Әлеуметтік желілерде коммерциялық емес жобаларды таргетиң жасамай-ақ дамытып, тұрақты аудитория қалыптастыруға болады. Мұндай жобаларға аудиторияның саны мен қамту ауқымынан гөрі ортақ идея аясында комьюнити құрғаны маңызды. Осы орайда #IdeaCamp2023 жастар лагерінде SMM маманы, IdeaCamp 2023 тәлімгері Жалғас Ертай «Social Media: жобаны нөлден бастан дамыту» деген сессия жүргізді. Ол қатысушыларға әлеуметтік желілерде коммерциялық емес жобаны дамыту тәжірибесін, контент жоспар түзу мен контент жасау, мақсатты аудиторияны табу, оны ұстап тұру мен контент таратудың алгоритмін, жалпы әлеуметтік желіде жобаны қалай бастап, неге назар аударуы керек екенін айтып, бағыт-бағдар берді. «Жаңа репортер» порталына Жалғас Ертайдың екі күндік сессиясынан SMM-парақша жүргізуге қажет әрі пайдалы кеңестерді жариялап отырмыз.
Жалғас Ертай 2009 жылдан бері интернет саласында жұмыс істейді. 8 жылдай Азаттық радиосының SMM-маманы болған. Коммерциялық емес түрлі әлеуметтік жобалармен де айналысады. Мәселен, Qazaqsha Jaz, Jana Sozdik сынды жобаларды жасауға қатысқан. «Әлеуметтік желілерде жоба бастамас бұрын мынаны ескеріңіз: аудитория сізді білмейді. Аудитория кім екеніңізді, немен айналысып, не айтып, қандай идея таратып жатқаныңызды, не айтқыңыз келгенін білуге міндетті емес. Оқырманға бір түйір пайдаңыз тимесе, керек етпейді. Контент жасағанда мұны әрдайым есте ұстаңыз. «Мен тым ақылды нәрсе жазамын, сондықтан мені ешкім оқымайды» деп айтатындар бар. Сіз тым ақылды нәрсе жазбайсыз, шын мәнінде, сіз ешкімге керек емес нәрсе жазасыз. Сондықтан әуелі аудиторияны зерттеңіз. Аудиторияның жасы мен жынысына қарай оған әртүрлі контент керек. Ол неге қызығатынын, проблемасы қандай екенін анықтап алыңыз».
Оқырманға не қажет?
Жалғас Ертай оқырманға не қажет екенін нақтылады. Айтуынша,инстаграмда отыратын кез келген оқырманның 4 базалық қажеттілігі бар екен:
- Ақша («ақшаны қалай табамын», «ақша табу үшін не істеймін» деген сауалдың жауабы);
- Білім (оқып, жаңаны үйреніп, білім алып, өзін дамытуға деген қажеттілік);
- Денсаулық (бірі денсаулығын жақсартқысы келсе, енді бірі дертінен емделгісі келеді);
- Көңіл көтеру. (Оқырман сізден ештеңе талап етпейді, бірақ уақыты тиімді әрі көңілді өткенін қалайды. Бұл да маңызды қажеттілік).
Контент тілі, Tone of Voice неліктен маңызды?
Әлеуметтік желілерде жоба бастаған адам/команда қолында телефоны бар кез келген адаммен бәсекеге түседі. Сондықтан «медиасауат туралы жоба бастасам, онда менің бәсекелестерім — медиасауат бойынша жоба жасап жатқан басқа парақша болады екен» деп ойламаңыз. Ең бастысы — аудиторияға шын пайдаңыз тиетінін ойлап, «мен ұсынып отырған ақпарат саған шын пайдасы тиеді», деп сендіріп, тарта алу керек екен.
— SMM-нің ең бірінші ережесі — оқырманға жақын әрі түсінікті етіп жазу. «Мен қатты қиын жазам, сондықтан мені оқымайды» деген ереже жүрмейді. «Мен тым сапалы контент ұсындым, ал біздің аудиторияға тек баянесентаева мәндес контент керек» деген уәж де орынсыз. Баян Есентаеваның жартылай жалаңаш фотосы туралы ақпаратты көп адам оқып жатса, демек «сіздің контент оларға қызық емес» не болмаса «оларға жақын тілде жеткізе алмадыңыз» деген сөз. Аудиторияңызбен қай тілде сөйлесетініңіз, яғни Tone of Voice маңызды. Бұл — маркетингтің маңызды анықтамаларының бірі. Сөйлесу тонын дұрыс таңдап, сол мәнерден ауытқымаған жөн. Сіз деп сөйлесесіз ба, дос сияқты сөйлесесіз ба? Бір реттілікті сақтаған жөн. Әсіресе, комьюнити құрып жұмыс істегенде осы маңызды екені айқын білінеді. Себебі коммерциялық емес жобалардың басты қалауы — идеялас адамдардан тұратын комьюнити құру. Комьюнити дегеніміз — чат не инстаграм парақшадағы постқа жазылған комментарийлер болуы мүмкін. Бірақ сіздің мақсатыңыз — сол аудиториямен байланыс орнату. Сондықтан аудиториямен қалай сөйлесетініңізді анықтап алуыңыз керек. Кейін ортақ сленг қалыптастыратын ортақ тіл болуы керек. Бұл комьюнити құрудың ережесі, — дейді Жалғас Ертай.
Контент-жоспар жасау
Контент-жоспарды кемі бір айға арнап жасаған жөн. Мәселен, кесте сызып, бірінші бағанға аптаның бес жұмыс күнін, бірінші қатарға контент жарияланатын әлеуметтік желілерді (Facebook, Instagram, TikTok, YouTube) жазып шығамыз.
Қай күні қайда контент шығатынын белгілейміз: Мұны Google календарда жасауға болады. Контент атауын, сипатын, қайда және қашан жарияланатынын жазу керек.
Мысалы, контент-жоспар жасауға ай басталарға 3 күн қалғанда отырасыз. Контент-жоспар жасап шығасыз. Сосын кейін бір ай бойы жұмыстан босап, механикалық жұмыспен ғана айналысасыз.
Айдың соңына жеткенде келесі айға контент-жоспар жасауға кірісесіз.
«Әр дүйсенбі фейсбукта пост, сәрсенбі тиктокта видео шығады, бейсенбі күні инстада рилс жариялайм, жұма күні ютубта подкаст шығарамын» деген сияқты белгілейсіз. Әрқайсысының өз тақырыбы бар. Бұл — бір айлық жоспар. Апталық жоспар тым қысқа болады.
Тақырыпқа келсек, әр жобаның өз тақырыбы бар.
Контент-жоспар — механикалық жұмыс. Ал енді жариялайтын тақырыптарға келейік.
Айдар құрастыру
Контент-жоспар сызып алдық. «Енді қандай пост жариялаймын» деген сұрақ туындайды. Осы тұста айдар құрастырудың пайдасы тиеді.
Мен адамдарға тұрақты үш айдар ұсынамын.
— Пайдалы (ақша, денсаулық, білім және көңіл көтеру)
— Ақпараттық (жобаңызға және комьюнитиге тікелей қатысы бар посттар)
— Эмоционал (әзіл, мем тақырыптар). Үнемі салмақты контент жарияламайсыз ғой. Арасында талқыланып, мемге айналып кеткен оқиғаларды постқа айналдыруға болады.
Мұның барлығы комьюнити құру үшін өте маңызды. Егер жасамасаңыз, тез шаршап, 1-2 айдан кейін жобаңыз тоқырап, аудиториядан айырыласыз. Ал айдар контентті қалай құрастыруға көмектеседі.
Мақсатты аудитория
Жобаның мақсатты аудиториясы мен сол мақсатты аудиторияның мақсатын анықтап алу қажет:
Мақсатты аудиторияға не кіреді?
Мәселен, медиасауат туралы жобаны алайық. Адам алданғысы келмейді. Жалпы ешкім алданғысы келмейді. Демек, медиасауат туралы жобаның мақсатты аудиториясының негізгі мақсаты — алданбау.
Алданғысы келмейтін адамға қандай пайдалы контент ұсынуға болады?
Мысалы, «Онлайнда алданбаудың 5 жолы» деген контент беруге болады.
Қандай эмоционал контент ұсынуға болады?
Алданып қалып, соңында күлкімен аяқталған бір оқиға.
Енді осы жерде комьюнитимен байланыс орнатуға қажет ақпараттық контент қосу керек.
Мен алданғаннан кейін не істедім? Бұл комьюнитимен байланыс орнату үшін маңызды. Ақпараттық постта комьюнити өкілдерімен байланыс орнатасыз. Олармен ортақ белгілер болуы керек. Мысалы, мен алданған кезде қандай кезеңдерден өттім. Мені қалай алдады? Видеоформатта сырыңызды ақтарып, аудиторияның қалай алданғанын сұрауға болады.
Мақсатты аудиторияның екінші мақсаты қандай? Алданғысы келмейтін, медиасауат оқысы келетін адам көбірек білгісі келеді.
Бұған пайдалы мазмұны бар контент, мысалы «Интернетте алданбауға көмектесетін 5 қосымша/құрал» деген пост дайындаңыз.
Эмоционалды пост ретінде «мына қосымшаны пайдаланып, мені алдамақ болмақ хакердің өзін қақпанған түсірген кездегі түрім» деген сияқты контент жасауға болады.
Контент-жоспардың маңызы
Аптаның қай күні қай платформада қандай контент жариялайтыныңызды нақтылап, формулаға сәйкес контент дайындайсыз. Сонда сізде белгісіздік болмайды, қиналмайсыз, “не туралы жазсам болады” деп уайымдамайсыз.
Демек, контент-жоспар жасағанда:
- Постыңызды жариялайтын әлеуметтік желілерді анықтап,
- Идея генераторына салып, айдарларды құрастырасыз. Әркім өз бетінше құрастырады. Бастысы үш айдар болуы керек. Интернетте “идея генераторы” деп жазсаңыз, түрлі кеңес толып жатыр.
- Мақсатты аудиторияның негізгі проблемасы мен 2-3 мақсатын анықтап, сол бойынша әр айдарға бір-бір пост дайындауға болады.
Контент-жоспар кестесін толтырғанда туындаған пост идеяларын айдарларға жинақтай беріңіз. Ай соңында идеялар банкін ашып жіберіп, бұрын пост жазылмаған идеяларды ала бересіз.
Контент-жоспардан ауытқымаған жөн. 1-2 рет ауытқуға болады, бірақ үнемі өзгерте беруге болмайды. Жүйелі жұмыс істеген жөн.
Кез келген жұмыс жүйелі және жоспарланған болуы керек.
Контент түрлері
Әлеуметтік желілерге арналған контент түрі көп. Коммерциялық емес жобаны дамытқанда ең базалық нәрселерді қолға алып, эксперимент жасаудан қашпаған жөн екен. Қазір түрлі нұсқаулықтарға сұраныс көп. «Мына нәрсені жасау үшін не істеу керек?», «Мына нәрсеге қол жеткізу үшін не істеу керек» деген мазмұндағы нұсқаулықтар өз аудиториясын табады.
«Осы орайда Instagram-ға арналған контенттің үш түрін айтқым келеді. Бұл сториз, рилс және карусель.
Stories. Инстаграмда стористі ең көп көреді, сондықтан жиі пайдаланамыз. Күніне кемі 3 сторис жариялау керек. Стористі сторителлиң сияқты жасаңыз. Яғни, стористің де кез келген оқиға сияқты басы мен аяғуы болуы керек. Бірінші сторис басқа, екінші сторис мүлде басқа болса, басы мен аяғы жоқ боп шығады.
Reels — инстаграмның жаңа инструменті. Рилстің ерекшелігі — алгоритмге бағынбайды. Рилс арқылы көп аудиторияны жылдам қамтуға (охват) болады. Рилсті де жиі-жиі, аптасына кемі екі рет жасау керек. Рилс жасаудың да ережесі бар: ешкім рилсті «ішінде не бар екен» деп қарамайды, «сыртында не бар» деп сыртына назары ауады. Рилстің жоғары тұсындағы мәтін адамды тартуы керек. Жұртшылық сізді оқып-көргенін қаласаңыз, онда әсер ететін, пайдасы тиетін әрі көңіл көтеретін ақпарат болуы керек. Көңіл-көтеру де пайда.
Карусель-пост. Ал карусель-постты «эксперимент алаңы» деп айтар едім. Мұны әрдайым пайдалануға болады. Карусель-посттың мәтінін ірі шрифтпен жазыңыз. Ұсақ шрифті оқу қиын. Шрифт өлшемін кемі 2 есе үлкейтіңіз. Бір суреттің ішіне ақпаратты үйіп тастамаңыз. Қысқа да нұсқа жазыңыз, басы артық ақпарат қоспаңыз. Адам суреттің астына түсіп, мәтінді оқымайды. Карусель-посттағы суреттерді сырғытып, оқиды, көреді, тыңдайды. Қазір карусель-посттар арасында түсіндірмелі контент танымал».
Аудитория тартудың жолдары
Аудитория тартудың бірнеше жолы бар:
Біріншісі, тұрақтылық. Бәріне айтарым осы. Апта сайын 2-3 постты белгілі бір уақытта әрдайым жариялап отырса, тұрақтылық болса, аудитория жиналады.
Екіншісі, сізбен идеялас, «қолдайды-ау» деген адамдармен бірігіп, коллаб жасаңыз. Коллаб дегеніміз контент жасап, оны басқамен бөлісу. Ол досыңыз, әріптесіңіз, танысыңыз не т. б. біреу болуы мүмкін. Коллаб жасайтын аккаунттың фоллоуер санына қарамаңыз. Оған: «Мен — пәленше түгеншемін. Осындай жобам бар. Сенің де аудиторияға өтетін контент жасаймын. Дайындаған контентімді өзің парақшаңда да жарияласаң, маған да, саған да көрінеді. Мәселен, сіздің 100 фоллоуеріңіз болса, 5000 фоллоуері бар адаммен келісіп, коллаб жасаңыз. Сізге коллабтан 100-150 адам фоллоуер келсе, бұл жақсы. Екі жақ та плюсте. Оған пайда — контент, сізге пайда — фоллоуер. Фоллоуер санын осы жолмен дамытқан дұрыс. Сонда табиғи түрде аудитория жинайсыз. Әлеуметтік жобала үшін бұл маңызды. Бір вайнердің жарнамасын сатып алып, сол арқылы фоллоуерлер жинап алуға болады. Бірақ фоллоуеріңіздің саны бірте-бірте азая береді. Әуелі көбейіп, сосын азаяды. Ал инстаграм алгоритміне сәйкес, аудиторияңыз азайған сайын, посттарыңыздың лентаға шығуы төмендейді.
Үшіншісі, 100 фоллоуеріңізге арнап контент дайындап, жұмыс істегенде де 100 мың адамға, 1 млн адамға да жұмыс істеген сияқты қараңыз. Өйткені, 100 адамға жұмыс істей тұрып, «ертең маған 10 мың адам келсін, сол кезде нағыз жұмысты бастаймын» деп айтсаңыз, онда ешқашан бастамайсыз. Өйткені 100 адамның қажеттілігін өтей алмасаңыз, 10 000 адамның қажеттілігін қалай өтейсіз?! 100 адамға жұмыс істесеңіз де, 1 мың, 10 мың, 1 млн адамға жұмыс істесеңіздер де бір жүйе, бір қарқын, бір қалып болуы керек.
Аудиторияны гив жасап та жинап алуға болады. Бірақ мәселе аудитория саны, қамту көрсеткішінде емес. 100 фоллоуер болса да олар – сіздің аудиторияңыз. Сізге құндылықтарыңызды бөлісетін, сіз туралы айтып жүретін аудитория керек. Мұндай аудитория – ядроңыз. Сондай аудиторияңыз болса, жобаңыздың ұзақ өмір сүреді. Аудиторияны қамту көрсеткішіне емес, аз да болса идеялас аудиторияны тартып, соны ұстап қалуға жұмыс істеңіз. Сіздің контентіңізді бөлісіп, пікір жазып, айтып, үнемі мақтап не үнемі жамандап отыратын аудитория маңызды.
Жалпы әлеуметтік жобаларды дамытқанда тұрақтылық, контент көп әрі сапалы болуы керек. Ұзақ уақыт ештеңе жарияламай, оқта-текте бір сторис жариялай қалсаңыз, «міне, пайда болды» деп сторисіңізді көреді де, тағы жариялағанда көбі көрмейді. Ал тұрақты жарияласаңыз, адамдар қарайды, күтеді, және потенциал аудиторияңыз боп қалады.
Сосын аудиторияның жазған пікірін өшірмеген жөн. Жеке басқа өтіп, ар-ожданға тиіссе, өшіру керек. Ал қандай да бір проблема туралы негатив мазмұндағы комментарий жазса, өшірмей, керісінше талқылауға тартыңыз. Бұл да аккаунттың салмағын арттырады.
Вижуал жасағанда неге сүйенеміз?
Visual board деген бар. Әуелі соны жасап алыңыз. Мұнда жобаның негізгі түстері, шрифт түрлері көрсетіледі. Инстаграмда ең маңызды нәрсе – сурет. Себебі, интернеттегі үлкен ақпарат ағынында неше түрлі контент, сапалы контент те бар. Егер нашар суретке тәп-тәуір пост жазсаңыз да суреті нашар боп, нашар контент ретінде қабылданады.
Вижуал жасауға тегін қосымшаларды, мысалы Canva пайдалануға болады. Pinterest деген сайт бар. Сол жақтан қызық суреттер, шаблондар тауып, контент дайындауға болады.
Бір постқа үш түстен артық түс таңдамаңыз. Вижуал жасау қиын емес. Суреттің бір бетінде үш түстен артық түс болмауы, бір-біріне қатты кереғар түстер болмауы, бір-бірінен ажырату қиын түстер болмауы керек. Менің ұсынысым — мәтіннің өлшемі үлкен болуы керек. Адамның назарын аудартатын сурет жасасаңыз, әдемі шығады.
Мысалы, бір түсті фон, сол фонның үстіне екінші түспен үлкен мәтін, сосын үшінші түспен көз тартып, назар аударатын бір сурет (мем, бәлкім видео, бәлкім қандай да бір қызық сурет) қоюға болады.
Жалғас Ертайдың «Social Media: жобаны нөлден бастан дамыту» деген сессиясы екі бөлімнен тұрады. Stories, reels жасау, «карусель» постты қалай жазу керек екенін, аудитория тарту жолдарын (тегін, ақылы), қауымдастық құру, белсенді әрі жүйелі жұмыс істеу туралы айтты. Әр қатысушы жобасының тақырыбы аясында Instagram-ға арналған пост дайындады. Түс таңдап, вижуал жасауды үйренді.
IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтті.