ДомойМедиасынРеферендум, әкімдер рейтингі, автонесие, егіс науқаны: 16-22 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Референдум, әкімдер рейтингі, автонесие, егіс науқаны: 16-22 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Референдум, әкімдер рейтингі, автонесие, егіс науқаны: 16-22 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалар 5 маусымда өтетін референдум тақырыбына сюжет арнады: сарапшыларды сөйлетіп, тұрғындардан пікір сұрапты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге барып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысқаны және өткен аптада отандық кәсіпкерлермен кездескені де күнтәртібінде айтылды. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар16 мамырда басталған 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына тоқталған. Ауыл шаруашылығы, жүк тасымалы, жол сапасының проблемаларына да сараптама жасалыпты.

«Жеті күн», «Хабар»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі – «Жеті күн» әзірлеген алғашқы сюжеттің тақырыбы болды. Автор құқық қорғау органдарының әділетсіздігінен зардап шеккен кәсіпкердің мысалында бизнес иелеріне жасалатын қысым туралы әңгімелейді. Мәжіліс депутаты, Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі уәкіл және өзге де сарапшыларды сөйлетіп, проблеманың қаншалықты терең екенін көрсетуге тырысады. Президент сөзінен бір ғана үзінді берілген.

4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы туралы Риат Шони көлемді сюжет әзірлеген. Бағдарламаға өтініш берушіден бастап, экономистер, банк өкілдері, сала сарапшылары және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарушы директорына дейін пікір білдіріп, бағдарлама туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Аталмыш бағдарлама арқылы көлік алған бірінші адамның пікірі бар. Тараптар бағдарламаның кемшілігі мен артықшылығы туралы айтады. Толымды сюжет.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалар да «Жеті күннің» тұрақты көтеретін тақырыптарының бірі. Бұл жолы Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан қолға алынған реформалардың ауылды жерлерге жете бермейтіні туралы сюжет әзірленген. Ауыл әкімдері мен министрлік арасында тиімді байланыстың жоқ екені жайында айтылды. Сюжетте проблема қозғалады, оған түрлі сарапшылардың пікірі бар, алайда нақты түйін жоқ.

Түлектердің ҰБТ тапсыратын мерзімі таяды. «Жеті күн» осы мәселе турасында сюжет ұсынды. Биылғы ҰБТ ерекшеліктері, «Алтын белгі» иегеріне қойылатын талаптар, емтиханның балалардың психикасына әсері секілді көптеген сауалға жауабы бар толымды материал.

Дархан Әбдіуахит кадрде тұрып ҮҚШҰ мерейтойлық саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізгені туралы баяндады. Екі ел президенттерінің сөзінен үзінді берілді.

Ал саммит туралы Қорған Қонысбайұлы сюжет әзірлепті. Автор жиынға қатысушы барлық мемлекет басшыларының ұстанымын беруге тырысқан. Сюжетте пікір білдірген сарапшылар бұл ұйымның аймақта маңызды әрі қажет құрылым екенін айтты.

Дархан Әбдіуахит студияда саясаттанушы Жұмабек Сарабекпен бірге саммит туралы талқылауды жалғастырды. Саясаттанушы геосаяси жағдайға байланысты Ұйымға мүше елдердің ұстанымы туралы пікірін білдіріп, бұл мәселеде алты мемлекетке ортақ бір позиция болмауы мүмкін екенін айтады.

Сыртқы істер Мұқтар Тілеубердінің АҚШ-қа сапары жайлы кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндалды. Осыдан кейін, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайлы сюжет берілді. Бұл жолы Адам құқы жөніндегі уәкілге қатысты Конститутцияға енгізілетін 83 баптың, 1-тармағы туралы заңгерлер, Мәжіліс депутаты және өзге де сарапшылар айтып беріпті.

«Ғылым және ғалым» атты сюжеттің алғысөзі Nazarbaev университетінің бастамасымен 2016 жылдан бастап 28 қазақстандық ғалым елге оралғаны туралы ақпараттан басталды. Сюжетте сол ғалымдардың бірқатарын таныстырып, олардың өнертабысы туралы әңгімелейді. Nazarbaev университеті Ғылыми департаментінің басшысы пікір білдірді. Еуразия университетінің өкілі Президент бастамасымен қолға алынған шаралар нәтижелі болғанын айтты. Сюжеттің мақсаты Nazarbaev университеті туралы айту ма, әлде Президент бастамасының нәтижесін көрсету ме?

21мамыр күні Алматыда «Хабар» агенттігінде көп жыл еңбек еткен әйгілі спорт комментаторы, журналист Амангелді Сейітханұлын еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті. «Жеті күн» тілшілері осы шарадан көлемді сюжет әзірлепті.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

21 мамыр күні Шымкентте Перинаталдық орталық маңында орналасқан дәріханада жарылыс болды. «Айна» бағдарламаны осы ақпараттан бастады. Оқиға туралы баяндап, куәгерлердің пікірін, құзырлы орган өкілдерінің мәлімдемесінен үзінді берді.

4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы туралы кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында қысқа қайырды. Бағдарламаның басталғанын, салондарда көлік тапшы екенін айтумен, тұрғындардың пікірі және құзырлы мекеме өкілінің сөзінен үзінді берумен шектелді.

«Айна» әзірлеген көлемді сюжет жүк тасымалдаушылардың проблемасына арналды. Еліміздегі жүк тасымалы саласының бірқатар проблемасын айтып жүргізушілер шағымданыпты. Ақылы жол тарифінің қымбат болуы, жол сапасы, логистердің тарифі секілді біршама мәселе көтерілген. Сюжет авторы бұл мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» өкілінен пікір алыпты, Индустрия министрлігінің жауабы бар. Толымды сюжет.

«Айна» бағдарламасы бір проблеманың айналасында бірнеше сюжет әзірлеп, тақырыпты жан-жақты талдауға бейіл. Бұл жолы да жол мәселесіне қатысты бірнеше сюжет бар. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет бірінші материалды толықтырып, елімізде сапалы жол жасау үшін неге көңіл бөлу керек, жол құрылысы саласында қандай проблемалар бар деген тақырыпты қамтыпты. Сарапшыны, жауапты министрлік өкілін сөйлеткен.

Өткен аптада Үкімет басшысы өңірлердегі жол сапасын сынға алып, сонда әкімдердің рейтингі өңірдегі жолға қарап анықталатыны айтылған еді. «Айна» сюжетінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында салынып жатқан жол сапасына шолу жасалып, тұрғындарды сөйлетіпті. Жол сапасы бойынша облыстардың рейтингі жасалған. Сюжет соңында Үкімет отырысындағы премьер-министрдің сөзінен үзінді берілді.

Елорда маңындағы мобильді интернет сапасының төмендігінен бастап, «Қазақтелеком» ұсынатын кабельді интернет, ауылдардағы интернет пен мобильді байланыс сапасы туралы көлемді проблеманы қамтыған сюжет берілді.  Осылайша «Айна» бағдарламасы елдегі  инфрақұрылым мәселесіне бағдарламаның жартысын арнады. Сюжетте «Қазақтелекомның» ғана емес, «Kcell» операторының жұмысына шағымданған кейіпкер бар. Құзырлы министрлік және «Қазақтелеком» компаниясы өкілдерінің уәжі бар.  Интернет сапасына қатысты тәуелсіз сарапшылардың пікірі де артық болмас еді.

«EGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінетін квота шарттарын, кімдер алатыны туралы көлемді материал әзірледі. Осы бағдарлама аясында сәбилі болған отбасыны құттықтап қайтыпты. Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бағдарламаның артықшылығы жайлы материалды барынша хаттамалық сипаттан арылтуға басымдық берілгені көрініп тұр.

Мектептегі кезекті оқу жылының аяқталуына орай әзірленген материалда түлектердің қоштасу кешін қалай атап өтетіні туралы айтылды. Карантинге дейін лимузин жалдап, мейрамханада өткен кештің куәсі болған түлектің, карантин кезінде мектеп бітіріп, мүлдем кеш өткізе алмаған түлектің естелігі бар. Алайда, биыл Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылған шектеу жайы айтылмады. Автор сюжетін мұндай кештерді өткізуде қаржылай салмақ ата-анаға түсетінін еске сала аяқтайды.

Референдум тақырыбын «Айна» авторлары жаңадан құрылатын Конституциялық сот мысалында қозғады. Жеке кейіпкердің мысалынан басталған сюжетте 2014 жылы туылған бала мектепте жоғары сынып оқушылары тарапынан сексуалдық зорлық көрген, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған. Баланың анасы мен әжесінің бетін көлегейлеп, есімін өзгертіп сөйлеткен. Баланың әжесі егер бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалмаса, жаңадан құрылатын Конституциялық сотқа жүгінетінін айтады. Бірақ, жаңа құқықтық құрылымның мақсаты мен міндетін түсіндірген сарапшылардың бірі бұл сот: «… екі азаматтың арасындағы дауды шешпейді, азаматтық істі шешпейді, әкімшілік істі шешпейді, қылмыстық істі шешпейді. Тек сол істерді қарау барысындағы қолданылатын заңдар  нормаларының  Конституцияға сәйкес немесе сәйкес емес екенін шешеді», дейді.  Демек, журналистің  Конституциялық Соттың  құзыретіне қатысты келтірген мысалы сәтсіз деген сөз.

Мемлекет басшысының  отандық кәсіпкерлермен кездесуін «Айна» жүргізушісі қысқа қайырды. Президенттің сөзінен үзінді берді (орыс тіліндегі сөзі аудармасыз ұсынылды).

Әдеттегідей желіде қызу талқыға салынған жайттар «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарында сөз болды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta ресми жаңалықтан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.

Мәскеуден келгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесті. Ұзақ алғысөзде ірі монополиялық компаниялардың басшылары, өкілдері ұсталғанын, солардың бірі Қайрат Сатыбалдының Дубайға ұшпақ болған ұшағынан 1,5 млрд доллар табылғанын, сот жүйесі мен ҰҚК-ны реформалау туралы айтты. Сосын сюжет көрсетті. Хаттама мәндес сюжет Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуде сөйлеген сөзінен ғана (бес синхрон) құралды. Кадр сыртындағы мәтін де Президент сөзін қайталады. Сюжет жасағанша, сол отырыстың бейнежазбасын көрсетсе де болғандай екен.

Еліміздің барлық өңірінде егіс науқаны қыза түсті. Сюжет отандық агроғылым проблемаларын, ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоғын, елімізде бидайдың жаңа сорты шыққанын, жердің құнарын сақтау жайын баяндады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, халық жалақысының 52,8 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Азық-түлік қымбаттаса да халықтың кірісі бәз-баяғы қалпында. Жүргізуші Альбина Әшім айтуынша, «тапқаны тамағынан аспайтын адамдар үшін баспана да, көлік те жүрген сайын алыстап, алдап тұратын сағымға айналғандай…». Осы мәселе үлкен сюжетке арқау болыпты. Сюжетте астанадан 60 шақырым қашықтағы Жаңаесіл ауылы тұрғындарының өмірін көрсетті. Жалақыдан жалақыға әрең жететін олар азық-түлікті ауылдағы дүкеннен қарызға алады. Тұрғындар мен дүкен иесі бағаның өсуінен қалай қиналып жатқанын айтып, комментарий беріпті. Дүкендегі қарыз дәптері тез толып қалады екен. Ауыл шаруашылығы министрінің, әлеуметтанушы мен экономист пікірі бар. Елдің қиын жағдайын айқын көрсеткен сюжет болыпты.

16 мамырда 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беру басталды. Алғысөзінде осы бағдарламаның кейбір қиын тұстарын (каско сақтандыру, көлікте болуы тиіс қосалқы бөлшектерді де сатып алуға міндеттеу, салондардағы автомобиль тапшылығы) айтып өтті. Сюжет көлік тапшылығына байланысты таңдау жоғын, қосалқы бөлшектер, бағдарламаның пайдасын айтып, осы жеңілдетілген автонесие бойынша көлік алған адамды сөйлетті. Банк, автоиндустрия мен автозауыт өкілдеріне сөз берді. Материалда тараптар тепе-теңдігі бар.

Apta бағдарламасының басқа телеарналардың қорытынды бағдарламаларынан бір артықшылығы – Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай, әр шығарылымында не көлемді шолу, не сюжет арнайды. Бұл жолы соғыс даласындағы ахуалды баяндап, келіссөздер шартын, бомбалау, батыс елдерінің көмегі туралы айтты. Украина президентінің кеңесшісі, РФ Қорғаныс министрлігі өкілі мен Германия қаржы министрінің синхроны бар.

Украинадағы жағдайды айта келіп, ЕуроОдақ Ресей отынынан бас тарту жөніндегі кешенді жоспарын жариялағанына, әлемдік алпауыт компаниялар РФ нарығынан жаппай кетуіне, ресейлік танымалдардың Қазақстанға келіп, ЖСН алып жатқанына (былтыр қаңтар мен сәуір аралығында 3,5 мың ресейлікке ЖСН берілсе, биыл осы кезеңде ЖСН алған ресейліктер саны 35 мыңнан асқан) назар аударды. Ал QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының Мәскеудегі тілшісі әзірлеген сюжет Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы ресейліктердің өміріне қалай әсер еткенін баяндайды. Тұрғындар өмір сүру қиындап, азық-түлік қымбаттап, кірісі азайғанын айтады. Сюжетте кейбір компаниялардың Қазақстанға көшіп жатқанын да атап өтті. Сарапшылардың комментарийі бар. Шынайы әрі тартымды материал.

Екі аптадан кейін референдум өтеді. Apta редакциясы дәстүрінен жаңылмай, референдум тақырыбына да сюжет арнады. Мемлекеттік хатшы, Әділет министрі, депутат, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, ауыл тұрғыны, адвокат пен қоғамдық даму институтының басшысы комментарий беріпті. Олар Конституцияға енгізілетін өзгерістер жақсы екенін, тағатсыздана күтетінін айтады.

Бағдарлама көшеде жүргізілген сауалнамамен аяқталды. Тұрғындардан «Сіз референдумға қатысасыз ба?» деп сұраған екен. Респонденттердің бәрі қатысатынын, бұл өзгерістер қоғам үшін маңызды екенін айтып, жауап беріпті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР