10 сәуірде кешқұрым жаңаөзендік мұнайшылар Энергетика министрлігінің алдына жиналып, сол жақта түнемек ниеті барын айтты. Одан бері бұл мәселе ел ішінде бірнеше күн бойы талқыланды. Кей БАҚ жедел ақпарат таратса, мемлекеттік телеарналар мен сайттар үнсіз қалуға ұялғанымен, ақпаратты кешіктіріп әрі баланс сақтамай беруден қысылмады. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр мемлекеттік БАҚ-тың жұмыссыз қалғанына наразы халық жайлы қалай ақпарат таратқанын шолып шықты.
Еліміздің бас мемлекеттік телеарнасы Qazaqstan TV тәулігіне 40-тан астам сюжет ұсынады. Мысалы мәселе күйіп тұрған күні – 11 сәуірде 46 сюжет шыққан. Өкінішке қарай, ішінде жаңаөзендіктердің жағдайы жайлы бір сюжет жоқ. Келесі күні бұл тақырыпқа қатысты әйтеуір хабар шықты. Тақырыбы – Маңғыстаудағы мұнайшылар мәселесі шешіледі. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің Маңғыстаудағы мұнайшылар мәселесі жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдағаны айтылады. Сондай-ақ, Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылар босатылғанын, бес адам бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін ескерту алғанын, барлығының үйге қайтарылғанын айтуды ұмытпады. Бәлкім, сәйкестік шығар. Әйтсе де кадрде наразы топ ретінде көбіне сақалды жігіттерді көрсетті.
Осылайша 1,5 күн бойғы үнсіздіктің нүктесі 1,5 минуттық сюжетпен қойылды. Бұдан кейін арна ұжымы бұл мәселеге қайта оралмады. Бірақ сол күні 17 сәуірде Жаңаөзенде болған жарылыс жайлы айтты: журналист арнайы барып, зардап шеккендермен тілдескен. Ал бас кеңсесі елордада орналасқан телеарна тілшілері екі аттаса жететін министрлікке неге бір бармады? Болмаса, аймақтық тілшісі оқиға орнынан неге хабар таратпады? Айтпақшы, ел ішінде наразылық өтіп жатқан күні ләм-мим демеген Qazaqstan ұжымы Тель-Авивтегі ереуіл жайлы айтпасақ қате болады дегенге ұқсайды. «11 сәуірде Израильде жүздеген адам жолды бөгеді» деген атаумен сюжет шықты.
Тәулік бойы жаңалық тарататын Хабар 24 те мүмкіндігі бола тұра, жедел ақпарат таратуға асықпады. Маңғыстаулық мұнайшылар жайлы сюжет араға бір күн салып шықты. Оның өзінде жаңалықтар жүргізушісі сөзін былай бастады: «Кешеден бері Астанада мұнай саласында қызмет көрсететін компанияның бір топ жұмысшысы санкцияланбаған митинг ұйымдастырды». Материал тақырыбы таразы басының қай жағында салмақ көп екенін бірден байқатады: «Астанада санкцияланбаған митинг өткізгендер полицияға жеткізілді». Бейбіт жиындар туралы заң бұзылғанын айтқан тілші адам құқығы жөнінде ештеңе демеді. Есесіне, бас-аяғы 43 секундта митинг жасаудың соңы жақсылыққа апармайтынын ескертіп, қандай жауапқа тартылатынын айтып үлгерді.
Дәл сол күні арнада «Ұлыбританияда дәрігерлер ереуілге шықты» деген жаңалық болды. Телеарна ереуіл, наразылықтан қатты қорқатын сыңайлы. Тіпті Ұлыбританиядағы ереуілді айтқанның өзінде «наразылық салдарынан 250 мыңдай адам дәрігерге қарала алмай қалды» деп налиды. Мұнайшылар тақырыбы туралы келесі сюжет «Депутат: Мұнайшылар мәселесін шұғыл шешу керек» деп аталады. Бірақ бұл жолы «маңғыстаулықтардың қордаланған мәселесін депутат көтерді» деп көрсетеді. «Жаңаөзенде жағдай тұрақты» деген сюжетте: «Кеше және бүгін таңертең бір топ адам орталық көшенің жолын жабуға әрекеттенген. Қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар полиция басқармасына жеткізілді. Барлығына түсіндіру жұмысы жүргізілді» дейді. Қала әкімінің орынбасары сөйлегенімен, мұнайшылар тарапынан ештеңе сұралмаған. Баланс жоқ.
Жергілікті Mangystau TV сайты тіпті құлап қалған. Онлайн көрсетілім де жоқ. Басқа аймақтық арналарда да осындай проблема барын байқадық. Төменде скриншоттағы ұйықтап жатқан адамның бейнесі жағдайды дәл суреттеп тұрғандай.
kazinform.kz ақпарат таратуда жылдам болды. Мысалы, 10 сәуір түнгі 22:00 шамасында мұнайшылар министрлік ғимаратының алдына барса, агенттік бұл жайлы 22:19-да ақпарат берді. Оперативтілік болғаны тамаша. Ал енді қандай қалыпқа салып бергені — бөлек әңгіме. Тақырып былай қойылған: Жаңа компанияда жұмыс істеуден бас тартты: ҚазМұнайГаз жаңаөзендік жұмысшылардың талабы туралы. ҚазМұнайГаз баспасөз қызметінің хабарламасын бөлісіп, «700 мың теңге беретін басқа компанияда жұмыс істегесі келмеген» деп көрсеткен. Жалпы 10-20 сәуір аралығында мұнайшылар мәселесіне қатысты 10 жаңалық шыққан: Жаңаөзенде автожолды жапқан жұмысшылар жауапқа тартыла ма?, Наразылыққа шыққан бес жаңаөзендікке ескерту жасалып, босатылды — Бас прокуратура, Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты, Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жолдады, Жаңаөзендік жұмысшылар санкцияланбаған митинг өткізгені үшін полицияға жеткізілді, ҚазМұнайГаз өкілдері жаңаөзендік жұмысшылармен кездесті, Алтай Көлгінов жаңаөзендіктер талабы туралы: Біздің міндет – қолда бар бос жұмыс орындарын ұсыну, Энергетика министрлігі жаңаөзендік жұмысшыларға қатысты шешімін жақында жариялайды. Бағытын тақырыптарға қарап бағамдай беріңіз. Кейінгісі мынау: Жаңаөзендік мұнайшылар былтыр да ҚазМұнайГаз ғимараты алдында наразылық өткізген. Тақырыбынан-ақ біраз нәрсе көрініп тұр. Яғни жұмысшыларды ашкөз, әлдебір жерден ақша алып, көзбояушылық жасайтындай кейіпте көрсетуге тырысқан. Әлбетте, тақырып Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінен алынған.
Ресми деректерді таратуын құптаймыз. Десе де, екінші тараптың ой-пікірін беру арқылы баланс сақтауды ойламайтынын сынамасқа болмайды. Мәселен, «ҚазАқпарат» бірнеше күн ақпарат алаңынан түспеген маңғыстаулық мұнайшылар мәселесіне қатысты он жаңалық қана берсе, Жаңаөзендегі жарылысты белсенді жазды – 20 жаңалық жарияланған. Бірін екіншісіне қарсы қойып отырғанымыз жоқ. Қай тақырыпты болсын жан-жақты, жедел тарату керек. Айтпағымыз – баланс мәселесі. Бір тараптың ғана мәлімдесімен шектелмей, екінші жақтың айтпағын да ұсынған абзал. Иә, мемлекеттік арна мұнайшылар мәселесін айтуға батпады ма? Әлде «700 мың беретін жұмысқа келіспеген өздерінің кесірі» деп ойлап, айтқысы келмеді ме? Белгісіз…