ДомойМедиа үніДүниежүзілік радио күні: Қазақстан мен Тәжікстанда радиохабарларды кім тыңдайды?

Дүниежүзілік радио күні: Қазақстан мен Тәжікстанда радиохабарларды кім тыңдайды?

Дүниежүзілік радио күні: Қазақстан мен Тәжікстанда радиохабарларды кім тыңдайды?

Пандемия салдарынан Қазақстанда радионың дамуы бәсеңдесе, Тәжікстанда медианың бұл форматы қайта жаңғырып жатыр. Мұндай тенденциялардың себебі неде, екі елдегі радиостанциялардың болашағын не күтіп тұр? 13 ақпан — Дүниежүзілік радио күнінде «Жаңа репортер» редакциясы осы екі сауалдың жауабын радио нарық мамандарынан сұрап көрді. 

Қазақстан

Александр Кобзарь

— Қазақстанда 16 желілік радиостанция жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса ірі қалаларда бірнеше жергілікті радиостанция бар. Жиілік алу шарттарының жеңілдетілуіне байланысты соңғы 3-4 жылда нарыққа жаңа ойыншылар келді. 2018 жылы «Радио ДАЧА» мен «Бизнес FM», ал 2019 жылы «LUX FM» (украиналық франшиза) радиостанциялары эфирге шықты. Былтыр «Tengri FM» ірі желілік радиостанциясы төл музыкалық бағдарламаларынан бас тартып, «РетроFM» франшизасын сатып алды. Біздің медиахолдинг осы франшизадан аудиториясының сатып алу қабілеті төмен болуына байланысты бас тартып еді, — деп баға берді «Русское радио Азия» және «Монте-Карло» радиостанцияларының дамыту жөніндегі директоры Александр Кобзарь.

Радио бизнесте 25 жылдық тәжірибесі бар сарапшының сөзінше, 2018 жылдан бастап Қазақстанда радионың аудиториясы айтарлықтай азайған. Әсіресе, 2019-2020 жылдары күрт төмендепті. Мысалы, 2020-2021 жылдардағы радио аудиторияның саны 2018-2019 жылдардағы көрсеткіштен 30% аз. Бұл локдаундар мен «қашықтан жұмыс істеудің» салдары екен. Өйткені үйден тыс жерде радио тыңдайтындар үлесі әрдайым айтарлықтай жоғары болған. Әдетте радионы автокөлікте не жұмыста тыңдайды. 

— Радиостанциялардың ақпарат жаңалықтары контентіне келсек, негізінен жаңалық порталдарына шолудан (рерайтинг) тұрады. Бұған қоса радиостанциялардың барлығы бірдей толыққанды жаңалық беруге шамасы жетпейді, өйткені бұл үшін эфирде жұмыс істейтін қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі журналистер штатын ұстау керек. Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Бизнес FM» радиосының тәжірибесі қызық. Өйткені «Бизнес FM» радиосының контент өндірісі — күрделі әрі қымбатқа түсетін, шығыны көп форматтың бірі. Десе де әріптестеріміз жергілікті ақпараттық жаңалықтар контентімен эфирді толтырып отыр. Соңғы жылдардағы деректерді қарасақ, Қазақстандағы радиостанциялардың көбі табыс әкелмейтінін көреміз. Бұған пандемия, жарнаманың азаюы ғана емес, радиостанциялар санының артуы да себеп, — дейді Александр Кобзарь.

Оның айтуынша, радионарықта ойыншылар көбеюі контент сапасы нашарлауына, радиостанциялардың төл контенті қысқаруына, трансляцияны франшиза арқылы таратуға алып келді. Франшиза арзанға түседі. Жүргізушісі, дыбыс жазатын студиясы, жаңалықтар қызметі жоқ радионың жұмысы жеңіл. 

— Сондықтан да әуел баста жергілікті контент жасайтын радио ретінде жоспарланған радиостанциялар да кейін келе франшизаға айналды. Мәселен, «Тамаша» радиосы ресейлік «Радио Дача» радиосының форматына өтті, — деп нақты мысал келтірді сарапшы.

AACA (Орталық Азияның жарнама қауымдастығы) дерегінше, 2018 жылы радиоға берілген жарнаманың жалпы сомасы 4 млрд теңге (9,5 млн $ шамасында) болған. Алайда бұл — нарықтағы ойыншылардың бекіткен бағасына қарап, радиолардағы жарнамаға мониторинг жүргізу нәтижесінде есептелген дерек. Демек, қатаң бәсеке, тіпті тікелей демпинг жағдайында радиостанциялар қанша пайыз жеңілдік жасайтынын тек болжауға болады. Жарнама берушілердің көбі радиодағы эфир уақытына тиын-тебен төлейді. Бұл қаржы нарықтағы ойыншылардың барлығы бірдей толыққанды БАҚ ретінде сапалы жұмыс істеуіне мүлдем жетпейді.

Сарапшының пайымдауынша, радионың келешегі оны түрлендіру, яғни трансформациясына (диджитализация) қарай дамиды, алайда ең бастысы — мазмұн, яғни контент болып келді, бола береді. 

— Дайын контент аудиторияға, яғни тұтынушысына қай формада және қандай коммуникация каналдары арқылы жеткізілетіні — тез өзгеріп жатқан технологияларға тәуелді. «Радионың дәурені өтіп, БАҚ ретінде өліп жатыр» деген пікірге келіспеймін. Көлігіңізде отырғанда радиодан жүргізуші сөйлеп, сізбен қарым-қатынас жасағанда өзіңізді жалғыз сезінбейсіз. Ал бүгінгі заманда өзіңді жалғыз сезінбеу — өте маңызды. Мұны ешбір подкаст та, плейлист те айырбастауға қауқарсыз.

Қалдыбек Жайсаңбай

Қазақ тіліндегі радиостанциялардың ахуалын телерадио жүргізушісі, диктор, «Еуразия бірінші арнасының» брэнд-дауысы, аудармашы, музыка редакторы, «Люкс ФМ Қазақстан» радиостанциясының директоры Қалдыбек Жайсаңбай айтып берді.

— Қазақстанда қазақ тіліндегі радио сегменті жылдан жылға ұлғайып жатыр. 2000 жылдардың басында коммерциялық радиостанциялардағы қазақ тілінде хабар жүргізетін жүргізушілер тек түнде жұмыс істегені бәрінің есінде шығар. Ал қазір таңғы шоу-бағдарламалар қазақ тілінде шығады, тек қазақ тілінде хабар тарататын радиостанциялар бар. Қазақстанда 4 радиостанция бүкіл ел аумағына 100% қазақ тілінде хабар таратса, қалғаны 50/50 үлесімен хабар таратады. TNS Central Asia дерегінше, қазақ тіліндегі радиолар: атап айтқанда Qazaq radiosy, «Той Думан», «Жұлдыз FM» радиосының тыңдарманы көп, рейтингте көш бастап тұр, — дейді Қалдыбек Жайсаңбай.
— «YouTube телевизияны өлтіреді, интернет FM-радионы өлтіреді» деген пікір бар. Бірақ қаншама адам автокөлігінде CD, флэшка, смартфон, тіпті шағын теледидары болса да радио тыңдайды. Жаңа атаған құрылғыларды пайдалану үшін назар аударып, уақыт бөліп, қосып, баптау керек. Ал радио қосулы тұрады, тек тыңдайсыз! Радионың күші де осында. Түкпір-түкпірдің барлығына жетеді, енеді, шаруаңызбен айналысуға еш кедергісі жоқ. Фонда ойнап тұрады. Радио әлі де ең қолжетімді ақпарат көзі (үйде де, жұмыста да, автокөлікте де) болып отыр. Сондықтан радио тыңдау ешқашан жойылмайды, жоғалмайды. Қазақстанда да радио тыңдайды. Ал автокөліктер радио мен аудитория арасындағы негізгі коммуникация платформасының бірі боп қалады. Соңғы деректерге сүйенсек, тыңдармандардың 38%-ы жолда радио тыңдайды екен, — дейді Қалдыбек Жайсаңбай.

Тәжікстан

Тәжікстанда радио қарқынды дамып, кемеліне келіп жатыр: жыл сайын жаңа радиостанциялар ашылып, аудиториясы ұлғайып, жарнама берушілер радиоға жарнамасын шығаруды қалайды. Бұған не себеп? Астарына үңілсек, көңіл көншітер себеп емес: Тәжікстанда интернет тым қымбат, жылдамдығы төмен. Күз-қыс мезгілінде Тәжікстан өңірлерінде (халықтың 75%-ы тұрады) электр қуатын беру шектеледі. Бұл бұқараның радиоға сұранысын арттырды, өйткені интернет қолжетімсіз, жарық сөнсе, теледидар да өшеді. Ал аудитория радио тыңдаған соң жарнама берушілер де радиоға келді. 

Джамшед Исматиллоев

— Соңғы жылдары Тәжікстандағы радио сегментіне инвестиция салу өскенін байқаймыз. Десе де былтыр аздап төмендеді. Бұған жарнама берушілердің қымбат радиоларды емес, бюджетті радиостанцияларды таңдауы себеп болды. Жағдайды жалпылама алып қарасақ, жарнама берушілер не азаймады, не көбеймеді, — деп түсіндірді «Евромедиаком» компаниясының бас директоры Джамшед Исматиллоев. Оның компаниясы Тәжікстандағы медиатұтынуды зерттейді. 

Салыстырайық: Тәжікстандағы жарнама нарығының бір жылдық көлемі 10 млн АҚШ долларына тең. Бұл соманың басым бөлігі сыртқы жарнаманың үлесіне жатады. Джамшедтің сөзінше, тәуелсіз радиостанциялар мемлекеттік радиоларға қарағанда үш есе танымал. Өйткені олар алуан-алуан контент өндіреді, түрлі аудиторияға бейімделген хабар таратады. «Евромедиаком» зерттеуінше, Тәжікстан халқының 50%-ға жуығы күн сайын радио тыңдайды. 

Радиостанциялардың даму қарқыны тәп-тәуір екенін «Азия-Плюс» медиатобы да растайды. Олардың «Азия-Плюс» деген радиосы бар. 

Манижа Ахмедова

— Биыл «Азия-Плюс» радиосының мерейтойы, 20 жыл толды. Радиомыз медиатобымыздың локомотиві саналады. Жарнама берушілер пандемиядан кейін бюджетін қысқартса да газет пен телеарнадан гөрі радионы көбірек таңдайды. Тәжікстандағы еңбек нарығында кәсіби мамандар (әсіресе тәжік тіліндегі) аз болса да радио үздік мамандарды редакцияға тартып, жұмылдыра білді. Осылайша станциялардың қамту ауқымы ұлғайып келеді, — дейді «Азия-Плюс» радиостанциясының директоры Манижа Ахмедова. 
— Мысалы, былтырдан бері танымал жүргізуші Орзу Исоевпен бірге жұмыс істейміз. Ол келгелі прайм-тайм уақыты өзгерді: Орзу бағдарламаларын таңғы сағат 10:00-нан бастап күндізгі сағат 02:00-ге дейін жүргізеді. Осы уақыт аралығында тыңдармандар саны күрт өсті. Тағы бір жетістігіміз — бұрын біздің радионы тыңдамайтын өңірлердің жұртшылығы да енді біздің радионы тыңдайтын болды. Қазір радиожүргізушілер студияда микрофон жанында ғана отырмайды, подкаст жасап, видео түсіріп, мәтін жазуды біледі. Түрлі форматта контент жасайды. Олар — әмбебап мамандар, — дейді Манижа. 

«Азия-Плюс» радиосы соңғы жылдары ивент-индустрияға оралды. 2021 жылы «Tarona Music Award» деген үлкен концерт өткізіп, фестивальдер мен түрлі коммерциялық ивенттер ұйымдастырды. Контентіне келсек, Тәжікстандағы ойын-сауық бағытына бейімделген көптеген радиомен салыстырғанда «Азия-Плюс» журналистері ақпараттық хабар жасап, авторлық сұхбаттар, бағдарламалар дайындап, әлеуметтік тақырыптарды да қозғайды. 

— Студиямызға қонақ шақырып, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылаймыз. Көптеген отандастарымыз үшін радио — ең негізгі ақпарат алу көзі екенін білеміз. Сондықтан да ойын-сауық ғана емес, көбірек танымдық контент беруге тырысамыз, — дейді Манижа.

Бұл материал АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР