Медиа әйелдер жайында қалай жазуы керек? Медиасарапшы Молдияр Ергебеков ұсынған нұсқаулық

0
120
А.Ясауи атындағы ХҚТУ қауымдастырылған профессоры, PhD, медиасарапшы Молдияр Ергебеков

Қоғам әйелдерге бағытталған зорлық зомбылық, өлтіру, негатив дискриминация мен сан түрлі проблемалардың алдын алу үшін не істеуі керек? Үнсіз қалмауы керек. Бұған медиа да елеулі үлес қосады. А.Ясауи атындағы ХҚТУ қауымдастырылған профессоры, PhD, медиасарапшы Молдияр Ергебеков Алматыда өткен #IdeaCamp2023 жастар лагерінің үшінші сессиясын осылай бастады. Ол «Әйелдер жайында жазу» деген лекциясында «үнсіздік спиралі теориясының» түп төркінін, медианың жеке көзқарастарды үнсіздік спиралі иірімінен қалай алып шығатынын және медиа әйел жайында жазғанда нені ескеруі керек екенін айтып берді. Ғалымның #IdeaCamp2023 қатысушыларына көрсеткен презентациясынан әйелдер жайында жазу бойынша ұсыныстарын «Жаңа репортер» порталында жариялап отырмыз.

Ол лекцияда әлеуматтанушы-саясаттанушы Элизабет Ноэль-Нойман зерттеп ұсынған  “үнсіздік спиралі” теориясының мән-мағынасын түсіндірді. 

“Ноэль-Нойман зерттеуінде адамдардың кез келген бір тақырыпта не ойлайтынын білдірер кезде қоғамдағы сол тақырып бойынша жалпы көзқарасты назарда ұстай отырып өз ойларын қалыптастыратынын алға тартады”.

Үнсіздік спиралы теориясының 3 негізгі ұғымы бар:

  • Шеттету арқылы қорқыту;
  • Шеттеліп қалу үрейі;
  • Көзқарас атмосферасын бақылау. 

– Ноэль-Нойман шеттетілу үрейінің салдарынан адамдардың үнемі көзқарас атмосферасын бақылайтынын алға тартады. Үнсіздік спиралы теориясы бойынша шеттетілу үрейі адамдарды қоғамдағы көзқарас атмосферасын, яғни қоғамның белгілі бір тақырыпта не ойлайтынын білу үшін медиаға бағыттауда. Сондықтан да медиа «жеке көзқарастардың» қалыптасуында маңызды ықпалға ие. Ноэль-Нойманның пікірінше медианың күші – қоғамдағы көзқарас атмосферасын көрсетуінде жатыр. Өз ойларының медиада да ұсынылып жатқанын көрген адамдар, бұл көзқарастарын айтуға ынталанады. Ноэль-Нойман индивидтің жеке және қоғамдық алаңдағы айту/сөйлеу/әңгімелесу актісіне қатысуы немесе қатыспауына ерекше мән береді. Оның пікірінше, азшылықтағы адамдардың үнсіз қалуы олардың қоғамдағы көзге түсуін азайтады. Сондықтан да үнсіздік өз-өзін қайтадан өндіретін спиралға айналады, – деді Молдияр Ергебеков.

Демек, медиа қоғамның үнсіз қалмауына елеулі үлес қоса отырып, үнсіздік спиралінің күшін әлсірете алады. 

Осы тұста «Не үшін жазасың?» деген сауал туындайды. Мұның төрт нұсқадан тұратын жауабы бар екен: 

1. Өзің үшін жазасың.

2. Патриархал тілден басқа тілдің бар екенін көрсету үшін жазасың.

3. Үні өшкендердің немесе өшуге жақындардың үні болу үшін жазасың.

4. Үнсіз қалмау үшін жазасың.

— Осы жазғаныңызды кімге бағыттауыңыз керек? Сөзіңізді бағыттайтын барлығы 3 топ бар: жақтастарыңыз, қарсыластарыңыз және қарарсыз топ. Алайда спичіңізді кімге бағыттасаңыз да тіліңіз арқылы сексизм, нәсілшілдік немесе өзге де жағымсыз измдерді өндірмеңіз. Қылмыстың үстін жауып қылмыс жасамаңыз, — дейді Молдияр Ергебеков.

“Әйелдерге бағытталған зорлық зомбылық, өлтіру, негатив дискриминация мен сан түрлі проблемалардың алдын алудың негізі – үнсіз қалмау” екенін “үнсіздік спиралі” теориясына сүйене отырып түсіндірген спикер: 

1. Әйелге бағытталған зорлық-зомбылық оқиғаларын тақырып ететін ақпараттар қалай жасалуы тиіс екенін айтып, медиа:

2. Фемицид туралы ақпарат жасаған кезде;

3. Зорлық-зомбылық туралы ақпарат жасаған кезде;

4. Жыныстық шабуыл, әлімжеттік, зорлық проблемасын ақпаратқа айналдырған кезде;

5. Бала жастағы қыздардың үйлендірілуі жайында ақпарат берген кезде

6. Саржағал ақпарат жасаған кезде нені ескеруі керек

екенін айтып берді.

1. Әйелге бағытталған зорлық-зомбылық оқиғаларын тақырып ететін ақпараттар қалай жасалуы тиіс?

  • Сәнделмеуі керек. Боялмауы керек. Трагедияға, драмаға, романтикаға айналдырмау керек. 
  • Фемицид (әйелді әйел болғаны үшін өлтіру) дегеніміз не? Қылмыскер тарапынан «әйел болғаны үшін» өлтірілген кісі өлтіру оқиғасы «фемицид» деп аталады. Сондықтан әйел өлтіру – өзге де қылмыстық оқиғалар сынды берілмеуі тиіс. Мұның әйелді әйел болғаны үшін өлтіру екені міндетті түрде айтылуы тиіс.
  • Бұл ұғымды ақпараттың тақырыбы етіп беру керек. Өйткені фемицид ұғымын кілт сөз ретінде қолдану, әйелдерге бағытталған кісі өлтірушілік оқиғаларына қоғамның назарын аудару тұрғысынан маңызды.
  • Кісі өлімімен нәтижеленген оқиғаның фемицид екенін түсіну үшін «өлтірілген адам еркек болғанда дәл осы себептермен, дәл осылай өлтірілер ме еді?» деген сұрақты сұрау жеткілікті. Басқаша айтсақ, бір еркек киген киімі, қызғаншақтық, хабар бермеу және тағы басқа себептермен зорлық-зомбылыққа немесе өлімге ұшырайды ма? Егер жауабыңыз «жоқ» деген жауап болса, онда бұл кісі өлтіру оқиғасы фемицид оқиғасына жатады. 
  • Фемицид қылмысы негізгі ерекшеліктерімен ақпаратқа айналуы тиіс. Яғни фемицид оқиғасының патриархал дискурс пен риторикадан туатыны, жүйелі түрдегі қылмыс ретінде белең алып келе жатқанына қарамастан қандай да бір алдын алу шаралары жүргізілмегені үшін бұл оқиғаның болғаны сынды себептер көрсетілуі тиіс. 
  • Фемицидтің үнемі ақпаратқа айналуының салдарынан қоғамда нормаға айналу қаупі бар!!! Сондықтан да кей оқиғаларды ақпаратқа айналдырудың қажеті жоқ. Алайда «оқиғаға бағытталған» ақпарат берілмесе де оқиғаға байланысты сот үдерісін, эксперт пікірлерін, жасалған зерттеулер мен статистикаларды және фемицидке қарсы акцияларды үнемі ақпарат етіп беру керек. Осылайша бұл тақырып қоғамның күн тәртібінде сауатты түрде орын алады.

2. Фемицид туралы ақпарат жасаған кезде;

  • Ақпарат кісі өлтірушінің / күдіктінің сөздері арқылы жасалмауы керек. Өлген әйел кісі өлтірушінің / күдіктінің сөздеріне жауап бере алмайтынын және оны жоққа шығара алмайтынын ұмытпаймыз.
  • Ақпараттың ресурсы тек қана полиция рапорты, сот протоколы немесе кісі өлтіруші / күдікті болмауы керек.
  • Ақпаратты қалыптастыратын адам өзінің психолог, төреші, бал ашатын не әңгіме жазатын емес, журналист екенін ұмытпауы керек.
  • Ақпарат дайындалған кезде өсек-аяң, меңзеу, қалыпқа айналған дискурстардан аулақ болған жөн.
  • Кісі өлтіру оқиғасының жауаптысы ретінде «жынданып кету», «қызғаныш», «ашу-ыза», «намыс», «банкрот», «психикалық проблема», «провокация» сынды кісі өлтіруді «ақтап алатын» сөздерді еш қолданбауы керек. Бұл себептер фемицид қылмысын ақтап алумен бірге, сотта кісі өлтірушіге жеңілдіктер жасау үшін дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
  • Егер өлген әйел, өлместен бұрын полицияға шағымданған болса, бұдан бұрын да кісі өлтіруші тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған болса, отбасы тарапынан қолдау көрмеген болса, бұл жағдайлар ақпаратта міндетті түрде айтылуы тиіс.
  • Мелодрамадан, сенсация мен порнографиядан аулақ болуы керек. Кісі өлтірумен аяқталған оқиғаның деталдары порнографиялық түрде суреттеліп, зорлық-зомбылықтың порнографиясын қалыптастырмау керек.
  • Ақпарат мәтіні ақпаратты драматизациялайтын элементтерге ие болмауы керек.
  • Секске немесе сексуалитетке байланысты қандай да бір қажетсіз детальдан аулақ болған жөн
  • Ақпарат мәтінінде қылмысты тартымды етіп не қызықты етіп көрсететін қандай да бір сөз не баяндау тәсілін қолданбауы керек. 
  • Өлтірілген әйелдің денесінің суреті көрсетпеу керек. Мұның орнына қылмыскердің суретін көрсетіп, санасы (менталитеті) әшкереленуі керек.
  • Егер өлтірілген әйелдің суретін көрсету міндетті түрде қажет болса, тірі кезіндегі суретін беру керек.  
  • Оқиғаны қалыпты жағдайға айналдыратыны үшін оқиға болған жердің бейнесін көрсетпеу керек.
  • Кісі өлтіруші мен құрбанның «бақытты күндер» фотографияларын ешқашан көрсетпеу керек. Егер көрсету міндетті түрде қажет болса, «сіздің де ең жақыныңыз бір күні сізді өлтіруі мүмкін» деген мағынаға келетін сөздер немесе меңзеу қолдану керек. 
  • Ақпаратты «неліктен, қайда, қашан, қалай, кім» формуласы арқылы қалыптастырсаңыз, «неліктен» деген сұрақтың жауабын қылмыскердің жауабынан емес, кісі өлтіруге апарған үдерісте болған проблемалардан іздеңіз.
  • Өлген әйелдің мамандығы, өмір сүру стилі, әлеуметтік қатынастары не жосықтары сияқты деректер тек ақпаратты түсінікті ету үшін қажет болған жағдайда ғана айтылуы тиіс. Алайда бұл мәліметтерді оқырманның қате түсінуіне, әсіресе өлген әйелді моральдық тұрғыдан жазғыруына себеп болмайтындай етіп беруіңіз керек. Яғни әйелдің мамандығы, жосығы не өмір сүру стилі еркектер тарапынан өлтірілуіне себеп ретінде көрсетілмеуі керек. 
  • Фемицидті қолға алған зерттеулер, өлтірілген әйелдердің көбі өлім оқиғасынан бұрын да қылмыскер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын көрсетіп жатыр. Зорлық-зомбылық көрген әйел жайында ақпарат берген кезде оны қауіпті жағдайға ұшырататын немесе тіпті өліміне себеп болатын мәліметтер берілмеу керек. 
  • Кісі өлімі жайындағы ақпараттан кейін, бұл оқиғаға қатысы бар қылмыскердің сотталу үдерісі қадағаланып, ақпарат ретінде беріп отыруы керек. 
  • Фемицидке берілетін жаза бұл қылмыстың тоқтауына себеп болатынболмайтыны және бұл түрдегі қылмыстардың орын алуына қалай әсер ететіні де зерттеліп, ақпарат ретінде берілуі керек. Бұған ұқсас оқиғаларда берілген жазалар мысал ретінде көрсетілуі керек.
  • Фемицид оқиғалары жайында ақпарат берген кезде қайтыс болған әйелдің жоғын жоқтайтын, әйел құқықтарын қорғайтын ұйымдар не басқа да ұйымдардың көзқарасына міндетті түрде орын беру керек. 
  • Фемицид қылмыстық оқиғаларында, «арандатушылық салдары» немесе «тәртіпті болу» сынды әр түрлі себептермен қылмыскерлерге берілетін жеңілдіктердің қаншалықты құқыққа сай екенін не қаншалықты идеологиялық/саяси/этикалық ұстанымдар арқылы берілгені, бұл жеңілдіктер жаңа қылмыстардың орын алуына себеп болатын/болмайтыны сұралып, тергелуі керек.

3. Зорлық-зомбылық туралы ақпарат жасаған кезде;

  • Жұмыссыздық, экономикалық тұрғыдан кедейлік, мәдени тұрғыдан кедейлік – әйелдерге бағытталған зорлық-зомбылықтың негізгі себебі ретінде көрсетілмеуі керек.
  • Зорлық-зомбылық көрсеткен еркектің «ауру екені» және «емделуі қажет екенін» алға тартып, қылмыскерді бейкүнә етіп көрсетпеу керек. Зорлық-зомбылық жасау «ауру» болса, неліктен бұл қылмыстың көбіне әйелдерге бағытталғанын тергеу керек. 
  • Зорлық-зомбылық қылмыс екені ұмытылмауы керек және дәстүрлердің бір бөлшегі ретінде түсініп, сондай түсінікпен қарауға себеп болатындай түрде легитимдемеу керек. 
  • «Жасырын махаббат», «тыйым салынған махаббат», «жынды махаббат» сынды сипаттамалардан қашу керек. 
  • Мұның қоғамдық проблема екені, сондықтан да қоғамдық қызметкерлердің жауапкершілігінің бар екені ұмытылмау керек. 
  • Зорлық-зомбылықты мақтайтын, шарасыз болуды үйрететін және зорлық-зомбылыққа «тәрбие беру құралы» деп қарайтын сөздерге жоламау керек. Қалыптасып қалған сөздерді қолданбау керек. Мысалы «таяқ жеу» не «зорлыққа жол ашатын киім» сынды сипаттамаларды қолдануға болмайды. 
  • Зорлық-зомбылық жайындағы ақпараттың тақырыбын қоятын кезде өте абай болған жөн. Ақпарат мәтінінде жәбірленушісінің сөзі болса да ойланбастан қойыла салған тақырып тілшінің ойын білдіретінін ұмытпаған абзал.
  • Зорлыққа ұшырағанның емес, зорлықты жасаушының фотографиясын көрсету керек. 
  • Жәбірленушінің жеке құқықтарын құрметтеу керек. Мысалы, болған оқиғаның мән-жайын тәптіштеп түсіндіруін талап етпеу керек.
  • Зорлыққа ұшыраған басқа адамдарға қажет ақпараттарды мейлінше беруге талпыну керек. Бұған «зорлыққа ұшыраған жағдайда мына телефонға хабарласу керек, мына мекемеге бару керек» деген сияқты ақпарат жатады.

4. Жыныстық шабуыл, әлімжеттік, зорлық проблемасын ақпаратқа айналдырған кезде;

  • Жыныстық шабуылға ұшыраған әйелдің аты мен бейнесі ашық түрде берілмеуі керек. Егер жәбірленушінің өзі қаласа ғана көрсетуге, атын атауға болады. 
  • Жыныстық шабуыл оқиғасының деталі айтылмауы, хикаят әңгімеге (сторителлинг) айналмауы керек.
  • Мұндай жағдайға тап болған кезде жәбірленушінің қайда барып, қай нөмірге қоңырау шалуы қажет екенін айту керек.
  • Жәбірленуші әйелдің туысқандары да қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін ескеріп, қандай да бір мекенжай көрсетілмеуі керек. 
  • Бұған ұқсас жәбірленушінің отбасы мүшелері қылмыскердің отбасы мүшелерінен «кек алу» мақсатында, қылмыскердің отбасы мүшелері, соның ішінде, әсіресе әйелдерге жыныстық немесе өзге де шабуыл жасау мүмкіндігін назарда ұстау қажет. 
  • Визуал медиада, жыныстық шабуыл оқиғасы көрерменге анимация немесе қойылым жасау арқылы баяндалмауы керек. Бұл түрдегі публикация, әйелдің жәбірленуші ретіндегі травмалық жағдайын арттырумен қатар, дәл сол қылмысты жасау потенциалына ие адамдарды қылмысқа итермелеуі мүмкін.
  • Жыныстық шабуыл жайындағы ақпараттар медиа арасындағы рейтиң/бәсекелесу жарысынан тыс болуы керек. 
  • Бұл оқиғала қоғамның белгілі бір тобына тән екенін айтпау керек. Оның орнына бәріміздің басымызға келуі мүмкін екенін меңзеу керек. 
  • Мұндай оқиғаларды тақырып етіп алатын ақпараттарда әйелдің киген киімі, жосықтары, әдеттері, ұнататын нәрселері және т.б. деректер қылмысқа шақырар себептер ретінде көрсетілмеуі керек және стереотип қалыптастыратын сөздерден аулақ болған жөн. 
  • Принципіне берік және жауапкершілігі бар журналистика түсінігі талап ететін мына жайтты ұмытпау керек: Шабуылдың қалай іске асқанынан гөрі шабуыл жасаушының заң алдында алған жазасы мен жәбірленушінің білуі тиіс мәліметтер берілу керек. 
  • Жыныстық зорлық хабарларында жәбірленуші «телеқыз», «жеңіл жүрісті», «еркектерге тәнін сатушы» әйел ретінде сипатталмауы керек. 
  • Газет немесе теледидар ақпараттарында қолданылатын тіл және/немесе видео материал өте мұқият таңдалуы тиіс. Әйелдердің сексист стереотиптер арқылы жазғырылуына себеп болудан қашу керек.
  • Көрермен немесе оқырманның ақпараттағы деталдар мен видео материалдардың салдарынан зорлықшыға емес, жәбірленуші әйелге бағытталуына жол бермеу керек. Журналистік түсінік, жәбірленушінің емес қылмыскердің әшкереленуін іске асыруға сүйену керек.

5. Бала жастағы қыздардың үйлендірілуі жайында ақпарат берген кезде;

  • Дәстүрді сылтауратып, нормаға айналдыратын сөздерді еш қолданбау керек.
  • Бала жаста үйлендірудің қылмыс екені міндетті түрде айтылуы керек.
  • Бақытты бір отбасы құрылған күнде де бұл отбасын «мінеки, бала жаста тұрмысқа шыққан еді, күйеуімен өте бақытты өмір сүріп жатыр» деп, бақытты отбасы мысалы ретінде көрсетпеу керек. 
  • Сексист ұстанымды қолдайтын сөздерден, клише сөйлемдерден аулақ болу керек.

6. Саржағал ақпарат жасаған кезде;

  • Жеке құқықтарды бұзбауы және жеке өмірге қол сұқпауы керек.
  • Әйел тәні арқылы сексист дискурс қалыптастырмауы керек.
  • Ақпаратқа тақырып болған әйелдер екінші планға ысырылмауы керек.   
  • Ақпарат үшін әйелдің символикалық жоқ болуын қамтамасыз етпеуі керек. 
  • Бульвар ақпарат «әйел тәні = табыс» формуласымен іске асуды доғаруы керек. 
  • Зорлық-зомбылықты көңіл көтеру құралына айналдырудан қашу керек.

IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың European Union in Kazakhstan қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтті.

#EU4CA #EUinKazakhstan #EU4Kazakhstan #revive_ca

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь