ДомойМедиасынТүркістандағы су тасқыны: жалаңаяқ тілші және 4 позитив материалмен шектелген аймақтық басылым

Түркістандағы су тасқыны: жалаңаяқ тілші және 4 позитив материалмен шектелген аймақтық басылым

Түркістандағы су тасқыны: жалаңаяқ тілші және 4 позитив материалмен шектелген аймақтық басылым

2 ақпан күні сағат 08:00-ден бастап, Түркістан облысының таулы аудандарда қар еріп, толассыз жаңбыр жауғаннан су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Кентау және Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аулалар мен көшелер су астында қалды. Осы оқиға кезінде өңірлік, яғни Түркістан облысының тілшілері қалай ақпарат таратты? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр шолып шықты.

Қанша жауыр болса да, қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Әсіресе, су тасқыны секілді жағдайларда бұдан артық сөз табылмайтын да секілді. Түркістандық журналистер мақалаларында да, сюжеттерінде де жиі қолданып, тікелей айтпаса да, сондай месседж жолдағанын байқадық. Әрине, мемлекетке қарасты БАҚ-тың бұлай ететініне таң қалмаймыз. Ендеше, бірнеше ауданды су алған кезде тілшілердің сол аймақтарда жүріп таратқан ақпараттарына тоқталайық.

Облыстық Turkistan TV арнасы 1 ақпан күні «Шардара» су қоймасынан келер қауіп бар ма?» деген сюжет дайындаған. Жаңалық жүргізушісі «еш қауіп жоқ» деп Су ресурстары комитеті басшылығының сөзіне сілтеме беріп, өте позитив бастайды. Су тасқыны болған аймақ басқа болса да, арна ұжымы болуы мүмкін қауіп жайлы алдын ала ойланып, сауал жолдап ізденген. Инженер-гидротехник маманнан пікір алып, кем-кетік тұстар жайлы сұрастырған.

Ал «Халық сөзі» бағдарламасы 45 минуттық хабарда осы тақырыпты кеңінен қозғаған. Мұнда да басты екпін Шардара су қоймасынан келер қауіп жайлы болғанымен, сөз арасында «ауа-райына байланысты су тасқыны болуы мүмкін бе?» деген сұрақтың төңірегінде талқы жасайды. Өңірлік БАҚ-тың аймақтағы өзекті тақырыптарды алдын-ала талдағаны қуантарлық. Өйткені әркімнің өз жайы өзіне мәлім. Бағдарлама су тасқынынан бұрын жасалған. Халықтың бойындағы алаң мен үрейді басатындай-ақ шығарылым болды. Себебі студияға келген спикерлер сақадай сай дайындық жайлы көп айтты. Әйтсе де, басында айтқандай, «апат айтып келмейді» деп бірер күннен соң жалаңаяқ су кешіп, түркістандық тілшілер айтпақшы, «табиғаттың тосын сыйы» туралы сюжет жасауға тура келді.

Облыстық арна су тасқынына байланысты «Ақпандағы нөсер» атты арнайы шығарылым ұсынды. Жедел арада бұлай ұйымдасқанына бес қоюға болады. Бірақ толассыз жауған жаңбырдан аулаларды су басып жатқанда тырнақшаның ішінде болса да, жағдайды «тосын сый» деп сипаттау орынсыз. Тікелей эфирге қосылған тілші ауыл тұрғынынан сұхбат алып, мән-жайды сұрайды. «Төтеншеліктер келді ме?» деген сауалға тұрғын «тым-тырыс» деп жауап береді. Бір қызығы, тілші бірден «жоғары жақтағылар аудан әкімі келді деп жатыр» деді. Әрине, мемлекеттік арнаның жергілікті биліктің жұмыс істеп жатқанын айтуы түсінікті жағдай. Жалпы алғанда арна журналистерін асыра билікшіл деуге келмейді. Өйткені оқиға орнына барып, шынайы кадрлар көрсеткенін атап өтпей кетуге болмас.

«Жалаңаяқ су кешіп» тіркесін бекер қолданбадық. Арна журналисінің жалаңаяқ тұрып сұхбат алғаны жайлы жаңалық тарады. Тілшінің сөзінше, Түркістан облысына қарасты «Бабай-Қорған ауылын су алып жатыр» дегенді ести сала, оператор екеуі резеңке етік киетін уақыт таппай сол күйі жолға шыға салған. Киген етігіне су болып, ақыры шешіп тастауға мәжбүр болған. Осы ретте редакциялардағы әзірлік жайлы айтқымыз келіп отыр. Негізі үлкен ұжымда төтенше жағдайларда әрекет етуге қатысты жоспар болғаны дұрыс. Ол стендап гид, эфир кестесінен қандай жағдайда жарнаманы алып тастау керек, штаттан тыс тілшілер мен аймақтық тілшілердің байланыс нөмірлерімен ғана шектелмейді. Кадр бөлімі тілшілердің жағдайын жасап, маусымдық апатты жағдайларды түсіруге арналған жиынтық әзірлесе дұрыс болар еді. Айталық, өрт бола қалса, қандай киіммен барғаны жөн? Бұл – бірінші кезекте қауіпсіздік пен қызметкерге деген қамқорлық. Мына жағдайда да тілшінің суық күнде жалаңаяқ стендап түсіргені кәсібилігін көрсеткенімен, редакция тарапынан төтенше жағдайдағы қызметке дайындық жоғын білдіріп қойды. Кемінде жаңбыр кезінде су өткізбейтін киіммен қамтамасыз еткені абзал. «Бәрі аяқ-асты болды. Жұмысқа барып, киініп келетін уақыт болмады» деген де сылтау болмауға тиіс. Себебі мұндайда оқиға ошағына артынып-тартынып барудан бұрын, ұжым тарапынан жасалған жоспарға сай әрекет ету керек. Егер әр редакцияда нұсқаулық жазылып қойса, салқынқанды әрі кәсіби қызмет ету жеңілдейді.

2 ақпаннан бастап 6 ақпанға дейін Turkistan TV Youtube арнасына су тасқыны тақырыбына қатысты алпысқа тарта видео жүктелген. Алғашқы күндері сюжеттің басым бөлігі ахуалдың қалай екеніне көбірек назар аударса, келесі күні қауіп сейілгені жайлы бағытқа ауысқан. Тілшілер қолданған сөздерге тоқтала кетсек: «абырой болғанда адам аман», «облыс әкімінің тапсырмасын жағдай бақылауға алынды», «Дархан Сатыбалдыұлы бірнеше рет салаға жауапты басшылардың басын қосып, мәселені егжей-тегжей талқылаған еді. Соның арқасында қарғын су лезде ауыздықталды», «әкім жағдайды өз көзімен көріп қайтты». Кадрда тұрғындардың әкімге алғыс айтқан сәттері де іліккен. Мұны билік пен халық арасындағы байланыстың нығаюына жасалған қадам деп ойлап көруге тырыстық. Тағы бір жаңалықта ауыл әкімінің екі адамды құтқарып қалғаны жайлы айтылады. Сөз жүзінде ғана «біз халықпен біргеміз» деп айтылатын, шырттай киініп, бірнеше фотограф пен мобилографты жинап алып, оқиға орнына баратын шенеуніктерден ел шаршады. Шын мәнінде жанашырлық болса, мақтауға тұрарлық іс дейміз.

okg.kz сайтынан скриншот

Облыстық Ontustik Qazaqstan газетінің сайтын да шолып шықтық. Өкінішке қарай, сайтқа кірген бетте құдды Ақорданың парағына тап болғандай әсер алдық. Басты бетті 6 ақпан таңертең ашқанда бес жаңалыққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті қойылған. «Редакция таңдауында» да төрт материалдың үшеуінде – президенттің бейнесі. Сонда аймақтық басылым апат жайлы не жазды? Газет аптасына үш рет шығады. Бәлкім су тасқыны ол күндерге сәйкес келмей қалған болар. Ал сайттың ақпарат таратуына қандай кедергі болуы мүмкін? 3 ақпанда Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі деген материал шыққан. Ол жерде әкімнің аэровизуал шолу жасап, жағдайды бақылауда ұстайтыны туралы ғана баяндалады. Келесі материалдың тақырыбы – «Ақпанның алғашқы күндері осылай басталды». Қойылған суретіне қарап су тасқыны туралы екенін білуге болады демесек, тақырыбына қарап тану қиынға түседі. Тақырыпшалары мынадай: «Сауран: тиісті жұмыстар жүргізілуде», «Ордабасыда жағдай тұрақты». Келесі материалдар сипатына келсек: «Министр жедел жиналыс өткізді», «Су тасқыны: нәтижелі жұмыстар үлкен апаттың алдын алды». Облыстық газеттің сайты телеарнадағы әріптестеріндей белсенді бола алмады. Оған себеп бірнеше болуы мүмкін. Бәлкім, кадр жетіспейді. Болмаса, төтенше жағдайда ақпарат тарату машығы жетілмеген.

Қалай десек те, өңірдегі оқиғаларды сол жақтағы журналистерден артық білетін һәм сипаттай алатын ешкім жоқ. Оңтүстік аймақтағы су тасқынынан түркістандық тілшілер осылай ақпарат таратты.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР