ДомойМедиасынШахтадағы жарылыс, адам саудасы, рақымшылық: 31 қазан – 6 қарашадағы апталық телебағдарламаларға...

Шахтадағы жарылыс, адам саудасы, рақымшылық: 31 қазан – 6 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Шахтадағы жарылыс, адам саудасы, рақымшылық: 31 қазан – 6 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Ленин шахтасындағы апатқа арналды: қаза болғандар туралы мәлімет, Үкіметтік комиссия құрылғаны, кеніштегі қауіпсіздік талаптары туралы сюжеттер болды. Бұдан бөлек, Тоқаевтың шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуі, газ тапшылығы, Қаңтар оқиғасы мен «Рақымшылық жасау туралы» заң, мұнай саласындағы мопополия туралы салмақты сюжеттер ұсынылды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» басты тақырыбы Теміртаудағы «Арселор Миттал Теміртауға» қарасты «Ленин» шахтасында болған жарылыс туралы болды. Жігер Сәрсен қаза болғандар туралы мәлімет беріп, Үкіметтік комиссия құрылғанын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин шахта ашылғалы 69 адам қайтыс болғанын айтты. Осыдан кейін оқиғаға қатысты жеке сюжетке кезек берілді. Сюжетте марқұмдардың бірінің туысы пікір берген, бірқатар құзыретті орган өкілдерінің мәлімдемесі бар. Алайда «Ленин» шахтасы басшылығының түсініктемесі жоқ. Оқиғаның қалай болғаны, кімдер мерт болғаны, зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы толыққанды ақпарат берілген. Бағдарлама жүргізушісі кадрда тұрып президенттің қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтқанын жеткізді.

Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды. «Жеті күн» бұл жайында арнайы сюжет әзірлемеді. Тек Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары, Мәжіліс депутаты түсініктеме берген.

«Заң және қоғам» сюжеті Ақордада мемлекет басшысының 6 заңға қол қойғаны туралы болды. Бұл жиынға Ұлттық құрылтай мүшелері, Мәжіліс депуттары, өзге де лауазымды тұлғалар қатысқан еді. Сюжетте жиынға қатысқандар әр заңның маңызы туралы пікірі білдірген, президенттің сөзінен үзінділер бар. Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, заңгерлердің пікірі жоқ.

Ақордада президент шетелдік дипломатиялық миссия өкілдерімен кездесті. Осы жиында Атом электр станциясы салынатынын айтқан болатын. «Жеті күн» осы мәселе туралы арнайы сюжет әзірледі. «Үлкен» ауылының тұрғындарын сөйлеткен. Жартылай қаңырап қалған ауылдың тіршілігімен танысып, құзырлы орган өкілдері мен экологтың пікірін берген. Сонымен қатар тілші Түркістан облысындағы уран кенішіне барып, шикізатты өндіру технологиясымен таныстырады. Ақпараты мол сюжет, алайда тәуелсіз сарапшылардың пікірі аз болды. Тілші кадрдан тыс мәтінде станция құрылысының салынуына қарсы пікірлерді келтірді. Мұндай пікірді сарапшылар, сала мамандары айтса игі. Көрермен Атом станциясынан келетін қауіп болса, оны білуге тиіс.

Йорданияның Аман қаласында бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр, онда ел спортшылары жақсы нәтиже көрсетуде. Жігер Сәрсен осыны айтып, келесі сюжеттің алғысөзіне көшті. Айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі Олимпиадада жүлде алған спортшылар мен олардың бапкерлерінің төлемақысы 4 есе өскенін мәлімдепті. Бұдан әрі ұсынылған сюжет тілші «өмір бойы алатын зейнетақы» төрт есе өскенін айтты. Ал Спорт комитетінің өкілі ақпаратынша, спортшысы нәтиже көрсеткен бапкердің ғана жалақысы көбеймек. Ал параолимпиада спортшысы 4 есе өсетін зейнетақы алу үшін Ұлттық құрамада 20 жыл еңбек ету керек.

Тоқаевтың екі апта бұрын Алматыға сапары кезінде апорт алмасын Ұлттық бредке айналдыру туралы тапсырма берді. Жүргізуші бағбандар алманың бұл сортын өсіруді сиретіп бара жатқанын тілге тиек етіп, ақпараты мол сюжетке кезек берді.

Sarap-Times, Astana TV

Бағдарлама «Ленин» шахтасында болған жарылыс туралы сюжеттен басталды. Кеншілер, марқұмдардың жақындары, депутаттар сөйледі.

Келесі сюжет Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның Қайрат Сатыбалдының активіне қатысты жасаған мәлімдемесі туралы болды. Мерей Базарұлы комиссия жұмысынан бөлек шетел тәжірибесіне, мемлекеттің бұған дейін осы бағытта атқарған жұмысына талдау жасап, сарапшыларды сөйлетті.

«Құлдықтың киіп қамытын» аталатын сюжетте адам саудасының құрбаны болған кейіпкерлердің оқиғасы бар. Елімізде адам саудасына байланысты қандай қылмыс жасалады, құлдықтан құтқарылғандарға нендей көмек көрсетілетіні туралы айтылды. Дерегі көп, ұзақ сюжет. Сөз соңында тілші: «Әр адам әрекетке бармас бұрын түйсігімен ойланса, жауапкершілікті сезінсе, ақылмен шешсе, түйткілдің түйіні тарқар еді» деп аяқтады. Журналистің міндеті нұсқау не кеңес беру емес, ақпарат беру екенін ұмыт қалдырмаған жөн.

Келесі сюжет елдегі есірткі саудасы жайлы болды. Онда негізінен «Қарасора» жедел-профилактикалық операциясының барысы, Жамбыл облысындағы жағдай баяндалды. Сюжет соңында тілші Берік Жұмабай: «Әлеуеттік желіде психотропты заттардың саудасы қызып тұр. Ең сорақысы еліміздің көп қаласында синтетикалық есірткі жарнамасы белең алған» деді. Тілші дәл осы фактілер негізінде журналистік зерттеу әзірлегенде, сюжет «Қарасора» операциясының барысы туралы есепке айналмас еді.

Бұқара Президентікке үміткерлерден не күтеді? Саят Жөкенұлы саясаттанушы Мақсат Жақаумен осы сауал төңірегінде сұхбаттасты.

Тәжімұрат Әлжан елдегі жемқорлық фактісі жайында сюжет әзірлеп, Қызылордада болған жағдайдан мысал келтірді. Артынша бір апта бұрынғы Біртановтың сотын еске түсіріп, судьяның үкім оқыған сәтінен, экс-министрдің сұхбатынан үзінді берді. Павлодардағы спорт мектебінде қаржы жымқырылғаны айтылды. Одан соң биылғы 9 айдың статистикасын беріп, жемқорлық дерегі қай өңірде аз екенін айтты. Сарапшылар, заңгер, қоғам қайраткері, депутат жемқорлықпен тиімді күресу туралы пікір айтты. Сюжет тақырыбы, көтерген мәселесі өзекті, дегенмен бұл сюжетте Біртанов туралы айтудың реті жоқ. Өйткені оқиғаның жалғасып жатқанына 2 жыл болды, биылғы статистикаға кірмейтіні анық. Сюжет хронометражын созу қажет демесе, ақпарат ретінде де қоғамға жаңалығы жоқ.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Ғалым Кәлмен баласын сататындар туралы дереккөзі жоқ дерек келтіріп, бағдарламаны аналарды кінәлай бастады. Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген «Саудаға бала түссе» аталатын сюжетте адам саудасы тақырыбының балаға қатысты тұсын айтты. Бас прокуратура деректеріне сүйеніп, Бала құқығы жөніндегі уәкіл, сарапшыларды сөйлеткен.

Балалар арасындағы асқазан-ішек жолындағы сырқаттың кең таралғаны туралы сюжет ұсынылды. Айта кету керек, әдетте сараптамалық бағдарламаларда бала денсаулығына қатысты материал сирек әзірленеді. Жеке адамның оқиғасына негізделген сюжетте аталған патологияға қатысты көп мәлімет берілген.

«Айна» Тоқаевтың 6 заңға жария қол қойғаны туралы кадр сыртындағы мәтін форматында қысқа қайырды.

Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаражат үшін арнайы шот ашудың қажеті жоқ. Ол жүйеде автоматты түрде ашылады. Сонымен қатар,  жергілікті жерлерде тұрғындарға көмір мен газ түсіруге әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл туралы «eGOv куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы айтып берді.

Ақбөпе Тәңірбергеннің «Ақша үшін сүйеді» сюжеті альфонстар туралы болды. Сюжетте құзырлы орган өкілдері нақты фактілер келтірген, интернет арқылы алаяқтыққа баратындардың әдіс-тәсілі айтылды. Психологтың түсініктемесі бар, тіпті «альфонс» делінген жігіттен телефон арқылы сұхбат алған. Айтары мол сюжет.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Ленин шахтасындағы апаттан басталды. Тілшілер трагедияға үлкен сюжет арнаған екен. Осыдан 16 жыл бұрын дәл осы кеніште қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан метан газы жарылып, 41 кенші қаза тапқанын еске салды. Жалпы 17 жыл ішінде Қазақстандағы «Арселор Миттал» шахталарында 110 кенші қаза тапқан. Тақырыпты депутаттар Қайрат Қожамжаров пен Ерлан Саировтың комментарийі толықтырды. Назар аударар бір жайт, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров: «Біздің ойымызша, үкімет, оның ішінде Экология министрлігі, Индустрия министрлігі осы «Арселлор Митталға» келген кезде қауқарсыз сияқты. Олардың қолы байланып қала ма, уәкілеттігі жетпей ме, Арселорға келгенде ығып қалады» деп мәлімдеді. Apta редакциясы алдағы уақытта аталған министрліктерден депутаттың осы мәлімдемесі бойынша қандай да бір жауап алатын шығар, өйткені депутат сөзі тым салмақты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті. Бұл кездесу хаттама мәндес сюжетке арқау болыпты.

Сарапшылардың пікірінше, келер жылы елімізде газ тапшылығы басталуы мүмкін. Өйткені, соңғы 5 жылда газға деген сұраныс 35 пайызға артқан. Ал 20 жылда бір де бір газ кені ашылмапты. Тағы бір мәселе, қағазбастылықтың себебінен аймақтардағы жұртшылық үй іргесіне келіп тұрған газға қосыла алмай отыр. Осы және тағы басқа ұқсас мәселелерді қамтыған сюжетте тұрғындар хикаясы көп, әкімдік, министрлік пікірі, сарапшылардың көңіл көншітпес болжамы да бар.

Қаңтар трагедиясына тура он ай толды. Наразылық соңы трагедияға айналып, 238 адам қайтыс болды. Мыңдаған адам түрмеге қамалды. Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Сондай-ақ осы аптада қоғам белсендісі Жанболат Мамай қамаудан шықты, дәлірегі оны абақтыдан үйқамаққа ауыстырды. Мұның бәрі қысқа қайырып, прокурор комментарийімен толықтырды. Жалпы ұлттық арнаның ең басты апталық бағдарламасы бұған дейін Жанболат Мамай тақырыбын елеусіз қалдырып келді. Міне, кенеттен оны үйқамаққа ауыстырылғанын айтып, хабарлады. Онда да жаңалық тақырыбы екіұдай қойылған: «Қоғам белсендісі Жанболат Мамай қамаудан шықты».

«Қазақстан жылына 85-87 млн тонна мұнай өндіреді. Оның шамамен 17-18 млн тоннасы ішкі нарыққа жіберіледі. Осынша қара алтын өңделіп, соңғы тұтынушыға жеткенше монополистер мен арадағы делдалдар қыруар табысқа кенеліп қалады». Apta тілшілері мұнай саласындағы мопополия мен жанармайды алыпсатарлар туралы үлкен сюжет дайындапты. Бұған Тоқаевтың шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуде айтқаны және Парламентте қаралып жатқан заң жобасы түрткі болыпты. Мағлұматы мол, қызық деректерге толы, мысалдары мен министрлік, агенттік, депутат, сарапшы комментарийі бар жап-жақсы сюжет.

Үлкен жетілік елдері мен Аустралия Ресей мұнайына шектеулі баға енгізуге уағдаласты. Бұл туралы студиядан хабарлап, Украинадағы соғысқа ауысты. Шолу сюжетте Херсондағы жағдайды, Ресей қарулы күштері Украинаның инфрақұрылымына зымырандармен, дрондармен соққы беріп, миллиондаған адамды жарықсыз, сусыз қалдырғанын, Тегеран Ресейге камикадзе-дрондарын сатқанын мойындағанын, Солтүстік Кореядан Ресейге көп жылдан бері алғаш рет бара жатқан пойыздың спутниктен түсірілген суреті жарияланғанын, Ресей астық келісіміне оралғанын қамтыды. Айта өтейік, Apta – қазақстандық телеарналар арасында апталық қорытынды бағдарламасында Украинадағы соғысты елеусіз қалдырмай, апта сайын сюжет арнап, көрермендерін хабардар етіп отыратын жалғыз бағдарлама.

Былтыр 1 мыңнан астам ғалым мен зерттеуші ғылым жолынан кеткен. Бұл Ұлттық статистика бюросы жариялаған есепте мәлім болды. Осы дерек көп ғалымды сөйлетіп, пікірін алған сюжетке арқау болыпты.

Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауға екі апта қалды. Apta кандидаттардың әрқайсысына теңдей уақыт бөліп, олардың сайлауалды штабы қалай жұмыс істеп жатқанын таныстырды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР