ДомойОқып-үйренСторителиң жазу. Журналист Аян Қалмұраттың тәжірибесі

Сторителиң жазу. Журналист Аян Қалмұраттың тәжірибесі

Сторителиң жазу. Журналист Аян Қалмұраттың тәжірибесі

Сторителиң дегеніміз не және сторителиңді қалай жазады? Журналист, Азаттық радиосының ТВ-продюсері Аян Қалмұрат #IdeaCamp2023 жастар лагерінде  «Сторителиң» сессиясын өткізіп, осы сауалға кәсіби тәжірибесінен жауап берді. Сессиядан негізгі тезистерді ұсынамыз.

Сторителиң жазғанда мақаланы бастау мен аяқтау өте маңызды екен. Өміріміз — сторителиң. Сондықтан хикаяны бастауды да, аяқтауды да күнделікті өмірде үйренуге болады.

Аян Қалмұрат сторителиңнің күнделікті өмірде ұшырасатын мысалы ретінде TikTok әлеуметтік желісіндегі бір постты көрсетті. Бұл — ТикТоктағы @aselia.nurlanova деген қолданушының хикаясы. Фотосуреттеріне мәтін жазып, хронологиялық тізбек түрінде жариялаған. Басы мен аяғы бар хикая. Постты автордың парақшасынан көруге не мына галереядан қарауға болады:

— Ал енді «медиадағы сторителиң» дегеніміз не? Мейлінше қарапайым түсіндіретін болсақ, бұл — этика сақталатын өсек. Біз неліктен өсек тыңдағымыз келеді? Өйткені, өсекте журналистік баланс жоқ. Екі адам отырып, үшінші адамды «жамандайды». Бірақ сол үшінші адамның пікірін алмайды. Егер үшінші адамды шақырып, пікірін алса, онда бұл — сторителиң болады. Балансы бар материалға айналады. Сторителиң ұғымына қазақы болмыспен қарасақ, сторителиң дегеніміз — өсекті этика сақтай отырып баяндау, — дейді Аян Қалмұрат.

Сторителиң құрылымы

«Қазақ сторителиңі мен ағылшын, орыстардың сторителиңінен байқағаным, бізде алыстан орағытады. Яғни, оқиғадан бастамай, бэкграундына көп сөз арнайды. Мысалы, «70-жылдары бірге оқыған сыныптасымның баласы үйленіп жатыр екен. Соған Түркістаннан Шымкентке келе жатып, жолда апатқа ұшырапты» деп, айтады. Басты оқиға — көлік апаты, бірақ оны баяндаудың соңына жібереді. Негізгі оқиғаға жеткенше кім болғанын, қайда оқығанын, қашан бітіргенін, қандай адам екенін тыңдау керек. Соңында «міне, жаңалық» деп айтады.

Газетте жарияланатын сторителиңде жиі ұшырасатын қате осы. Зеріктіріп, жалықтырып алады. «Ең тәтті, ең уау» деген сәтін мақаланың соңына қалдырады.

Сондықтан мақала жазғанда материалды қалай бастау мен аяқтау өте маңызды.
Қазақтың осы баяндау болмысын жоғалтпай, бірақ оқылатын материал етіп жазуға тырысып жүрмін. Әңгімені бэкграундтан бастап, адамды қызықтыратын бір-екі дерек беріп, содан кейін негізгі оқиғаға ойысамыз.

Мақала жазғанда жекеден — жалпыға және жалпыдан — жекеге өтетін жағдай болады. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің есебінен мақала жазуымыз керек. «Қазақстанда кедейлер саны осындай көрсеткішке жетті» деп бастасаңыз, былтырғы көрсеткіш қандай болғанын айтып, сосын бір адамның жағдайына өтесіз. Мысалы, «Алматының 26 жастағы тұрғыны Пәленше Түгенше биыл көктемде төртінші кредитін алды. Ол «Ұлттық экономика министрлігінің «елдегі кедейлер саны мына көрсеткішке тең“ деген мәлімдемесіне сенбейді» деп жазасыз.

Яғни, үлкен мәселеден бастап, жекенің мәселесіне өттіңіз.

Егер «Пәленше Түгенше биыл көктемде бесінші кредитін алды» деп бастасаңыз, онда бір адамның хикаясын айтып, ары қарай Қазақстандағы кедейлер саны туралы көрсеткішке ойысасыз.

Демек, мәселе мен тақырыпқа байланысты әртүрлі бастауға болады. Егер хьюман стори жазғыңыз келсе, адамнан бастайсыз. Ал жалпы Қазақстандағы жағдайды көрсеткіңіз келсе, онда жалпы көрсеткіштен бастап, жеке адамға өтіп, сосын сарапшы, бэкграунд, министрліктің жауабы, сосын тағы бэкграунд болады.

Мақаланың классикалық құрылымы бар. «Шырша» деп те айтады. Тізесі шыққан, ескірген құрылым. Бірақ әрбір журналист осы классикалық құрылымды білуі керек. Бұл — базалық машық. Мұны білмей басқа құрылымды игеру қиын.

Мысалы, дәрі қымбатшылығы туралы жазсаңыз, әуелі дәрі ала алмай жүрген зейнеткердың хикаясын айтып, содан кейін дәрі ала алмай жүрген адамдардың көп екенін көрсету үшін дәріханаға барып, кезекте тұрғантұрған адамдарды сөйлетіп, сарапшыдан пікір алып, мемлекеттік орган жауабын қосып, сосын жалпы бэкграунд бересіз. Бұл — шырша құрылымы.

Десе де құрылымның идеал формасын табу мүмкін емес. Құрылым фантазиямен ғана шектеледі. Мақалаңызды жариялап, арада бір жыл өткеннен кейін «сол кезде былай бастағаным дұрыс еді ғой» деп ойлап жүресіз. Өйткені құрылымның түбіне ешқашан жетпейсіз. «Мына мақалам керемет екен» деп ойлап, тоқмейілси бастасаңыз, онда даму жоқ. Сторителиң жазу үшін мықты сторителиң мақалалар оқу керек. Сонда өз-өзіңізге сыни қарай бастайсыз. Жаңа идея, жаңа құрылым туындайды. Сторителиң жазу үшін сторителиң мақалаларды көп оқу керек».

Сторителиң мәтіні

«Сторителиң мәтінін әдебилендірмей, созбай, мыжымай, күшейтпей, құлдыратпай, қарапайым етіп жазады. Қарапайым жазу мен қарабайыр жазуды шатастыруға болмайды. Қарапайым жазу дегеніміз — қарабайыр жазу емес. «Қарапайым жазайық» деп, ауызекі тілде айтатын сөздерді қолданып, мақала жазатындар бар. Ауызекі сөзбен мақала жазуға болмайды.

«Материалдағы негізгі нәрсе — фокус таба білу. Не айтып жатқаныңызды, не айтқыңыз келетін және оған әр бөлім арқылы оқырманды қай эмоцияға апара жатқаныңызды біліп, соған фокус қоюыңыз керек. Фокусты тауып, оны ұстай біліңіз. Мақаланы сол фокуспен шығару — еңбекпен келетін керемет қабілет.

Фокусыңыз өзін-өзі ақтауы керек. Мысалы, «Қолы күс-күс боп кеткен 56 жастағы Пәленше әже» деп жазып жатады. Күшті әрі дәл сипаттау жақсы, бірақ бұл сипаттау өз-өзін ақтауы керек.

Сосын хьюман стори жазғанда кейіпкерді керемет етіп көрсетпеген жөн. Оны кейіпкердің өзі-ақ түсініп алады. Сосын кейіпкерді әдемі сөйлейтін етіп бермейміз. Шынайылық мінезін ашады, атмосфера береді.

«Новая газета» басылымының журналисі Елена Костюченконың мақалаларын оқуға ұсынамын.

Оның «Интернат» деген мақаласын алайық.

Мақала өте керемет детальдан басталады. Психоневрологиялық диспансердің сыртын биіктігі 2,5 метрлік дуал қоршаған. Дуалдың сыртын ашық жарқын түстерге бояп, сурет салған. Бірақ… Ішкі жағын сұр түске бояған екен.

Журналист осы екі сөйлеммен-ақ сырт пен ішкі жағдайды жеткізіп отыр.

Оқырманды аудиторияға кіргізу үшін хлор иісі шығып тұрғанын жазады. Мұрнымызға хлор иісі келген сияқты болады.

Әрбір материалда бір ерекшелік болуы керек. Мінсіз, перфекционизм аңқып тұрған мақала болса, бұл — керемет мақала деген сөз емес.

Мәселен, мына нүктелі үтір, бас әріп, леп белгімен жазылғаны интернаттың ішіндегі агрессияны көрсетеді. Іште адамдарға деген жауыз агрессияны сездіртеді.

Тағы айтарым, хикаяны бастау мен аяқтауды күнделікті өмірде үйренуіміз керек».

Аян Қалмұрат / IdeaCamp 2023 жастар лагері / Алматы / 28.04.2023

IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың European Union in Kazakhstan қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтіп жатыр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР