ДомойМедиасынУкраинадағы соғыс: қазақстандық БАҚ қандай дереккөздерге сүйенді?

Украинадағы соғыс: қазақстандық БАҚ қандай дереккөздерге сүйенді?

Украинадағы соғыс: қазақстандық БАҚ қандай дереккөздерге сүйенді?

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына немесе ресейлік ресми медиа атағандай, «арнайы әскери операция» жүргізіп жатқанына бір айдан асты. Бүгінде Ресейдегі тәуелсіз БАҚ пен шетелдік медиа өкілдіктерінің көбі бұғатталды, ал кейбірі шынайы ақпарат тарату мүмкін болмағаны үшін өз еркімен жұмысын тоқтатты. 

Ал қазақстандық ақпарат құралдары Украинадағы соғыс тақырыбын бүгінге дейін жан-жақты жазып жатыр. Еліміздегі БАҚ ақпарат таратқанда қандай дереккөздерге сүйеніп, кімдерге сілтеме беріп жатқанына «Жаңа репортер» медиасыншысы Назира Дәрімбет шолу жасады. 

Informburo.kz сайты соғыс басталған бірінші күннен бастап Украиндағы жағдайға қатысты күнделікті ақпарат таратуда. Соғыс туралы басты оқиғалар түрлі дереккөздерге сүйеніп берілді: украиндық басылымдар мен ресейлік ресми (РИА Новости) сайттар, әлемдік үздік (Дойче Велле), тіпті түрік (Анадолу) ақпарат көздері, Ресейде бұғатталған (Медуза) әлеуметтік желі парақшалары.   

informburo.kz сайтынан скриншот

«Азаттық» радиосы Украинадағы жағдай туралы күнделікті хабар желісін «Нью Йорк Таймс», ресейлік «Новая газета» сынды ақпарат құралдары мен украиндық  шенеуніктердің әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасай отырып таратуда. Сонымен қатар, «Азаттық» таяуда Эмори университетінің Орыс әдебиеті мен мәдениеті теориясының профессоры Михаил Эпштейннің «Свобода» радиосындағы сұхбатын ауқымды сараптамалық материал ретінде көшіріп жариялады. Бұл мақалада сарапшы әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес, ресейліктердің 68 пайызы Украинадағы соғысты «арнайы операция» деп қолдайтынын алға тарта отырып, Ресей қоғамын «шизофашизм» деген терминмен сипаттайды. 

KZ.MEDIA порталы да Украина соғысына қатысты күн сайын ақпарат жариялап жатыр. Соғыс басталған алғашқы күндердегідей «лайф» режимінде болмаса да, портал Украинадағы жағдайға қатысты маңызды жаңалықтарды таратуын жалғастырып келеді. «Украинская правда» сынды ірі БАҚ ақпаратына сілтеме беріп, Мариопуль театрының бомба астында қалуын, «Financial Times» басылымының дереккөзіне сүйеніп, Ресей-Украина келіссөздері туралы жазды, Ресей президенті Владимир Путиннің және украин әскери шенеуніктердің сөздері келтіріледі. 

Сондай-ақ, сайтта ресейлік тәуелсіз сарапшылардың әлеуметтік желідегі жазбалары көшіріліп берілуде. Мәселен, «Есть плохие и очень плохие сценарии» атты мақалада қазір шетелде тұратын, бұрын РФ президенті әкімшілігінің сарапшылық басқарма қызметкері болған, экономист, қоғам қайраткері Дмитрий Некрасов Ресейге салынған санкциялар Путиннің жоспарына неліктен кедергі бола алмайтынын түсіндіреді. 

Ал «Блоги» айдарында ресейлік тағы бір сарапшы, саясаттанушы Кирилл Рогов «Почему Россия уже проиграла войну?» атты авторлық материалында Украинадағы жағдайдың қалай өрбитініне тоқталады. 

Orda.kz сайты да Украинадағы оқиғаға қатысты әрбір жаңалықты назарда ұстап отыр. Сайтта жарияланған ақпараттар ресейлік дереккөздерден де алынған. Мысалы, Путин зейнетақы мен жәрдемақы көлемін ұлғайтуға қатысты шешім қабылдағаны туралы жаңалықты  РИА Новости сайтына сілтеме жасап берді

Ал «Гаага сотының Ресейден Украинадағы соғысын тоқтатуды талап еткенін» халықаралық Reuter агенттігіне, я болмаса, американдық журналистің соғыс аймағында ажал құшуын Foxnews сайтына сілтеме жасап жариялады. Бұл сайтта Украинадағы жағдайға қатысты кей ақпараттар ешбір дереккөзге сілтеме бермеген күйі де шығады. Мәселен,  Украина президенті Владимир Зеленскийдің кезекті мәлімдемесі ешбір сілтемесіз берілді.  

orda.kz сайтынан скриншот

«Время» газетінің сайтында Украина оқиғасына қатысты өзекті ақпарат жоқ. Алайда Ресей «Украинада арнайы әскери операция» жүргізуді бастаған бірінші күні басылым «Валдай» халықаралық клубының бағдарлама директоры, МГИМО профессоры Олег Барабановтың Lenta.ru сайтына шыққан сұхбатын көшіріп берген. Бұл сұхбатта О.Барабанов «Бұл жағдай – еуропалық қауіпсіздік жүйесінің салдары, ол тиімсіз әрі жаңа шиеленісті шешуге қауқарсыз екенін көрсетті», – деп мәлімдейді.

Басылымның  «Путеводитель по санкциям» атты мақаласында Ресейге салынған санкциялар кімге және не үшін салынғаны, елден қандай компаниялардың кеткені туралы РБК агенттігіне сілтеме беріп айтылады.   

Аймақтық басылымдар қандай дереккөздерге сілтеме жасайды?

Украиндағы жағдайға қатысты ақпарат таратуда Қазақстанның Ресеймен шектесетін аймақтарындағы басылымдар ерекше назарда. 

Мысалы, «Тоболинфо Қостанай» агенттігі өз материалдарында Кремльдің ұстанымын қолдайтын «Москва24», «Бірінші арна», «РИА Новости» сияқты ресурстарға сүйенеді. Ресейдің ашық насихаты мен жалған ақпаратының мысалы болатын мақалалар – «В МИД РФ сообщили о наличии у США более 300 биолабораторий по всему миру», «В сенате США признали существование в Украине биологических лабораторий СМИ».

 Айта кетейік, Украинадағы биологиялық зертханаларға қатысты соңғы жаңалықтарды FactCheck.org, The Washington Post және т.б. тәуелсіз шетелдік ірі басылымдар жоққа шығарды.

Ақтөбелік «Диапазон» кейде ресейлік РБК-ға сілтеме жасап – «Международный суд ООН потребовал от России прекратить военные действия в Украине» деген сыңайдағы мақалалар, ал кей жағдайда халықаралық басылымдарға сілтеме жасап, Украинадағы оқиғалар туралы жаңалық таратуда. Мәселен, басылым Deutsche Welle-ге сілтеме жасап, бүкіл әлемге сенсация болған Марина Овсянникованың қарсылық акциясы туралы ақпаратты мынадай тақырыппен – «Редактор Первого канала выступила в прямом эфире против войны» жариялады. Ал жоғарыда аталған «Тоболинфо» өз ақпаратында ресейлік бас арнаның қызметкерін «плакат ұстаған қыз» деп атады.

Өскемендегі «нөмірі бірінші сайт» – YK.kz Украинадағы жағдайға қатысты жаңалықтарды сирек жариялайды. Оның өзінде, ресми биліктің ұстанымына қатысты немесе Қазақстан билігіндегілер туралы айтылған ақпараттарды ғана береді әрі тек отандық ресурстарды пайдаланады.

Солтүстік Қазақстан облысы бірден Ресейдің үш облысымен шектессе де, PetropavlovskNews сайтынан Украинадағы соғыс немесе ресейлік «арнайы операция» туралы ешбір жаңалық таба алмайсыз.

 Ал Атыраудағы «Ақжайық» сайты «Война в Украине: день 22» деп оқиғаның күнделікті лентасын мұқият жүргізеді, әрбір ақпаратта Украина президентінің әлеуметтік желідегі жазбасына, американдық жоғары шенді шенеуніктердің сөзіне сілтеме жасайды, ресейлік ТАСС, BBC орыс қызметі мен басқа да дереккөздерді пайдаланады.  

Батыс Қазақстан облысындағы «Уральская неделя» негізінен BBC орыс қызметі, «Радио Свобода», Euronews.com сияқты халықаралық басылымдарға сілтеме жасай отырып, Украинадағы оқиғалар туралы жаңалықтарды іріктеп береді. Мысалы, Мариупольдағы жарылыс туралы «Украина обвиняет Россию в бомбёжке детской больницы и роддома в Мариуполе» атты мақаласы.

www.uralskweek.kz сайтынан скриншот

Қазақ тіліндегі БАҚ не дейді?

Өз кезегінде, украиналық оқиғаларды талдай отырып, Bugin.kz интернет-сайты CNN, украиналық «НВ» басылымдарына сілтейді, Джордж Соростың сөзін келтіреді. Мысалы, Ресей-Украина қақтығысындағы Қытайдың ұстанымы туралы мақаласында «Қытай Ресейдің барынша әлсірегенін күтіп отыр. Яғни, АҚШ-пен жауласа беріп, оның да ырқына көнуден шаршағандықтан, экономикалық жағынан қандай да бір артықшылық алу үшін Ресейді өзіне байлап алмақшы», – деп жазады.

Nege.kz сайты Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін бұл елде төтенше жағдай енгізілгені туралы жаңалықты ресейлік «РИА Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Nege.kz сайтынан скриншот

«Түркістан» газеті The New York Times және Украинаның тeлеграм- арналарына сілтеме жасап, қаза тапқан ресейлік сарбаздардың саны туралы жазды. «Америкалық барлау қызметінің мәліметінше, Украинадағы соғыста 20 күн ішінде 7 мыңнан астам Ресей әскері қаза тапқан. Бұл Ирак пен Ауғанстандағы соғыс кезінде 20 жыл ішінде қаза тапқан Америка сарбаздарының жалпы санынан да көп. Соғыс барысында 21 мыңға жуық ресейлік сарбаз жарақат алған. Ресейден соғысқа барған әскери қызметкерлердің жалпы саны – 150 мыңнан асады», – делінген мақалада.

Baq.kz ақпарат агенттігі кезекті Ресей-Украина келіссөздері туралы айта отырып, Украина президенті Владимир Зеленскийдің тeлeгрaм-арнасына және ресейлік шенеуніктерге сілтеме жасайды.

Ресейде YouTube видеохостингінің бұғатталуына байланысты қазақстандық «Еуразия-1» телеарнасының YouTube арнасы ашылмай қалғанын айта кеткен жөн. Бұған дейін «Роскомнадзор» Ресей Бас прокуратурасының талабы бойынша «Дождь» телеарнасының сайтын бұғаттап, «Эхо Москвы» эфирден алынғаны белгілі. Осыдан кейін «Дождь» жұмысын уақытша тоқтатып, ал директорлар кеңесі «Эхо Москвы» мен радиостанцияны өз қалауымен жапты.

Ресейдегі БАҚ-тың бұғатталуына байланысты журналистер үшін пайдалы болуы мүмкін кейбір сілтемелер тізбегін ұсынамыз:

 «Новая газета»
«Медиазона»
«Медуза»
«Важные истории»
«ОВД-Инфо» 

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР