Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқынына арналды: құтқару жұмысы, жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, биліктің белсенділігі сөз болды. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар шаруалардың проблемасы, қажылыққа апаратын ұйымдардың алаяқтығын, қаңғыбас иттердің мәселесін қозғады. Тоқаевтың Жамбыл облысына сапары, сайлау науқаныны партиялардың қызу дайындығы да назардан тыс қалмады.
«Жеті күн», Хабар
«Жеті күннің» басты тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқыны туралы болды. Тілші Шардара қоймасына құйылған су Солтүстік Арал теңізінің көлемін артырып жатқанына тоқталған. Сала мамандарының, құзырлы орган өкілдерінің пікірлері бар. «Жеті күн» алғашқы сюжетін жақсы көңіл-күймен аяқтауға тырысқан. Әйтсе де, қызыл су Аралды аман алып қалуы мүмкін деген тілші болжамы тым асыра айтылды.
Президенттің Жамбыл облысына сапарына кең тоқталып, ауқымды сюжет әзірленді. Әдеттегідей ұзақ, Тоқаевтың айтқандарына басты назарға алынған, хаттамалық сюжет.
Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжет мәслихат сайлауы туралы болды. Жергілікті сайланбалы органнның қызметіне баға беріле ме, оларды көпшілік тани ма, халықтың мәселесін шешуге қаншалықты араласады деген мәселе көтерді. Сарапшылардың, экс-депутаттардың, қарапайым тұрғындардың пікірі бар. Толымды сюжет.
Өткен аптада президент Астананың дамуына қатысты да отырыс өткізгені белгілі. Сюжет тағы да Тоқаевтың жиындағы сөздерін тәпсірлеуге арналды. Елорда әкімінің және урбанистика бөлімі қызметкерінің пікірі бар. Осы тұрғыдан тым қасаң.
Еліміздегі ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, әлеуметтік үйлердегі аналар, патронаттық тәрбие, асырап алынған балалардың интернатқа қайтуы секілді бірнеше проблеманы көтерген сюжет көрсетілді. Статистика айтылды, мамандар сөйледі. Аналар үйіндегі кейіпкердің оқиғасы бар. Парламент қарауында асырап алған балаларды қайтаруға қатысты заң қаралып жатыр. Балалар омбудсмені Аружан Саин сол туралы айтып берді. Дегенмен, сюжет авторлары балалардың алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінбеген. Кейіпкердің бетін жапқанымен, шамасы патронат отбасы не балалар үйінде түсірілген болуы керек, кадрдағы балалардың жүзі анық көрініп тұрды.
Бағдарламаның соңғы сюжеті Әнес Сарайдың шығармашылығы мен өміріне арналды.
Sarap Тimes, Astana TV
Бұл бағдарламаның да басты тақырыбы Түркістандағы су тасқынына арналды. Тілші жергілікті халықтың жағдайын, су тасқынына дайындық пен алдын алу шараларының барысы туралы кеңінен ақпарат беріп, жағдайды нақты баяндаған.
Елорданы дамыту туралы сюжетте әдеттегідей Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне басымдық берілген, дегенмен, қала тұрғындарының да проблема туралы пікірі ескерілді. «Жеті күннің» сюжетінен ерекшелеп тұрған тұсы да осы.
Amanat партиясының сайлау алды дайындығы туралы айтып өтіп, өзге партиялар туралы қысқа ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, елдегі салынған жол, берілген ауыз су, жалақының көтерілуі, Болат Назарбаевқа тиесілі жерлердің мемлекетке қайтарылуы туралы істер партия жұмысының жемісі ретінде айтылып өтті. Осыдан соң, тағы да партияның жетістіктері мен жұмысын баяндайтын көлемді сюжет берілді. Бұдан әрі, Саят Жөкен студияда сұхбат берушіні таныстырмастан, партияның жұмысына қатысты сұрағын қоя бастады. Әрине, қонақтың аты-жөні титрде берілетіні рас. Алайда, сұхбатты тұтқиылдан сұрақ қоюдан емес, көрерменмен амандасып, қонақты таныстырған соң бастау қарапайым эфир этикасы.
Автокөлікті тіркеуге қою туралы қысқа ақпараттан соң, қажылыққа барамын деп алаяққа алданғандар туралы сюжет берілді. Қажылыққа бару діни басқарма тарапынан реттелмейтінін айтып, бұл сапардың маңызын кетіріп алған жоқпыз ба деген сауалды алға тартады. Орынды мәселе көтерген сюжет.
Sarap Тimes әзірлеген соңғы сюжетті ерекше атап өту керек. Ең беделді ғалымдар қатарына кірген қазақ маманының өнертабысы туралы айтылды. Отандық ғалымдар ойлап тапқан құрылыс материалдары, оларды жасауға қолданылатын шикізат қайдан алынатыны туралы маңызды материал әзірленіпті.
«Айна», Еуразия бірінші арнасы
Экология министрлігі ғылыми мақсатта екі мыңға тарта киік аулауға рұқсат берген. «Айна» басты тақырып ретінде осы мәселені көтеріпті. Сала мамандарын, шаруаларды, министрлік өкілдерін сөйлетіп, киік популяциясына қатысты ақпарат берді. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет әдеттегідей тиянақты, толымды. Тілшінің киіктердің табиғи мекеніне барып, тіршілігін таспалап, стэндап жазған еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Ақбөпе Тәңірберген қаңғыбас иттердің мәселесін көтерді. Былтырдан бері елімізде қабылданған заңға сәйкес, оларды қасақана өлтіруге болмайды. Сондықтан, қаңғыбас иттер арнайы орталықтарда ұсталады. Тіпті биылдан бастап ит пен мысықтың санағы жүргізілмек. Құзырлы орган өкілінің сөзін астарлай сынап өткен тілші қаңғыбас иттерді аулауға қатысты бөлінген қаражат туралы мәлімет келтірілген. Ақбөпе Тәңірберген, өз сюжеттерінде көрерменге ұнамды әсер қалдыруға тырысады, бұл жолы да белгілі бір деңгейде сәтті шыққан.
4 пайыздық несиеге көлік алудың шарттары туралы «eGov куәгері» айдарында айтылды.
Түркістандағы су тасқыны туралы кадрдан тыс мәтін және синхрон форматында ақпарат берілді. Құтқару жұмысы айтылды, тұрғындардың пікірі бар.
Мемлекет басшысының Жамбыл облысына сапары туралы жеке сюжет берілген жоқ. Президент сапарындағы ерекше сәттерді көрсетіп, кадр сыртынан баяндады. Жамбыл облысы әкімінің Тоқаевқа ең жақсы мектеп, ең жақсы медицина мекемесін, шаруасы өрге басқан кәсіпорындарын көрсеткенін айтып аяқтады.
Apta, QAZAQSTAN
Apta өткен аптада көрерменін таң қалдырды, президент туралы сюжет (Тоқаев Жамбыл облысына ресми сапармен барды) көрсетпей тұрып, аймақтың проблемасын көтерді – Түркістан облысында су тасқыны болып, бірқатар елдімекендер зардап шекті. Жергілікті халық мұндай жағдаяттың бірінші жыл қайталанып тұрмағанын, ал аймақтағы әкімдік шарасыз күйде отырғанын айтып, мұң шақты. Төтенше жағдай министрінің, әкімдердің пікірі бар. Олар қанша жерден дайын болсаң да, табиғи апаттың ауқымын болжай алмайсың деген пікірі айтты. Оның үстіне, Шардара қоймасына Өзбекстаннан келетін су көлемі артқан, сәйкесінше, аталмыш аймақта су басу қаупі әлі де бар.
Келесі сюжет елорданың проблемаларына арналды. Өткен аптада Ақордада қаланың бас жоспарын талқылады. Астана халқы көбейіп жатыр, сәйкесінше әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым дамуы қажет. Үлескерлер мәселесі, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, кептеліс және тағы басқа жалпы таныс проблемалар айтылды.
Apta тек үшінші сюжеттін Тоқаевтың Жамбыл облысына барған сапарына арнады. Президент аурухана, мектеп, университет проблемаларымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесіп қайтты. Мемлекет басшысының сөзінен үзінділер бар, хаттамалық сюжет.
Қазақстан мен Ресей газ саласындағы серіктестік жөнінде жол картасына қол қойды. Данияр Қайыртай аталмыш құжаттың неліктен жалпыға ұсынылмағанын зерттеп көрген. Энергетика министрі бұл картада қарапайым жұмыс алгоритмдері жазылғанын айтып, онымен көпшіліктің танысуы міндетті емес депті. Ал сарапшылар мұнымен келіспейді. Сюжетте мұнай және газ саласының бірқатар маманы пікір білдірген, олар аталмыш саланың проблемалары мен қауіп-қатері туралы сөз етті. Жақсы талдамалық материал.
«Қазақстан-Еуроодақ 30 жыл» аталатын сюжетте ЕО – еліміздің тауар және инвестиция саласындағы ірі серіктесі екені айтылды. 30 жылда ел экономикасына Еуропадан 160 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Бағдарламаның арнайы тілшісі екіжақты қарым-қатынас, бүгінгі серіктестік, жарқын болашақ туралы баяндады, шетелдік сарапшылардың пікірі бар.
Apta Украинадағы жағдай туралы апта сайын айтып жүр, бұл жолы да дәстүрінен таймады. Украинадағы қарулы қақтығысқа (Apta осылай атады) 347 күн болды. Зеленский Бахмуттағы жағдай қиын, Ресейде басымдық барын және батыс елдерінің көмегінен үмітті екенін мәлімдеді.
5 партия съезд өткізіп, Мәжіліске үміткерлерін бекітті. Амангелді Сейітхан барлық съезге қатысып, партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Кандидаттардың пікірі бар.
Альбина Әшім студияда Аmanat партиясының жаңалықтарымен бөлісті – Болат Назарбаевқа тиесілі болған 300 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сюжет болған жоқ.
Соңғы сюжет ауыл тұрғындарының проблемасына арналды, ал елімізде 7 млн ауыл азаматы бар. Шалғайдағы жұрт малын жая алмай отыр. Мәселен, Ақсу ауылында қарапайым шаруалар үшін жайылым жер жоқ, себебі жергілікті әкімдік сүт өнімін шығарамын деген инвесторға жерді сатып жіберген. Одан бері 7 жыл өткен, сүт фермасы жоқ, ал оған бөлінген жер қоршаулы тұр. Жер кодексіне сәйкес, ауылдан 15 га қашық орналасқан жер мал жаюға арналған. Ауыл тұрғындарының, шаруалардың түрлі оқиғасы баяндалды, сарапшылар пікірі бар – өзекті тақырып көтерген сюжет.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.