Қыркүйектің 22-23 күндері Душанбеде (Тәжікстан) «Цифрлік ортадағы медиа: талаптар мен мүмкіндіктер» атты конференция және «Аудиториямен қарым-қатынас жасау: жаңа форматтар» атты форум өтті.
Конференция Орталық Азия, Ресей және Украинаның медиа мамандарының пікір алмасып, тәжірибе бөлісуіне арналған алаңға айналды: цифрлік ортадағы журналистика мен медиа, жаңа заман талаптары, әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны, аудитория тарту, оны ұстап отыру, тағы басқа тақырыптар қамтылды.
Форум аясында «Идеялар жәрмеңкесі» атты жобалар байқауы өтті. Жобаға қойылатын басты талап — цифрлік медиа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, аудиторияны қоғамдағы мәселелерді шешуге жұмылдыру мүмкіндігі. Жеңмпаз жоба екі ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс және одан ары қарайғы өміршеңдігін дәлелдей алуы керек.
Жобаларды әзірлеу барысында қатысушыларға медиаэксперттер — Галина Гапарова (kloop.kg, Қырғызстан), Гүлім Әмірханова (Internews, Қазақстан), Рустам Гулов (Internews, Тәжікстан) және Назгүл Қожабекова (Internews, Қазақстан) менторлық көмек көрсетті.
Жобалар байқауына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан барлығы 27 жоба қатысты. 12 жобаға 2000-3000 АҚШ доллары көлемінде грант берілді.
Қазақстан медиа мамандары форум аясындағы байқауға мынадай жобалар апарған болатын:
Наталья Луговская, «Алау» телерадиокомпаниясы (Қостанай) — Қолжетімді мемлекеттік қызметтер — қызмет көрсету орталығы ұсынатын қызметтерді пайдалану жөніндегі онлайн-нұсқаулық
Марина Васильева, RIKA-TV (Ақтөбе) — Онлайн-журналистика шеберханасы — жас журналистерді онлайн-журналистикаға баулу курстары
Михаил Васильев, Караван (Алматы) — Ашық жиналыс — қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді жұрт талқысына салып, журналистер назарын аударту бағдарламасы
Бақытжан Бұқарбай, Мен — қазақпын, mq.kz (Алматы) — қазақ тілін үйренушілерге арналған видеороликтер топтамасын әзірлеу
Надежда Рогозина, tv-арт (Қарағанды) — Жаңа адамдар
Алина Хасанова, ekaraganda.kz (Қарағанды) — Онлайн-участковый — қалада орнатылған бақылау камераларын қадағалау жобасы
Карина Алипова, «Отырар» (Шымкент) — WhatsApp арқылы жаңалықтар тарату
Тамара Еслямова, uralskweek.rz (Орал) — Интерактив Орал
Ақсәуле Әбітай, 7kun.kz (Алматы) — Банкке сұрақ — халықтың қаржы сауаттылығын арттыру үшін сайт арқылы мамандар кеңесін ұсыну
Ербол Серікбай, szh.kz (Алматы) — Материалдық мүмкіндігі шектеулі жандар — материалдық көмекке мұқтаж жандар туралы фоторепортаждар
Нұргелді Дүйсенов, ng.kz (Қостанай) — Азаттық, Открытая Азия, Новое время, Ливень сайттарында жарияланатын жаңалықтарды почта арқылы тарату
Осы жобалар арасынан Онлайн-журналистика шеберханасы, қазақ тілін үйренушілерге арналған видеороликтер топтамасын әзірлеу және Материалдық мүмкіндігі шектеулі жандар атты жобалар Internews ұсынған гранттарды иеленді.
Барлық грант иегерлерін мына сілтеме бойынша көруге болады.