ДомойМедиасынРыбакина мен Джеруто. Спорт журналистері легионерлер туралы не жазды?

Рыбакина мен Джеруто. Спорт журналистері легионерлер туралы не жазды?

Рыбакина мен Джеруто. Спорт журналистері легионерлер туралы не жазды?

Биылғы шілде отандық спорт жанкүйерлері үшін «ыстық» болды. Олай дейтініміз, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі жеңіс тіркелді. Айдың басында теннисші Елена Рыбакина (Ресей) «Уимблдонда» топ жарса, өткен аптада Нора Джеруто (Кения) АҚШ-та өткен әлем чемпионатының алтын медалін еншіледі. Мұндай нәтиже Қазақстан құрамасында бұрын-соңды болмаған соң, бұл тақырып талай талқыға тұздық болды. Атап айтқанда, легионер спортшылар және олардың ел спортының дамуына қосатын үлесі жайлы пікірталас қызды. Қазақ тіліндегі БАҚ легионерлер тақырыбына келгенде байсалды сараптама жасай алды ма, әлде эмоцияға ерік бере ме? «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақтілді медианың легионерлер туралы жазғанына шолу жасады.

basnews.kz сайтынан скриншот

Ел тарихындағы елеулі жеңістен кейін спорт сарапшыларының шағын пікірлері де, көлемді сараптамалары да жарық көрді. Мәселен, 20 шілдеде basnews.kz сайтында «Легионер, «натуралданған» спортшы және… ниет» деген тақырыппен материал шықты. Материалдың лидінде ресейліктердің Рыбакинаны өзімсінгеніне ашу табы байқалады. Өйткені автор теннисшінің даңқты жеңісінен кейін біраз шу шыққанын айтып, «жаманы – ресейліктер оны «мәскеулік қыз» деп атағаны» дейді. Журналист легионер деп кімді айтатынын, неше топқа бөлінетінін айта келе, ел тарихында мұндай «алыс-берістің» қашан басталғанына, қалай жүргізіліп келе жатқанына тоқталады. Тілшінің отандық спорт тарихынан жақсы хабардар екені көрініп тұр. Өйткені тайға таңба басқандай тізбектеп, ел сапында жүрген легионер спортшылардың атын атап, түсін түстеп шыққан. Қорытындысында автор өз атынан: «Легионер немесе «натуралданған» спортшылар тақырыбы – әлемдік әңгіме өзегі. Олардың спорттағы табысын ешкім сызып тастай алмайды. Ал оны жергілікті жұрт өзімсініп жатса, тіпті керемет» деп пікір білдіреді.

Aitube.kz сайтынан скриншот

Ал спорт сарапшылары легионерлер туралы не дейді? Мәселен, «Жетінші арнаның» «Айбат» жаңалықтар қызметі спорт журналисі Аслан Қаженовке: «Қазақстан атынан легионерлерді шығару қаншалықты тиімді?» деген сұрақ қойған. «Тарихта қалады. Ал отандық спортқа, қазақ еліне ештеңе бермейді» дейді сарапшы. Легионерлердің елге берері жоқ деп пікір білдіргендер легі мұнымен тоқтамайды. Кейінгі бір жылдың ішінде жарық көрген материалдарды шолып шыққанымызда осыны байқадық. Мысалы, «Адырна» ұлттық порталында қоғам қайраткері Жанұзақ Әкімнің бұл мәселеге қатысты ойы жарияланған. Мұнда Жанұзақ Әкім: «Легионерде отан болмайды. Олардың отаны – конверсия, ақша табу» дейді. «Адырна» тілшілері осы тақырыпта қоғам белсендісі Еркін Рақышевпен де тілдескен. Ол шетелдік спортшылардың елге келуіне қарсы еместігін, дегенмен нәтиже болуы үшін шетелден жаттықтырушы алдыру керегін айтады.

31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы спорт журналисі Бек Төлеуовтен сұхбат алған, ол «бір реттік жеңіс үшін сырттан легионер шақыруды доғару керек» дейді. «Айқын» газетінің тілшісі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлымен сұхбаттасыпты. Басты тақырып – кәсіпқой спорт клубтарына бөлінген қаржы мәселесі. Мұнда да легионерлер жайлы айтылады. Н.Жүнісбайұлы үлкен спортта жақсы команда жасақтау үшін легионер міндетті түрде шақырылады деген пікір білдірген.

Бүгінде сайт редакторлары әлеуметтік желіде әлдекімнің белгілі бір мәселе туралы жазған ой-пікірін дереу сайтқа салып, соның есебінен қаралым жинауға әдеттеніп алды. Айталық, Аслан Қаженовтің жеке парақшасындағы жазбасын newsroom.kz сайты бөліскен. Әлбетте, бұған тыйым жоқ. Автордың рұқсатымен болса, неге жарияламасқа? Десе де, автордың жазбасын ішіндегі бейпіл сөздерімен қоса жариялау жөн емес. Жеке парақшада әркім не жазса да, ерікті. Десе де, ҚР журналисінің этикалық кодексінде әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады. Атап айтқанда, «Журналист қоғамның моральдық және этикалық қағидаттарының нығаюына ықпал етеді» делінген. Кәсіби журналист БАҚ бетіне боқтық сөз жарияламауы тиіс. Аталған постта Қаженов «Барыс» хоккей клубының мүшесі айына 32 млн теңге жалақы алатынын жазып, айтарлықтай нәтиже жоғын, әлем біріншілігінде 7 команданың алтауынан ұтылатынын сынайды.

baq.kz сайтынан скриншот

Baq.kz сайты депутат Қазыбек Исаның футбол клубтарына бөлінетін қыруар қаржыны қысқарту қажеттігі туралы ұсынысын берген. «Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ» дейді ол.

Jas Qazaq газетінің 15 шілде күнгі №27 санында Рыбакинаның жеңісіне қуанған мақала жарық көрді. «Wimbledon бізге де бұйырды!» деп сүйіншілеген материал бірінші беттен басталып, жетінші бетте жалғасады. Қуаныш Рахметтің мақаласында Еленаны кезінде Ресейдің өзі өзекке тепкеніне көбірек мән берілген. Жоғарыдағыдай легионерлерге  ашық қарсылық білінбейді. Тіпті Несіп Жүнісбайұлының жазбасын тілге тиек етіп, «Қазаққа келін бол, Елена!» деп арнайы тақырыпшамен берген. Сөз соңында автор: «Еленаның жеңісінен кейін қазақ жерінде кенже қалған теннис спортына алабөтен қызығушылық оянары сөзсіз. Пайдасыз, тек қарақан басының қамын күйттеп келушілердің қатарынан емес, керісінше, осы елдің көк байрағын биікке ұстауды мұрат тұтып жүрген жандарға қолдау көрсету керек» деп тәмамдайды.

azattyq.org сайтынан скриншот

Легионерлер мәселесіне қатысты нағыз сараптама деп azattyq.org сайтында жарияланған «Шенеуніктерге нәтиже керек». Кениялық атлеттер Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыта ала ма?» деген мақаланы айта аламыз. Автор Руслан Меделбек түбі кениялық спортшы Нора Джерутоның жеңісінен кейін жеңіл атлетика мысалында спорттың жай-күйін әдемі сараптайды. Материалда жағдайға баға бермейді, жеке пікірін қоспайды. Бұл міндетті ол сарапшылардың мойнына жүктеген. Осылайша бейтарап позиция ұстанады. Спорт комментаторы Сергей Райлянға «Кениялықтардың Қазақстанға келуі елдегі жеңіл атлетиканың дамуына оң әсер ете ме?» деген сауал қояды. «Джеруто биыл әлем чемпионатында алтын алса да, Қазақстанда балалар жаппай жеңіл атлетика секциясына жазылмайды» дейді сарапшы. Осылай дей келе, комментатор жеңіл атлетикаға тиісті инфрақұрылым жоғын, оны бұқаралық спортқа айналдыру керектігін айтады. Мақалада аттандаған эмоция жоқ, ұстамдылық бар.

Біздегі сараптамаларға көбіне осы нәрсе жетпейді. Журналисттің бейтарап болуы деген ұстаным ескерілмей жатады. Оны лидтен не қорытындыдан көре аламыз. Өйткені көпшілігі сөзіне дәлел келтірместен эмоциямен өз ұстанымын білдіріп қояды. Мәселені ашып жазу керек, сынау керек. Дегенмен автор тілімен «түйрейтін» сарапшылар тауып, өзі бейтарап қалғаны дұрыс.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР