Домой Блог

«Масс-медиа туралы» заңдағы негізгі өзгерістерге шолу

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2024 жылғы 19 маусымда елдегі медиа саласын реттейтін негізгі құжат — «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Екі жылдай талқыланып, кейбір нормалары медиазаңгерлер мен журналистердің қарсылығына ұшыраса да қабылданған бұл заң 2024 жылғы 20 тамызда, кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Қазіргі «БАҚ туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың күшін жойып, орнын басады. Дегенмен, «Масс-медиа туралы» заң қазіргі қолданыстағы осы екі заңның негізінде жасалған, яғни «жаңа ереже мен нормалар үлесі 10% аспайды» екен. Мұны «Орталық Азияның ақпарат тұтастығын дамытуға ықпал ету (CAIIA)» бағдарламасы аясында «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ ұйымдастырған «Масс-медиа туралы заң қабылданды, енді не өзгереді?» деген вебинарда медиасарапшы-журналистер Қалима Тәжіқұл мен Есенгүл Кәпқызы («Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі) айтты. Олар осы заңды әзірлеу барысында жұмыс тобында болған. «Жаңа репортер» редакциясы вебинарға қатысып, журналистер, редакциялар, жалпы медиақауымдастық өкілдері білгені жөн негізгі өзгерістер туралы шолу дайындады.

«Масс-медиа туралы» заңда жаңа терминдер мен ұғымдар бар. Мәселен:

  • Масс-медиа — бұқаралық ақпарат құралы жəне интернет-ресурс;
  • Бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) — мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым;
  • Интернет-басылым — Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы ҚР аумағында орналасқан бұқаралық ақпарат құралы ретінде уəкілетті органда есепке қою рəсімінен өткен интернет-ресурс, соның ішінде ақпарат агенттігі
  • Аккредиттеудің оңайлатылған тəртібі — аккредиттеу картасын беру арқылы БАҚ-ты және олардың журналистерін (БАҚ өкілдерін) аккредиттеудің автоматтандырылған процесі;
  • Бірыңғай медиаплатформа — мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе;
  • Журналистің ерекше мəртебесі — журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу жəне тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарды көздейтін журналист мəртебесі;
  • Мемлекеттік БАҚ — жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі 50% астам дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;
  • Мемлекеттік емес БАҚ — жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі елу пайыздан кем дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;

Суицид туралы жазу

Бұл заңдағы жаңа норманың бірі — Суицид туралы жазу. Заңның «Өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпарат» деп аталатын 11-бабында:
«Өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтіруге бару тәсілдері мен өзін-өзі өлтіруге шақыру туралы ақпаратты таратуға және/немесе орналастыруға тыйым салынады» деп жазылған. Заң мәтінінде өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпаратқа қандай ақпарат жататынын тарқатып жазған.

— Журналистің суицидке шақыратын, итермелейтін қандай да бір ақпаратты мақалаға қосуына тыйым салынады. Суицид қалай жасалғаны туралы ақпаратты таратуға тыйым салынған. Сондай мақала жарияланатын болса, журналист те, редакция да жауапқа тартылады. Мұнда өзін-өзі өлтіруге бару тәсілдері туралы жазу журналистерге қиын тигелі тұр. Өйткені заң өзіне өзі қол жұмсау оқиғасының қалай болғаны туралы жариялауға мүлде тыйым салады, — дейді Қалима Тәжіқұл.

Диффамация жөнінде шағымдану

Осы заңды әзірлеу барысында медиақауымдастық өкілдері де қабыл алып, қолдаған бір өзгеріс — 38-бап. «Теріске шығару немесе жауап беру құқығы». Мұны «диффамация жөнінде шағымдану» деп те айтады.
Енді ар-намыс, іскерлік беделді қорғау жөніндегі БАҚ материалдарына не мақалалар мен сюжет авторларына шағымданудың мерзімі бір жылға дейін қысқарды. Яғни, азамат немесе заңды тұлға сол БАҚ-та таратылған, шындыққа сай келмейтін және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы. Бірақ осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі осындай мәліметтер БАҚ-та жарияланған күннен бастап 1 жылдан аспайды. Бұл бап 2024 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енеді.

— Дегенмен аталған материалға жауап беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір жылдан көп болуы мүмкін, өйткені заңда шағым берудің мерзімі туралы ғана айтылған. Ал мұндай шиеленістерді сотқа дейін реттеу тәртібі өзгермеді, яғни БАҚ редакцияларынан жауап қайтаруға мүмкіндік беруді не жоққа шығаруды талап ету мерзімі — бір ай, — дейді Есенгүл Кәпқызы.

Ақпаратты сұрату

Журналистер өзгертуді сұраған, бірақ толықтай орындалмаған бір норма: редакцияның ресми сауалына ақпарат иеленушінің жауап беру мерзімін қысқарту. «БАҚ туралы» заңның 18-1 бабында «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» деп жазылған.
Енді «Масс-медиа туралы» заңның 38-бабында «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» деп өзгерді.
Бұл өзгеріс те 2024 жылғы 20 тамызда күшіне енеді.

— Негізінен, медиақауымдастық ресми сауалдарға 3 жұмыс күннің ішінде жауап беруін сұрады, — деді Е.Кәпқызы.

Айтпақшы, ақпаратты сұратудың басқа процедурасы өзгермеді:

  • Ресми хабарларды түсіндіру сауалдарын қарау мерзімі — 2 жұмыс күні. Алайда жауап беру мерзімі БАҚ редакциясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
  • Төтенше жағдай жөніндегі ақпаратты мемлекеттік органдар 3 сағаттың ішінде беруі тиіс.
  • Міндетті хабарламалардың тізімі өзгеріссіз қалды.

Журналистерді аккредиттеу

Заңның 28-бабы «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» деп аталады.
Жалпы журналистерді аккредиттеу ережелері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2013 жылғы 21 маусымдағы «Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» № 138 бұйрығына 2021 жылғы 11 наурызда енгізілген өзгерістерге сәйкес орындалады.
Енді процесс автоматтандырылады, яғни аккредиттеуді бірыңғай медиаплатформада жүргізеді. Журналист аккредитация картасын электронды форматта алады. Мұны аккредитацияның жеңілдетілген түрі деп атайды екен.

— Аккредиттеу картасын беру критерийлері қарастырылмаған. Алайда оны берудің тәртібі заң аясында жасалатын акт негізінде айқындалмақ. Аккредитациядан айырудың негіздемесі толықтырылды — енді соттың шешімі ғана жеткіліксіз, ол заңды түрде күшіне ену керек, — дейді Қ.Тәжіқұл.

Демек, егер журналист аккредиттеу қағидаларын бұзса не өзін аккредиттейтін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратса, егер бұл заңды күшіне енген сот шешімімен танылса, аккредиттеуден айырылады.

Шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерді аккредиттеу

«Масс-медиа туралы» заңның 30-бабы «ҚР-дағы шетелдік БАҚ өкiлдерiнiң қызметi» деп аталады. Бұл бап Қазақстан аумағында шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредиттеуден өту тәртібін реттейді.
Енді шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредитациясы заңмен реттеледі. Бұған дейін бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұйрығымен реттелетін еді.
Егер шетелдік БАҚ ҚР заңдарына қайшы әрекеттер жасайтын болса — оның Қазақстандағы іс әрекетін сот шешімі негізінде тоқтатуы мүмкін. Шетел БАҚ-тары мен журналистерінің ҚР СІМ аккредитациясынсыз журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынады. Аккредиттеуден бас тарту, тоқтату және аккредитация жөніндегі тәртіп ҚР СІМ жасаған және қабылдаған ережелер негізінде жүзеге асады.

ҚР СІМ-нің Аккредитация ережесі туралы бұйрығы жақын күндері өзгереді.

— ҚР СІМ аккредитациядан өткен шетелдік БАҚ өкілдері мен олардың журналистерінің тізімін жасауы тиіс, — деді Е.Кәпқызы

Кәсіби этиканы сақтауға міндеттеу

«Масс медиа туралы» заңның медиақауымдастық өкілдері тарапынан қарсылыққа ұшыраған нормасы — «Журналистің құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 26-баптың «Журналист кәсіби әдеп (әдептік мінез-құлық) нормаларын сақтауға міндетті» деген тармағын енгізгені болды. «БАҚ туралы» заңда мұндай норма болмаған.

— Этика мәселесі бізде үлкен проблемаға айналды. Ең басты мәселе — журналистердің міндеттеріне кәсіби этика нормаларын сақтау мәселесі қосылды. Мұнда бір мәселе бар. Түсініктердің шатасуы. Халықаралық медиақауымдастықта «Өзін-өзі реттеу» деген және «журналистердің кәсіби этикасы» деген бар. Өзін-өзі реттеу ұйымдары төменнен құрылады. Әлемдік тәжірибе бойынша оны ешқандай құзырлы мекеме не мемлекеттік орган құрмайды. Журналистердің этика мәселелерін кім және қалай реттейді? Бұл да үлкен проблема. Әлемдік медиақауымдастықта журналистердің этика мәселелерін журналистер өздері реттейді және олар Этикалық кодекстерді өздері қабылдайды. Осы тұрғыдан келгенде бізде түсініктердің шатасуы боп жатыр. Құзырлы министрлік «БАҚ-тың өзін өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық кәсіби кеңестер құрамыз» деп отыр. Бұл кеңестер республикалық және аймақтық деңгейде типтік Ереже негізінде құрылмақ. Олар Журналистердің этика кодексін жасайды, сосын мемлекеттік органның қарауына енгізеді. Бұдан «биліктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер тәуелсіз бола ала ма» деген мәселе туындап отыр. Біз мұны көп талқыладық. Және өкінішке қарай, осы мәселе талқылау қалпында қалып қойды, — деді Е.Кәпқызы.

Журналист қауіпсіздігіне редакцияның жауапкершілігі

Заңның «Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктері» деген 27-бабында:

  • Журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) міндеттерін денсаулығы мен өмірі үшін жоғары қауіптілікпен ұштасқан жағдайларда орындаған кезде бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оны қажетті жабдықпен жəне киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті.
  • Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) өз міндеттерін орындауына байланысты өміріне жəне (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оған келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде жəне тəртіппен өтеуге міндетті
    деп жазылған.

— Егер сіз қандай да бір қауіпті соғыс аймағына немесе табиғи апат болған жерге жұмыс бабымен барсаңыз, редакцияңыздың иесі сізді толық қауіпсіздікте болатындай жабдықтармен қамтамасыз етуге міндетті. Ол жерде оператор не репортер да болуы мүмкін, — деді Қ.Тәжіқұл.

БАҚ контентіне мониторинг жасау

Бұл қазіргі қолданыстағы заңнамада бар. Бірақ осы бапқа тағы да бір бөлім қосылды. БАҚ контентіне мониторинг жүргізу, яғни «масс-медиа мониторингі — масс-медиа өнімін жинау және оны Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы тұрғысынан, сондай-ақ қоғамның адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруі және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды бұзуы тұрғысынан талдау процесін», сондай контентті тексеру мақсатын көздеп отыр.

— Дегенмен мұның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын айту қиын, бірақ осы негізде БАҚ қызметін тоқтатуға болмайды. Бұзушылықтар туралы хабарламаны жіберу тәртібі («қара қағаз») өзгерген жоқ. Айтылған критерийлер бойынша материал жарияланған болса, редакцияға хабарлама жіберіледі. 9-бапта көрсетілгендей, редакция бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, уәкілетті органға ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы. Сондықтан материал жазар кезде, аталған критерийлерге мән берген жөн, — дейді Қ.Тәжіқұл.

БАҚ-ты бюджеттен қаржыландыру

Заңның «Мемлекеттік ақпараттық саясат» деп аталатын 4-тарауында БАҚ-ты бюджеттен қаржыландырудың екі тәсілі бар екені жазылған.

Біріншісі, мемлекеттік тапсырыс.

Мұны мемлекеттік ақпараттық саясатты орындау және мемлекеттік БАҚ-ты қолдау үшін тек мемлекеттік БАҚ-қа береді. Республикалық және облыстық деңгейде жүзеге асады. Бюджет қаражатын бөлу және оның жұмсалуын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылайды. Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі комиссия тақырыптық бағыттарды бекітеді және қаржыландыруға келіп түскен өтінімдерді қарайды. Мұның барлығы заңның 32-бабында жазылған.

Екіншісі, грант арқылы қаржыландыру.

Заңның 33-бабында «Гранттар отандық контентті дамытуға, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайтуға және қорғауға беріледі» деп жазылған.

Гранттар мемлекеттік емес БАҚ-қа, оның ішінде:

балаларға арналған контентті жасауға;
өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға беріледі.

Жалпы грант қаржысының 2/3 бөлігі мемлекеттік тілдегі контентті шығаруға бөлінуі тиіс.

Гранттар екі түрге бөлінеді:

1) қысқа мерзімді гранттар — іске асырылуы 1 жылдан аспайды.
2) ұзақ мерзімді гранттар — іске асырылуы 1 жылдан 3 жылға дейін жалғасады.

Гранттардың тақырыбы мен көлемін Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия бекітеді. Комиссия құрамының кемі үштен бірі медиа ұйымдарының өкілдерінен тұрады.

— Гранттық қаржыландыру ашық конкурстық іріктеу негізінде бөлінеді. Грантқа өтінім беру процесі автоматтандырылады және бірыңғай медиаплатформа арқылы іске асырылады. Байқау жеңімпаздарын таңдауды тәуелсіз сараптама комиссиясы жүзеге асырады. Оның құрамын Мәдениет және ақпарат министрлігі айқындайды. БАҚ-ты гранттық қаржыландырудың барлық ережесі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, — деді Қ.Тәжіқұл.

Медианың контент тіліне қойылатын талап

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін тағы бір бап — «5 бап. Масс-медианың таралу тілі».

ҚР аумағында мемлекеттік тілде хабар тарататын отандық теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 55 пайыздан кем болмауы;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Мемлекеттік тілдегі теле-, радио бағдарламалардың жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін, əрқайсының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығындағы көлемі:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 55 пайыздан кем болмауы;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Осы тармақтың талабы халықаралық келісімдер негізінде хабар тарататын телеарналарға қолданылмайды.

Отандық контент үлесі бойынша талаптар

Телерадио хабарларындағы жергілікті мазмұн үлесіне қойылатын талаптар да 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгереді. Бұл туралы «Телерадио хабарларын таратудың ұлттық мүдделерін қорғау» деп аталатын 50-бапта жазылған.

1. Отандық телеарналардың телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде жарнаманы қоспағанда, отандық телебағдарламалар саны:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — кемінде 55 пайызды;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 60 пайызды құрауы тиіс.

Осы тармақтың талабы халықаралық келісімдер негізінде хабар тарататын телеарналарға қолданылмайды.

2. Отандық радиоарналардың радио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде жарнаманы қоспағанда, қазақстандық авторлардың не орындаушылардың музыкалық туындылары мен отандық радиобағдарламалар саны:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — кемінде 55 пайызды;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 60 пайызды құрауы тиіс.

Шетелдік телерадио арналарды ретрансляция жасау көлемі де өзгеріп, отандық теле-, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын ретрансляциялау теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің 10 пайызынан аспауы тиіс деп бекітілді. Осылайша ретрансляция үлесі 20%-дан 10%-ға дейін қысқарды.

«Масс-медиа туралы» заң жайында білген жөн ең басты өзгерістердің бір парасы осы.


Қалима Тәжіқұл мен Есенгүл Кәпқызы вебинарды:

«БАҚ бәсекелестігі тұрғысынан, мемлекеттік реттеу және ақпараттық кеңістікке мониторинг жасау тұрғысынан «Масс медиа туралы» жаңа заң медианарықтағы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Журналистерді қорғау және олардың қауіпсіздігі туралы Ереже енгізілмеген. Журналистердің құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Телерадио арналарының контентіне қойылатын жаңа талаптар гранттық қаржыландыру негізінде компенсацияланады. Алайда бөлінген субсидияның қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз» деп түйіндеді.

Заңның жаңа Ережелерін жүзеге асыру үшін заңдық актілер жақын күндерде қабылданады екен.

Вебинар сұрақ-жауапқа жалғасты. Қатысушылардың: «Этикалық нормалардың құзырлы орындармен реттелуі деген тұсы қызық екен. Журналистік этика қалай реттеледі?» деген сұрағына
«Бұл бапты түгелдей алып тастауды ұсынғанбыз, бірақ алып тастамады. Сенатта талқыладық, бірақ сөзіміз жетпеді. Меніңше алдағы уақытта бұл бап халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырайды, өйткені журналистік этиканы заңмен реттемеу керек. Заңдағы бұл бап тек декларативтік норма болады» деп жауап берді спикерлер.

Вебинарды ұйымдастырған «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ның («Правовой медиа-центр» ОФ) өкілі, журналистерге тегін құқықтық қолдау көрсететін Media Qoldau құқықтық қызметінің медиазаңгері Гүлмира Біржанова алдағы күзде «Масс-медиа туралы» заңның баптарын тәптіштеп түсіндіретін вебинарлар сериясы өтетінін айтты. Күні мен сағатын, қосымша ақпаратты әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялайды.

Ал 2024 жылғы 24 маусымда өткен қазақ және орыс тілдеріндегі вебинардың видеосын Facebook-тегі «Құқықтық медиа-орталық» парақшасынан көруге болады. Видеода спикерлердің презентациясы, комментарийі мен сұрақ-жауап бөлімі бар.

Қазақ тіліндегі вебинардың видеосы: «Масс-медиа туралы заң қабылданды, енді не өзгереді?» (спикерлер: SDU университетінің ассистент профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жетекшісі Есенгүл Кәпқызы yesengul@gmail.com мен журналист, медиасарапшы Қалима Тәжіқұл htazhikul@gmail.com)
Орыс тіліндегі вебинардың видеосы: «Что изменится с новым законом о масс-медиа?» (спикерлер: Қазақстандағы Internews өкілдігінің медиазаң жөніндегі консультанты Ольга Диденко odidenko@internews.org мен «Правовой Медиа Центр» ҚҚ медиазаңгері Гүлмира Біржанова bgulmiran@gmail.com)

«Масс-медиа туралы» заңның мәтіні:
«Әділет» порталында және ҚР Сенатының сайтында жарияланған.

Сенаттың сайтында:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы;
ҚР кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
заңдардың мәтіні бар.

Қазақстандағы Internews өкілдігі 2 жылға жуық үкімет пен парламент деңгейіндегі жұмыс топтарына қатысқан журналистер, сарапшылар, редакторлар, барлық әріптес пен серіктестер: Гүлмира Біржановаға, Диана Окремоваға, Қалима Тәжіқұлға, Есенгүл Кәпқызына, Жұлдыз Әбділдаға, Бақтыгүл Бурбаеваға, Думан Смақовқа, Қарлығаш Жұманқұловаға және осы заңды шығару процессіне атсалысқан басқа да көптеген әріптестерге алғыс білдіреді. Сондай-ақ, осы заңды әзірлеу мен талқылау барысынан ақпарат таратқан барлық журналистер мен медиаға алғыс айтамыз.

Қазақстандағы Internews журналистердің кәсіби құқын қорғау, медианы дамытуды қолдау, медиа мен ақпаратқа қол жеткізу заңдарын жетілдіру үшін тынымсыз жұмыс істеп келе жатыр және осы бағытта жұмысын жалғастыра береді. 

Бұл вебинар Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы берген көмегінің арқасында мүмкін болды. Оның мазмұнына «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ ұйымы жауапты және ол USAID-тің не АҚШ Үкіметінің ұстанымын білдірмеуі мүмкін.
USAID – әлемдегі маңдайалды халықаралық даму агенттігі және дамыту саласында нәтижелерге жетудің катализаторы. Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia

Бұл мақаланы дайындауға SDU-дің «Журналистика» мамандығының
2-курс студенті Бекарыс Сейдахметов қатысты.

Alternativa Film Labs Impact Lab бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдап жатыр

Биыл Impact Lab шығармашылық кинозертханасы 26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Бішкекте (Қырғызстан) өтеді. Бұл кинозертхана жобасы маңызды әрі өзекті тақырыптарды (адам құқықтары, қоршаған орта, гендерлік теңсіздік, әлеуметтік жанжалдар, адамдардың трагедиялары) көтеретін продюсерлер мен режиссерлерге арналған.

Impact Lab авторларға осындай фильмдерді ілгерілетуді және көтерілген мәселелердің шешімін табудың жол картасын құруды үйретеді. Кино өнер ретінде өзгерістерге итермелейтін үлкен күш болуа алады және біздің ортақ мақсатымыз — әлемді жақсы жағына өзгерту үшін оның барлық мүмкіндігін қолдану. 

Impact Lab серіктесі — Think-Film Impact Production еуропалық медиакомпаниясы. Ол Alternativa Film Labs-қа 2023 жылы осы кинозертхананы іске қосуға көмектесті. Think-Film Impact Production командасы шығармашылық визуалды медианы іс-әрекетке итермелеу және нәтижеге жету құралы ретінде қолдана отырып, кино мен саясатты біріктіруге тырысады. Биыл компанияның негізін қалаушы және бас директор Даниэль Турков, операциялық директор Эми Шепард және стратегиялық кеңесші Клифф Уилсон қайта Impact Lab оқытушылары болады. Олар саясатқа ықпал етіп, нақты адамдарға көмек көрсеткен, фильмдері «Эмми» және «Оскар» алған сарапшылар. Бірақ ең бастысы олар шын мәнінде өзгерістерге алып келетін стратегияларды ойлап табуды және оларды жүзеге асыруды біледі және ол білімін Impact Lab қатысушыларымен бөлісуге дайын.

Былтырғы Impact Lab бізге де, Alternativa Film Labs ұйымдастырушылары мен оқытушыларына да үлкен мектеп болды. Зертхананың әрбір қатысушысы мен әр жоба сюжет, мән-мағына мен мақсаттың жаңа әлемін ашты. Қатысушылардың сенімі және серіктестеріміздің қолдауымен бұл жобалардың Орталық Азиядан тыс жерде де танымал болғанына қуаныштымыз. Орталық Азия елдерінен келетін жаңа қатысушылармен, олардың жаңа хикаяласымен, шығармашылық үнімен танысатын сәтті, әрқайсымызға үміт пен күш-қуат сыйлайтын фильмдермен жұмыс істейтін кезді асыға күтеміз.

Анна Гудкова, Alternativa Film Labs жетекшісі

Impact Lab-қа қатысуға Open call 13 мамырда басталып, 5 тамызға дейін жалғасады. Өтінімді Орталық Азия елдерінен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан) қоғамға және қоршаған ортаға оң әсер ететін және көтерілген мәселені шешуге күш тарта алатын ойын және деректі фильм жобалары бар продюсерлер мен режиссерлер жібере алады. Бұл бір немесе бірнеше бейне түсіріп, қоғамдастықтармен жұмысқа және жаңа импакт-стратегияларды тануға қызығушылық білдіретін кәсіпқойлар. Біз дайындықтың соңғы сатысындағы жобалар мен дайын фильмдерді қарастырамыз. Жоба Impact Lab өтетін орынға баратын жол және жатын орын шығынын қамтиды. Қатысушыларға және жобаға қоятын талаптар тізімі alternativa.film сайтында бар. Зертханаға қабылдау нәтижесі қыркүйектің басында жарияланады.

Alternativa Film Project — inDrive жаһандық технологиялық компаниясы 2023 жылы Орталық Азияда бастаған халықаралық коммерциялық емес жоба. Бұл жоба дамып келе жатқан киноиндустриялардың кинематографистерін қолдау және ілгерілетуге арналған. Оның міндеті — шығармашылығымен әлем туралы түсінігімізді кеңейтіп, оны жақсы жаққа өзгертуге үлес қоса алатын авторлардың халықаралық аренада танылуына ықпал ету, олардың кәсіби өсуіне ресурстар беру және жергілікті киноиндустриялар мен қауымдастықтарды дамытуға күшті серпін беру.

Alternativa Film Labs — авторларға өз жобаларын күшейтуге, аудиториясын кеңейтуге және білім мен ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты экрандарда әлі көрсетілмеген маңызды оқиғаларды айтуға көмектесетін, кинорежиссерлер мен әлеуметтік бастамалар дағдылары мен құралдарын үйрететін, тегін кинематографиялық білім беру бағдарламалары. 2023 жылы Alternativa Film Labs командасы Алматыда импакт-зертхана (Impact Lab) және Орталық Азиядан келген продюсерлер мен режиссерлерге арналған питчинг бойынша онлайн-курс (Pitching Training), сондай-ақ Бішкектегі жасөспірімдерге арналған кино шеберханасын (Teen Lab) өткізді.

Бағдарлама оқытушылары мен тьюторларының арасында Адам құқықтары мен әлеуметтік мәселелер туралы фильмдерге арналған Гаагадағы Movies that Matter Халықаралық кинофестивалінің арт-директоры Маргье де Кениг; Think -Film Impact Production медиа компаниясының негізін қалаушы Даниэль Турков; Канн фестивалінің қысқаметражды фильмдер байқауының іріктеу комиссиясының мүшесі, питчинг бойынша сарапшы Вим Ванакер. Alternativa Film Labs 2023 жеңімпаздары Берлиндегі European Film Market аясында жобаларын ұсынуға және дамытуға аттанды: Даниэль Бергер Fiction Toolbox Programme мүшесі, Бану Рамазанова — Doc Toolbox Programme мүшесі болды; Диана Жилкенова мен Эльер Немат European Film Market-те аккредитация алды, ал Alternativa Impact Lab жеңімпазы Ассель Аушакимова Берлиналедегі Talent Project Market питчингінде екінші орынды иеленді.

2024 жылы Alternativa Film Labs қайта Орталық Азияда өтіп, үш кинозертханадан құралады: Development Lab (маусым-қазан,, Бұқара, Алматы және онлайн), Teen Lab (маусым-қыркүйек), Ташкент және онлайн) және Impact Lab (қыркүйек-қазан, Бішкек).

Медиамен байланыс маманы:  Анна Васильева  ✉️ anna.vasilyeva@indriver.com 

Internews ұйымы Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан авторларының еларалық жоба жасауына ашық байқау жариялады

Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның тәуелсіз авторларын 2024 жылғы маусымның басында Душанбеде өтетін үш күндік MediaLab-қа қатысуға шақырамыз. Лаборатория қорытындысы бойынша бір не екі үздік команда еларалық жобаларын іске асыруға 20 мың АҚШ долларынан 40 мың АҚШ долларына дейін грант алады. Бұл жобалар сенімсіз деректердің құрсауында қалған оқиғалар мен құбылыстар туралы сапалы контент жасайтын тәуелсіз авторлардың бір-бірімен аймақтық ынтымақтастығын дамытуға әсер етеді. Сондай-ақ, дискриминацияға ұшырайтын әлсіз топтарды да қамтып, олар туралы да айтады. 

MediaLab-қа қалай қатысады?

Біз еларалық командалардың өтінімдерін ғана қабылдаймыз. Үш ел: Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның авторлары (Қырғызстанның мамандарын да шақыруға болады) өз бетінше команда жасақтап, болашақ жобаның идеясын ойластырып, Медиалабораторияға қатысуға өтінім бере алады. 

Командада 5 адам болуы және әр топ аймақтағы кемі 2 елдің өкілдерінен тұруы керек. Команда грант жеңіп алған жағдайда жобаны жасау процессіне жетекшілік ететін команда көшбасшысы/жетекшісі — тіркелген медианың өкілі болуы шарт. Жобаны жасауға 5-тен көп адам тартылуы мүмкін, алайда Лабораторияға ең көбі 5 негізгі адамнан жасақталған 3-4 команданы ғана шақыра аламыз.

Шығармашылық жұмыс тобын жасақтап, еларалық медиажобаның идеясы туындағаннан кейін MediaLab-қа қатысу үшін мына өтінімді толтырып, жіберу қажет. 

байқауға ӨТІНІМ беру

Өтінім қабылдау 2024 жылғы 19 сәуірде аяқталады. 

Өтінімді толтыру үшін 29 наурыз, Астана уақытымен сағат 14:00-де өтетін инфосессияға қатысуды ұсынамыз (мына сілтемеге өтіп, инфосессияға тіркелуге болады). Инфосессияда MediaLab-қа қатысудың техникалық шарттарын жан-жақты түсіндіріп, болашақ жобалардың тақырыбы мен форматын талқылаймыз. Сессия қатысушылары ұйымдастырушыларға кез келген сұрағын қоя алады. Инфосессия орыс тілінде өтеді. 

Лаборатория қай тілде өтеді?

MediaLab – халықаралық тренерлер қатысатын аймақтық іс-шара. Сондықтан жұмыс тілі – орыс тілі болады. Дегенмен Лаборатория қорытындысы бойынша грант алатын авторлар жобаның контентін Орталық Азия елдерінің ұлттық тілдерінде де, орыс тілінде де жасауына болады. 

Байқауға қандай идея ұсынуға болады?

Болашақ медиажобаның идеясына азық болар бірнеше тақырып бағытын ұсынып отырмыз. Бұған Орталық Азия аймағындағы маңызды ақпараттық мәселелер мен сын-қатерлерге негізделген, бірақ медиада аз қамтылып отырған тақырыптарды жатқызамыз. Атап айтсақ, мына бағыттарды қамтитын идея ұсынуға болады:

  • Гендерлік дезинформация / мисинформация;
  • Халықаралық оқиғалардың аймаққа ықпалы;
  • Өз кімдігін іздеу, түсіну және оны қалыптастыру;
  • Дезинформация және халық денсаулығы;
  • Орталық Азияның экологиялық проблемалары және климаттың өзгеруі. 

Кез келген форматтағы: журналистік зерттеу, мультимедиалы лоңрид, арнайы репортаж не репортаждар циклі, дата-жобалар, қысқаметражды деректі фильм, анимациялық фильм, уеб-сериал, видеосұхбаттар сериясы және т.б. жоба ұсына аласыз. Форматы айқындалмаған, мәселен, иммерсивті медиажобалар не жеке зерттеуіңіздің негізінде жасайтын медиажобалар ұсынуға да болады. 

МАҢЫЗДЫ! Біз ұсынып отырған тақырып бағыттарымен ғана шектеліп қалу шарт емес. Мұнымен шектелмей, идеяңызды ұсыныңыз. Ең бастысы, тақырыбыңыз аймақтық ауқымды қамтып, маңызды, көкейтесті, қызық әрі аудиторияға пайдалы болуы керек. Сіздің ойыңызша, сенімді ақпараты аз тақырыпта болса, сол тақырыптарды алсаңыз, дискриминацияға ұшырап жатқан әлсіз топтардың проблемасына назар аударсаңыз болады. 

Лабораторияға қатысу кезеңдері қандай?

Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтеді:

  • Болашақ аймақтық жобаның идеясы мен форматын анықтау; 
  • Өз бетінше еларалық команда жасақтау, идеяларды талқылау және болашақ жобаның дизайнын дайындау; 
  • Инфосессияға қатысу; 
  • Командалық өтінім беру;
  • Байқау шарттарына сай келетінін бағамдайтын техникалық іріктеу;
  • Таңдалған командалар халықаралық сарапшылардың үш онлайн-трениңіне қатысады.. 

Онлайн-трениң қорытындысынан кейін командалар жобасын пысықтап, енді Лабораторияға қатысуға жаңартылған өтінім береді. Тәуелсіз қазылар алқасы Душанбеге шақырылатын үш-төрт үздік команданы таңдайды.

Лабораторияға жобасының дайын прототипі бар командалар ғана қатыса алатынын ескеріңіз. Жобаның прототипі қай шамада болуы керек екенін 29 наурыз,  сағат 14:00-де өтетін инфосессияда айтамыз. 

МАҢЫЗДЫ! Осы кезеңнен кейін команданың құрамы бекітіледі және өзгертуге болмайды. 

Грант байқауы қалай өтеді?

Командалар үш күндік Лаборатория кезінде халықаралық және жергілікті сарапшылармен бірге медиажобасының прототипін толықтырып, жетілдіреді. Содан кейін оларға жобасына өзгеріс енгізуге қосымша уақыт береді. Сосын олар өтінімін жаңартып, қорытынды грант байқауына жібереді. Орталық Азияның үш елінен шыққан медиасарапшылардан жасақталған тәуелсіз қазылар алқасы бір не екі үздік жобаны таңдайды. Таңдалған үздік жоба(лар) авторлары идеясын іске асыруға грант алады және оларға халықаралық сарапшы-продюсерлер тәлімгер болады.   

MediaLab-қа қатысуға өтінім берген барлық командаларға 2024 жылғы 22 сәуірден кешіктірмей жауап береді. 

Аймақтық Лаборатория USAID қаржыландырып, Internews жүзеге асыратын «Орталық Азияның ақпарат тұтастығын дамытуға ықпал ету (CAIIA)» бағдарламасының бөлігі саналады.


Бұл Лаборатория Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы жасаған қолдауы аясында жүзеге асып отыр. Мазмұнына Internews жауапты және мазмұны USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

Alternative Film Labs Орталық Азияда жаңа білім беру циклін іске қосып, Development Lab бағдарламасына қабылдай бастады

Alternativa Film Project коммерциялық емес жобасының негізгі бағыттарының бірі – өз елдерінің киноиндустрияларын дамытуға қызығушылық танытатын, жергілікті қоғамдық мәселелерді зерттейтін және жергілікті қауымдастықтардың дауыстарына естілу мүмкіндігін беретін кинематографистерге арналған Alternativa Film Labs тегін білім беру бағдарламалары. 2024 жылы Alternativa Film Labs Орталық Азияда қайта өтеді және үш кино зертханасынан тұратын болады: Teen Lab (жазда Ташкентте), Impact Lab (күзде Бішкекте) және Development Lab. Development Lab-қа қатысуға арналған Opencall 1 наурызда ашылады және 28 сәуірге дейін жалғасады.

Development Lab шығармашылық зертханасы сценарий мен продюсерлік дағдыларын дамытып, жаңа кәсіби байланыстар орнатқысы келетін Орталық Азия елдерінің кинематографистеріне арналған. Зертхананың мақсаты – болашақ серіктестерге және халықаралық кино институттарына, сондай-ақ өңірдегі тапсырыс берушілер мен өндірушілерге одан әрі ұсыну үшін киножобаны әзірлеу. Development Lab оқытушылары халықаралық фестиваль директорларынан бастап табысты продюсерлерге дейін, салада тәжірибесі мол кино практиктері және халықаралық сарапшылар болады. Олардың ішінде, мысалы, Мириам Сассин (Ливан) — Abbout Productions кинокомпаниясының продюсері, режиссер, Доха Киноинститутының оқытушысы.

Development Lab-та екі бағыт бойынша оқыту бағдарламалары бар: продюсерлік бөлім және сценарий бөлімі. Продюсерлік бөлім халықаралық және аймақтық қаржыландыруды іздеу үшін тұжырымдамадан бастап құжаттардың толық пакетіне дейін жобаны әзірлеуге арналған. Сценарий бөлімі – бастапқы кезеңнен дайын мәтінге дейін толықметражды ойын фильмінің сценарийін әзірлеу. Секциялар бір мезгілде өтеді және үш модульді қамтиды: біріншісі маусым айының басында Бұхарада (Өзбекстан), екіншісі — тамыздың соңында онлайн, соңғысы — қазан айының соңында Алматыда (Қазақстан) өтеді.

Development Lab-қа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан кинематографистері қатыса алады. Сонымен қатар, әр бөлімде әлі фильм жобасы жоқ адамдарға, соның ішінде кино саласында өзін сынап көргісі келетін әдебиет, журналистика, драматургия, визуалды өнер немесе влогинг салаларындағы авторларға арналған орындар бар. Мұндай қатысушылар әріптестерінің жобаларымен жұмыс істейтін болады. Зертханаға барлығы 20-дан көп емес адам қатыса алады (әр бөлімде 10-нан көп емес). Бағдарлама модульдер өтетін орындарға дейін жолды және тұруды қамтиды. Қатысушыларға және олардың жобаларына қойылатын талаптар туралы толық ақпарат alternativa.film сайтында жарияланған. Development Lab кинозертханасына іріктеу нәтижелері 16 мамырда жарияланады.

Анна Гудкова, Alternativa Film Labs жетекшісі: «Ұзақ тренингтік бағдарламалар – бұл біздің білім беру бастамаларымыздың негізгі, маңызды және жүйе құраушы элементі. Development Lab аясында біз бірден бірнеше тапсырманы шешеміз. Біз Орталық Азиядан келген дарынды кинематографистерге сценарий және продюсерлік жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби ортаны қалыптастырамыз: авторлар қатысушы-продюсерлер арасында қаржыландыру іздеу бойынша серіктестер таба алады, ал қатысушылар-продюсерлер — зертханада жасалатын жобаларды мұқият қарай алады. Бағдарламаның аса маңызды элементі жобаның питчингі болады. Ол үшін біз әлемдік кино саласының сарапшыларын шақыруды жоспарлап отырмыз. Олар тұсаукесерге тікелей немесе онлайн түрде қатысатын болады. Осылайша біз аймақтағы әр түрлі елдердің қатысушыларын мықты қауымдастыққа біріктіруге және Орталық Азиядан эаңа толқын фильмдерін шығаруға дайын болуға көмектескіміз келеді.».

_____________________

Alternativa Film Project — inDrive жаһандық технологиялық компаниясы 2023 жылы Орталық Азияда іске қосқан халықаралық коммерциялық емес жоба. Жоба дамып келе жатқан киноиндустриялардың кинематографистерін қолдау және ілгерілету үшін жасалған, оның міндеті — жұмысы әлем туралы түсінігімізді кеңейтіп, оны жақсы жаққа өзгертуге үлес қоса алатын авторларды халықаралық аренада көрнекі ету, оларға кәсіби өсу үшін ресурстар беру және жергілікті киноиндустриялар мен қауымдастықтарды дамытуға күшті серпін беру.

Alternativa Film Labs – авторларға өз жобаларын күшейтуге, аудиториясын кеңейтуге және білім мен ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты экрандарда әлі көрсетілмеген маңызды оқиғаларды айтуға көмектесетін, кинорежиссерлер мен әлеуметтік бастамалар дағдылары мен құралдарын үйрететін, тегін кинематографиялық білім беру бағдарламалары. 2023 жылы Alternativa Film Labs командасы Алматыда импакт-зертхана (Impact Lab) және Орталық Азиядан келген продюсерлер мен режиссерлерге арналған питчинг бойынша онлайн-курс (Pitching Training), сондай-ақ Бішкектегі жасөспірімдерге арналған кино шеберханасын (Teen Lab) өткізді. Бағдарлама оқытушылары мен тьюторларының арасында Адам құқықтары мен әлеуметтік мәселелер туралы фильмдерге арналған Гаагадағы Movies that Matter Халықаралық кинофестивалінің арт-директоры Маргье де Кениг; Think -Film Impact Production медиа компаниясының негізін қалаушы Даниэль Турков; Канн фестивалінің қысқаметражды фильмдер байқауының іріктеу комиссиясының мүшесі, питчинг бойынша сарапшы Вим Ванакер. Alternativa Film Labs 2023 жеңімпаздары Берлиндегі European Film Market аясында өз жобаларын ұсынуға және дамытуға аттанды: Даниэль Бергер Fiction Toolbox Programme мүшесі болды, Бану Рамазанова — Doc Toolbox Programme мүшесі болды; Диана Жилкенова мен Эльер Немат European Film Market-те аккредитация алды, ал Alternativa Impact Lab жеңімпазы Ассель Аушакимова Берлиналедегі Talent Project Market питчингінде екінші орынды иеленді.

Медиасарапшылар Мәжіліс депутаттарына үндеу жасады

«Масс-медиа туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Мәжіліс депутаттарына қарата үндеу жариялады. Олар үндеуде заң жобасының кейбір баптары ҚР Ақпараттық доктринасына қайшы келетінін айтады. Үндеу мәтінін қаз-қалпында жарияладық.
***
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі 
VIII шақырылымы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі 
Ж.С. Әшімжановқа
Құрметті Жанарбек Садықанұлы,
Масс-медиа туралы заң жобасының жұмыс тобы мүшелері!
Біз, Масс-медиа туралы заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, заң Қазақстан Республикасы Ақпараттық доктринасына қайшы келетін кейбір нормаларымен үзілді-кесілді келіспейтінімізді мәлімдейміз. Сондай-ақ, осы нормалар қабылданған жағдайда Қазақстан журналистикасына, сөз бостандығына және медиа-нарыққа тигізетін жағымсыз салдарына сіздің және депутаттардың назарын аударғымыз келеді:
1-бап, 24-тармақша. Масс-медиа — бұқаралық ақпарат құралы және интернет-ресурс.
Заң жобасында ұсынылып отырған масс-медиа ұғымы тым кең және барлық интернет-ресурстарды қамтиды. Сонымен қатар барлық интернет-ресурс БАҚ қызметін атқара бермейді. Заң уәкілетті органда БАҚ ретінде тіркелген интернет-басылымдарға ғана қолданылуы тиіс.
1-бап, 2-тармақша. Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі – мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және ұйымдар өткізетін отырыстарға, кеңестерге және өзге де іс-шараларға қатысу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын бірыңғай медиаплатформа арқылы тіркеуді автоматтандыру;
Ақпараттық технологиялар гүлденген дәуірде аккредиттеудің басқа – үшінші – жеңілдетілген түрін енгізудің еш мағынасы жоқ және бұрын қабылданған, бұрыннан бар аккредиттеу рәсіміне қайшы келеді. Іс жүзінде бұл мемлекеттік органдардың аккредиттеудің осы түрін теріс пайдалануына және БАҚ-ты таңдап тіркеуіне әкелуі мүмкін. Біз аккредиттеу картасы жүктелген міндеттерді толығымен орындайтынына және оңайлатылған аккредиттеу рәсімін енгізудің қажеті жоқ екеніне сенімдіміз.
1-бап, 42-тармақша. суицидті насихаттайтын ақпарат – адамды өз өмірін қиюға итермелейтін ақпарат;   ұсынылған жаңа бап «Суицидті насихаттайтын ақпарат».
«Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңда өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін деген ұғым бар, «Масс-медиа туралы» заң жобасында да  Балаларды теле-, радиобағдарламаларды тарату кезінде қорғау деген 10-бап бар. 1-тармақшасында «Балаларға арналған теле-, радиобағдарламаларды тарату Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады делінген.
Масс-медианы өнімін шығаруды немесе масс-медиа өнімін таратуды тоқтата тұрудың негізі суицидті насихаттайтын ақпаратты тарату болып табылады.
Аталған нормалар заңдарда бұрыннан бар болғандықтан, жаңа баптың енгізілуі бар норманы қайталау болып саналады және заңның кеңейтілген түсіндірілуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл норманы алып тастау керек.
14-бап. «Ақпарат агенттігі» мен «интернет-басылымы» ұғымының біріктірілуі   
Ақпарат агенттігі – интернет-басылымнан ерекшеленетін масс-медианың нақты бір түрі. Ақпарат агенттіктері жұмысының ерекшелігіне ақпаратты беру жылдамдығы, авторлық құқықты қосымша қорғау, тіркеу кезіндегі артықшылықтары бар. Осыған орай, ақпарат агенттігі заңда жеке құрылым ретінде қалуы керек деп есептейміз.
21-бап. Ақпарат агенттігінің немесе интернет-басылымның иелері тіркеу туралы куәлікті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабарламалар мен материалдарды таратуға кірісуі тиіс.
БАҚ кадрларды, қаржыны және басқа да уақытты талап ететін ресурстарды қажет ететінін ескере отырып, толыққанды және сапалы жұмысты бастау үшін бұл мерзім тым қысқа деп санаймыз.
Жаңа «__-баптың»   Үкімет   өзгерткен жаңа редакциясы «Журналистің (БАҚ өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер».
Баптың ұсынылып отырған нұсқасы журналистердің күнделікті жұмысындағы кәсіби құқықтарының сақталуына және қорғалуына мүлдем кепілдік бермейді және кәсіптің артықшылықтарын білдірмейді. Журналистер ақпаратқа қол жеткізуге, құрал-жабдықтардың зақымдалуына, кәсіби қызметіне араласуға шектеулерге жиі тап болады, ал заң оларды ешқандай   қорғамайды. Сондықтан депутаттар Ж.Сүлейменова, С.Пономарев, Н.Шаталов ұсынған редакцияны ескеру өте маңызды.
28-бап, 4-тармағы. «4. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының және шетелдік журналистердің тиісті аккредиттеусіз кәсіби журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынады.».
«5. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктерін және олардың журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқылы.».
«6. Қолданыстағы заңнаманың нормалары бұзылған жағдайда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтата тұру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады».
Ұсынылып отырған редакция Сыртқы істер министрлігіне негізсіз кең өкілеттіктер береді, бұл көпшілігі Қазақстан азаматтары болып табылатын шетелдік БАҚ пен журналистердің құқықтарын шектеуге әкелуі мүмкін. «Ұлттық қауіпсіздікке қатер» түсінігі жеткіліксіз және нақты түсіндірілмеуі мүмкін, бұл осы ұғымды теріс пайдалануға әкеліп соғады. Сондықтан заң жобасындағы редакцияны бұрынғы қалпында қалдырып, аккредитациядан айыру құқығын сотқа беруді талап етеміз.
4-тарау. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың кейбір мәселелері   
Мемлекеттік ақпараттық саясат саласындағы бірден-бір өзгеріс «мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың» орнына «грант» ұғымының пайда болуы. Сөйте тұра БАҚ-тағы мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы мен есептілігі қағидаттары, құралдары, ережелері еш өзгермейді, бұл медианарықтың бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді және сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды.
40-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер
Біз этикалық нормалар заңмен реттелмеуі керек екеніне сенімдіміз, өйткені ол – журналистер қауымының міндеті. Мұны халықаралық тәжірибе де растап отыр. Осыған байланысты аталған тармақты заң жобасынан алып тастауды ұсынамыз.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің даму жоспарында «Заңның басты мақсаты – сөз бостандығын, әсіресе шекаралас аймақтарда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ журналистердің мәртебесін көтеру» деп жазылған.
Қабылданған заңның озық әрі демократия талабына сай болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырамыз!
Жұмыс тобының мүшелері: 
Гүлмира Біржанова, Құқықтық медиа-орталық,
Диана Окремова, Құқықтық медиа-орталық,
Бақтыгүл Бурбаева, «Қазақстан медиа желісі/ KazMediaNetwork» ҚБ,
Думан Смақов, «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ, factcheck.kz бас редакторы,
Қалима Тәжіқұл, журналист, медиасарапшы
Ольга Диденко, «Қазақстандағы Интерньюс», медиазаңнама жөніндегі консультант  
Есенгүл Кәп, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі,
Жұлдыз Әбділда, журналист, Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу комитетінің төрағасы  
Айнур Коскина, журналист
Зауреш Батталова, Қазақстанда парламентаризмді даму қоры
Руслан Дайырбеков, Евразия Цифрлық Қоры
Евгения Бодрова, журналист
Елжан Қабышев, «Digital Paradigm» ҚҚ

ҰХДБИ қоғамдық қоры «Шетелдік қаржыландыру тізілімінің салдары» туралы онлайн-брифинг өткізеді

«Ұлттық және халықаралық дамыту бастамалары институты» қоғамдық қоры (ҰХДБИ) БАҚ өкілдеріне арнап «Шетелдік қаржыландыру тізілімінде қандай өзгеріс бар, мұны неліктен жасады?» деген онлайн-брифинг өткізеді. 

Онлайн-брифинг 2024 жылғы 8 ақпан, сағат 15:00–де басталады.

Тақырыбы: «Шетелдік қаржыландыру тізілімінде қандай өзгеріс бар, мұны неліктен жасады?».

Брифингте Шетелдік қаржыландыру тізілімін жариялаудың салдары қандай болғанын зерттеу қорытындысын таныстырып, «ҰХДБИ» қоры осы тізілімге енгізілген тұлғаларға көмек көрсету үшін әзірлеген құралдарын ұсынады. Бірінші тізілімде ҮЕҰ ғана емес, бизнес өкілдері, БАҚ пен журналистер де бар. Бұл кім-кімді де қамтуы мүмкін екен.

Қайда және қалай өтеді: Zoom-да онлайн болады.

Ұйымдастырушы: «Ұлттық және халықаралық дамыту бастамалары институты» қоғамдық қоры («ҰХДБИ»).

Модераторы: Диана Окремова, Директор «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ның директоры.

Спикерлер:

Светлана Ушакова — «Ұлттық және халықаралық дамыту бастамалары институты» ҚҚ-ның директоры, Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту саласының сарапшысы.

Роман Реймер — «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, Шетелдік қаржыландыру тізілімін жариялағанда дербес деректердің жалпыға мәлім болуы бойынша ҚР Қаржы министрлігіне қарсы бірінші талап арыздың заңгері.

БАҚ өкілдерін тіркеу мен брифинг тақырыбы бойынша сұрақтар 2024 жылғы 7 ақпан, сағат 18:00-ге дейін +7 (771) 888 88 50 WhatsApp нөміріне және oksamokeish@gmail.com элпоштасына қабылданады не осы сілтемеге өтіп, тіркелуге болады. 

ОНЛАЙН-БРИФИНГКЕ ТІРКЕЛУ

Жасанды зият медианың жұмысын қалай өзгертеді? Pikasa AI компаниясы Қазақстан медианарығын дата-талдау нәтижесін жариялады

Деректер сәт сайын толығып, жаңарып жатыр, дерек тым көп ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Деректердің көбін интернеттегі белсенділікті және деректерді пайдалану тарихын зерттей отырып аламыз. Pikasa Analytics компаниясы Қазақстан медиасында жарияланған материалдарды және қазақстандықтардың әлеуметтік желілердегі жөн-жосығын талдады. Central Asia Connect for Peace фестивалінде сол талдаудың негізгі қорытындысын таныстырып, медиамен жұмыс істеу бойынша бірнеше қызық кейс айтып берді. 

Pikasa Analytics INC компаниясы серіктестеріне медиа ортаны зерттеуге көмектесетін деректерді талдау қызметін ұсынып, онлайн-құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету мен машинаға үйрету алгоритмдерін жасауға маманданған. 

50 ірі медианы талдау нәтижесі аудиторияның қалауында да, БАҚ-тағы тақырып  мазмұнында да үлкен сәйкессіздік бар екенін көрсетті. Медиадағы ең танымал тақырып – саясат тақырыбы екен. Жарияланымдардың 45,8%-ы соған тиесілі. Дегенмен спорт (21,2%), мәдениет (14,9%) және пікір журналистикасы (14,4%) аудиторияны бәрінен де көбірек тартатын боп шықты. Айтпақшы, пікір журналистикасы жарияланымдарда бәрінен де аз, барлық жарияланымның небәрі 0,2% үлесін алды. 

Аудиторияның қай тілде ақпарат алатынын талдау нәтижесі қазақ тіліндегі контент жетіспейтінін тағы да дәлелдей түсті. Қазақстандағы 50 ірі медианың тек 13,8%-і ғана қазақ тілінде контент дайындайды. Қазақ тіліндегі материалдардың үлесі 17,4%-дан аспайды. Сөйте тұра қазақ тіліндегі жарияланымдар аудиторияны көбірек тартады. 

Pikasa аудиторияның назарына ең көп ілініп, аудитория жылы қабыл алған ТОП-100 және ТОП-500 материалды талдап, қазақ және орыс тілдерінде контент тұтынатын адамдардың қалайтын тақырыбы әртүрлі екенін анықтады. Саяси тақырыптағы ең танымал 100 материалдың 58%-ы қазақ тілінде болса, шоу-бизнес, спорт пен лайфстайл тақырыптардың 10%-ы ғана қазақ тілінде екен. Экономика тақырыбындағы ең танымал 100 материалдың қатарында қазақ тіліндегі бір де бір жарияланым жоқ. 

Шетелдік трендтерге келсек, әлеуметтік желілерде аудиторияның қатысуын талдау қорытындысы қызық нәтиже көрсетті. Аудиторияның қатысуы жағынан TikTok көш бастап, Instagram өкшелеп келеді. Facebook пен YouTube әжептәуір қалып қойған. Сарапшылар осы тенденцияны Орталық Азияда да байқап отыр. 

Бұл деректерді әртүрлі тәпсірлеуге де болады. Деректерді талдау кво-статусты ғана көрсетіп қоймай, тиімді жұмыс істеуге де көмектесуі керек. Деректерді негізге ала отырып жасаған ұсыныстар медиаға қаралым санын арттырып, аудиториясын табуына көмектеседі. 

Мәселен, Pikasa аз қаралған діни толеранттылық туралы шоуды талдады. Дата-талдау нәтижесінде эфир уақытын реттеп, Facebook-тегі жұмысты жөнге салуды ұсынды. Осылайша қаралым саны да, аудиторияның қатысуы да бірнеше есе өсті. 

Тағы бір қызық кейс: егде және жас буынды байланыстыруға көмектесті. Саяси бағдарлама 18 бен 35 жас аралығындағы көрермендерді қызықтыра алмай қойды. Содан бағдарламаны Facebook пен теледидарда бір мезгілде көрсете бастады. Pikasa әлеуметтік желідегі комментарийлерді тікелей эфирден көрсететін бағдарлама әзірледі. Нәтижесінде, теледидардағы да, әлеуметтік желілердегі де қаралым саны артты. Pikasa командасы өшпенділік тілі мен әдепсіз сөздер эфирге шығып кетпеуі үшін бағдарламаға арнайы фильтр қосқанын айта кету керек.

Болашақты технология айқындайды. Деректерді талдау көптеген сұрақтың жауабын тауып береді. Аудиторияны мейлінше жақсырақ түсінуге, адамдар қандай платформаны қолданатынын, оларды қандай тақырыптар мазалайтынын, кімді оқитынын, оларға қандай контент көбірек сай келетінін білуге болады. 

Норик Селимидің сөйлеген сөзінің толық видеожазбасын Facebook-тегі Internews in Kazakhstan парақшасынан көруге болады.

Central Asia Connect for Peace фестивалі Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы аясында өтіп жатыр.

Цифрлық этикет ережесі: «Теріс лайфхактар» кітабы

Цифрлық этикет ережелері оп-оңай! Бізге бала күнімізден қонақта, театрда, мейрамханада қалай жүріп-тұруды үйретеді. Сол сияқты қазір интернетте де дұрыс әрекет етуді білуіміз керек. Өйткені кейде пікіріміз, орынсыз жазба не фотосуретіміз басқа адамдарды ренжітіп алуы мүмкін. Цифрлық этикетті білу – мұндай жағымсыз жайтты айналып өтіп, басқа адамдармен жағымды қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Әрі бейтаныс ортада өзіңді сенімді сезінуге де мүмкіндік береді. “Бірдеңені қате жасадым-ау” деп алаңдамауға болады. 

Осы кітапта цифрлық этикет деген не екенін түсіндіреді. Цифрлық этикет дегеніміз – басқалардың сізбен араласып, дос болуға шақыратын этикет.  Басқаларға құрмет білдірсеңіз, олар да сізге солай қарайтыны ұмытпаңыз!

Кітапты жүктеп алуға не онлайн оқуға болады. Қалауыңызға қарай, сілтемеге өтіңіз.

Жүктеп алу
Онлайн оқу

Бұл кітап Эдьютон-2023 жобасы аясында Маргарита Бек пен Қостанай қаласының Ы.Алтынсарин атындағы мектебінің серіктестігі негізінде дайындалды. 

FotoForensics: суреттің шынайылығын тексеретін сервис

Кісі шошытар мәтін түріндегі фейк жаңалықтардың дәурені өтті. Фотофейк, дипфейк, түрлі конспирологиялық теориялар пайда боп, ақпараттың шынайылығын тексеруге гуглден ақпарат іздей білу де аздық етіп жатыр: енді жаңа техникалық машықтарды білуі керек. 

Суреттің шынайылығын тексеруге арналған пайдалы әрі оңай сервистің бірі – FotoForensics. Мәселен, FotoForensics сервисін қолдана отырып, «Алёшка» ресейлік шоколадына жауап ретінде Украинада шығарылған делінетін «Алёшканың өлімі» («Смерть Алёшки») шоколад қаптамасының фейк екенін оңай анықтауға болады. 

«Смерть Алёшки» фотофейкі 2023 жылғы қаңтарда өте танымал боп, ресейшіл позициядағы интернет-қолданушылар арасында кең таралды.

0 қадам: FotoForensics сайтын ашамыз 

Тегін сервис, тіркелмей пайдалануға болады. 

1 қадам: кескіннің сілтемесін қоямыз

Сервиске құрылғыңыздағы суретті жүктеуге де болады. Мынаған назар аударыңыз:

  • кескіннің форматы jpeg, png, webp, heic не avif болуы керек;
  • кескіннің өлшемі 100×100 пиксельден кем және 1000×1000 пиксельден артық болмауы керек;
  • кескіннің салмағы 10 мегабайттан аспауы керек

Егер кескіннің параметрлері бұған сай келмесе, онда сурет өлшемін өзгертетін кез келген сервисті пайдаланып, өзгертіңіз. 

2 қадам: шыққан нәтижені ELA фильтрімен мұқият қараймыз.

Кескінді жүктегеннен кейін экранның сол жағында фильтр таңдайтын мәзір пайда болады

Сервис жүктелген кескінді өңдегеннен кейін экранның сол жағында талдау жасауға арналған функциялар шығады. Тізімнен ELA фильтрін таңдаймыз: бұл фильтр қатенің бар-жоғын талдайды.

Кескіннің өңделген тұстары тым ашық, күңгірт немесе құбылмалы реңкке боялады. «Алёшканың өлімі» («Смерть Алёшки») шоколад қаптамасына әлдекім аза тұту лентасын қосып, фонын және шоколад атауын өзгертіп, баланың бет-жүзін өңдеп, Украина елтаңбасын қосқаны анық көрініп тұр.

Кескінге жасалған ELA талдауының нәтижесі

Егер кескін ешқандай өңдеуге ұшырамаса, онда біркелкі боп, тым ашық, күңгірт не құбылмалы реңкке боялмайды. 

Егер кескін өңдеуге ұшырамаса, онда ELA талдауының нәтижесі осылай шығады.

Егер суреттің жарық не контраст баптауы өзгертілсе, онда ELA фильтрі оны ақ нүкте түрінде көрсетеді. Егер сурет қайта сақталса, онда ELA фильтрінде қатты «шум» мен қызыл жолақтар байқалады. 

Бұл материал Telegram-дағы @Shiskin_like арнасының Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында  жасаған мына жарияланымы негізінде дайындалды.

2-бөлім. Сөз бостандығы және пікір білдіру еркіндігі саласындағы медиасауат

Студенттер: 

  • журналистика мен блог жүргізудің айырмашылығы неде екенін,
  • қандай ақпарат құпияға жататынын,
  • авторлық құқықпен не қорғалғанын біле алады.

Кіріспе

Интернет олардың мүдделерін жүзеге асыруға және онлайн ортада құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұған ақпарат алу және тарату, қоғам мүддесін алға жылжыту, қалыптасқан нормалар мен стереотиптерді өзгерту құқығы кіреді. Бірақ кез келген саладағы сияқты бұл жерде де сөз бостандығы талап қоюға немесе сотқа арыздануға ұласпауы үшін заңдар мен ережелерді есте сақтау қажет. 

1-қадам. Азаматтық журналистика және кәсіби этиканың нормалары

Интернет дәуірінде журналистік материалдар мен блогер жарияланымдарының айырмашылығы неде? Бұл сұрақ соңғы кезде көп қойылады. Көбісі телефондағы жақсы камера және сөздерді мәтінге байланыстыру мүмкіндігі бар блогер журналистің орнын баса алады деп сенеді. 

Талқылауға арналған сұрақ: кәсіби журналист пен әуесқой-блогердің айырмашылығы қандай? 

Баспасөздің қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Ол «қоғамдық мүдделерді қорғаушы» рөлін атқарады және адамдарға қандай да бір ақпаратты жеткізудің жедел арнасы болып табылады. Ал бүгінде кез келген интернет пайдаланушы ақпарат таратушы бола алатынына қарамастан, журналистер өз жұмысында жоғары кәсіби стандарттарды ұстанады. Атап айтқанда, олар заңдарды сақтайды, ақпаратты екі рет тексереді және этикалық стандарттарды сақтайды (өкінішке орай, бәрі емес және әрқашан емес). Литва журналистер одағының төрағасы Дайниус Радзявичустің айтуынша, журналистерді блогерлерден ерекшелендіретін бірден-бір нәрсе — ол, этикалық нормалар.

Қазіргі журналистік этика кодекстеріне, әдетте, бейтараптық, объективтілік, жеке өмірді құрметтеу, тұрақты ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік, кәсіби адалдық сияқты аспектілер кіреді. Түрлері бойынша кодекстер халықаралық (Журналистикадағы кәсіби этиканың халықаралық қағидаттары), ұлттық (Қазақстандық журналистердің этика кодексі), жеке кәсіби корпорациялар (Сот репортерлерінің гильдиясы), нақты БАҚ (Washington Post, BBC) кодекстері болып бөлінеді.


Практикалық тапсырма № 1

Нетикет дегеніміз не және ол қандай болуы мүмкін? Нетикет түсінігін тарқатып айтып беріңіз және оны бұзудың мысалдарын келтіріңіз. 

2-қадам. Ақпарат көздері, құпиялар мен сырлар

Сіздің медиа сауатыңыздың кепілдерінің бірі — ақпараттың еркін таралуы. Бұл құқыққа еліміздің барлық азаматтарына кепілдік берілген. Бұл заң мен басқалардың құқықтарын бұзбайтын болса, ақпаратты жинауға, таратуға және бөлісуге болады дегенді білдіреді. 

Ресми веб-сайттарды, баспасөз қызметінің мәлімдемелерін, сауалдарға жауаптарды және деректер қорын қамтитын сенімді дереккөздерді пайдалану маңызды. Қазақстанда ең танымал «жаңалық көздері» мемлекеттік сатып алулар веб-сайты, электронды үкімет веб-сайты және Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика комитеті болып табылады. Журналистер мен блогерлер тендерлердің тоқтатылуына әкеліп соғатын әшкерелеу зерттеулерін жүргізеді.  

informburo.kz жарияланымының скриншоты

Әдетте, ең көп талап етілетін ақпарат – бюджет шығындары, шенеуніктердің қызметі, сыбайлас жемқорлық даулары. Сондықтан да, заңға сәйкес, «бюджет қаражатының қалыптасуы мен жұмсалуы» туралы ақпаратты құпиялауға болмайды және оны алуға толық құқығыңыз бар. «Ашық» ақпараттың толық тізімін мына жерден табуға болады

«Ешқандай мемлекеттік қаражат болмайды, тек салық төлеушілердің ақшасы бар». Маргарет Тэтчер

Сұралған ақпарат сізге 15 жұмыс күні ішінде берілуі керек екенін есте сақтаңыз. Ол кез келген мемлекеттік немесе квазимемлекеттік орган болуы мүмкін, сондай-ақ, мысалы, бюджеттен тендерді жеңіп алған компания болуы мүмкін. Егер жауап бермесе, сіз жоғары тұрған органға шағым немесе сотқа талап арыз жаза аласыз. 

Дегенмен, егер бұл қолжетімділігі шектеулі ақпарат болса, ақпарат беруден бас тарту заңды болуы мүмкін. Ақпараттың үш санаты бар, оларға қол жеткізу шектелуі мүмкін: мемлекеттік құпиялар, құпиялар және «қызметтік пайдалану үшін» қызметтік ақпарат. Ол үшін ақпаратты неге жария етпеу керектігін түсіндіретін дәлелді жауап беру керек.


Практикалық тапсырма № 2

Қала әкімінің ағасының мемлекеттік бюджеттен қыруар тапсырыс алатын серіктестігі бар екенін байқамай біліп, өз бетінше тексеру жүргізгіңіз келеді. Сіз қандай ақпарат көздерін пайдаланасыз? (Қайда барасыз, кімге жазасыз, қоңырау шаласыз, сұраныс жібересіз?) Барлық мүмкін нұсқаларды тізімдеңіз.

Әлеуметтік желіде танымал емес ұйымдардан немесе «жеке сарапшылардан» алынған ақпарат әрқашан тексерілуі керек екенін ұмытпаңыз. Жаңалықтың Instagram немесе Facebook желісінде қызу талқылануы оның шынайы ақиқат екенін білдірмейді. Кейде қателер мен жалған ақпарат ресми БАҚ-та да кездеседі. Қатені жедел түзетуі үшін редакциялар мен журналистерге ақпараттағы қатені хабарлауды ұсынамыз.