«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды. Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы осы туралы болды. Сондай-ақ, қорытынды бағдарламалар Қазақстанда McDonald’s компаниясының жұмысы тоқтағанын жарыса айтып, еліміздегі ет өндірісіндегі мәселелерге сюжеттер арнады.
«Жеті күн», «Хабар»
Парламент «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшін жойды. Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-президентке тән құқықтары ғана бар. «Жеті күн» сараптамалық бағдарлама ретінде аталмыш заңның күшін жою себебіне тоқталып өтсе де болар еді. Алайда құқықтық талдау болмады. Айдос Сарым мен Әділет министрінің Парламент клуарындағы түсініктемесімен ғана қысқа қайырылды.
Оның орнына алғашқы сюжет McDonald’s Қазақстаннан кетіп бара жатқаны туралы мәселе көтерді. Елімізде бұл компанияға қажетті стандартпен ет даярланбайды. Сюжет авторы осы тақырып арқылы еліміздегі ет өндірісіне тоқталып өтіпті. Еліміздегі сапа стандарты бойынша ет даярлауға қатысты тараптардың пікірі бар. Алайда франчайзинг иесі Food Solution KZ компаниясы өкілдерінің пікірі болмады.
Арқалық қаласындағы жылу желілерінің тозығы жеткен, мердігер компания жақында қолданысқа берілген жылу орталығының бір қазандығын құрастырып үлгермей жатыр, таяу жылдары қолданысқа берілген спорт кешені суық, жалпы Арқалықты дамытуға бюджеттен қанша ақша бөлінеді – «Моноқала мұңы» аталатын сюжеттің жалпы мазмұны осындай. Құрылымы жағынан сараптамалық сюжеттен гөрі облыс басшысының Арқалыққа сапары негізінде әзірленген материалға көбірек ұқсайды.
14 қаңтар күні Сенат депуттарының сайлауы өтті. Бағдарлама жүргізушісі осы туралы қысқа ақпарат берді. Ең көп дауыс жинаған үміткерлердің суреті студия мониторына шығарылды. Сенат жұмысының регламенті ауысты. Назарбаевқа берілген «Құрметті сенатор» атағы қайтарылды. Мәслихат депутаттары арқылы сайланатын Сенат депуттарының үгіт-насихат науқаны қалай өтті? Заң шығару құрылымында Сенаттың маңызы қандай? Жұмыс регламенті өзгерген соң Жоғары палата құзырына не кіреді? Бұл сауалдар бір сюжетке арқау болар еді, алайда «Жеті күн» авторлары қысқа ақпарат берумен шектелді.
«7-20-25» бағдарламасы жалғасатын болады. Ал пәтер бағасы қымбаттамаса, енді арзандамайды. Индира Жылқайдарова құрылысшылар, риелтор, Ұлттық банк өкілі мен тұрғындардың пікірін қосып, материал әзірлеген. Дегенмен, сюжеттің нақты жағдайды баядау талпынысын атап өту қажет. Маңызды статистикалық деректер келтірілді. Дереккөзін атап өту артық болмас еді.
Оралмандарға берілетін квота саны былтырмен салыстырғанда артқан, алайда 1992 жылмен салыстырғанда 100 есе қысқарған. Елге қоныс аударған қандастар туралы сюжетте осындай мәлімет айтылды. Сырттан келген қандастарға орыс тіліне қатысты кейде мамандығымен жұмыс табу да қиын болып жататын жағдай кездеседі. Дегенмен, Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжетте негізінен қандастарға елімізде жағдай жасалып жатқаны айтылды. Сюжеттегі видеоқатардың маусымдық ерекшелігіне мән берілмеген. Қыс кезінде бағдарламаға күн жылыда түсірілген видеолар қолдану көрермен тарапынан сенімсіздік тудыруы мүмкін екенін телевизия мамандары ұмытпағаны жөн.
Елімізде сейсмология саласында бірыңғай ұлттық орталық құрылады. Сейсмолог мамандар елімізде жер сілкінісі жиі болатын өңірлердің картасын әзірлеген. Сондай-ақ, Алматыда жер сілкінісін алдын-ала анықтауға мүмкіндік берілетін жаңа құрылғылар орнатылып жатыр. Соңғы сюжет осы жайында болды.
Sarap times, Astana TV
Sarap times та Елбасы туралы Конституциялық заңның күші жойылғаны туралы қысқа қайырды. Депутат Ерлан Сайыровтың Парламенттегі баяндамасынан үзінді берумен шектелді.
Өткен аптада Ішкі істер министрлігі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді заңдастырудың шарттарын жариялаған болатын. Дастан Сейілханұлы бұл туралы студиядан кадр сыртындағы мәтін түрінде баяндап өтті.
Өткен аптада қоғамдық орында бейәдеп сөйлегені үшін 69 000 теңге айыппұл салынатыны туралы туралы қабылданған заң әлеуеттік желіде қызу талқыланды. Осы заңға қатысты ұзақ алғысөзден кейін жүргізуші сюжетке кезек берді. Әлеуметтік желідегі пікірлер, журналист, философ мамандар, Мемлекеттік қызмет істер агенттігі мен ІІМ өкілі сөз алған сюжетте автор екі тарапты сөйлетуге тырысқан. Алайда заңды талдағанда кімнің бастамасы, бастамашы топтың қандай уәжі барын анықтап, заңгерлер, адам құқын қорғау жөніндегі уәкіл секілді сарапшыларды сөйлету керек еді. Жалаң талдауға құралған сюжет.
Еліміздегі ЖОО-ларда оқу ақысы жыл сайын қымбаттайды. Ғылым және Жоғары білім министрлігі жеке ЖОО-ға оқу ақысына қатысты талап қоя алмайды. Оқу ақысының қымбаттап жатқаны туралы сюжетте жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру туралы ой айтылды. Орынды мәселе көтерген сюжет.
Елімізде «Құмар ойындар туралы» заң бар. Оған сәйкес, азамат өз еркімен құмар ойындарды ұсынатын компанияға өзіне шектеу қоюын сұрап өтініш жаза алады. Сюжетте статистика, заңгердің орынды пікірі бар. Алайда тұрғындардың құмар ойынға салынғандар туралы пікірі артықтау көрінді.
Бангокқа жұмыс іздеп барған қазақстандық екі азамат жоғалып кетті. Бұл іске Сыртқы істер министрлігі араласып, Таилдандтағы елшілік қолға алды. Осы жағдай туралы әзірленген сюжетте шетелде жұмыс істеу үшін азаматтар нені ескеруі керектігі айтылды. СІМ ресми өкілі, жоғалған қазақстандықтардың жақындары және шетелде жұмыс істеуді ұйымдастыратын компания мамандарының түсініктемесі бар.
Sarap Тimes Сенат сайлауы туралы да қысқа қайырды. Сайлау қорытындысы бойынша басым дауыс жинаған журнлист Бибігүл Жексенбайды сөйлетті. Орталық сайлау комиссиясы Сайлау қорытындысын 20 қаңтар күні жариялайды.
Amanat париясының атқарып жатқан іс-шараларына аз-кем тоқталып, студияда Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Қосман Қажкеновпен сұхбат жасалды.
Жыл басталғалы ауа райының қолайсыздығы жолаушыларға қиындық тудыруда. Sarap Тimes республика бойынша жағдайға шолу жасап, Астанадағы ахуалға кеңірек тоқталды. Ауа райының қолайсыздығы туралы ескертуді біле тұрып, жолға шыққан автокөлік иелеріне айыппұл салынатыны туралы айтты.
Халық емшілеріне жүгінетіндер көбейді. Соңғы сюжетте мұның себебін халықтың медициналық сауатының төмен болуымен байланыстырған. Емшіге жүгінетіндердің көбюіне не себеп, емшілердің жұмысына ғылыми тұрғыда баға беруге бола ма? Сюжетте осы секілді мәселені тереңнен зерттеу кемшін болды. Жалпы Sarap Тimes қарапайым тұрғындардың пікіріне көбірек жүгінеді. Дегенмен, сараптамалық бағдарламада саладағы сарапшылардың көмегімен мәселеге сауатты талдау жасалуы керек.
«Айна», Еуразия бірінші арнасы
«Айна» бағдарламасы да Сенаттың алдын ала нәтижесі туралы ақпарат берді. Қай депутат басым дауыс жинағанын айтып, болашақ ытимал сенаторларды таныстырып өтті. Басы дауыс алған астаналық кандидат Бибігүл Жексенбайдың пікірі берілді.
Сондай-ақ, «Айна» бағдарламасы бұл аптада несие мәселесіне бірнеше сюжет арнады. «Ипотека харам ба?» деген сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі жауап берді. Мұсылмандық ипотеканың шарттары туралы да айтылды. Парламент депутаттарының, ел арасына кеңінен танылған Нұрлан молданың пікірі бар.
«Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі деген не? Сюжетте Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтергені, оның қарапайым халыққа әсері туралы орынды талдау жасалды. Сарапшы пікірі бар.
3 наурыздан бастап елімізде Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енеді. «E-Gov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы заңның талаптарына тоқталып, сала мамандарының түсініктемесін, халықтың пікірін берді.
Пәтер жалдап жүріп қайтыс болған жанды пәтер иелері үйінен шығаруға рұқсат бермейтін көрінеді. Бұл туралы өткен аптада әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. «Айна» бағдарламасы осындай пәтер иесінен және басқа бір жағдайға куәгер болған жаннан пікір алыпты. Әруаққа қатысты тылсым оқиғалар туралы энергепрактиктер ойын айтыпты. Қазақстан Діни басқармасы өкілдерінің де пікірі бар.
Айна бағдарламасы жаңа айдар ашқан. Онда әлеуметтік қиындық көріп жүрген жандарға жылу жинап, қайырымдылық жасауды мақсат етеді. Осылайша түсірілім тобы бір отбасына жылу сыйлады. Әлеуметтік ток-шоудың тақырыбы емес пе?!
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарынан басталды. Оның Әмірлікке барғанын хабарлап, іс-шаралар жоспарын айтып өтті.
Мемлекет басшысы кешегі аптада Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен «Жаһандық Оңтүстік дауысы» виртуалды саммитіне де қатысқан. Бұл туралы сюжетсіз баяндап, президент сөзінен үзінді берді.
Сенбі күні Сенат депутаттарын сайлау өтті. Жүргізуші Альбина Әшім ұзын-сонар цифрларды айтып шықты. Сюжетсіз тақырыпты аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының және депутаттың комментарийімен толықтырды.
Мәжіліс осы қаңтарда мерзімінен бұрын таратылуы мүмкін. Жүргізуші Төменгі палатаның неліктен таратылатынын айта келе, Парламенттің қос палатасы осы апта Елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасын мақұлдағанына ойысты. Сюжетсіз материалға Әділет министрі Азамат Есқараев, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мен Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың комментарийін қосты.
«Екібастұз жылу электр орталығында апат болғалы 2 айға жуықтады. Ал оқыс оқиғаның салдары жойылды ма? Апаттан зардап шеккен үйлердің қаншасы қалпына келтірілді? Қазір барлық үйге жылу берілді ме? Халық әлі де тоңып отырған жоқ па?». Алғысөзде айтылған сан сұраққа жауап іздеген сюжеттен түсінгеніміз – Екібастұзда жағдай мәз емес. Пәтерлер азынап тұр, тіпті кейбір мектептер онлайн-форматта оқытуға көшкен. Жылу құбырлары әбден тозған. Сюжетте қаншама тұрғынның хикаясы мен комментарийі, әкімдіктің жауабы бар. Тілші Амангелді Сейітхан Екібастұз жұртшылығы Жаңа Қазақстанның жаңа жылында қалай қинала өмір сүріп жатқанын көрсете алды.
Apta редакциясы Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай келеді. Шолу сюжеттің алғысөзінде Ресей сенбіде Украинаны тағы зымырандармен жаппай атқылағанын, Днепрде көпқабатты үйге зымыран түсіп, ондаған адам өліп, тағы ондаған адам жараланғанын, Қазақстан кәсіпкерлері Буча қаласы мен Киев орталығында киіз үй тіккенін, тұрғындар осы пункттерге барып, жылынып, автономды құрылғы арқылы телефондарын қуаттай алатынын да айтты. Осы киіз үйлерге РФ СІМ өкілінің мәлімдемесі мен ҚР СІМ өкілінің жауабын да берді. Сюжетте соғыс даласынан соңғы хабарларды шолып, Украина президенті мен РФ қорғаныс министрлігі өкілінің комментарийін берді.
«Ұлттық банк Ресей мен Қазақстан арасындағы теңге мен рубльдің тұрақтылығын сақтау және конвертациялау туралы келісімді бұзу туралы қаулының жобасын жариялады». Теңге бағамы қалай қалыптасады? Бұған рубльдің әсері мен алдағы теңге бағамына болжам қандай? Мінеки, осы сауалдың жауабын жинақтаған түсіндірмелі сюжетте сарапшыны, экономист пен Ұлттық банк төрағасын сөйлетіпті.
McDonald’s компаниясының Қазақстан нарығынан кетуі елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізеді екен. Премьер-министрдің осы пікірі ауыл шаруашылық саласының мәселесін толғаған және Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін дәлелдеген сюжетке арқау болды.
Дубайға ақша табуға кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған екі отандасымыздың тағдыры елді алаңдатып отыр. Apta тілшілері де мәселеге бей-жай қарамай, шетелде жүрген қазақстандық еңбек мигранттары туралы үлкен сюжетке дайындаған. Әсіресе, Оңтүстік Кореяда жүрген еңбек мигранттарына көбірек назар аударды. Өйткені Оңтүстік Кореяда 37 мың қазақстандық жүрсе, оның 11 мыңы – заңсыз мигрант екен. Заңсыз еңбек мигранты болудың қиындығы, шетелде жұмыс істеу, виза мәселесі мен отандастарымыз неліктен шетелде жұмыс істеуге кетіп жатқанын зерттеген сюжетте көп мағлұмат бар. Жоғалып кеткен екі жігіттің жақындары, еңбек мигранттары, шенеуніктер, сарапшылар мен заңгерлер сөйледі. Толымды әрі тартымды материал.
Apta тілшісі Моңғолияға барып, Құтлық Қағанның бітіктасы туралы сюжет дайындапты. Былтыр жазда табылған бітіктас түркі тарихын тағы екі ғасырға тереңдетті. Жәдігердің жай-жапсарын жан-жақты танытқан сюжеттің кадрлары қызық, ал тарихшы ғалымдар мен түркологтардың пікірі құнды.
Осы аптада президентке Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық таныстырылды. Бұл жаңалықтың фонында айта кетер бір жайт бар: Apta бағдарламасы бүгінгі Қазақстанның азаматтық қоғамында не боп жатқанын айта бермейді. Apta тілшілері Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар мен жазықсыз оққа ұшқандар, журналистерге қысым көрсету мен шабуыл жасау (Динара Егеубаеваның көлігіне от қою оқиғасын алайық) туралы айтпайды. Неліктен? Мұны «қуғын-сүргін» деп атау артық болар, десе де жай тақырып емес. Бәрі де қазіргі Қазақстанда боп жатқан оқиғалар. Сөйте тұра авторлар өткенді айтып, бүгінді елеусіз қалдырып келеді.
Бағдарлама АҚШ-тың Лейк-Плесид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиада жаңалығымен аяқталды. Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес 15 км қашықтықтағы жекелей сында чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.