1-бөлім (90 минут)
Модуль міндеттері:
Студенттер:
- Үгіт-насихаттың мәдениет деңгейіне, уақыт жағдайына, контекске орай әртүрлі айқындалатынын білетін болады;
- Ақпараттандыру және үгіт-насихат маркерлерін зерттейді;
- Қазіргі заман үгіт-насихатын қайта кодтау барысында сыни ойлау қасиетінің маңыздылығын түсінеді;
- Цифрлы ортадағы үгіт-насихат пен боттарды анықтау әдісін сараптайды.
1-ҚАДАМ. Үгіт-насихат дегеніміз не? (20 минут)
Үгіт-насихаттың ең бейтарап мақсаты – белгілі бір идеяларды тарату немесе дамыту. Бұл халыққа үндеу жасаушы адамның кері реакцияны күтетін немесе нені қалайды, соған сай әрекет ететін коммуникация түрі. Қазір біз үгіт-насихатты жағымсыз дүниемен немесе өтірікпен, бұрмалаумен байланыстыратын болып алдық. Алайда, оны алғаш ғылыми түрде зерттеген Э. Бернейстің пікірі бойынша: «үгіт-насихат жақсы ма, жаман ба, қалай дегенмен де оның ұсынатын идеясы мен таратып отырған ақпаратының шынайылығы маңызды».
Үгіт-насихат – әмбебап құбылыс, одан ешбір қоғам айналып өте алмайды: ол – бүкіл адамзат тарихында және қазір де мәдени, әлеуметтік, діни және саяси жүйенің бір бөлігіне айналды. Есірткіден сақтандыру профилактикасы, балаларды спортқа тәрбиелеу, жалпы демократиялық мақсатта азаматтық сезімді қалыптастыру – бәрі де үгіт-насихаттың арқасында жүзеге асады.
Ж. Эллюльдің «Пропаганда» кітабының айтар ойына сүйенсек, интеграцияны насихаттау іс-әрекетке шақырып қана қоймай, қоғамдық келісімге бастайды, яғни қоғамның барлық ақиқатын толығымен қабылдауға жеткізеді. Автор насихаттың жағымды әрі жасампаз қасиеті барын да атап өтеді.
Тарихта бұқараның дезинформация ықпалына ұшырағанын сезінбестен шешім қабылдаған сәттері көп болды. Қазіргі насихаттың басты ерекшелігі – цифрлы технологиялардың қарқынды дамуының арқасында оның таралуы өте жылдам әрі бұқаралық сипат алғаны соншалық, медиа сауаты төмен адам ақпараттың астарында қандай насихаттың түрі жасырынып жатқанын айыра алмайтын дәрежеге жетті.
Ж. Эллюль насихат тоталитарлық мемлекеттерге емес (оларда бұл күш қолдану тәсілдеріне ұласып кетеді), демократиялық мемлекеттерге қажет деп есептейді.
Ол насихаттың вертикальды – саяси (жоғарыдан төмен) және горизонтальды (өмір салтын кино, жарнама арқылы тарату) тұрмыстық түрлерін ерекше атап өтеді. Горизонтальды, желілік формада билік органдарымен тең дәрежеде жеке, қоғамдық (мемлекеттік емес) ұйымдар мен толығымен еркін, азаматтардың желілік қауымдастығы да насихатқа қатыса алады.
Қазақстанда қоғамдық келісімге қол жеткізу жалпыхалықтық идеологиялық бағдарламаның жоқтығынан күрделі проблемаға тап болып отыр. Вертикальды насихат жүйесі «Қазақстан – 2030», «Ұлт бірлігі доктринасы», «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті күшейту мен дамытудың концепциясы», «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламаларды қолға алды, алайда бұлардың ешқайсысы күткен нәтижеге қол жеткізбеді.
Саясаттанушы Д. Сәтбаевтың пікірінше, Қазақстан шикізат мемлекеті ретінде қалды, ондағылар: «өзін азаматтық бірегейлік негізінде таныса, екіншілері этникалық тегіне тартады, ал үшіншілері діни көзқарасына орай бірігеді. Тіпті, әлі күнге дейін рулық жақындықты ту етіп ұстайтындар да бар. Ал кейбіреулерінің өзі осында тұрғанымен, санасы – Ресейде жүр, яғни өздерін Орыс әлемімен байланыстырады». Әлеуметтік сауалдардың нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы жастардың 40 пайызы болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмейді, қалған бөлігі де осыны ойлап жүр.
Біздіңше, мұндай идеологиялық тұрақсыздықтың бір себебі — журналистика, насихат және саяси пиардың өзара айырмашылығының болмауында. Қазақстан медиасының мазмұны «джинсыдың» ерекше форматында, жарнама екендігі туралы еш жерде айтылмайды немесе мемлекеттік тапсырыс екенін ешкім ескермейді.
Талқылауға арналған сауалдар: Салауатты өмір салты, жол ережесі туралы роликтер үгіт-насихатқа жата ма? (5 минут)
Үгіт-насихат фашистік және тотолитарлы жүйеде адам шошырлық түрде пайдаланылғандықтан екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін үгіт-насихат жағымсыз сипатқа ие болды. 20 ғасырда үгіт-насихаттың жағымды түрі – әлеуметтік жарнама және қоғаммен байланыс, пиар шықты:
Әлеуметтік жарнама әлеуметтік мінез-құлықтың моделін өзгертуге және қоғамдық маңызы бар мәселелерге назар аударуға бағытталған. Бұл жарнамаға коммерциялық жарнамаға керек қаражат жұмсалады.
Тәжірибелік тапсырма:
Төмендегі мақаланы оқыңыз.
Әлемдік ірі темекі компанияларының бірі Philip Morris International қадімгі сигареттерді өндіруді және сатуды тоқтатпақ. «Нәтижесінде біздің басты мақсатымыз – темекі тартатын адамдар үшін сигаретті өзге жақсы дүниемен алмастыру», — деді компания басшысы Андре Каланцопулос.
Талқылауға арналған сауалдар (10 минут):
- Сіз бұл мақаланы коммуникацияның қай түріне жатқызасыз?
- Болашақ сатып алушы ұсынылып отырған балама өнімдерді пайдаланған жағдайда денсаулыққа қауіпті екендігінен хабардар ма?
Түйін: Насихат бағытталған адамдар оның мазмұнымен келісе ме, жоқ па, насихаттың мақсаты: нақты жағдайды немесе идеяны бағалаудың нақты тәсілін жеткізу. Әрі насихатшының көздеген мақсатына орай кері реакцияға қол жеткізу.
Насихат – адамдардың көзқарасын қалыптастыру мақсатында оларға әдейі әрі жүйелі түрде ықпал ету.