ДомойМедиасынТоқаев сапары, Екібастұздағы апат, баспана кезегі: 28 қараша – 4 желтоқсандағы апталық...

Тоқаев сапары, Екібастұздағы апат, баспана кезегі: 28 қараша – 4 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Тоқаев сапары, Екібастұздағы апат, баспана кезегі: 28 қараша – 4 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Екібастұздағы Жылу электр стансасында болған апат салдарына арналды. Қалада төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Тұрғындардың пікірі, премьер-министрдің келгені, шенеуніктер мен сарапшылардың комментарийі берілді. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен кейін Мәскеуге, содан соң Францияға барған сапары туралы сюжеттер ұсынды. Еліміздегі жедел жәрдем проблемасы, әуе рейстерінің кешігуі, баспана кезегі, қымбатшылық мәселесі де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы алғашқы сюжетін Екібастұздағы төтенше жағдайға арнады. Материалда елдегі жылу желілерінің тозуы, энергетика жүйесін қайта жаңғырту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Өткен аптада президент Ресейге, содан кейін Францияға ресми сапармен барды. «Жеті күн» алдымен Тоқаевтың Франция сапарынан сюжет ұсынды. Хаттамалық сюжетте екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, сапар барысында жасалған келісімдер жайы баяндалды. Сюжет әдеттегідей ұзақ болды.

Осыдан кейін Тоқаевтың Ресейге сапары туралы сюжет берілді. Оның алғысөзінде Жігер Сәрсен геосаяи қиын кезеңде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» саясат жүргізіп жатқан Тоқаевтың әрекеті туралы айтты. Ал сюжетте Орынборда өткен аймақаралық форумға екі президенттің онлайн қатысуы, форумнан соң Тоқаев пен Путиннің екеуара кездесуі жайлы айтылып, ресейлік экономист сарапшының пікірі берілді. Екі ел президенттерінің сөзінен үзінділер бар. Кездесу соңында екі ел басшылары декларацияға қол қойғаны айтылды. Алайда ол құжаттың мәні неде, маңызы қандай екеніне қатысты ақпарат берілмеді.

Әуе рейсін кешіктірген компанияға айыппұл салынбақ. Кейінгі кезде елімізде мұндай жағдай жиілеп кеткен. «Жеті күн» осы мәселе жайында сюжет әзірлеп, тасымалдаушы компания өкілдерін, жолаушыларды, құзырлы сала қызметкерлерін сөйлетіпті.

Шығыс Қазақстан облысында жедел жәрдем орталығы Өскеменде орналасқан. Өңірдегі шалғай ауылдарға жедел жәрдем шақыру үшін тұрғындар осы орталыққа ғана хабарласа алады. Бұл жүйе үнемі тиімді бола бермейді. Сюжеттен облыстағы жедел медициналық көмектің ахуалына қатысты біршама ақпарат алуға болады.

Sarap Times, Astana TV

SarapТimes бағдарламасы президенттің Ресейге сапары туралы қысқа қайырды, Руслан Желдібайдың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын келтірумен шектелді.

Осыдан кейін Тоқаевтың Францияға сапары туралы көлемді материал ұсынды. Қол қойылған келісімдер туралы айтып, француз ЖОО-мен меморандум жасалғанына ерекше мән берді. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың маңызы жайлы сарапшылар пікір білдірді.

«Сай сүйекті сырқыратар қара суықта қал-қадірінше қарекет қылып жатқан» Екібастұз жұртына қатысты сюжет президент тақырыбынан кейін берілді. Екібастұз қаласынан әзірленген сюжет қаланың, тұрғындардың ахуалынан мол хабар береді. Жылу желілерінің тозғаны туралы экологтардың жазда дабыл қаққаны, Павлодар облысы әкімінің орнынан алынып, оның әлеуметтік желі арқылы Екібастұз тұрғындарынан кешірім сұрағаны, ЖЭО-ға тиесілі компания өкілдерінің кешірім сұрамағаны туралы баяндалды.

«Amanat» партиясының өкілдері Екібастұз халқына жылу жинап, көмек көрсетті. Студияда «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетіспаев сұхбат берді.  «Amanat» партиясына қарасты телеарна болғандықтан, Екібастұз қаласында болған жағдайды партия жұмысының орайлы жарнамасы ретінде пайдаланғандай көрінді.

Елімізде қыркүйек айына дейін шетелден әкелінген көліктер заңдастырылады. Бір реттік алым көлемі 200 мың теңге. Сенат тиісті заң бекітті. Қандай көліктер заңдастырылмайды, көлікті заңдастыру үшін нендей құжат қажет, сарапшылар не дейді, қарапайым тұрғындар қандай пікірде? Осының барлығын қамтыған толымды сюжет берілді.

1922 жылы қазақ халқы ұшыраған ашаршылыққа 100 жыл, 32 жылғы ашаршылыққа 90 жыл толды. Алайда осы нәубетке тарихи баға берілмеді. Sarap Тimes осы мәселені көтеріп, тарихшы, жазушы, ғалымдар пікірі білдірді. Тілші ашаршылық болмаса қазақтың саны бүгін қанша болар еді деген сауалға жауап іздейді.

Бағдарламаны коммуналдық қызмет жұмысшысының аз жалақысы туралы мәселе көтерген сюжет аяқтады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Еуразия бірінші арнасы бағдарламаны сынықшы мен травмотолог дәрігер көрсететін көмектің сапасын салыстырудан бастады. Махамбет Бейбітшілік тартымды стэндаптар жасады. Алайда ол сөз арасында «сүйек бітік шығып, екінші қайтара дәрігердің көмегіне жүгінбеуге болады» деді. Әдетте «шөп бітік шығады», ал сүйекке қатысты «дұрыс бітеді» деген сөз орамын қолданған дұрыс. Біліктілігі құжатпен негізделген дәрігерге не маманға қаралуды үндейтін сюжет.

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген келесі сюжет те медицина проблемасына арналды. Жедел жәрдем бригадасының бір шақыртуға баруының мысалында сала мамандары бетпе-бет келетін қиындықтар туралы баяндады.

Баспана кезегіне тұру тәртібі өзгереді, аз қамтылған отбасының балаларын балабақшамен қамту үшін Отбасының цифрлық картасы арқылы арнайы шаралар жүзеге асырылмақ. «eGov куәгері» айдары осы жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.

«Айна» бағдарламасы футболдан Әлем чемпионатына қысқаша шолу жасауды да ұмытпады.

Ақбөпе Тәңірберген ет бағасы туралы сюжет ұсынды. Тілші ет базарына барып, сатушыларды сөзге тартқан, шаруаның қорасынан түпкілікті тұтынушыға жеткенге дейін ет бағасының қалай өзгеретіні туралы ақпарат берді. Журналистің ізденісін атап өткен жөн.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Екібастұз Жылу электр стансасында болған апат салдарына арналды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Жағдай біршама тұрақталды, бірақ әлі жылусыз отырған үйлер бар. Құбырлар мен жылу батареялары жарылған. Тұрғындардың біразы уақытша көшіп кеткен, ал үйде қалғаны электр пештерін қосып, амалдап отыр. Сюжетте тұрғындар хикаясы мен пікірі, премьер-министрдің келгені, шенеуніктер мен сарапшылардың комментарийі бар. Апат себептеріне назар аударыпты.

Облыс пен республикалық маңызы бар қала басшылығына кімдер тағайындалғанын қысқаша шолып шыққаннан кейін Екібастұз тақырыбына қайта оралды. «Елдегі жылу электр орталықтарындағы негізгі жабдықтардың 66 пайызы тозған. Станциялардың жартысынан көбі 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді екен. Республика бойынша мұндай 37 мекеме бар. Оның оны мемлекеттік, бесеуі квазимемлекеттік, қалған жиырма екісі жекеменшік орталық. Бұл нысандар қашан, қалай жекенің иелігіне өтті?». Автор көлемді сюжетте осы сауалдың жауабын іздеп, анықтаған екен.

Бағдарламаның үшінші сюжеті Тоқаевтың Францияға сапарына арналды. Ақпараты мол сюжетте сапар барысында қандай келісімдерге қол қойылғанын шолып өтіп, сол келісімдердің ең негізгілерін тарқатып айттып, министрлер мен бизнесмендер комментарийімен толықтырды.

Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен кейін алғашқы сапары Мәскеуден басталды. Алайда Apta редакциясы бұған сюжет арнамай, тележүргізуші Альбина Әшім Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың осы сапар жайлы комментарийіне сүйеніп, баяндады.

Қазақстан-Ресей тақырыбы ақырындап Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасына ойысты. Альбина Әшім АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Дэниел Розенблюммен сұхбаттасып, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға жанама түрде әсері, «қайталама санкциялар» қаупі, балама жүк жолдарын дамытуға АҚШ көмегі, транскаспий маршруты, әлемдегі геосаяси ахуал, Украинадағы соғыс, АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы, жаңа елшінің жоспары туралы әңгімелесті.

Осы аптада Еуроодақ пен Үлкен жетілік Ресей мұнайына баға шегін белгіледі. Дегенмен Ресей шектеуді қабылдамайтынын ескертіп отыр. Ал АҚШ және Ресей президенттері Украинаға қатысты кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл үшін талаптарын да атады. Шолу сюжет осы тақырыптарды тарқатып, Украинадағы соғыс жаңалықтарын қамтыды.

«Апта» бағдарламасы жыл қорытындысын жасай бастады. Соңғы айларда ең жиі қозғалған тақырып – «қымбатшылық» болды. Бұл да бекер емес, өйткені қазан айында инфляция 18 пайыздан асты. Ал сарапшылардың айтуынша, бұл шын ахуалды көрсететін цифр емес екен. Көлемді сюжетте тұтынушылардың эмоционалды пікірі бар. Сюжет авторы инфляцияның себебін іздесе, сарапшылар келер жылы қандай баға боларын болжады. Материалдағы елең еткізер бір тұсы – тілші супермаркеттердегі көктемгі және қазіргі бағаны салыстырды. Бұл үшін көктемдегі чекті қолына алып, дәл сол тауардың қазіргі бағасымен салыстырды. Тауар қаншалықты қымбаттағаны баға айырмасынан анық көрінді.

Жаңа жылдан шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеу басталады. Қандай көліктер жеңілдікке ілінеді, қай көліктер тыс қалады, көлікті заңдастыру үшін не істеу керек, шетелдік нөмір таққан көлік иелері қандай кедергілер мен қиындықтарға тап келіп отыр? Осы сауалдардың жауабын тәптіштеп түсірдірген жап-жақсы түсіндірмелі сюжет бағдарламаны қорытындылады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР