылмыс не зорлық-зомбылық жасаса, бірден бүкіл этникалық топты кінәлі етіп шығады. Мұның салдары жазықсыз адамдардың қаны төгілуіне, қуғынға ұшырауына апарып соғып жатады. Кейде назар аудармау арқылы да ғадауат тілі жасалады. Мәселен, елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық, бала құқығына байланысты көптеген мәселе бар. Алайда бізде бұл мәселелер жоқтай, балалар құқығы жақсы қорғалған сияқты көрсетіледі. Мүлдем көрсетілмесе, мұндай мәселелер біздің елімізде жоқ сияқты әсер қалдырады. Яғни, назар аудармау арқылы да сол топ өкілдеріне байланысты шеттету, ғадауат тілі жасалған болады. Ғадауат тілі жабық формада түрлі амал-айламен жасалады, — дейді Оразай Қыдырбаев.

Гендерлік стереотиптер (таптаурындар) неліктен
ғадауат тілі болып саналады?

Ең әуелі, жыныс және гендер ұғымдарының мағынасына назар аударғанымыз жөн:
➢ Жыныс: көбіне биологиялық ұғым, адамда туғаннан болады
➢ Гендер: әлеуметтік конструкция, құбылмалы, қоғам тарапынан қалыптастырылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, ғадауат тілін жасау жолдарының бірі — стереотип қалыптастыру. Өкінішке қарай, медиа хабарларынан әйелдер мен жыныстық азшылық топтар жайлы түрлі таптаурын мен жағымсыз ойлар қалыптасып жатады.

Оразай Қыдырбаевтың «Медиадағы ғадауат тілі, гендерлік стереотиптер» презентациясынан скриншот

— Мысалы, КТК телеарнасының сайтынан «тастанды бала» деген тіркесі кездесетін жаңалықтарды іздеп көрген едік. Бір қызығы мұндай жаңалықтарда барлығында «анасы тастап кеткен», «көкек ана», «тасбауыр ана», «аналар өз баласынан неге жериді» деген сөздер қолданылған. Тастанды бала оқиғасы, баланы тастап кету сияқты жағымсыз істерге тек әйелдерді қатысты етіп көрсетеді. Медиамыз көп жағдайда ер адамдарды көрсетпейді. Мұндай жаман оқиғаға, тастанды баланың әкесі де кінәлі. Әкесінің де белгілі бір рөлі бар. Жауапкершілігін орындамаған, не барлық жауапкершілікті әйелдің мойнына артып, кетіп қалған. Алайда медиамыз тек осылай әйелдерді ғана назарға алып, олар жайлы негатив образ қалыптастырады. «Тасбауыр ана», «жауыз ана» және тағы басқа тіркестерді қолданып, өкінішке қарай, осындай жолдармен әйелдерге, түрлі жыныстық топ өкілдеріне байланысты гендерлік стереотиптер қалыптастырады. Оларға байланысты ғадауат тілі жасалған болады, — дейді Оразай Қыдырбаев.

Оразай Қыдырбаевтың «Медиадағы ғадауат тілі, гендерлік стереотиптер» презентациясынан скриншот

Ғадауат тілін қалай жоямыз?

Ғадауат тілін жою, таралуына жол бермеу, оны тоқтатудың бірнеше әдіс-тәсілі бар. Әуелі барлық адамды бірдей адам ретінде қабылдау. Оның жеке қасиеттерін шығу тегіне, жынысына, нәсіліне, дініне, т. б. ерекшеліктерімен байланыстырмау.
Бұл дегеніміз — бір адам жамандық жасайтын болса, ол белгілі бір нәсілдің, жыныстың өкілі болғаны үшін емес, жаман адам болғаны үшін жасайтынын ұмытпау.

Екіншіден, сыни ойлау. Кемсітіліп отырған адамның/топтың орнына өзіңізді қойып көріңіз, эмоциямен айтылған/жазылған сөздердің салдарын ойлаңыз.
Мәселен, басқа бір мемлекетте өмір сүріп жатқан азшылық өкілісіз. «Қытайда өмір сүріп жатқан этникалық қазақсыз» делік. Сізді жай ғана мұсылман болғаныңыз үшін, жай ғана түркі тілінде сөйлегеніңіз үшін лагерге қамап, не құқығыңызды шектейтін болса, мұның дұрыс емес екенін білесіз. Дәл солай Қазақстанда, дәл біздің қоғамдағы шеттету, қысымға ұшырап жатқан өзге топ өкілдерін ойлауымыз керек. Олардың орнына өзімізді қойып көрсек, проблеманы қаншалықты маңызды, біздің жеккөрушілік сөзіміздің қаншалықты дұрыс емес екенін түсінеміз.
Эмоциямен жазылған, айтылған сөзіміздің салдарын да ойлауымыз керек. Еш ойланбастан, «бұл іске пәленше-түгеншелер кінәлі» деп жаза салып, мұның салдары өте үлкен қайғылы оқиғаға апаруы мүмкін. Түймедей нәрсе ел ішіне таралғанда түйедей болып кетуі мүмкін. Сондықтан ғадауат мағынасына апаратын сөздерден, риторикадан аулақ болу керек.

Тағы бір амалы — түсіндіру, сауатты пікірталастар жасау. Ғадауат тілінің не екенін түсіндіру, қажет жағдайда дұрыс ой-пікір қалдыру, авторға жарияланымда ғадауат тілі бар екенін түсіндіру. Ғадауат тілінің иесіне мұның жағымсыз салдары болатынын жеткізуіміз керек.

Онлайндағы тағы бір әдіс — жазбаға шағым жолдау, яғни әлеуметтік желі әкімшілігіне, веб-сайт модераторларына контенттегі, комментарийдегі өшпенділік тілі жайлы ескерту жіберу. Осылайша ғадауат тілінің таралуына, аудиторияға жетуіне шектеу қоюға болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР