Фильм мен сериалды қалай көреді? Көрген соң не жазуға болады? Киносыншы неден аулақ болуы керек? Осы сауалдарға «Медиасын шеберханасы» аясында өткен вебинарда қазақстандық журналист, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі, Orda.kz сайтындағы «Ордынка» бөлімінің редакторы Дмитрий Мостовой жауап берді. «Жаңа репортер» оның кинорецензия жазатын авторларға пайдалы сегіз кеңесін жазып алды.
- Сынау «≠» ұрсу.
- Рецензияның құрылымын түзіп алған жақсы. Мәтін бөлімдерден құралып, әр бөлімнің тақырыпшасы сұрақ түрінде болса, оқырман жеңіл қабылдайды.
Қандай фильм? Фабуласы. Кім түсірген, неге арналған, не түрткі болған, рөлдерді кімдер сомдайды? Егер актерлері белгілі адамдар болса, онда аудиторияны қызықтырады. Ал беймәлім актерлер болса, аса қызықтыра қоймайды.
Фильм не туралы? Сюжетін қысқаша баяндау. Мұнда асыра сілтемей, спойлерсіз (сюжетін айтып қойсаңыз, басқа көрермендердің фильмнен алар әсерін құртасыз) жазу керек. «Сюжеті туралы ештеңе айтпаған дұрыс», деп санайтындар да бар. Мен өзіме ереже жасап алдым: фильмнің алғашқы 15 минутына дейін, яғни шиеленісін айтуға болады.
Кімдер не үшін көруі керек? Мәтіннің ең үлкен бөлігі осы. Бұл рецензия саналады.
- Рецензия дегеніміз — репортаж да, шолу да емес, бұл — киноөнімді көрерменге ұсынып, көруге қызықтыратын не уақытын бос шығындамауға шақыратын шығармашылықтың дербес түрі. Актер мен режиссердің төл сөзі айтар ойымды бейнелемесе, мұны рецензияға қосуға қарсымын. Актерлердің жұмысына үзілді-кесілді баға беруден аулақ болған жөн. Мысалы, «актер рөлін алып шықты / алып шыға алмады» деп біржақты бағалауға болмайды. Өйткені режиссер актерге қандай міндет жүктеп, қандай тапсырма бергенін, актер оны орындай алды ма, жоқ па, мұны ешқашан білмейміз. Егер экраннан нақты бір актерді емес, өз өмірін сүріп жатқан кейіпкерді көрсем, демек, актер өте мықты болғаны. Сондай-ақ, рецензияда киносыншының «МЕН-і» фильм жасаушылары мен фильмнен көп болмауы керек. Рецензияда «Менің есептеуімше, …», «Менің ойымша, …» деген сияқты тіркестерді екеуден артық қолданбаған жөн. «Фильм … деп ойлауға жетелейді» деген тіркес те орынсыз.
- Рецензия фильмді көру кезінде жазыла бастайды. Телефоныма түртіп отырамын. Титрларды, әсіресе, отандық фильмдердің титрін видеоға түсіріп аламын. Титрда көптеген құнды ақпарат бар. Орталық Азия елдеріндегі кинокомпаниялардың маркетинг департаменті кеш жұмыс істейді, фильм актерлері мен түсірілім тобының басқа да қатысушылары туралы ақпаратты кино көрсетілімінен кейін бірден алу қиынға соғады.
- Фильмді көргеннен кейін 1-1,5 сағат үзіліс жасап, «Қазір не көрдім», «Не үшін көрдім?», «Мұны не үшін түсірді/жасады?», «Мұның барлығын қалай жазуға болады?» деген сияқты сауалдың жауабын ойлап, қорытамын. Не жазатынымды дереу біліп отыратын фильмдер де бар. Бірнеше күн қинап, толғатып жазылатын рецензиялар да бар. Рецензия не туралы болатынын айқындайтын 1-2 идеяны бөліп аламын. Рецензия жалпылама жазылмайды, нақты бір қамтитын ауқымы болады, әйтпесе оқылмайды.
- Рөлдер қаншалықты анық бөлінгенін, әр кейіпкердің оқиғасы қаншалықты толымды екеніне мән беріңіз. Фильмнің бірінші бөлімінде бас, қосалқы және эпизодтағы кейіпкерлерді таныстырып, олардың мінезін ашып көрсетеді. Егер қосалқы кейіпкер фильм соңына дейін еш себепсіз жоғалып кетсе, онда бұл — фильмнің шикілігі. Бас кейіпкер жағымсыздан жағымды кейіпкерге айналып, оны бұған не жетелегенін, жан-дүниесі неліктен өзгергенін көрерменге түсіндірмесе, бұл да шикілік. Мәселен, «Құдалар» қазақстандық фильмінде ененің рөлін түсіндірмеді. Диалогтарға да назар аударыңыз. Қазақстандық, ресейлік фильмдердің диалогы жақсарта түсуді қажет етеді.
- Киносыншы продюсердің, режиссер, оператор, суретші, дыбыс режиссері, гример және тағы басқасының жұмысын бағалауына болады. Әрине, бұл талпынысы кәсіби деңгейге шыға қоймайды. Десе де экранда басқа заманға сай зат тұрса, онда бұл – қоюшы суретшінің кемшілігі, егер видеода жарық дұрыс түспесе, онда бұл – жарық қоюшыға сын.
Процесс кезінде кинорөлдердің арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды. Біз көбіне фильмді режиссерге теліп жатамыз, шын мәнінде, жауапкершілікті бөліп қарастыру керек: өйткені режиссер түсірілім алаңын басқарады, ал продюсер ақша береді. Дәстүрімізде фильмді режиссермен ғана байланыстыру кеңес заманына қалған, өйткені кеңес заманында фильмнің бірінші адамы режиссер болатын. Батыс дәстүрінде фильмді продюсермен байланыстырады, үздік фильм үшін берілген «Оскар» сыйлығын продюсер алады. Рецензент режиссерге «мынауың дұрыс емес» деп айтпас бұрын тап соған режиссер жауапты екеніне көз жеткізіп алуы керек. Фильмдегі назар аударатын жайтқа режиссер ма, продюсер ма, кім жауапты екенін білмегенде «фильм жасаушылары» деген эвфемизм қолданамын.
- Отандық, шетелдік фильмдер мен сериалдарға рецензия жазу дегеніміз — үш түрлі жанр.
Отандық фильм. Рецензияны ел ішінде ғана оқып қоймайды, сондықтан бәріне түсінікті болуы керек. Мысалы, режиссерді атағанда «бұрын… фильмдерін түсірген режиссер» деп нақтылау қажет. Не режиссер профайлына / бұрынғы фильмдеріне гиперсілтеме қоямыз. Рецензент түсірілім тобының мүшелерімен таныс болуы мүмкін. Бұл бір қым-қиғаш сәт. Кез келген рецензия түйінді болуы керек. Кейбір авторлар жасаушыларын танитыны себепті қандай да бір фильмге рецензия жазудан бас тартса, мұны әлсіздік не кәсібилікке жат тірлік санамаймын. «Жаман емес,» «тәуір шығыпты» деп жазғаннан гөрі ештеңе жазбаған дұрыс.
Шетелдік фильм. Фильм авторларын ешқашан бетпе-бет кездестірмейсіз, олар туралы жазылған рецензия да көп, бірақ медиакеңістік бір және автоаударма бар. Бәрін түсініп кетпесеңіз де, жалпылама түсінесіз. Еліңізде боп жатқан оқиғаларды мысалға алып, параллель жүргізе отырып жазсаңыз, рецензияңыз құнды болмақ. Батыстың жақсы фильмдерінен еліңізбен, қалаңызбен параллель табасыз.
Сериалдар. Сериалды сирек көремін, бірақ көретін кездер боп тұрады. Сериалға рецензия жазудың фильм рецензиясынан еш айырмасы жоқ. Үшінші сериясынан кейін рецензия жазуға болады. Меніңше, үшінші серияның рейтингі ең жоғары, екінші серияның рейтингі ең төмен, бірінші серияның рейтингі орташа болады. Бірінші серияда барлығын жайып салса, екінші сериясында кейіпкерлердің мінезін ашады, ал үшінші сериясынан бастап сюжет қайда бағыт алатынын түсінесіз.
«Медиасын шеберханасы» 2022 жылғы 17 мамырда басталып, 14 маусымға дейін жалғасты. Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан 41 адам қатысты. Барлығы 96 өтініш келіп түсті. Шеберханада редакторлар Анна Шабалдина, Лилия Гайсина, Иршод Сулаймони, медиасыншылар Маргарита Бочарова, Нәзира Дәрімбет, Сергей Ким, медиатренерлер Ольга Каплина, Анатолий Вербин, Икбалжан Мирсайитов, Әлия Бөпежанова, Лола Олимова, Наргис Косимова, Питер де Туа, құқыққорғаушы Жанар Секербаева, киносыншы Дмитрий Мостовой дәріс оқып, тәжірибесін бөлісті.
Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.