«Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаевтың ҚХА кеңейтілген отырысын өткізгенін аптаның негізгі тақырыбына баласа, Apta редакциясы Мемлекет басшысының Түркіменстанға мемлекеттік сапарын бас тақырып етті. Ал «Айна» ұжымы Ыстамбұлға барып, алданып қалған қазақстандықтар оқиғасын ұзақ талқылады.
«Жеті күн», «Хабар»
«Егемен елдің татулығы мен келісімінің тұғырына баланатын» Қазақстан Халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит кешегі аптаны қорытындылаған шығарылымның ең маңызды тақырыбын айқындау үшін ұйымға осындай баға берді. Сюжет президент Қ.Тоқаевтың бастамаларын баяндап, сарапшыларды сөйлетті. Тым болмаса, президент Қ.Тоқаев Ассамблея төрағалығын қолына алғалы ұйым жұмысы қалай өзгергеніне тоқталғанда болар еді.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, сондағы бірқатар нысанды аралап, жаңа өндіріс орнын іске қосты. Президент сапарын баяндаған 10 минуттық репортаж өңірдегі проблемаларды бір шетке ысырып, мәдени іс-шараларға басымдық берді.
Президенттің апта ішіндегі қабылдауларын бір сюжетке жинақтап көрсетіп, басқа да тақырыптарға ауысты.
Біріншісі — ревакцинация жайы. «Үшінші доза» деп аталатын сюжет ревакцинацияның не екенін, маңыздылығын түсіндіріп, тұрғындарды сөйлетті. Балаларға коронавирус вакцинасын салудың қандай пайдасы бар екеніне де тоқталды. Сарапшылар мен ғалымдардың комментарийі де бар, ақпараты мол, толымды сюжет.
Үкіметте «Ауыл — ел бесігі» ұлттық жобасы талқыланыпты. Тілші үлгі боларлық ауылдардың бірінен сюжет әзірлепті.
Жағдайы жасалған ауыл туралы сюжет Нұр-Сұлтан қаласында көппәтерлі тұрғын үйде тұратын, бірақ жиырма жылдан бері көмір жағатын үйдің проблемасына жалғасты. Тұрғындар пәтерлерге газ кіргізу пәрмені берілсе де техникалық тұрғыда мүмкіндік жоқ екенін, жертөле суға толып, кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін айтады. Қала әкімдігінің бөлім басшысы бұл апатты үйге жатпайтынын мәлімдеп, қысқа қайырыпты. Пәтерлерге газ құбыры тартылғанымен мұны қосуға шектеу қойған техникалық талаптардың егжей-тегжейі айтылмай, сюжеттегі мәселенің шешімі аяқсыз қалды. Есесіне әкімдік өкілі елордада газ тарату үшін қаржылай жеңілдік бар екенін, ал енді бір жеке үй иесі газ қостырғанын айтты.
Каспий теңізі мен Жайық өзені суы азаюына арналған сюжет мұның себебі және балық шаруашылығы зардап шегіп отырғаны жайында орынды мәселе көтеріпті.
Бағдарлама «Атамекен» ҚР ҰКП-ның бизнесті қаржыландыру, «Бизнес бастау 2» жобасының мән-жайын түсіндіретін сюжетпен аяқталды.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» ток-шоуы әлеуметтік желілерде апта бойы қызу талқыланған тақырып — Ыстамбұлға бизнес жасамақ болып барып, алданып қалған қыздар оқиғасына арналыпты. Тақырыпқа орай «Миллионға апарар жол» деген сюжет көрсетті. Бірнеше кейіпкер сұхбат беріпті. Олардың бет-жүзін жапқан.
Мәселені студиядағы сарапшылармен бірге талқылады. Қызу пікірталас Instagram-да кең таралған инфобизнес жайына арналыпты. Спикерлер бір-бірін айыптап та жатты. Жүргізуші Айдана Үсенбай қызуқанды спикерлердің дебатын жүйелеуге шамасы келмей қалған сәттер болды. Сөзжарыс жарты сағатқа созылып, инфобизнестегі алаяқтық түйткілдері ашық айтылды. Жүргізуші дебатты «Жолда батпан құйрық жатпайды» деп түйіндеді. Тараптарды сөйлетуші бейтарап болса, құба-құп.
«Айна» редакциясы қозғаған тағы бір мәселе — автокөлік қымбаттауы. Сюжет отандық автоөндіріс, сұраныстың артуы мен қымбатшылық себептеріне арналыпты. Мәселені жан-жақты талдаған толымды сюжет. Индустрия және инновациялық даму министрлігінен ескі көліктердің де қымбаттауына қатысты жауап алған тілшілер мұның себебін утилизация алымының жоғары болуымен байланыстырды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы олқылықтарды талдаған бөлімді Махамбет Бейбітшілік жүргізді. «МӘМС-тің мәнісі» деген сюжетте бірнеше кейіпкер сақтандыру бойынша медициналық қызмет алу кезінде қиындыққа тап болғанын айтып берді.
Екібастұз қаласының тұрғындары «Айна аймақ» айдарына хабарласып, бала ойнайтын алаңқай жоқ екенін айтыпты. Жүргізуші Айдана Үсенбай Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі бас маманымен байланысқа шығып, шағымданған тұрғынды да телефон арқылы студияға қосып, екі тарапты тыңдады. Бас маманнан ауланы абаттандыру қашан басталатынын сұрады. Әйткенмен жүргізуші спикердің сөзін жиі-жиі бөліп, сөйлеуіне мүмкіндік бермеді.
Apta, QAZAQSTAN
24 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапары басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек мұны хабарлап, тілші Шерхан Жамбылұлына сөз берді. Тілші асаба мәнерімен сөйлеп, Қазақстан президентін Түркіменстанның министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердімұхамедов қалай күтіп алғанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайда барғанын, не көргенін, дүйсенбіге жоспары қандай екенін баяндады.
«Жезқазған оның қасындағы Сәтпаев тұрғындарына таза ауызсу ішесіңдер деген уәде берілгеніне 10 жыл. Алдымен 2013 жылы деген, сосын үндемей соза береді. Бір ақпарат көздеріне қарағанда кезінде 10 млрд теңге бөлінген, бірақ құбырлар әлі тартылып бітпеді. Қазір адамдар ашық жатқан Кеңгір қоймасының суын тұтынады. Сапасыз. 90 мың адамның ең басты нәр — сапалы суға қолы жетпей отыр».
Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзін осылай бастағаны — Түркіменстаннан елдегі әлеуметтік проблемаларға оралғандай көрінді. Алайда сөз соңына қарай Мемлекет басшысының Жезқазған өңіріне барғанын хабарлады.
Сюжет Жезқазған қаласының проблемасына (ауыз су, электр энергиясы, жол, кейбір тауарлар тапшы және т. б.) назар аударып, тұрғындардың пікірін біліпті. Ащы мысқыл бар: мәселен қаладағы негізгі проблемалардың бірі дереу шешіліпті, яғни үлкен көшелерді жөндеп, қоқысты жинапты. Мұның барлығы президент келерден бұрын жасалған екен. Тілші де, тұрғындар да бұған мән берді.
Жезқазғандағы ахуал қаншалық нашар екенін көрсеткен сюжет. Apta редакциясы президенттің жұмыс сапары туралы хаттама сюжеттен аса бермейтін, бірақ бұл жолы президент сапарын маңызды әрі өзекті мәселемен байланыстырып көрсетті.
Азық-түлік қымбаттағанын Apta тілшілері де айтты. Сюжет авторы қымбатшылықтың себебін іздеп, баға неден құралатынын түсіндірді. Тұтынушы, сатушы, депутат, әлеуметтанушы мен шаруаны сөйлетті. Толымды сюжет.
Шымкентте жүздеген мұғалім біліктілігін жоғарылату жөніндегі сертификатты сатып алған. Заңсыздықтың жазасы — білім басқармасының қызметкері мен мектеп директорының орынбасары бас бостандығынан айырылды. Ал сертификат сатып алған мұғалімдер ше? Сатып алғаны үшін олар да кінәлі емес пе?! Міне, сюжет авторы осы мәселеге назар аударады. Шағын сюжет, бірақ ойға азық тастады. Бағдарлама авторлары осы оқиғаның қалай өрбитінін бақылауға ұстаса жөн болар еді.
Эфир халықаралық жаңалықтар топтамасына жалғасты. Жүргізуші Жайна Сламбек «Талибан» — Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым екенін атады. Өткен шығарылымда мұны айтуды ұмыт қалдырған. Айтпақшы Өзбекстандағы президент сайлауы өтіп жатқанын да хабарлады. Басқа апталық бағдарламалар көршілес елдегі маңызды оқиғаны елеусіз қалдырды.
«Төбет асыраушылар төбет төбелестіруге тыйым салатын заң қабылдануына қарсы. Неге? Не дейді? Төбетті төбелестіру — қажет сынақ дейтіндердің пиғылы қаншалықты таза? Жануарларды әдейі талату — жауыздың жауызы істейтін тірлік дейтін табиғат жанашырларының сөзі біздің уақытта қаншалықты өтімді?»
Мінеки, осы сауалдарға жауап іздеген сюжетте төбет төбелестіруді кәсібіне айналдырған адамдарды көбірек сөйлетіп, жануарларды қорғаушылар пікірі ескерілмей қалыпты.
Бағдарлама киберспортшылар табысы жөнінде дайындалған сюжетпен түйінделді. Мазмұны қызық, тақырыбы ерекше, мағлұматы мол сюжет.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.