Қазақ тіліндегі indie-мәдениет және тәуелсіз әртістер туралы жоба. Тамыздың басында ашылған MUSA блогы осы тақырыпты қамтиды. MUSA-ның негізін қалаушысы әрі авторы – журналист Әсем Жапишева. Материалдары The Village Қазақстан порталында жарияланады. Ал MUSA атауы әнші, композитор Жаяу Мұса Байжановтың құрметіне аталған. MUSA блогында әзірге екі видео және бір мақала шықты. Бірінші видеоның кейіпкері – инди-әнші Mercury Cachalot, екіншісі инди-рок өкілі Аршат Хайролла. Ссы орайда блог авторы Әсем Жапишевамен MUSA және қазақстандық, дәлірегі қазақ тіліндегі инди-мәдениет туралы әңгімелестік.
— Әсем, MUSA блогы кімдерге арналған?
— Бұл жоба — қазіргі қазақ тілді indie-мәдениет пен тәуелсіз әртістер: жазушылар, музыканттар, ақындар, суретшілер, режиссерлер және басқа да мәдениет адамдары жайлы, сол әлемдегі жаңалықтар мен жаңа есімдер туралы жазатын блогым. Мен көздеген аудитория — орыс тілді жастар және инди-мәдениетке қызығатын адамдар. Жобаның басты екі мақсаты бар: біріншіден — қазақ тілді тәуелсіз әртістердің алға жылжуына, танымал болуына аз да болса атсалысу, екіншіден — қазақ тілін мәдениет арқылы насихаттау. Сондықтан жоба орыс тілді аудиторияға арналған. Мақалалар мен видеолардың біразы орыс тілінде шығады.
https://www.facebook.com/indiemusa/videos/1390320474452492/
— Алғашқы кейіпкеріңіз – инди-әнші, заманауи қазақстандық музыка зерттеушісі Мерей Отан, яғни Mercury Cachalot болды. Кейіпкерлерді қандай шартпен таңдайсыз және шамамен неше материал жариялайсыз?
— Мерейді және тағы басқа кейіпкерлерді таңдауда жалғыз шартым бар. Қазақ тілінде ән айтатын, яғни шығармашылығы қазақ тіліндегі тәуелсіз әртіс болуы керек. Қазір алты адаммен видео дайындадым. Бесеуі – әртіс болса, тағы біреуі «Qazaq indie» атты лейблдің продюсері. Бұдан бөлек, төрт мақалам шығады. Алғашқысы жарық көрді.
— Мерей Отан туралы фильміңіз қазақ тілінде орысша субтитрмен шықты. Форматы – видео. Алдағы материалдардың форматтары қандай болмақ?
— Алты видеоның екеуі тек қазақ тілінде болады. Орыс тілі субтитрмен қосылады. Қалған төртеуі орыс тілінде. Кейіпкерлер «бізге орыс тілінде сөйлеу ыңғайлырақ» деді. Ал төрт мақаланың барлығы орысша жазылған.
— MUSA блогының материалдары The Village Kazakhstan порталында жарияланса, видеолары Youtube видеохостингінде орналасады. Материалдар мейлінше көпке жетуі үшін платформа, формат қатарын кеңейтесіз бе? Мәселен, подкаст форматында да материал әзірлеу, тіпті мүмкін болып жатса, телевизияға шығу?
— Теледидарға шыққым келмейді. Бұл жоба концептіне қарама-қайшы келеді. Себебі, «indie» дегеніміз, ол — тәуелсіз әртістер. Мен тәуелсіз әртістер туралы жобамның да тәуелсіз болуын қаладым. Сондықтан тәуелсіз медиалармен, яғни, әлеуметтік медиа және The Village Қазақстан сияқты тәуелсіз қазақстандық медиалармен жұмыс істеймін. Подкаст жазу ойымда бар. Егер барлығы жақсы болса, бәлкім күзде подкаст жазуды бастаймын. Сосын екінші жасағым келгені: ол – live сессиялар. АҚШ-та бар, бізде әлі дамымаған. Live-сессия дегеніміз – әртістердің тірі аудитория алдында отырып, туынды жасауы, шығармашылықпен айналысуы.
— MUSA жобасының командасында кімдер бар?
— Мен бармын. Басқа ешкім жоқ. Әрине, видео түсіруге, монтаж жасауға көмектесетін адамдар бар. Оларды «жобаның командасында емес, тек жобаның аясында қызмет ететін адамдар» десек болады. Жобаға атсалысып жатқандар көп. Оларды «волонтерлер, еріктілер» деп атайық. Маған «мынау туралы жаз», «анау туралы жаз» деп жаңадан шығып жатқан indie әртістер жайында хабарлап, аудармамды қарап, атсалысатындар бар.
— MUSA-ны ақпан айында қолға алып, араға 7 ай уақыт салып, жария еттіңіз. Жоспарыңызға сәйкес, жобаның болашағы қандай?
— Иә, ақпан айында бастадым. Сәуірде, мамырдағы оқиғалар біраз кедергі болды. Кедергі болғанда, уақыт тапшылығынан істей алмадым. Маусымда бастап кеттім. Қазір жариялап жатырмын. Болашақта толыққанды редакция құрғым келеді. Мақсатым — MUSA блогын тек indie тақырыбында жазатын, сол бағытта контент әзірлейтін, тек музыка ғана емес, жалпы Қазақстанның инди-мәдениет өкілдері, тәуелсіз өнер туралы жазатын жобаға айналдыру.
— MUSA блогының тақырыбы тек орыс тілді аудиторияға емес, қазақ тілді аудиторияға да аса қызық. Қазақ тілді аудитория шығармашылығы қазақша тәуелсіз орындаушылардың барынан көбіне бейхабар сияқты?!
— Иә, қазақша аудиторияға да мүмкін қызық шығар. Әйтсе де «Олар менсіз де мұның бәрін біледі. Менсіз де тыңдап жүр» деген стереотип ойым бар. Жоба енді басталып, алғашқы посттарым жарияланып жатыр. Статистиканы, пікірлерді қараймын. Алдағы уақытта бөлек бір сайт ашып, редакция құрып, үлкен жобаға айналдырсам, сол кезде екі тілде де шығады. Бір жағынан, менде қазір ресурс тапшы. Айтпақшы, кеше ғана бір кісі: «Сіздің зе вилладждағы мақалаңыз ұнады, соны қазақшаға аударып, өз блогымда жарияласам бола ма» деп сұрады. Мен «әрине, болады» деп, келісім бердім.
— Алматы қаласы – қазақ тілді indie-мәдениет қалыптасып, тәуелсіз әртістер тартылатын орта. Ал басқа қалалар, аймақтар бұдан шет қалып қоймады ма?
— Иә, Алматы – indie-мәдениет орталығы. Cтуденттің бәрі осында жүр. Алматы халқының жартысына жуығы – 30 жасқа толмаған жастар. Әйткенмен, басқа қалаларда да жақсы дамып жатыр. Мысалы, Қарағандының, Астананың инди-сахнасы мықты. Атырауда өте көп қыз-жігіт жүр. Әсіресе, рэперлер көп. Атырауда өте мықты Jeltoqsan атты әнші бар. «Кровь с молоком» деген лейбл бар. Бұл лейбл тек хип-хоп әртістеріне көмектеседі. Батыс Қазақстанда да көп әртіс бар.
— Қазақстанда қазақша рэп жазатын мықты рэперлердің бар екені көпшілік аудиторияға QARA BERI, X-PROJECTS сынды проектілерден соң мәлім болғандай. Бұдан бөлек, онлайн-оффлайнда рэп-айтыс проектілер шығып жатыр. Қалай ойлайсыз, қазақ рэперлерінің жаңа толқыны қазақ тілінің заманауи әрі қала тіліне айналуына негізгі серпін беруші бола ала ма?
— Иә, QARA BERI, X-PROJECTS және тағы басқа проектілер бар. Керемет. Жалпы Қазақстанда рэп өте қарқынды дамып жатыр. Сол рэперлердің дала дауысы, яғни «голоса улиц» дейміз бе, міне, сондай заманауи тілмен айтатын, жаңа сөздер қосып, тілді дамытатын балалар екенімен келісем. Ең алдымен, олар ештеңеден қорықпайды. Біздің тілдің лексикасын дамытуға солар атсалысады.
— Биылғы Қазақстан қоғамында арт-активизм көп байқалып, арт-активистер жиі көрінді. Қазақ тілі, қазақша сөздер түрлі протесттерде әдемі қолданыс тауып, жаңа реңкке ие болып жатыр. Сырттай қарап отырғанда, мұның барлығы 20 ғасыр басындағы алашордашылардың белсенділігін жалғастырғандай қабылданады. Үзілгенді жалғаушыдай көрінеді. Ойыңыз қалай?
— Иә, толықтай келісем. Арт-активистердің бәрі дерлік, әсіресе Алматыдағыларын жеке білем. Бәрімен сөйлесем. Не орыс тілді, не қазақ тілді болсын, бәрі де: «Біз алашордашылардың белсенділігін жалғастырып жатырмыз. Біраз уақыт ештеңе болмады. Соны жалғастырғымыз келеді» дегенді көп айтады. Тағы байқайтыным, бұрын әртістердің ортасында «деколлонизация» сияқты сөздер айтылмайтын. Қазір көп айтылады.
— Орталық Азияның бес мемлекетін алып қарасақ, Қазақстандағы инди-мәдениеттің дамуы қай шамада қалып отыр?
— Шынымды айтсам, жалпылама Орталық Азиядағы indie-мәдениет жөнінде аз білемін. Қырғызстанда indie бағытымен қырғыз тілінде ән айтатын бір-екі әншіні білемін. Ал Өзбекстанда өзбек тілі бізден қарағанда жақсы сақталған. Шынымды айтсам, о жақта қалай екенінен хабарым аз. Бірақ, фестивалдерге барғанымызда көрген, естіген, байқағаныма қарасақ, Қазақстанда жақсырақ дамып жатыр.
MUSA блогының әлеуметтік желілердегі парақшалары: Facebook, Instagram