Модуль міндеттері:
Студенттер сабақ барысында мына сұрақтарға жауап табады:
- Қастандық теориясы дегеніміз не?
- Қастандық теориясын қалай анықтаймыз?
- Қастандық теориясының қоғам өміріне әсері қандай?
- Адамдар неліктен қастандық теориясына сенеді?
Кіріспе (10-15 минут) Қастандық теориясының анықтамасы және сипаттары
Ескерту: семинар уақыты шектеулі, ал тақырып тым ауқымды болғандықтан, қастандық теориясына мысалдар көрсетіп, талқылаған сәтте абай болған жөн. Себебі қастандық теориясының жаңсақтығын түсіндіріп үлгермей, аудиторияның тақырыпты керісінше қабылдау ықтималдығы бар. Барынша бір ғана мысалға тоқталып, ол мысалдағы конспирология неліктен жаңсақ екенін жан-жақты түсіндірген дұрыс.
Қоғамды дүрліктіріп, жаңалықтар медиасына жарияланған кезекті оқиғаны (мысалы, базардың өртенуі немесе танымал жұлдыздың қайтыс болуы) достарыңызбен талқылау барысында мына пікірлердің бірін естіген боларсыз:
- Мұның артында біреулер тұр
- Осылай болғаны біреуге тиімді
- Бұл тегіннен тегін емес
- Біреулер осылай жоспарлаған
Әдетте мұндай пікір айту үшін том-том кітап оқып, зерттеу жүргізіп, терең білім алудың қажеті жоқ. Мұндай пікір иесі бір ауыз сөз көмегімен жоғары білімді, сарапшы адамның деңгейіне көтеріледі. Сонымен қатар, бұл пікірлер көмегімен кез келген күрделі және жұмбақ оқиға-құбылысқа өте қарапайым түсіндірме жасалады. Жоғарыдағы пайымдаулар көп жағдайда конспирология, басқаша айтқанда қастандық теориясымен байланысып жатады.
Конспирология дегеніміз не?
«Конспирология» терминімен белгілі қастандық теориясы — қоғамдағы әлдебір топ өкілдері астыртын сөз байласа отырып, өз мүддесіне сай қитұрқы жоспарды жүзеге асыратынын сипаттайтын мәлімдемелер мен ой-көзқарастарға берілген жалпылама атау. Нақты айғақ-дәлелі болмаса да, конспирология адамдар тарапынан сенім мен қолдауға ие болады. Көп жағдайда конспирология теориялары қоғам өміріне залалын тигізіп жатады.
Қастандық теориясы — 20 ғасырдың екінші жартысында басталып, күнімізге дейін жалғасып жатқан постшындық кезеңіне тән құбылыс. Дегенмен осы терминді алғаш айналымға енгізген ойшылдардың бірі Карл Поппер конспирологияның антика кезеңінен бері өмір сүріп келе жатқанын айтады. Ойшылдың пайымынша, ежелгі гректерде табиғат құбылыстарын, соғыстарды, түрлі апаттарды құдайлар жасайтын. Ал жер бетіндегі адамзат баласы құдайлар қабылдаған шешімге қарсы ештеңе істей алмайтын, шарасыз тіршілік иелері еді. Уақыт өте келе, ежелгі грек құдайларының орнын адамдар алмастырды. Жаңа модерн заманда да қоғам өкілдерінің басым бөлігі ежелгі Грекия тұрғындары сияқты шарасыз, бірақ бұл жолы құдайлардың алдында емес, бір топ адамның (немесе өзге де тіршілік иелерінің, мысалы, бөгде ғаламшарлықтар) құпия жоспарының алдында дәрменсіз еді [1].
Конспирология дегеніміз не, теория дегеніміз не?
Әлемде конспирологияның көптеген түрі кездеседі, дегенмен бұлардың бәріне ортақ бірнеше ерекшелік бар. Тасмания университетінің профессоры Дэвид Коуди кез келген конспирологияның бойынан екі сипат табылатынын айтады. Біріншісі, конспирологияның дүниеге келуі үшін бір топ адам бірлесе әрекет етіп, сөз байласуы керек. Жалғыз адам ешқашан өз-өзімен сөз байласа алмайды. Екіншісі, жоспарланып отырған іс-әрекет құпия болуы керек [2]. Көпшілікке жария жасалған келісімдер конспирология бола алмайды. “Конспирология” терминінің өзі осы сипаттамаларды қамтитын латын тіліндегі екі сөздің қосындысынан шыққан: con — “бірге”, ал spirare — “дем алу”. Бұл жердегі “бірге дем алу” — латын тілінде сыбырласу мағынасында қолданылады. Әдетте құпия және жасырын нәрсені талқылау үшін сыбырласатынымыз рас емес пе?
Конспирологияны қалай анықтаймыз?
Шеффилд университетінің оқытушысы, медиа зерттеуші Илья Яблоковтың пайымынша, конспирологияда мынадай сипаттар бар:
- Әлемдік тәртіпті бұзуды, мемлекетті, ұлтты, тілді, дінді, т.б. жойып жіберуді немесе қаржы дағдарысын жасауды көздейтін құпия жоспардың болуы. Бұл құпия жоспардан ешкімнің хабары жоқ еді, біз ол жайлы тек конспирологиялық мәлімдемеден хабардар боламыз.
- Құпия жоспарды жүзеге асыратын құпия ұйымның болуы. Құпия ұйымға адамзат өкілдері ғана емес, кез келген тіршілік иесі мүше болуы мүмкін. Мысалы, бөгде ғаламшарлықтар немесе Дэвид Айктың танымал рептилоидтары.
- Құпия жоспардың жүзеге асуы салдарынан қоғамдағы өмір сүру шарттарының нашарлауы. Заманауи бұқаралық мәдениетте адамзатты қауіптен қорғауға тырысып, өмір сүру шарттарын жақсартуды көздейтін құпия ұйымдарды да кездестіруге болады, дегенмен Голливуд супер қаһармандарының құпия қауымдастықтарын есепке алмағанда, мұндай жағдай сирек кездеседі.
- Құпия жоспарды жүзеге асырып, құпия ұйымның бұрынғыдан да қуатты билікке қол жеткізуі [3].
Кейбір сыншылар “теория” сөзінің конспирологиямен тіркесе қолданылуын құптамайды. Себебі теория — оқиға-құбылыстарды логикалық тұрғыдан өзара байланыстырып, тіршіліктің бұлжымайтын заңдарын түсіндіреді, ғылыми ізденіске сүйенеді, шындыққа негізделеді. Ал қастандық теориясы — оқиға-құбылысқа үнемі жаңсақ түсіндірме ұсынады. Қысқаша айтқанда, біз “қастандық теориясы” дегенімізде қандай да бір ғылыми теорияға емес, керісінше, теорияға сүйенбеген қате пайымдауға сілтеме жасаймыз. Осыны естен шығармағанымыз жөн.
Төмендегі кестеден АҚШ-та кең таралған қастандық теорияларына халықтың неше пайызы сенетінін көре аласыз. Нәтиже 1220 респонденттің берген жауабына негізделе шығарылған.
кестенің қазақшасы мына жерде.
Талқылау (5 минут)
Жоғарыдағы “конспирология” анықтамасына сай келетін қандай қастандық теориясын күнделікті өмірде кездестірген едіңіз? Мысалы, танымал миллиардер Билл Гейтс вакцинация арқылы адамдарды чиптеп, сол чиптің көмегімен адамдарды бақылайтыны жайлы алыпқашпа сөздерді естіген боларсыз? Неліктен бұл қастандық теориясы?