Кейс-талдау (5-7 минут): Блогер әрі “Қалаулым” ток-шоуының қатысушысы Мерей Жолшы балалар арасында кең танылған Поп-ит ойыншығын өртеп, Instagram парақшасына видео жариялады (кейін Instagram әкімшілігі блогердің парақшасын бұғаттаған). Ол ойыншықтағы кемпірқосақ түстері арқылы біреулер ЛГБТ үгіт-насихатын жасап жатқанын, ал ол мұндай насихатқа жол бергісі келмейтінін жеткізген. Мерей Жолшының ойыншықтағы түстерден үгіт-насихат көруі неліктен қастандық теориясы болып есептеледі?
Өкінішке қарай, бұл сұраққа нақты әрі бір ғана дұрыс жауап ұсына алмаймыз, алайда оған бірнеше фактор арқылы түсіндірме жасауға болады:
- Эмоционал байланыс: жоғарыдағы жағдаят адамдардың қастандық теориясына сенетінін ғана көрсетпейді, сонымен бірге ЛГБТ өкілдерін жек көретінін көрсетеді. Адамдарда гомофобия болмағанда, бәлкім мұндай қастандыққа сенбес еді.
- Заңдылықты іздеу: Мерей Қосшы бір-біріне қатысы жоқ, кездейсоқ екі нәрсенің арасынан байланыс іздеп, соның нәтижесінде конспирологияға ұрынғаны байқалады.
Қастандық тоериясы несімен зиянды бар және онымен қалай күресеміз?
Конспирология жаңсақ пікірге сүйенетіндіктен, ол қоғам өмірінің әрбір саласына зиянын тигізеді. Конспирологияның кішігірім зияны — соған сенушілердің күлкі мен мазаққа ұшырауы, әзіл-оспақтың нысанасына айналуы болса, ең үлкен зардабы — адамдардың өліміне себепкер болуы.
Қастандық теориясы денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау салаларына айтарлықтай залал келтіріп жатыр. Мысалы, Оңтүстік Африканы басқарған Табо Мбеки ВИЧ індетін жоққа шығарып, ВИЧ-пен күреске қарсы үгіт-насихат жасаумен болды, оның президенттік кезеңінде елде 330 мыңға жуық адам осы індеттен қайтыс болған [7]. Ал климаттың өзгеруіне сенбеушілік бүкіл ғаламшар тұрғындарына қатер төндіріп жатыр. Қазақстан қоғамында да вакцинацияға наразылық жиі байқалады. Әсіресе Covid-19 пандемиясы кезінде вакцинация паспортын сатып алу, вакцинаға қатысты жалған хабарлар тарату оқиғалары жиіледі. Осының салдарынан көптеген адамның денсаулығына қауіп төніп тұр. Дезинфекция қызметкерлерін халықты улаушылар деп таныстырып, оларға қарсы күш қолданып, ұрып-соғуға шақырған спортшы Қуат Хамитовтың оқиғасын еске түсірсек жеткілікті болар.
Сөзсіз, қастандық теориясы — қоғам өміріне зиян тигізетін құбылыс. Дегенмен онымен күресу және алдын алудың нәтижесі қоғам өміріне пайдасын да тигізіп жатады. Мысалы, адамдардың қастандық теориясына сенуі — ресми ақпарат пен мәлімдемелерге, ғылымға сенбейтінін көрсетеді. Мұның алдын алу үшін саяси шешімдер бір топ саясаткер тарапынан жабық кабинетте емес, көпшіліктің талқылауымен ашық отырыстарда қабылдана бастаған. Ал ғылыми мәтіндер көпшілікке түсінікті әрі қолжетімді формада жариялана бастады. Осылайша қастандық теориясы қоғамның демократиялануына, ашық бола түсуіне, ғылым-білімнің кеңірек таралуына да әсер етіп отыр [8].
Конспирология адамдардың оқиға-құбылыс мәнін дұрыс түсінбеуінен, бір тұлғаны немесе идеяны/затты тым қатты жақсы көруінен немесе жек көруінен, қоғамдағы маргинал топқа айналуынан, білім деңгейінің төмен болуынан туындап жатады. Сондай-ақ, кез келген адам әйтеуір бір рет болсын қастандық теориясына сеніп қалуы мүмкін екенін, оның өміріміздің ажырамас бөлшегінен айналғанын және бағзы заманнан бері келе жатқанын да ұмытпауымыз керек. Яғни қастандық теориясына сенетін адамдарды кемсітудің нысанасына айналдырудан сақ болғанымыз жөн. Қастандық теориясымен күресу үшін білім беру сапасын арттырып, адамдарды шеттетпейтін инклюзиялы қоғам қалыптастыра білуіміз керек. Саяси шешімдер ашық форматта талқылануы тиіс. Медиа сауат тұрғысынан қарастырар болсақ, ақпаратты сыни тұрғыдан қабылай алу — қастандық теориясымен күрестің бірден бір сенімді әдісі.
Конспирология жайлы пайдалы видеоресурстар:
- Как в ХХI веке можно верить, что Земля — плоская?
- Viral: The 5G Conspiracy Theory by @BBC Stories — BBC
- Откуда берутся теории заговора?
Сілтемелер:
|