ДомойМедиасынОрталық Азия медиасы Украинадағы сайлау науқанын қалай баяндады?

Орталық Азия медиасы Украинадағы сайлау науқанын қалай баяндады?

Орталық Азия медиасы Украинадағы сайлау науқанын қалай баяндады?

Бүгін, яғни 31 наурыз күні Украинада президент сайлауы өтеді. Сайлауалды кампания 2018 жылдың 30 желтоқсанында басталды. 39 үміткер тіркелді. «Жаңа репортер» кәсіби ресурсы Орталық Азия медиасының Украинадағы сайлауалды кампанияны қалай баяндағанын шолып шықты.

Қазақстан

Наурыз айында Қазақстан БАҚ-тары Украинадағы сайлау тақырыбына 300-ден астам материал жариялапты. Басым бөлігі ресейлік медиадан көшірілген. Көбіне-көп Lenta.ru және ТАСС, РИА Новости агенттіктерінің материалдарын жариялаған. Шынына келгенде, қазақстандық медиа көшіріп басқан материалдарының тақырыбын өзгертіп, «скандал» сөзін алып тастапты. Көшірілген материалдардың дені, үміткерлердің өмірбаяны және рейтингі, сайлауалды кампаниясын жүргізуі, Украина және Ресей қарым-қатынасы төңірегінде екен. Қазақ тіліндегі медиада шетелдік дереккөздерге, дәлірегі BBC, Евроньюс, «Азаттық радиосы» сынды медиалардың ақпаратына сүйену басым. Айта кетерлігі, қазақстандық БАҚ-тардың дені үміткерлердің санынан жаңылысқан.

Tengrinews.kz порталында, 24.kz телеарнасы, «Азаттық» радиосында авторлық материалдар жарық көріпті. Мысалы, Tengrinews.kz порталында Жанна Нұрланова президенттіктен үміткерлердің бірінен оның Қазақстанға көзқарасы туралы эксклюзив сұқбат алыпты. Ал 24.kz телеарнасы Украинадағы сайлауды тұрақтылық туралы әңгімелеуге негіз етіпті. Онда Киев жұртының «Біз тұрақтылықты қалаймыз» деген жауаптарымен блиц-сауалнамалар шыққан. Сондай-ақ, сарапшылардың сайлаудан кейін болуы мүмкін наразылық акциялары туралы пікірлері де бар. Телеарнаның Украинадағы меншікті тілшісі Аида Қыдырбай бірқатар сюжеттер әзірлеген. Бірдей сюжет мәтіні телеарна сайтында екі түрлі тақырыппен шығыпты. 29 наурызда «Украинада президенттік сайлаудан соң халықтық толқулар мен көтеріліс болуы мүмкін» деген тақырыппен жарияланған мәтін сол күні кешкісін «Украиналық журналистер: Елдегі президенттік сайлау саяси шиеленісті арттыруы мүмкін» тақырыбымен қайта салыныпты.

Ал Айқын газеті үміткер Владимир Зеленскийдің ТСН телеарнасына сұқбатында айтқан ойларын қысқа да нұсқа аударып берген.

Түркістан халықаралық газеті президенттіктен үміткерлердің бірнешеуіне, атап айтқанда, ең белсенді бесеуіне шолу арнаған.

QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы Украинадағы сайлау тақырыбына «Apta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында қысқа ақпарат көрсетіпті. Оның бірі «Петр Порошенко президенттік сайлаудың еркін әрі әділ өтетініне уәде берді» видеоақпараты болса, екіншісі «Украинада комедиялық актер президент болудан үмітті» деп аталады.

Қазақстандық БАҚ-тарда Украинадағы сайлау туралы сараптама материалдары мейлінше аз. «Курсив» газеті Украинадағы процестерді талқылауға журналистерді сарапшы еткен. Саясаттанушылар Досмұхамед (Дос) Көшім, Расул Жұмалы және Дәурен Бабамұратовтың «Эксклюзив» интернет-ресурсындағы әңгімесінде Украинадағы сайлау тақырыбы да қозғалған. Қызығы сол, мұндағы әңгіме Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілеттігін тоқтату жөніндегі мәлімдемесінен бірнеше күн алдын жарияланған. Онда Украинаның президент сайлауы Қазақстан және Украинадағы демократиялық құқықтары туралы айтуға негіз болған.

Egemen Qazaqstan газетінде үміткерлер мен сайлауалды кампания туралы газет бас редакторының орынбасары Нұрмұхамед Байғара және колумнисті Жолдыбай Базар да жазады.

Нұрмұхамед Байғараның 2019 жылы 15 ақпанда жарық көрген «Украинада сайлауалды науқан қызып тұр» сараптамалық шолу мақаласында үміткерлердің құрамын қысқаша айтып өтіп, бұл сайлаудың халықаралық маңызына сөз арнаған. Порошенконың президент болғалы не бітіргенін санамалай келе, оның алдын ала сауалнама рейтингінде көш бастаған үш үміткер, В. Зеленский, Ю. Тимошенко және П. Порошенконың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. «В. Зеленский саяси жоба емес пе?» сауал тастап, өзі жауап береді.

Көшіріп жарияланған материалдардың арасында Николай Воробьевтің РБК-да шыққан «Майдан и мир» мақаласы көш бастайды. Онда сайлаудан кейін Украинада не болатынын болжайды. Қазақстандық сайттар көбіне дереккөзге сілтеме бермейді. Сондықтан да жарияланған материалдар қазақстандық БАҚ-тың өз сараптамасы сияқты әсер қалдырады.

Анализ жасауға Alem Media Monitoring мониторинг жүйесі қолданылды.

Өзбекстан

Өзбекстан БАҚ-тары Украинадағы сайлау туралы аз жазған. Елдің ең танымал интернет-порталдары, атап айтқанда Gazeta.uz, Kun.uz және Daryo.uz сайттары Юлия Тимошенконың сайлауға қатысатыны, Порошенконың жеңіске жеткеннен кейін Қырымды қайтаруға уәде еткені туралы бірнеше ақпарат жариялапты. Өзбекстандық медианың дені РИА Новости және РБК сайттарына сілтеме беріпті.

Өзбекстан медиакеңістігіндегі Ресей Федерациясына ерекше назарымен белгілі медиаларға қатысты қызық жағдай туындаған. Мәселен, Nuz.uz желілік басылымы Украинадағы неонацистер туралы бірнеше материал және сарапшы Андрей Головачевтің  қазіргі президентке импичмент жариялауды ұсынған колонкасын жариялапты. Бұл материалдар Украинаның президент сайлауына тікелей қатысы болмағанымен де кейбір сарапшылардың көзқарасын білдіреді.

Тәжікстан

Тәжікстан медиасында Украинадағы сайлау туралы ақпарат жоқтың қасы. Сайлау учаскелері болмайды, Украина азаматтары тек Өзбекстанға барып қана дауыс бере алады. Тәжікстаннан қатысатын бақылаушылар да жоқ. Азия+Радио Озоди ғана сайлауалды кампания және үміткерлер туралы бірнеше материал жариялапты. Қызығы сол, 2014 жылғы сайлау туралы хабар таратқан Avesta агенттігі биылғы сайлауды елеусіз қалдырыпты.

«Спутник» агенттігінің түрлі елдердегі сайттарында «Украинадағы президент сайлауы» («Выборы президента Украины») атты арнайы айдар ашылған. Мұнда көбіне колумнистердің: дауыстарды санаудағы украинша тәсіл, шетелдік БАҚ-қа шолу, Украина және Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың ақыры, Майданнан кейінгі Украинадағы жағдайға анализ жасау сынды пікірлері жарияланыпты. Материалдардың дені бірдей болғанымен, тақырыптары әрқалай қойылған. Қазақстан мен Еуропадағы сайттарында бейтарап тақырып қойылса, Тәжікстан және Өзбекстанда «әшкерелейтін» тақырыптармен шығыпты.

Материал Дарина Солодовникованың (Өзбекстан) қатысуымен әзірленген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР