үйМедиасынҚуаңшылық, жатақхана жетіспеуі, egov тағдыры: 6-12 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Қуаңшылық, жатақхана жетіспеуі, egov тағдыры: 6-12 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Міне, араға екі ай уақыт салып жаңа телемаусыммен бірге апталық қорытынды бағдарламаларға шолуымыз оралды. «Жеті күн» бағдарламасы әдеттегідей президент Тоқаевтың аптасы қалай өткеніне көбірек мән берсе, «Айна» бағдарламасы бірнеше өзекті мәселені қозғады. Ал Apta авторлары Электронды үкімет egov порталын ресейлік Sber платформасына ауыстыру жайына сюжет арнады.

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарламаны президент Тоқаевтың аптасы қалай өткенін баяндаудан бастайтын «Жеті күн» әдетінен танбады. Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысына сапары бірінші сюжетке арқау болыпты. Президент сапары 10 минут жалғасты.

БҰҰ Бас Ассамблеясының Пленарлық отырысы Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналды. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдапты. Үндеудің үзіндісін көрсетіп, жүргізуші Дархан Әбдіуахит Тұңғыш президенттің еңбегін атап өтті.

Ал Ауғанстаннан жеткізілген этникалық қазақтардың жағдайы туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин түсінік берді

Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары мен үкіметтегі ауыс-түйістер жеке топтамаға жинақталыпты. Осы сюжетте министр Бағдат Мусин елімізде іске қосылған «Цифрлық өкімет» жобасын президентке таныстырғаны айтылды. Алайда әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Egov & Sber мәселесі жөнінде ештеңе айтылмады. 

«Нарықтағы баға» деген сюжет азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанына арналды. Сюжет басында баға шарықтағаны айтылып, сосын баға қалыпқа келгеніне ойысты. Сюжет Үкіметті ақтап алуға ұқсады, өйткені сюжеттен Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жұмыс жүргізіп жатқанын білеміз. Үкімет жұмысына баға берер сарапшылар пікірі жетіспеді. 

«Бейбіт атом» аталатын сюжет еліміздің бейбіт атомды қолдану мүмкіндігін талдайды. Ал «Күйің қалай, кәсіпкер» деп аталатын сюжет шағын бизнес субьектілерін тексеру басталуы мүмкін екеніне арналыпты.

Токиода өткен Параолимпиада жүлдерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Мақпал Мадиярова осынау сайысқа Қазақстан атынан қатысқан спортшылар жайлы «Жеңімпаздар» аталатын сюжет әзірлепті. Мотивация беретін тартымды сюжет, қабылдауға жеңіл. 

«Кеселмен күрес» аталатын сюжетте еліміздегі коронавирус індетінің эпидахуалын баяндалады. 

Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының ауылшаруашылық өндірушілері жәрмеңке өткізіп жатыр екен. «Жеті күн» апталық-сараптамалық бағдарламасының соңғы сюжеті осы жәрмеңкеге арналды. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Еуразия бірінші арнасындағы «Басты бағдарлама» апталық бағдарламасының ұжымы екі айлық демалыстан кейін «Айна» атты жаңа апталық-сараптамалық бағдарламамен оралды. Ұзақтығы бұрынғыдай 30 мин сағат емес, 1 сағат 15 минутқа созылды. Жүргізушілері — Махамбет Бейбітшілік, Берік Дүйсенбай және Айдана Үсенбай.

Әдеттегі сараптамалық бағдарламадан өзгеше, студияда кішігірім пікірталас жасалады. Осылайша хронометражы ұзақ болса да «Айна» бағдарламасының ұжымы сараптамалық телешоу форматында эфирге шығыпты. Бастама құптарлық, шығармашылық топтың дайындығы жоғары. 

Бағдарлама батыс өңірлердегі қуаңшылық проблемасын талдаудан басталды. Қуаңшылық жайлаған аймақтарға шөп жіберген Құрмет деген ерікті Батыс Қазақстан облысы басшылығына ренішін білдірсе, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тікелей эфирге қосылып, жауап берді. 

Маңғыстау облысындағы қуаңшылықтан зардап шеккен тұрғындар Бақытнұр Әлібай әзірлеген сюжетте жағдайын баяндайды.

«Айна» бағдарламасының ұжымы басты тақырып етіп алған қуаңшылық мәселесін талқылау студияда жалғасты. Студияға Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, қазіргі сенатор Ақылбек Күрішбаев және «Шопан ата» Ұлттық қой өсіру қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев шақырылыпты. Студияда 15 минуттық шағын пікірталас өтті. Осылайша бағдарламаның алғашқы 25 минуты тек қуаңшылық мәселесін жан-жақты талқылауға арналды. Редакцияның проблеманы талдап қана қоймай, шешу жолдарын табуға деген талпынысы құптарлық. Әйткенмен студиядағы сұхбат барысында жүйелілікті сақтау, нақты тақырыптан ауытқымау тікелей жүргізушілерге байланысты. Бұл болашақта ескеріледі деген үміттеміз.

«Айна» бағдарламасы екінші блокты әкімдер рейтингі, жақында сайланған әкімдердің аяқ алысы тақырыбына арнапты. Сайланған әкімдерден пікір алады.

Бұл блок Уәлибек Әбдірайымовтың қатысуымен дайындалған «Қисық айна» сатиралық айдарымен түйінделді. 

Шетелге кетіп жатқан қазақстандықтар туралы мәселе көптен бері айтылып келеді. «Айна» бағдарламасының ұжымы шет елдерде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар жайлы баяндап, олардың шетел асуына не себеп деген сауалға жауап іздепті. 

Студияға Тайландта жұмыс істейтін биржа маманы Рахат Анапия қосылып, табысы, жағдайы жайында сұхбат берді. Ал «Жат жұртты жағалап» аталатын сюжетте шетте жүрген бірнеше қазақстандық өмірі туралы айтты.

Студенттердің жатақхана мәселесіне арналған соңғы бөлімді Махамбет Бейбітшілік пен Айдана Үсенбай бастап берді. Сюжетте Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақхана жағдайы айтылды. Алматы қаласында жатақхана жетіспекшілігінен пәтер бағасы аспандап кеткені, «вайн» да көрсетілді. 

Хабар соңында, «Айна» бағдарламасы көрермендер жауабына сүйене отырып «үздік әкімдер үштігін» жария етті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta Қостанай облысындағы қайғылы оқиғалардан басталды. Лисаковск қаласында ер адам подъезде екі әйелге аңшы мылтығынан оқ атқан. Біреуі көз жұмып, екіншісі ауыр халде ауруханада жатыр. Полицейлерге де оқ атып, біреуін жаралаған. Полицейлер тұрғындар қауіпсіздігі үшін күдіктіні атып өлтірді.

Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Жарылыста жарақат алған Жәнібек Тұрманов 11-қыркүйекте ауруханада қайтыс болды. 

Жүргізуші Жайна Сламбек 26-тамызда болған жарылыстың жай-жапсарын айта келе, биліктегі ауыс-түйіске ойысты. Содан кейін Маңғыстау облысындағы мұнай-сервис компания ереуілшілерінің ереуілі жөнінде айтып өтті.

Бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарына арналды. Биыл жауын-шашын аз, астық түсімі төмен. Сюжет шаруалардың проблемасына шолудан басталып, президенттің олармен кездесуіне, барған-көрген орындарын баяндауға ұласты.

Студенттерге жатақханадан орын жетпей, пәтер жалдауға мәжбүр болып жатыр. Ал пәтерді жалдау бағасы бірнеше есе өскен. Сюжет жер-жердегі студенттерді сөйлетіп, мәселенің себептерін тарқатты. Университет пен министрлік өкілдеріне де сөз беріп, депутаттар пікірін біліпті. Өзекті мәселені қозғаған толымды сюжет.

Қазақстанда да су тапшылығы жылдан жылға күшейіп, 19 су қоймасы салынбақ. Сюжет Батыс Қазақстан облысында ауыз судың жиі болмай қалуы, Жайық өзенінің тартылуы, қала-ауыл тұрғындарының жанайқайын көрсетті. Тілші суы тартылған Жайық өзенін кешіп жүріп жасаған стендап ұтымды шықты. 

Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылының маңында орналасқан кен орнында жиі-жиі жарылыс болып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Ашынған тұрғындар кен орнына баратын жолды жапты. Сюжетте тараптардың бәрін сөйлетіпті.

Ауғанстаннан қандастарды елге әкелу туралы қысқа жаңалықтан кейін саясаттанушы Жұмабек Сарабековпен Орталық Азия аймағындағы ахуал жайында сұхбаттасты.

Covid-19 және коронавирусты пневмонияның елдегі ресми статистикасынан айтып болып, соңғы уақытта ең көп талқыланып жатқан тақырып — Электронды үкімет Egov порталын ресейлік Sber дайындаған платформаға ауыстыру жайына кезек жетті. Сюжетте тақырып жан-жақты қамтылыпты. Әйткенмен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қызметкерлерінің Sber платформасына көшуді жақтаған пікірлері мен қарсы пікірлерді салыстырғанда, біріншісі басымырақ болып, министр Бағдат Мусиннің үні көбірек естілді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

ЕЭК отырысы, қымбатшылық және “Кальмар ойыны”. 11-17 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар ел ішінде жиі талқыланған мәселерге көбірек арналды. «Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаев қатысқан отырыстарға эфирдің жартысын арнады. Ал «Айна» редакциясы ел назарында болған...

Баспана бағасы, дизель тапшылығы және аңшылық. 4-10 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» және «Айна» бағдарламаларына ортақ тақырып — тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен дизель тапшылығы. Ал Apta авторлары көмір тапшылығын да, мүгедектігі бар жандар...

Тұран жолбарысы, азып-тозған ауылдар және қымбатшылық. 27 қыркүйек — 3 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы....

Алматыдағы атыс, президенттің Маңғыстауға сапары және деменция. 20-26 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — Алматыдағы атыс. «Айна» редакциясы тұтас бағдарламаны осы оқиғаға арнаса, «Жеті күн» және Apta авторлары президент Қ.Тоқаевтың...

Душанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Апталық сараптамалық бағдарламаларға дәстүрлі шолуымызда «Жеті күн» және «Апта» бағдарламаларын қамтыдық. Екі бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қ.Тоқаевтың Душанбедегі қос бірдей отырысқа қатысуына арналыпты. Apta...