«Жеті күн», «Хабар»
Сәкен Сейітханұлы әзірлеген алғашқы сюжет Мәжілістің тарағаны, депутаттар көтерген бастаманы қарапайым халықтың білетін-білмейтіні, депутаттардың пікірі, саясаттанушылардың Мәжіліс жұмысына берген бағасы, алдағы сайлаудың ерекшеліктерін қамтыды. Тараптарды сөйлеткен, сайлауға қатысты да толыққанды ақпарат берген толымды, нағыз сараптамалық материал әзірленіпті.
Президенттің Қостанай облысына сапарын бағдарлама жүргізушісі Жігер Сәрсен студияда тұрып баяндап, Тоқаевтың сөзінен қысқа үзінділер берілді.
Жігер Сәрсен мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары туралы сюжеттің алғысөзін ұзақ айтты. Сапар барысы, жасалған келісімдер турасында сюжет әдеттегідей көлемді болды. Негізінен президенттің Абу-Даби саммитінде сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Сарапшыларпікірі жоқ. Хаттама сюжет болғанымен, екі ел ынтымақтастығына қатысты мол ақпарат қамтылған.
Елімізде «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң қабылданды. Ол 3 наурыздан бастап күшіне енеді. Алайда бұл Жігер Сәрсен айтпақшы, «Банкрот болдым, мінекей», деп қуана жар салатын жағдай туды» деген сөз емес. Сюжетте кімдер банкрот деп өзін-өзі жариялай алатыны, ол азаматтарға қандай шектеу қойылатыны туралы сала мамандары, экономистер мен сарапшылар талдап беріпті.
«Лудомания» – құмар ойынға салынушылық туралы сюжет бағдарламаны тәмамдады. Құмар ойынға салынып, кейін өзін қолға алған жанның оқиғасымен басталып, оны емдеу мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
Sarap Тimes, Astana TV
Алғашқы сюжет президенттің Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары турасында болды. Мемлекет басшысының Абу-Даби саммитіне қатысқанын айтып, баяндамасынан үзінді берді. Сапар барысы, қол қойылған келісімдер туралы да толымды ақпарат бар. Сапардың экономикалық және саяси маңызы туралы саясаттанушы, экономистер пікір білдірген.
Мәжіліс сайлауының өтетін күні белгілі болды. Sarap Тimes сарапшылардың пікірімен қатар, сайлау күнтізбесіне баса мән беріпті. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған күнтізбеге қатысты мәліметті берді. «Жеті күн» секілді таратылған Мәжілістің жұмысына баға берілмеді. Бұл жол мажоритарлы сайлау жүйесі де қолданылатыны және ол сайлау президенттің қатаң назарында болатынына көңіл бөлген.
Саят Жөкен студияда Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмедимен алдағы сайлау додасын талқылады.
Amanat партиясының атқарып жатқан шараларына кадр сыртындағы мәтін+синхрон форматында қысқа тоқталды.
Қарағанды облысы Ақбастау ауылындағы жайылым жерге зәру болып отырған фермерлердің проблемасын орынды көтерген. Жергілікті тұрғындар проблеманы барынша толыққанды баяндап берді. Бұл мәселеге қатысты ауыл әкімінің де уәжі бар. Тілші аумақтық жер комитетіне сұрау салып, жайылым жерге қатысты өткізілген байқау туралы фермерлер шағымын жеткізіп, мекемеден сотқа шағымдансын деген жауап алғанын айтты. Сондай-ақ, автор жерді иемденіп, бірақ мақсатына сай пайдаланбай отырған кәсіпорындар туралы баяндады, алайда олардың өкілін сөйлетпеді. Біржақты сюжетте айыптау бар да, оған қатысты нақты жауап жоқ.
Қымбатшылыққа қатысты әзірленген сюжет сараптамалық емес, сауалнама негізінде әзірленген материал деуге болады, көпшіліктің пікірі негізінде жасалған. Экс депутаттың пікірі бар. Ақпараттық маңызы түсініксіз материал. Өйткенә елімізде үнемі жалғасып келе жатқан инфляция жаңалық емес.
Былтыр қыркүйекке дейін шетелден елге әкелінген көліктерді заңдастыру 23 қаңтардан басталды. Осы туралы сюжет қандай жағдайда көлік заңдастырылмайды, қай кезде көлік иесіне айыппұл салынады және қандай көліктер сақтандырылмайтыны туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, көліктерді заңдастыру қалай жүзеге асады, қандай құжаттар қажет екені туралы мәлімет бар.
«Қазақстан суицид жасалатын мемлекеттердің ішінде жиырмасынша орында тұр». Дастан Сейілханұлы осындай мәлімет келтірді. Ал сюжет өз-өзіне қол салған жандардың басқа марқұмдардан бөлек жерленетіні туралы. Тілші негізінен имамдарды сөзге тартқан, тұрғындардың, қоғам белсендісінің, психологтың пікірі бар. Дін өкілдері басқаларға ой салу мақсатында суицид жасағандар бөлек жерленетінін айтыпты. Дінде немесе шариғатта мұндай үкім бар ма? Тілші мысалға келтірген ауылда суицид неге жиі болған? Ол ауылдың әлеуметтік жағдайы қандай? Бөлек жерлеу қашан басталды? Ол тыйым бола алды ма? Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Тілші тақырыпты қозғағанымен, оған бойлай алмапты.
«Айна», Еуразия бірінші арнасы
«Айна» апталықтан гөрі, журналистік зерттеуден құрылатын бағдарламаға көбірек ұқсап келеді. Алғашқы тақырып – Жаңа туған сәбиді қырқынан шығару шариғатқа жат па? Жас босанған ананың 40 күн бойы көз алдына түрлі нәрсе елестегені туралы оқиғасын айтып, кейіпкерден сұхбат алған. Ақпараттық маңызынан гөрі, көрермен тартуға, хайпқа басымдық берген сюжет.
Қайтыс болған адамның артынан жетісін, қырқын, жылдық асын беру – шариғатқа жат па? «Айна» көтерген келесі мәселе осы турасында. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде уағыз айтып жүрген молдалар халықтың дәстүріне жат дүниелер айтқанын, тіпті сол дәстүрге жат амалдардың орындалуына себепші болып жүргенін астарлай көтерген сюжет екен. Ешкімді ашық айыптамаған, қазақы дәстүрлердің діни ұстанымға қайшы келе бермейтінін тұспалдай түсіндірген материал.
«EGov куәгері» айдарында астарға 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін берілетін несиенің шарттары туралы баяндалды.
19 наурыз өтетін Мәжіліс сайлауына қатысты қысқа ақпарат беріп, елімізде қанша партия бар екенін санамалап өтті.
Артық салмақтың бала денсаулығына зияны қандай? Әсіресе, қыз балалар үшін мұның салдары қандай болуы мүмкін? Ата-ана баласының бойындағы толықтыққа қашан назар аударғаны жөн? Осы туралы әзірленген сюжетте мамандардың, артық салмағы бар блогердің пікірлері, кеңестері бар.
«Айна» бағдарламасының тілшісі баспанасы өртке оранып, далада қалған ананың жаңа пәтерге кіруіне себепші болды. Көптеп көмектеп, қайырымдылық қордың демеуімен игі іс атқарылды. «Күлімдеші» айдары осы турасында. Алайда, тілшілер игі іс атқарғанымен, сол отбасының барлық жанын түгендеп, санамалап, әр балаға қатысты анасының сипаттамасын естіп, артық кетіпті. Әрине, кейіпкердің рұқсатымен оның жүзін ашы көрсетуге болатын шығар, алайда өздері камераға көрінуден бас тартқан жандар туралы ақпарат сұрау журналистік этикаға қайшы емес пе?
Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.