ДомойМедиасынТілге келгенде «тілім қышиды»: БАҚ Мухоряпов мәселесін қалай жазды?

Тілге келгенде «тілім қышиды»: БАҚ Мухоряпов мәселесін қалай жазды?

Тілге келгенде «тілім қышиды»: БАҚ Мухоряпов мәселесін қалай жазды?

Жақында Chocofamily Holding иесі Рамиль Мухоряпов мемлекеттік тілді кемсітетін сөздер айтып, басы дауға қалды. Бұл туралы қазақша БАҚ не жазды? «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыптағы мақалаларды шолып шықты.

Мухоряпов Қазақстанға келген ресейліктермен кездесу кезінде «Біреу сіздерге қазақша сөйлесе, ренжімеңіздер» деген азаматшаға: «Бұл кішкене ұлтшылдық көрінісі дер едім. Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік» дейді. Қазақстандықтар кәсіпкердің бұл сөзіне наразы болып, компания өнімдерін қолданудан бас тартып жатты, рейтиңін түсіріп, төмен баға қойды. Артынша кәсіпкер кешірім сұрады. Дегенмен қазіргі таңда Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқанына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Материал салмағы мәтінде ғана емес

Қазақша БАҚ бұл жағдайға қатысты үнсіз қалмады, әрине. Кәсіпкердің айтқан сөзінің мәтіні, жиынның видеосы көп тарады. Әсіресе, журналист Айбар Олжайдың мәселенің заң аясында шешілуін сұрап, құзырлы органдарға арыз түсіргені туралы жазбасы бірқатар сайтта жарияланды.

Halyq uni сайтына шыққан материалда саясаттанушы Дос Көшім Мухоряповтың мұнысын «ұлы орыс шовинизмінің нақты көрінісі» деп баға берген. Материал шағын, екі тақырыпшаға бөлінген. Алдымен Мухоряповтың кешірім сұрағаны туралы айтылады. Одан соң Айбар Олжай мен Дос Көшімнен пікір алған. Бізге ұнаған тұсы – материалдың негізгі суретіне арнайы коллаж жасалған. Сайттардың басым көпшілігі осы мәселеге аса мән бермейді. Кейде оператив қимылдау үшін интернетте бар суретті алатынын түсінеміз. Ал шолу не сараптама жасалса, оған арнайы вижуал жасатқан абзал.

ulysmedia.kz сайтынан скриншот

Әлеуметтік желілерде де, сайттарда да көп шыққан ендігі бір ақпарат — пикет. Алматыда тұратын азаматтық белсенді әрі құқық қорғаушы Камилла Мюллер кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты даулы сөздерінен кейін Chocofamily кеңсесінің алдында пикетке шықты. «Қазақстанда орысша сөйлеуге міндетті емеспін #cancelchocolife #Ramilgeboykot» деген плакат ұстап шыққан белсендіден Ulysmedia тілшісі қысқаша пікір алған. Айтуынша, ол ашуланғанын интернетте отырып жаза салғаннан гөрі бетпе-бет барғанды жөн көрген.

Қазақша пост және калька аударма

Кәсіпкер жеке парақшасында кешірім сұрап, stories те, пост та салды.

Скриншот Мухоряповтың парақшасынан алынды

Azattyq Ruhy сайтының тілшілері Мухоряповтың жазбасын талдап, калька аударма екенін сынаған. Қысқа үзінді бере кетейік: «Калька деп отырғанымыздың себебі – Мухоряпов жеке аккаунтындағы төрт сөйлемде грамматика мен орфографиялық қателерді қосқанда, алты қате жіберген. «Достар, мен не айтқым келеді. Мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан менің отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінілмегенін қаламаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын» деген бизнесмен тым болмағанда Отан деген сөздің кіші әріптен емес, бас әріптен жазылатынын білмейтін сияқты. Мектепте қазақ тілінен неше алған? «Айтқым келеді, дұрыс түсінілмегенін қаламаймын» сынды калька әрі әріп қатесі көп сөз тіркестерін айтудың өзі артық» делінген материалда.

Тілге келгенде «тілім қышиды»

Әдетте біз материалдардағы эмоция мен жеке пікірді көп сынаймыз. Яғни журналистің ұстанымы, көзқарасы алғашқы абзацтан бастап, соңғы сөйлемге дейін байқалып тұрады. Мухоряпов мысалында да солай. Бәлкім, тілші «тілге келгенде тілім қышиды» дегенге салып, ашынған болар. Десе де, мұны дұрыс деп бағаламаймыз. Себебі журналистика стандарты бұған қайшы.

zhasalash.kz сайтынан скриншот

Мысалы zhasalash.kz сайтында «Төрімізге шықса да, төбемізге шықпасын» деген тақырыппен мақала шыққан. Лидінде «Қазақ тілін қорлағандар жазасыз қалмасын» деп тұр. Азаматтық позиция тұрғысынан журналиске ештеңе айта алмаймыз. Жеке парақшасында білдірсе, ешкім «қой» демес. Дегенмен материал әзірлегенде нейтрал болғаны жөн. Қанша жерден шындық десе де, «өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақтың елінде, жерінде жүріп нан тапқанымен, қазақ тіліне әлі де немқұрайлы, қажетсіз тіл ретінде қарайтыны да өтірік емес» деген сыңайда баға беруге құзіреті жетпейді. Мұндай сөзді көшеде сауалнама жасап, әлдекімнің аузына салып берсе, болмаса мамандардың комментариі түрінде бергені әлдеқайда ұтымдырақ болар еді.

inbusiness.kz сайтынан скриншот

«Мемлекеттік тілді білмейтіндердің, мемлекеттік тілде сөйлемейтіндердің мемлекет құраушы халықты айыптауға қақысы бар ма?» деген сауалды ортаға тастап, inbusiness.kz тілшілері талдауға тырысқан. Вижуал мәселесін айта кетсек, материал ішіндегі коллаж авторы көрсетілмеген. Егер сайтқа тиесілі болса, онда жақсы баға беруге болады. Кәсіпкердің суреті мен сервистеріне қойылған дизлайкты көрсеткен. Ал енді материалда не айтылған? Мұнда тілші үш спикердің пікірін берген. Бұл өте жақсы. Әрі бір саланың мамандарын емес, жан-жақты болу үшін саясаттанушы, әлеуметтанушы және экономиске сұрау салған. Жоғарыда айтқанымыздай, эмоцияны білдірмеу үшін қолдану керек әдісті пайдаланған. Дегенмен бастапқыда сауалды «халықты айыптауға қақысы бар ма?» деп емес, «бұл жағдайдан қазақстандық компаниялар қандай сабақ алып, нендей ой түюі керек?» десе дұрысырақ болар еді. Өйткені материалды оқып болған соң, осы сұрақтың жауабы шығады.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР