Домой1-бөлім. Қазақстандағы медиасауаттың әлеуметтік-саяси даму мәнмәтініМодуль 5. Үгіт-насихат, манипуляция құралдары, ақпараттық соғыс

Модуль 5. Үгіт-насихат, манипуляция құралдары, ақпараттық соғыс

Модуль 5. Үгіт-насихат, манипуляция құралдары, ақпараттық соғыс

4-ҚАДАМ. Сандық насихат және желілік троллинг (30 минут)

Қазақстан, Ресей, Қытайда насихаттың негізгі тапсырыс берушісі мен операторы – мемлекет, басқа елдерде – саяси ұйымдар мен жекелеген тұлғалар.

Өте көлемді мәліметтерді (Big Data) пайдалану (желі пайдаланушылар туралы өңделген және жүйеленген ақпараттардың аса ірі көлемі) шұғыл кері байланыс, өзгермелі ситуацияға орай жіберілген ақпаратты модификациялау – саяси насихаттың тиімділігін күрт арттырды. Жаңа технологиялардың арқасында маркетингтік зерттеулер насихатты қажетті аудиторияға тез бейімдейді. Сайлау компанияларында электораттың әлеуметтік-демографиялық білімдердің негізінде әдейі бағытталған коммуникация пайдаланылады.

Онлайн-насихаттың дамуына ТМД елдеріндегі медиасауат деңгейінің әлсіздігі ықпал етеді. Оған соңғы жылдары кибер қылмыстың құрбанына айналғандар санының еселеп артып отырғандығы дәлел. Positive Technologies компаниясы директорының орынбасары М.Левиннің мәліметінше тек 2018 жылдың бір тоқсанында фишинг шабуылынан Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украинаның 300 мыңнан астам қолданушысы зардап шеккен.

Кибертерроризм немесе компьютерлерге, оларда сақталған ақпараттарға заңсыз шабуылдар мен шабуыл қатері үкіметті немесе халықты қорқыту не саяси немесе әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізуге мәжбүрлеу үшін жасалады. Кибертерроризм қаржылай көмектің арқасында ұйымдастырылған белгілі бір идеологиялық бағдарламаның аясында қызмет еткенімен, насихаттың бір түрі болып саналады. Жекелеген хакерлер кибершабуыл жасау үшін террористік ұйымдардан қаржы алады.

Террористік ұйымдар олардың сайттарына кірген адамдар туралы ақпаратты жинай отырып, «сандық әлемнің» ізімен жүріп отырады. Олар ұйымдарына аз да болса көңіл аударғандармен тікелей байланысқа шығады. Тарихта сондай табысты әрі бай террористік ұйымдардың бірі – «Ирак пен Левантаның Ислам мемлекеті» (ИГИЛ) немесе ДАИШ деп те аталады, жихад идеологиясын онлайн таратуда төңкеріс жасады десе де болады. Олар әлеуметтік желілер арқылы қатарларын әлемнің түкпір-түкпірінен, постсоветтік елдерді қоса есептегенде мыңдаған жауынгермен толықтыра алды.

2017 жылдың 31 қазанында Нью-Йоркте жүк көлігімен теракт жасаған Сайпулло Саиповтың телефонынан полицейлер «Ислам мемлекеті» сайтының 380 суреті мен 90 видеосын тауып алған. Террорист әл-Бағдадтың суреттері мен атыс-шабыстарды, баскесерлердің әрекеттерін жүктеп алған әрі сақтап қойған. Ол жасаған теракт «Жалғыз көкжалдың анықтамалығы» атты ИГИЛ-дің ірі медиа эффект тудыру үшін ірі теракт жасауға арналған онлайн-жетекшілігіндегі нұсқаулармен сәйкес келеді.

Екінші жағынан, әлеуметтік желі медиа сауатты адамдардан белсенді аудиторияны қалыптастыру арқылы ірі мүмкіндіктер береді. Бұл әсіресе сайлау кампаниясы кезіндегі насихатта өте өзекті.

ТМД елдеріндегі оффлайн дәстүр бойынша, мәселен түр-сипаты сиқымсыз кандидат қандай да бір жаңа салынған объектінің лентасын қияды, бұл жастар үшін ешқандай қызық емес. Өнімді еңбектің және аудиториямен белсенді байланыс жасаудың жарқын үлгісі ретінде Украина президенттігіне үміткер болған әрі жеңіске жеткен В.Зеленскийдің сайлауалды кампаниясын айтуға болады. Ескеретін бір жайт, Зеленскийдің Instagram парақшасына 3,7 миллион адам, «Зе! Команды» парақшасына 450 мың адам жазылған, ал бұрынғы президенттің бұл желідегі жазылушылары 260 мыңнан сәл ғана асатын еді.

Freedom House мәліметіне сүйенсек, желілік насихатта саяси және азаматтық белсенділердің ақылы қызметіне жүгіну тәжірибесі көптеген мемлекетте қолданылады:

Соңғы уақытта троллинг «лас насихаттың» құралына айналып барады. Яғни, интернетте шиеленісті қоздыра түсу үшін арандату мақсатындағы хабарламалар көбейіп кетті.

Желіде саяси насихаттың маңызды құралы секілді әрекет ететін ақылы қолданушылар «келісімді қолдан жасаумен» айналысады. Олар белгілі бір идеяны немесе көзқарасты қолдаушылар санын көбейтуге немесе қолдан көбейтіп көрсетуге тырысады. Топ құрып, бір-бірінің жазбаларымен бөлісіп, лайк басып, қолдап пікір жазып, тролльдар сол арқылы әлеуметтік желі пайдаланушыларының санасына өздері насихаттап отырған көзқарастың көпшіліктің қолдауына ие екендігін жеткізуге және сендіруге тырысады.

Мәселен, yvision.kz жазбасының авторы Tala 2016 жылғы 4 тамызда Қазақстан астанасында өткен қайырымдылық марафонының нашар ұйымдастырылғаны жөніндегі жаппай наразылық жайында жазады: «Таңғы сағат 7-ден 14:00-ге дейін қаланың бірнеше басты көшесін жауып тастады, сөйтіп орталық көшелердегі қозғалыс қиындады». Алайда, Тенгриньюс сайтындағы марафон кезіндегі көшелердегі кетпелістердің суретімен бірге берілген сыни материалдың астындағы 40 комментарийдің барлығы да марафон ұйымдастырушыларын мадақтап жазды.

Комментарийлердегі ондай біртектіліктің мәні саяси инстанцияның медиаға арналған жалпы күн тәртібін айқындайтындығының көрінісі болса керек. Сөйтіп жолдаудың біртектілігіне қол жеткіземіз әрі оны біртұтас деген әсер туындайды: телевизор қарасаң да, радио тыңдасаң да, әлеуметтік желіде отырсаң да кездесетіні бір контент, бірдей идеялар. Мақсат – келісімді фабрикациялау – белгілі бір көзқарасты ерекше етіп көрсету әрі қарсыластардың үнін тұншықтыру.

Троллингтің келесі бағыты: ұнамайтын көзқарастарды ығыстыру. Бұл оппозицияны немесе мемлекеттік саясатқа балама көзқарастарды сынау арқылы жүзеге асады. www.factcheck.kz сайтының журналистері Фейсбукте басқарушы Нұр Отан партиясының идеясын бұқаралық сипатқа айналдыруды көздеген фейк аккаунттарды ашты.

Аккаунттарды талдау арқылы олардың иелері негізінен:

  • Аватаркасында Ресей мен Қырғызстанның Вконтакте желісінен ұрланған бөтен фотоларды пайдаланады;
  • Бірінші Президент қоры, Мәжіліс, Рухани жаңғыру және Нұр Отан партиясы парақшаларында ғана коммент қалдырады;
  • Жеке жазбалары тым аз немесе мүлдем жоқ екендігін байқауға болады.

Авторлар сондай-ақ, бұл тролльдардың басым көпшілігі, тіпті барлығы деуге болады, Қазақстанда экстремистік партия деп танылған ДВК (Қазақстанның демократиялық таңдауы) парақшасына және «қуғындағы банкир» Мұхтар Әблязовтің парақшасына жазылуды да ұмытпайды.

Eurasianet сайтының мақаласында журналист А.Куменов Қазақстанда кешкі уақыттарда әлеуметтік желінің бұғатталатынын әңгімелейді. 20:00-ден кейін кем дегенде екі сағат бойы Facebook, YouTube, Twitter секілді әлеуметтік желілер мен Telegram секілді мессенджерлер ашылмайды немесе жұмысы баяулайды.

Әлеуметтік желілер жұмысының баяулауы Астана сотының «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысын экстремистік ұйым ретінде таныған кезден басталды. Аталған қозғалыс жетекшісі, оппозициялық саясаткер М.Әбіләзов Facebook әлеуметтік желісінде кешкі уақытта үгіт жүргізеді. «Билік интернетті кешкі уақытта бұғаттау – ДВК қозғалысымен күрес тәсілі екенін ашық мойындайды» деп жазады автор.

Ақылы тролльдердің үшінші міндеті – «ықпал ету агенті» функциясын атқару. Ақылы пайдаланушылар әлеуметтік желілердегі көзге түсетін және ықпалды қоғамдастықтарға енуге тырысады. Аталған қауымдастықтарға еніп, біраз беделге ие болғаннан кейін саяси-насихат бағытындағы сыни-пікірлерді көлденең тарта бастайды. Қауымдастық сеніміне еніп алған бұл адамдарға олар құдайындай сенеді, сөйтіп олардың саяси ойлары бейсаналы түрде жұтыла бермек.

Сыни ойлауды дамыту дәл осындай насихатты, ол тіпті нашар пиар болса да тани білетін болады.

Zona.kz мақаласында автор «Астана» қаржы орталығының жетекшісі мен ел президентінің кездесуін тролльдардың қалай шыр айналдырғанын бейнелейді. Қатардағы жай бір шенеуніктің мемлекеттік қайраткер деңгейіне дейін қалай көтерілгенін түсінбей де қаласыз.

Ол Zona.kz интернет газетінің сайтындағы тролльдердің комментарийін сөзбе сөз келтіреді:

  • «егер барлығын сауатты түрде ойластырса, онда бәрі мүмкін. Әзірше, бұндай орталық Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тек бізде ғана бар. Әрі оны барынша дөңгелек айналдыру керек»;
  • «әрине жақсы мамандар керек, проектінің ауқымы кең әрі кадр да тиісінше таңдалып алынғаны жөн»;
  • «Әрине, постсоветтік кеңістікте алғашқылардың бірі болып қаржы орталығын ашу дегеніміз керемет», «Әрине, компанияның көктеп-көгеруі үшін командада кәсіби мамандар болуы тиіс. Бұл кез келген топ менеджерге түсінікті»

(Орфографиясы мен стилі сақталды)

Тағы бір сорақылық – имиджмейкерлер өздерінің бұл сөздерін қаз қалпында Тенгриньюс сайтында қайталайтыны айқындалды.

Бұдан шығатын қорытынды, интернет қолданушылар Мәскеу мемлекеттік университетінің есептеу техникасы және кибернетика факультетінде білім алған адамды «керемет финансист», ал оның кез келген іс-әрекетін «суперпрофессионал» деп мақтай отырып, қандай реакцияны күтіп отыр?

Diplomat басылымы да Қазақстандағы «тролльдер фабрикасы» туралы жазады. Автордың пікірінше, бұл ақылы блогерлер Қазақстанның жаңалықтар сайтында «мақаланың мазмұнына қарамастан, билікті мақтаумен болады»(16). Олардың негізгі мақсаты: «не бұқараның көңілін дағдарыстан бұрып әкету, не елдің ерекше табысы туралы әсерді күшейту, мәселен спорт жұлдыздары мен Назарбаевты орынды-орынсыз мақтау».

Боттарды қалай айқындауға болады?

Әрбір пайдаланушы бот аккаунттарды жасай алатын жағдайда, тіпті орта дәрежелі медиасауатты адамның өзі оларды желіде айқындай білуі керек.

Боттарды айқындаудағы белгілі тәсілдердің бірі хабарламалардың жиілігін айқындау, боттың статикалық белгілерін зерттеу (парақшада өздеріне ғана тән суреттердің бар болуы немесе жоқтығы, достары мен жазылушылар саны, өмірбаян деректерінің бар болуы немесе болмауы, аккаунттың пайда болуы мерзімі т.т.т), таратып отырған контентін талдау.

A.С.Алымов, В.В.Баранюк және О.С.Смирновалар боттарды айқындаудың екі тәсілін ұсынады: қолданушының әлеуметтік желіде болған сәтіндегі алатын ақпаратының анализін жасау (онлайн-анализ) және қолданушының жеке парақшасында бөліскен ақпараттарының анализі (офлайн-анализ).

Oнлайн-анализ: қысқа мерзімде бір IP адрестен әртүрлі аккаунттан өте жылдам әрі жедел комментарийдің қалдырылуы, комментарийлер мазмұнының тым қарапайым болуы немесе мүлдем тақырыпқа қатыссыз комментарийлер қалдыру, бір-бірінен аумайтын, бірдей комментарийлердің қайталануы.

Офлайн-анализ: аккаунт верификацияланбаған, достар мен жазылушылар санының не шамадан тыс көп болуы, не тым аз болуы (әсіресе пікір жазғанда ), профильдің немесе өзі туралы ақпараттың аз болуы, толық қамтылмауы, аватарда өз суретінің болмауы, автордың өз жазбасының болмауы (негізінен репостылар яғни өзгенің жазбасымен бөлісу көп болады), парақша контентін жаңалауда аяқасты шамадан тыс белсенділік таныту, аттарды шатастыру немесе атты дұрыс қолданбау, қолданушының парақшасында өзге пайдаланушылардың комментариінің болмауы, жарнама мен зиян сілтемелердің көп болуы т.б.

Боттардың статикалық белгілері: профилінде ақпараттың аз болуы, аватарында суреттің болмауы, оған жазылушылардың өзара байланыстарының болмауы т.с.с.

Сөйтіп боттар фабрикасы саяси насихаттың бір бөлігіне айналды. Бұл ретте шешуші рөлді ресми сайты мен блогы бар саяси лидерлер мен партиялардың баспасөз қызметтері секілді боттардың ірі фабрикасы атқарады және ақпараттық соғыс алаңына қатысады.

Талқылауға арналған сауалдар (15 минут):

  1. Сіздің насихатпен бетпе-бет жүздескен кезіңіз болды ма?
  2. Жеке өз басыңызға үгіт-насихаттың қай түрі өзекті?

Насихаттың барлық анықтамасы тарихи контекстпен байланысты. Қазіргі заманда әлемде насихаттың жаңа түріне жасанды жаңалықтарды (fake news) жатқызатын болды. Fake news – бұл әдейі жалған ақпаратты тарату, бұл жаңалық дерекке қарсы, адамдарды шатастырады.

Насихатты сипаттайтын өзге термин – альтернативті дерек. Альтернативті дерек президент Дональд Трамптың кеңесшісінің сөзінен кейін сәнге айналды. Президент кеңесшісі инауграцияға жиналған халықтың ауқымын бағалаудағы Ақ үйдің бағасы өзге БАҚ таратқан ақпаратқа альтернативті дерек болып келеді деген болатын. Алайда факт шындыққа жанасатын әрі тексерілетін дүние және оның альтернативасы немесе баламасы болмайды.

Мұндай жағдайда насихат мәні жалған мәліметке айналады. Бұл жасырын әрі жалған ақпаратты әдейі пайдалану болып табылады.
Насихаттың түрлі түрін қайта декодттау үшін, жалған ақпаратқа қарсы тұру үшін сыни ойлау қасиеті маңызды. Украина және Беларус сарапшылары манипуляция мен жасырын насихаттын құрбаны болмас үшін адамның өзіне қоятын сұрақтар тізімін жасаған:

Инфографика: Марина Шабелюк http://mediadriver.tilda.ws/propaganda/protection

Түйін: Әлеуметтік желілердегі саяси әсер ету мәселесін шешу, әдейі адастырушылықтың ақпараттық механизмі және жалған ақпаратты анықтау тек жан-жақты күш негізінде, мүдделі тараптардың (мемлекеттік, корпоративтік, қоғамдық) бірлесіп жүргізетін әрекеті арқасында жүзеге асыруға болады. Әрине бұл күрестің алғашқы сатысы -медиасауат.

Үй тапсырмасы: Солтүстік Кореяда түсірілген «Пропаганда» фильмін көру, 1 сағат, 35 минут.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР